Осы аяттағы мол қазынаның бір ғана жауһарына ишара етеміз:
Аспан мен Жер, Тау да мойнына алудан қорқып бас тартқан аманаттың көп жақтары бар. «Әнә» солардың біреуі ғана, бір жағы. Адам Ата заманынан бері осы күнге дейінгі адамзат әлемін түгелдей жайлап алған, бұтақтары тарам-тарам нұрлы Туба ағашының және сұмдық, үрейлі Заққум ағашының да дәні сол «Әнә». Осы терең ақиқатқа кіріспей тұрып, мұны түсінуді оңайлататын бір кіріспе жасайық.
Әнә, Иләһи есімдердің сырын ашатын яғни құпия қазыналардың кілті. Сонымен қатар әлемнің тылсым-жұмбақтарының да шешімі. Ол, шешімі қиын сырларды ғана ашып қоймай, өзі де таңқаларлық тылсым-сыр. Әнәнің мән-мағынасы түсінікті болған кезде әлгіндей құпия сырлар ашыла бастайды. Сөйтіп ғаламның тылсымы терең сырлары мен әлемдегі Иләһи қазыналар ашылады яғни Аллаһтың көркем есім-сипаттары да біршама көрінеді. Осы мәселеге байланысты «Шәммә» атты арабша шығармамда былай дегенмін:
Әлемнің кілті адамның қолында. Ол нәпсісінде ілулі тұр. Әлемнің мән-мағынасы сырттай қарағанда түсінікті, қақпалары ашық секілді көрінгенімен, олай емес. Хақ Тағала «әнә» дейтін кілтті аманат қылып берген. Онымен әлемнің бүкіл қақпаларын яғни сырларын ашуға болады. Сонымен бірге Жаратушының құпия қазыналарын табатын тылсымға толы «әнәниет» яғни менмендік берген.
Алайда, «әнәнің» өзі де құпия жұмбақ һәм ашылуы мүшкіл тылсым. Егер оның мән-мағынасы, терең сыры ашылса, өзінің ғана емес әлемнің де сыры ашылады. Былайша:
Сани-ы Хаким (әрнәрсені даналықпен шебер жарататын), Рубубиетінің сипаттары мен Улуһиетінің шуунаттарын {(Шуунат): - хал-жағдайлар, әмірлер, істер, талаптар.} және олардың ақиқаттарын көрсететін әрі оны таныстыратын ишаралар мен үлгі-мысалдарды толық қамтитын «әнәні» адамға аманат етіп берген. Әнә салыстыру құралының қызметін атқарады. Оған тек салыстырушы құрал ретінде қарау керек. Белгілі бір болмыс деуге келмейді. Оны геометриядағы шартты сызықтар сияқты қиялдағы зат яки жоқ нәрсені бар санау секілді салыстырушы құрал деп қана пайдалану керек. Оның ілім арқылы анықталатындай нақты болмысының болуы шарт емес.
Сұрақ: Хақ Тағаланың есім-сипаттарын тану неліктен "Әнәниетке" байланысты?
Жауап: Өйткені абсолюттік, ауқымы кең, шексіз бір нәрсенің шегі болмайтындықтан, оған бір пішін беру, елестету мүмкін емес. Оны суреттеуге, байқауға келмейді. Не екендігі білінбейді.
Мысалға, ешбір қараңғылық қалдырмайтын жарықтың бар-жоғы білінбейді де сезілмейді. Оған нағыз немесе ойша бір қараңғылық арқылы шек қойылған жағдайда ғана білінеді.
Хақ Тағаланың Ілім, Құдірет, Хаким және Рахим сияқты есім-сипаттары шексіз, ауқымы кең, серіксіз болғандықтан оларға бір тұжырым жасау, не екендіктерін білу, сезу мүмкін емес. Олай болса, шартты түрдегі, қиялмен ойша шектерді сызуға тура келеді. Міне, мұны әнәният қана яғни менмендік жасай алады. Ол өзінде бір рубубиет, құдірет, иелік, ілім бар деп ойлай алады. Сол арқылы шексіз сипаттарға ойша шекара сызады. «Бұл жерге дейін менікі, мұнан әрі қарай Оныкі» деп өзінше бөліседі. Өзіндегі болар-болмас өлшемдер арқылы олардың мәнісін ақырындап ұға бастайды. Мәселен, өзіндегі ойша рубубиет арқылы Жаратушысының әлемдегі абсолюттік рубубиетін, толық билігін түсінеді. Өзіндегі ойша рубубиетін, иелігін қиялдап Жаратушының толық иелігін пайымдайды. «Мен мына үйдің иесі болсам, Жаратушы да мына ғаламның иесі» дейді. Болмашы іліміне сүйеніп, Оның шексіз ілімін біршама аңғарады. Үйренген кішкене өнері арқылы Сани-ы Зүлжалалдың (айбынды, өте шебер)
теңдессіз өнерін бағалауға мүмкіндік туады. Мысалға, "Мен қалайша мына үйді салып, ретке келтірген болсам, мына үй тәріздес әлемді де біреу жаратып, тәртіпке келтірген ғой" дейді. Тағысын тағы...
Әнәнің бойына бүкіл Иләһи сипаттар мен шуунаттарды аңғартатын, көрсететін мыңдаған жұмбақ жайлар мен сипаттар, сезімдер берілген. Демек, әнә һәм айна сияқты һәм салыстырушы құрал. Ол өлшеу құралы секілді өзіне емес өзгеге қызмет етеді. Мұны әріптік мағына дейді. Адам болмысын жуан арқанға теңер болсақ ол соның түйсікті бір ғана жібі. Адамзат мәнісін бір көйлекке ұқсатар болсақ ол соның жіңішке бір жібі. Адам тұлғасын бір кітапқа балайтын болсақ ол соның бір әлібі. Бұл әліптің "екі жағы" бар. Бір жағы жақсылық пен болмысқа қаратылған. Бұл жағы тек нәр алуға ғана қабілетті. Берілгенді қабыл етіп, өз бетінше ештеңе жасай алмайды, қолынан түк келмейді. Әсте өздігінен іс атқарушы емес.
