Жиырма төртінші Сөзден
Бұл «Бұтақта» бес жеміс бар.
Бірінші жеміс:
Уа, өзін қатты жақсы көретін нәпсім! Уа, дүние құмар достым! Махаббат деген мына әлемнің жаратылуына себеп әрі ғаламды байланыстырып тұрған күш. Ол мына әлемнің нұры һәм тірілігі болып табылады. Адам болса, ғаламның өзегін бойына сіңіріп тұрған жемісі болғандықтан ғаламды қамтитын махаббат сол жемістің дәнегі тәріздес қалбына орналастырылған. Енді сондай махаббатқа лайық еш нұқсандығы жоқ кәміл біреу керек. Ойлан Уа, нәпсім, Уа, достым! Сенің бойыңда екі сезім яғни қорқыныш пен махаббат бар. Бұл сезімдер қалай болса да жұмсалады. Яғни, я Жаратқанға я жаратылғанға арналады. Бірақ, өзің ойлашы, жаратылғандардан қорқу азапқа салатын бәле, оларға махаббат та адамды бәлеге қалдырады. Неге десең, қорыққан нәрсең сені аямайды немесе жалбарынғаныңды қабылдамайды. Олай болса бұл қорқыныш сезімі азапқа толы бәле. Енді махаббатқа келейік. Сенің жақсы көрген нәрсең сені танымайды, «қош бол!» деп те айтпай кетіп қалады (жастық шақ, мал-мүлік секілді), я болмаса сен оны жақсы көргенің үшін сені қорлап, азарлайды. Көрмеймісің, Жаратқаннан жат нәрселерге ғашық болғандардың жүзден тоқсан тоғызы сүйіктісінен шағымданып жатады. Өйткені, Самәдтің (ешнәрсеге мұқтаж емес, бәрі оған мұқтаж Аллаһ) айнасы боп табылатын жүректің түкпірімен әлгі пұт секілді дүниеуи сұлуларға аса құрмет қылу олардың назарында да ыңғайсыз жағдай. Негізінде олар қымсынады, қабылдамайды. Себебі, табиғаты бұзылмағандар шамасынан артық, табиғи емес нәрселерді сыртқа тебеді, қабылдамайды. (Құмарлыққа тән сүюді айтып отырған жоқпыз, ол тақырыптан тыс мәселе).
Демек, жақсы көрген нәрселерің сені танымай қалады екен, немесе қорлап масқара қылады екен, я болмаса сені тастап кетіп қалады екен. Олай болса, бұл махаббат мен қорқыныш сезімді махаббат қылғанда еш қорламай қайта бақытқа бөлейтінге арна! Иә, Халиқ-ы Зүлжәлалдан қорқу оның рахым толы аясына тартады. Қорқу ол бір қамшы тәрізді мейрімге бөлетеді. Қалайша мейрімді ана сәбиін кейде қорқытып
құшағына тығады. Ал, ана біткеннің мейірімі Аллаһтың рахымының бір ғана сәулесі. Демек, Құдайдан қорыққанда рухани мол ләззат болады. Мұны «хауфуллаһ» дейді. Ал, енді "хауфуллаһта" мұндай күшті ләззат болатын болса "мухабетуллаһта" (Аллаһқа махаббат) қаншалықты шексіз ләззат болатынын түсін. Һәм Аллаһтан қорқатын адам басқалардың үрейлі, һәм бәлеге ұшырататын қорқынышынан аман болады. Һәм Аллаһ үшін болғандықтан дүниедегі нәрселерге қылған махаббаты да өкінішті, уайымға салатын, қоштасумен тынатын махаббат болмайды.
Рас, адам ең әуелі өзін жақсы көреді. Сосын тума-туыстарын, сосын халқын, жан-жануарларды, ғаламды, жалпы дүниені жақсы көреді. Олардың әрқайсымен тығыз байланыста. Олар қуанса бұл да қуанады, қайғырса бұл да қайғырады. Дегенмен, қатты жел, аласапыран дауыл соғып тұрғандай бұ дүниеде еш нәрседе тұрақ жоқ. Жүрек байғұс содан қатты жараланып мазасы кетеді. Енді қауыштым дегенде ол нәрсесі ғайып болып қайғы бір тынбайды немесе бұдан құтылам деп бейқамдықпен мастыққа ұшырайды.
