Иман және күпірлік
— 148 —

Отыз екінші сөзден

ЕКІНШІ НҮКТЕНІҢ ЕКІНШІ БӨЛІМІ

Хақ жолдан адасқан, азғындар тобының өкілі азғындығын неге сүйерін білмей сасқалақтап, былай деді: «Менің ойымша, дүниедегі бақытқа, өмірдің рахаты мен өркениетке, техника мен ғылым жетістіктеріне жетудің жолы - ақыретті естен шығарып, Құдайды ұмытып, дүниеге беріліп, емін-еркін болып, әркім өзіне сену керек. Сол үшін мен көпшілікті шайтанның қолдауымен осы жолға түсірдім, түсіріп те жатырмын».

ЖАУАП: Біз де жауап ретінде Құран атынан былай дейміз: "Ей, бейшара адам! Ақылға кел! Әһл-и далалеттің айтқанына құлақ аспа! Егер тыңдайтын болсаң, зиян шегетінің сондай, ойлаудың өзі төбе шашты тік тұрғызады. Рух та ақыл да жүрек те шошиды. Сенің алдыңда екі жол бар Біріншісі: Әһл-и далалеттің өкілі айтқан қауіпті жол".

Екіншісі: Қасиетті Құран сілтеген бақытты жол. Бұл жолдардың теңеулерін "Сөздер" атты, әсіресе, "Қысқа Сөздер" атты еңбектерімнен көріп әрі түсінген шығарсың. Енді орайы келген соң, мыңдаған теңеуден біреуін баяндап берейін. Назарыңды сал, құлақ түр:

Ширк пен далалеттің, пасықтық пен азғындықтың жолы адам баласын әбден аздырып жібереді. Шексіз мұңға салып, өте ауыр жүкті әлсіз де қылдай мойынына жүктейді. Неге десеңіз, егер адам Аллаһ Тағаланы танымаса әрі оған сеніп тәуекел етпесе, өте әлсіз бейшара, шексіз қажеттіліктерге мұқтаж пақыр, толассыз қайғыға душар, өкінішті де мұңлық фәни хайуан тәріздес болып, барлық сүйікті жандармен қатынаста болған қоршаған орта оны тастап, қош айтысқандықтан, күйзелген қалпы өзінен кейін қалған сүйіктілерімен өкіне қоштасып, қабір түнегіне жалғыз өзі кете барады. Һәм өмірінің

— 149 —

соңына дейін қолда бар аз ерікпен, аз ғана қуат, қысқа өмір, шамалы тіршілігі және шектеулі санасымен қыруар өкініштерге, қайғы-мұңдарға қарсы тұрып, аңсаған арманына жетуге бостан-бос шапқылайды. Мақсатыма жетем деп, нәтижесіз жанталасады. Өз болмысын алып жүре алмағанымен тұрмай, дүниенің алапат жүгін арқалап, Жәһаннам азабын шегеді.

Рас, осы бір ауыр мұң мен қорқынышты, рухани күйзелісті сезбеу үшін, әһл-и далалет, яғни, Құдайдан безгендер сезімдерін өлтіріп, бейқамдық мастығымен уақытша ғана сезбейді. Бірақ уақыты келгенде, яғни, қабірге кірер кезде ұйқыдан шошып оянғандай қорқыныштан селк етіп, мастығы сейіліп, сергіген күйде есі кетіп бір-ақ сезінеді. Өйткені, адам Аллаһ Тағалаға нағыз құл болмаса, өзі-өзіне қожайынмын деп ойлайды. Алайда, оның азғантай еркі, шектеулі қуаты мына алай-дүлей дүниеде еш нәрсеге жарамайды. Өміріне қауіпті нәрселер, зарарлы микробтан бастап, сонау зілзалаға дейін, мыңдаған тобыр дұшпандары оның нәзік өміріне қауіп төндіруде. Жаны қиналып, үрей басып, әрдайым өңі суық, сұсты қабірін күйзеле ойлайды.

