Жүрекке парсыша келген бір мінәжат
[Яғни, бұл мінәжат ойға парсы тілінде келіп, қаз қалпында жазылды. Бұдан бұрын басылған "Хубаб рисалесіне" енгізілген-ді.]
О, Раббым! Өз күшім мен қалау-еркіме сеніп, бейқамдықтың кесірінен тәуекел етпей, дертіме дәрмен іздеп "Алты жақ" деп аталатын айналама жалтақтап, медет іздедім. Өкінішке орай, дертіме дәрмен таба алмадым. "Дерттің өзі дәрмен емес пе еді" деген рухани нұсқау естідім.
Бейқамдықпен оң жағымнан, өткен шақтан жұбаныш табам ба деп оңға қарағанмын. Бірақ, кешегі күн әкемнің моласы, ал өткен шақ аталарымның алып мазары бейнесінде көрінді. Жұбаныш емес қорқыныш туғызды.
{(Сілтеме): Иман әлгі қорқынышты, алып мазарды қызықты, нұрлы мәжіліс, сүйіктілер жиналған жер түрінде көрсетеді.}
Содан кейін сол жағыма, болашаққа қарап едім, дертіме дәрмен таба алмадым. Ертеңім, менің қабірім және мен секілділер мен келешек ұрпақтың үлкен мазары түрінде көрініп, жұбаныш орнына үрей туғызды.
{(Сілтеме): Иман мен иманнан туындаған құзыр, әлгі үрейлі үлкен мазарды сүйкімді бақыт сарайларына, мейірімді Рахманның шақыруы түрінде көрсетеді.}
Сол жағымнан да қайыр болмаған соң, бүгініме қарадым. Бүгінім бейне бір табыт. Тұяқ серпуге де шамасын келтірмей денемді әкетіп бара жатыр.
{(Сілтеме): Иман ол табытты сауап жинайтын кең дала және әсем қонақ үй түрінде көрсетеді.}
Бұл жақтан да дертіме дәрмен таба алмадым. Содан басымды көтеріп өмір ағашының төбесіне қарап едім, бір ғана жемісі бар екен. Ол да менің мәйітім. Менен көз алмай, қасқайып тұр.
{(Сілтеме): Иман - әлгі "ағаштың" бір түйір жемісі мәйіт емес, мәңгі өмір сүру үшін жаратылған рухтың дене дейтін ұясынан ұшып, мәңгі бақыт жолында жұлдыздарға серуенге шыққанын көрсетеді.}
Бұл жақтан да көңілім құлазып, төменге назарымды салдым. Сүйектерім шіріп, әуелгі жаратылысымның бастауы, топырақпен араласып, аяқ асты болып жатыр. Дертіме дәрмен түгіл дерт қосып, үдетіп жіберді.
{(Сілтеме): Иман - топырақтың Иләһи мейірімділік қақпасы, Жәннат жайының пердесі екендігін көрсетеді.}
Бұл жақтан да сырт айналып, артыма қарадым. Баянсыз, фәни дүние жойылудың қараңғы құрдымына қаңбақтай домалап барады. Жарама дәрі емес, қорқыныштың уын септі.
{(Сілтеме): Иман - жоқ болуға бет алған, құрдымға кеткелі тұрған дүниені, өз міндетін - атқарған, мағыналары түсінікті болып, нәтижелерін өзінен кейінге қалдырып бара жатқан Самәдани хат, Сүбхани нақыштардың парақтары екендігін көрсетеді.}
Бұл жақтан да қайыр көре алмағандықтан, алдыңғы жаққа көз салдым. Қабірімнің аузы арандай ашылып, мені күтіп тұр. Арғы жағында түбі жоқ сапар.
{(Сілтеме): Иман - әлгі қабірдің апанның аузы емес нұр әлемінің есігі, әлгі сапардың мәңгілік бақытқа бастайтын жол екендігін көрсетіп, жарама дәрі жағып, дертіме дәрмен болды}
Алты жағымнан арбаған қорқыныш үрейге қарсы тұрар, арқа сүйер менің қолымда кішкентай ғана қалау-еркімнен басқа, еш нәрсе жоқ.