Екінші жағы болса, жамандыққа апаратын, жоқ қылатын жағы. Бұл жағымен ол, іс атқарушы боп табылады. Мәнісі әріптік яғни өзгеге қызмет етеді. Рубубиеті ойша ғана. Табиғаты дәрменсіз де әлсіз, еш нәрсеге жарамайды. Өз бетінше еш нәрсені көтере алмайды. Бір заттың дәрежесі мен түс-тұрпатын анықтау үшін қолданатын өлшеу құралдары, термометр, ауа қысымын өлшейтін барометр секілді аспап деуге болады. Уажиб-үл Ужудтың (Аллаһ) абсолюттік, шексіз сипаттарын білдіретін өлшеуіш. Өзіне осылай қарап, мәнісін солай біліп, тұжырым жасағандар әрі соған қарай әрекет еткендерге
Қасиетті Құран өзінің قَدْ اَفْلَحَ مَنْ زَكّٰيهَا деген аятымен сүйінші хабар береді. "Олар аманатқа қиянат жасамады яғни адал болды" дейді. Әнәнің дүрбісімен ғаламның не екендігін, нендей міндет атқаратындығын көре алады. Ондай нәпсіге сырттан мағлұматтар келсе "әнә" оларды растап, бекітеді де келген ілімдер нұрға, хикметке айналып, толыға түседі. Нұр қараң қалып сөніп қалмайды, хикмет әбестікке айналып өшпейді. Әнә өз міндетін осылай атқарған кезде, салыстырушы құрал ретіндегі ойша рубубиеті мен шартты түрдегі иелігінен бас тартады.
деп, нағыз құлшылық міндетіне кіріседі. Ахсән-і тақуим дәрежесіне көтеріледі.
Егер әнә, өзінің не үшін жаратылғанын ұмытып, табиғи міндетін тастап, «өзім осындаймын, қасиеттердің бәрі өзімдікі» деп сенетін болса, аманатқа қиянат жасағандардан болады.
аятының қаһарына ұшырайды. Міне, Аспан мен Жер әнәнияттің осындай күллі жамандық пен ширктерді тудыратын, адасушылыққа апаратын жағы болғандықтан оны арқалаудан қорқып ат-тонын ала қашқан. Олар шартты түрдегі ширктен қорыққан. Негізінде әнә өте нәзік бір әліп, бір қыл, шартты түрдегі, негізі жоқ ойша бір сызық қана. Солай бола тұра мәнісі білінбей, ақиқаты ашылмаса топыраққа жасырынған дәндей өсіп-өніп бара-бара жуандай түседі. Адамның тұла бойын жайлап алып, үлкен әждаһадай жұтып қояды. Ондай адам бүкіл болмысымен, барлық сезімдерімен бірге құдды бір әнә боп шыға келеді. Содан кейін оның әнәниетін күллі адамзаттың әнәниеті яғни менмендігі нәсілшілдік, ұлтшылдық тұрғысынан қуат беріп қоздырады.
Енді әнәниет атаулыны артына алып алған «әнә» шайтанға ұқсап Сани-ы Зүлжалалдан тайсалмай әмірлеріне қарсы айтысуға бар. Содан соң жұрттың бәрін өзіндей көріп, тіпті барлық нәрсені өзімен салыстырып, Хақ Тағаланың жаратқандарын себептерге еншілеп, көрінгенге тарата бастайды. Ақырында үлкен бір ширкке бой алдырады, яғни Аллаһқа серік қосу дейтін үлкен күнәға батады.
аятының бір мағынасын көрсетеді.
Мысалы, мемлекеттік қазынаға қол сұғып қырық лира ақша ұрлаған адам, жанындағылардың да түгелдей бір-бір лирадан алғанын қалайды. «Солай істесем ғана пайдаға жаратамын» деп ойлайды. Сол сияқты, «Өзіме өзім қожайынмын» деген адам, «Барлық нәрсе өзіне-өзі қожайын» деуге және солай сенуге мәжбүр. Міне, осы күйдегі қиянатшыл «әнә» надандыққа белшеден батты деген сөз. Ол мыңдаған пән оқып, қанша ғылым меңгерсе де надандықтың тас түнек қараңғылығынан құтыла алмайды. Өйткені, оның ішкі-сыртқы сезімдері, пікірлері әлемнен мағрифат нұрларын әкелген кезде, оны растайтын, бекітіп қуаттайтын, жарқыратып ары қарай жалғастырып әкететін өзінде бір қасиет табылмағандықтан сөніп қала береді. Келген мағлұматтар жаппай нәпсідегі бояуға малынып мүлдем басқаша түрге енеді. Тұнып тұрған керемет хикмет келсе дағы түк мағынасы жоқ әбестік секілді көрінеді. Өйткені мұндай жағдайдағы
әнәнің түрі - ширк пен атеизм, Аллаһты жоққа шығару. Бүкіл әлем жарқыраған аяттарға толып, барлығы Жаратқанды мегзеп тұрса да манағы әнә яғни мендігі қараңғы нүкте болып тұмшалап көрсетпей тастайды.
Он бірінші Сөзде, адамның мән-мағынасы мен сол мағынадағы әнәниеттің түрі баяндалған-ды. Ол Сөзде әріби мағынадағы яғни шынайы да нағыз әнәниеттің өте сезімтал таразы екендігі, әсте шатастырмайтын өлшем, ауқымды мазмұн, толық карта, жан-жақты көрсететін айна екені және әлемнің тамаша үлгісі, әсем жинақ екендігі нақты түсіндірілген болатын. Соны бір қараңыз. Ол жердегі түсіндірмені жеткілікті санағандықтан кіріспені аяқтайық. Егер кіріспені түсінген болсаңыз, ақиқатқа көшеміз.