Оның үстіне адам болған соң, адамзатты, дүниені де алаңдайды. Бірақ дүние де ондағы адамдар да, Хаким, Алим, Қадир, Кәрим біреудің қарауында екеніне сенбегендіктен, яғни, кездейсоқтық, табиғи құбылыс дегендіктен, дүние мен адамдардың хал-ахуалы оны қорқытып, жанын жегідей жейді. Өз басының қайғысымен бірге адамзаттың қайғысын жұтып жаны қиналады. Дүниенің зілзала, аштық, топан су, індет, жойылу мен жоқ болу сияқты құбылыстары оған тым жәбірлеуші, азаптаушы, тас қараңғы әрі қасірет беруші түрінде көрініп, жанын азаптайды. Алайда, мұндай күй кешкен адамға жан ашып, мейірімділік етуге болмайды, оған ол лайық емес. Өйткені, ол мұндай күйді өзі тілеп алды. Сегізінші сөзде екі ағайынды жігіттің кешкен күйлерін теңеуде былай делінген болатын. Мәселен, бір адам миуалы сұлу бауда керемет бай дастархан үстінде, сүйікті ағайындар ортасында орынды да тәтті әсем, тамаша ләззат пен көңіл көтеруді місе тұтпай, орынсыз әрі жағымсыз ләззат үшін нашар нәжіс бір шарапты ішіп алып, мас болса, сөйтіп, өзін ызғарлы қыс ортасында, тіпті, орманда хайуандармен бірге жүрмін деп, қызыл кеңірдек боп айқайлап шуласа, әрине, өзінің мейірімге

— 150 —

лайық еместігін көрсетеді. Себебі, абыройлы да қадірлі жолдастарын жануарға теңеп, олардың намысына тиеді һәм дастархандағы тәтті тағамдарды, таза ыдыстарды лас тастарға теңеп, сындыра бастайды. Отырыстағы құнды кітаптарды, тартымды да терең мағыналы хаттарды қарапайым, түкке тұрғысыз шимай-шатпақ деп жыртып, аяғымен таптай бастайды. Мұндай адам мейірімге бөленуге емес, жазалануға лайық. Сол сияқты жағымсыз іс-әрекеттен туындайтын күпірлік мастығымен және далалет бассыздығымен Сани-ы Хакимнің мына "дүние" атты қонақжайын кездейсоқтық пен табиғат туындысы деп, ал ондағы заман ағысымен үнемі ескіріп, міндеттерін аяқтап, жаңарып отырған Иләһи туындыларды, яғни, Аллаһтың есімдерінің шағылыстарын жойылып, құрдымға кетті деп, ал олардың тәсбих еткен дыбыстарын қоштасу мен мәңгіге айырылысудың жоқтауы деп ойлағандықтан, сондай-ақ, Самедани хаттар болып табылатын мына болмыс атаулыны мағынасыз, астаң-кестеңі шыққан түкке тұрғысыз бір нәрсе деп түсініп әрі мейірімділік толы әлемге бастайтын қабір есігін - жойылу түнегінің есігі деп, ал нақты сүйіктілерге қауышу болып табылатын ажалды, қоштасу сәті деп есептегендіктен, һәм өзін, һәм болмыс атаулыны қайғылы күйде көреді. Аллаһ Тағаланың есімдерінің һәм хаттарының қадірін түсіріп қорлағандықтан, мейірім мен жанашырлықтан тыс қалып қана қоймай, жан төзгісіз азап шегуге лайық атанады. Ондай адамға ешқандай де қайырымдылық жасауға болмайды.

Ей, байғұс әһл-и далалет пен азғындар! Мына аталған қорқынышты құлдырау мен жанды күйзелтетін үмітсіздікті қайсыбір өркениеттеріңмен, қайсыбір ғылымдарыңмен, қайсыбір жетістіктеріңмен, қайсыбір мәдениеттеріңмен, қайсыбір табыстарыңмен өтейсіңдер немесе тоқтатасыңдар? Адам жанының өте құмар, аса мұқтаж, шынайы демеушісін басқа қай жерден табамын дейсіңдер? Арқа сүйеп сеніп жүрген, тіпті, Иләһи туындыларды, Раббани жарылқауларды еншілеп берген қайсыбір табиғатың, қайсыбір себептерің, қайсыбір ширктерің, қайсыбір жаңалықтарың, қайсыбір зат пен қайсыбір жалған жаратушыларың өздерің мәңгілік жоқ болу деп ойлайтын ажалдан аман алып қала ала ма? Өлген соң қабірден, берзахтан, махшардан, қыл көпірден емін-еркін өткізіп, аман-сау мәңгі бақыт әлеміне жетектеп, бақытқа бөлей ала ма? Алайда, сендер қабірден

