СОҢЫ
Уа, мына өмірдің қызығына тоймай, бейқамдықпен ақыретті ұмытқан, бейбақ нәпсім! Неге ұқсайтыныңды білесің бе? Түйеқұсқа. Ол - аңшыны көрген сәтте ұша алмай басын құмға сұға қояды. Бұл - Оның аңшыдан жасырынған түрі. Сорлының ірі денесі сыртта қалып, аңшыға нысана болады. Басы құмның астында, көзі жұмулы, көрмейтін тек өзі ғана. Ей, нәпсі! Мына мысалға құлағыңды түріп, назарыңды сал!
Жалған дүниеге жан-тәнімен құмарту, ләззаты мол тамаша нәрсенің өзін қайғы-мұңға айналдырып жібереді. Мысалға, осы ауылда яғни Барлада, екі адам бар дейік. Біреуінің ағайын-туыстарының жүзде тоқсан тоғызы Стамбұл шаһарына кетіп, сол жерде рахат өмір сүруде. Барлада бір-екеуі қалып, олар да жақында кететін көрінеді. Сондықтан бұл да Стамбұлға ынтызар. Құштарлана ағайын-туысқа қауышуды армандайды. Қашан оған: "Бар!" десе, ұша жөнелмек.
Екіншісінің тума-туысы, дос-жарандарының жүзде тоқсан то- ғызы бұл жерден көшіп кеткені рас. Бірақ қайда кеткендері белгісіз. «Бір сыпырасы із-түзсіз жоғалып кеткен, қалғандарын көрдім- білдім деген адам жоқ» деп ойлайды. Өзі де: «Тірі болса да азып- тозып жүрген шығар» деп қояды. Бейшара, жоғалған ағайындарының орнына манағы қонақ боп келген, бірақ жақында кететін жалғыз туысқанымен көңіл көтеріп, сол арқылы өзін жұбатқысы келеді.
Уа, нәпсі! Әу баста Хабибуллаһ, Аллаһтың сүйіктісі Мұхаммед Мұстафа (с.а.у), одан кейін Аллаһтың қалаулылары, барлық сүйікті жан, әулие-асфиялар қабірдің арғы жағында жүр. Бұл дүниеде бірен- сараңы болса да олар да кетіп барады. Өлімнен қорқып, қабірден қашпа! Ажалға жігіт сияқты тура қара! Жүзіне тура қарап, не керек екенін сұра! Байқа! Бейқам жүріп, мысалдағы екінші адамға ұқсап қалма!
Уа, нәпсім! «Заман өзгерді, ғасырымыз басқа. Жұрттың бәрі дүние қуып, қу тіршіліктің соңында, бәрі мас!» деме. Өйткені, ажал біреу, өзгермейді. Айырылысу, қоштасу деген нәрсе бар. Дүниеде мәңгі бірге болу жоқ. Адамзаттың әлсіздігі, мұң-мұқтаждығы азаяр емес, қайта көбейіп барады. Оның сапары да аяқталмады, керісінше жылдамдап барады.
«Жұртпен бірге көрерміз» деме! Өйткені олар саған тек қабіріңе дейін ғана серік болады. Жұртпен бірге болу дегенің, қабірдің арғы жағында түкке жарамайтын, бос әңгіме.
Сен өзіңді «Иесізбін, қалағанымды істеп, бейпарық жүре беремін» деме! Айналаңа қарашы! Мына «дүние» мейманханасынан жөнсіз, мақсатсыз бір нәрсе таба аласың ба? Жоқ. Олай болса, қалай сен ғана мақсатсыз, бейпарық жүрмексің? Жер сілкіну, топан тәрізді оқиғалар кездейсоқ емес. Аллаһ Тағала өсімдіктер мен жануарларды араластыра шебер тоқыған әдемі көйлегін жер шарына жыл сайын кигізіп, шешіп отыр. Оның өте хикметпен күрделі тоқылғанын өзің де көріп тұрсың. Сондай-ақ, мақсатты түрде, өте жүйелі тәртіппен шыр көбелек айналдыратынын да білесің. Олай болса, жер сілкінісі «Кездейсоқ, табиғи құбылыс» дегенге қалай сенесің? Құдайдан безген біреу, бұқаралық ақпаратта «жер сілкінісін кездейсоқ, табиғи апат» деп, зардап шеккендердің шығынын, босқа кеткен ысырап санап, олардың үмітіне су сепкендей өмірден түңілдіріп жатыр. Бұл, зардап шеккендерге үлкен зұлымдық, қиянат боп табылады. Расын- да мұндай оқиғалар {(Сілтеме): Түркияның Измир қаласында зілзала болып, мысал ретінде автор соны тілге тиек етіп отыр.} Хаким-і Рахымның әмірімен болатын, иманды жандардың мал-мүлкін садақаға айналдырып, фәни дүниесін мәңгі дүниеге айналдыратын уақиға немесе нығметтерге шүкір етпей астамшылық қылған тоғышар жандардың сазайын тартқызу, күнәсін шаю, жаза болып табылады. Иә, осылайша бір күні бізді көтеріп жүрген мына Жері шары, адамзаттың әбден масыққанын, шүкір етпей, тоғышар болып, жиіркенішті күйге түскенін көріп, Аллаһтың әмірімен жұлқынып қалады. Бұл жолы қатты сілкініп толық тазалық жасайды. Құдайдан безгендерді Тозаққа лақтырып, Аллаһқа шүкір еткендерге: "Қане, Жұмаққа кіріңдер!" дейтін болады.