Жиырма үшінші Сөз
Бірінші бөлім
Иманның мыңдаған әсемдіктерінің бесеуі ғана бес тұжырыммен баяндалмақ.
БІРІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Адам иман нұры арқылы Ала-и иллийнге, яғни, Жұмақтың жоғары дәрежесіне шығып, Жәннатқа лайық баға алады. Ал, күпірліктен пайда болатын көкірек қараңғылығы адамды құлдыратып, Жәһаннамға лайық күйге душар етеді. Себебі, шынайы иман адамды Сани-ы Зүлжәлалмен байланыстырады. Иман - қарым-қатынас, байланыс. Олай болса, адам Аллаһтың шеберлігімен оның көркем есімдерінің ою-өрнек, нақыштарын жүрегіндегі иманы арқылы бойына сіңіріп, қадір-қасиеті артады. Күпірлік болса байланысты үзіп жоқ етеді де, соның кесірінен Раббани шеберліктер көмескіленіп көрінбей қалады. Осыдан келіп, қадір-қасиет тек заттық тұрғыдан ғана бағаланатын болады. Зат болса уақытша әрі тұрақсыз, фәни және ақыл-ессіз жануарлардың өміріне тән. Сондықтан құны жоқ. Енді бұл сырды мысал арқылы түсіндірейік.
Мәселен, өнер саласында бұйымның заттық құны мен шеберлігінің құны әр түрлі болып келеді. Кейде екеуінің құны бірдей болса, кейде қолданылған заттың бағасы құндырақ болуы ғажап емес. Тағы бір жағдайда құны бес тиындық арзан заттан, бағасы қымбат, тіпті, миллион теңгелік бұйым жасалуы әбден мүмкін.
Міне, осындай бір өнер туындысы антикварлық базарға шығарылып, сол жерде көне дәуірлік әлгі бұйымды жасаған хас шебердің өнері қоса мадақталса, сөзсіз ол туынды миллион есе қымбат бағаға сатылар еді. Ал, ол бұйым, ескі темір-терсек сататын дүкенге апарылса, құны өте төмен болары анық.
Міне, адам дегеніміз: Хақ Тағалатың таңғажайып жаратылысы әрі Оның шексіз құдіретінің тым нәзік үлгі мұғжизасы. Аллаһ Тағала адам баласын өзінің көркем есімдеріне бөлеп, нұрлы нақыштарымен әшекейлеп, оны бүкіл ғаламның кішкене бір үлгісі ретінде жаратқан. Егер де, жүрегіне иман нұры ұяласа, оның бойындағы терең мағыналы барлық нақыштар әлгі нұрмен көрініп оқыла бастайды. Оны мүминнің өзі де сана-сезімімен оқи алады. "Мені Сани-ы Зүлжәлалдың құдіреті жаратты, мен оның өнерлі үлгісімін, жаратылған пендесімін. Ол мені рақымы мен мол мейіріміне бөледі" деген тұжырымдармен Аллаһтың шеберлігін өз бойынан табады. Демек, адам баласын Жаратушы Иесімен байланыстырып тұратын иман- адам бойындағы күллі шебер нақыштарды түгел айқындап береді. Осылайша, адамның құны Раббысының өнерімен бірге Самәдани айна болуы жағымен қоса бағаланатын болады. Сөйтіп, елеусіз адам, әлгіндей байланыстардың саясында барша мақұлықтардан биік мәртебеге көтеріліп, Аллаһтың әмірін тыңдаушы әрі Жәннатқа лайық Раббани қонақ атанады.
Егер, адам бойын осы байланысты үзетін күпірлік жайласа, Аллаһтың күллі көркем есімдерін көрсеткен нұрлы нақыштарды қараңғылық тұмшалап, оқылмайтындай күңгірт тартады. Расында, Жаратушысы ұмытылса, оған қатысты рухани жақтары түсініксіз болып, түрі бейне бір теріс айналғандай болады. Әлгі ғажайып көркем өнер мен керемет сырға толы нақыштардың басым көпшілігі ашылмай қалады. Әлдебір жағдайда көзге көріне қалған тұстары болса, кездейсоқ немесе себептердің салдарынан болған нәрсе яки табиғи көрініс ретінде танылып құнын әбден жояды. Жалт-жұлт еткен алмас құнсызданып, шыныға айналғандай әрқайсысының мән-мағынасы тек "тірі зат" ретінде бағаланады да мақсаты мен пайдасы жоғарыда айтылғандай қысқа өмір сүретін жануарлардың ең бейшарасы әрі мұңы бітпес мақұлық, мұқтажы мол тіршілік иесі әрі соңында шіріп, жойылып кететін жаратылыстың бірі болып қалады.
Мінекей, күпірлік дәл осылай адам жаратылысын бұзып, қасиеттен жұрдай қылады. Бағалы алмасты, құнсыз көмірге айналдырады.
ЕКІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Иман - жарқыраған нұр. Ол адамды нұрландырып бойындағы барлық Самәдани нақыштарды оқытады. Сондай-ақ, бүкіл әлемді де нұрға бөлейді. Өткен шақ пен болашақты қараңғы қапастан құтқарады. Мұның сырын түсіну үшін, Қасиетті Құранның:
деген аятының бір ғана мағынасына қатысты көрген салыстырмалы мысалды баяндап берейін. Ойға келген уақиға былай болатын:
Екі тау қатар тұр. Арасын қосып тұрған ұзына бойы көпір. Көпірдің асты терең құз. Мен үстінде тұрмын. Дүниені қараңғылық басыпты, айнала тас-түнек. Оң жағыма қарап едім, қою қараңғылықта қарауытып мазар көрінді. Сол жағыма қарап едім, тағы да тас түнек, алай-түлей дауыл соғып тұрды. Сәлден соң қаралы апат басталағалы тұрғандай бойымды үрей биледі. Еңкейіп төмен қарап едім, шыңырау құз көрінгендей болды. Қараңғыда пайдаланатын қалта шамым болатын. Енді соның сығырайған, көмескі жарығымен айналама тағы бір көз жүгірте бастадым. Қауіп тіптен күшейді. Қарсы алдымдағы көпірдің басында өте үлкен айдаһарлар, айбынды арыстан тектес жабайы жыртқыштар жүр. "Шіркін, шамым болмағанда ғой, бұл қорқынышты бәлелерді көрмес пе едім!" деп іштей қынжылдым. Шамның жарығы түскен жақтың бәрінен түрлі қорқынышты көремін. "Қап, мына шам басыма бәле болды-ау!" деп шамның болғанына ашуландым. Болмаған соң қалта шамымды жерге бір ұрып сындырып тастадым. Сол-ақ екен, оның сынығы дүниені жарық қылатын алып электр шамының тетігіне тиіп кеткендей, қараңғы түнек сейіліп қоя берді. Айнала жарық нұрға бөленді. Айналамның шын мәнісін, ақиқатын көрдім.
Енді білдім, жаңағы үрейлі көпір дегенім жазық даладағы тегіс жол екен. Оң жағымдағы үлкен мазарлар болса, жайқалған бау-бақшалар болып, жарқын жүзді адамдар ұйымдастырған өзара сұхбаттасу, қызмет ету, құлшылық қылып, зікір ететін жайлы орын екенін аңғардым. Ал, сол жағымдағы дауылды шыңырау боп көрінген нәрсе көрікті, сұлу асқар таулар. Ал, дауыл-дүлей болып естілген дауыстар
сол таудың баурайында бас қосып, қонақасы беріп, көңіл көтерген қауымның сазды әуені екенін түсіндім. Менің айдаһар деп қорыққан жыртқыш аңдарым болса, сүйкімді әрі жуас түйе, сиыр, қой, ешкі сияқты үй жануарлары екен.
Дереу: «Әлхамдүлиллаһи ала нурил Иман» деп, Құраннан:
деген киелі аятты оқыдым. Көңілім жай тауып, үрейлі оқиға ғайып болды.
Уа, тыңдарман! Жаңағы екі тау дегеніміз өмірдің басы мен соңы, яғни, бұл әлем мен қабір әлемі. Көпір болса өмір жолы, оң жақ - өткен шақ, сол жақ - болашақ. Қалта шамы болса өзімшіл, білгеніне ғана жүгінетін адамның бойындағы менмендік. Жануарлар ретінде көрінген нәрселер болса, әлемдегі таңғажайып құбылыстар мен мақұлықтар.
Менменшіл, өзіне сенген, көкірек қараңғылығында жүрген, тура жолдан адасқан адамның жағдайы да осы оқиғадағы менің бастапқы халімдей. Құдайдан безген адам қалта шамы тәрізді шала-пұла әрі адастыратын мағлұматтарымен өткен шақты мазар бейнесінде жойылу, өшу деп көреді. Болашақты дауылды, кездейсоқтыққа толы үрейлі әлем деп біледі. Хаким-і Рахимның тіл алғыш қызметшілерін әлемдегі құбылыстар мен жаратылыстарды қауіпті жыртқыш аңдар деп ойлайды. Сөйтіп, менменшілдік оны:
дейтін үкімге әкеп соқтырады.
