(Миуа рисалесінен)
Жетінші мәселеде хашірді көптеген мақамдардан сұрап, дәлелдемек болғанбыз, алайда Жаратушымыз өз есімдерімен берген жауап өте қанағаттанарлық әрі қуатты болғандықтан басқа сұрақтарға қажет қалмады, біз де қысқа қайырдық. Енді, осы мәселеде ақыретке иман келтірудің о дүниелік һәм бұ дүниелік бақыт пен пайдаларын, нәтижелерін қысқаша тұжырымдап баяндамақпыз. Ақыреттік бақыт жайлы Қасиетті Құран толық түсіндіргендіктен қайталап жату артық болар. Оны Құранға сілтеме жасасақ дейміз. Ал дүниелік бақытқа қатысты пайдаларын баяндауды Рисалей-Нұрға сілтейміз. Әзірге қысқаша ғана ақыретке иманның адамның жеке өміріне және қоғамдық өміріне қатысты жүздеген нәтижелерінен үш-төртеуін баяндамақпыз.
БІРІНШІСІ: Адам басқа жаратылыс секілді емес үй-ішіне алаңдайды, әрі бүкіл дүниемен де тығыз байланыста. Тума-туыстарымен қарым-қатынаста болатыны секілді адамзатпен де тығыз байланыста. Және дүниеде уақытша болса да ұзақ өмір сүргісі келетіні секілді о дүнияда мәңгі-бақи болуды армандайды. Және асқазанын тағаммен қамтамасыз етуге міндетті болғаны секілді дүниедей кең, тіпті, еш бітпейтін мәңгі дастархан мен рухани азық сұрайтын ақыл, қалб, рух, адамгершілік дейтін асқазанды қамтамасыз етуге әу бастан мәжбүр, сол үшін зыр жүгіреді. Оның толассыз арман-тілектерін тек мәңгі бақыттан басқа ешнәрсе қанағаттандырмайды. Оныншы Сөзде айтылғанындай, кішкентай кезімде өзімнің қиял сезімімнен былай деп сұрағаным бар: «Саған бір миллион жыл рахат өмір мен дүниенің билік-салтанаты берілсе, бірақ соңында мүлдем жоқ болып, із-түзсіз жоғалып кетесің. Жоқ әлде мәңгі бақи, бірақ қарапайым әрі машақаты көп өмір сүргің келе ме?» дедім. Жауап ретінде «Еһ! Жәһаннам болса да бақи болғанға не жетсін!» деді.
Міне, адам болмысының бір қызметшісі саналатын қиял сезімін дүниелік өмірдің ләззаттары қанағаттандырмайды екен, олай болса міндетті түрде табиғаты күрделі, сезімге бай адам жаратылысы
мәңгілікпен әу бастан-ақ байланысты, өзара кіндіктес. Адамзаттың осындай шексіз арман-тілектері бола тұра қолда бары азғана қалау-ерік, ол тым пақыр, қолынан түк келмейтін бейшара. Енді оған ақыретке иман қаншалықты қуатты әрі жеткілікті мол қазына, ол - бақыттың кілті, ләззаттың бұлағы, медет пен қуаныш көзі және дүниенің бітпейтін уайым-қайғысына төтеп берер демеу, таптырмайтын жұбаныш екені айтпаса да түсінікті шығар. Ондай үлкен пайданы иелену үшін дүниелік өмірін пида етсе де түк емес.
Үшінші мәселеде түсіндірілген және Жастар шырағындағы бір сілтемеде жазылған маңызы зор нәтиже;
Иә, әр адамның әрқашанғы уайымы көптеген достары мен тума- туыстарын жұтып қойған қорқынышты да суық, барса келмес мазар яғни ерте ме, кеш пе бәріміз баратын қабірстан, абайламасаң жоқ қылып жіберетін құрдым. Бір ғана досы үшін жанын беруге әзір бейшара адам, мыңдаған, тіпті, миллиондаған, миллиардтаған достарынан мәңгіге қоштасып, мүлдем жоқ болатынын уайымдағанда тозақтан бетер қайғы мұң кешеді. Сол сәтте, жарқ етіп ақыретке иман келіп көзін ашады. Тұмшалаған пердені ысырып тастап "Қара!" дейді. Ол да иманмен қарағанда, жәннаттың рахат самалы ескендей рухани ләззат алады, яғни, әлгі достары мәңгі жоқ болудан, шіріп жойылудан аман қалып көңілді де нұрлы әлемде мұны күтіп отырғандарын көріп мәз болады. Рисалей-Нұрда мұндай нәтижелер дәйекті түрде түсіндірілгендіктен қысқа қайырдық.
