Ойға кенеттен келген маңызды мәселе
Ақырзаманның пәлекеті кезінде үлкен рөл ойнайтын әйелдер қауымы және олардың азғын қылықтары екені хадистерден белгілі. Бұрынғы заманда Амазондар дейтін жауынгер, өжет әйел тайпалары таңғаларлық шайқастар жүргізгендігі тарихтан белгілі. Сол сияқты қазіргі заманда дінсіздердің Исламға қарсы жүргізген соғыстарында олардың жойқын әскері, әрі ең қауіптісі, жүгенсіз нәпсі мен шайтанның қоластына берілген - жартылай жалаңаш әйелдер болып отыр. Олардың ашық-шашық балтырлары пышақтан бетер. Олар иманды мұсылмандарға тұтқиылдан шабуыл жасап, некеге тұруды азайтып, жезөкшеліктің етек алуына ықпал етуде. Көпшіліктің сезімін тұтқындап, рух пен жүректі ауыр күнәлармен жаралап жатыр. Тіпті кейбіреулерді өлтіріп те жатыр. Әлгі пышақтай балтырлар бірнеше жыл бөтен көздерге көрсетудің жазасы ретінде жәһаннамның отыны болып алдымен солар жанады. Және сенім мен адалдықты жоғалтқандықтан, бұл өмірде де арманда кетіп, өзіне қажетті жар таба алмайды. Тапса да, басына пәле болады. Осындай келеңсіз жәйттардың салдарынан ақырзаманда некеге талап азайып, кей жерлерде қырық әйелге бір еркек қожалық ететіндей пәсі кетіп, құнсызданатыны хадистерден белгілі. Рас, әр бір әйел заты сұлу болуды қалайды, әрі оны қолынан келгенінше сақтап қалуға тырысады. Сұлулық деген нығмет. Егер сол нығметке шүкір етсе, ол арта түспек. Егер шүкір етпесе, нығмет азайып көркі таяды. Ақылы бар сұлу өзінің көріктігі басына пәле болуын қаламайды, басқаларды, күнәға итеруден, және нығметтің қадірін білмей оны өзін азапқа салатын себеп жасаудан жанын сала қашады. Керісінше бес-он жылдық өткінші сұлулықты мәңгілік ету үшін оны шариғатқа сәйкес дұрыс қолданып, берілген нығметке шүкір етеді. Әйтпесе, қартайған шағында қиын жағдайға түсіп, үмітсіз көз жасын төгуден басқа амалы қалмайды. Ислам тәрбиесінің аясында Құранның ережесін сақтап әлгі сұлулық береке тапса, өткінші әдемілігі мәңгілікке айналып, жәннатта хор қыздарынан да сұлу түрге енетіндігі хадистерде баяндалған. Сұлуда титтей ақыл болса, осы тамаша да жарқын әрі мәңгі нығметті уысынан шығарып алмауға тырысады.