Он жетінші Сөз
Халиқ-ы Рахим (Мейірімі мол жаратушы) және Рәззақ-ы Кәрим (Аса жомарт ризық беруші), Сани-ы Хаким (Хикметпен жаратушы шебер) бұл дүниені Әлем-і Әруах пен Руханилер үшін бір мереке, шаттық орны ретінде жаратып, өзінің бүкіл есім-сипаттарының әсем нақыштарымен өрнектеп безендірген. Үлкенді-кіші, төменді-жоғары әр бір рухқа өзіне тән және әлгі шат-шадыман мейрамдағы сан-алуан сансыз әсемдіктер мен сый-сыяпаттан пайдалануға ыңғайлы сезімдер беріп, керемет жабдықталған бір дене кигізеді де бір мәрте әлгі тамаша орынға яғни дүниеге жібереді. Уақыт жағынан ұзақ, мекен жағынан ауқымды манағы ұлық мерекені ғасырларға, мезгілдерге тіпті күндерге бөліп, әрбір күнді әр түрлі рух иесі мақұлықтарына және өсімдік түрлерінің әрқайсысына арнап бөліп тастаған. Оларды шеруге шығарғандай керемет мереке-тойға ұластырады. Әсіресе, жер беті көктем мен жаз кезінде ұсақ жәндіктерге әсем сахна, тамаша мейрам болатыны сондай, аспандағы руханилер мен періштелердің назарын аударатын тартымды да сұлу ғажап күйге ендіреді. Зерек, терең ойланатындарға зерттеу орталығына айналатыны сондай ақыл аңғарып, тілмен жеткізу мүмкін емес.
Дегенмен, осы Иләһи рәсім, Раббани мереке-тойда Рахман (Аса мейрімді) және Мухий (Тірілтуші) есімдерінің көрінісімен қатар Қаһһар (Өте қаһарлы), Мумийт (Өлтіруші) есімі өз әсерін көрсетіп, әлгі мәз-майрам болып жатқандардың алдарынан қоштасу мен өлім кесе көлденең шығып бұл фәнимен қош айтысады. Ал, бұл болса
وَسِعَتْ رَحْمَت۪ى كُلَّ شَيْءٍ деген Аллаһтың мол мейіріміне, кең рахымына сырттай қарағанда үйлеспейді.
Бірақ, ол сырт көзге солай. Негізінде бірнеше жақтан үйлесіп-ақ тұр. Қалай десеңіз.
Сани-ы Кәрим (Аса жомарт шебер), Фатыр-ы Рахим (Мейірімді теңдессіз жаратушы) Аллаһ әрбір жан-жануардың салтанатты шеруі яғни өлшеп берген бұ дүниедегі өмірі аяқталған соң және мақсат орындалып, нәтиже алынғаннан кейін көбінесе оларды дүниеден өте мейірімді түрде суытып, жиіркендіреді, жалықтырады. Тынығып дем алуға ыңғай, басқа әлемге көшуге ынта сыйлайды. Сондай-ақ өмір сүру міндетінен босатылған кезінде рухтарында нағыз отанға, ақыретке көшуге құштарлық сезімін оятады.
Һәм міндетін атқару кезінде немесе майданда опат болған бір сарбазды шейіт мәртебесіне көтеру және құрбандыққа шалынған бір қойды, ақыретте өз денесімен тірілтіп, сырат көпірінде иесіне көлік болатын пырақ қылып оны жарылқауы Рахманның шексіз рахымдылығының талабы. Сол сияқты басқа да рух иелері мен хайуандар, өздеріне жүктелген Раббани міндеттерін атқару кезінде және Сүбхани әмірлерге мойынсұнып жүрген кезде опат болса немесе ауыр машақат, мехнат шексе сарқылмас мейрім қазынасынан өзде- рінелайық, қабілетіне қарай мағынауи сый ақы берілетініне үміт зор.
Оларды дүниеден кеткеніне ренжімей, қайта риза болатындай мол мейірімге бөлейді.
Алайда, рух иелерінің ішінде жоғары мәртебелі, ең абыройлысы және осы мейрамда сан жағынан да сапа жағынан да ең көп пайда көрген адам баласы, дүниеге құштар, шаруа-істеріне шырмалып қалғандықтан, дүниеден бас тартқызып, тіпті жиірендіріп бақи әлемге көшуге Аллаһтың рахымымен бір құштарлық сезімі пайда болады. Адамгершіліктен айырылмай, адаспай жүрген жандар әлгі жағдайды сезініп, сол сәтті тиімді пайдаланады. Көңілі жайланып, бақи әлемге жеңіл кетеді.
Енді, сол жағдайды туғызатын себептерден үлгі ретінде бесеуін баян етейік.
