(Миуа рисалесінен)
«Жастар шырағы» кітабында баяндалған ғибратқа толы бір оқиғаның өзегі былай болатын:
Бір күні Ескішәһир қаласындағы түрменің терезесінен Республика Күнін тойлап жатқандарға қарап отыр едім. Қарсы алдымызда орта мектеп болатын, соның бойжеткен, үлкен қыздары аулада шулап, мәз-майрам, би билеп жатқанын көрдім. Кенет, маған мағынауи экраннан олардың елу жылдан кейінгі жағдайлары көрсетілді. Сонда, әлгі елу-алпыс шақты оқушы қыздың қырық-елуі қабірде топыраққа айналып азап шегіп жатқанын, ал он шақтысы жетпіс-сексен жасына келіп әбден қартайған әрі жас кезінде ар-намысын сақтамағандықтан кезінде жақсы көрінуге тырысқан кісілердің керісінше жиіркенішін туғызып жүргенін көзбен көрдім. Олардың мұндай аянышты халдеріне шыдай алмай жылап жібердім. Абақтыдағы достарым жылағанымды есітіп, қасыма келіп себебін сұрады. Мен оларға: «Бара тұрыңдаршы, жеке қалғым келіп тұр!» дедім.
Рас, көргенім ақиқат. Мұны қиял демегін. Мына жаз мезгілі күзге айналып, ақырында қыс болмай ма? Дәл сол секілді жастық кез жаз мезгілі секілді, ал қарттық болса күзге ұқсайды. Оның ақыры қабір мен берзах қысы болмақ. Өткен тарихтың елу жыл бұрыңғы оқиғаларын теледидардан қазірде көрсетіп жатқаны секілді осыдан елу жылдан кейінгі жағдайды көрсететін теледидар шықса, сөйтіп мына адасқандар мен азғындар өздерінің алпыс жылдан кейін нендей халге ұшырайтындарын көрсе, қазіргі істеп жүргендеріне жиіркеніп, қатты өкінер еді.
Мен осы ақиқатқа ойша шомып отырғанымда отқа май құйғандай азғындық пен адасуды қоздыратын рухани тұлға, адам бейнесіндегі шайтан секілді біреу алдыма кесе көлденең тұра қалып былай деді:
«Бізде шаруаң болмасын! Біз, өмірдің небір қызықтарын, зауық, ләззаттарын татып, басқаларға да таттырғымыз келеді!» деді. Менің оған жауабым былай болды:
Сен, ләззатқа бола өлімді ойламай адасып, азғын жолды таңдап отырсың. Олай болса мынаны жақсылап біліп ал! Адам адасқан кезде өткен шақ жаппай жоқ болып, құрдымға кеткендей қараңғы болып көрінеді де іші толы жаназа, қорқынышты мазарлық боп елестейді. Сен адамсың ғой. Ендеше адасушылық сенің анау басыңды және егер бар болса, өліп қалмаған болса жүрегіңді ауыртады және көптеген қоштасу мен сансыз достардан мәңгіге айырылысу салдарынан уайым-қайғыға салып жаныңды жегідей жейді. Бұл сенің мына масайрап алып жатқан бір сәттік ләззатыңның күлін көкке ұшырады. Ал, келешек болса, ол да имансыз назармен қарағанда қараңғы, тып-тыйпыл, өлі әрі қорқынышты өлке болып көрінеді. Келер ұрпақтың бейшара бастары "ажал" дейтін бас кесердің қылышымен шабылып, көздері жойылатындықтан әрдайым имансыз басың бәлеге қалып, уайымдайсың. Осылайша, азғындықтан алған бір сәттік ләззатыңның шырқы бұзылады.