Жеке өмірге қатысты үшінші бір пайдасы: Адамның басқа тіршілік иелерінен жоғары мәртебелі, мерейі үстем болуының бір себебі, оның жоғары қасиеттілігі мен күрделі қабілеттілігі және ауқымы кең құлшылық ете алатынында әрі болмыстың көптеген мәртебелеріне ие болуында. Алайда, мұндай адам һәм жоқ һәм өлі һәм қараңғы өткен шақ пен болашақтың ортасындағы аз уақытпен, яғни осы шақпен шектеліп, соның өлшемімен әлгіндей қасиеттерге, яғни, жанашырлық, сүйіспеншілік, бауырластық, адамгершілік секілді қасиеттерге ие болады.
Мысалға, бұрын-соңды көрмеген, айырылған соң да көрмейтін әкесін, бауырын, жұбайын, халқын, отанын жақсы көреді, қызмет етеді. Бірақ, адал әрі ықыласты болуы екі талай. Міне, бәрі өткінші деген
ұғымның кесірінен кемелдігі мен адами қасиеті сарқылады. Енді тіршілік иелерінің ең жоғарғысы емес, керісінше, құлдырап, түсініксіз халге түсіп, ақылы болғандықтан ең мұңлық, бейшара тірі бір жан. Дәл осы кезде оған ақыретке иман көмекке келсе, қабірдей тар осы шақ бірден қанаттарын жайып өткен мен болашақты қамтитындай кең заманға айналады. Дүниедей, тіпті, әзәлден әбәдке созылып жататын яғни мәңгі бірге боламыз деген ой пайда болады. Әкесін мәңгі бақыт әлемінде де, бұдан бұрын рухтар әлемінде де әкем еді деп сыйлайды. Бауырына да мәңгі бірге болатын бауырым деп қарайды, жұбайына да жәннатта өте сұлу өмірлік жар деп қарап, жақсы көреді, құрметтейді, жанашыр болып жәрдем етеді. Әлгіндей ұзақ та мәңгі өмір үшін адал қызмет етіп, дүниелік, уақытша кикілжіңдерге ренжіп кек сақтамайды. Ықыласы артып кемелдігі, адами ізгі қасиеттері әлгіндей ұзақ мерзіммен өлшеніп - дәрежесіне қарай - кемелдене түседі. Дүниелік тұрмыс жағынан боз торғайдан төмен манағы пенде, енді бүкіл жандылардан жоғарылап, ғаламның таңдаулысы, бақтияр қонағы, әлемнің Иесінің сүйіктісі және мақбұл құлы атанады. Бұл нәтиже де Рисалей-Нұрда айғақтармен түсіндірілгендіктен қанағат етіп қысқа қайырғанды жөн көрдік.
Адамзаттың төрттен бір бөлігін құрайтын жас-өспірімдер, ақыретке иман келтірсе адамға лайықты өмір сүреді әрі адами қасиеттерін сақтап қалады. Әйтпесе, уайым мен үрей билеп өздерін ұйықтату немесе үрейді ұмыту үшін ойыншықтармен ойнап еркелікке салынып бетімен кетеді. Себебі, әрдайым айналасында өзі секілді балалардың қайтыс болғанын естігенде нәзік болмысы, сезімтал табиғаты зақым көріп, азап шегеді. Сан-түрлі арманға толы жұдырықтай жүрегі сыздап, дәрменсіз рухы ондай соққыға шыдай алмай қиын өмір кешеді, әрі ақыл-ойы мазалап тұрмысының шырқы бұзылады. Ал, ақыретке иманы болса әлгі көрмеуі үшін ойыншықтармен жасырынған уайымның орнына қуаныш пен үміт пайда болып, еңсесін көтеріп былай дейді: «Менің бауырым яки достым өлгені рас. Бірақ ол Жәннаттың құсы болып бізден әлдеқайда рахат өмір сүруде, әртарапты аралап кезіп жүр». Немесе,
"Анам қайтыс болды, ол Аллаһтың рахымына бөленді. Мені Жәннатта тағы да құшағына қысып аймалап өбеді. Түбінде аяулы анашыма қайта қауышамын!". Осылайша, адам секілді өмір сүреді.
Енді, адамзаттың төрттен бірін құрайтын қарттарды алайық. Олар өмірі жақында өшетінін, топыраққа кіретінін, үйреншікті дүниенің есігі жабылатынын жақсы біледі. Бұған жұбанышты тек ақыретке иманнан табады. Әйтпесе, әлгі құрметке лайық аталар мен аяулы аналардың жаны күйзеліп, жүректері аласұрып қатты қиналары сөзсіз. Дүние қараң қалып, оларға зындан, ал өмір сүру адам төзгісіз азап болар еді. Бірақ ақыретке иман оларды былай деп жұбатады:
«Уайымдамаңдар! Сіздерді мәңгі жастық шақ, жарқын өмір күтіп тұр. Айырылып қалған бала-шағаң, тума-туысқан, мал-мүлкіңмен қуана қайта қауышатын боласыңдар. Жасаған жақсылықтарың босқа кеткен жоқ, ақысын еселеп аласыңдар!». Міне, ақыретке иман көңілдерін жайлап, жұбататыны сонша әрбір қарт жүз есе қартайып кетсе дағы үмітсіздікке түсіп қайғырмас еді.