Біріншісі: Қартайған шақта, дүниелік тамаша сұлу нәрселердің фәни екенін, тәттілердің ащыға айналатынын көрсетіп, адам баласын дүниеден үркітіп, уақытша нәрселердің орнына бақи нәрселерге қызықтырады.
Екіншісі: Адамға жақын болып, бауыр басып қалған бүкіл сүйікті жандарының жүзден тоқсан тоғызы дүниеден өтіп, басқа әлемге көшкендіктен, оларға деген шынайы махаббат сезімі олардың кеткен жағына баруға қызығушылық туғызып, өлім мен ажалға жылы қарап, қуана қарсы алады.
Үшіншісі: Адам жаратылысының тым әлсіз, дәрменсіз екенін кейбір жағдайлар арқылы сездіріп, өмір сүру қиын, жүк ауыр екенін аңғартады да демалысқа шығуға шынайы ықылас, басқа әлемге көшуге ниет-ынта береді.
Төртіншісі: Иманның нұры мүмин жанға өлімнің жоқ болу емес, көшіп-қону екенін көрсетеді. Қабір қап-қараңғы апанның аузы емес, ол - нұрлы әлемнің есігі екенін, ал бұл дүние бүкіл әсем жақтарымен ақыреттің қасында зындан сықылды екенін білдіреді. Әлбетте қараңғы зындандай дүниеден, Жәннат тәріздес бау-бақшаға шығу, материяның айқай-шулы тірілігінен рухтың тып-тыныш, рахат әлеміне бару және мақұлықтардың жанды мазалайтын тарсыл- гүрсілінен оқшауланып, Рахманның саялы құзырына бару, әрине аса қызығарлық, шын көңілмен армандайтын саяхат, тіпті бір бақыт.
Бесіншісі: Құранды тыңдайтын адамға, ол өзінің ғылыми ақиқатымен, сәуле шашқан нұрымен дүниенің не екенін білдіре отырып, дүниеге құмарлық, оны қатты уайымдау, мағынасыз екенін білдіреді. Яғни, адамзатқа дәлелдеп мынаны айтады:
Дүние - Самәдани кітап. Оның ішіндегі әріптері мен сөздері өзіне емес, Өзгенің зат пен сипатына, есімдеріне қызмет етеді яғни оны Жазушының қандай екенін дәлелдейді. Олай болса мағынасын түсін, көңілге тоқы, жазу- сызықтарына көп мән бермей, кете бер.
Сондай-ақ, дүние - егіс алқабы. Егініңді ек, өнімін ал, сақтап қой. Қалған қалдықтарын таста, уайымдама! Әрі, дүние кезекпенен келіп- кететін айналардың жиынтығы. Олай болса олардың ішінен көрінетін кім, соны таны! Оның нұрларын тамашала, көрінген көркем есімде- рінің шуақтарын қызықта! Ол есімдердің Иесін сүй! Ал, аяқталып немесе сынып қалатын әлгі әйнектермен шұғылданба! Құмартпа!
Дүние - сауда орны. Саудаңды жаса да кел! Соңында айырылысатын, сені сыйламайтын нәрселердің артынан босқа жүгірме! Әуре болып шаршама!
Әрі, уақытша серуенжай. Олай болса, ғибрат назарымен қара! Сырттай жағымсыз жақтарына емес, Жәмил-і Бақимен қатысты жасырын да тамаша, жағымды жақтарына қара! Хош әрі пайдалы серуен жасап қайт! Осы тамаша көріністерді көрсетіп тұрған сахна перделерінің жабылып қалғанына ақылсыз балаға ұқсап жылама, уайымдама!
Әрі бұл дүние - қонақ үй. Олай болса оны жасаған аса жомарт, қонақжай Жаратушының рұқсатымен ішіп-же, шүкір ет! Оның заңымен жүр, айтқанын істе! Сосын артыңа қарай бермей шығып кет! Қолыңнан түк келмейді, араласпа, бүлдірме! Соңында бәрібір қош айтысатын, тіпті саған қатысы жоқ нәрселермен босқа шұғылданба! Баянсыз істеріне байланып, батпағына батып кетпе!
Міне, осы секілді анық ақиқаттармен дүниенің мән-мағынасын, оның құпия сырларын ашып көрсетеді. Осылайша, соңында сөзсіз болатын қоштасуды жеңілдетіп, тіпті көзі ашық, көкірегі ояу жандарды өлімге құштар етіп қояды. Аллаһтың рахымы барлық жерде, барлық істе бар екенін байқатып, кез келген нәрседен жақсылықтың нышанын сездіреді.
Міне, Қасиетті Құран осы бес бапқа ишара қылып қана қоймай басқа да жеке баптарға ишара қылады. Осы аталғандардан еш сыбағасы жоқ мақұрым жандардың жағдайы аянышты, обал-ақ.