Иман және күпірлік
— 127 —

(Жиырма алтыншы сөзден)

Үшінші бөлімнің соңы және төртінші бөлім

Егер: "Тағдыр біздің қол аяғымызды осылай байлап тастаған. Еркімізді қолымыздан алып қойған. Әрқашан ашылып, жадырауға құштар, бір жерде, бір қалыпта тұра алмайтын жүрек пен рухымызға тағдырға иман ауырлық туғызып, қиындық бермей ме екен?" дейтін болсаң.

Жауабы: Әсте олай емес! Қиындық бермек түгілі керісінше керемет жеңілдік беріп, көңілдің хоштығын сыйлайды. Және жанды рахатқа бөлейтін, көңілді шаттандыратын шаттық сыйлап, сенімділік пен қуанышқа толы нұрға бөлейді. Өйткені адам, тағдырға сенбесе тар шеңберге қамалып, болар-болмас егемендік пен уақытша еркіндікке ие болғанымен дүниедей ауыр жүкті мойнына асынып, арқалауға мәжбүр болады. Себебі, адам баласы бүкіл әлеммен тығыз байланыста. Оның шексіз армандары мен толассыз мақсаттары, талап-тілектері бар. Бірақ күш-құдіреті, қалау-еркі олардың миллионнан біреуіне жетпегендіктен тартқан рухани азабы қаншалықты қорқынышты екенін айтпай-ақ түсінікті. Ал, тағдырға иман манағы барлық ауыр жүкті тағдырдың алып кемесіне артады да жан дүниесі рахаттанып, рухы мен жүрегі емін-еркін кемелділікке тура бет алуына мүмкіндік жасайды. Тағдырға сену, тек жамандыққа итермелейтін, жүгенсіз нәпсінің азғантай еркіндігін шектеп, перғауынға еліктейтін тәкаппарлығын, өзіндік ойша рубубиетін яғни "құдайлығын" сындырып, беталды лағуына жол бермейді. Тағдырға сенудің кереметтігі сонша тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек бір мысал арқылы оның берер ләззатына, бақытына қысқаша ишара қыламыз.

Екі адам бір патшаның ғажайыптар мекені болған ерекше зәулім сарайына барады. Олардың біреуі патшаны танымайды. Сондықтан ол жерде тұрақтап, ұрлық-қарлықпен өмір сүргісі келеді. Алайда, ол бау-бақша мен сарайдың өзіндік талаптары, басқарылуы,

— 128 —

іс-шаралары, кіріс-шығысы бар. Әрі ол жердегі түрлі тетіктердің жұмыс істеуі, һәм ол жердің хайуанатын асырау секілді ауыр жұмыстарды көріп, уайымдап әрдайым азап шегеді. Манағы жұмақтай әсем мекен, саябақ, бау-бақша басына бәле болады. Барлық нәрсеге жаны ашиды, бірақ қолынан еш нәрсе келмейді. Қайғырып, қамығып күн кешеді. Кейін бұл әдепсіз ұрыны тәрбиелеу мақсатында түрмеге қамап тастайды.

Ал екінші адам болса, патшаны таниды. Өзін патшаның қонағымын деп санайды. Бау-бақшадағы, зәулім сарайдағы барлық жұмыстар белгілі бір заңмен, қатаң тәртіппен жүзеге асатынын, барлық нәрсе жоспарлы түрде тым оңай атқарылып жатқандғына сенеді, солай деп біледі. Бейнет, қиыншылықтарды патшаның заңына жүктеп, алаңсыз әлгі жәннаттай бау-бақшаның барлық қызығына батып, һәм патшаның мейірімін ескеріп, әрі оның басқару заңдарының кереметтігіне қарап, осылайша барлық нәрсені жағымды санап хош көреді. Өмірін қызықты да ләззатқа толы бақытты өткізеді. Міне, сен مَنْ اٰمَنَ بِالْقَدَرِ اَمِنَ مِنَ الْكَدَرِ (Кімде-кім тағдырға иман келтірсе, сөзсіз ол уайым-қайғыдан аман болады) деген сөздің сырын түсін.