— 151 —

қашып құтыла алмағандарың үшін де бұл жолдың күмәнсіз жолаушысы болып табыласыңдар. Әрине, мұндай күйдегі бір жолаушы әлгі ұшы-қиырсыз аудандар мен шексіз жайылып жатқан шекараларды қол астында ұстап, билеп тұрған біреуге арқа сүйеуі керек.

Ей, сорлы әһл-и далалет пен қаперсіз бейқамдар! «Орынсыз қолданған махаббаттың ақыры аяусыз азап шегу» қағидасы бойынша сендер бойларыңдағы Аллаһ Тағаланың өзіне, оның көркем есім-сипаттарына арналған махаббат пен құштарлықты және шүкір мен құлшылық етуге арналған сезім мүшелеріңді нәпсілеріңе, дүниеге заңсыз түрде жұмсағандықтарыңнан, өте орынды түрде жазасын тартасыңдар. Себебі, Аллаһ Тағалаға тиесілі махаббатты нәпсілеріңе арнадыңдар. Сөйтіп, өліп-өшкен нәпсілеріңнің толассыз қайғысын жұтасыңдар. Неге десеңіз, ынтық болған ол нәпсілеріңді толық қанағаттандыра алмайсыңдар. Сондай-ақ оны шын сүюге лайық Қадыр-ы Мутлаққа тәуекел деп, тәсілім етпей отырсындар. Осылайша, әрдайым жандарың қиналады. Һәм Аллаһ Тағаланың есімдері мен сипаттарына арналған махаббатты қу дүниеге арнадыңдар, өнер туындыларын әлемдегі себептерге бөліп бердіңдер, бастарыңа бәле тілеп алдыңдар. Өйткені, ондай толып жатқан көптеген сүйіктілерің, ынтық болған ғашықтарыңның кейбіреуі сендерге «қош бол» деп те айтпастан, сырт айналып, тастап кетіп барады. Кейбіреуі сендерді мүлдем танымайды. Таныған күнде де сендерді ұнатпайды, ұнатса да, олардан қайыр жоқ. Толассыз қоштасулар мен келмеске кету, үмітсіз айырылулардан пайда болған осыншалық азап жандарыңды жегідей жейді. Міне, әһл-и-далалеттің «Өмірдің бақыты - адамның өркендеуі, мәдениет жетістіктері, бостандық, еркіндіктің ләззаты» деп жүргендерінің шын мәнісі осы. Азғындық пен мастық бір перде, ол адамға уақытша сездірмейтін болар. «Тфу, олардың ақылдарына болайын» деп жиіркен.

Алайда, Қасиетті Құранның нұрлы да кең жолына келетін болсақ, жоғарыда айтылған әһл-и далалеттің бойындағы жараларды имандылықтың ақиқаттарымен емдеп жазады. Бастапқы жолдағы барлық қараңғылықты жойып, жарқыратады, далалет пен құрдымға кету қауіп-қатерінің алдын алып, амандыққа қауыштырады. Ол, Адам баласының әлсіздік пен пақырлық, мұқтаждық жақтарын