Олай болса ей, нәпсім! Ақылың болса, барлық махаббаттарыңды жинап нағыз иесіне тапсыр! Ондай бәлелерден аман бол! Ол шексіз махаббаттар шексіз кемел, шексіз жәмал яғни еш нұқсандығы жоқ, көркем бір Аллаһқа тиесілі. Оны өзінің иесіне берген кезіңде барлық нәрсені Оның атымен, Оның айнасы ретінде еш қиналмай жақсы көруіңе болады. Демек махаббатты түгелімен жаратылғандарға беруге болмайды, әйтпесе махаббат өте тәтті нығмет бола тұра азаптайтын ауыр жазаға айналады.
Енді бір мәселе бар, ол өте маңызды. Ей, нәпсі! Сен ғой махабаттыңды өзіңе арнап отырсың. Өз өзіңді мағбуд (табындырушы), махбуб (сүйікті) қылып алыпсың. Нәпсің үшін бәрін пида етуге дайынсың. Құдды бір оны өзіңе Раббы яғни билеп, төстеушідей көріп отырсың. Алайда, бір нәрсеге махаббат қылу үшін белгілі бір себептер керек. Мәселен, кемелдік. Себебі, кемелдіктің өзі сүюге тұрарлық қасиет. Пайда, ләззат немесе жақсылық. Яки осы секілді себептермен махаббат қылуға болар.
Енді тыңда ей, нәпсі! Сенің табиғатың кемшілік, пақырлық, әлсіздіктен жаратылған. Қараңғылық қоюланған сайын нұрдың жарықтығы анық көрінетіні секілді, сен дағы бойыңдағы кем
сипаттармен Фатыр-ы Зүлжәлалдың Кәмал, Жәмал, Құдірет пен Рақым секілді кемел сипаттарына айналық қызметін атқаруға тиіссің. Мұны жақсы білуің керекті. Өйткені, саған бірнеше Сөзде дәлелдеп берген болатынмын. Демек, ей нәпсі! Өзіңе махаббат қылма! Керісінше оны жек көр, оған дұшпан бол! Немесе сорлыны ая немесе көнбіс халге келсе қамқор бол! Рас, сен нәпсіңді жақсы көресің. Өйткені ол, ләззат пен пайданың көзі ғой. Сен де пайда мен ләззатқа құмар біреусің. Бірақ байқа! Болар болмас, түкке арзымайтын ләззатқа, нәпсілік пайдаға бола шексіз тәтті ләззаттан, таусылмас байлықтан, мол пайдадан айырылып қалып жүрме! Жылтырауық қоңыз секілді болма! Ол не істейді? Ол, барлық сүйіктілерін һәм жақын достарын қою қараңғыға тастап өзінің бойындағы кішкене жарыққа мәз боп алданады. Сен де нәпсің беретін уақытша, болмашы ләззат пен кішкентай пайдаға бола орасан зор пайдадан құр қалма! Яғни қайғысы мен қуанышына ортақ, пайда көрсе шаттанатын сенің тума-туысқан бауырларыңды, жора-жолдастарыңды мәңгі бақытқа бөлейтін, һәм әлемдегі бүкіл пайдалар мен нығметтер қолында болған бір Махбуб-ы Әзәлиді жақсы көруің керек. Сонда олардың бақытына шаттанып, көңілің тасып мәз боласың. Һәм Аллаһты жақсы көрсең көңілін шат, шексіз ләззат пен мол рахатқа батасың.