Егер, Аллаһтан һидает бұйырып, тура жолға түссе, көңіліне иман ұяласа, нәпсінің перғауындық қасиеті талқандалып, Аллаһтың кітабына ден қойып, оқиғадағы жарқын халге келеді. Оның көзіне бүкіл әлем күндізгідей жайнап, Аллаһтың нұрына толады. Әлем: اَللّٰهُ نُورُ السَّمٰوَاتِ وَالْاَرْضِ аятын оқытып тұрғандай ғажайып күй кешеді. Өткен шақты мазарлар бейнесінде емес, гүлденген бау-бақша қалпында, әр ғасырда пайғамбарлар мен әулиелердің
құзырында құлшылық еткен ниеті таза, мейірбан кісілердің өмірде өз міндеттерін адал атқарып: "Аллаһу Әкбар" деп, жоғары мәртебеге, көкке көтерілгендерін, болашаққа саяхат жасағандарын жүрек көзімен анық көретін болады. Сол жағына бұрылып қарап, онда берзах пен ақыреттің теңіздей буырқанған толқынының тасасында Жәннаттың бау-бақшалары мен Рахмани қонақасы әзірленген зәулім сарайлардың тұрғанын иманның нұрымен алыстан сезеді. Дауыл, зілзәлә, топан су сияқты қорқынышты құбылыстарды мақсатты да адал қызметшілер деп біледі. Көктемгі дауыл мен нөсер, сел секілді сыртқы көрінісі жағымсыз оқиғалар, шындығында өте нәзік әрі хикметке толы жағымды көрініс екендігін толық түсінеді. Тіпті, ажалдың өзін мәңгі өмірдің кіріспесі, қабірді мәңгі бақыттың есігі деп біледі.
Міне, тыңдаушым! Енді бұдан өзге айтылмай қалған жақтарын өзің салыстыр, ақиқатты санаға салып салмақта!
ҮШІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Иман - нұр, иман - қуат. Иә, нағыз иманға қолы жеткен адам, жаратылыстың бәріне "тұрысатын жеріңді айт" дей алатын дәрежеге жетеді. Иманының қуатына қарай қырсық оқиғалардың қыспақтарына төтеп бере алады. Тәуекелге бел буып, бар ісін бір Аллаһқа тапсырады. Өмір кемесіне зор сеніммен мініп, тасқынды толқындарға қарсы жүзіп сайран құрады. Барлық ауыртпалықты Қадир-ы Мұтлақтың құдіретіне жүктеп, дүниеде көңілі хош, рахат өмір сүреді. Қабірде тынығып, содан соң мәңгі бақыт мекені, Жәннатқа самғайды. Егер тәуекел етпей қасарысса, ұшпақ былай тұрсын, дүниенің ауыртпалықтары Тозақтың түбіне батырып жібереді.
Демек, иманға тәухид, тәухидқа тәсілім, тәсілімге тәуекел керек. Яғни, Аллаһтың бір екеніне сенбей иман толық болмайды. Ал, Аллаһтың бірлігі болса толық мойынсұнуды қажет етеді. Мойынсұнып, көну болса, тәуекелсіз болмайды. Тәуекел деген адамға екі дүниенің бақытын әперетін құнды нәрсе. Алайда, тәуекел ету барлық шарттарды, себептерді мүлдем жоққа шығару емес. Әуелі шарттарды құдіреттің перделері деп танып, ал шарттарды орындау іс-қимылмен,әрекетпен жасалатын дұға деп түсіну қажет. Істің соңын тек қана Аллаһтан тілеу, нәтижелерді Жаратушымыз жасайтынын білу, әрі жалғыз Оған ғана қарыз болу керек.
Енді тәуекел ететіндер мен тәуекел етпейтіндердің мысалын бір хикая арқылы баяндап берейін:
Бірде екі адам ауыр, да үлкен қоржын арқалап, кемеге мінеді. Біреуі кемеге кірер-кірместен жүгін жерге қойып, үстіне отыра кетеді. Айналаны тамашалап, көңілі жәй. Келесісі ақымақ әрі тым тәкаппар болғандықтан жүгін жерге қоймай арқалап тұрады. Серігі оған: "Жүгің ауыр ғой, жерге қойып дем алсаңшы!" - деп еді, ол: "Жоқ, болмайды. Мұны көтере алмайтындай маған не болыпты. Әрі жоғалып кетуі мүмкін. Өз жүгімді өзім көтеретін күшім бар", - деп жауап береді. Оны көріп кемедегілердің жаны ашиды. "Мына бәрімізді көтеріп келе жатқан патшаның кемесі өте күшті әрі сенімді. Бүйте берсең басың айналып, жүгіңмен бірге теңізге құлап кетесің. Уақыт өткен сайын әлсіреп, мына бүкірейген белің мен ақымақ басың ауыр жүкке шыдай алмайды. Әрі кеменің қожайыны сенің мына түріңді көрсе: "Алжасқан есуас неме, кемемнің сенімді екеніне күмәнданып тұр-ау. Мазақ қылуын қарашы, өзінің" деп қамап тастауы мүмкін. Сөйтіп, баршаға күлкі боласың. Әлсіздігіңді көрсететін тәкаппарлығың, бейшаралығыңды білдіретін менмендігің, екіжүзділік пен міскіндігіңді көрсететін жасанды іс-әрекетіңді көрген жұрт әжуәләп күліп жатыр", - дегеннен кейін, әлгі бейшараның есі кірді. Жүгін жерге қойып үстіне отыра кетті: «Уһ, Құдай қалауыңды берсін! Машақаттан, қамаудан, масқара болудан құтқардың», - деп, серігіне алғысын білдірді.
Уа, тәуекелден бейхабар бейбақ! Ақылға кел, тәуекел ет! Сонда сен жаратылыс атаулыға тіленуден, оқиғалардан қорқып үрейленуден, масқаралықтан, ақыреттік азаптан, тар дүниенің қыспағынан құтыласың.
ТӨРТІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Адамды адам еткен - иман. Тіпті сұлтан қылатын да Иман. Олай болса адамның басты міндеті - иман келтіру, дұға ету. Күпірлік адамды нағыз құбыжыққа айналдырады.
Бұл айтылғанға қатысты мыңдаған дәлел бар. Мысалы, хайуан мен адамның дүниеге жаңа келгендегі жағдайлары анық дәлел бола алады.
Иә, адамзат жүректегі иман арқылы хайуаннан ерекшеленіп, адамзат атына лайық болғандығын олардың дүниеге келуіндегі айырмашылықтарына қарап білуге болады. Өйткені, хайуандар
дүниеге келген сәтте, бейне бір басқа әлемде пісіп жетілгендей бейімділігіне орай кемелденген түрде келеді, яғни жіберіледі. Бар-жоғы екі сағат, екі күн немесе екі айдың ішінде дүниедегі өмір заңдарын, қоршаған ортамен болатын байланысын, тіршілік шарттарын тез меңгереді. Адамның жиырма жылда қолы жетпейтін табысы мен іскерлігін, торғай мен ара сияқты мақұлықтар жиырма күнде үйреніп алады, яғни оларға үйретіледі. Демек, хайуандардың басты міндеті, іздене отырып даму, білім жинай отырып жетілу емес, бейшаралығын көрсетіп көмек сұрау, дұға ету емес. Олардың негізгі міндеті тума бейімділігіне сай тіршілік ету, амал жасау, іс-әрекеттері арқылы құлшылық ету.
Адам баласы болса, олай емес. Дүниеге келгенде әр нәрсені үйренуге мұқтаж, өмір шарттарынан бейхабар, тіпті жиырма жасына дейін оны толық үйрене алмайды. Керек десеңіз өмірінің соңына дейін үйренуге мұқтаж. Һәм тым әлсіз, бейшара халде дүниеге келеді. Бір-екі жылда әзер дегенде аяққа тұрады. Он бес жасқа келгенде алғы шарт деңгейінде оңы мен солын танып, өмір сүрген ортасының ықпалымен жақсы мен жаманды айырады.
Демек, адам баласының негізгі міндеті - талпыну мен жетілу және дұға мен құлшылық. Яғни, «Кім екен маған жанашырлық жасап, хикметті түрде тәрбиелеп, басқарып отырған? Қайырымы мол, асыраушы, иелік етіп мәпелеуші кім болды екен?» деп ойлану, білу. Осылайша, қажеттіліктермен қамтамасыз етіп отырған Қади-ул-Хажатқа (Қажеттіліктерді қамтамасыз етуші) өзінің әлсіздігімен, бейшаралығымен жалбарыну, өтіну және дұға ету, яғни, әлсіздік пен бейшаралықты қанат етіп, оны өзіне шапағатшы жасап, құлшылықтың ең жоғарғы сатысына өрлеу болып табылады.
