Он екінші Шуақ
Уа, мырзалар! Сендерге турасын айтайын: Осы жерде отырғандардан басқа және бізбен яки Рисалей-Нұрмен байланысы жоқ немесе азғана байланысы бар жандарды санамағанда менің қаншама адал бауырларым, ақиқат жолында сапарлас шынайы жолдастарым бар. Біз, Рисалей-Нұрдың нақты хабарына сүйеніп екі жердегі екі төрт болатындай дәрежеде анық көзіміздің жеткені, өлім хақ және ол мәңгі жоқ болу емес. Құран өлімнің мәнісін ашып бергеніндей біз үшін ол құрметті демалысқа шығу. Ал бізге қарсы шығып, тура жолдан тайған кәпірлер үшін әлгі сөзсіз болатын өлім, я мәңгіге жойылу (егер ақыретке сенбейтін болса) немесе (егер ақыретке сеніп, бірақ азғындыққа салынған болса) мәңгі бақи, қараңғы қапас, жалғыз өзін қамайтын зындан болмақ. Апырм-ай, бұл мәселеден де маңыздырақ, мәнісі зор мәселе бар ма екен дүнияда, басқа шаруалар соған құрал болатындай. Әрине, жоқ, бола алмайды да. Олай болса, бізге неге тыныштық бермей тиісе бересіңдер? Біз ең ауыр жазаның өзін нұрлы әлемге сапарға жолдама деп қабылдап табандылықпен сабыр етеміз. Алайда, бізге сенбей, адасқандардың атынан бізді тұтқындағандарды, сіздерді осы мәжілісте көріп отырғанымыздай анық түрде мәңгі жоқ болып немесе жалғыз адамдық зынданға қамалатынын және олардың өте жақында сондай ауыр жазаға тартылатынын білеміз, тіпті көзбен көргендей сенеміз. Оларды шынымен адамшылық тұрғыдан аяймыз. Бұл анық әрі маңызды ақиқат. Мұны дәлелдеуге және ең қырсық тоңмойын адамдарға дәлелдеуге дайынмын.
Мәселені түсінбейтін, ызақор, руханияттан жұрдай сараптамашыларға емес, ең атақты ғалым, философтарға да айдай анық қылып дәлелдеп бермесем, қандай жаза берсеңдер де қабылдаймын. Сөзіме дәлел ретінде екі жұмада абақтыда жазылған және Рисалей-Нұрдың өзегі, қорытындысы, негізі деуге болатын және Рисалей-Нұрдың ақтау сөзі боп табылатын «Миуа» рисалесін ұсынып отырмын. Түп нұсқасы төте жазумен жазылғандықтан Анкара жоғары сотына беру үшін жаңа әріппен зор қиыншылықпен, көзден таса, жасырын түрде жаздырып жатырмыз. Соны оқыңыздар! Бірақ, мұқият ден қойып қараңыздар. Егер жүрегіңіз (нәпсілеріңе араласпаймын) менің айтқандарыма қанағаттанбаса, жалғыз адамдық камерада отырған маған кез-келген қиянат, азап берсеңдер көнемін.
Қорытынды: Сендер, я Рисалей-Нұрға тиіспей оны еркіне қоя беріңдер, я болмаса осы өте қуатты бұлтартпас ақиқатты қолдарыңнан келсе бұрыс екенін дәлелдеп, теріске шығарыңдар! Мен осы кезге дейін сендерді де дүнияны да ойлағаным жоқ, ойламас та едім. Бірақ, мені мәжбүрледіңдер. Мүмкін, сендерге ескерту жасау керек болған шығар. Сол үшін тағдыр бізді осында алып келді. Біз,
مَنْ اٰمَنَ بِالْقَدَرِ اَمِنَ مِنَ الْكَدَرِ деген киелі ережені ұстанып кез-келген қиыншылыққа сабыр сақтауға бел буғанбыз.