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ: Егер былай десе: "Бірінші бөлімде, тағдырдың барлық жағы әдемі, жақсы деп дәлелдедіңіз. Тіпті, тағдырда жазылған жамандықты да жақсылық, жағымсыздық та жағымды дедіңіз. Алайда, мына жалған дүниедегі бәле-жала, қайғы-қасірет деген нәрселер сіз айтқан үкімді терістемей ме?".

Жауабы: Уа, шектен тыс мейірімділік қыламын деп басына бәле тілеп, қайғы жұтқан бейқам нәпсім, бейбақ достым! Тегінде, бар болу, жалпы болмысқа ие болу өте тамаша нәрсе, ол нағыз жақсылық. Ал, жоқ болу, жоғалу нағыз жамандық. Бұған, бүкіл әдемілік пен кемелдік атаулы бар болудың, болмыстың айналасында шоғырлануы, ал барлық күнәлар, бәле-жала, қайғы-қасірет, кемшілік атаулының тегі жоқтықпен ұштасып, жоқтың кесірінен болатыны дәлел. Демек, жоқ болу, жоқтық нағыз жаман екені расталды. Жоқтықпен тынатын яки жоқ қылатын, немесе соған түрткі болатын жағдайлар да өте жаман.Міне, сондықтан болмыстың ең жоғары дәрежелісі, жарқын нұры болып табылатын тірілік, яғни, өмір түрлі жағдайларға ұшырау арқылы күшейіп, шыңдала түспек. Өзара тым алыс жағдайлар оны

— 129 —

тазартады. Әр түрлі күйге еніп күткен нәтиже, жеміс алынады. Осылайша өмірді сыйлаған Уаһиб-ы Хаяттың көркем есімдерінің нақыштарын әдемі көрсетеді. Міне, осы ақиқатқа байланысты тірі жандарға бәле-жала, қайғы-қасірет, машақат жиі ұшырасады. Мұндай жағдайлардың саясында тірілікке болмыстың нұры төгіліп, жаңарады да жоқтықтың қараңғылығынан алыстап, тіріліктерінің көздері ашылады, тазара түседі. Себебі, тоқырау, тоқтау, әрекетсіздік, қолы бостық, демалыс, бір қалыптылық деген нәрселердің ақыры, негізі жоқтық, олар болмысты жойылуға апаратын нәрселер. Ол адамды жоқ болу дейтін қою қараңғы тұйыққа тірейді. Тіпті, ең үлкен ләззаттің өзі бір қалыпты жалғаса берсе қызығы қалмай, мәнісін жоғалтады емес пе?

Қорытынды: Демек, шындығында тірілік Аллаһтың көркем есімдерінің нақыштарын көрсетеді екен. Олай болса тіріліктің басына не түссе барлығы жақсы болып табылады. Мысалы, өте бай, он саусағынан өнер тамған шебер ұста, өзінің ғажайып өнерін һәм мол байлығын паш етуді қалап, өзі пішіп, өзі тіккен киімдерді киюі үшін бір міскін, пақырды келісімді бір ақыға, бір сағатқа жалдап алды. Өзінің өнерін салып тіккен әдемі көйлегін әлгі пақырға кигізді. Оның үстінде жұмысын жүргізеді, ғажайып өнерінің сан-алуан қырын көрсеткісі келіп, көйлекті кесті, пішті, ауыстырды, ұзартты, қысқартты. Апырым-ай, әлгі жалданған пақыр, шеберге: "Мені әуреге салдың! Отырып-тұрудан, иіліп-еңкеюден шаршадым. Жарасып тұрған көйлекті кесіп, сәнімді бұздың" деуге ақысы бар ма? "Мені аямайсың" дей ала ма?

Міне, осы секілді Сани-ы Зүлжалал, Фатыр-ы Бимисал, аса шебер Аллаһ, тірі жандарға көз, құлақ, ақыл, жүрек секілді ішкі-сыртқы сезімдерге бай дене киімін кигізген. Ол денені өзінің көркем есімдерінің нақыштарын көрсету үшін түрлі жағдайларға ұшыратып, аударып-төңкереді, күйден-күйге салады. Сырттай қайғылы да өкінішті көрінген жағдайлардан кейбір Иләһи есімдердің үкімдері көрініс табатындықтан кез келген жағдайдың хикмет толы сәулелері, өзіндік мейірімділіктің шуақтары өте мөлдір шағылысып, гүл-гүл жайнайды.