Сонымен, адамзат тарихында Адам (а.с) заманынан бүгінге дейінгі қай қоғамда, қай тапта болмасын бұтақтары тарам-тарам екі алып ағаш секілді екі түрлі ағым, екі түрлі пікір тізбегі қалыптасқан.
Біріншісі: Пайғамбарлық тізбегі мен діндарлық.
Екіншісі: Философиялық ағым мен даналық тізбегі.
Бұл екі ағым бір арнаға тоғысқан кезде яғни философтар мен даналар дінге мойынсұнып, хаққа қызмет еткен кезде адамзат кемелденіп, өркениет дамыған. Қоғам өмірі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман кешкен. Ал, екеуі екі жаққа кеткен кезде күллі жақсылықтар мен нұрлар пайғамбарлық тізбегі мен діндарлардың айналасына жиналған. Ал, бүкіл адасушылық пен жамандықтар философтар мен ақылгөйлердің еншісіне қалған. Енді осы екі тізбектің қайдан басталатынын, қайнар көзін табуға тырысайық.
Сонымен, діндарлық жолына мойынсұнбаған пәлсәпа жүйесі құдды бір заққұм ағашы сияқтанып, айналасына ширк пен адасушылықтың қараңғылығын жайған. Ол ағаштың "ақыл-ой" дейтін бұтағынан шыққан улы жемістермен яғни атеисттер, материалисттер, табиғатшылдар яғни табиғатқа табынып, сол жаратты деушілермен (натуралисттер) адамзаттың ақылын улап жатыр. Ал, "ашу-ыза" дейтін бұтағынан шыққан жемістер, Немрудтар, Перғауындар, Шеддаттармен
{(Сілтеме): Иә, тарихта Нәмрудтар мен Перғауындарды тәрбиеліп шығарған көне Мысырдағы және Вавилондағы сиқыр дәрежесіне жеткен сол кездегі көне пәлсапа екені мәлім. Сол секілді аңыз-тәңірлерді (миф) ойлап тауып, көне гректердің миларына әбден сіңдірген және пұтқа табынушылыққа ұрындырған тағы да сол табиғатшылдық пәлсапасы.
Рас, көзі табиғатшылдық пердесімен жабылып, Аллаһтың нұрын көрмейтін адам, барлық нәрсені өзіне тәңір ретінде қабылдап, кейін олар басына бәле болады.}
адамзаттың басын әлекке салып келеді. Ал
"хайуани құмарлық" дейтін бұтағынан көптеген жалған тәңірлерді, пұттарды, өзін құдай санайтындарды жетілдіріп, жеміс берді. Осы заққұм ағашының тамыры да манағы туба ағашындай пайғамбарлық тізбегінің тамыры да әнәден бастау алып, оның екі жағынан шығып тұр.
Ал, жер беті деп аталатын баудағы құт дарыған Туба ағашының "ақыл-ой" бұтағынан әнбиялар, расулдар, әулиелер мен сыддықтар секілді тәтті жемістер жетілуде. Зияннан қорғану, жаманнан сақтану сезімінен яғни "ашу-ыза" бұтағынан әділ билер, бейкүнә бекзат, адал патшалар сынды мәуелер беруде. Құштарлық сезімінен яғни "құмарлық" бұтағынан көркем мінезді жайсаңдар мен игі жақсылар, абзал жандар өсіп келеді. Адамзат мына ғаламның ең құнды жемісі екендігін іс жүзінде көрсетуде. Енді осы екі түрлі ағаштың дәні, қайнар көзі, өзегі болып табылатын әнәнің екі жағын суреттейміз.
Әнәнің бір жағын Пайғамбарлық жетелеп кетіп бара жатса, екінші жағын философия ұстап келеді.
Пайғамбарлық жетелеген бірінші жағы, шынайы құлшылықтың қайнар көзі, соған итереді. Яғни әнә бұл тұрғыда өзін құлмын деп біледі. Міндеті өзгеге қызмет ету деп түсінеді. Мәнісі әріби мағына яғни өзгенің мағынасын білдіреді, оны қабылдайды. Болмысы - тәуелді яғни, өзге біреудің құдіретімен тұр, оның жаратуымен ғана бар, Оған сенеді. Иелігі ойша ғана. Өз Иесінің рұқсатымен ғана қожайын, уақытша ғана ие, мұны жақсы біледі. Ақиқаты біреудің көлеңкесі ғана яғни, хақ әрі міндетті түрдегі, шексіз ақиқаттың сәулесінің шағылысы болып, мүмкін әрі міскін бір көлеңке. Міндеті, Жаратушысының сипаттары мен шуунатына салыстырушы құрал әрі таразы болып, соған сәйкес саналы түрде қызмет ету. Міне, Пайғамбарлар мен пайғамбарлық тізбегіндегі асфиялар мен әулиелер "әнәға" осы жағынан қарап, солай көрген, ақиқатты түсінген. Бүкіл болмысты Малик-ул Мүлкке (бар нәрсенің нағыз иесі) тапсырған. Ол Малик-ул Зүлжалалдің мүлкінде, рубубиетінде, улуһиетінде ешбір серігі, ұқсасы жоқ. Ол, көмекшіге, уәзірге мұқтаж емес. Барлық нәрсенің кілті, барлық мәселенің шешімі Соның қолында. Ол бүкіліне құдіреті жететін Қадир-і Мутлақ. Себептер болса, жай ғана сыртқы перделер. Табиғат - жаратылысқа қойылған заңдылықтар, ол заңдардың жинағы, құдіретінің ережелері деп тұжырымдаған. Міне,
әнәге осы жарқыраған нұрлы да көркем жағымен қарағанда ол, тірі һәм мағыналы бір дәнге ұқсайды. Ұлық Жаратушы "құлшылық" дейтін "Туба" ағашын осы дәннен жаратқан. Оның берекелі жуан бұтақтары адамзат әлемін түгел қамтып, барлық жағын өзінің нұрлы жемістерімен гүл-гүл жайнатып, әсем безендірген. Өткен заманның қараңғы перделерін түріп тастап, өткен шақ пәлсәпәнің суреттегеніндей үлкен мазар, жоқ қылатын құрдым өлкесі еместігін, керісінше көзден таса болған рухтардың болашаққа сапар шеккенін, олар мәңгілік қуанышқа, нұрға бөленіп, жарық әлемде сау-саламат жүргенін, сондай-ақ о дүние түрлі баспалдақты нұрлы миғраж яғни көке көтерілу һәм ауыр жүкті тастап еркіндікке қауышу әлемі, дүниеден көшкен рухтардың бас қосатын нұрстан, сая-бақ екенін көрсетеді.