Демек, адам бұл әлемге білім алу және дұға ету, жалбарыну арқылы дамып жетілу үшін келген. Әр нәрсенің мәнісі мен бейімділігі ілімге тәуелді. Ал, ілімнің негізі, қайнар көзі, нұры мен рухы - Марифетуллаһ, ал оның іргетасы Иман-ы Биллаһ.
Сондай-ақ, адам баласы тым әлсіз, ол аздай басына үйілген бәлелері, көптеген дұшпандары бар. Олардан әрдайым соққы жейді. Өзі тым бейшара, кіріптар әрі шексіз арман-тілектері бар. Сондықтан, жаратылысына сай басты міндеті, негізгі жұмысы - Иман келтірген соң дұға ету болып табылады. Дұға дегеніміз - құлшылықтың негізі.
Мәселен, сәби өзінің қолы жетпеген нәрсесін алу үшін жылайды, я сұрайды, яғни, іс-әрекетімен немесе тілімен әлсіздігін білдіріп дұға етеді. Осылайша, мақсатына жетеді. Сол сияқты адам, бүкіл хайуандардың ішінде бейне бір нәзік, ерке сәби тәрізді. Ол, Рахман-үр рахимнің алдында өзінің әлсіз, бейшара екенін мойындап жылауы керек немесе пақыр, мұқтаж екенін сезіп дұға етуі тиіс. Оның бұлай дұға етуі мақсаттарына жеткізеді және жасалған қамқорлыққа шүкір еткен болып есептеледі. Әйтпесе, кішкентай шыбыннан зәрресі қалмайтын жылауық, ақымақ әрі тентек бала секілді: «Мен өз күшіммен менен мың есе күшті, таңғажайып алыптарды бағындырып отырмын. Оларды іліміммен көзін тауып, бас идіріп отырмын» дегендей, жасалып жатқан қамқорлықты жоққа шығарса, табиғатына қайшы әрекет қылып, ауыр жазаға тартылады.
БЕСІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Иман - дұғаны ұйытқы ретінде қажет етеді және адамның болмысы да оған мұқтаж. Тіпті, Хақ Тағаланың өзі: "Дұға етпейтін болсаңдар, қадірлерің жоқтың қасы" деген мағынада: قُلْ مَا يَعْبَؤُا بِكُمْ رَبّ۪ى لَوْلَا دُعَٓاؤُكُمْ деп бұйырады. Һәм
Оның: اُدْعُون۪ى اَسْتَجِبْ لَكُمْ деген әмірі тағы бар.
Егер: «Қайта-қайта дұға етіп жалбарынып жатқанда кейде қабыл болмайды. Алайда, аят жалпыға ортақ, әрі барлық дұғаға бірдей жауап беріледі, дейді. Сонда қалай?» - деп сұрар болсаң, оған айтылар жауап мынадай:
Жауап беру бір басқа, қабыл алу бір басқа. Барлық дұғаның жауабы беріледі. Бірақ, қабыл болуы және дәл сұрағанының берілуі Аллаһ Тағаланың хикметіне тәуелді.
Мәселен, науқас бала дәрігерге келіп: "Дәрігер!" - дейді. «Иә балақай, айта ғой», - деп жауап береді дәрігер. «Маған анау дәріні бересіз бе?» - дейді бала. Дәрігер болса, оның сұрағанын бұлжытпай орындайды, не оның жағдайына байланысты одан да жақсысын береді, не болмаса денсаулығына зиян екенін біліп ештеңе бермейді.
Сол сияқты Жанаб-ы Хаким-і Мұтлақ (Нағыз дана, хикмет иесі) бәрін көріп, білетін болғандықтан құлының дұғасын жауапсыз қалдырмайды. Оның жалғыздық пен үрейін басатын сабыр сыйлап,
жауап беру арқылы достық шыраймен көңілін жайлайды. Әрине, адамның әуесқой нәпсісінің қалауына қарай емес, Раббани хикметінің талабына сай тілегенін немесе одан да тәуірін береді. Болмаса мүлдем бермейді.
Сондай-ақ, дұға дегеніміз құлшылық. Құлшылық жемісін негізінде ақыретте береді. Дүниедегі мақсаттар болса, ондай дұға мен құлшылықтың өзіндік уақыты болып табылады. Ол мақсаттар әлдеқандай пайда көру үшін болмауы тиіс.
Мәселен, жаңбыр намазы мен дұғасы құлшылық болып саналады. Ал, құрғақшылық болса, сол құлшылықтың уақыты. Әйтпесе, ол дұға мен құлшылық жаңбырды жауғызу үшін емес. Егер тек сол үшін болса, ол дұға мен құлшылық шынайы болмағандықтан қабыл болуға лайық емес. Мәселен, Күннің батуы ақшам намазының уақыты болып саналады. Сондай-ақ, Ай мен Күннің тұтылуы күсүф және хүсүф дейтін намаздардың уақыттары, яғни, бұл аталған екі құлшылық сол уақыттарға ғана тән. Себебі, ол кезде Аллаһтың түнгі аяты Ай мен күндізгі жарқын аяты Күн перделенеді де, Иләһи құдіреттің орасан зор ұлықтығын жар салатын болғандықтан Хақ Тағала құлшылықтың осы бір түріне құлдарын дәл сол уақыттарда шақырады. Аталған намаз (аяқталуы әрі қанша уақытқа созылуы астрономиялық есеппен белгілі болған) тұтылған Ай мен Күнді ашу үшін емес.
Сол сияқты, құрғақшылық та жаңбыр намазының уақыты немесе басымызға келген бәле-жала яки қандай да бір қайғы, өзіне тән кейбір дұғалардың уақыты болып табылады. Сондай сәттерде адам өзінің әлсіздігін сезіп дұға етіп, Қадир-ы Мұтлақтың (Күш-құдіреті шексіз) алдына шарасыз жалбарынады. Егер, көп дұға еткеннің өзінде бәле-жалалар тыйылмаса "дұға қабыл болмады" демей, оның орнына "дұғаның уақыты толмапты" деп түсінген жөн. Егер, Хақ Тағала жарылқап қайғы-қасірет сейілсе, онда тіпті жақсы, дұғаның уақыты да аяқталған болып есептеледі. Демек, құлшылықтың сыры дұғада. Құлшылық шынайы ниетпен Құдай үшін жасалуы керек. Әрбір адам Аллаһ алдында өзінің әлсіздігін нақты көрсетіп, дұға арқылы жалбарынуы тиіс. Аллаһтың ісіне, оның Рубубиетіне араласпауы керек, істің сәтті болып-болмауын оның қолында деп, хикметіне сеніп, мейірімділігіне шүбә келтірмеуі керек.
Сонымен, күллі аяттардың баяндамасынан шығатын қорытынды мынау: Жаратылыс атаулының өзіне тән тәсбихтері, құлшылықтары, өздеріне тән сәжделері бар. Міне, бұл олардың Аллаһқа деген дұғалары. Дұғалардың да сан-алуан түрлері бар.
Біреуі бейімділік тілімен жасалатын дұға. Өсімдіктердің дұғаларын айтуға болады. Олардың әрқайсысы бейімділігіне қарай Фәйяз-ы Мұтлақтан (Нағыз нұрға бөлеуші) түр-түс талап етеді. Жаратушы Аллаһтың есімдеріне айна болып жарқырайды. Біреуі мұқтаждық тілімен жасалатын дұға. Жан-жануарлардың шамалары жетпейтін қажет-тілектеріне қол жеткізу үшін, мәжбүр болып жасаған дұғалары. Әрқайсысы мұқтаждық тілімен Джәууад-ы Мұтлақтан (Шексіз бай, молшылық иесі) тіршілік ету үшін азық секілді аса қажетті заттар сұрайды.
Енді бірі шарасыздық тілімен жасалатын дұға. Қиын-қыстау кезеңде әрбір мақұлық бір қамқоршыға жалбарынады, яғни, Рабб-ы Рахимін іздейді.
Осы үш түрлі дұға, қандай да бір кедергі болмаса, әрқашан қабыл болады.
Тағы бір дұғаның түрі, кәдімгі, яғни, адам баласының дұғасы. Бұл дұға да екі түрге бөлінеді.
Біріншісі, іс-қимыл, хал-жағдай арқылы.
Екіншісі, жүрек пен тіл арқылы.
Мәселен, шарасын іздеп, себептерге ұмтылу іс-қимыл арқылы жасалатын дұға. Нәтижені жиналған себептер жасамайды. Олар нәтижені Аллаһтан тілеу үшін өз халдері мен оны риза қылатын күйге енеді. Егін егу мейірімділік қазынасына жасалған өтініш, дұға-тілек. Мұндай іс-әрекетпен жасалған дұға, Джәууад-ы Мұтлақтың (Шексіз бай, молшылық иесі) есім сипатына бағышталғандықтан басым көпшілігі қабыл болады.
