(Миуа рисалесінен)
«Жастар шырағы» атты кітапта баяндалған болатын;
Бірде маған көмектесіп жүрген бауырларым мынандай сұрақ қойды: "Дүниенің астан-кестеңін шығарып жатқан және Исламның тағдырымен де қатысы бар мына аласапыран екінші дүние жүзілік соғыс басталғанына елу күн болды (қазір 1946 жыл яғни жеті жылдан асты) бірде-бір рет алаңдап сұрамадыңыз. Алайда кейбір діндар һәм ғалым кісілер жамағатты, мешітті тастап радионың басында отыр. Апырым-ай, бұл оқиғадан әлдеқайда маңызды оқиға болып жатыр ма, әлде онымен шұғылдану зиян ба?".
Өмір дейтін байлық өте аз. Атқарылуы тиіс маңызды шаруалар өте көп. Бір-бірінің ішіне кіріп жатқан шеңберлер секілді әрбір адамды алаңдататын мәселелер бар. Шеңберлердің ең тар, кішкенесі қалб (жүрек) пен асқазан шеңбері. Сосын денесі, үй іші, отбасы, тұратын қаласы мен туған өлкесі, мемлекеті, жер шары, адамзат әлемі, сонау тіршілік иелері мен дүние дейтін шеңберлер, бірінің ішіне бірі орналасқан олар адамды ортаға алып ойландырады. Әрбір шеңберде әркімнің өзіндік атқарар міндеті, борышы болады. Дегенмен ең кіші шеңберде өте үлкен әрі маңызды және әрдайым бақылап отырылуы тиіс өзекті мәселе, уақыт күттірмейтін міндеті бар. Ал, ең үлкен шеңберде өте кішкентай әрі уақытша һәм ара-тұра мәселелер мен міндеттер болады. Олар салыстырмалы түрде аса маңызды емес. Алайда үлкен шеңбер қызықтырып, өзіне тартып әкетеді де тар шеңбердегі аса қажетті де маңызды қызметті тастатып пайдасыз, бос, өзімен қатысы жоқ істермен шұғылдандырады. Сөйтіп өмір дейтін қымбат байлықты түкке тұрғысыз жерге жұмсатып зая еткізеді. Кейде осы соғыс жайын бақылаймын деп, бір жағына жақтасып кетеді. Сосын олардың жасаған зұлымдықтарын хош көріп, жауыздығына ортақ болады.
Сұрақтың бірінші бөліміне жауап: Иә, біле білгенге мына дүние жүзілік соғыстан әлдеқайда маңызды оқиға және осы жер шарына үстемдік ету мәселесінен де үлкен мәселе әрбір адамның басына туып тұр. Әсіресе, мұсылманға үлкен мәселе, зор дау-дамай ашылып отыр. Бұл дау-дамайдың ауқымдылығы мен маңыздылығы соншалық, ол мәселені шешу үшін әрбір адамның жеке байлығы Германия, Англия елдерінің қорындай көп болса, әлгі дау-дамайды ұтымды шешу үшін барлығын еш ойланбастан бере салар еді.
Ол неғылған даулы мәселе дейсіз ғой. Мәселе мынау: Әрбір жанға иман келтіргені үшін мына жер шарындай алып бірақ мәңгі-бақи бау-бақша, зәулім бақыт сарайлары, кең дала, жазиралы жасыл желекке ие болу немесе айырылып қалу мәселесі туындап отыр. Мұндай мәселе бар екенін кім айтты десеңіз, адамзаттың бетке тұтар жүз мыңдаған күн көсемдері мен жөн сілтеуші мүршидтері айтқан. Олар неге сүйеніп айтты десеңіз, ғалам Иесінің мыңдаған уәдесіне сүйеніп хабар берген, тіпті, кейбірі мұны көзбен көрген. Егер иман құжаты дұрыс болмаса сол даудан ұтылып, әлгі мал-мүліктен айырылып қалуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда оба індеті секілді материализм деген бәленің кесірінен әлгі дауды шеше алмай көбісі ұтылып қалуда. Тіпті, бір "әһл-і кәшф уә тахкик" яғни ақиқаттарды көре алатын әулиелер, өлген қырық кісінің бір-екеуі ғана иманды кетіп әлгі дауды ұтқанын, қалғаны айырылып қалғанын көріпті. Апырм-ай, әлгі даулы мәселенің, яғни, олардың уысынан шығарып алған жұмақтың орнына оларға дүниенің салтанаты берілсе манағы өкініштің орны тола ма екен?
Міне, осы дауды ұтқызатын қызметтерге және жүз адамның тоқсанына тиімді қылып шешетін би-төреге жүгінбей, әлгі атқарылуы тиіс міндеттерді тастап, дүниеде мәңгі қалатындай бос нәрселермен шұғылдану ақылсыздық деп білетіндіктен біз, Рисалей-Нұр шәкірттері әрқайсымыздың ақылымыз тасып, данышпан болып кетсек те оны тек осы іске, жалғыз осы қызметке жұмсауымыз керек деп шештік және солай екеніне көзіміз әбден жеткен.
Уа, түрменің ауыртпалығын бірге тартып жүрген жаңа достарым! Сендер, менімен бірге түскен бауырларым секілді Рисалей-Нұрды әлі көрген жоқсыңдар. Мен оларды және олар секілді мыңдаған шәкірттерді куәгер ретінде пайдаланып мынаны айтып дәлелдеймін һәм дәлелдеген болатынмын:
Әлгі маңызды мәселені жүзде тоқсан арызданушыға ұтымды етіп шешіп берген және жиырма жылдың ішінде жиырма мың адамға тиімді шешімі, құжаты, ақталу куәлігі боп табылатын кәміл иман сыйлаған және Қасиетті Құранның мағынауи мұғжизасы және бұл заманның үздік қорғаушысы Рисалей-Нұр тәпсірі. Мұны мен толық сеніммен айта аламын. Он сегіз жыл болды, менің дұшпандарым, дінге жау кәпірлер мен материалистер бізге қарсы небір сұмдық айла жасап үкіметтің кейбір ірі тұлғаларын алдап, бізге айдап салып, көзімізді жою үшін дәл қазіргідей қанша рет түрмеге жауып, зынданға тастаса да Рисалей-Нұрға түк істей алмай, оның болаттай берік қорғаны жүз отыз кітапшасының тек екі-үшеуіне ғана өздерінше тиіскен болды. Демек кімге адвокат керек болса Рисалей-Нұрдан мықтап ұстасын.
Қорықпаңыздар! Рисалей-Нұрға тыйым сала алмайды. Мемлекет басында отырған азаматтардың қолдарында маңызды рисалелер (екі-үшеуінен басқасы) емін еркін кезіп жүр. Иншаллаһ, түрмелерді толыққанды түзету орны жасау үшін бақытты түрме бастықтары мен бақылаушылар осы нұр кітапшаларын абақтыда отырғандарға нан мен су секілді ұсынатын болады. Ол күн де алыс емес, көресіңдер әлі.