(Миуа рисалесінен)
Рисалей-Нұрдың «Жастар шырағы» атты кітабы анық түсіндіргеніндей, өлімнің анық әрі ақиқат екендігі соншалық бүгіннің түні немесе осы күздің ақыры қыс болатыны секілді анық. Мына абақты әрдайым жазасын өтеп, босап шығатындарға арналған уақытша қонақ үй секілді болса, мына жер жүзі дағы асығыс келіп, асығыс кететіндерге қысқа мерзімдік жол бойындағы керуен-сарай іспеттес. Кез келген қаланы тұрғындарымен бірге жүз мәрте қабірге жөнелтіп жатқан өлім, міндетті түрде өмірден де көп талабы бар. Міне, осы өзекті де терең ақиқаттың шешімін Рисалей-Нұр тауып, жай-жапсарын баяндап берген. Қысқаша тұжырымы мынадай:
Өлім өміршең яғни ол өлмейді, қабірдің де ауызы жабылар емес. Олай болса, әлгі қауіпті өлімнен құтылу, яғни жалғыз өзін қамап тастайтын суық қабірден аман қалу әр адамның ең үлкен әрі өзекті де уақыт күттірмейтін мәселесі болмақ. Иә, ол мәселенің шешімі бар. Рисалей-Нұр Құранның нұрымен оның шарасын тауып, басқаларға анық та қанық түрде дәлелдеген болатын. Қысқаша өзегі былай болмақ:
Өлім дегеніміз я мәңгіге жоқ болу. Ол - адамның өзін һәм сүйіктілерін, тумаларын көзін жоятын дар ағашы. Я болмаса ол - өзге бақи әлемге көшу (әрине егер иманды кетсе) мәңгі бақытқа бөленудің кіріспесі, құрметті демалысқа шығу, ауыр міндеттен босатылу. Ал, қабір болса, ол - тастүнек жалғыз адамдық абақты, түбі жоқ терең құдық, немесе мына зынданға ұқсас дүниеден бақи әрі жарық сая-баққа, сыяпатқа апаратын есік. Бұл ақиқатты «Жастар шырағында» бір тәмсілмен дәлелдеген болатынбыз.
Мәселен, мына абақтының алдына дарға асу үшін дар ағаштары құрылыпты делік. Дар ағаштар жарға сүйеніп орналасқан. Жардың арғы жағында өте үлкен, тіпті, бүкіл дүние қатысатын лоторея ойыны ұйымдастырылған. Бізді, яғни, осы жерде отырған бес жүз кісіні ешбірін қалдырмай әрі қашып құтылу мүмкін емес, жеке-жеке манағы алаңға шақырғалы тұр. Ол жақтан: "Кел, өлім жазасына кесілдің,
дар ағашына шық!" не болмаса «тұтқынсың, жалғыз өзің мәңгі қамауға алынасың!» немесе «Сүйінші! Саған миллион алтын ұтатын билет шықты, бағың бар екен!» деген үкім-хабарлар келіп әркім алаңдап отыр. Біз, әлгі дар ағашына адамдардың бір-бірлеп барып кейбіреуінің асылып жатқанын, ал енді біреулері дар ағашын пайдаланып оның арғы жағындағы ұтысты алуға өтіп кеткендерін, солай болып жатқанын бізге сол жердің жауапты ірі тұлғалары мен қызметкерлері анық түрде хабарлап әрі мұны өзіміз де көзбен көргендей нақты біліп тұрғанда абақтыға екі топ кіріп келді. Біреуінің қолдарына музыка аспаптары, арақ-шарап және тәттілігі алдамшы халуа, бәліш. Оларын бізге жегізгісі келеді. Алайда олардың ұсынып отырғандары улы, зиянды. Адам шайтандары ішіне у қосқан.
Ал, екінші топ пен жамағат болса қолдарында тәрбиелік маңызы зор жазбалар, халал тағамдар және тәтті сусындар. Оны сый ретінде ұсынып тұрып бір ауыздан, еш күмәнсіз нақты түрде былай дейді:
«Егер әлгі бірінші топтың сендерді сынау үшін әкелген кәделерін алып жесеңдер, мына көз алдымыздағы дар ағашына басқалардың асылғаны секілді сендер де асыласыңдар, оны өздерің көріп отырсыңдар. Ал, егер осы елдің әміршісінің бұйрығымен біз әкелген кәде-сыйлықтарды анау харам нәрселердің орнына қабыл алып, тәрбиенаманың ішіндегі дұға, жазбаларды оқысаңдар дарға асылудан құтыласыңдар. Сонымен қатар, ұтыс алаңына өтіп Аллаһ жарылқап әрқайсыңа миллион алтын ұтқызатын билет бұйыратынына көзбен көргендей, айдан анық сеніңдер. Егер манағы харам, күмәнді де улы тәтті тағамдарды жесеңдер, дарға асылғанға шейін де ол удың шаншу азабын тартасыңдар. Мұны қолымыздағы бұйрықнамалар және біз бір ауыздан нақты хабарлап отырмыз!».