Мырзалар! Көптеген белгі-нышандардан көзімнің жеткені, өкімет бізге: «діни сезімдерді қоздырып қауіпсіздікке қатер төндіреді» деп айыптап тиісіп жатқан жоқ. Негізінде, жала жауып дінсіздік атынан, біз өзіміздің иманымызға, жалпы имандылыққа қызметіміз үшін және елдің тыныштығына еңбек еткеніміз үшін тиісіп жатыр. Оған дәлел-мысалдар көп. Айтар болсақ, жиырма жылдың ішінде РисалейНұрдың жиырма мың кітапшаларын жиырма мың адам қызыға оқып, мақұлдаған. Бірақ, Рисалей-Нұр шәкірттері тарапынан елдің тыныштығын бұзатын, қауіп төндіретін бірде-бір оқиға болмаған, ресми тіркелмеген және бұрыңғы сот та соңғы сот та таба алмаған. Алайда, астыртын үгіт-насихат жүргізілген болса жиырма күнде-ақ оқиғалармен ортаға шығар еді. Демек, олар «ар-ождан бостандығы» дейтін заңға өздері қарсы әрекет етіп, бүкіл діндар уағызшыларға қатысты, қай жаққа тартса созыла беретін заңның жүз алпыс үшінші бабын сылтау қылып соны пайдалануда. Діннен безгендер кейбір мемлекеттік қызметкерлерді алдатып, әділет басқармасын шатастырып солар арқылы бізді аяусыз жаншып, көзімізді жойғысы келеді. Мұның ақиқат екені рас, олай болса біз де жан айқаймен былай дейміз:
Әй, дінін дүнияға сатқан, дінге мүлдем сенбетін бейбақтар! Қолдарыңнан келгенді істеңдер! Дүния бастарыңды жұтсын, жұтады! Көресіңдер әлі! Миллиондаған батыр пида болған мұндай қасиетті ақиқатқа біздің де басымыз пида болсын. Қандай жаза берсеңдер де, тіпті өлтіріп тастаңдар да дайынмын. Қазіргі таңда абақтының сырты ішінен жүз есе қауіпті. Біздің душар болған мұндай өктемшіл биліктің астында ешбір бостандық - мейлі ол ғылым саласында не ар-ождан, не дін тұрғысында болсын - жоқ. Сондықтан ар-намысты, діндар және бостандықты қалайтын жандарға я өлген артық, я абақтыда отыру. Одан басқа шара жоқ секілді. Біз тек اِنَّا لِلّٰهِ وَاِنَّا اِلَيْهِ رَاجِعُونَ деп Раббымызға ғана сенеміз.
Сот төрағасы Али Риза мырза!
Құқымды қорғау үшін өте маңызды талабым, бір өтінішім бар. Мен соңғы шыққан жаңа әріпті танымаймын және жазуым да нашар. Әрі мені басқа адамдармен жолықтырмайды, құдды жалғыз адамдық камерада жатқандаймын. Тіпті, айыптау қорытындысын он бес минуттан кейін қолымнан тартып алды. Менің қорғаушы, адвокат жалдауға шамам келмейді. Тіпті, сізге ұсынып отырған мына арызымның бір бөлігін жасырын түрде жаңа әріппен жазылған бір нұсқасын әзер дегенде алдым. Рисалей-Нұрдың белгілі бір мағынада «арыз-талабы» деуге болатын және ұстанған жолымыздың негізі «Миуа» рисалесінің бір нұсқасын бас прокурорға және бір-екі нұсқасын астанамыз Анкараға жіберу үшін көшіртіп жаздырып едім, оны да алып қойды, әлі қайтарып берген жоқ. Ескішәһир қаласының әділет басқармасы абақтыға қол машинкасын кіргізуге рұқсат беріп арыз-шағымдарымызды жаңа әріппен бір-екі нұсқа көшіріп жаздырған едік. Һәм соттың өзі көшіріп жаздырған болатын. Менің сізден өтінерім, бізге бір қолмашинкасын беріңдер немесе бізге рұқсат етіңдер біз сырттан тарттырып алайық. Сөйтіп, өзіміздің арыз-шағымымызды һәм, Рисалей-Нұрдың арызы болып табылатын «Миуа рисалесін» жаңа әріппен екі-үш нұсқасын жаздырып әділет министрлігіне, һәм комиссия мүшелеріне, һәм депутаттар мәжілісіне, үкімет кеңесіне жолдайық. Себебі, айыптау қорытындысындағы бүкіл мәселе Рисалей-Нұр және Рисалей-Нұрға қатысты тақырыптар. Алайда оны айыптау жәй бір мәселе емес, ол мән берілмей шетке ысырып қоятындай жеке басқа қатысты оқиға да емес. Бұл, халыққа, елімізге, үкіметке қатысты баршаны алаңдататын, сайып келгенде Ислам әлемінің назарын аударатындай дәрежеде өзекті де үлкен әрі жалпыға ортақ мәселе.
