Иман және күпірлік
— 117 —

Жиырма бесінші Сөзден

ЕКІНШІ ШАҒЫЛЫС

Құранның уылжыған балғындығы. Әр ғасыр сайын жаңадан түскендей Құран өзінің балауса балғындығын сақтап отырады. Иә, Құран әзәли (мәңгілік) оқылатын құтба ретінде барлық кезеңдердегі бүкіл халықтың барлық деңгейдегілеріне үндеу болғандықтан, оның сондай әрдайым балғын сипатта болуы керек-ақ. Һәм, ол солай көрінген және солай көрінуде. Тіпті ол, түсініктері әртүрлі, қабілеттері сан-алуан ғасырлар өтсе дағы, бейне бір әрбір ғасырды жеке-жеке қолға алып, қарастырып дәріс береді. Адамдардың істеген істері мен шығарған заңдары өздері сықылды қартаюда. Тіпті өзгеріп сан құбылады. Бірақ, Құранның үкімдері мен заңдары тамыры терең, өте мықты тұр. Қанша ғасыр өтсе де өзгермек түгілі, қуаты артып жандана түспек.

Иә, өзіне қатты сенетін, Құранның сөзіне құлақ аспайтын мына ғасыр және ондағы өмір сүріп жатқан кітап иелері, адамзат Қасиетті Құранның

يَٓا اَهْلَ الْكِتَابِ يَٓا اَهْلَ الْكِتَابِ

(Уа, өздеріне көктен кітап түскен қауым!) деген тәрбиелік мәні зор үндеуіне қаншалықты мұқтаж десеңізші! Бейне бір осы үндеу тікелей осы ғасырдың адамдарына арналғандай. Оның يَٓا اَهْلَ الْكِتَابِ (Уа, өздеріне кітап түскендер!) сөзі бейне бір يَٓا اَهْلَ الْمَكْتَبِ (Уа, мектеп оқығандар!) деген мағынаны да білдіріп тұрғандай. Ол бар даусымен, балғын түрде, жаңа ғана түскендей

﴿ يَٓا اَهْلَ الْكِتَابِ تَعَالَوْا اِلٰى كَلِمَةٍ سَوَٓاءٍ بَيْنَنَا وَ بَيْنَكُمْ ﴾

жарлығын әлемнің түкпір-түкпіріне жаюда.

Мәселен, Құранмен айтысуға жеке тұлғалар ғана емес топ болып, жамағат болып кіріссе де түк өнбеген. Бүкіл адамзаттың тіпті жындардың ой-пікірлерінің табысы болып табылатын осы кезеңдегі мәдениет Құранға қарсылас жағдайға енді. Олар Құранның мұғжизасына қарсы сиқыр пайдаланып тайталасқысы келеді. Соңғы

— 118 —

кезде пайда болған әлгіндей айтыс-шабуылдарына қарсы Құранның قُلْ لَئِنِ اجْتَمَعَتِ الْاِنْسُ وَالْجِنُّ деген бір ғана аятының тойтарыс берген тегеурінді соққысын баяндап берейін. Ол үшін мәдениеттің негіздері мен ұстанымдарын Құранның негіздерімен салыстыра отырып баяндаймыз.

Біріншіден: Осы кітаптың бірінші Сөзінен бастап жиырма бесінші Сөзіне дейін баяндалған салыстырмалы теңеулер, ол Сөздердегі ақиқаттар, және кіріспесіндегі аяттар екі жердегі екі төрт болатындай анық түрде Құранның иғжазы мәдениеттен үстем екенін, мәдениет Құранның алдында дәрменсіз қалып, жеңіліс табатынын дәлелдеген-ді.

Екіншіден: Он екінші Сөзде дәлелденгеніндей, олардың ұстанымдарының жалпы негіздерін қорытындылар болсақ;