Екінші, жүрекпен, тілмен жасалатын дұға. Қол жетпеген кейбір өтініш-тілектерін Аллаһқа айтып, жалбарыну. Бұл дұғаның басты мақсаты мен балдай тәтті жемісі мынада: Дұға жасап, жалбарынған пенде өзін тыңдайтын біреу бар екенін, Ол мұның жүрегінің түкпіріндегіні естіп бәріне құдіреті жететініне, талап-тілектерін жаппай орындай алатынына, бейшаралығына қамқорлық жасап, медет беретініне сенеді.
Тыңда, ей әлсіз, бейшара пақыр адам! Мейірімділік қазынасын ашатын кілт, таусылмас қуат қайнары болып табылатын дұғаны уысыңнан шығарма. Дұға арқылы адамгершіліктің ең жоғары мәртебесіне шық. Сұлтан атан да бүкіл әлемнің дұғасын өзіңнің дұғаңа қос. Құлдардың ең абыройлысы атанып, көпшіліктің өкілі сияқты اِيَّاكَ نَسْتَع۪ينُ де. Бүкіл әлемге тамаша үлгі бол!
Екінші бөлім
[Адам ахсән-і тақуим түрінде, яғни, аса қабілетті, керемет көркем түрде жаратылған. Әрі өзге жаратылыстардан артық, әртүрлі бейімділікке ие болғандықтан азғындықтың ең төменгі сатысынан кемелденудің ең жоғарғы сатысына дейін, «әсфәл-і сафилиннен» "ала-ы иллиінге", жерден көкке, зәрреден Күнге дейін созылып жатқан дәрежелерге, мәртебелерге өрлей немесе құлдырай алатын жолдары бар сынақ алаңына жіберілген. Оның алдында биікке өрлеудің немесе төменге құлдыраудың екі жолы жатыр.Міне, адам, Иләһи құдіреттің мүғжизасы, жаратылыстың нәтижесі ретінде өнерлі де шебер жаратылып бұл дүниеге жіберілген. Енді, сол адам баласының осындай керемет дамуы мен құлдырауының құпия сырларын қысқаша "бес тұжырым" арқылы баяндайық.]
БІРІНШІ ТҰЖЫРЫМ:
Адам бүкіл әлеммен тығыз байланыста, әрі көптеген нәрселерге мұқтаж. Қажеттіліктері, арман-тілектері бастан асады. Қалауы мен аңсаған арманы таусылмайды. Жаны бір гүлді қалағаны сияқты, көктемнің келуін де аңсайды. Бау-бақшаны қалағаны сияқты, мәңгілік Жәннатты да аңсайды. Досын көруді аңсайтыны сияқты, Жәмил-і Зүлжәлалді (Айбынды да сұлу, өте көркем) де көруге құштар. Алыстағы сүйіктісін сағынып, бір көруге асығатыны секілді, қабір әлеміне кеткен жүзден тоқсан тоғыз сүйіктілерімен мәңгілікке қоштасқысы келмей, олармен қауышуды аңсағандықтан, мына дүниенің есігін жауып, баршаның баратын жері ақыреттің есігін ашады. Қадир-ы Мұтлақтың (Күш-құдіреті шексіз) мына дүниені бұзып, орнына ақыретті құратын құдірет күшінің алдында жалбарынуға тым мұқтаж-ақ. Міне, осындай әлсіз күйдегі адам баласының Мағбуды (табындырушы), әлбетте, барлық нәрсенің тізгіні қолында, әр нәрсенің қазынасы қасында, барлығын көруші, барлық жерде бола тұра тұрақты мекені жоқ, уақыт, мезгілге тәуелсіз, құдіреті күшті, еш кемшіліксіз, нұқсандығы жоқ біреу ғана бола алады. Мұндай толық сипаттарға ие жалғыз Қадир-ы Зүлжәлал (айбынды, құдіреті шексіз), Рахим-ы Зүлжамал (Өте сұлу мейірімді),
Хаким-і Зүлкамал (Кәміл хикмет иесі) ғана. Өйткені, адамзаттың шексіз қажеттілігін, мұң-мұқтажын өтеу тек шексіз құдірет пен шексіз ілім иесінің ғана қолынан келеді. Олай болса, адам баласының жалбарынуы мен табынуы да тек сол жалғыз құдірет иесіне арналуы тиіс.
Уа, адам! Сен тек соған ғана құл болсаң, бүкіл жаратылыстан жоғары мәртебеге ие боласың. Егер, Оған құл болудан бас тартсаң, мақұлықтарға қорланып әлсіз пақырларға құл боласың. Менмендікке салынып, күш-қуатыңа сеніп, тәуекел мен дұғаны тастап, тәкаппарлана, дауласатын болсаң, игілік жасау, бір нәрсе істеуге келгенде ара мен құмырсқадан да, өрмекші мен шыбыннан да дәрменсіз боласың. Ал, жамандық жасауға, бүлдіруге келгенде тау мен теңізден, Жер мен Көктен асып, олардың бас тартқан ауыр жүгін мойныңа аласың.
Уа, адам! Расында сенің екі жағың бар.
Біреуі: Әлденені жасау, жақсылық істеу, мойындау, іс-әрекет ету секілді жағымды жағың.
Екіншісі: Бұзу, жоқ қылу, бүлдіру, жамандық жасау, жоққа шығару, қасарысу, секілді жағымсыз жағың.
Бірінші жағыңмен қолыңнан еш нәрсе келмейді. Кәдуілгі арадан, торғайдан дәрменсіз, шыбыннан, өрмекшіден әлсізсің.
Екінші жағыңмен, көк пен жерден, таудан да асып түсесің. Олар, тартынған жауапкершілікті мойныңа алып, олардан әлдеқайда ауқымды алаңға үстемдік етесің. Себебі, сен әлдебір игі іс жасағанда, тек қолың жеткені мен шамаңның келгеніне, күшің жететіндей игілік істей аласың, ал жамандық жасауға, бұзып - бүлдіруге келгенде жамандығың артып, бұзықтығың жайылып, жан-жаққа тарап кетеді. Мәселен, Күпірлік - өте жаман нәрсе. Оның негізінде бүлдіру, мойындамай, қасарысу жатыр. Бір қарағанға кішкене жамандық сықылды болғанымен расында бүкіл әлемді қорлау, әрі Аллаһтың бүкіл есімдеріне тіл тигізу және адамзаттың абыройын төгу дейтін жағымсыз қылық. Өйткені, бізді қоршаған ортаның өзіндік жоғары мәртебелері, жүктелген маңызды міндеттері бар. Олар - Аллаһтың қызметшілері Раббани хаттар, әрі Сүбхани айналар. Күпірлік болса, оларды қызметтен аластатып, міндеті мен мағынасын жойып, оларды әбестік пен кездейсоқтықтың ойыншығына айналдырады.
Айна тәріздес жаратылыстағы Аллаһтың есімдерінің ою-өрнек нақыштарын, көріністерін, әсемдіктерін жоққа шығарып, мазақ қылады. Әрі Аллаһтың есімдерін тамаша түрде жариялайтын "адамзат" атты әсем өнерін, яғни, мәңгі жасайтын ағашты, нәтижесі дәніне сыйғызылған құдірет туындысын, сондай-ақ, үлкен аманат арқалап Жер мен Көкке үстемдік еткен, періштелерден де жоғары мәртебеге ие, жер жаһанның ханзадасы атанған адамзатты мүсәпір әрі фәни хайуаннан да бетер бейшара, тым әлсіз әрі пақыр санап, өмірден өте шығатын жануарға теңеп дәрежесін әбден төмендетіп жібереді. Сөйтіп, оны адами кейіптен шығарып, мән-мағынасы жоқ, өшіп, жоғалып кететін түкке тұрғысыз құр қауақ санап, абыройын төгіп, масқара қылады.
Сонымен, жүгенсіз нәпсі бүлдіру мен жамандық істеуге келгенде қылмыстың нелер бір сұмдық түрлерін жасай алады. Ал, жақсылық істеуге, бірдеңе жасауға келгенде алаңы тарылып кішкентай боп қалады. Иә, үй тұрғызу қиын, бірақ бұзу оңай. Жүз күн қалап тұрғызған үйді бір күнде бұзуға болады. Алайда, менмендіктен арылып тәкәпарлықты тастаса жақсылықты, болмысты аса қамқор Аллаһтың таупығынан тілесе және жамандықтан, бүлдіру мен қасарысудан бас тартып тәубаға келсе, يُبَدِّلُ اللّٰهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ сырына бөленеді. Бойындағы жамандыққа бастаушы шексіз қабілет жақсылыққа бастаушы қабілетке айналады. Ахсән-і тақуим құндылығына ие болып, аса қадірлі, жоғары мәртебеге ие болады.
Міне, Уа, бейқам адам! Хақ Тағалатың асқан мейірімділігіне көңіл бөл! Бір жамандық жасағанда мың есе жазып, бір жақсылық істегенде бір рет жазу немесе мүлдем жазбаса да әділдік бола тұра, бір жамандықты бір мәрте, бір жақсылықты он, кейде жеті жүз, тіпті кейде мың есе артық жазады. Осыдан түсін, анау жалын шашқан Жәһаннамға түсу, өзіңнің жасаған жамандығыңның нәтижесі, әрі әділ жаза екен де, Жәннатқа жету, Аллаһтың аса мейірімі мен жарылқауы екен.
ЕКІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Адамның екі қыры бар: Біреуі, менмендік, онымен мына дүниеге қарайды. Екіншісі, құлдық, онымен ақыреттік мәңгі өмірге қарайды. Бірінші жағынан қарағанда, адам баласы тым бейшара мақұлық. Таянған бар сүйеніші еркіндік аталмақ, тырнақтай қалау және құдіреттен алар сыбағасы шағын бір
кәсіп, көзді ашып жұмғанша өте шығатын өмір, жалған болмыс. Жер бетіндегі өзге жаратылыстармен салыстырғанда, өте нәзік, әлсіз дара тұлға.
Екінші жағынан, әсіресе құлдыққа тән әлсіздік пен пақырлық тұрғысынан қарасаң оның алаңы кең, зор маңызға ие. Себебі Фатыр-ы Хаким (Әр нәрсені хикметпен теңдессіз жаратушы), адамның әлсіздігіне шек қоймай өте пақыр етіп жаратқан. Қадир-ы Рахим (Өте мейірімді, құдіреті шексіз), сарқылмас байлық, таусылмас қазынаның иесі Ғани-ы Кәримнің (Аса жомарт, өте бай) теңдесіз көркемдігін қамтитын жинақы айна кейпінде жаратқан.
Иә, адам баласы бейне бір дән секілді. Өсіп-өнуі үшін дәнге құдірет тарапынан рухани маңызды қабілет және тағдыр тарапынан шағын да құнды бағдарлама берілген. Мақсат - сол арқылы жер астынан тырбанып, тар әлемнен кең де жарық ауа әлеміне шығару. Жаратқан Иесінен ағаш болуды сұрап бейімділік тілімен дұға ету, яғни, сұрау. Осылайша өзіне лайық кемелді түрге ену. Егер әлгі дән, өзіне берілген рухани қабілетті, орынсыз жұмсап, жер астындағы зиянкес заттарды жинауға арнаса, әлгі тар қараңғы жерде түкке жарамай шіріп кетеді. Егер, дән өзінің рухани қабілетін فَالِقُ الْحَبِّ وَالنَّوٰى деген тәкуин әміріне, яғни, Аллаһтың жарату заңына сәйкес тиімді пайдаланса, топырақ астындағы қапастай тар әлемнен шығып, кең ауада бой түзеген зәулім ағашқа айналады. Осылайша, дәнінің шағын ақиқаты мен мағынауи рухы ауқымы кең ақиқатқа айналады.
Дәл сол сияқты, адам баласына, құдірет, маңызды қабілет, тағдыр, құнды бағдарлама сыйлаған. Егер адам, жер асты тәріздес мына қу дүниелік тұрмысқа бойындағы бүкіл қабілетін нәпсіқұмарланып орынсыз жұмсаса, дүниедегі өткінші ләззаттармен алдамшы күй кешіп, шіріген дән секілді тозғынға ұшырайды. Егер адам, дән тәріздес бейімділігін Ислам нәрімен суарып, иманмен жарық беріп, құлшылық атты топыраққа егіп рухани қабілетін Құранның әмірлеріне сәйкес, биік мақсаттарға пайдаланса, әлбетте әлем-і мысал мен берзахта яғни о дүниелік бақи әлемде өркен жаятұғын, Ақырет пен Жәннатта жеміс беретұғын мәңгілік ағаштың дәніндей өсіп-өніп, мәңгілік жиһаздардан жасалған таңғажайып жанды машинаға немесе әлем атты ағаштың мүбарак, нұрлы жемісіне айналады.
Расында, нағыз даму деп, адам баласына берілген жүрек, рух, ақыл-ес, ой-сана, көңіл һәм тағы басқа сезімдерді мәңгілік өмірге бағыштап, әрқайсысын өзіне тән құлшылықпен шұғылдандыруды айтады. Анау Хақ жолдан тайғандардың даму, өркениет деп жүрген, дүниелік өмірдің қызығын қуу, жалған рахатына батудың түрлерін тіпті ең жиіркеніштісін тату үшін барлық ақыл-ес, ой-сана, жүрек сияқты сезімдерін нәпсінің құлына айналдыруы даму емес, түпсіз құлдырау. Осы бір ақиқатты қиял оқиғада мынадай бір теңеу арқылы көріп едім. Теңеу былай болатын:
Көп қабатты зәулім сарайлары бар үлкен шаһарда жүр екенмін. Кейбір сарайлардың ауласы шамдары жалт-жұлт, жайнаған көркі сәнді театр секілді еріксіз көз тартады. Оған қоса баршаның көңілін сергітетін ойын-сауықтар ұйымдастырылған. Сондай үйлердің біріне көзім түсіп еді, иесі есігінің алдында итімен ойнап жүр екен. Ханымдары әлде бір бейтаныс жігіттермен әңгімелесіп, көңілді сұхбаттасып тұр. Бойжеткен қыздар кішкентай балалардың ойындарын қызықтап, оларды басқарып жүр. Үйдің күзетші малайы әкім киімін киініп, оларды басқарып жүргендей, бейне бір әртістің кейпінде көрінді. Сонда мен бұл зәулім сарайдың іші қаңырап бос қалғанын аңғардым. «Иә, негізгі шаруа, басты міндет атқарылмай қараусыз қалған екен. Түрлері мынау, шамасы ахлақтары бұзылған-ау», - дедім.
Бұлардан өтіп жүре бергенімде тағы бір зәулім сарайға тап болдым. Есік алдында міндетіне адал, сақ ит пен сұсты да салмақты күзетшінің тапжылмай тұрғандарын көрдім. Ауласының іші де тым-тырыс. «Бұл неге мұндай, анау неге ондай?» деген ой келіп, соны білмекке аулаға қарай беттедім. Сарайға кіріп едім, іші жайнап-ақ тұр. Әрбір қабатта үй тұрғындары аса күрделі өз міндеттерімен шұғылданған, қолы бос адам көрінбейді. Бірінші қабаттағылар сарайдың шаруашылығымен шұғылдануда, олардан жоғарыда ұл-қыздар сабақ оқуда. Олардың жоғарғы қабатында әйелдер ою-ойып, кесте тоқуда. Ең үстіңгі қабатта болса сарай иесі телефон арқылы патшамен байланысып, халқының қамын ойлап, әрі өз ілімін дамытып жетілдіру үшін жеке басына қатысты мәселелерді де тілге тиек етіп, өзекті де ортақ мәселелерге пікір алысып отыр. Оларға мен көрінбегендіктен ешкім ештеңе демеді. Кең сарайды емін-еркін араладым.
Содан соң, сыртқа шықтым. Айналама қарасам, шаһардағы сарайлар екі түрлі екен. Себебін сұрағанымда: «Ауласы жайнап, іші бос тұрған үйлер кәпірлер мен Хақ жолдан тайғандардікі, ал іші толы болғандары зиялы мұсылман ғұламаларының сарайлары», - деп жауап берді. Бұдан кейін бұрышта оңаша тұрған бір сарайға көзім түсті. Маңдайшасындағы «Саид» деген жазуды көріп, көңілім елтіп, үңіліп едім, өз бейнемді көргендей болдым. Сасқанымнан даусымның қалай шыққанын да білмей, айқайлап жіберіппін. Есімді әрең жидым. Аллаһ қайырын берсін!
Осы бір қиял оқиғаны енді сізге жорып берейін. Теңеудегі шаһар - қоғамдық өмір мен мәдени тұрмыс. Әрбір сарай - жеке бір адам. Сарай тұрғындары - адам бойындағы көз, құлақ, жүрек, рух, ақыл-ой, нәпсіқұмарлық пен әуестік секілді сезімдер. Ол сезімдердің атқарар өзіне тән түрлі құлшылық міндеттері, қызық-ләззаттары, өзіндік қайғы-қиыншылықтары болады. Бойымыздағы нәпсі мен әуестік, құмарлық пен ашу сезімдер әлгі ит пен күзетші тәрізді. Сол себепті, бойдағы құнды сезімдерді әуестік пен нәпсіқұмарлықтың жетегіне ноқталап беріп, оларды негізгі міндеттерінен босату, әрине даму емес - құлдырау, жетілу емес - азғындау. Енді, қалған жақтарын өзің жорып ал!
ҮШІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Адам қандай да бір іс-әрекет, амал жасауға және өзін материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге келгенде өте әлсіз жануар секілді, бәрінен бейшара мақұлық тәрізді. Оның билік пен иелік алаңының тарлығы сонша, көлемін қолмен өлшеуге болады. Тіптен қолға үйретілген үй жануарлары адамның әлсіз, пақыр әрі жалқау сипаттарынан әсер алғандықтан жабайы тұқымдастарымен салыстырғанда үлкен айырмашылық байқалады. (Үй ешкісі мен жабайы ешкі және қолдағы сиыр мен қодас секілді).