Егер тәубәңа келіп, адасудан бас тартып, азғындықтан тыйылып нағыз иманға келіп, тура жолға түссең әлгі өткен шақ тып-тыйпыл жоқ қылатын, барлығын жұтып қоятын мазар емес, керісінше ол әлем бар, тым жарқын әрі келешекке айналып кеткенін, ол бір нұрлы әлем екенін, бақи рухтар болса болашақта мәңгі бақыт сарайларына кіру үшін кезекте тұрғанын көресің. Әрине бұл иманның нұрымен жүзеге асады. Ол кезде өткен шақтан уайым емес, қайта иманның қуатына қарай белгілі бір мағынада жәннаттың ләззатын сезініп рахаттанасың. Ал, келешек болса, ол да қараңғы, қорқынышты әлем емес, иманның көзімен қарағанда мәңгі бақыт сарайларында шексіз Мейірімді, аса жомарт, әрбір көктемді ырыс толы дастарқандай жарататын Рахман-ы Рахим-і Зүлжәлал уәл Икрамның қонақасы дайындалған әрі бізді күтіп тұр, біз де сол жаққа бара жатырмыз деген үміт пайда болады. Мұны әркім иманының дәрежесіне қарай сезініп, бақи әлемнің ләззатынан зауық алады.
Демек, алаңсыз нағыз ләззат тек иманда және иман арқылы жүзеге аспақ.
Иманның бұл дүниеде мол пайда көзі, қыруар жемістері бар екенінен тақырыбымызға орай жалғыз бір ғана пайдасы мен ләззатын бір тәмсіл арқылы баяндап берейін. Бұл «Жастар шырағы» кітабының сілтемесінде жазылған болатын.
Мысалға, сенің өте жақсы көретін жалғыз балаң науқастанып секаратта яғни жан тапсырғалы жатыр. Сен де қайғыдан қан жұтып, мәңгіге көз жазып қалатыныңды уайымдап тұрғаныңда, кенет Хазіреті Хызыр немесе Хәкім Лұқман секілді бір дәрігер келді де, емдеп әлгі жаныңдай жақсы көретін сүйкімді балаң көзін ашып, өлімнен құтылса қаншалықты қуанып, бір марқайып қаласың, солай емес пе?
Міне, сенің әлгі баладай қатты жақсы көрген сүйіктілерің, кіндіктес бауырларың, миллиондаған игі жандар манағы өткен шақ мазарында (сенің ойыңша) шіріп, жоқ болғалы тұрғанда кенет кәміл Иман, Хәкім Лұқман секілді әлгі алып мазар секілді көрінген өткен шаққа қалб (адамның ішкі жан дүниесі) терезесінен нұрын шашады. Сөйтіп, қайтыс болғандардың бірі қалмай тіріліп: "Біз өлгеніміз жоқ. Сендермен тағы да кездесеміз, мәңгі бірге боламыз!" дегендей қиялыңда жанданатындықтан көңілге шаттық сыйлап, жүректі қуанышқа бөлейді. Демек иман ақиқаты бейне бір дәнек секілді. Егер өсіп-өнсе әркімнің жеке-жеке жәннатына, саябағына айналады.
Әлгі қырсық былай деді:
«Ең құрығанда хайуан секілді өмірді қызықты, рахат өткізу үшін сен айтқан терең мәселелерді ойламай, күліп-ойнап жүре бермейміз бе?»
Оған жауап былай болды:
Хайуанға ұқсап сірә рахат өмір сүре алмассың. Неге десең, хайуанда өткен шақ, болашақ ұғымы жоқ. Өткенге өкініп, я келешекті уайымдап мазаланбайды. Ләззатты толығымен алады да Жаратқан Иесіне шүкір етеді. Тіпті бауыздау үшін жатқызылған мал, ештеңе сезбейді. Тек пышақ тиген сәтте сезгендей болғанымен ол сезімді де Аллаһ жоқ қылып жібереді. Еш уайым-қайғы шекпейді. Демек Аллаһтың рахымы, мол мейірімі ғайыпты оларға жауып, білдірмей тастайды. Бұл әсіресе еті желінетін мал-жануарда айқын көрінеді.