Екінші жағы яғни пәлсапа ұстаған жағы. Пәлсәпә әнәға есіми мағынада қарайды. Яғни, өзінен өзі тұр деп ойлайды. Өзінің бір мағынасы бар деп қателеседі. Өз бетінше қимылдап, өзінше әрекет етеді деп сандалады. Болмысы - зати яғни түпкі, негізі өздігінен деп көкиді. Яғни болмысы өзгеге тәуелсіз деп қарастырады. Өмір сүруге міндетті түрде хақысы бар, ол билеп төстей алатын қожайын, шынайы меншік иесі деп қате ойлайды. Оны тұрақты ақиқат деп түсінеді. Атқарар міндеті - өзін-өзі жақсы көріп, өзін дамытып кемелдендіру деп біледі. Тағысын тағы. Ұстанымдары осындай көптеген негізсіз тіректерге сүйенеді. Олардың негіздері қаншалықты негізсіз, тіректері өте шірік екендігін өзге рисалелерімде, атап айтқанда Сөздерде, Он Екінші және Жиырма Бесінші Сөзде анық түрде дәлелдеген болатынмын.
Тіпті, философия тізбегінің бетке тұтар, ең таңдаулы тұлғалары және сол жолдың ірі даналары саналатын Платон, Аристотел, Ибн Сина мен Фараби сынды адамдар: "адамзаттың ең басты мақсаты "Тәшәббуһу бил Уажиб" яғни ешнәрсеге мұқтаж емес, болмысы шарт, уәжіб Жаратқанға ұқсау деп, перғауындық тұжырым жасаған". Олар әнәниетті қоздырып ширктің терең ұйығына итерген. Сөйтіп Әсбабпараст, пұтпараст, табиғатпараст, жұлдызпараст
Әсбабпараст - себептерге жалтақтайтындар.
Пұтпараст - пұтқа, суретке табынатындар.
Табиғатпараст - табиғат жаратты дейтіндер.
Жұлдызпараст - жұлдызға сенетіндер
секілді неше түрлі ширк қосатындарға жол ашып кетті. Адамзаттың бойындағы әлсіздік, дәрменсіздік, пақырлық, мұқтаждық, кемшілік
секілді құлшылыққа бастар жолдарды тарс жауып, "құлмын" деп айтуға кедергі болды. Милары "табиғат жаратады" пікірімен уланып, ширктен толық құтыла алмай шүкірдің кең қақпасын таба алмады.
Пайғамбарлық болса, Адамның басты мақсаты мен негізгі міндеті - Иләһи ахлақтармен мінездену, ізгі қасиеттермен безену, өзінің әлсіз екенін мойындап Аллаһтың шексіз құдіретіне жалбарыну, дәрменсіздігін біліп Аллаһтың күш-қуатына сену, пақырлығын көріп Аллаһтан рақым сұрау, мұқтаждығын сезіп Аллаһтың мол байлығынан үміттену, қателіктерін көріп тәубе ету, кемшіліктерін көріп Аллаһтың кемелдігіне риза болып, Оны тәсбих ету, құлдық ұру, құлшылық ету деп тұжырымдаған.
Міне, дінге мойынсұнбайтын философия осылайша тура жолдан тайғандықтан, әнә тізгінін қолына алып, адасушылықтың барлық жолына түсіп шаба берген, шаба берген. Мұндай әнәнің ішінен Заққұм ағашы өсіп шығып, адамзаттың жартысынан астамын өзіне шырмап алған. Оның әлгі "құмарлық", "хайуани әуестік" дейтін бұтағынан шығарып адамзат назарына ұсынған жемістері, берген нәтижелері не десеңіз, олар пұттар мен жалған тәңірлер. Өйткені, философияның ұстанымында күш-қуат негіз ретінде қабылданып, жоғары бағаланады. Тіпті, "Әл-хукму лил Ғалиб" яғни жеңгеннің үкімі жүреді" деген қағидалары бар. "Кім басым түсіп, күшті болса сонікі дұрыс", "Хақ күште жатыр" дейді.
{(Сілтеме): Пайғамбарлықтың қағидасы мынау: "Хақ күште емес, күш хақта" деп, зұлымдыққа жол бермей, әділдікті орнатады.}
Зұлымдықты іштей қолпаштап, жауыз, залымдарды өздерін "тәңірміз" деп айтуға итермелеген. Һәм өнер туындыларындағы әсемдікті затқа және нақыш, ою-өрнектегі сұлулықты өзінікі деп, Жаратушы шебер Аллаһтың теңдессіз, киелі сұлулығынан келетін көріністерді жоққа шығарып, ақиқатты қабылдамай "Қандай тамаша жаратылған" деудің орнына "Қандай тамаша!" деп, жаратылғандарды өзі табынатын пұтқа айналдырған. Һәм әркімге сатыла беретін көзбояушылыққа, рия яғни екі жүзділікке, жағымпаздыққа себеп сұлулықты дәріптеп, өлердей жақсы көргендіктен рияшыл, екі жүзділерді қошаметтеп, көкке көтереді де олардың пұтқа ұқсаған болмыс-пішіндерін табынушыларына пұт жасап берген.