Қазіргі мәдениет пәлсапаға сүйеніп адамзаттың қоғамдық өмірінің тірегі "күш-қуат" деп ойлайды. Алға қойған мақсаты "пайда қуу" дейді. "Күресу, тартысу" өмірдің заңы дейді. Халықты өзара байланыстырып тұрған "нәсілшілдік, болымсыз ұлтшылдық" деп қарайды. Діттеген мәресі нәпсінің "әуестігін қандыру" және тұрмыстың шарттарын көбейтіп, қиындататын "ойын-күлкі, бос ермек". Алайда, күш қолданылған жерде өктемдік, зомбылық етек алады. Пайда қуу болса, толық қанағаттандырмайтындықтан нәтижесінде қақтығысқа апарады. Күресуді заң ретінде қабылдаса соғысқа дайындайды. Нәсілшілдік, өзгені жеп қоюға, біреуді қанауға итеретіндіктен жауыздық пайда болады. Міне, осы күнгі мәдениеттің аталмыш заңдарының кесірінен, жақсы жақтары бола тұра адамдардың жүзден жиырма пайызына ғана жасанды бақыт беріп, қалған сексенінің мазасын қашырып, азғындыққа итеруде.

Ал, хикметке толы Құранның даналығы болса, өмір-тұрмыстың тірегі ретінде "күш-қуатты" емес, "ақиқатты" қабылдайды. Мақсат "пайда қуу" емес, "ізгілік пен адамгершілік" һәм "Аллаһтың ризашылығы" деп біледі. Өмірлік ұстанымда "өзара ынтымақ пен көмектесуді" басшылыққа алады. Халықтың бірлігі нәсілшілдікпен, ұлтшылдықпен емес, "діни бірлестік пен отандастық, таптық байланыспен нығая түседі" дейді. Діттеген межесі, нәпсінің әуестігін тізгіндеп, харамнан тыйып, рухты биікке өрлеуге ынталандыру,

— 119 —

қасиетті сезімдерді қоздырып қанағаттандыру, адамды кемелдікке бастап, нағыз адам қылу. Ақиқат, шындық болған жерде ауызбіршілік болады. Ізгілік болса ынтымақ орнайды. Өзара көмектесу болса, бір-біріне қамқор болуға баулиды. Дін дегеніміз бауырластық, сүйіспеншілік. Жүгенсіз нәпсіні ноқталап, рухты кемелдікке қарай айдап, еркін қоя берудің нәтижесінде екі дүниенің бақыты орнайды. Міне, қазіргі мәдениет дәстүрлі діндердің алдында, әсіресе Құранның алдында, Құраннан жақсы нәрселер үйреніп, өнеге алғанның өзінде де қаншалықты пәс, дәрежесі өте төмен екенін түсінген шығарсың.

Үшіншіден: Қазір мыңдаған мысалдардан үлгі ретінде үш-төрт мәселені баяндаймыз. Шынымен, Құранның ереже-заңдары "әзәл" (бастауы жоқ, мәңгілік) тарапынан келгендіктен "әбәдке" (соңсыз, мәңгі-бақи) жалғаса бермек. Оның заңдары мәдениеттің заңдары секілді қартайып өлмейді. Ол әрдайым балғын әрі қуатты.

Мысалға, айталық мәдениеттің қоғамға тигізген жақсылықтарын түгелдей қоссаң және қоғамды қатаң бақылауға алып, тәртіп орнатса дағы, сондай-ақ, қаншама оқу орындарын ашып халықты тәрбиелеймін десе де Қасиетті Құранның екі мәселесіне қарсы тұра алмай ол тұрғыдан жеңілгенін мойындады.

Мәселен,

﴿ وَاَق۪يمُوا الصَّلٰوةَ وَاٰتُوا الزَّكٰوةَ ٭ وَاَحَلَّ اللّٰهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَوا ﴾

Құранның осы артықшылығын бір кіріспе арқылы баяндап берейін. "Ишарт-үл Иғжаз" атты кітабымда дәлелденгеніндей, тарих бойынша адамзат қоғамының билікке наразылық қылып, толқуының бірден бір себебін бір ауыз сөзбен түйіндеген. Әрі, бүкіл жаман мінез-құлықтың анасын, қайнар көзін де бір ауыз сөзбен жеткізген. Ол не сөз дейсіңдер ғой.

Бірінші сөз: "Менің қарным тойса болғаны. Басқалар аштан қырылып қалса да шаруам жоқ".

Екінші сөз: "Сен жұмыс істе, жемісін мен жейін".