Иә, Рисалей-Нұрға астыртын түрде тиісіп жатқандар шетелмен байланысы бар сұрқия залымдар. Олар отанымыздың, халықымыздың орасан зор күш-қуаты болып табылатын Ислам әлемінің елімізге сүйіспеншілігін, құрметін, ынтымақ пен бауырластығын жоқ қылып, оларды бізден суытып, жек көргізу үшін саясатты құрал
қылып дінсіздікті, нақты күпірлікті, анық құдайсыздықты астыртын түрде орнатқысы келеді. Міне, сөйтіп олар өкіметті алдатып, әділет органдарын шатастырып, осымен екі рет былай дейді: «Рисалей-Нұр және оның шәкірттері дінді саясатқа пайдалануда, олар елдің тыныштығына қауіп төндіреді!»
Уа, бейбақтар! Рисалей-Нұрдың саясатпен еш байланысы жоқ. Дегенмен, Рисалелер күпірлікке, Құдайсыздыққа оңдырмай соққы беретіндіктен кәпірліктің іргетасы болған анархияны және оның бет пердесі болған мәлім өктемшілдікті, диктаторлықты күл-талқан етеді, мүлдем қабылдамайды. Рисалей-Нұр елдің тыныштығын, қауіпсіздігін, егемендігін және әділетті қамтамасыз етеді. Оны дәлелдейтін көп айғақтан бірі осы өзін-өзі қорғау боп саналатын "Миуа рисалесі". Бұл кітапты жоғарғы ғылыми комиссия мүшелері мен қоғам қайраткерлері мұқият оқып, зерттесін. Егер айтқаным өтірік болса, мен сендердің қандай да болсын ауыр жазаларыңа, азаптарыңа, тіпті өлім жазасына ризамын.
Төраға! Соттың үкімі үш тарауға негізделген екен.
Біріншісі: Саяси ұйым. Мен осындағы барлық Рисалей-Нұр шәкірттерін және мені танитындарды сондай-ақ, Рисалей-Нұрды оқитын яки жазатындарды куәгер ретінде айтарым, нанбасаңдар сұраңдар, мен ешқашан: «Біз саяси ұйымбыз яки нақшибәнділік ұйым құрамыз!» деген емеспін. Менің әрдайым айтатыным: "Әуелі иманымызды сақтап қалуға тырысайық!".
Иә, біз бір шеңбердің ішіндеміз. Ол шеңберде барлық имандылар, үш жүз миллионнан астам киелі Ислам жамағаты, мұсылмандар бар. Одан бөтен тақырып қозғалмайды. Құранда "хизбуллах" деп аталған, күллі имандыларды қамтитын, бауырластыққа негізделген және Қасиетті Құранға қызмет ету үшін сол шеңберге кірдік. Егер, соттың үкімі соны айтқан болса жан-тәнімізбен, мақтанышпен қабылдаймыз. Егер одан бөлек мағына болса біздің хабарымыз жоқ, басқа нәрсе білмейміз.
Екінші тарау: Сот шешімі растаған және Қастамонуның тәртіп сақшылары берген түсініктемеде көрсетілгендей, біз «әсте жарыққа шықпасын!» деп отын-көмірдің астына, сандыққа салып тығып тастаған, сондай-ақ, Ескішәһар қалалық соты сараптама жасап тексеруден өткен және жеңіл жазасы да өтелген, ешкімге көрсетпей жүрген «Тәсәттүр рисалесі» мен "Хужумат-ы Ситте уә зәйлі" атты кітаптарды, оның да кейбір сөздеріне бұрыс мағына беріп, тоғыз жыл бұрын, жазасы өтелген, өтіп кеткен мәселені көтеріп сол арқылы бізге айып таққысы келеді.