{(Сілтеме): Иман - әлгі кішкентай ғана қалау-еркімнің қолына шексіз құдіретке арқа сүйеуге куәлік берді. Тіпті иманның өзі бір куәлік екен.}
Адамның қаруы саналатын кішкентай ғана қалау-ерік - негізінде өте әлсіз, шамасы шектеулі. Ешнәрсе жарата алмайды. Бір нәрсені кәсіп етуден басқа қолынан ешнәрсе келмейді.
{(Сілтеме): Бір жауынгер өзінің азғантай күш-қуатын, мемлекет атынан қолданған кезде, өз қуатынан мың есе артық іс атқаратыны секілді, Иман да манағы азғантай қалау-ерікті Аллаһ атымен әрекет еткізу арқылы не нәрсеге де жеткілікті етеді.}
Ол, өткен шаққа ене алмайды, болашаққа да сөзі өтпейді. Өткен шақ пен болашақтағы өкініштеріме, армандарыма түк те пайдасы жоқ.
{(Сілтеме): Иман - тізгінді дененің қолынан алып, жүрек пен рухқа тапсыратындықтан, өткен шаққа сөзі жүріп, болашаққа бойлай алады. Өйткені, жүрек пен рухтың тынысы кең, тірілік алаңы үлкен.}
Сол аз ғана қалау-еріктің әрекет алаңы тым тар. Осы шақ пен қас қағым сәт ғана.
Міне, осыншама көп мұң-мұқтаждығым бола тұра өзім әлсіз, пақыр, бейшарамын. Сонымен бірге, алты жағымнан анталаған жау, үрейлі де қорқынышты жағдайдамын. Сондай-ақ құдірет қаламы, бойыма мәңгілікті аңсайтын, толассыз армандар мен шексіз қалау-тілектер жазыпты.
Дүниеде не болса, соның бәрінің үлгісі менде бар. Олардың барлығымен тығыз байланысып жатырмын. Солар үшін жұмыс істетіп һәм соларға жұмыс істеп жүрмін.
Алайда, маған керекті, менің қалайтындарым, мұң-мұқтаждығымның шеңбері, назарымның шеңберіндей ауқымды әрі кең.
Тіпті, қиял қай жерге жетсе, қалау шамасы да сол жерге дейін жетеді. Ол жерде де қажеттілік туады. Қолымызда жоқты қалаймыз. Ал, қолда жоқ нәрселер тым көп, тіпті шегі жоқ.
Оларға қол жеткізуге шамамыз келмейтіні анық. Шамамыз қолымыз жеткен жерге дейін ғана жетеді. Ал, қолдың жетер жері қысқа әрі тар.
Демек, пақырлығым мен мұқтаждығым шексіз, бүкіл әлемді қамтиды.
Қолда бар байлығым яғни мүмкіндігім болса, тіпті бөлуге келмейтіндей ұсақ әрі кішкентай.
Міне, бүкіл әлемді қамтитын, миллиардтаған байлықпен әрең дегенде қол жеткізуге болатын мұң-мұқтаждығым, шексіз армандарым қай шамада? Бес тиынға татымайтын, құны жоқ, қолынан ешнәрсе келмейтін, азғантай қалау-еркім қандай? Мұнымен оларды сатып алу, қол жеткізу мүмкін емес. Олай болса басқа шарасын іздестіру керек.
Шарасы мынау: Әлгі азғантай қалау-еріктен де бас тартып, Аллаһтың қалауына көну, Оның қалағанын қалау. Өз күшіне сенуді қойып, Хақ Тағаланың құдірет-күшіне сеніп, тәуекелдің ақиқатына жету. "О, Раббым! Бақытқа қол жеткізудің жалғыз шарасы осы. Сенің қалауың болсын! Мен өз қалауымнан бас тарттым, менмендікті тәрк еттім.
Сөйтіп, Сенің шексіз инает-жарылқауың мені демеп, қамқор болсын! Өйткені мен өзімнің тым әлсіз, өте бейшара екенімді аңғардым. Әрі Сенің мол рахымың менің арқа сүйер сүйенішім болсын! Сенің шексіз мейрімің сая болып, өзінің кең қақпасын ашсыншы.
Иә, кім де кім Иләһи мол мейірімнің шексіз ұшан теңізін тапса, әлбетте одан сырт айналып өзінің бір тамшыдай қалау-еркіне сеніп, менмендікке салынбас болар.
