Екінші Сөз
Иманда мол бақыт, зор нығмет, таусылмас ләззат, керемет рахат бар екенін білгің келсе, мына мысали хикаяға назар аудар, құлақ сал!
Бірде екі адам көңіл сергітіп әрі сауда-саттық жасау үшін сапарға шығады. Олардың біреуі өзімшіл де бейбақ, екіншісі Құдайшыл, бақытты адам болатын. Екеуі екі бағытқа кетеді. Қара басының қамынан басқаны ойламайтын өзімшіл һәм әр нәрсенің болымсыз жағына қарайтын сорлы, жаман ниетіне қарай назарында жаман елге тап болады. Ол елдің тұрғындары залымдардан қиянат көріп, жылап-еңіреген бейшаралар боп көрінеді. Қайда барса да қасірет шегіп, зар жылаған мұңлықтарды көреді. Орталықтың өзінде қорқынышты жаназа мен тірі жетімдерді көріп қатты күйзеледі. Бұл қайғы-қасіретті сезбеу үшін шарап ішіп, мас болудан басқа шара таппайды. Өйткені бәрі оған жат, дұшпан болып көрінеді.
Ал, бақытты жан болса, жақсы ниеті мен дархан мінезінің арқасында керемет елге тап болады. Барған жерінде бәрі қуанышты, көңілдері көтеріңкі. Барлығы оған дос, күлім қағып, туыс-бауырдай көрінді. Тәкбір, Тәхлил яғни зікір салып, әскерге алынушыларды құттықтаған дауылпаз, сырнайлардың сазды дауысын естіп шаттанып қалды. Әлгі бейбақтың жағдайына керісінше, мына бақытты жанның көрген қызығы мен қуанышы зор еді. Көпшіліктің қуанышына мерейі тасып, көңілі жәй тапты. Жүзі жадырап, істеген саудасы да сәтті болып, табысқа кенелді. Аллаһқа шүкір етті.
Сапардан оралып келе жатқанда екеуі қайта жолықты. Бақыттысы танысының ауыр жағдайын айтқызбай-ақ түсініп, былай деді:
"Ау, жүнжіп кетіпсің ғой. Ішіңдегі жамандықтар сыртыңа шыққан-ау, күлуді - жылау, әскери міндеттен босатылуды - тонау, дүние-мүлкін талан-таражға салу деп, босқа уайымдапсың. Енді ақылға келіп, жүрегіңді тазарт! Назарыңды бүркемелеп, ақиқатты көрсетпей тұрған пердені ысырып таста дағы ақиқатты көр! Шексіз әділ, өте рақымды, халқына қамқор, жанашыр, мейірбан да қайырымды Патшаның елі сен ойлағандай болуы мүмкін бе? Әрі көз алдыңда осыншама өркениет пен кемелдіктің нышандарын көрсетіп тұрған мұндай ел сен ойлағандай жаман болуы мүмкін емес!"
Осыны естігеннен кейін әлгі сорлы есін жинап, өткеніне өкініп: "Иә, мен ішімдіктің кесірінен тоз-тоз боп жүнжіп кетіппін. Аллаһ саған риза болсын! Сен мені тозақи жағдайдан құтқардың", - деп рахметін айтады.
Ей, нәпсім, біліп қой! Бірінші адам кәпір немесе Аллаһты ұмытқан, пасық адам. Оның назарында мына дүние, қасіретке толы, қайғысы көп жер. Тіршілік иелері ақырында жоқ болудан құтыла алмай, зар еңіреген жетімдер сықылды. Хайуанат, адамзат ажалдың тырнағынан құтыла алмайтын бейшаралар тәрізді. Ал, тау мен теңіз, табиғат меңіреу, үрейлі жаназа түрінде көрінеді. Сөйтіп әлгі бейбақтың зәресі ұшып, бойын үрей билеп, күпірлік пен азғындықтың кесірінен рухани азап шегеді.
Ал, екінші адам болса мүмин. Ол, Хақ Тағаланы танып, мойындайды. Ол мына дүниені Рахманды зікір ететін жер, адамзат пен жан-жануардың тәлім-тәрбие алатын орны, адамдар мен жындардың сынақ алаңы деп түсінеді. Сондай-ақ, өлімді, адамдар мен хайуандардың бостандыққа шығуы, дүниедегі міндетін атқарғандар, дүрбелең әлеммен қош айтысып, әлдеқайда бақытты, анағұрлым тыныш о дүниеге аттанады. Сөйтіп өздерінен кейінгілердің тіршілік етіп, қызмет етуіне орын береді деп түсінеді. Бүкіл адамзат пен хайуандардың дүниеге келуі - отандық борышын өтеу үшін әскер қатарына алынып, қару асынған жауынгер секілді жауапкершілігі мол міндет атқару боп табылады. Тіршілік иелері - тапсырма алған әскер, белгілі міндет жүктелген қызметкерлер. Дүниедегі барлық дыбыстар міндетті орындар алдындағы зікір мен тәсбих, демалыс кезіндегі шүкір мен рахаттану немесе еңбекке құлшыныстан туындаған дыбыстар. Жаратылыс атаулының барлығы Сәйид-і Кәрим, Мәлик-і Рахим
Аллаһтың адал қызметшілері, оқылатын қызықты кітаптар тәрізді. Осылай қараған кезде иманның саясында дүния тамаша мекен-жай болып, ләззаты мол ұлы ақиқаттар ашылып, көңілді жадыратады.
Демек, Иманның ішінде Жәннаттағы Туба ағашының рухани дәнегі бар. Ал, күпірлікте Жәһаннамдағы Заққум ағашының рухани дәнегі жатады. Демек, есендік пен саламат тек Ислам діні мен Иманда. Олай болса, біз әрдайым
деуге міндеттіміз.