Иә, негізінде саған берілген күшті махаббат сезімі Жаратқанның өзіне арналған махаббат болатын. Сен оны бұрыс пайдаланып өзіңе арнадың, өзіңді өлердей жақсы көресің. Енді сен, өзіңдегі "мен" дегенді қой да "Ол" де! Жан-жаққа шашылып жатқан әлгіндей махаббаттарыңды Оның көркем есім-сипаттарына арна! Өйткені нағыз иесі Сол. Сен өз мүддеңе пайдаландың. Біле білсең, жазасын тартып та жүрсің. Өйткені орынсыз жұмсалған, заңға қайшы махаббаттың жазасы аяусыз азап, өкініш пен кетпейтін бәле.
Апырым-ай, Рахман-ур Рахим (аса қамқор, мейірімді) атымен танымал және хор қыздарымен құлпырған Жәннат дейтін сенің бүкіл сезімдеріңді қанағаттандыратын мекен жайды сен үшін әзірлеген және өзге есімдерімен сенің рухыңды, жүрегіңді, ақылыңды, басқа да сезімдеріңді риза қылатын мәңгі бітпес сыйлықтармен жарылқайтын, һәм әрбір есімінде рухани мол сый-сыяпат табылатын Махбуб-ы Әзәлидің саған титімдей махаббаты бұйырып жатса, неткен ғанибет. Ол сен үшін үлкен бақыт. Ол бүкіл әлемнен артық сыйлық. Ғалам
Оның махаббатының жалт еткен бір ғана нұрына татымайды. Олай болса, ол Махбуб-ы Әзәлидің (мәңгі, еш өзгермейтін сүюге ең лайық) өз Хабибына яғни ең сүйікті құлы Мұхаммедке (с.а.у) айтқызған мына әмірін жақсылап тыңда да бойұсын
Екінші жеміс: Ей, нәпсі! Жасаған құлшылығыңды ақыретте берілетін сый-ақыға дайындық деп түсінбегін. Керісінше бізге өтіп кеткен нығметтердің ақысы деп түсін. Иә, біз ақымызды алып қойғанбыз, енді соған орай қызмет, құлшылық етуге міндеттіміз. Қалай десең, әуелі өте жақсы денені сыйлады яғни әу баста жоқ едің бар қылды. Сосын ол Халиқ-ы Зүлжәлал тәбеті күшті асқазан берді де өзі Рәззақ (ризықтандырушы) болғасын сенің алдыңа нығметке толы дастархан, ризық несібе жаратты. Сосын сезімтал өмір сыйлады. Ол да асқазан секілді азық сұрайды. Көз, құлақ тәрізді сезім мүшелер оның қолы ретінде жер жүзіндей кең ырысты дастарханнан пайдаланады. Сосын рухани ризық, нығмет қажетсінетін адамгершілікті берді. Ол да көзге көрінетін, көрінбейтін үлкен нығметке толы дастарханнан дәм татқысы келеді әрі ақыл-ойды қол қылып пайдаланады, татады. Сосын шексіз нығмет сұрайтын және рахымшылықпен азықтанатын ұлы адамгергершілік яғни дін Исламды, Иманды берді. Осылайша, бүкіл жаратылыспен бірге Әсма-і Хусна (Аллаһтың көркем есімдері) және киелі сипаттарын қамтитын кең дастархан жайып саған бақыт пен шаттық сыйлады. Сосын иманның бір нұры боп табылатын махаббат беру арқылы тағы да бақыт пен ләззат ұсынды. Яғни былай қарағанда болмысың кішкентай, әлсіз, дәрменсіз шектеулі біреусің, бірақ оның жарылқауымен шексіздікке, соңсыз нұрға бөлендің. Себебі, саған өмір сыйлау арқылы шексіздікке, адами қасиеттер беру арқылы нағыз шексіздікке, дін Исламды сыйлау арқылы тым жоғары нұрлы шексіздікке, мағрифат пен махаббат беру арқылы ұшы-қиыры жоқ нұрға бөледі, жарыққа шығарды.