Әйтседе адам баласын әсер алу, қабылдау, дұға ету, сұрау тұрғысынан пайымдар болсақ, онда оның мынау "дүние" атты қонақ үйде ең қадірлі қонақ, мәртебелі жолаушы екендігін аңғаруға болады. Оның жолаушылап түскен үй иесі асқан жомарт, мейірімді. Жомарттығы сондай, оған өзінің теңдесі жоқ жаратылыстары мен қызметшілерін бағындырып, сарқылмас қазынасын алдына жайып тастаған. Келген қонағының еркін дем алып, жайлы тынығуына,
айналасын қызықтап, қажетінше пайдалануына дайындаған алаңының үлкендігі сонша, адамның көзі жетер жерден асып, қиялы жетер шексіз кеңістікке қарай созылып жатыр.
Міне, сол себепті адам баласы менмендікке салынып дүниелік бәз өмірге күрмеліп, өткінші ләззатпен қызық қуса, өлшеулі ғұмыры тар алаңда булығумен өтіп, оған берілген күллі қабілет, құрал-жабдықтар, құнды сезімдер хашірде (ақыреттегі сотта) оның үстінен шағым айтып дауласатын куәгерлерге айналады. Ал, егер адам өзін Оның қонағымын деп білсе, қолда бар иелігін қонақжай иесі Зат-ы Кәримнің рұқсат еткен алаңында жұмсаса, иелік алаңы кеңіп, мәңгі өмір үшін адал еңбек еткен болады. Солайша, қабірде тынығып, содан соң ала-и иллийнге көңілді бет алады. Әрі оған берілген күллі қабілет құрал-жабдықтар оған ризашылықтарын білдіріп, ақыретте оны жақтайтын куәгерлерге айналады.
Күллі ғажайып қабілеттілік адам баласына мына түкке тұрғысыз дүниелік өмір үшін берілмеген. Өйткені, адамды өзге жануарлармен салыстырғанда, оған өте керемет қабілет, көптеген құрал-жабдықтар берілген. Хайуандарға қарағанда жүздеген есе көп сый көрсетілген. Бірақ, хайуан секілді өмір сүру, күн көріске келгенде жүздеген есе нашар тұрмыс бұйырған. Оның себебі, әрбір татқан ләззаты өзінен кейін мыңдаған қайғылы із қалдырады. Өткен күндердің өкініштері, келешектің қорқыныштары, тіпті әрбір ләззаттың аяқталу сәтіндегі күйік пен қайғы, көңілдегі қуанышты су сепкендей басады. Жүрегін сыздатып орнына дақ қалдырады. Ал, хайуандарда мұндай сезім болмайды. Олар мұңсыз ләззат алып, уайымсыз рахатқа батады. Өткеннің өкініші, келешектің қорқынышы олардың мазасын алмайтыны себепті маңғаздана, ішіп-жеп Халиқына, яғни, жаратушысына шүкір етеді.
Демек, өзгелерден ерекше ахсән-і тақуим түрінде жаратылған адам баласы фәни өмірді басты мақсат тұтса, әуелден берілген қабілеттер жағынан жүздеген есе бай бола тұра, нақтап келгенде құс екеш құс, торғайдан жүздеген есе төмен дәрежеге түседі. Бұл ақиқатты мұнан бұрын бір жерде теңеу арқылы айтқан болатынмын. Енді сол теңеуді қайталаудың реті келіп тұр.
Баяғыда бір мырза екі қызметшісін шақырып алып, біреуіне он алтын ұсынып: «Мынаған өзіңе лайықты бір киер киім тіктіріп ал!» деп, екіншісіне мың алтын беріп, жазу жазылған бір жапырақ қағазды
қалтасына қоса салып, екеуін базарға жіберіпті. Әуелгі қызметші он алтынға тәп-тәуір матадан өзіне шақ, әдемі киім сатып алады. Екінші қызметші ақымақтық жасайды. Қалтасындағы есеп-қисап қағазына қараудың орнына, қасындағы қызметшіге еліктеп, сатушыға бар алтынын беріп, бір киер киім сұрайды. Ынсапсыз саудагер оған матасы шірік бір киер киімді ұстата салады. Ақымақ қызметші шіріген киімге мәз болып қожайынына келеді. Ақымақ қызметшіні қожайын ауыр жазаға тартып, қамап тастапты.
Шын мәнінде әлгі қызметшіге берілген мың алтын тек бір киер киім үшін емес, әжептеуір үлкен сауда жасау үшін берілгендігін аз ғана ақылы бар адам аңғару керек-ті!
Дәл сол сияқты адам бойындағы қабілеттер мен құнды сезімдердің әрқайсысы хайуандардың сезімдерімен салыстырғанда жүз есе артық әрі бай. Мысалы, көзімен сұлулықтың барлық түрін айырып, тілі арқылы тағамдардың түрлі дәмдерін сезеді. Ақиқаттарды егжей-тегжейлі зерттеуге ақыл-ойын жұмсап, жақсылық атаулыны көңіл таразысымен өлшейміз. Міне, осындай толып жатқан қабілеттер мен сезімдер қаншалықты керемет десеңізші! Мұның қасында хайуандарда болатын тым қарапайым, бір-екі саты ғана жетілген сезімдері төмен екені түсінікті емес пе!? Арадағы бар айырмашылық әрбір жануардың өзіне тән іс-қимылында. Әлдебір жануардың белгілі бір мүшелері ғана ерекше дамитыны рас десек те, алайда ол даму тек сол жануардың өзіне ғана тән қасиет.
Адам баласының аса қабілетті болуының бір себебі ақыл мен сана болғандықтан, сол арқылы сезіну мен сезу қабілеттері жақсы дамыған. Қажеттіліктерінің көптігі де соған сай сан-алуан сезімдерді пайдалануға итермелейді. Сезімталдығы ерекше түрде дамыған. Әрі жаратылысы өте күрделі болуы себепті шексіз мақсаттарға жетелейтін талап-тілектері және мойнында о баста атқаруға тиіс міндеттері болғандықтан сезім мүшелері мен қабілеттері өте жақсы жетілген. Сондай-ақ, құлшылықтың барлық түріне икемді етіп жаратылғандықтан кемелденуге сай бейімділіктер қоса берілген. Міне, осыншама дүние, мол байлық, әрине мына түкке тұрғысыз, өткінші, жалған өмірді қызықтау үшін берілмеген. Қайта мұндай байлыққа ие, адам баласының басты міндеті - биік мұраттарға бағытталған қызметін адал атқарып, өзінің әлсіздігі мен бейшаралығын, ағаттық
пен кемшілігін мойындап, жар салу. Шын ықыласымен, және ауқымды назарымен, терең ойымен, қоршаған ортаның, жаратылыс атаулының тәсбих-зікірлерін тамашалай отырып куәгерлік ету, берілген нығметтерден, сыйланып жатқан рызықтардан Аллаһтың медетін сезіп шүкір ету, сондай-ақ, әлемге қарап ондағы Аллаһтың құдіретінің мүғжизаларын, көріп олардан ғибрат алып, толғану ой түю болмақ.
Уа, дүниелік өмірге ғашық, ахсән-і тақуим сырынан бейқам, дүниеге табынушы адам! Мына өмірдің шындығын бұрынғы Саид қиял оқиғадан көрген болатын. Енді сол бұрынғы Саидты жаңа Саидқа өзгерткен бір теңеу оқиғаны айтып берейін, тыңдап ал!
Мен жолаушылап сапарда жүр екенмін, яғни мені біреу арнайы тапсырмамен жіберген екен деймін. Тақсырымның маған бөлген алпыс динар алтынынан ауық-ауық белгілі мөлшерде алып отыратынмын. Бірде айқай-шулы, көңіл көтеретін қонақжайға бардым. Ол жерде өзгелерге мақтанам деп бір түнде он динар алтынымды құмар ойындары мен көңіл көтермекке жұмсап қойдым. Таң атқан соң қалтамды қарасам, көк тиын ақша қалмапты. Ішім удай ашыды. Баратын жерім ұзақ, дұрыстап сауда да жасай алмадым, жолға алатын зат та көп еді. Жөнсіз кеткен ақшаның орнына өкініштер мен күнәлар қалыпты. Көңіл көтермек түгілі қайғы-мұңға басылыппын. Осылайша мұңайып тұрғанымда кенет жаныма бір адам келді.
«Барыңнан айрылдың, жазаға тартса да обалың жоқ. Барар жеріңе құр алақан қайыршы кейіппен баратын болдың. Бірақ ақылың болса, тәуба есігі әрдайым ашық тұрады. Бұдан кейін берілетін он бес динар алтынды алған сайын жартысын ықтияттап сақтайтын бол. Жолға қажетті заттарыңды ал!» - деді. Әлгі адамның айтқан бұл сөзі нәпсіме ұнамады. "Олай болса үштен бірін сақта", - деді. Нәпсім бұған да көнбей қойды. Сонда әлгі адам: "Ендеше, төрттен бірін", - деп еді, нәпсім ескі әдетіне салып қиқарлығын қоймай, көнбей қойды. Сол-ақ екен, әлгі адамды ашу кернеп, сырт айналды да кенет көрініс өзгеріп қоя берді.