{(Сілтеме): Яғни, әлгі пұт секілділер өзіне құштар, ынтық болғандардың әуестіктерін қоздырып, жақсы көріну, жағымпаздану үшін оларға екіжүздене, құлдық ұрғандай кейіп танытады.}
Енді әлгі ағаштың "ашу-ыза" дейтін бұтағынан шыққан жемістерге келер болсақ, олар адамзат тарихында үлкенді-кішілі Нәмрудтар, Перғауындар, Шәддаттар түрінде көрініс тапты. "Ақыл-ой" бұтағынан өсіп шыққан адамзат әлеміндегі Атеисттер, Материалисттер, Табиғатпарасттар. Олар улы жемістей адамзаттың миын ашытып, ойын он саққа, санасын сан саққа бөліп жіберді.
Енді, осы ақиқатты одан әрі айқындай түсу үшін, пәлсәпә жолының негізі жоқ, шірік қағидаларынан шыққан нәтижелерін пайғамбарлық тізбегінің негізі мықты қағидаларынан туындаған нәтижелерімен салыстыра келіп, мыңдаған мысалдарынан үлгі ретінде тек үш-төртеуін баяндаймыз.
Мәселен, Пайғамбарлықтың адамның жеке өміріне қатысты ереже-заңдарының нәтижесі ретіндегі تَخَلَّقُوا بِاَخْلَاقِ اللّٰهِ қағидасына сәйкес "Иләһи мінезбен мінезденіп, Хақ Тағаланың алдында өзін төмендете жалынып, болмысының әлсіз, пақыр екенін біліп, Оның дәргаһында құл болыңдар" деген ережесі қандай? Философияның адамның кемелденудегі басты мақсаты: «Тәшәббуху бил Уажиб» яғни адамзаттың кемелденуіндегі мақсат «Уажиб-ул Ужудқа (болмысы шарт, жаратушы Аллаһ) ұқсап бағу» деген астамшыл ережесі қайда жатыр? Иә, табиғаты мүлдем әлсіз, өте дәрменсіз, тым пақыр, аса мұқтаж адамзаттың мәнісі қайда? Құдіреті, қуаты, байлығы шексіз, ештеңеге мұқтаж емес Уажиб-ул-Ужудтің мәнісі қайда жатыр!
Екінші мысал: Пайғамбарлықтың қоғамдық өмірге қатысты ережелерінің нәтижелерінен тек біреуін мысал келтірейік. Бұл өзара жәрдемдесу ережесі. Оған сонау Күн мен Ай, өсімдіктер мен жануарлар әлемі толық мойынсұнады. Өсімдіктер жануарларға, жануарлар адамзатқа тіпті жеген тамағымыздың нәрі денеміздегі жасушаларға медет беріп, көмекке жүгіреді. Міне, өзара жәрдемдесу, бір-біріне көмектесу ережесі, жомарттық қағидасы, бір-бірін сыйлау заңдылығы қайда жатыр! Философияның қоғамдық өмірдегі ережесі боп табылатын және кейбір залымдар мен айуанға айналған адамдар істейтін, және жыртқыш хайуандардың жаратылыстарын бұрыс пайдалануынан туындайтын "соғыс" ережесі қайда жатыр? Иә, олар күрес ережесін мойындап, оны жалпыға ортақ деп қабылдағандықтан "өмір - соғыс" деп ақымақша тұжырым жасаған.
Үшінші мысал: Пайғамбарлықтың Аллаһты бір деп білуіне қатысты ұлық нәтижелері мен аса құнды қағидаларының бірі اَلْوَاحِدُ لَا يَصْدُرُ اِلَّا عَنِ الْوَاحِدِ яғни "қандай да бір нәрседе бірлік, тұтастық болса, ол тек біреудің өнері". Әлемдегі барлық жаратылыста жалпы немесе жалқы түрде бірлік бар екені рас. Олай болса, міндетті түрде тек біреу жаратқан". Міне, осылайша Жаратқанның бір екенін көрсететін керемет ережесі қайда жатыр! Ал, көне пәлсәпәнің наным қағидаларының бірі боп табылатын اَلْوَاحِدُ لَا يَصْدُرُ عَنْهُ اِلَّا الْوَاحِدُ "Біреуден біреу ғана шығады" яғни "Бірден тек бір ғана нәрсе шығады. Өзге нәрселер одан дәнекерлер арқылы көбейеді" деп сандалатын ережесі қайда жатыр! Олар Ғаний-і алә-л-Итлақ (еш нәрсеге мұқтаж емес, өзі бай, бәрі оған мұқтаж Аллаһ), Қадир-і Мутлақты (құдіреті шексіз Аллаһ) әлсіз, дәнекерлерге мұқтаж етіп көрсетіп, бүкіл себептерді Аллаһтың абсолюттік Рубубиетіне серік қосып және Ұлық Жаратушыны "ең алғашқы ақыл" деп, Оны жаратылған нәрсе ретінде қарастырып, Оның жаратқандарын себептер мен табиғатқа бөліп берді. Осылайша ауызы апандай үлкен ширкке апарар жол салды. Міне, осындай ширк аралас, адастырып жіберуі мүмкін философияның ереже-заңдары қайда жатыр?! Өздерін хәкім, дана деп жоғары санайтын Ишрақийун тобы (иллюминаттар) осылай мүлт кетіп қателесіп жатса, олардың материялист, натуралист (табиғат жаратты деушілер) сияқты төменгі топтары қаншалық адасқандарын шамалау қиын емес.
