Бесінші Сөз
Намаз оқу, ауыр күнәлардан аулақ болу адамның басты міндеті және жаратылысы соған лайық екенін білгің келсе, мына шағын мысали хикаяны тыңда:
Соғыс кезінде бір әскери бөлімшеде біреуі білімді де ұқыпты, екіншісі ұқыпсыз, тамақсау екі жауынгер болыпты. Ұқыпты жауынгер әскери дайындыққа ынталы болатын, нәпәқасын, ішіп-жемін ойлап басын ауыртпайтын. Өйткені, толық қамтамасыз ету, қарумен жабдықтау, ауырып қалса емдеу, тіпті керек кезінде тамақты аузына апарып салу да мемлекеттің міндеті екенін, өзінің міндеті білім алу және отанды қорғап соғысу екенін жақсы білетін. Кейде тамақ әзірлеу, қазан қайнату, ыдыс-аяқ жуу, су тасу жұмыстарын да атқаратын. "Не істеп жүрсің?" - десе, ол: "Отан алдындағы борышымды, әскери міндетімді өтеп жүрмін", - деп жауап беретін. Ешқашан: "Нәпәқа табу үшін, күн көріс үшін жүрмін" - демейтін.
Ал, тамақсау, жауапкершілігі төмен жауынгер болса, оқу мен соғыс өнеріне немқұрайлы қарап: "Ол мемлекеттің жұмысы, маған керегі не" - дейтін. Әрдайым қарнының қамын ойлап, әскери дайындықтан қашып, базар аралап, сауда жасайтын. Бір күні тәртіпті құрдасы оған былай деді: "Достым, сенің міндетің білім алу мен соғыс өнерін жетік меңгеру. Сен бұл жерге сол үшін келдің. Патшаға сенім арт. Ол сені аш қалдырмайды, сені асырау оның міндеті. Сенің шамаң шектеулі, дәрменсіз әрі пақырсың. Өзімді өзім қамтамасыз етемін деп әуре болма әрі қазір соғыс уақыты болғандықтан бұл тәртіпсіздігің үшін жазаға тартыласың. Рас, атқарылуы тиіс екі міндет бар. Бірақ, біреуі патшаның міндеті. Ол - бізді асырау, қамтамасыз ету. Оны кейде өзімізге істетеді. Екіншісі біздің міндетіміз. Ол - оқып тәлім алу, соғысу. Патшамыз бізді қару-жарақпен қамтамасыз етіп, жағдай жасайды".
Апырым-ай, манағы олақ жауынгер ұқыпты досының айтқанына құлақ аспаса, жағдайы қиын болары түсінікті шығар.
Ей, жалқау нәпсім! Әлгі аласапыран соғыс майданы - мына дүбірге толы дүние. Әскер болса адамзат, ал оның бір бөлімшесі - осы ғасырдың Ислам жамағаты, яғни, мұсылмандар. Ондағы екі жауынгердің біреуі Аллаһтың әмірлерін орындап, күнәлардан аулақ болу үшін шайтанмен айқасып жүрген тақуа мұсылмандар. Екіншісі, Құдайға сенбегендей күнкөрістің қамы деп Аллаһтың әмірлерін орындамай, адал мен арамды айырмайтын пасық адамдар. Ал, тәлім-тәрбие болса, құлшылық, ең бастысы - намаз. Ал, соғыс болса адамның әуестікке берілмей нәпсімен күресуі және жын және адам кейпіндегі шайтандармен шайқасуы. Жүрек пен рухты арашалап, мінез-құлықтың бұзылуынан сақтану.
Ал, атқарылуы қажет екі міндеттің біріншісі - жан беріп, өмір сыйлап әрі оны қамтамасыз ету. Екіншісі болса, өмір сыйлап, оны жан-жақты қамтамасыз етушіге шынайы түрде беріліп, жалбарыну, Оған тәуекел етіп, сену.
Иә, әсем де ғажайып Иләһи өнер болып табылатын және хикметке толы мына өмірді кім сыйлаған болса, оны жалғастырып, қамтамасыз ететін де сол ғана. Басқа ешкімнің қолынан келмейді. Дәлел керек болса, өте әлсіз әрі түйсігі жоқ хайуандарға қара! Олар өте керемет қоректенеді. Мысалы, нәзік құрттар мен балықтар. Жаратылысы нәзік, бейшара болғандықтан өте керемет азықтанады. Бүкіл нәрестелер мен жан-жануарлардың төлдері де солай.
Демек, адал ризық табу күш пен ептілікке байланысты емес, керісінше әлсіздік пен шарасыздыққа байланысты.
Дәлел ретінде балықтарды түлкілермен, кішкене төлдерді үлкен жануарлармен, ағаштарды хайуандармен салыстыру жетіп жатыр. Демек, намаз оқымай тек күн көрістің қамын ойлайтын адам әлгі жауапкершілікті сезінбейтін жауынгерге ұқсайды. Ал, намазын оқып, Рәззақ-ы Кәрим, Жомарт Аллаһ жаратқан дәмханадан несібесін іздеу, біреуге масыл, жүк болмау үшін өзі барып алуы мәрттік әрі құлшылық болып есептеледі.
Иә, адамның жаратылысы, оның бойындағы қасиеттер құлшылық үшін жаратылғанын көрсетеді. Өйткені, адам тек бұл дүниелік өмірді ойлап, бар күшін соған жұмсаса тұрмыс жағдайы құс екеш торғайға
да жете алмайды. Алайда, рухани өмір сүріп, ақыреттің қамын ойлап, өзінің пақыр екенін мойындап, Жаратқан Раббысына жалбарынса бүкіл тіршілік иесінің сұлтаны, әміршісі деген жоғары мәртебеге ие болады.
Демек, ей, нәпсім! Егер басты мақсатың дүниелік өмір болып, тек соның қамын ойласаң, торғаймен деңгейлес болып қаласың.
Егер ақыреттік, рухани өмірді ойлап, сол жақта бақытты болуды мақсат қылсаң және мына фәни өмірді соған ұйытқы, оның егін алқабы деп қабылдап, о дүниеге қам жасасаң, барлық тіршілік иелерінің басшысы әрі Хақ Тағаланың бұл дүниедегі ерке құлы, қымбатты да қадірлі қонағы боласың.
Міне, саған екі жол. Қалағаныңды таңда. Тура жол мен таупықты Әрхам-ур Рахимин, Мейрімділердің ең мейірімдісі Аллаһтан сұра!