— 152 —

Қадир-ы Рахимге тәуекел еткізіп, емдей бастайды. Өмір тауқыметін, тұрмыс тынысын Оның құдіретіне, Рақымына тапсырады. Ол ауыр жүкті мойнына артпай, керісінше, оны өмірге, нәпсісіне жүктегендей рахаттық сыйлайды. Өзінің «Сөйлейтін хайуан» емес, қайта нағыз адам, Рахманның сүйкімді қонағы екендігін білдіреді. Дүние Рахманның қонақжайы екендігін көрсете отырып, дүниедегі болмыс атаулы Илаһи есімдердің айналары екендігін, жаратылғандар болса әрдайым жаңарып отырған Сәмадани хаттар екендігін білдіру арқылы адам баласының дүниенің фәнилігінен, нәрселердің көзден таса болуларынан, фәни нәрселерге ынтық болудан туындайтын жараларын жақсылап емдеп, күдікті қайғылардан құтқарады. Сондай-ақ өлім мен ажал - берзах әлеміне бастайтын мәңгілік әлемдегі сүйіктілерге қауышу, кездесудің жолы екендігін көрсетеді. Әһл-и далалеттің ойынша, барлық сүйікті жандардан мәңгіге қоштасу болып табылатын өлім жараларын, осылайша, оп-оңай емдей салады. Ондай қоштасу қоштасу емес, нағыз табысу, қауышу екендігін дәлелдеп береді. Һәм қабір дегеніміз - қайырымдылық әлеміне, бақыт сарайына, жәннат бау-бақшасына, Рахманның нұрстанына айқара ашылған есік екендігін дәлелдей отырып, адамзаттың ең үрейлі қорқынышын сейілтіп, қайғы-қасірет, өкініш толы берзах саяхатының өте тартымды, үйреншікті де көңілді бір саяхат екендігін көрсетеді. Қабір арқылы айдаһар аузын бітеп, әсем бауға есік ашады. Яғни, қабірдің айдаһар еместігін, керісінше қайырымдылық бағына бастайтын есік, баспалдақ екендігін көрсетеді.

Сондай-ақ, мүминге былай деп тіл қатады: «Ерік жігерің шамалы болса, ісіңді Жаратқан Иеңнің шексіз әмірі мен қалауына тапсыр. Әлсіз болсаң, Қадир-ы Мұтлақтың құдіретіне сен! Өмірің қысқа болса, мәңгі өмірің бар. Қам жеме! Пікірің таяз келсе, Құранның нұрын панала. Сөйтіп, иман нұрымен қарасаң, әлгі көмескі пікірің Құран аяттары болып, жарқыраған жұлдыздай сәуле шашады. Уайым мен талап-тілектерің көп болса, алдыңда сені күтіп тұрған аяқталмайтын сауап, шексіз қайырымдылық бар. Мақсат пен арманың көп болса, оларды уайымдап қайғырма, мұңайма! Олар бұл дүниеге сыймайды. Оларға бұл дүние тар келеді. Олардың орны басқа жерде. Оларды орындап беретін де басқа біреу».

— 153 —

Сөзін жалғап, былай дейді: Ей, адам, Сен өзіңе өзің қожайын емессің. Сен құдіреті шексіз Қадирдың, Аса қамқор Рахим Зүлжалалдың иелігіндесің. Олай болса, өмір тауқыметін иығыңа арқалап қиналма, өйткені, өмірді сыйлаған - Аллаһ. Билеп басқаратын да Аллаһ. Һәм дүние иесіз жатқан, басы бос нәрсе емес. Қылдай мойныңа дүниенің ауыртпалығын артып, үрейленіп мұңайма. Себебі, оның иесі - әрі Хаким, әрі Алим. Сен болсаң қонақсың, босқа шатаспа, өзгені де шатастырма! Һәм мына адамдар, хайуандар, барлық болмыс атаулы басы бос емес. Олар - міндет жүктелген қызметшілер. Олар бір Хаким-і Рахимның қол астында. Олардың уайым-қайғысын, шеккен қиыншылықтарын ойлап, жаныңды қинама. Оларға Халиқ-ы Рахимнің қамқорлығынан артық қамқорлық жасаймын деп езеуреме. Һәм саған дұшпан көрінген микробтан бастап, сонау оба, топан, аштық, зілзала сияқты қорқыныштардың тізгіні әлгі Рахим-ы Хакимнің қолында. Ол Хаким ғой, әбестік жасамайды. Ол Рахим ғой, қайырымдылығында шек жоқ. Істеген әр бір ісінде жарылқаудың, ізгіліктің нышаны бар.