Төртінші мысал: Пайғамбарлықтың даналыққа толы وَ اِنْ مِنْ شَيْءٍ اِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِه۪ дейтін бір ғана ережесін алайық. «Әр нәрсенің болмыстағы мейлі ол тіршілік иесі болсын нәтижесі мен хикметі, өзіне тиесілі тарапы бір болса, Жаратқан Иесіне тиесілі нәтижелері мен хикметтері мыңдаған. Әрнәрсенің, тіпті бір түйір жемістің ағаштың жемістері қанша болса сонша хикметтері, нәтижелері бар» дейді. Міне ақиқаттың нақ өзі болып табылатын дана ережесі қайда жатыр! Пәлсәпәнің: «Әрбір жанды мақұлықтың нәтижесі өзіне ғана тиісті немесе адамның игілігіне пайдалануына байланысты» деп, таудай алып бір ағашқа тарыдай бір жеміс, бір нәтиже ілу сынды мүлдем мағынасыз әбестік жасайтын, тұрпайы да
надандыққа толы философияның сырты жылтырақ іші бос қағидасы қайда жатыр?! Бұл ақиқат Оныншы Сөздің оныншы ақиқатында біршама айтылғандықтан қысқа қайырдық. Міне, осы төрт мысалға салып мысалдарды өзің де көбейте беруіңе болады. «Лемағат» атты бір рисаледе кейбіріне ишара еткен болатынбыз.
Міне, пәлсәпәнің осындай болымсыз негіздері мен қауіпті салдарының кесірінен болса керек, дін Исламның дана-хәкімдері Ибн Сина мен Фараби сынды ірі тұлғалар оның жылтырақ, көзтартар суретіне құмартып, белгілі бір мағынада алданып, сол жолды ұстанғандықтан қарапайым бір мүмин дәрежесін ғана иеленген. Тіпті, Худжат-ул Ислам яғни Исламның хақ екеніне дәлел болған Имам Ғазали, олар манағы дәрежеге де лайық еместігін айтқан.
Сондай-ақ, кәлам іліміне терең сүңгіп кеткен Муғтәзилә имамдары пәлсапәнің сыртқы көркіне құштарлана, сол жолмен жіті де терең шұғылданып, адамның ақылын толық басшылыққа алғандықтан, олар да енді ғана жолға түскен бір мүминнің дәрежесін әзер иеленген. Сондай-ақ, Ислам әдебиетшілерінен, мәшһүр, өзінің пессимизмімен аты әйгілі болған Әбу-л Ала-и Мааррий, сондай-ақ жетім баладай жылап-сықтауымен аты шыққан Омар Хаям сияқтылар манағы ұстанымның жүгенсіз нәпсіні (нәфс-і әммара) қоздырар ләззаттарымен рахаттана, зауық алғандықтан әһл-и хақиқат пен кәмілдерден яғни ақиқатшыл, кәміл жандардан сөгіс алып, қорлық пен тәкфир тоқпағын жеген. Олар «Әдепсіздік жасап жатырсыңдар! Діннен безіп, басқаларды да діннен бездіресіңдер! Сендер дінсіздіктің тұқымын жаясыңдар!» деген қатаң ескертулер алып, ұрыс естіген.
Пәлсәпә жолының болымсыз, бос негіздерінен бірі мынау: Әнәнің табиғаты ауа тәріздес нәзік, бос. Солай бола тұра, пәлсәпә оған қара көзілдірік тағып есіми назармен яғни өздігінен бар деп қарағандықтан бейне бір буға айналғандай ылғалданып, сосын үйреншікті назармен және дене ретінде яғни материалдық тұрғыдан бағаланудың салдарынан қоюлана-қоюлана құдды бір дене секілді көрінеді. Кейін бейқамдықпен, одан қала берді атеистік ұғымның кесірінен әлгі "әнәниет" мұзға айналғандай қата бастайды. Сосын қырсығудың, ерегісудің кесірінен ылайланып, өзінің әу бастағы мөлдірлігін жоғалтады. Бара-бара ұлғая түсіп, өзінің иесін жұтып қояды. Сосын бүкіл адамзаттың ой-пікірінен қолдау тауып семіріп,
ісінеді. Содан кейін, баста айтқанымыздай өзгелерді тіпті себептерді де өзіне теңеп, нәпсісіне балап, оларға да (олар қабыл етпесе де және бас тартқандарына қарамастан) бір-бір перғауындық сипатты бөліп береді. Міне сол кезде Ұлы Жаратушының әмірлеріне қарсы келу, Онымен тайталасу басталады да: مَنْ يُحْيِى الْعِظَامَ وَ هِىَ رَم۪يمٌ «Шіріп кеткен сүйектерді кім тірілтуші еді?» деп, Қадир-і Мутлаққа яғни орасан зор құдірет Иесі Аллаһқа «әлің жетпейді» дегендей қарсы дау айтып тайталасады. Тіпті Ұлы Жаратушының сипаттарын өзі иемденгісі келіп, оған ортақ болғысы келеді. Өзіне жақпағандарды және нәфс-і әммараның перғауындық мінезіне ұнамағандарды я кері қайтарып қабылдамайды, я жоққа шығарады, я болмаса өзгертуге, бұзуға тырысады. Мысалға:
Пәлсәпәшілердің бір тобы Хақ Тағалаға «Мужиб-і биззат» деген яғни «мүлдем мәжбүр біреу» санап, қалау-ерікін жоққа шығарған. Оның не қаласа соны істей алатын толық ерікті екенін дәлелдейтін әлемдегі шексіз куәгерлерді тыңдамай, жоққа шығарған. Субханаллаһ! Мына ғаламдағы күллі жаратылыс, атомнан бастап сонау Күнге дейін өздерінің болмыс-пішіндерімен, ерекше тәртіптіліктерімен, өлшемді әрі белгілі бір мөлшерде болуымен, хикметпен жаратылу арқылы Жаратушының толық қалау иесі екенін жар салып көрсетіп тұрса дағы, мына көр болғыр пәлсәпәның көзі көрмеген. Ол аздай тағы бір пәлсәпәшылар «Иләһи ілім ұсақ-түйек нәрселерді қамти алмайды» деп Аллаһтың шексіз іліміне шек келтіріп, барлығын білетінін жоққа шығарды. Осылайша тек шындықты айтатын бүкіл жаратылыстардың турашыл куәліктерін бекерге шығарды. Сондай-ақ, пәлсәпә, себептердің белгілі бір әсері бар деп, табиғаттың қолынан жарату келетінін айтты. Рисалей Нұрдың Жиырма Екінші Сөзінде нақты дәлелденгеніндей, әрбір нәрседегі Халиқ-ы Күлли Шейге тән яғни құдіреті шексіз бір Аллаһты көрсететін ап-анық дәлел-таңбаны ол надандар көрмей, әлсіз, жансыз, бейсана, соқыр мылқау, бір қолы кездейсоқтық ал бір қолы апат күшке тәуелді меңіреу табиғатты жаратушы деп қабылдады. Жаратылысында мыңдаған терең хикмет-сырлар жататын, әрқайсысы Самадани хаттар тәріздес болмыстың бір бөлігін оған меншіктеп берді.
