Иман және күпірлік
— 124 —

(Миуа рисалесінен)

Оныншы мәселеге қорытынды ретінде екі сілтеме

Біріншісі: Осыдан он екі жыл бұрын өте қауіпті, қырсық дінсіз біреу, Құранға қастандық жасағысы келіп, өзінің арам ойын Құранды тәржімелеу арқылы жүзеге асырмақшы боп былай депті: "Құранға тәржіме жасалсын. Сөйтіп Оның нендей нәрсе екенін жұрт білсін, яғни, іші тола орынсыз қайталау екенін жұрт көрсін. Бұдан кейін оның тәржімесі оқылсын!". Алайда, Рисалей-Нұрдың бұлтартпас айғақтары оған қарсы: "Құранның толыққанды тәржімесі мүмкін емес, сөз саптауы күрделі араб тілінде түскен Құранның құндылықтарын, керемет терең сырларын басқа тіл сақтап жеткізе алмайды. Әрбір әрпі он, мың, кейде одан да көп сауап беретін Құрани сөздер мен ғажайып сөйлемдердің орнына адамдардың жазған қарапайым, шектеулі, ауқымы тар, түсінігі саяз аудармасын қоюға болмайды. Оның орнына мешіттерде оқылмайды!" - деген Рисалей-Нұр әр тарапқа кеңінен тарап әлгі сұмдық жоспарды іске асырмай тастады. Бірақ, сол діннен безген кәпірден дәріс алған мұнафықтар бәрібір шайтанға еріп ақымаққа ұқсап Құрани Күнді үрлеп өшіруге тырысып бақты. Олардың осындай сұм айлалары маған өте шұғыл әрі қиын жағдайда осы Оныншы Мәселені жазуға мәжбүрледі. Басқа адамдармен кездесе алмағандықтан жағдайдың анық-қанығын білмеймін.

Қорытындының екінші сілтемесі: Денизлинің түрмесінен шыққанан кейінгі күндердің бірінде, мәшһүр «Шаһар» қонақ үйінің жоғарғы қабатында отыр едім. Қарсы алдымдағы сая-бақта көптеп өскен терек ағаштары зікір алқасы бейнесінде нәзік әрі сүйкімді түрде өздері де бұтақтары да жапырақтары да жел ескен сайын ғажайып күйде тербеле жайқалып тұр еді. Кенет, бауырларымнан көз жазып, жалғыздықтан мұңайған, дертті көңіліме бұл көрініс қатты әсер етті. Бірден, күз бен қыс мезгілдері еске түсіп мені ғапылдық басты.

— 125 —

Мен, әлгі шаттана зікір етіп, жайқалған теректер мен тірі жандарды ойлап, оларға жаным ашығаны сонша көздеріме жас үйілді. Әлемнің осындай тамаша әсем көріністерінің артында аяқталу, жоғалу, жоқ болу, айрылысу секілді жағымсыз жағдайлар еске түсіп мұндай әлемде толып жатқан қоштасу, айрылысу, жоғалу сынды қайғы-мұңдар мені әп-сәтте қоршап алды. Сол кезде Мұхаммеди (с.а.у.) ақиқаттың әкелген нұры көңілге медет сыйлап, қол ұшын берді. Манағы қайғы-мұң мен дерттер шаттыққа толы қуанышқа айналып сала берді. Тіпті ол нұрдың әркімге, әрбір иманды жанға тигізер пайдасы секілді менің де жеке басыма қатысты миллион фәйз-нұрының тек сол уақытта, тек сол жағдайда берген көмегі мен жұбанышы үшін Мұхаммедтің (с.а.у.) өзіне мәңгі қарыздар екенімді сезіндім. Қалай десеңіз:

Әлгі ғапыл ойға, манағы мүбарак зікір етуші сылқым ағаштар, тіпті күллі жаратылыс белгілі бір мақсат-міндеті жоқ, пайдасыз, бір мезгіл ғана көрініп соңында жоқ болатын, жайқала қозғалуы шаттықтан емес керісінше жойылудан зәресі ұшып қорқып, өлгісі келмей жанталасқан мұңлық боп көрінгендіктен (басқалар секілді) менің де бойымдағы мәңгілікке деген ғашықтық, сұлулыққа деген құштарлық, тірі-жандарға деген аяушылық сезімдеріме қатты әсер еткені сонша дүние қараң қалып мағынауи тозаққа, ақыл азаптайтын құралға айналған-ды. Міне, сол сәтте Мұхаммед Аләйһиссалату Уассаләмның адамзатқа тарту еткен нұры пердені ашып, манағы жойылу, жоқ болу, құрдым, бос әурешілік, міндеті жоқтық, әбестік, айырылсу деген нәрселердің орнына, әлгі ағаштардың жапырақтары қанша болса сонша атқарар міндеті, шексіз хикмет, терең мағыналары және (Рисалей-Нұрда дәлелденгені сияқты) үш топқа бөлінетін нәтижелері бар екенін көрсетті.

Біріншіден: олар Сани-ы Зүлжәләлдың есім-сипаттарымен байланысты. Мәселен, хас шебер ұста таңғажайып машина құрастырып шығарса, оны көргендер: «Машаалаһ, Барәкаллаһ» деп дән риза болып, қошеметтейді. Сондай-ақ, ол машинаның өзі де көзделген мақсат пен күтілген нәтижені толық орындау арқылы өзінің хал тілімен жасаған ұстасын дәріптеп, өзінше құттықтайды. Міне, әрбір тіршілік иесі, жан-жануар, күллі жаратылыс осындай ғажап машина секілді. Олар өз ұстасын дәріптеп зікір етеді.

— 126 —

Екіншіден: Тірі жандар мен саналы пенделердің назарымен байланысты. Оларға қызықты зерттеу орны, әрқайсысы Жаратқанды таныстыратын таным кітабы. Олар өздерінің мағыналарын саналы жандардың зейіндеріне, бейне-пішіндерін естеріне және ғайб әлемінің дәптерлеріне жазып қалдырады да содан соң мына шәһадат әлемінен көшіп, ғайыб әлеміне аттанады. Демек, көзге көрінетін болмысын жоғалтқанымен мағынауи әрі ғайби және іліми көптеген болмысқа ие болып мәңгі қала бермек.

Сонымен, Аллаһтың бар екені рас және Оның ілімі барлық нәрсені қамтитыны да рас. Олай болса, әлбетте, жоқ болу, құрдымға кету, жойылу, аяқталу, мүлдем жоғалу деген нәрсе ақиқатында имандылар үшін жоқ. Ал, кәпірлердің дүниесі қараңғы, ол жоқтыққа, айрылысуға, жоқ болуға толы, бәрі өткінші, фәни. Міне, осы ақиқат халық аузында мына мақал арқылы былай дәріс береді: «Аллаһ бар дегенге бәрі де бар. Кім Аллаһ жоқ десе, оған ештеңе жоқ!»

Сөздің түйіні; Иман, адам өлер кезде мәңгі жоқ болудан оны қалай сақтап, құтқарып қалатын болса, әркімнің ішкі жан дүниесін де жоқтық, бекершілік, қараңғылықтан құтқарады. Ал, күпірлік болса, әсіресе нағыз имансыздық болса, ол адамның өзін, һәм дүниесін жоқ қылып мағынауи тозақ зұлыматына тастайды. Өмірдің ләззатын, берекесін алып, ащы уға айналдырады. Дүниялық өмірді ақыреттен артық санайтындарға айтарым, бұған бір шара тапсын, болмаса иманға келсін. Сөйтіп әлгі сұмдық қараңғы зұлыматтан, күллі зияннан құтылсын!..