Мына әлем, шынында, фәни. Бірақ, мәңгі әлемге қажетті нәрселер дайындайды. Негізінде, өткінші, баянсыз екені рас, бірақ мәңгі бітпес миуалар береді. Бақи біреудің бақи есімдерінің шағылыстарын көрсетеді. Шындығында да қуанышы аз, қайғысы көп; бірақ, Рахман-ы Рахимнің ілтипаты бітпейді. Нағыз ләззат деп соны айт. Қайғылар болса, сауап жағынан алып қарағанда, мағынауи ләззат сыйлайды. Шариғатқа сәйкес тұрмыс жүрек, рух, нәпсінің ләззат алуына, шаттануына, масайрауына толық қанағаттанарлықтай жеткілікті. Оның сыртына шықпа. Өйткені, оның сыртындағы бір ғана ләззат кейде мың қайғыға душар етеді, һәм ондай жат іс-әрекет Рахмани ілтипаттан мақұрым қалдырады. Һәм жоғарыда баяндалғандай, далалет жолы адамды әсфәли-сәфилин шұңқырына құлатып жіберетіні сондай, оны одан ешбір мәдениет, ешбір философия шығарудан шарасыз қалғанда, Қасиетті Құран мен иман және салих амалдар арқылы әлгі әсфәли-сәфилин құрдымынан алай-ы иллииінге шығарады. Шығаратынына бұлтартпас айғақтар беріп, анық дәлелдейді. Әлгі терең шыңырауды мағынауи жетістіктердің сатыларымен, рухани байлықтармен көміп, толтырып тастайды.

— 154 —

Һәм адамзат баласының мәңгілікке қарай бастайтын ұзақ, дауылды да қиыншылыққа толы сапарын жеңілдетіп, оңайлатады. Мың жылдық, тіпті, елу мың жылдық қашықтықты, бір күнде жүріп өтетін жолдарды көрсетеді.

Һәм Әзел мен Әбед Сұлтаны, Зат-ы Зүлжалалды таныстыру арқылы адамға қызметші құл, міндет жүктелген қонақ деген атақ береді, һәм «дүние» атты қонақжайда, һәм Бәрзах пен ақырет өткелдерінде жақсылап саяхаттауына жағдай жасайды. Мәселен, бір патшаның тілалғыш қызметшісі патшаның елді мекендерін, билік құрған жерлерін ұшақ, кеме, отарба сияқты жедел тасымалдау құралдарын рахат пайдалана отырып аралайтыны сияқты, Әзели-Сұлтанға иман ету арқылы қол астына кіріп, салих амал арқылы мойынсұнған адам, мына дүние қонақжайындағы қилы өткелдерден және берзах пен мақшар әлемінің асуларынан, сол сияқты қабірден, сондай-ақ барлық әлемдердің кең байтақ ой-қыратынан найзағай жылдамдығымен өте шығады. Сөйтіп, мәңгі бақытын табады. Аталған ақиқатты толық дәлелдеп береді және асфия мен әулиелерге көрсетеді.

Һәм Құрани ақиқат былай дейді: "Ей, мүмин! Бойыңдағы шексіз сүйіспеншілік қабілетіңді жаман әрі нұқсан келтіретін шерлі де зиянкес жүгенсіз нәпсіңе берме! Оған ынтығып, айтқанын істеп, табынушы болма! Әуестікке салынба! Оны Құдайдай көрме! Қайта сол шексіз махаббат қабілетіңді, шексіз махаббатқа лайық, шексіз жарылқай алатын, болашақта сені бақытқа жеткізетін, сенімен жақсы қарым-қатынаста болып, қайғы мен қуанышыңа ортақ болған адамдарды жарылқауымен шаттыққа бөлейтін, сондай-ақ шексіз кемелдік иесі, тым қасиетті де киелі, нұқсандық атаулыдан ада, кемшіліксіз, мінсіз, шексіз жәмал иесі және барлық есімдері аса керемет сұлу, сондай-ақ әр есімі көріктіліктің нұрына толы, көріктілердің көріктісі, теңдесі жоқ сұлу, Жәннат барлық жақсы жақтарымен, нығметтерімен оның мейірімділігі мен аса қамқор әсемдігін көрсететін және бүкіл әлемдегі көз тартар сұлулықтар мен әсемдіктер, көріктер мен қиялдар Оның жамалына, камалына, сымбаты мен әдемілігіне ишара және дәлелдері болып табылатын біреуді өзіңе Махбуб және Мағбуд, ретінде қабылда".

