Иман және күпірлік
— 17 —

Үшінші Сөз

﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ يَٓا اَيُّهَا النَّاسُ اعْبُدُوا ﴾

Құлшылықтың мол бақыт, орасан зор пайда екенін, ал пасықтық пен нәпсі құмарлық күллі зиян, қайғы-қасірет екенін білгің келсе, мысал ретінде мына хикаяны зейін қойып тыңда!

Бірде әскери міндетін өтеп жүрген екі адам шалғайда орналасқан бір қалаға баруға бұйрық алып, жолға шығады. Олар едәуір жүргеннен кейін, жол екіге айрылады. Жол айрығында бір адам кез болып, екеуіне былай дейді:

"Бұл жолдардың тағдыры екі басқа. Оң жақтағысымен жүргендердің ұдайы жолы болып, ойлаған мақсатына жетеді. Бұл жолды қалаған он адамның тоғызы пайдаға кенеліп, рахатқа бөленеді. Ал мына солға кеткен жол, ешкімге пайда бермеген. Бұған түскен он адамның тоғызы зиян шеккен. Дегенмен екі жолдың қашықтығы бірдей. Бірақ, мынадай бір айырмашылығы бар. Сол жақты қалаған адам қоржын арқалап, қару асынбайды. Басқарушыға да, тәртіпке де бағынбайды. Өткінші де алдамшы рахатқа батады. Ал, оң жақты қалаған адам әскери заңға бағынуға міндетті әрі жол азығы салынған қоржын мен кез-келген дұшпанды жайратып салатын қару асынуы шарт".

Мұны естіген соң біреуі оң жақ жолды қалайды. Арқасына қоржынын арқалап, белін бекем буады. Сөйтіп, үрей мен қорқыныштан, кіріптарлықтан аман болып, көңілі жәй, сапары сәтті болады. Ал, өзіне қажетті жүкті арқаламай, заңға бағынғысы келмей сол жақты таңдаған екінші жолаушы болса, жүк арқалаудан құтылғанымен, жүрегі зіл батпан кіріптарлықтың астында қалып, нағыз ауыр жүкті сол көтерді. Анталаған дұшпаннан зәресі ұшып, рухани күйзеліскетүсті. Жол бойы жұрттың бәріне қайыршы атанып, уайымнан бір құтыла алмайды. Баратын жеріне өлімші болып, зорға жетті. Онда да сатқындығы мен заңға бағынбағаны үшін қашқын ретінде жазасын тартты.

— 18 —

Ал, әскери заңға бағынып, қоржыны мен қаруын тастамай оң жақ жолға түскен жауынгер ешкімге кіріптар болмай, ешқандай қауіп-қатерге ұрынбай, абыройлы түрде көңілі шат болып барар жеріне жетті. Ол жерде міндетін адал атқарған қаһарман жауынгерге лайық сый-сыяпат көрді.

Ей, тентек нәпсім! Біліп қой, әлгі екі жолаушының бірі, Аллаһтың заңдарына бағынатындар, ал екіншісі болса, Иләһи тәртіпке көнбей, нәпсінің дегенінен шыға алмайтындар. Жол деп отырғанымыз - рухтар әлемінен келіп, қабірден өтіп, ақыретке бастар өмір жолы. Қоржын мен қару-жарақ - ғибадат пен шынайы тақуалық. Сырт көзге құлшылық ауыр болып көрінгенімен, шын мәнінде рахат әрі жеңіл екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі, ғабит, яғни, құлшылық ететін адам, намазда اَشْهَدُ اَنْ لَٓا اِلٰهَ اِلَّا اللّٰهُ дейді. Яғни, «Жаратушы да, Рызық беруші де - Ол. Зиян да, пайда да соның қолында. Ол - Хакім, яғни, әрбір ісі хикметке толы, мақсат пен пайда бар. Ол - әсте бос, мағынасыз іс жасамайды. Ол - Рахим, сыйы мен мейірімі мол, шексіз» деп сенгендіктен барлық нәрседен мейірімділіктің нышанын көріп, дұға-тілек арқылы жақсылық күтеді. Сондай-ақ барлық нәрсе Раббысының қолында екеніне кәміл сеніп, рахымына сыйынады. Тәуекел етіп, Оған үміт артады. Түрлі жаманшылықтардан Оған сыйынып, Оны пана тұтады. Ең сенімді қорғаны өз иманы болмақ.

Иә, барша жақсылық та, тіпті, шынайы батырлық та Иман мен ғибадаттан бастау алады. Ал, бүкіл жаманшылық, тіпті, қорқақтық пен азғындық та имансыздықтан туады.

Иә, жүрегі нұрға бөленіп, иманға толы болған құлды Жер шары бомба болып жарылса да қорқыта алмайды. Керісінше, Самәдани құдіреттің жойқын құбылысын тамсана тамашалайтын болады. Ал, оның орнында имансыз, пасық философ болса, ондай жарылыс түгілі көктегі құйрықты жұлдызды көріп, қорқып: "Апырым-ай, мына сандалған жұлдыз Жер шарымен соғып кетпей ме екен?" - деп, сары уайымға салынады. (Осындай аспан құбылысынан бір кездері Америка жұрты қорқып, үйлерінен безіп, далаға түнегені бар).

Адам баласы көп нәрсеге мұқтаж, бірақ қолы қысқа, күші жоқтың қасы. Өмірде кезігетін пәлелерге нысана болып тұрса да, ерік-шамасы қолының жеткен жеріне дейін ғана. Ал мұң-мұқтаждығы

— 19 —

көзі мен қиялы жеткен жерге дейін созыла береді. Олай болса тым әлсіз, шарасыз әрі пақыр, мұң-мұқтажы мол адамға Жаратқан Иесіне құлшылық қылу, тәуекел ету, иман келтіру тәухид, Иләһи үкімдерге мойынсұну қаншалықты тиімді де пайдалы, мол бақыт, зор нығмет екендігін мүлдем көр-соқырға айналмаған жандар түсінер, бәлкім көрер.

Адамдар зиянды жолдың қауіптілігін ойлап тіпті оннан бір ықтимал болса да зиянсыз жол іздейтіні мәлім. Әңгімеге арқау болып отырған құлшылық, Исламның хақ жолы еш зиянсыз болуымен қатар оннан тоғыз ықтимал мәңгілік бақытқа бөлеп, қымбат қазына таптырмақ.

Ал, күпірлік пен азғындық жолы түк пайдасыз екенін тіпті пасықтар да мойындауда және о дүниеде азап шегетіндігін "әһл-и кешф" дәрежедегі әулиелер бір ауыздан куәлік етуде.

Олар пасықтық оннан тоғыз ықтимал мәңгі азапқа салатын, құрдымға апаратын кесірлі жол екені анық дәлелдеген.

Қорытынды: Аллаһқа әскер болып мойынсұну және шынайы құлшылық бұл дүниеде де, ақыретте де бақытқа бөлейді. Олай болса, біз әрдайым:

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ عَلَى الطَّاعَةِ وَالتَّوْف۪يقِ

деп мұсылман болғанымызға шүкіршілік етуіміз керек.