О, Адам! Сенің ақылың болғандықтан өткен шақ пен болашақтың бар екенін білесің. Әлгіндей хайуанға тән беймәлім емес, демек мазаңды алады. Өткен күндердің өкініштері, қайғылы қоштасулар және болашақтың үрей мен уайымы сенің манағы азғантай ләззатыңды тас-талқан етеді. Ләззат алуға келгенде хайуаннан бетер артта қаласың. Иә, бұл айтылып жатқан ақиқат. Олай болса я ақылыңды
алып таста да хайуан бол! Мына бәледен құтыл! Не болмаса иманға кел, есіңді жи! Құранды тыңда! Сөйтіп, бұл дүниенің өзінде хайуаннан жүз есе артық мөлдір ләззаттың дәмін татып, рахатқа бат!" деп оның үнін өшірдім.
Тағы да әлгі қырсық былай деді:
«Тым болмаса шет елдік, мұсылман емес дінсіздерге ұқсап өмір сүрерміз».
Оған жауап ретінде былай дедім:
"Батыстың дінсіздері секілді бола алмайсыңдар. Өйткені, олар бір пайғамбарға сенбесе басқасын қабылдауы мүмкін. Ешбір пайғамбарға сенбесе Аллаһқа сенуі мүмкін. Егер одан да мақұрым болса кемелдікке ұйытқы болар кейбір қасиеттер сақталып қалуы әбден мүмкін. Ал, бір мұсылман, ең соңғы және мәртебесі жоғары, діні мен шақыруы жалпыға ортақ ақырзаман пайғамбары Мұхаммед аләйһиссалатү уәссаламды жоққа шығарып, оған сенбесе, оның сара жолынан тайса, енді ол ешбір пайғамбарды тіпті жаратқан Аллаһты да жоққа шығарады. Себебі, ол бүкіл Пайғамбарларды да Жаратқан Аллаһты да, бүкіл кемелдік атаулыны Сол Кісі арқылы таниды. Ол болмаса әлгі ізгі қасиеттерден жұрдай болады. Сондықтан да бұрыннан бері өзге дін өкілдері Ислам дінін қабылдап, мұсылман болуда. Бірақ ешбір мұсылман шынайы яһуди, таза христиан, я мәжәсу болған емес. Керісінше адами қасиеттен айрылып, отанына, халқына зиянкес болып, діннен безген атанады" деп дәлелдеп бердім. Құдайдан безген әлгі бірбет қырсықтың амалы таусылып, айтарға сөзі табылмай тайып тұрды, бәлкім Жәһаннамға жол тартты.
Уа, мына Жүсіп медресесінде сабақ алып жүрген бауырларым! Бұл айтылғандар, ақиқат. Мұны Рисалей-Нұр нақты айғақтармен жиырма жылдан астам уақыттан бері дәлелдеп келеді. Көптеген дінсіз қырсық жандардың қырсықтығын сындырып, иман айтқызып, тәубасына келтірді. Олай болса біз, һәм дүниемізге, һәм болашағымызға, һәм ақыретімізге, һәм отанымызға, һәм халқымызға өте пайдалы әрі оңай, әрі саламатты болған иман мен истиқаметті (тура бағытты) ұстанып, бос уақытымызды мазаны алатын бос қиял-ойлармен өткізбей, Құраннан жаттаған сүрелерді оқып, яки мағынасын білетіндер болса сұрап және қаза болған парыз намаздарды өтеп, бір
бірімізді өнеге тұтып, жақсы мінез-құлықтарымыздан пайдаланып, мына абақтыны тамаша гүл-көшет өсіретін бау-бақшаға айналдыру секілді салих амалдар жасайық. Қылмыскерлерді бақылаушы түрме қызметкерлерін жәһаннамдағы зәбани, азап періштелері секілді емес, керісінше Жүсіп Пайғамбардың медресесінде жұмыс істейтін, жәннатқа адам дайындайтын тәрбиешісі секілді міндет жүктелген қызметкер, дұрыс бағыттағы ұстаз, мейірімді жетекші, жанашыр қомқоршы болуына жағдай жасайық.