Әттеген-ай! Алдандық. Бұл өмірді мәңгі деп ойладық. Сөйтіп, өмірімізді босқа өткіздік. Ол болса, көрген түстей жалт етті. Дүниелік тірілік тұрлаусыз екен, ескен желдей зымырап өте шықты.
Өзі-өзіне сеніп, мәңгімін деп ойлайтын тәкәппар адам, төгіле-таусыла, ақырында жоқ болады. Өмір зулап өтіп барады. Адамзаттың үйі болған мына дүние, жоқ болып қирауға кетіп барады. Қиял мен армандар бір сәттік өткінші екен, ал өкініш-қайғылары болса рухта мәңгі қала бермек.
Бұл шындық. Ендеше ей, өмірге құштар, тірілікке құмар, дүниеге ғашық, шексіз арман жетегінде жүрген, қайғы-мұңнан жаны қиналған бейбақ нәпсім! Оян! Ақылға кел! Өз жарығына сенетін жалтырауық қоңыз, қараңғыда қаңғып қалады емес пе!.. Бал арасы болса, өз күшіне сенбегендіктен гүл-достарын тауып Күн сәулесімен жарқыраған жүзін көріп жарыққа қарқ болады. Сол сияқты, сен де өз күшіңе, болмысыңа сеніп, менмен болсаң, жарқырауық қоңыз сықылды боласың. Егер сен болмысыңды Жаратушысының жолына пайдалансаң, бал арасы секілді шексіз де жарқын болашаққа ие боласың. Әрі өзіңді сол жолға арна, пида ет! Өйткені, ол саған аманат.
Ол оның мүлкі. Оны саған Жаратушың сыйлады. Ендеше, міндетсінбей, тартынбай бер, Оған арна, пида ет! Сонда ғана болмысың мәңгі болмақ. Өйткені жоқтың жоқ болуы - бар болу. Яғни, жоқ - жоқ болса, бар болады.
Халиқ-ы Кәрим (Аса жомарт жаратушы) өз мүлкін сенен сатып алмақ. Орнына жұмақ дейтін қымбат баға бермек. Мүлікті сен үшін жақсылап сақтап, қадірін еселеп арттырмақ. Мәңгі әрі кемел түрде өзіңе қайтып бермек. Олай болса, ей нәпсім! Бекерге тұрма! Үсті-үстіне болатын бес есе пайдалы саудаға кіріс! Сонда сен бес есе зияннан құтылып, бірден бес есе пайдаға кенелесің.
Ибраһим ғалейһиссаләмнің аузынан шыққан, әлемнің аяқталатынын, дүниенің өткінші, фәни екенін білдіретін суық хабар لَٓا اُحِبُّ الْاٰفِل۪ينَ мені жылатты.
Сондықтан, жүрек қатты қынжылып, көзінен мұңлы жас ақты. Жылаған жүректің әрбір тамшысы көргендерді жылататындай тым аянышты еді... Әрбір тамшының өзі жылап жатқандай. Ол тамшыларды төмендегі парсыша шумақтар суреттейді.
Міне, ол тамшылар, Нәби-и Пайғамбар, Иләһи дана Мұхаммедтің (с.а.у) Кәламуллаһтағы яғни Құран аятының бір тәпсірі деуге болады.
Соңында жоқ болатын сүйіктілер әдемі емес. Өйткені аяқталатын нәрселер нағыз әдемі бола алмайды. Мәңгілікке ғашықтық үшін жаратылған әрі Самадтың айнасы боп табылатын жүрекпен оларды сүюге болмайды, сүйілмеуі тиіс.
Талап-тілектеріміз - соңында жоқ болып, ұмытылып кететін нәрселер. Олар уайымдауға әсте лайық емес. Кетіп қалса, артынан қайғыратын да нәрсе емес. Шын жүрекпен беріліп, өліп-өшуге тұрмайды.
Мақсат қылған нәрселеріміз фәни. Олар ақырында жоқ болады. Ондай мақсат керек емес, өйткені, өзім фәнимін. Фәни нәрсе керек емес, фәни оны не қылсын?