Сонымен, осы тәмсілдегідей, өзіміз күнде көріп жүрген ажал дейтін дар ағашының арғы жағында "адамзаттың тағдыры" лотереясынан иман келтіріп, мойынсұнғандарға (әрине ақыры қайыр болу шартымен) мәңгі бітпес қазынаның билеті бұйыратынын, ал азғындыққа түсіп, харам жасап және имансыз, пасық болғандар болса (тәубесіне келмейтін болса) я мәңгіге жойылатынын (ақыретке сенбейтіндері) немесе мәңгі бақи сорлап, қараңғы қапасқа жалғыз өзі қамалатынын, (ақыретке сене тұра азғын жолда жүргендері) яғни,
осындай аяусыз ауыр жаза шегетіндерін әрі ол міндетті түрде солай болатынын хабар берген әу баста көптеген мұғжиза көрсеткен жүз жиырма төрт мың пайғамбар мен олардың әкелген хабарларының нышандарын көзбен көріп, қолымен ұстағандай растаған жүз жиырма төрт миллионнан астам әулиелер, (қаддәсаллаһү әсрарүһүм) сондай-ақ, әлгі адамзаттың асылдары болып табылатын екі топтың хабарларын ақылға сыйымды түрде, бұлтартпас ғылыми дәлелдермен нақты дәлелдеп, құптаған миллиардтаған терең зерттеуші ғұламалар, муджтахиттер және ұстанған жолдарына берік, адал жандар бір ауыздан растап бекіткен. Расында олар адамзаттың бетке тұтар азаматтары, күн көсемдері, жарқыраған жұлдыздары боп табылады.
Міне, осы аталған үш үлкен жамағаттың, яғни ақиқатшыл, алдамайтын, алданбайтын үш топтың айтқан хабарларын тыңдамай, олардың көрсеткен мәңгі бақытқа бастайтын сара жолына түспегендердің жағдайы не болмақ?! Олар, қауіптілігі жүзде тоқсан тоғыз ықтимал қатерге басын тіккендер. Тіпті, мұны бір ғана адам хабарлаған болса да құлақ аспай сол жолды таңдау ақылдының ісі емес.
Мысалы, алдымызда екі жол жатыр. Біреуі өте қысқа әрі тым жеңіл әрі жүзде жүз ықтимал жәннатқа апарады, мәңгі бақытқа бөлейді. Осындай сәтті де тиімді жолды тастап, аса қауіпті, тым ұзақ соқпаққа толы һәм жүзден тоқсан тоғыз ықтимал жәһаннам қапасына қамап, мәңгі бақи сорлататын екінші жолды таңдау ақымақтық. Адамдар дүниеде екі жол кездескенде біреуі қысқа болса да ол жайлы бір-ақ адамның әрі жалған болуы мүмкін бір ғана хабарына сеніп, оның қауіптілік ықтималы жүзден бір ғана және бір-ақ айға қамалуы мүмкін болса да сондай қысқа жолды тастап, еш пайдасы жоқ болса да, тек қана қауіпсіздігіне бола ұзақ жолды таңдайды. Ал, адам ақыреттік іске келгенде сақтанбаса не болғаны? Онда ол алыстан қарасы көрініп, бас салуға келе жатқан өте қорқынышты айдаһарға назар аудармай, шыбын-шіркеймен шұғылданып кеткен ақымаққа ұқсайды. Ол ақылынан алжасқан, жүрегін қара басқан, рухы төмен, адамгершілігінен айырылған адам болғаны ғой.
Жағдай осылай. Олай болса біз, қапастағылар мына абақты дейтін бәледен өшімізді толық алу үшін әлгі екінші мүбарак топтың әкелген сыйлық-кәдесін қабылдауымыз керек. Адам кейде бір минуттық өш алудың қызығына алданып немесе бір-екі сағат пасық ләззатқа бола
бәлеге ұшырап, он бес жылға, бес яки екі-үш жылға бас бостандығынан айырылып түрмеде отырады. Өмірдің шырқын бұзып, дүниесін зынданға айналдырады. Ендеше біз, осы бәлеге ерегісіп, бір-екі сағаттық абақты мерзімін - бір-екі күндік ғибадатқа және екі-үш жылдық жазамызды әлгі мүбарак топтың сыйлықтары арқылы - жиырма-отыз жылдық бақи жарқын өмірге айналдырып, ал он-жиырма жыл жазасын өтеуді - миллиондаған тозақтық қапастан құтылуға себеп қылып, фәни дүниеміз қараң қалған болса да, оның орнына бақилық о дүниемізді гүл-гүл жайнатып, мына басқа түскен бәледен өшімізді толық алуымыз керек. Абақтыны тәрбиеханаға айналдырып, өзімізді отанымызға, халқымызға пайдалы, сенімді ақтайтын азамат болуға тәрбиелеуіміз керек. Және абақты қызметкерлері мен басшылары ойлағанындай торда отырғандар қаныпезер, жауыз, есерсоқ, баукеспе, азғын, отанға, қоғамға зиянкес адамдар емес, керісінше, берекелі дәрісханада дәріс алып, тәрбие көріп жүрген шәкірттер екеніне көздері жетіп. Мақтанышпен да шүкір етсін.