Үшінші тарау: Сот шешімінің бірнеше жерінде: «Елдің тыныштығын бұзып, қауіп төндіруі мүмкін!» деген сөз жиі қайталанып мүмкін нәрсені болғандай көрсетуге тырысқан. Ендеше, әркім адам өлтіруі мүмкін. Болуы мүмкін деп жұрттың бәріне айып тағуға бола ма?!
Төраға мырза!
Анкара басқармасына және елбасына өтініш ретінде жіберілген уәжнама хатыма премьер министрдің мойындағанын растайтын хатты қосып бірге жіберіп отырмын. Прокуратураның бізді негізсіз айыптауына қарсы нақты жауаптар сол хатта көрсетілген. Басқа қалалардың құзырлы органдары ашу-ыза араластырып ат-үсті берген қарарларына сүйенген жергілікті сарапшылардың да болымсыз, қисынсыз көптеген сөздерін мысал келтірдік. Оның да жауабы осы хатта бар. Атап айтсақ, бұрын да сізге білдіргенімдей, Ескішәһир қалалық соты, мені заңнаманың 163-бабымен айыптағысы келгенде оларға былай дегенмін: «Республиканың үкімет адамдары, екі жүз депутаттың ішінен 163-і қол қойып Ван қаласында ашпақ болған » Дар-ул Фунун" медресеме жүз елу мың банкнот ақша аударуға келіскен еді. Міне, сол үкімет адамдарының маған деген құрметі сендердің маған тағып отырған 163-бабтағы айыпты жоққа шығарады!" Сарапшылар сөзімді бұрмалап: «Саид Нұрсиға 163 депутат қарсы шығып, оны қудалаған екен!» депті. Мені
айыптаушылар әлгі сарапшылардың негізсіз айыптауына сүйеніп бізді жауапқа тартуда. Алайда, мәжілістің өзі қаулы бойынша жоғары деңгейлі сарапшылар мен ғалым-ғұламаларға тапсырылып РисалейНұрдың барлық кітаптары зерттеліп, нәтижесінде бір ауыздан мұндай қарар шығарған болатын: «Саидтың және Рисалей-Нұр шәкірттерінің жазбаларында діни құндылықтарды пайдаланып елдің тыныштығын бұзатын яки саяси ұйым құру немесе өкіметке қарсы шығу секілді бүлікшіл әрекеттер байқалмайды және Саидтың шәкірттері өзара хабарласуында үкіметке қарсы жаман пиғыл, қарсы топ ұйымдастыру немесе тариқат құру істері анықталмады!» деп бірауыздан қаулы шығарған-ды.
Сондай-ақ, сарапшылар былай деген: "Саид Нұрсидың кітаптарының жүзде тоқсаны шынайы әрі шабытпен жазылған. Һәм ілім мен ақиқатқа, дінге негізделген. Ешқандай ауытқу байқалмайды. Олардың дінді қолдану немесе қандай да бір ұйым құру, мемлекетке қауіп төндіру әрекеті жоқ. Шәкірттері және Саидтың өзі бір-біріне жазған хаттары осы тақырып төңірегінде. Жекеге жазылған бес-он әрі шағымданып, ашынып жазған және ғайры іліми рисалелерінен басқа бүкіл кітаптары әрбірі я аяттың, я хадистің мағынасын ашықтайды. Тақырыптары дін, иман, Аллаһ, пайғамбар және ақыретке иман және оның мағынасын тәмсіл-мысалдармен түсіндіреді. Өзінің ғылыми ойпікірлері қарттарға, жастарға арналған ахлақ, мінез-құлық тәрбиесі және өмірлік тәжірибеден алынған ғибратқа толы оқиғалар, пайдалы кеңестер. Рисалелері осы тектес тақырыптарды қамтиды. Бұлардың үкіметке, билікке, тәртіпті бұзушылыққа қатысты ешбірі жоқ!" деп жаппай шешім шығарған.
