Иман және күпірлік
— 11 —

Бірінші Сөз

«Биссмилләһ» әрбір жақсылықтың бастамасы. Олай болса, біз де «Биссмилләһтан» бастайық.

Ей, нәпсім! Біліп қой! Бұл мүбәрак сөз, Исламның белгісі. Сондай-ақ, оны бүкіл жаратылыс атаулы, өздеріне тән тілімен әрдайым қайталап отырады. «Биссмилләһ» қажымас қайрат, таусылмайтын береке екенін білгің келсе, мына шағын хикаяға назар аудар, құлақ сал:

Бәдәуи араб сахарасына сапарға шыққан адам жол торыған қа рақшылардан аман құтылып, өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуі үшін белгілі бір қауымның басшысының атымен әрекет етіп, оны өзіне пана тұтып жүруі керек. Әйтпесе, қаптаған жауға, жол қиыншылығына душар болып, әбіржіп кететіні рас.

Екі адам осындай жолға шығыпты. Олардың біреуі - кішіпейіл, екіншісі - тәкаппар екен. Кішіпейілі әлгіндей бір басшыны пана тұтады, ал тәкаппар жолаушы оны қажетсінбеді. Кішіпейіл жолаушы барлық жерде аман-есен жүрді. Жолда қарақшыларға жолықса: «Мен пәлен деген басшының атынан жүрмін» - дейді. Қарақшылар тиіспей, жөніне кете береді. Сондай-ақ, жолай үйлерге ат басын бұра қалса, әлгі беделді басшының арқасында құрметке бөленеді.

Ал, анау тәкаппардың жол бойы әбіржіп азып-тозғаны соншалық, жағдайын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әрдайым зәресі ұшып, қорқыныш пен үрейден әбден титықтапты. Ақырында досқа күлкі, дұшпанға таба болыпты.

Міне, ей тәкаппар нәпсім! Сен де бір жолаушысың. Мына дүние шексіз сахара секілді. Өзің әлсіз, пақырсың. Дұшпаның көп, ал өзінің көп нәрсеге мұқтажсың. Ендеше, мына сахараның иесі Хаким-і Әзели Аллаһтың есімін пана тұт! Сондағана әлемдегі құбылыстардан, түрлі қауіп-қатерден аман болып, оларға тәуелді болудан құтыласың. Сенің әлсіздігің мен пақырлығың әлгі қасиетті сөздің арқасында құдіреті күшті Аллаһтың алдында саған шапағатшы болады. Сондықтан, әрбір ісін "Биссмилләһ" деп бастайтын адам ешкімнен қорықпайтын, қандай іс болсын заң жүзінде, мемлекет атынан абыроймен атқарып, бәріне төтеп беретін жауынгерге ұқсайды.

— 12 —

Сөз басында күллі жаратылыс өздеріне тән тілмен «Биссмилләһ» дейтінін айтып өттік. Енді соған тоқталайық:

Мәселен, бір адам бүкіл қала тұрғындарын бір өзі бір жерге жинап мәжбүрлеп жұмысқа жексе, оның бұл істі өз күшімен емес, біреудің атынан, яки Патшаның құдіретіне сүйеніп, мемлекет атынан атқарғанын түсінесің.

Сол секілді бүкіл нәрсе Хақ Тағаланың атымен іс атқарады. Кіп-кішкене дәнектер зәулім ағаштарды көтеріп тұрады. Әрбір ағаш «Биссмилләһ» деп, Аллаһтың рахым қазынасындағы жемістерді бізге жеткізіп отырады. Бау-бақшалар, да «Биссмилләһ» дейді. Бейне бір сан-алуан дәмді тағамдар бірге пісіріліп жататын Иләһи қазан тәрізді. Сиыр, қой, ешкі, түйе секілді жануарлар «Биссмилләһ» дейді, Бізді Аллаһтың «Рәззақ» атымен, өте жұғымды аппақ сүтпен қамтамасыз етеді.

Өсімдіктер мен ағаштардың жібектей жұмсақ тамырлары «Биссмилләһ» дейді. Қатып қалған тас пен топырақты тесіп өтеді. «Аллаһ атымен, Рахман атымен» дегенде бәрі қызметші бола қалады.

Ағаштың бұтақтары ауада еркін жайылып, жеміс салатыны тәрізді нәзік тамырлардың жер астында емін-еркін жайылып, түйнек салуы, сондай-ақ, нәзік, жасыл жапырақтардың аптап ыстықта айлар бойы жап-жасыл қалпында тұруы; "табиғат жаратты" дегендердің аузына құм құяды. Оларға:

«Көздерің соқыр ма? Көрмейсіңдер ме? Қаттылық та, ыстық та Құдайдың бұйрығымен әрекет етеді. Әлгі жұп-жұмсақ нәзік тамырлар Мұсаның (Ғ.С.) аса таяғы тәрізді فَقُلْنَا اضْرِبْ بِعَصَاكَ الْحَجَرَ әмірімен тас-топырақты қақ жарады. Жұп-жұқа, нәзік жапырақтар Ибраһимнің (Ғ.С.) ағзалары тәрізді отқа қарсы аятын оқиды» - дейді.

Иә, барлық нәрсе «Биссмилләһ» деп, ырыс- нығметтерді Аллаһтың атымен бізге әкеліп беруде. Ендеше, біз де «Биссмилләһ» деуіміз керек. Аллаһ атымен алып, Аллаһ атымен беруіміз керек. Аллаһ атымен бермейтін, ғапыл, бейқам адамдардан алмауымыз керек.

Сауал: Әлгі ризық-нығметтерді әкеліп беруші себептерге мән беріп, баға беріп жатамыз. Алайда, бұл нығметтердің нағыз иесі Аллаһ Тағала, мұнша нығметтерінің ақысына не сұрайды?

— 13 —

Жауап: Иә, нағыз Жарылқаушы, аса Қамқор Аллаһ Тағала өзінің құнды нығметтері үшін бізден үш нәрсе сұрайды. Олар - зікір, шүкір, пікір.

Әрнәрсенің басында «Биссмилләһ» айту - зікір. Соңында

«Әлхамдүлилләһ» деу - шүкір. Ортасында осыншама таңғажайып нығметтерді Әхад әрі Самәд Аллаһтың құдреті жаратты, Оның жарылқауы, сыйлығы деп білу - пікір.

Патша өте пақыр адам арқылы біреуге қымбат сыйлық жіберсе, мұны алған пенде сыйлықты әкелген әлгі міскіннің аяғын сүйіп, риза болып, ал сыйлықты жіберген нағыз иесін сұрамаса, танымаса, барып тұрған ақымақтық емес пе? Сол сияқты сырт көзге нығметті беруші, негізінде тасушы ғана себептерге аса мән беріп, оларды жақсы көріп, ал нағыз иесі аса қамқор Мүним-і Хақиқи Аллаһты ұмыту немесе танымау әлгі мысалдағыдан мың есе ақымақтық.

Ей, нәпсім! Мұндай ақымақ болғың келмесе, Аллаһ атымен бер! Аллаһ атымен ал! Аллаһ атымен баста! Аллаһ атымен әрекет жаса! Уәссәлам.