Алтыншы Сөз
Жанын және дүниесін жаратқан Аллаһқа сату және Оған құл, әскер болудың тиімді сауда, үлкен абырой, биік лауазым екенін білгің келсе, мына мысал ретіндегі қысқаша хикаяны тыңда!
Баяғыда бір патша қарамағындағы екі адамға аманат ретінде әрқайсысына бір-бір қожалық береді. Ол қожалықта фабрика, өндірістік мәшине, ат-көлік, құрал-сайман секілді тұрмысқа қажетті барлық жабдықтары сайма-сай екен. Бірақ, сұрапыл соғыс кезі болғандықтан бәрі баянсыз, бар нәрсе жоғалып немесе өзгеріске ұшырап жатқан заман екен. Мейірімді Патша әлгі екі адамға ілтипат жасап бір елшісін жібереді. Елші арқылы мейірімді жарлығымен былай дейді: "Сендерге берген аманатымды маған қайта сатыңдар. Оны өзім сақтаймын. Босқа зая болмасын. Соғыс біткен соң берекелі түрде өздеріңе қайтарып беремін. Аманатымды сендердің мүліктерің секілді қымбатқа, сатып аламын да байлыққа кенелтемін. Өндіріс мәшинелері мен фабрикадағы өзге де құрал-жабдықтар менің атымнан, менің жерімде жұмыс істейтін болады әрі табысы мың есеге артады. Ол пайданы да түгелдей сендерге беремін. Сендер әлсіз, әрі пақырсыңдар, ондай ауқымды ауыр жұмыстарды атқаруға, қажетті нәрселермен қамтамасыз етуге шамаларың жетпесі анық. Барлық шығынды өзім көтеремін. Түскен пайда мен байлықты сендерге бөліп беремін. Әскери міндеттен босағанға дейін оларды сендердің қолдарыңда қалдырамын. Міне, бес есе пайда!
Егер маған сатпасаңдар, көріп отырсыңдар ешкім қолындағысына ие бола алмай, айрылып қалуда. Сендер де солардың кейпін киесіңдер. Зор шығынға ұшырап, берілгелі тұрған мол байлықтан құр қаласыңдар. Қымбат құрал-жабдықтар мен нәзік аспаптар қолданысына сай жұмыс істемегендіктен құнын жояды. Оларды
сақтау мен басқару жауапкершілігі және өзге де машақаты мойындарыңа мінеді. Аманатқа қиянат жасап, жазасын тартатын боласыңдар. Пайда көрудің орнына бес есе зиян шегесіңдер!
Ал, маған сату деген сөз, маған әскер болып менің атыммен әрекет ету. Құны жоқ тұтқын немесе бұзақы атанудың орнына Ұлы патшаның нағыз ерікті жауынгері, адал сарбазы атанасыңдар".
Осы ілтипат толы жарлықпен танысқаннан кейін әлгі екі адамның біреуі: "Әлбетте, мен сатуға дайынмын. Қуана-қуана келісемін. Мың да бір шүкіршілік етемін" - деді. Бұл ақылды әрі тәрбиелісі болатын. Екіншісі тәкаппар, нәпсісі перғауынға айналған, өзімшіл, маскүнем болатын. Ол өзін әлгі қожалықта мәңгі қалатындай сезінетін. Сырттағы зілзәла мен апаттан бейхабар ол: "Жоқ! Патша кім, танымаймын. Мен мүлкімді сатпаймын, рахатымды бұзғым келмейді" - деп қарсылық білдірді.
Арада біраз уақыт өткен соң бірінші адамның мерейі өсіп, жоғары мәртебеге ие болды. Оны көргендердің барлығы қызыға қарайтын. Себебі, патшаның мейіріміне бөленіп, оның хан сарайында бақытты ғұмыр кешіп жатты. Анау бейбақ болса, өте ауыр жағдайға душар болды. Көргендердің барлығы оған жаны ашып, бір жағынан "өзіңе де сол керек" дейтін. Өйткені, жіберген қателігінің жазасы ретінде бақытынан да, мал-мүлкінен де айрылып, азабын тартуда.
Ей, дүниеқұмар нәпсім! Осы мысалды дүрбі етіп, ақиқатқа қара! Мысалда келтірілген Патша - Әзел, Әбәд Сұлтаны - раббың, Халиқың - Аллаһ. Қожалық, құрал-жабдықтар мен таразылар - сенің өмірде иелігіңе берілген нәрселер. Соның ішінде дене, рух, жүрек, көз, құлақ, тіл, ақыл, қиял сынды сыртқы және ішкі сезімдерің. Ал, елші деп отырғаны - расул-ы кәрим, яғни Ардақты Пайғамбарымыз. Ілтипатқа толы жарлық дегені - Құран Хаким. Біз сөз еткен үлкен сауда туралы Құран Кәрімнің
аяты баяндайды.