Міне, ей нәпсі! Сен бұларды көрдің, алдың. Енді сен құлшылық дейтін тәтті, нығмет боп табылатын әрі рахат әрі жеңіл жұмысты істеуге міндеттісің. Алайда, жалқауланып бұған да ерінесің. Шала-шарпы құлшылық қыласың да бейне бір бұрынғы сый-ақы аздай ірі-ірі нәрселерді қатаң талап қоятындай сұрайсың. Тіпті кейде
"Неге дұғам қабыл болмады" деп еркелейсің. Иә, еркелеу сенің шаруаң емес, сенің шаруаң жалыну, жалбарыну. Мейрімі мол Аллаһ тағала жұмақты, мәңгі бақытты өзінің асқан мейрімімен, тым жомарттығымен сыйлайды. Сен әрдайым оның рахымшыл әрі жомарт екенін ұмытпай сиынып жүр! Оған сенім арт және мына аяты тыңда!
Егер былай десең: "Мұншама шексіз, мол нығметтерді шектеулі де азғантай шүкірмен қалай қайтармақпыз?".
Жауабы: Шексіз ниетпен, зор сеніммен. Мәселен, бір байғұс қолында бес теңгелік сыйлығымен падишахтың құзырына кіреді. Қараса, ірі тұлғалар әрқайсысы миллион теңге тұратын сыйлық әкеп тапсырып жатыр екен. Бұл іштей «менің сыйлығым бұлардың қасында түк емес, не істесем екен?» деп қапаланады. Кенет басын көтеріп былай дейді: «О, патша ағзам! Егер менің қолымнан келсе, осы сыйлықтың бәрін өз атымнан сізге ұсынар едім. Себебі сіз, оған лайықсыз». Міне, ештеңеге мұқтаж емес, тек халқының адалдығына белгі боларлық және қаншалықты құрметтейтінін білу үшін сыйлықтарды қабылдап жатқан әлгі падишах манағы байғұстың шексіз алғысын, ыстық лебізін, риясыз ниетін, өзі туралы жақсы ойын ең қымбат сыйлық ретінде қабыл алады.
Дәл сол сияқты, дәрменсіз бір құл, намаз оқығанда «әттахияту лилләһ» яғни барша мақұлықтың тірі болып, өмір сүруі арқылы саған жасаған құлшылық-сыйлықтарын мен өз атымнан барлығын жаппай саған ұсынамын. Егер қолымнан келгенде сондай барлық құлшылықты өзім жасар едім. Сен оған тіпті одан да артығына "лайықсың" дейді. Мұндай ақ ниет, зор сенім шексіз шүкір боп саналады.
Өсімдіктердің тұқымдары, дәндері, олардың ниеттері боп табылады. Мәселен, қауын, ішіндегі дәндері арқылы мыңдаған ниетпен: "Уа, Жаратқан Ием! Сенің көркем есімдеріңнің өрнектерін көптеген жерден жар салғым келеді" дейді. Аллаһ тағала енді келетіндердің қалай келетінін білетіндіктен олардың ниеттерін іс жүзінде ғибадат жасағандай қабыл етеді. "Мүминнің ниеті жасайтын амалынан қайырлы" дегені осыған ишара. Һәм
деп шексіз тәсбих етудің хикметі, осындай сырлар арқылы түсінікті болады. Сондай-ақ, мәселен бір қолбасшы бүкіл жауынгерлердің қызметтерінің жиынтығын өз атынан падишахқа ұсынады. Сол сияқты жаратылысқа басшылық ететін, хайуанат пен өсімдіктерге командир қызметін атқарушы, дүниенің халифасы болуға лайық және өзінің ішкі дүниесінде бәріне өзін уәкіл тағайындаған пенде
яғни тек саған ғана құлшылық етеміз, тек сенен ғана жәрдем сұраймыз дейді. Барлық жаратылыстың ғибадаттарын, жалбарынуын өз атынан Мағбуд-ы Зүлжәлалға ұсынып отырады.
