Иман және күпірлік
— 130 —

Жиырма алтыншы сөзден

СОҢЫ

[Ескі Саидтің асау да тәкаппар, мақтаншақ, һәм құлшылығын санайтын, рияшыл нәпсісінің үнін өшірген, берілуге мәжбүр қалдырған бес пікір.]

Бірінші пікір: Болмыстың бар екені және өте шебер жасалғаны рас. Әлбетте олардың бір жасаушы ұстасы бар. Жиырма екінші Сөзде нақты дәлелденгені секілді, егер барлық нәрсе бір Аллаһтың өнері болмаса, онда әрбір нәрсенің жаратылуы, болмысқа ие болуы мүлдем қиынға түсіп, тіпті заттардың санынша әуре-сарсаңға салар еді. Ал, егер барлық нәрсенің жаратылуы бір ғана Шеберге берілсе, онда барлық нәрсенің жаратылуы бір нәрсенің жаратылуындай оңай болары хақ. Демек, мына жер мен көкті бір Шебер жасаған, Ол жаратқан. Әлбетте, Ол шексіз дана, өте өнерлі Ұлы Шебер, жер мен көктің жемісі, нәтижесі, мақсаты болып саналатын тіршілік иелерінің болмысын өзгелерге беріп, істің жүйесін бұзбайды. Бастан аяқ даналыққа толы өнерін бөгде біреулерге тапсырып, әбес іс жасамайды, оған әсте жол бермейді. Олардың құнын түсіріп, жасаған шүкір, ғибадат алғыстарын басқаларға бермесе керек.

Екінші пікір: Уа, тәкаппар нәпсім! Сен жүзім ағашына ұқсайсың. Мақтанбағын, жүзім ағашы бойындағы малынып тұрған тәтті жүзім шоқтарын өзі іліп алды деймісің. Жоқ, оларды басқа біреу тақты емес пе!

Үшінші пікір: Уа, рияшыл нәпсім! "Сен дінге қызмет еттім" - деп паңданба!

اِنَّ اللّٰهَ لَيُؤَيِّدُ هٰذَا الدّ۪ينَ بِالرَّجُلِ الْفَاجِرِ

дегеніндей, сен сүттен ақ, судан таза емессің ғой. Олай болса сен өзіңді осы "раджул-ил фаджир" деп біл, яғни күнәһар екеніңді мойында. Атқарған қызметіңді, жасаған құлшылығыңды, өзіңе берілген нығметтердің шүкіршілігі, ол негізгі міндетім, мойнымның борышы, мен сол үшін жаратылғанмын деп біл! Біл де, құлшылығыңа сеніп, санасудан, риядан арыл!

— 131 —

Төртінші пікір: Ақиқатқа апарар ілім іздесең, нағыз даналық керек болса, Хақ Тағаланың мағрифатына қол жеткіз, Жаратқан Иеңді таны. Өйткені, болмыс атаулының ақиқаты, олардың мәнісі Аллаһтың Хақ есімінің шуақтары, көркем есімдерінің көрінісі, сипаттарының шағылыстары болып табылады. Әр нәрсенің, әрбір адамның ақиқаты, ол заттық тұрғыдан болсын, мағынауи болсын, негізгі яки жанама болсын жеке-жеке көркем есімнің нұрынан бастау алады, оның ақиқатына сүйенеді. Олай болмаған жағдайда ақиқатсыз, мән-мағынасыз, жәй бір сурет болып қалады. (Жиырмасыншы Сөздің соңында бұл туралы біршама баяндалғанды).

Ей, нәпсі! Егер мына дүниелік өмірге құштарланып, өлімнен қорқып қашсаң, сенің өмір деп санап жүрген мына хал-ахуал, біле білсең осы сәттегі минут қана. Осы минуттан бұрыңғы уақыттар және ондағы оқиғалар, дүниеуи заттар сол мезетте-ақ жоқ, өлді-кетті. Және сол минуттан кейінгілер болса, бүкіл уақытың және сол уақытыңның ішіндегілері де сол мезетте жоқ болып есептелінеді. Демек, қатты сеніп жүрген заттық өмір, дүниелік тірілік тек бір минуттық сәт қана. Тіпті, өте зерек кейбір ғұламалар былай деген екен: "Бұл өмір - минуттың миллионнан бір бөлігі немесе қас-қағым сәт".

Сонымен, осы сырға байланысты кейбір әулие кісілер дүниенің тұрлаусыз, фәни екенін көріп: "Өмірді бар деп айтуға тұрмайды" деген екен. Ендеше, сен нәпсіге тән заттық өмірді тәркі ет. Сөйтіп, жүрек, сыр, рухпен байланысты тұғыры биік ғұмыр кеш. Жоғары өрле, биікке көтеріл! Сонда сен оларға тән кең де жарық әлем бар екенін көресің. Саған жоқ болып, жансыз, өлі болып көрінген өткен шақ пен болашақ оларға бар, олар үшін бәрі тірі, жанды әрі болмыс екенін түсінесің. Уа, нәпсім! Ендеше сен де жүрегіме ұқсап еңіреп жылап, былай де:

Өзім фәни болсам дағы, фәнилерді қаламаймын,

Жаным пида Рахманға, мен өзгені қаламаймын.

Әлсізбін мен, ал бірақ та әлсіздерді қаламаймын,

Қаласам тек, мәңгі бақи "Досты" қалаймын.

Титтеймін мен, біраақ мәңгі күнді қалаймын,

Жоқ дерліктей кіп-кішкентай біреумін.

Ал бірақ та мына ғаламды түгелімен қалаймын.