Мен бейбақ, жер асты туннеліьмен зымырап бара жатқан отарба ішінде екенмін. Мазасызданып, қобалжи бастадым. Әйтсе де, қашып құтылар жер жоқ. Таңғалатын жәйт - отарбаның терезесінен көздің жауын алатын әсем гүлдер мен жайқалған жеміс-жидектер көрінеді.
Мен болсам ақылы таяз, дым көрмеген жандай көзім қызығып, қолымды созамын кеп. Гүлді жұлып, жемістен жегім келіп-ақ тұр. Бірақ, ұстаған кезде олардың инедей тікендері, қолыма кіріп кетіп қанатып жатты. Әрі отарба зымырап келе жатқандықтан қолыма іліне бергенде сыпырылып түсіп кетеді. Сөйтіп жемісті жеу маған қымбатқа түсті. Дереу отарбаның жолсерігі жаныма жетіп келіп: "Егер бес тиын төлесең, әлгі гүлдер мен жемістерден қалағаныңша алып берейін. Бәрібір бес тиын орнына жүз теңгелік шығынға ұшырап жатырсың. Оның үстіне баққа рұқсатсыз қол сұққаның үшін жазаға тартыласың" деді. Менің тіптен мазам қашып мына үңгірден қашан шығамыз деп, терезеден басымды шығарып едім; О, Тоба! Шығар ауыз көрінбейді. Ауыздың орнына көптеген саңылауларды көрдім. Мына шұбатылған отарбаның жолаушылары әлгі саңылауларға секіріп жатыр. Менің де қарсы алдымнан бір саңылау көрінді. Саңылаудың екі жағына екі көк тас қойылыпты. Тастарға қызыға қарап едім, үлкен әріптермен жазылған "Саид" деген жазу көзіме түсті. Өкіне әрі таңдана "Қап, әттеген-ай" деп едім, бірден құлағыма манағы қонақжайда маған насихат айтқан адамның даусы естілді:
- Есің кірген болар?
- Иә, бірақ әлім таусылды, еш дәрменім жоқ, - дедім.
- Тәубаға кел, тәуекелге бел бу! - деді.
- Астағфируллаһ! Нартәуекел!
Есімді жинадым. Енді өзімді бұрыңғы Саид емес, жаңа Саид түрінде көрдім.
Аллаһ қайырын берсін, енді, осы қиял оқиғаның кейбір тұстарын жорып берейін. Қалғандарын өзің жорып аларсыңдар:
Иә, анау ұзақ сапар деген - рухтар әлемінен басталып, ананың құрсағына, сонан жастық шаққа, жастық шақтан қарттыққа, қарттық шақтан қабірге, берзахқа, хашірге, одан қыл көпір арқылы мәңгілік әлеміне бастайтын рухани жол еді.
Алпыс алтын болса, алпыс жылдық өмір. Осы оқиғаға куә болған кезде, қателеспесем қырық бес жаста болатынмын. Ары қарай өмір сүретініме ешбір кепілдік жоқ болса да қалған он бес жыл өмірімнің жартысын ақырет жолына арнауыма Құранның үздік бір шәкірті себепші болып жөнге салды. Әлгі қонақжай болса мен үшін Стамбул қаласы еді. Отарба - зымырап бара жатқан уақыт. Әр жыл бір-бір
вагон. Үңгір - мына тіршілік, дүние. Тікенді гүлдер мен жемістер - шариғатқа жат харам ләззаттар мен адамгершілікке қайшы қылықтар. Қолыңда тұрған кездің өзінде бұлардың лезде аяқталатынын ойласаң, көңіл мұңайып, жүрек сыздайды. Қоштасу мен айырылу жанды азапқа салып, опық жегізеді. Отарбадағы жол серіктің «бес тиын төлесең, мына гүлдер мен жемістерден қалағаныңша алып беремін!» деп отырғаны адамның адал еңбегімен шариғатқа сәйкес заңды ләззаттары. Заңды ләззат пен орынды көңіл көтеру Адам жанын толық қанағаттандырады. Азғындыққа жетелейтін тыйым салынған харам нәрселерді істеудің қажеті жоқ. Ендеше, қалған жерлерін өзің-ақ жорып аларсың.
ТӨРТІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Адам табиғаты әлсіз де нәзік сәби тәрізді. Бірақ, оның әлсіздігі мен дәрменсіздігінің астарында асқан құдірет пен орасан қуат жатыр. Өйткені, мына қоршаған әлем оның әлсіздігі мен бейшаралығына байланысты қызметші міндетін атқарады. Егер ол өзінің әлсіздігін толық сезініп, тілімен, күйімен, іс-әрекетімен Жаратқан Иесіне дұға етсе, бейшаралығын мойындап, көмек сұраса, бұл істегені - Аллаһ тарапынан өзіне жасалған қамқорлыққа шүкір етіп, алғысын білдірген болып есептеледі. Және сол арқылы мақсат-тілектері орындалып, аңсаған арманына жетеді.
Егер пенде Аллаһты ұмытып, армандарына өз күшіммен жетемін десе, арманының мыңнан біреуіне де қолы жетпес еді. Адам кейде аянышты халімен жасаған дұғасы қабыл болса, қолы жеткен талап-тілектерін өз күшіммен таптым деп қателеседі.
Иә, тауық балапанының әлсіздігіндегі қуат - қорқақ тауықты айбарлы арыстанға айбат шеккізіп, қарсы тұрғызады. Дүниеге жаңа келген арыстанның күшігі әлсіздігі арқылы анасын аш қалдырып өзі тойып алады. Бұл әлсіздіктегі қуат, шексіз рақымдылықтың көрінісі. Қалайша, сәби жылау арқылы не болмаса аянышты халімен, не болмаса сұрауы арқылы қалаған нәрсесіне қолы жетеді. Өзінен мың есе күштілер оған қызмет етеді. Егер қажетті заттарына өзі ұмтылар болса, құдірет-күші мыңнан біріне жетпес еді. Демек, әлсіздік пен шарасыздық оған деген қамқорлық пен аяныш сезімді оятатындықтан ержүрек қаһармандарды өзіне қызмет қылдырады. Ал, енді мұндай бала әлгіндей қамқорлықты түсінбей, жасалған жақсылық пен
жанашырлықты білмей, көмектескендерді жазғырғандай көкірек керіп: «Бұларды бас идіріп қызмет еткізіп отырған өзімнің күш қуатым, мықтылығым» деп астамшылық етсе, әлбетте шапалақ жейді.
Міне, адам да Жаратқан Иесінің рақымдылығын мойындамай, жасалып жатқан қомқорлықты бекерге шығарып оның хикметіне яғни асқан даналығына кінә артқандай, өзіне берілген нығмет-ырыстың қадірін түсінбей Қарұнға ұқсап: اِنَّمَٓا اُوت۪يتُهُ عَلٰى عِلْمٍ яғни: «Мен өз іліміммен, өз еңбегіммен таптым» десе, өзін жан төзгісіз азапқа бағыттаған болар еді. Демек, осынау адамзаттың дамып көркеюі, өркениеті күрес, тартыстың күшімен келмеген. Барлығы оның әлсіздігі үшін бағындырылған, оның шарасыздығына көмекке жіберілген, әрі пақыр болғаны үшін сыйланған, надандығы үшін илхам етілген яғни сыбырлаған, мұқтаждығы үшін ұсынылған. Ол - құдіреттің сыйы. Адам баласының дүниенің сұлтаны болуы оның күш- қуаты, ғылым - білімі емес. Ол - Раббани қамқорлық пен мейірімділіктің көрінісі және Иләһи хикмет пен рақымның белгісі. Демек, басқаларға қызмет еткізіп отыр.
Иә, кіп-кішкене шаян мен аяғы жоқ жылан сияқты улы жәндіктерге қарсы дәрмені жоқ адам баласына кіп-кішкентай құрттан жібек кигізіп, улы шыбыннан бал жегізген, әрине оның өзінің күш-қуаттылығы емес, әлсіздігіне қарай жасалған Раббани бағындыру мен Рахмани қамқорлық.
Уа, адам! Ақиқат осылай болса, көкірек керіп, менменшіл болма! Аллаһтың алдында әлсіздігің мен бейшаралығыңды мойындап жалбарыну арқылы және пақырлығың мен мұқтаждығыңды дұға арқылы білдір. Өзіңнің шын құл екендігіңді көрсет. Әрі حَسْبُنَا اللّٰهُ وَنِعْمَ الْوَك۪يلُ дей отырып, өрле, кемелден!