Өліп-өшіп құмартқан нәрселеріміз бізді тәрк етіп, көзден таса болуда. Олардан не қайыр, көмекке шақырмаймын, оларға жалынбаймын да. Өйткені, олар да мен сияқты бейшара, мұқтаж әрі әлсіз. Әлсіз нәрселер менің тым ауыр дерттеріме дәрмен болып, соңсыз жараларымды емдей алмайды. Өзін жоқ болудан құтқара алмаған нәрселер қалай Мағбуд (табындырушы) болушы еді?
Иә, әр нәрсенің сыртқы суретіне құмар ақыл, мына аласапыран дүниеде құмартқан нәрселерінің аяқталып жатқанын көріп, үмітсіздене зар еңірейді. Сондай-ақ, бақи бір Мағбуд іздеген рух لَٓا اُحِبُّ الْاٰفِل۪ينَ деп зарлайды.
Қаламаймын, керек емес, қоштасуға шыдай алар емеспін.
Тез аяқталып, соңы ащы өкінішпен тынатын қауышуларды аңсап-армандауға болмайды. Құмартуға олар әсте лайық емес. Себебі, ләззаттың аяқталуы өкініш екені белгілі, тіпті оны ойлаудың өзі адамды мұңайтады. Бүкіл межази ғашықтардың, яғни Аллаһтан басқа нәрселерге ғашық болғандардың, ғашықнама өлеңдерінің мазмұны осындай аяқталумен тынған қоштасуларды ойлап қамығудан пайда болған өкініш пен зар. Атақты шайырлардың ғашықтық туралы өлеңдерін тыңдасаң, әрқайсысынан осындай мұң-зар естисің.
Міне, мұндай соңында аяқталумен тынатын қауышулардың және әлгіндей мұңды, орынсыз махаббаттың кесірінен дертке ұшыраған жүрегім Ибраһим Ғалейһиссаләм секілді لَٓا اُحِبُّ الْاٰفِل۪ينَ деп жыламсырап, зар еңіреді.
Егер, мына фәни дүниеде мәңгілікті қаласаң, мәңгіліктің өзі фәниліктен шығады. Нәпсіқұмарлық жағыңмен фәни бол яғни жоқ бол! Фәни болсаң, мәңгі бақи боласың.
Астарында дүниеқұмарлық жататын жаман мінезден аулақ бол! Фәни бол! Меншіктенген дүниеңді Махбуб-ы Хақиқи (Нағыз сүйікті Аллаһ) жолына арна, пида ет! Соңында жоқ болатын жаратылыстың ақырын ойла, үңіліп қара! Дүниеде мәңгілікке апаратын жолдың фәнилер үстінен өтетінін көр!
Себептерге шырмалған адами ой, мына дүниенің ақырғы зілзаласынан қорқып, үмітсіздене жыламсырайды. Нағыз болмыс деуге лайық мәңгілікті армандаған көңіл, Ибраһим Ғалейһиссаләм секілді لَٓا اُحِبُّ الْاٰفِل۪ينَ деп қамығып, межази сүйіктілерден, яғни уақытша, тұрақсыз да алдамшы нәрселерден, ғұмыры қысқа нәрселерден байланысын үзіп, Хақиқи Мәуджүд, Сәрмәди Махбубқа яғни нағыз болмыстың иесі, мәңгі бақи, сүйікті Аллаһқа бетін бұрады.
Ей, надан нәпсім! Біліп қой! Дүние мен оның ішіндегілер фәни екені рас. Алайда, әрбір фәни нәрседен бақиға апаратын екі жол табуға болады. Сүйікті де әсем Махбуб-ы Ләязалдың Жамал көріністерінен екі сәулені, екі сырды мына фәнилер арқылы көруге болады. Бірақ, бір шарты бар. Ол - фәнилік қалыптан шығу және өз өзіңнен өту яғни "менмендік" шынжырларын үзіп "Ол" деп білу.
Иә, нығметтерге ой жүгіртіп қараған адам оның беріліп жатқанын байқайды. Олардан Рахманның ілтипаты сезіледі. Ал, нығметтің беріліп жатқанын түсінсең, нығмет берушіні табасың. Сондай-ақ
жаратылыстың әрқайсысы Самәдани бір хат тәрізді. Олар өзін жазған Сани-ы Зүлжәлалдың (Айбары зор шебер ұста) есім-сипаттарын көрсетеді. Жазудан мағына шығарсаң, Иләһи есімдер көрінеді. Сол арқылы есімдердің иесін табасың.