һәм, Оныншы Сөзде дәлелденгеніндей, Хақ Тағаланың күллі есімдері талап ететін, сондай-ақ әлем де барша ақиқаттарымен және Пайғамбарлықтың тізбегі де барлық анықтамаларымен һәм Сәмәуий
Кітаптар да күллі аяттарымен көрсетіп отырған ақыреттің, хашірдің (өлген соң қайта тірілу) есігін таба алмай, о дүниені жоққа шығарған. Олар рухтар әзәли деп сенген яғни бастауы мен соңы жоқ деп сандалған. Міне, олардың осындай сандырақтарына өзге мәселелерін де салыстыра бер. Иә, шайтандар әнәнің тұмсығы мен тырнағын пайдаланып дінсіз философтардың ақылдарын көкке көтеріп, өтірік мақтап, мәз қылып жоғарыға апарды да далалет құздарына, адасу шұқырларына лақтырып жіберді. Тар әлемде яғни ішкі дүниеде әнә болса, үлкен әлемде яғни сыртқы дүниеде табиғат. Екеуі де тағұт.
{[*] (Тағұт) - адамдарды Аллаһқа қарсы шығуға итеретін, бас көтеруші. Шайтан. Исламнан бұрын Қағбаның ішіндегі бір пұттың аты.}
Аталмыш ақиқатты одан әрі айқындайтын қиялмен жасалған бір саяхатта көрінген және өлең тектес «Лемағатта» жазылған бір мысали уақиғамның мазмұнын қазір қайталаудың орайы келген сияқты.
Ол, осы рисаленің жазылуынан сегіз жыл бұрын, Стамбұлда, қасиетті Рамазан айында болған еді. Ол, пәлсәпәмен шұғылданып жүрген ескі Саидтің жаңа Саидқа өзгеретін кезі болатын. Құран Кәрімнің киелі "Фатиха" сүресінің соңында
аяты мегзеген үш жол жайлы ойлануым барысында, қиялмен болғаны рас, мысали бір оқиға деуге де болады әрі түске де ұқсас бір оқиғаға куә болдым. Былайша:
Мен үлкен сахарада жүр екенмін, солай көрдім. Бүкіл жер жүзін қараңғылық басыпты, бір жақтан қара бұлт қаптап, қысып барады. Бір леп соқпайды, жарық та су да, ештеңе жоқ. Әр тарапты жабайы жыртқыштар мен қауіпті мақұлықтар толып кеткен бе деп уайымдадым. Ішімнен «мына жердің арғы жағында самал жел есіп, суы да бар жап-жарық әлем болуы керек. Сол жаққа өту керек» деп шештім. Байқаймын, ол жаққа қарай еркімнен тыс мені біреу айдап бара жатқандай. Тунельге ұқсас үңгір-жолға түстім. Жүре-жүре, жер астында біраз саяхат жасадым. Қарасам, бұл жолмен
менен бұрын да көп кісілер жүрген екен. Олар ауа жетпей анда-мұнда қалып қойған сықылды. Олардың аяқ іздерін көріп келемін. Кейбіреулерінің дауыстары бір уақыт естілгендей болады, бірақ көп ұзамай үнсіз, қалады.
Ей, қиялымен менің ойша жасаған саяхатыма серік болған бауырым! Әлгі жер деп отырғаны табиғат және табиғат жаратады дейтін пәлсәпә. Жер асты тунел болса, пәлсәпәшылардың ой-пікір арқылы ақиқатқа барамын деген ұстанымдары. Мен көрген аяқ іздері - Платон, Аристотель сияқты мәшһүр тұлғалардың жолдары..
{(Сілтеме): Егер біреу былай десе: "Мұндай атақты ірі тұлғаларға қарсы сөз сөйлейтіндей сен кімсің? Сен бір шыбындай боп бүркіт секілді биікке самғағың келе ме?". Менің жауабым былай: "Қолымда әзәлий (мәңгі өшпес) ұстазым Құран тұрғанда, адасумен былғанған пәлсәпә мен уайымға салатын, күдікшіл ақылдың шәкірттері болған ол бүркіттерге ақиқат пен мағрифат тұрғысында шыбынның қанатындай да баға беруге мәжбүр емеспін. Мен олардан қаншалықты төмен болсам, олардың ұстазы менің ұстазымнан мың есе төмен. Ұстазымның желеп-жебеуімен, олардың батқан ұйығы менің аяғымды да былғай алмады. Иә, ұлы бір Патшаның бұйрықтары мен заңдарын жеткізуші қарапайым бір сарбаз, кішкене бір шахтың үлкен лауазымды қызметкерінен әлдеқайда маңызды істер атқара алады."}
Естілген дауыстар болса - Ибн Сина, Фараби сынды даналардың дауысы. Иә, Ибн Синаның кейбір сөздерін, ереже-заңдарын кей жерлерде көргенім рас. Бірақ бара-бара мүлдем өні шықпай қалатын, онан әрі кете алмаса керек. Демек батып кеткен болды ғой. Жарайды, ақиқатты білгісі кеп, дегбірсізденіп отырған шығар деп қиялдың астарындағы ақиқаттың бір ғана ұшын көрсеттім. Енді саяхатыма оралайын.