Адамзаттың үштен бірін құрайтын жастарға келейік. Бойларын әуестік билеп, сезімге берілгіш әрі батыл, ақылын әрқашан тыңдай бермейтін олар ақыретке имандарын жоғалтып алса, яғни, тозақ бар екенін ескермесе, қоғам өміріне қауіп төнеді, ар-намыс тапталып, әлсіздерге қиын болады. Кейде бір сәттік ләззатқа бола бақытты отбасының шаңырағы шайқалып, осы секілді түрмеде төрт-бес жыл азап шегеді. Хайуанға ұқсап, жауыздық жасайды.
Егер оған ақыретке иман көмекке үлгерсе, тез есін жинап былай тоқтамға келер еді: «Тәртіп сақшылары көрмеуі мүмкін, олардан жасырына алармын-ау, бірақ, жәһаннам дейтін зынданы бар Падишах-ы Зүлжалалдың періштелері көріп отыр ғой, жаман амалдарымды жазып қоюда. Өз бетімше жүргізбейді, атқарар міндетім бар жолаушымын. Мен де бір күн қартайып күш-қуаттан айырыламын ғой» деп жауыздық жасағалы тұрған кісілерге аяныш сезімі оянып, оларды құрметтейтін болады. Бұл мағына да Рисалей-Нұрда дәлелдермен баяндалғандықтан соған сілтеп қысқа қайырдық.
Һәм, адамзаттың маңызды бір бөлігі ауру жандар мен жәбір көргендер және біз секілді бәлеге ұшырағандар мен пақырлар, ауыр жазаға кесілгендер. Егер оларға ақыретке иман медет бермесе, жағдай қиын. Ауру әрдайым өлімді еске түсіріп бір мазаласа, енді өшін ала
алмаған, намысын таптаған залымның тоңмойын тәкаппарлығы бір жағынан және пәлекеттен зардап шеккен мал-мүлкі, бала-шағасы уайымға салып үмітін үзеді және бір-екі минуттық яки бір-екі сағаттық зауықтың кесірінен бес-он жыл мұндай абақты азабын тарту жанын жегідей жейді. Ал ақыретке иман болса терең тыныстап рахаттанып қалар еді. Қиыншылықтар мен үмітсіздік, уайым мен кек оты иманның дәрежесіне қарай сөніп кейде мүлдем жоқ болып кетеді.
Тіпті, мен былай дер едім, егер менің және кейбір бауырларымның мына нақақтан нақақ қамалып қиналған кезде, ауыр пәлекет кезінде ақыретке иман жәрдем етпегенде бұл жердегі бір күн шыдатпайтын азап өлім секілді әсер етіп, бізді өмірмен қош айтысуға итерер ме еді. Бірақ Құдайға шүкір, өзімнің қайғыммен қоса, жанымдай жақсы көрген бауырларымның қайғысын тартсам да және көзімнің қарасындай қымбат, мыңдаған Рисалей-Нұр кітапшаларымды бермей, оларды тәркілеп қинағандарынан қатты өкінсем де және бұрын аз өктемдікке шыдай алмайтын мінезім болса да, сізге ант етейін ақыретке иманның нұры, оның сыйлайтын қуаты маған сабыр, төзімділік, жұбаныш пен табандылық берді. Тіпті, ұлы күресте, тиімді сынақ дәрісінде жоғары мәртебе, мол сауап алу үшін күшті ынта-жігер берді десе болады. Кітаптың басында айтқан болатынмын, мен өзімді Жүсіп пайғамбардың (а.с.) медресесі деп атауға лайық, тамаша да қайырлы медреседе жүргендей сезінемін. Анда-санда сыр беретін ауру мен қарттықтан пайда болатын кірпияздық болмаса, рахат түрде шынайы ықыласпен дәрістеріме алаңсыз кірісер едім. Жарайды, орайы келіп тақырыптан тыс нәрселер жазылды, айыпқа бұйырмаңдар.