Иә, қоғамдық өмірде жоғары топ пен қарапайым халық яғни бай мен кедей, өзара теңдестіктің саясында және таразының екі басын тең ұстау арқылы ғана тыныш өмір сүреді. Ал, мұндай теңдік орнауы үшін жоғарғы топ төменгі топқа жанашырлық жасап, мейірімділік қылуы және төменгі топтың да жоғары топқа құрмет көрсетіп,

— 120 —

бағынуы шарт. Енді, жоғарыда аталған бірінші сөз, жоғарғы топты зұлымдыққа, азғындыққа, мейірімсіздікке итерді. Ал, екінші сөз, қарапайым халықты өш алуға, қызғанып көре алмаушылыққа итеріп, наразылықтарын туғызды. Сөйтіп, бірнеше ғасырдан бері адамзат тұрмысының берекесін алғаны секілді, соңғы заманда еңбек пен капиталды соғыстырып, нәтижесінде Еуропада үлкен төңкеріс болды. Міне, мәдениет адамзаттың әлгі екі тобын келісімге шақырып, татуластыруға көптеген қоғамдық ұйымдар ашып, оқу орындарын салып тырысса да, оған қоса қатаң тәртіп орнатып, жіті қадағалап, жүйелі түрде жұмыс істесе де ол іс-шараларынан түк шықпады. Сондай-ақ, әлеуметтің әлгі екі жарасын яғни екі мәселесін шеше алмай дал болды. Ал, Қасиетті Құран болса, бірінші сөзді, зекетті парыз қылу арқылы түбегейлі шешіп, жараны емдейді. Екінші сөзді де өсімқорлықты харам қылу арқылы шешіп, шипа береді. Иә, Құранның аяттары бүкіл әлемге жар салып: «Өсімқорлыққа жол жоқ!» дейді. Адамзатқа: «Өзара қырқысу тоқтасын десеңдер банкі қызметін доғарыңдар!» деп бұйырады. Шәкірттеріне де «Банкіге жоламаңдар!» деп әмір береді.

Екінші негіз: Мәдениет бірнеше әйел алуды қабылдамайды. Құранның бұл үкімін өздерінше ақылға сыйымсыз, еш пайдасы жоқ деп ойлайды. Егер де, олардың ойлағанындай үйленудегі мақсат құмарлық қандыру болса, керісінше болуы керек еді. Алайда, үйленудің мақсаты мен хикметі ұрпақ жаю, нәсілді жалғастыру. Бұған тіпті жан-жануарлар, өсімдік әлемі куәлік етеді. Ал, ондағы құмарлықтың ләззаты болса, ол ауыр міндетті атқарту үшін рахым тарапынан берілетін аз ғана сый-ақы. Демек, ақиқатында және хикмет жағымен қараса үйлену, нәсілін көбейту, тұқымын сақтап қалу үшін болатын шаруа. Әлбетте, бір жылда бір-ақ рет бала туа алатын және айдың жартысында ғана ұрықтана алатын, содан кейін елу жасынан асқанда ол қабілетінен де айырылатын әйел заты, әрдайым ұрпақ жаюға қабілетті, жүз жасына дейін нәсілін көбейте алатын бір еркекке жеткіліксіз болатындықтан, мәдениет амалсыздықтан көптеген жезөкшелік орындар ашуды жөн көріп отыр.

Үшінші негіз: Әділ төрелік ете алмайтын мәдениеттің назарында Құран, әйел затына мұрагерлікті бөлісуде үштен бірін беруді бұйырғанына айыпты. Өздерінше бұл үкімін мінемек

— 121 —

болады. Алайда, қоғам өміріне қатысты үкімдер көпшілікке қарай берілетіндіктен, жалпы алғанда бір әйел өзіне қамқоршы біреуді табады. Ал, ер кісі болса өзіне жүк болатын, асырауға міндетті бір әйелмен отау құруға мәжбүр. Сонымен, әлгіндей жолмен бір әйел әкесінен қалған мұрадан үштен бірін алса, күйеуі қалған нұқсанын толықтырады. Ер адам әкесінен қалған мұрадан үштен екі бөлігін алса бір бөлігін алған жұбайының қажеттілігіне жұмсайды. Сөйтіп апа-қарындасымен тең бөліскен болады. Міне, Құрани әділдік осылай бұйырады. Осылай әділ төрелік етеді.

{(Сілтеме): Сотта өзін ақтау мақсатымен айтылған, және соттың ауызына құм құйған қорғау сөздерінен үзінді. Орайы келіп осы жерге түсініктеме ретінде жазылды.