Бірақ: «Мен түкке тұрмайтын біреумін. Менен терең де ауқымды шүкір сұралатындай мен кіммін? Хаким-і Мұтлақ мына әлемді әдейілеп маған бағындыратындай қандай қадірім бар?» - деп айтпа!
Расында, нәпсің мен пішініңе қараса түкке тұрмайсың. Алайда, атқарар міндетің мен мәртебең жағынан бүкіл әлемнің зерделі көрермені, хикметке толы мына жаратылыстың ойшыл шешені,
"әлем" атты кітаптың зерттеушісі, зікір салған мақұлықтарға қайран қала тамашалайтын бақылаушы және ғибадат жасап жатқан жаратылыстың құрметті жетекшісі дейтін жоғары мәртебең бар.
Уа, адам! Сен заттық болмысың жағынан өсімдікке, нәпсің жағынан хайуанға ұқсас меңіреу бір зат, пақыр әрі әлсіз кеудесінде жаны бар біреусің. Мына алай-түлей алып құбылыстардың үрейлі толқынында шайқалып кетіп барасың. Бірақ, Аллаһтың махаббатының шұғыласынан тұратын Иманның нұрымен нұрланып, Ислам дінімен тәрбиеленер болсаң, адамгершілік шыңына шығып, құл бола тұра сұлтан болып, әлсіз бола тұра күшті болып, шағын болмысың өзінше бір әлемге айналады. Тіптен елеусіз көрінгеніңмен мәртебең биіктеп, билігі зор бақылаушы ретінде: "Менің Рабб-ы Рахимым, дүниені маған баспана етіп, Ай мен Күнді оның шам-шырағы жасады. Көктемді гүл шоғы, жазды ырысты дастархан, жан-жануар біткенді қызметшім етті. Баспанамды түрлі өсімдік атаулымен безендіріп, құлпыртып қойды!" дей аласың.
Сонымен сен, нәпсі мен шайтанға ерсең әсфәл-і сафилинге құлдырап төмендеп кетесің. Ал, Хақ пен Құран Кәрімді ұстасаң, ала-и иллииіне өрлеп, ғаламның ықшамдалған әсем үлгісі боласың.
БЕСІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Бұл дүниеге адам баласы мойнына міндет жүктелген пенде әрі қонақ ретінде жіберілген. Жаратылысы тым күрделі, бейімділігі өте зор. Соған орай маңызды міндеттер атқаруға тиіс. Оны сол бағытқа бұрып, әлгі міндеттерді орындату үшін бір жағынан дем беріп ынталандырса, келесі жағынан сол міндеттерді мұқият орындату үшін әрдайым қатаң ескертулер жасалады. Осы арада бұдан бұрын әңгімеленген адам баласының міндеті мен құлшылығының негіздері туралы қысқаша баяндаудың реті келіп тұр. Мұндағы мақсатымыз "Әхсән-і тақуимнің" сырын неғұрлым анығырақ ашу.
Иә, адам баласы бұл дүниеге келген соң, құлшылықтың екі түрін орындауға міндетті:
Біріншісі: Жаратушысын көрместен ғайып түрде, құлшылық жасайды, толғанады.
Екіншісі: Көріп тұрғандай немесе оның алдында тұрғандай тыңдаушы мақамында құлшылық етеді, мінәжат қылады.
Әуелгісінің сыры мынадай: Бүкіл әлемді басқарған Иләһи Рубубиеттің билік үстемдігін бас ие құптап, оның керемет әсемдігі мен сұлулығын таңдана тамашалайды. Сосын, Аллаһтың қасиетті есімдерінің нақыштары болып табылатын таңғажайып өнер мен шеберлікті бір-бірінің ғибрат алар назарларына ұсынып оған делдал жаршы, шақырушы болады.
Сонан соң, әрқайсысы мағынауи құпия қазына тәріздес Раббани есімдердің гауһарларын, оның қадір-қасиетін санасымен сараптап, көңіліне тоқып, шын жүректен бағалап қастерлейді.
Сонан кейін, Құдірет қаламымен жазылған хат тәріздес жаратылыстың жапырақ беттерін, аспан мен жердің парақтарын оқи отырып, қайран қала толғанады.
Сосын, қоршаған ортадағы әсемдікке, күрделі шеберлікке ой жүгіртіп, оны жасаған Фатыр-ы Зүлжамалдың теңдесіз өнеріне сүйсініп және бұлардың барлығын жасаған Сани-ы Зүлкамалдың құзырына шығуға, сондай-ақ оның ілтипатына бөленуге асығады.
Екіншісінің сыры: Құзыр мен үндеу тыңдаушы мақамы. Адам бұл мақамда жаратылғаннан Жаратушыға өтеді яғни, Сани-ы Зүлжәлал өнерінің мүғжизалары арқылы өзін таныстырып, білдіргісі келетінін сезіп, ол да иманы арқылы, мағрифет арқылы жауап қайырады.
Сосын, бір Рабб-ы Рахим өзінің асқан мейіріміне бөлеп, жарылқай отырып, тәтті нығметтер беріп тәбетін ашып, өзіне деген сүйіспеншілік махаббат талап ететініне көзі жетеді. Пендесі жан-тәнімен жақсы көріп, адал құлшылығымен жауап береді.
Содан соң, Мүним-і Кәрим (Аса жомарт жарылқаушы) заттық және рухани нығметтердің балдай тәтті ләззаттарын сыйлап, мәпелеп бағып отырғанын аңғарады. Оған да жауап ретінде амал жасап, хал-жағдайымен, сөзімен, тіпті қолынан келсе барлық сезімдерімен шүкір етіп, оны мадақтау арқылы шексіз алғысын білдіреді.
Сосын, Жәлил-і Жәмил бүкіл болмысты айна ретінде жаратып, өзінің шексіз ұлылығын керемет сұлулығын, Жәләл мен Жамалын көрсетіп, өзіне назар аудартып отырғанын көреді. Пендесі оған да, жауап ретінде «Аллаһу Әкбар, Субханаллаһ» деп инабатты түрде таңдана да сүйсіне сәжде жасайды.
Содан кейін, бір Ғани-ы Мұтлақ (Нағыз бай) мол қазынасы мен байлығын жайып көрсетіп отырғанын аңғарады. Бұған жауап ретінде тағзым етіп, мадақтап, шарасыз екенін мойындап жалбарына, өзінің өтініші мен тілегін айтады.
Сосын, бір Фатыр-ы Зүлжәлал (Айбынды, теңдессіз жаратушы) жер жүзін көрме ретінде барлық таңғажайып әсем өнерін тізіп жайып қойғанын байқайды. Бұған: "Машааллаһ" деп қадірлеп, "Бәрекаллаһ" деп қошеметтеп, "Сүбханаллаһ" деп таңғалып, "Аллаһу Әкбар" деп, сүйсіне жауап береді.
Содан соң, бір Уахид-ы Әхад, мына "әлем" деп аталатын керуен сарайдағы барлық нәрселерге, өзінің көшірілмейтін, теңдессіз өзіндік таңбалар басқандығын, тәухидтің аяттарын нақыштап жазғандығын және әлемнің әр тарапына Уахданиет белгілерін қойып толық Рубубиетін жариялап отырғанын көреді. Бұған ол растау арқылы, иман келтіру арқылы тәухидпен, мойынсұнумен, куәгерлік етіп, құлшылық жасап жауап береді.
Міне, адам баласы осы секілді құлшылық пен толғаныс, пікір жүргізу арқылы ғана нағыз адам бола алады. Сонда ғана, өзінің ахсән-і тақуим яғни керемет жаратылғанын көрсетеді. Иманның берекетімен аманат арқалауға лайық, жер бетінің сенімді халифасы екенін дәлелдейді.
Уа, "әхсән-і тақуим" түрінде жаратылған, бірақ жағымсыз қылықтарымен әсфәл-і сафилинге бет алған бейқам адам! Сөзіме құлақ сал! Мен де сен сияқты жасымда албырттыққа мас болып, дүниеге қызыққан шағымда қарттықтың кеші таяп, ол мастықтан айықтым. Көздің жауын алып тамаша сұлу көрінген дүниенің, яғни, ақыретке қатысы жоқ, қу дүниенің қаншалықты жағымсыз екендігін түсіндім. Ал ақыретпен қатысты дүниенің әлдеқайда тамаша әрі баянды екенін аңғардым. Бұл ақиқатты "Он жетінші Сөздің" екінші бөлімінде екі жапырақ түрінде жазған едім. Сен соған да назарыңды сал.
Бірінші жапырақ: Дүниені адасқандарға еліктеп, бірақ саналы түрде бейқамдық пердесінің артынан бұрынырақ көрген, бейқамдардың дүниесіндей суреттейді.
Екінші жапырақ: Дүниенің тура жолдағылар мен ақиқатты тапқандардың көзқарасына сәйкес шын мәнісін сипаттайды. Баста қалай жазылған болса сол күйінде қалды. Өлеңге ұқсайды, бірақ өлең емес.