Һәм, әр адамның кішкене дүниесі, тіпті, шағын жұмағы - өз үйі, от басы. Егер ақыретке иман ол үйден орын таппаса, отбасының мүшелері әрбірі өзара мейірім мен сүйіспеншілігі қаншалықты болса, соншалықты уайым мен қайғы шегіп, азапқа түсер еді. Әлгі жұмақ өмір тозақи тұрмысқа айналады не болмаса үйдегілер өткінші көңіл көтеруге, ойын-сауыққа үйір болып, азғындыққа салынып, ақылды ұйықтатуға тырысады. Аңшыны көріп, я қаша алмай, я ұша алмай, қатты сасқанынан көрінбеуі үшін басын құмға сұққан түйеқұс секілді әлгі бейшаралар да бейқамдыққа әбден бойұрады. Өзінше, солай істесе, өлім мен аяқталу, қоштасу оларды сырт айналып өтетіндей, ақымақтық қылып, сезімді уақытша сөндірмек болады.
Мысалға, ана өзінің, қатты жақсы көретін, тіпті, ол үшін жанын беруге дайын баласын әрдайымғы қауіп-қатер ішінде көргенде мазасы кетеді. Немесе балаларды алайық. Олар әкесін яки бауырларын уайымдап, оларды қоршаған бәлелерден сақтай алмайтындықтан әрдайым уайымдап, қорқақ болып өседі. Осылайша тұрлауы жоқ мына өмірде әлгі отбасының бағы тайып, берекеті кетеді. Оның үстіне қысқа өмірлік, уақытша туысқандық байланыс шынайы да адал, толық ықыласты болмайды. Өзара сыйластық пен махаббатқа зақым келіп аралары суый бастайды. Мінез-құлық нашарлап, тіпті, келеңсіз жағдай болуы әбден мүмкін.
Ал, отбасы мүшелері ақыретке иман келтірген болса, шаңырақтары нұрға бөленіп, өзара қарым-қатынас, туыстық пен махаббат қысқа ғұмырдың өлшемімен емес, мәңгі бақыт, ақыретте де ол қатынас жалғаса беретіндіктен, соған қарай өлшенеді. Адал құрмет, шынайы махаббат, мейірімге толы қамқорлық, бір-бірінің ағаттықтарына қарамау, кемшіліктерін кешіру секілді жақсы қасиеттер қалыптасып, ол шаңырақта нағыз бақыт орнайды. Бұл мағына Рисалей-Нұрда баяндалғандықтан қысқа қайырдық.
Һәм, әрбір қала өз тұрғындарына белгілі бір мағынада үлкен үй, баспана. Егер ақыретке иман ол үлкен үйдің тұрғындарына әсер етпесе, яғни, иманнан нәсібі жоқ болса, жақсы мінездің негіздері болып табылатын ықылас, адалдық, адамгершілік, қамқорлық, жанашырлық, жанкештілік, Аллаһ ризашылығы, обал-сауап жоғалып оның орнын ашу-кек, бас пайдасын көздеу, екі жүзділік, алдау-арбау, өзімшілдік, рия, жасандылық, парақорлық секілді келеңсіз жайттар етек алады. Сырттай тыныштық, бейбіт өмір кешіп жатқандай көрінгенімен шынтуайтында анайылық, шектен шығу, анархия үкім сүреді. Қала өмірінің шырқы бұзылады. Балалары ерке, жастары мас, күштілері залым келіп, қарттары зар еңіреп, мұңлы күй кешеді.
Осылай салыстыра берсек, мемлекеттің өзі бір үй, отан да бір халықтың үлкен отбасы деуге болады. Егер осы кең қанатты отау үйге ақыретке иман ықпал ететін болса, бірден өзара сыйластық, шынайы жанашырлық, мейірім, еш ақысыз сыйластық, бір-біріне көмектесу, адал қызмет, татулық, риясыз құрмет, адамгершілік, менмендіксіз үлкендік, кішіпейілділік секілді игі қасиеттер жаңғырып, жандана бастайды.
Құран дәрісімен балаларға былай дейді: "Еркелікті қой, жәннат бар!".
Жастарға: "Мастыққа салынба! Жәһаннам бар, байқа!" деп есін жиғызады.
Залымдарға: "Жан төзгісіз азап бар, ауыр жазаға тартыласың!" деп әділдікке бас игізеді.
Қарттарға: "Уысыңнан шығып кеткен бақ-дәулетті уайымдама! Алдарыңда одан да артық һәм мәңгі ақыреттік бақ, бақи жастық шақ бар. Соны иемденудің қамын ойла!" деп уайымын қуанышқа айналдырады.
Қарап отырсаң ақыретке иман әрбір буынға жағымды әсерін тигізіп, қараңғылықты сейілтіп болымды із қалдырады екен. Ендеше қоғам өмірін дінсіз жөнге саламын, бір қалыпқа келтіремін деп даурығатын қоғам қайраткерлері мен психологтардың құлақтарына алтын сырға!
Міне, ақыретке иманның мыңдаған пайдаларынан бес-алтауына ғана ишара етіп, сілтеме жасадық. Басқа тұстарын салыстырса, екі дүниенің, екі өмірдің бақыт көзі тек иман екені түсінікті болар.