Сонымен, айыптаушы орган, мұндай жоғары деңгейлі сарапшылардың қорытындысымен санаспай бұрыңғы, түсініксіз әрі нұқсан қарарға сүйеніп мағынасыз түрде бізді айыптауда. Біз бұған шынымен ренжідік. Бұлай істеу соттың саламатты да ынсапты қазыларына жараспайды деп білеміз. Мұны түсіндірер болсақ, тәмсілдің айыбы жоқ, бір бекташиға: «Сен неге намаз оқымайсың?» депті-міс. Сонда әлгі: لَا تَقْرَبُوا الصَّلٰوةَ «Құранда (Намазға жақындамаңдар!) деген аят бар емес пе?» депті. Оған: «Ол аяттың жалғасы бар ғой!» яғни وَ اَنْتُمْ سُكَارٰى деген жалғасы бар десе: "Мен хафыз емеспін, яғни мен Құранды жаттап алды
деймісің!" депті. Сол секілді Рисалей-Нұрдың бір сөйлемін алып, ол сөзді талдап, нәтижесін баяндайтын жалғасын оқымай бір сөйлемді бізге қарсы пайдалануда. Ұсынып отырған арызымда мені айыптаған сөздерінен осыған ұқсас отыз-қырық мысал табылады. Мысал ретінде біреуін айтайын.
Ескішәһир қалалық сотында айыптаушылар тарапынан байқамай қателесіп, Рисалей-Нұрдың имани дәрістеріне: «Халықтың арасына іріткі салып, бүлік шығаруда!» деген сөз кездеседі. Бірақ оны кейіннен түзеткен. Рисалей-Нұрдың Абдрәззақ дейтін шәкірті бір жыл өтіп кеткен соң әлгі сотқа былай депті:
"Әй, бейбақ! Қасиетті Құран отыз үш аятымен ишара еткен және Хазіреті Али (р.һ.) үш мәрте кәрамат көрсетіп хабар берген және Ғаус-ы Ағзам, Шейх Гәйләни айтып кеткен, діни құндылығы расталған және соңғы жиырма жылдың ішінде билікке еш зияны тимеген, ешкімге зарары жоқ, керісінше жұрттың иманын қуаттап, жүректерді нұрландырып, тура жолға салып, жаман мінез-құлықтан сақтап жүрген Рисалей-Нұрдың тағылымына қалай ғана дәтің барып: «іріткі салу, бүлік шығару» дейсің. Құдайдан қорықпайсың ба?! Үнің өшкір! Тіліңді тартып сөйле!" депті. Енді, өзіңіз ойлаңыз, бұл шәкірттің орынды айтқан сөзін прокуротура: "Саид Нұрси, бүлік шығаруда!" деп айтуы, мұны өзіңіз ар-ожданыңызға салып сараптаңыз.
Айыптаушы орган Рисалей-Нұрдың қоғамдық өмірге қатысты дәрістерін шектемек болып: «Діннің орны бар, оның жері ар-ождан. Әркім дінді өзінше ұстануы керек. Онымен үкім шығарып, заңға араластыруға болмайды. Бұрыңғы заманда дінді заңдастырып бүлік шықты емес пе?» - дейді.
Мен оларға жауап ретінде дедім: "Дін тек иман келтірумен шектелмейді. Салих амал, игілік те діннің бір бөлігі. Адам өлтіру, зина, ұрлық, құмар ойын, арақ-шарап секілді қоғам өмірін бұзатын ауыр қылмыс, үлкен күнәларды тоқтату үшін тек соттап түрмеге қамау немесе тәртіп сақшысы, полициялармен қорқыту жеткілікті деп ойлайсыңдар ма?! Онда, әр үйге, тіпті әркімнің басына әрдайым бақылаушы, полиция қызметкерін қою керек. Мүмкін, сонда жүгенсіз нәпсі жамандықтан тыйылар? Ал, Рисалей-Нұр өз оқырманын ізгі амал мен имандылыққа баулып әркімге әрдайым өзін қадағалаушы және Жәһаннам азабы, Аллаһтың қаһары бар екенін ескеріп жағымсыз қылықтан сақтандырады.