Ал, әлгі аласапыран соғыс майданы болса, бір орнында тұр- майтын, сан-құбылып өзгеретін, қауіп-қатерге толы баянсыз мына дүние. Расында, фәни дүниедегі құбылыстар адам баласының санасына: "Осылайша барлық нәрсе қолымыздан шығып кете бере ме? Бұларды мәңгілікке айналдырудың шарасы жоқ па?" - деген ой
туғызады. Адам осылай ойланған сәтте Аспани Құранның дауысы естіледі: "Иә, бар. Мұның бес есе пайдалы әрі тамаша, жеңіл шарасы бар," - дейді.
Сұрақ: Ол қандай шара?
Жауап: Аманатты нағыз иесіне сату. Мұндай сауданың еселеп беретін бес пайдасы бар.
Бірінші пайдасы: Фәни байлық мәңгілікке айналады. Себебі, Қаюм-ы Бақи, Зат-ы Зүлжәлал Аллаһқа арналған және Оның жолында жұмсалған өткінші өмір мәңгілікке айналып, бақи жеміс береді. Сөйтіп өмір сәттері сырт көзге шіріп, жоқ болып кеткен тұқым, дәнектер секілді аяқталып, фәни болғанымен бақи әлемде мәңгі бақыт гүлдерін ашып, өсіп-өнетін болады. Әрі Берзах әлемінде әрбір минут нұрлы да, жағымды түрде қайта оралатын болады.
Екінші пайдасы: Ерекше сый - Жәннат беріледі.
Үшінші пайдасы: Әрбір ағза мен сезім мүшелерінің құндылығы мың есеге артады. Мәселен, ақыл ол бір құрал. Оны Хақ Тағалаға сатпай, нәпсі жетегінде жұмсаса, жанды қинап, мазалайтын құралға айналады. Себебі, өткен күндердің өкініштері мен болашақтың уайымын жегізіп бейшара басты төпелеп, сабалаушы деңгейіне құлдырап кетеді. Сондықтан, пасық адамдар, ақылдың мазалауынан құтылу үшін маскүнемдікке салынады немесе бос ойын-күлкіге құмар келеді.
Егер ақыл, Мәлик-і Хақиқиге яғни нағыз Иесіне сатылса және Оның атымен қолданып, әміріне сай пайдаланса тамаша тылсым- сырларды ашатын кілтке айналады да әлемдегі шексіз рақым байлықтарын, хикмет қазыналарын ашып, иесін мәңгі бақытқа жетелеуші Мүршид, ұстаз мәртебесіне көтеріледі.
Мысалы, көз. Рух бұл әлемді сол көз терезесі арқылы көреді. Егер оны Хақ Тағалаға сатпай, нәпсі үшін пайдаланса, өтпелі суреттер мен жай көріністердің жалған қызығын тамашалап, нәпсіқұмарлық пен әуестіктің арсыз қызметшісіне айналады. Егер көзді өз иесі
- Сани-ы Басир, Хақ Тағалаға сатса, Оның атынан және Оның рұқсатымен жұмсаса, мына әлем атты үлкен кітаптың оқырманы және әлемдегі ғажап Раббани өнерді тамашалаушы көрермен, Жер шары бақшасындағы рақым гүлдерінен бал жинаушы мүбарак ара мәртебесіне көтеріледі.
Мысалы, тілдің дәм сезу қабілетін Фатыр-ы Хакім,Аллаһқа сатпай нәпсіге ноқталап беріп, тек асқазан үшін жұмсаса, онда ол қарын фабрикасының есігіндегі күзетші деңгейіне құлдырап кетеді. Егер оны Рәззақ-ы Кәрим яғни Аса Жомарт ризық берушіге сатса, онда ол Иләһи рақым қазынасының мұқият бақылаушысы және Самәдани Құдірет асханасының шәкір (шүкір етуші) зерттеушісі дәрежесіне көтеріледі.
Міне, ей, ақыл! Мұқият бол! Мазаны алушы құрал болу қайда жатыр? Әлемнің сырларын ашатын кілт болу қайда жатыр?
Ей, көз! Жақсылап қара! Арсыз қызметші атану қандай, Иләһи кітапхананың зерделі зерттеуші қандай?!