Һәм,
деп болмыс атаулыны өз атынан сөйлетеді. Тағы да
деп баршаның атынан Ардақты Пайғамбарымызға салауат айтады. Солай болуы керек, себебі болмыс атаулы Мұхаммедтің (с.а.у) нұрымен тығыз байланысты. Міне, тәсбихат айтқанда, салауат қайырғанда саны шексіз болып айтылуының сыры осында.
Үшінші жемісі: Ей, нәпсі! Қысқа өміріңде ақыретке шексіз амал жасағың келсе және өтіп жатқан әрбір минутыңды бір өмірлік берекелі қылғың келсе, күнделікті әдетіңді ғибадатқа, бейқам сәттеріңді құзырға айналдырғың келсе, Расулуллаһтың сүннетін ұстан! Өйткені, бір істі шариғатқа сай қылғаныңда белгілі бір мағынада құзыр (пенденің Аллаһ алдында екенін сезінуі) береді. Бір жақтан құлшылық болады да о дүниеде мол жеміс береді. Мәселен, сен бір зат сатып алдың дейік. Шариғатша "ижаб уә қабул" яғни сен ұсынған бағаға ол да ризашылық білдірсе сол кезде сенің әлгі
жай саудаң ғибадат боп саналады. Манағы шариғат үкімін ойлау Аллаһтың әмірін, уахиді еске түсіреді. Сосын ол шариғаттың иесін еске түсіреді. Оның алдында екенін сезініп құзыр табады. Демек, біз амалдарымызды әсем сүннетке сәйкес жасасақ, қысқа өмір берекелі болып, мәңгі жемістер сыйлайтын, бақи өмірге ұйытқы болар пайдаларға қол жеткізеді.
аятын тыңда! Шариғат пен сүннеттің үкімдері арқылы көрінетін Әсма-і Хүснаның шағылыс сәулелерін тамашала. Әрбір есімнің шуағына бөленіп джами мазхар яғни мазмұнды айна болуға тырыс!
Төртінші жемісі: Ей, нәпсі! Әһл-и дүниеге, әсіресе азғындарға, оның ішінде кәпірлерге қарап, олардың жасанды да алдамшы, харам ләззаттарына қызығып еріп кетпе! Сен оларға қанша еліктегенмен олар сияқты бола алмайсың. Азып-тозып кетесің. Хайуан деңгейінде де қала алмайсың. Неге десең, басыңдағы ақыл азап құралына айналып, ұр тоқпақтай төбеңді төпелейді. Мәселен, көз алдымызға бір сарай елестетелік. Орталық залында үлкен электр шамы ілулі. Оған жалғаулы, одан бастау алатын кішкене шамдар басқа кішкене бөлмелерге тартылған. Енді біреу келіп, орталық зал яғни төргі бөлменің электр шамының түймесін басып, жарықты сөндірсе, сарайдың бүкіл бөлмелерін қараңғылық басып, үрей жайлайды. Ал екінші бір сарайда олай емес. Төргі бөлмедегі электр шамымен байланыспаған кішкене бөлмелердің шамдары жеке-жеке тартылған. Ол сарайдың иесі орталық залдың яғни төргі бөлменің шамын сөндірсе де басқа бөлмелердің шамдары жанып тұра берді. Жұмысын жалғастыра береді, заттар ұрланбайды.
Ей, нәпсім! Бірінші сарай мысалы мұсылман. Ардақты Пайғамбар аләйһиссалату уәссалам оның жүрегінің төрінде үлкен электр шамы секілді. Егер оны ұмытса Құдай сақтасын жүрегінен орын бермесе, ол ешбір пайғамбарды қабылдамайды, тіпті іліп аларлық қасиет қалмайды, тіпті Құдайын танымай кетеді. Бойындағы сезімдер қараң қалып, ішкі дүниесінде аласапыран, үрейлі қорқыныш орнайды. Апырм-ай, мұндай бұзылу мен үрейге немен қарсы тұрып,
төтеп бересің. Қандай пайда тауып әлгі зор шығын мен зиянды жаба аласың. Алайда ғайр-ы мүслимдер (мұсылман еместер) әлгі екінші сарайға ұқсайды. Олар Пайғамбарымыздың ғаләйһиссалату уәссалам нұрына жүректерінен орын бермесе де өздерінше кейбір нұрлар қалады яки қалуы мүмкін деп ойлайды. Оларға рухани кемелдік үшін Мұса немесе Иса аләйһиссаламға деген бір сенімдері, Жаратушыға деген имандары қалуы мүмкін.