Ей, адам! Оның есім-сипаттарына тиесілі махаббатыңды басқа фәни болмыстарға берме! Пайдасы жоқ мақұлықтарға шашпа! Себебі: туындылар мен мақұлықтар фәни. Алайда, сол туындылар

— 155 —

мен мақұлықтар үстінде нақыштары, сәулелері көрініп тұрған Есма-и Хусна, яғни, әсем есімдер, мәңгілік әрі шексіз. Сол есімдер мен сипаттардың әрқайсысында мыңдаған жарылқау түрлері, сұлулық пен әсемдік, кемелдік түрлері мен сүйіспеншілік бар. Сен тек Рахман есіміне назар сал! Жәннат оның бір ғана шағылысы, мәңгі бақыт оның бір ғана сәулесі, ал дүниедегі барлық ризықтар мен нығметтер оның бір ғана ұшқыны.

Осы аталған теңеу және әхли-далалет пен әхли-иманның өмір салтын, тұрмысын, атқарар міндеті жағынан мәнісіне ишарат ететін

﴿ لَقَدْ خَلَقْنَا الْاِنْسَانَ ف۪ٓى اَحْسَنِ تَقْو۪يمٍ ٭ ثُمَّ رَدَدْنَاهُ اَسْفَلَ سَافِل۪ينَ ٭ اِلَّا الَّذ۪ينَ اٰمَنُوا وَ عَمِلُوا الصَّالِحَاتِ ﴾

Сондай-ақ, олардың нәтижелері мен ақыры немен тынатынына ишарат ететін:

﴿ فَمَا بَكَتْ عَلَيْهِمُ السَّمَٓاءُ وَ الْاَرْضُ ﴾

Қасиетті Құран аяттарына зер салайық. Айтылған теңеуді қаншалықты маңызды түрде баяндайды десеңізші! Бірінші аят: Он бірінші Сөзде бұл аяттың шешендік әрі ижаздық жақтары егжей-тегжейлі баяндалғандықтан, бұны соған жүктеп отырмыз. Екінші аят: бұл аят қаншалықты маңызды да мәнді ақиқатты білдіретініне қысқаша ишарат етеміз.

Аталған аятты тура мағынасымен алып қарайтын болсақ, былай деп бұйырады: «Әһл-и далалет, яғни, азғындар өлген сәтте, жер мен аспан олар үшін жыламайды». Керісінше, алып қарайтын болсақ, былай шығады: "Имандылар дүниеден қайтқан кезде, жер мен аспан оларға қарап, жылайтын болады", яғни, әһл-и-далалет жер мен көктің атқарған міндеттерін бекерге шығарып, мән-мағынасын түсінбей, олардың қадірін түсіреді әрі ұсталарын танымайды. Сөйтіп, олардың намысына тиіп жауыздық жасайды, Сондықтан, әлбетте, жер мен көк оларға жылау былай тұрсын, керісінше, жиіркенетін болады. Олар арам қатқан кезінде көңілдері көншіп, рахаттанып қалады. Ал керісінше алатын болсақ: "Аспан мен Жер әһл-и-иман қайтыс болған сәтте жыламсырайды". Себебі, Әһл-и иман олардың атқарған міндеттерін бағалай біледі. Шын мәнісін мойындап,

— 156 —

білдірген мағыналарын иман арқылы аңғарады. «Қалай керемет жаратылған, қандай тамаша қызмет атқаруда», -дейді. Өздеріне лайық бағасын береді. Оларға Аллаһ Тағала атымен, оның есімдерінің айнасы деп қарап, махаббат етеді, сүйсінеді. Міне, сондықтан Әһл-и-иман дүниеден көшкенде аспан мен жер бейне бір жылап тұрғандай жабырқау күй кешеді.