Ей, тіл! Дәмді айырарда байқа! Фабриканың есігін күзету қалай? Аллаһтың рақымына тән қазынаның бақылаушысы болу қалай? Осылайша, өзге де құрал-ағзаларды, сезімдерді салыстырсаң шын мәнінде иманды жандар Жәннатқа, ал кәпірлер Жәһаннамға лайық екенін білуге болады. Олардың осындай сипаттарға ие болуының басты себебі мүминдер иманы арқылы Жаратушысының аманатын Оның атымен, әмірімен, рұқсат берген жерлерге қолданса, ал кәпірлер берілген аманатқа қиянат жасап, ысырап қылып тек жамандыққа, ұрындырушы нәпсі үшін жұмсауында.
Төртінші пайдасы: Адам баласы өте әлсіз. Мұң-мұқтаждығы сансыз. Пәлелері өте көп, дәрменсіз, пақыр. Оның үстіне өмір тауқыметі ауыр. Егер Қадир-ы Зүлжәлалге сүйеніп, тәуекел етпесе, Оған сеніп, шын берілмесе, ар-ұжданы азап құрсауында қалып нәтижесіз тірілік, машақат пен уайым, өкініш пен қайғы еңсесін басып, ақырында не маскүнемге, не жыртқыш хайуанға айналады.
Бесінші пайдасы: Адамның сезім мүшелерімен жасаған бүкіл ғибадат, құлшылықтары мен зікірлерінің ақысы тым мұқтаж болған кезінде, яғни қараңғы да тар қабірге түсіп қиналғанда пайдасы тиіп, Жәннат жемісі тәрізді алдынан шығатынына әулиелер мен сенімді көрегендер бір ауыздан куәлік етуде.
Егер де осы айтылған бес пайдалы сауданы жасамасаң, онда мұндай табыстың бәрінен мақұрым қалып қана қоймай, бес бірдей зиянға ұшырайсың.
Бірінші зиян: Соншалықты жақсы көретін мал-мүлік, байлығыңнан, бала-шағаңнан, жастық шағыңнан, өміріңнен, жақсы
көретін нәпсіңнен тіпті бәрінен айрылып, құр қаласың. Саған бұйыратыны өкініш пен қайғы, мойныңа жүктелер ауыр күнәлар мен қателіктер болмақ.
Екінші зиян: Аманатқа қиянат жасаудың жазасын тартасың. Себебі, өзіңе аманат етілген қымбат сезім-құралдарды бос әрі құнсыз нәрселерге жұмсап, ысырап қылдың, нәпсіңе, яғни, өзіңе зұлымдық еттің.
Үшінші зиян: Адам баласына ғана берілген қымбат құндылықтарды хайуаннан бетер төменгі деңгейге түсіргенің үшін Иләһи хикметке қайшы әрекет қылдың. Онымен қоймай үлкен зұлымдық жасадың.
Төртінші зиян: Әлсіз пақыр бола тұра өмірдің ауыр жүгін қылдай мойныңа артып, аяқталу мен айрылу қайғысын жұтып, өмір бақи жылаумен өтесің.
Бесінші зиян: Мәңгілік өмірдің негізін қалайтын және ақырет бақытына жеткізетін игі амал жасасын деп берілген ақыл, көз, тіл секілді Рахманның құнды құрал-сезімдердің қадірін түсіріп, Жәһаннамға жетелейтін зиянкес, басыңа бәле қылдың.
Енді сату мәселесіне келейік! Бұл, адам қашатындай соншалықты қиын шаруа ма? Жоқ! Еш қиындығы жоқ. Өйткені, шариғаттың өрісі қашан да кең, халал, яғни, рұқсат етілген нәрселер ләззат алуға толық жеткілікті. Харамға, күнәға батудың ешқандай қажеті жоқ. Аллаһ бұйырған парыздар да жеңіл, әрі аз.
Аллаһқа құл әрі әскер болу ләззаты мол үлкен абырой. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Жүктелген міндет: Аллаһтың атымен бастау, Аллаһтың атымен істеу, Аллаһтың атымен беру, Аллаһтың атымен алу... Оның рұқсатымен, оның әміріне сай әрекет ету, жазғанына көну...
Жаңылса, тәубесіне түсіп, ғафу өтініп: "Раббым! Күнәларымызды кеш! Бізді өзіңе құл ретінде қабыл ал! Аманатыңды алатын уақытқа дейін бізді аманатқа адал қыла гөр! Әмин!" - деп, жалбарынуы керек.