Әділет басқармасының сотына айтарым: "Мың үш жүз елу жылдан бері, әр ғасырда үш жүз елу миллион адамның тұрмыс-тіршілігіне пайдалы, киелі де мызғымас Иләһи ережені үш жүз елу мың тәпсірдің растап, қолдауына сүйене отырып және мың үш жүз елу жыл бойы жалғасын тауып келген ата-бабамыздың діни нанымдарына сәйкес тәпсір жазған бір кісіні айыпты қылатын жөнсіз шешімді егер әрине дүниеде әділдік қалған болса ол үкімді терістеп, ондай шешімді жоққа шығарады!"}

Төртінші негіз: Құран, пұтқа табынуға қатаң тыйым салып қана қоймай, пұтқа табынушылықтың бір түрі, көшірмесі боп есептелетін суретке табынуға да яғни суретке көп мән беруге тыйым салады. Ал, мәдениет болса, сурет салуды өздерінің жетістіктері, жақсы нәрсе деп санап, Құранмен тайталасқысы келеді. Ал, негізінде сурет деген, оның көлеңкесі болсын, болмасын, денеге айналған рия (екі жүзділік, көрсетпешілік) немесе әуестіктің көрінісі, бет-пердесі болып табылады. Бұлар адамды зұлымдыққа, екі жүзділікке, әуестікке итеріп, бұрыс жолға тартады. Һәм, Құран Кәрім, мейірімін төгіп әйел затының құрметін сақтап қалу мақсатымен оларға "ар, ұят" пердесін жамылып жүруін бұйырады. Сонда ғана әлгі мейірбан жандар масқарашыл әуестіктің табанының астына түсіп жаншылмайды, абыройы сақталып қалады. Әйел заты әуестіктің құралы болып, құнсызданып, көрінген жерде жата беретін арзаншылыққа ұшырамасын деп жанашырлық танытады.

{(Сілтеме): Тәсәттүр яғни орамал тағып, шариғатқа сай киіну әйелдердің табиғатына өте сай. Ашық-шашық жүруді жаратылыстары қабылдамайтынын "отыз бірінші Мектуб" пен жиырма төртінші "Лема" анық түрде дәлелдеген болатын.}

Мәдениет болса, әйелдерді жылы ұясынан шығарып, арсыздыққа итеріп, адамзатты да жолдан тайдырды. Ал, негізінде отбасылық өмір бірқалыпты жалғасуы үшін әйел мен еркек арасында өзара құрмет, сыйластық, махаббат болуы керек. Ашық-шашық, әлем-жәлем киіну болса, әлгі шынайы құрмет пен махаббатқа

— 122 —

нұқсан келтіріп, ерлі зайыптылардың арасын суытады. Әсіресе манағы суретке көп мән берушілік адамның мінез-құлқын қатты зақымдап, түпкі тамырынан бұзып жіберетінін, рухтың төмендеп құлдырап кетуіне себеп болатынын мынадан білуге болады:

Мәселен, марқұм болған, рақымға аса мұқтаж сұлу бір әйелдің мәйітіне әуестене қарау, қызыға құмарту қаншалықты мінез құлыққа жағымсыз әсер етеді, сезімдерді бұзып жібереді. Сол сияқты, өліп қалған әйелдердің суретіне немесе тірі әйелдердің кішкене мәйітіне ұқсайтын суреттерге әуестене, құмарта қарау адамның нәзік те қымбат сезімдерін шайқап, астаң-кестенін шығарады. Сонымен аталмыш үш мысалдағыдай, Құранның мыңдаған мәселелерінің әрқайсысы адамзаттың дүниеде бақытты болуына зор ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, о дүниеде де мәңгі бақытқа қол жеткізуіне жағдай жасайды. Басқа тақырыптарды осы аталған тақырыппен салыстырып қара!

Қалайша, қазіргі мәдениет Құранның қоғам өміріне қатысты ереже-заңдарының алдында тізе бүгіп, оның рухани ғажаптығына қарсы тұра алмай тізе бүкті. Сол секілді мәдениеттің рухы болып саналатын батыс пәлсапасы мен адами даналық та Құранның хикметі мен даналығының қасында түкке тұрмайтынын жиырма бес Сөзде салыстырмалы түрде теңеу келтіре отырып дәлелдеген-ді. Ол Сөздерде Құранның мұғжиза екені, атап айтқанда он бірінші, он екінші Сөзде жан-жақты баяндалған болатын. Қаласаң сол жерге қара!

