Төртінші Сөз
Намаздың мол байлық әрі маңызды шаруа екендігін, және сол байлыққа көп нәрсе жұмсамай-ақ, аз ғана шығын арқылы қол жеткізуге болатындығын, ал, бейнамаз жүрген бейбақ адамның күллі зиян шегетіндігі екі жердегі екінің төрт болатындығы секілді нақты екендігін білгің келсе, мына мысали хикаяға назар аудар:
Баяғыда бір патша, екі қызметкерінің әрқайсысына жиырма төрт алтыннан беріп, екі айлық жердегі өзінің жеке, әдемі саябағына қоныстанып, сол жақта өмір сүруін бұйырады. "Мына қаражатқа жолға керек заттар мен билет алыңдар, сондай-ақ ол жақта қажетті нәрселер сатып аларсыңдар. Бір күндік жерде бекет бар. Бекетте автобус, кеме, поезд, ұшақ секілді жол көліктері бар. Қаражаттарыңа қарай мінерсіңдер", - деді.
Екі қызметші бұйрық алған соң жолға шығады. Олардың біреуі бақтияр еді. Бекетке дейін аз шығындалып, оның есесіне қожайынының көңілінен шығатын сауда жасап, қалтасындағы қаражат мың есе артып кетті. Ал екінші қызметші болса, бейбақ, ойына келгенді жасай беретін. Бекетке дейін жиырма үш алтынын құмар ойындарына жұмсап ысырап қылады. Бір ғана алтыны қалғанда жолдасының жаны ашып: "Қалған бір алтыныңды билетке қалдыр! Жол ұзақ, аш-жалаңаш қалу қаупі бар. Қожайынымыз мейірімді ғой, мүмкін қатеңді кешірер, тіпті ұшаққа да мінгізіп жіберер. Сөйтіп барар жеріңе бір күнде жетіп аларсың. Әйтпесе, екі айлық жолда аш-жалаңаш әрі жаяу жүруіңе тура келеді", - деді.
Апырым-ай, анау адам қасарысып, қолындағы бір ділдәсін қазынаның кілтіндей қымбат, өзіне аса қажетті билетке бермей, оны да өткінші ләззат, болмашы қызық үшін құмар ойынға жұмсап жіберсе, оның ақылсыз, ақымақ екендігін ең ақымақ адамдар да түсінетін болар.
Міне, ей бейнамаз адам! Және намазды жақтырмайтын нәпсім! Бұл мысалдағы патша деп отырғаны - Раббымыз, Халиқымыз - Аллаһ. Ал, екі қызметші, яғни жолаушылар болса, біреуі - намазын ықыласпен оқитын, екіншісі - ғапыл, намаз оқымайтын бейқам кісілер. Жиырма төрт алтын деп отырғаны, бір күндегі жиырма төрт сағаттық өмір. Ал, сая-бақ болса - Жәннат. Бекет дегені қабір. Сапар болса, қабірге қарай одан махшарға, одан әрі мәңгілік әлеміне жалғасатын адами ғұмыр. Ол жолды әркім тақуалығына қарай әрқилы жүріп өтеді екен. Кейбір тақуа кісілер мың жылдық жолды бір күнде қиялдай самғап өтсе, кейбірі елу мың жылдық жолды бір күнде өтіп кетеді. Бұған Қасиетті Құран екі аятымен ишара етеді.
Ал, манағы билет болса - намаз. Бес уақыт намаз дәретімен қоса есептегенде бір сағат қана уақыт алады. Апырым-ай, жиырма үш сағатын мына жалған дүниеге жұмсап, ал мәңгі, өмірге бір сағатын қимаған адамның қаншалықты зиянға ұшырайтынын, өзі-өзіне зұлымдық жасайтынын аңғарған шығарсың. Мың кісі қатысқан, ұту мүмкіндігі мыңнан бір ғана құмар ойынына қолындағы ақшасының жартысын салуды жөн санап, ал ұтары жүзден тоқсан тоғыз ықтимал «мәңгілік қазына», үшін қолда барының жиырма төрттен бір бөлігін бермеу ақымақтық екенін түсіну қиын ба? Оның үстіне, намаз оқығанда рух, жүрек, ақыл-ой сияқты сезімдер тынығып, рахатқа батады. Шаршататындай ауыр жұмыс та емес және намаз оқыған кісінің бейкүнә істері, тұрмыс тіршілігі құлшылық болып есептеледі. Осылайша, бүкіл өмірін ақыретке арнап, фәни өмірін мәңгі-бақи өмірге айналдырады.