Ей, нәпсі! Егер былай десең: "Мен ғайр-ы мүслим емес, хайуан болғым келеді". Саған қанша мәрте айтылды. Хайуан секілді бола алмайсың! Өйткені басыңда ақыл болғандықтан ол өткен шақтың уайым қайғысын, болашақтың үрейін әкеп жүзіңе, бет-ауызыңа ұрғылап, мазаңды алады. бір ләззат ішінен мың қайғы тауып береді. Хайуан олай емес. Уайымсыз рахаттанып, қызыққа батады. Олай болса, әуелі ақылыңды алып таста сосын хайуан бол! Һәм كَالْاَنْعَامِ بَلْ هُمْ اَضَلُّ деген сөгіс айтатын аятқа нысана боласың.
Бесінші жемісі: Ей, нәпсі! Адам мына жаратылыс ағашының жемісі екені көп мәрте баяндалған-ды. Сондықтан, жеміс сияқты өте биікте, мазмұнды, бүкілімен байланысты, барлығының ортақ жақтарын қамтитын жүрек-дәні бар, жүзі бірге емес көпке, бақиға емес фәниға, дүниеге қарап қалған бір мақұлық. Ғибадат болса, оның осы қисық жүзін түзейтін, фәниден бақиға, жаратылғаннан Жаратқанға, көптен біреуге, соңынан басына қарай тартылған арқан, яки бастауы мен аяқталуды қосатын торап.
Мәселен, тұқымын алуға лайық сапалы, керемет өнім беретін ақыл есі бар бір жеміс елестетелік. Ол, өзінен төмен, ағаштың түбінде жүрген жануарларға қарап көңілі ауса әрі әдемілігіне сеніп өзін олардың қолына тапсырса немесе байқамай түсіп кетсе олардың тұзағына түседі де тоз-тозы шығады. Енді ол тұқымдық емес қарапайым бір түйір жеміс ретінде жарамсыз боп қалады. Егер әлгі жеміс, неге сүйенерін білсе, ішіндегі дән ағашты толығымен қамтитындығын және ағаштың жалғасуына ұйытқы болатынын, түрін сақтауға себеп екенін аңғара алса, ол кезде әлгі бір түйір жемістің ішіндегі бір түйір дән шексіз ақиқатты жалғастырып, ұзақ өмір сүрер еді. Дәл сол сияқты пенде, егер көпке көңілі ауып, әлемге басы айналса, дүние махаббатымен мас болып фәнилердің күлгеніне
мәз болып өзін олардың құшағына тастаса әлбетте шексіз зиянға ұшырайды. Ол енді бұзылып, фәнилікке, жоқ болуға бет алады. һәм өзін өзі рухани тұрғыдан өлім жазасына кеседі. Ал егер, жүрек құлағымен Құран тілінен иман дәрісін тыңдап салбыраған басын көтерсе, көңілін көпке емес Біреуге бұрса, құлшылықты саты қылып кемелдіктің ғарышына самғай алар еді. Мәңгі өшпес бақи адам атанады.
Ей, нәпсім! Бұл айтылғандар ақиқат. Және сен Ибраһимнің (Алейһиссалам) миллетіненсің. Олай болса, لَٓا اُحِبُّ الْاٰفِل۪ينَ де! Нағыз сүюге лайық Махбуб-ы Бақиға бет бұр! Мен сияқты былай деп жыла:
(Жазылуы тиіс парсыша өлеңдер он жетінші Сөздің екінші бөлімінде жазылғандықтан бұл жерге жазылмады).