Жүріп келемін. Біраздан соң қолыма екі нәрсе берілгенін көрдім. Бірі, электр жарығы. Онымен жер астындағы табиғаттың қараңғылығын жоюға болады. Екіншісі, ол да бір құрал. Онымен үлкен жартас, алып тастарды парша-парша етуге болады. Сөйтіп жолым ашылып, сенімді түрде келе жатыр едім, біреу құлағыма: «Мына электр жарығы мен бұл құрал, саған Құранның қазынасынан берілген» деді. Біраз уақыт солай жүрдім. Қарасам арғы жаққа өтіп кетіппін. Ол жақ, өте әсем, көктемгідей жайма шуақ, аспан шайдай ашық, рухқа жайлы самал есіп, жанды жадыратар күй, суы тәтті бұлақ, әртарап қуанышқа толы жарқын әлем. Әлхамдулилләһ дедім.
Байқаймын, өзімді-өзім басқаратындай, мен өзіме қожайын емеспін. Мені біреу «не істейді екен» дегендей сынап отыр. Олай дейтін себебім, қайтадан мені әуелгі жағдайыма, әлгі үлкен сахараға,
еңсені басатын қара бұлттың астына тағы да әкеліп тастады. Бір Құдірет күш, маған: «енді басқа жолмен жүр!» дегендей еріксіз бастапқы жерге қайта әкелді. Бұл жолы жер астымен емес, керісінше жер бетімен, айналаны тамашалай саяхаттап, арғы жаққа өту үшін кетіп барамын. Саяхат барысында көрген ғажайыптарды айтып жеткізу мүмкін емес. Теңіз буырқанып тасып, айбат шеккендей, дауыл болса мені "қайтсем қорқытамын" деп әлек. Барлық нәрсе қиындық туғызуда. Дегенмен бұл жолы да маған Құраннан арнайы берілген құралмен сапарымды әрмен қарай жалғастырып, белестерден асып, сәтті аяқтадым. Жолда, әр тарапта саяхатшылардың жаназаларын, мүрделерін көрдім. Бұл саяхатты соңына шейін бітіргендер тек мыңнан біреуі ғана екен. Сонымен... әлгі тұмшалаған қара бұлттан құтылып, жердің арғы жағына өтіп, жарқырап нұрын шашқан Күнге жолықтым. Жанға жайлы самалмен терең тыныстап Әлхамдулилләһ дедім. Әлгі жұмақтай әсем әлемді тамашалап, сайран құрдым.
Байқаймын біреу, мені тағы да манағы жерде қалдыра салғысы жоқ. Енді маған «басқа жолды көр дегендей» тағы да баяғы сол қорқынышты сахараға әкелді. Қарасам, жоғарыдан төмен салбырап тұрған бейне бір лифтілер секілді әртүрлі бейнеде, кейбірі ұшақ, кейбірі автомобиль, кейбірі зембіл секілді нәрселер. Әркім өзінің күш-қуатына, қабілетіне қарай әлгі жіптерге жабысса болды жоғарыға тарта жөнеледі. Мен де біреуінен мықтап ұстадым. Мені бір минутта ақша бұлттың арғы жағына шығарды. Әп-сәтте әсем сұлу, құлпырған жасыл таулардың үстіне шықтым. Бұлт қабаты таудың орта белінен де аспапты. Бір тараптан самал жел есіп, бір тараптан тәтті су ағып, жайма шуақ, айнала жап-жарық, тамаша көрініс. Қарасам, әлгі лифтіге ұқсас нұрлы жайлар әр тарапта кездеседі екен. Тіпті әуелгі екі саяхатымда да және жердің арғы бетінде де оларды көрген болатынмын. Ол кезде түсінбеген екенмін. Енді түсіндім, олар Құран Хакимнің аяттарының нұр-сәулелері екен.
Міне, وَ لَا الضَّٓالّ۪ينَ сөзі ишара ететін әуелгі жол, табиғат ұйығына батып, табиғат жаратады деген пікірді ұстанушылардың жолы. Ол жолда ақиқатқа һәм нұрға өту қаншалықты қиын екенін сезген шығарсың.
غَيْرِ الْمَغْضُوبِ сөзімен ишара етілген екінші жол болса, Әсбабпарасттардың және ортадағы делдалдарға «жаратады, әсер ете алады» деп қарайтындардың Мәшаийун көсемдері секілді яғни пайғамбарларға емес өз ақылдарына сенетіндер (Перипатетиктер) сықылды нағыз ақиқатқа, шындыққа һәм Уажиб-ул-Ужудті (Аллаһ Тағала) танып, мағрифатқа «Тек ақылдың күшімен шығамыз, пікір арқылы жетеміз» деп даурығатындардың ұстанымы яғни адасқандардың жолы.
اَلَّذ۪ينَ اَنْعَمْتَ сөзімен ишара етілген үшінші жол болса, Сират-ы мустақимдегілер боп табылатын әһл-и Құранның (Құран жамағаты) нұрлы да сара жолы. Ол жол - ең қысқа, ең тегіс, еш қауіпі жоқ және кез келген адмаға ашық, сәмәуи, Рахмани, нұрани жол.