Ендеше, мына фәни болмыстың ішкі жағына, мән-мағынасына үңіл! Әлгі құпия қазыналарды табуға тырыс! Соған ұмтыл! Сыртқы суреттеріне, бос қабықтарына алданып қалма! Оларды аямай фәнилік дариясына лақтыра бер!
Иә, бізді қоршаған орта, мына болмыс атаулы көп мағыналы сөздер тәрізді, тек олар зат-дене түрінде жазылған. Олар бізге Сани-ы Зүлжәлалдың көптеген есім-сипаттарын таныстырып, оқытып тұрады. Оны таныстырмайтын ешбір болмыс атаулы, ешбір өнер туындысы жоқ. Енді жаратылыс атаулының сөздер екені, олар құдіреттің кәлималары екені түсінікті болса, олардың мағыналарын оқы, терең бойлап, көңілге тоқы! Ал, мағынасы түсінікті болған, міндеті аяқталған сөздерді уайымдамай-ақ қой, олар кете берсін. Артынан телміре қарап жоқтама!
Міне, әр нәрсенің сыртына ғашық және кең шеңбердегі мағлұматқа құмар дүниеуи ақылдың шұбатылған ойлары, осылайша жоқтыққа, құрдымға зымырағандықтан таңдану мен үрейден үмітсіз күйге түсіп зар жылайды. Ақиқатқа апарар тура жол іздейді.
Енді рух та, қарасы батып, көзден таса болатын, соңында аяқталып жоқ болатын нәрселерден бас тартты. Межази, жалған сүйіктілерден жүрек те қол үзіп өзін аулақ әкетті. Көңіл болса ол да фәнилерден бет бұрып, сырт айналды.
Олай болса сен де Уа, бейшара нәпсім! Ибраһимге (ғ.с.) ұқсап لَٓا اُحِبُّ الْاٰفِل۪ينَ деп, мына сөзді өзіңе медет қылып, бәлелерден құтыл!
Болмысы бейне бір ғашықтықтан жаратылғандай, жүрегі махаббатқа толы, тіпті махаббатқа мас болған Мәулана Жәми, қарашы, назарды көпшіліктен жалғыз біреуге, яғни жаратылыстан Жаратушыға аудару үшін қандай тамаша сөз айтқан:
{[Сілтеме]: Тек осы сөздер Мәулана Жәмидің сөздері.
(1) Махбуб - сүйікті. Ауд.
(2) Матлуб - армандалған. Ауд.
(3) Мақсұт - мақсат қылуға лайық. Ауд.
(4) Мағбуд - ғибадат етілетін. Ауд.}
1. Яғни, жалғыз біреуді ізде! Одан басқалар іздеуге лайық емес.
2. Біреуді ғана шақыр! Өзгелер көмекке келмейді.
3. Біреуді ғана арманда! Басқалар лайық емес.
4. Біреуді ғана көр! Одан өзгелер әрдайым көрінбейді, көзден тасаланып, ғайып болады.
5. Біреуді ғана біл! Оны тануға септігі тимейтін ілім тегінде пайдасыз.
6. Біреу туралы айт! Онымен қатысы жоқ сөздер бос сөз саналады.
Иә, Жәми! Өте дұрыс айттың. Нағыз Махбуб (1), нағыз Матлуб (2), нағыз Мақсұт (3), нағыз Мағбуд (4) жалғыз - Ол.
Өйткені, бұл әлем бүкіл болмысымен, сан-алуан тілдерімен, түрлі дауыстарымен Оны зікір етіп, үлкен алқа болып түгелдей бәрі бірге "Лә иләһә илла Һу" (Одан басқа Құдай жоқ) деп, Аллаһтың біреу екеніне куәлік етеді.
لَٓا اُحِبُّ الْاٰفِل۪ينَ сөзі әлгіндей шексіз ауыр жараларға ем әрі манағыдай пайдасыз байланыстарды үзіп, фәни сүйіктілердің орнына соңсыз да бақи Махбуб-ы Ләязәлді (Мәңгі бақи сүйікті) көрсетеді.