Һәм, жоғарыда айтылғанындай қазіргі мәдениет Құранның хикметінің кереметтігіне ғылыми тұрғыдан, тұрмыс жағынан жеңіліп қалды. Сол секілді мәдениет әдебиет пен шешендік тұрғыдан да жеңіліске ұшырайды. Екеуін салыстырғанда, біреуі тұл жетімнің қараң қалған өкініші мен үмітсіз жылап еңірегені сықылды болса, біреуі мәртебесі асқар таудай биік бір ғашық жанның уақытша қоштасудан әсер алып аңсағанын білдіретін, үміт отымен қамығуы секілді, немесе біреуі дәрежесі өте төмен маскүнемнің өлең айтамын деп бақырған дауысы сияқты болса, екіншісі жеңіске, шайқасқа бастар, жанкештілікке итеретін, құлшынысын арттыратын отан туралы өлең айту секілді. Себебі, әдебиет пен шешендіктің әсер ету тәсілі екі түрлі болмақ. Яғни я мұңайтады я қуантады. Мұңаю екі түрлі болмақ. Я сүйіктілерден мүлдем көз жазып қалудан, пана

— 123 —

болар ешкімі жоқтықтан пайда болатын қараң-қалған мұңаю; міне бұл, адастыратын, табиғатшылдық пен бейқамдыққа салатын мәдениеттің, әдебиетінің әсері. Ал, мұңаюдың екінші түрі болса, сүйіктілерден қоштасудан яғни сүйікті жандар бар, мүлдем жойылып кеткен жоқ, тек уақытша қоштасудан құтылып қауышуға асыққан мұңаю; міне бұл, тура жолға бастайтын, айналаға нұр шашқан Құранның мұңайтуы.

Ал енді, көңіл көтеру, қуану болса, ол да екі түрлі болмақ. Біреуі, нәпсіні қоздырып, әуестендіріп жібереді. Бұл театр, кино, роман арқылы әсер ететін мәдениеттің әдебиетінің кәсібі. Қуантудың, көңіл көтерудің екінші түрі болса, нәпсіні тыйып, рухты, жүректі (көңіл), ақыл мен сырды жоғары самғатып, нағыз отан жұмаққа, мәңгі әлемге, ақыреттік сүйікті жандарға жетелейтін, өте әдепті, бейкүнә түрде құлшыныс беріп, ынталандыру болып табылады. Бұл әрине адамзатты жәннатқа шақыратын, мәңгі бақытқа жетелейтін, "Рует-і Жамалуллаһқа" яғни, Аллаһтың жамалын көруге ынталандыратын Қасиетті Құранның ісі, соның сыйлайтын қуаныш-шаттығы. Сонымен:

﴿ قُلْ لَئِنِ اجْتَمَعَتِ الْاِنْسُ وَالْجِنُّ عَلٰى اَنْ يَاْتُوا بِمِثْلِ هٰذَا الْقُرْاٰنِ لَا يَاْتُونَ بِمِثْلِه۪ وَلَوْ كَانَ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ ظَه۪يرًا ﴾

аятының білдірген терең мағына мен ұлы ақиқатты ой-өрісі таяз, мәселеге атүсті қарайтындар тым ағат, асыра айтылған, мүмкін емес деп ойлайды. Жо-жоқ. Әсте олай емес. Керісінше, бұл нағыз ақиқатқа толы шешендік, ол әбден мүмкін әрі солай болған нәрсе.

Мұның бір мағынасы мынау: Құраннан алынбаған, Құранға еш қатысы жоқ адами һәм жынның маржан сөздері жаппай бір жерге жиналса Құранға тең келмейді деген сөз. Тең келетінін ешкім көрсете алмайды. Мұның екінші бір мағынасы мынау болса керек; Жындар мен адамдардың тіпті керек болса шайтандардың пікірлерінің жетістіктері, ойлап тапқандары, еңбектерінің жемістері болып табылатын мына мәдениет пен философия, батыстың әдеби жанрлары Қасиетті Құранның ұлық үкімдері мен терең хикметтерінің қасында, тіл өнері, шешендігінің алдында іліп алар жағы жоқ, түкке тұрғысыз нәрселер деген сөз. Оған дәлел болар үлгі-мысалдарды жоғарыда көрсеттік.