Һәм, айыптаушы орган бір рисаленің керемет тәуафукына яғни әріптерінің өзара үйлесімдігіне байланысты оқырмандары риза болып астына аты жөндерін жазып, қол қойса, мұны: «Ұйым мүшелері» деп қисынсыз үкім шығарыпты. Апырм-ай, кәсіпкерлер мен жеке қожайындардың дәптер-тізімі секілді белгілі бір мағынада қол қойғандарды «ұйым» деуге бола ма? Ескішәһир қаласында да дәл осындай күдік болды. Оған жауап ретінде: «Мұғжизат-ы Ахмедие» рисалесіндегі Құрани кәрәматты яғни тәуафукты көрсеткенімде өздері де таңқалды. Егер, біздің байланысымыз дүнияуи ұйым болса, менің кесірімнен зиян шеккендер әлбетте, менен тонын ала қашар еді. Демек, қалайша менің және біздің Имам-ы Ғазалимен рухани байланысымыз бар әрі ол үзілмейтіндей берік шынжыр. Себебі ол дүниялық емес, ақыреттік байланыс. Дәл сол секілді мына бәйкүнә, ниеті ақ, көңілі таза діндар адамдар мен секілді бейшара бір байғұспен иман дәрісі үшін тығыз байланыс құрған еді. Соған бола, бос күмәнмен саяси ұйым деп айыптау жөнсіздік. Соңғы сөзім:
Соңғы сөзден үзінді
Мырзалар! Төраға! Абайлаңыз! Рисалей-Нұрды, оның шәкірттерін тұтқындау бұл тура мағынада күпірлікті жақтау, Құран ақиқаттарын, Иман мәселелерін тұтқындау болып есептеледі. Сонымен қатар, он төрт ғасырдан бері жыл сайын үш жүз миллион адам ұстанатын және үш жүз миллиард мұсылмандарды ақиқатқа, мәңгі бақытқа жетелейтін ұлы даңғылды жабуға тырысу болып саналады. есіңізде болсын, бұл сол жолда жүрген абзал жандардың жиіркенішін, наразылығын тудыратын әрекет. Өйткені, сол жолда жүргендер мен жүріп өткендер артынан ерген ұрпаққа дұға тілеп, өзара жәрдем
етіп отырады. Мына берекелі отанымызға бір пәлекет келуіне себеп болуы мүмкін. Апырм-ай, ертең қиямет күні, Ұлы Сотта әлгі үш жүз миллиард кісі даулап сіздерден: "Доктор Дузи деген кісінің бастан аяқ Ислам дініне тіл тигізіп, отандарыңа қауіпті зиянкес кітаптарына тиіспей, оқылуына кедергі болмай және сол кітапты оқитындар заңды түрде ұйым құрып, дінсіздікті, коммунизмді яки анархияшыл комитет ұйымдастырып яки ұстанған саясаттарыңа қарсы болымсыз тұраншылдық сынды ұйым құрып жатқанда оларға тиіспедіңдер. Неліктен ешқандай саясатқа араласпаған, жалғыз Иман уә Құранның ұлы даңғылына өздерін арнаған, халқын, отандастарын мәңгі жоқ болудан, жалғыздық қабір қапасынан құтқару үшін тырысқан Құранның керемет тәпсірі Рисалей-Нұр секілді хақ пен ақиқатқа толы кітапты оқығандарға, олардың ешбір саяси ұйыммен байланысы болмаса да сол абзал, діндар жандардың өзара ақырет үшін достық, бауырластығына тиісіп, саяси ұйым деп жала жаптыңдар! Оларды қисынсыз қайдағы бір заңмен қудалап, қамағыларың келді?" деп, сұраса не деп жауап берер едіңдер? Біз де білгіміз келеді.
Сендерді алдап, әділет басқармасын шатастырып, үкіметті халыққа, отанға қарсы айдап салып бізбен шұғылдандырып қойғандар біздің де дұшпанымыз, олар діннен безгендер мен мұнапықтар. Олар өктемшіл саясатты «республика», діннен безуді «режим, құрылым» деп атап, ал азғындықты «мәдениет» деп, ал жұртты күпірлікке итеруді «заңнама» деп атап, сіздерді алдап, үкіметті қолға түсіріп, бізді де қинап Ислам құндылықтарына, оның өміршең өшпес үкімдерін жойып халыққа қиянат, отанға опасыздық жасауда.
Уа, мырзалар! Төрт жылдың ішінде төрт мәрте жер сілкініп зілзәлә болғаны рас. Ол, Рисалей-Нұр шәкірттеріне қатты шүйліккен кезде, зұлымдық шектен шыққан кезде болуы тегін емес. Ал, тиісуді доғарып, тұтқыннан босатқан кезде әлгіндей апаттардың да тоқтауы, мынаны меңзейді: соңғы қамалуымызға байланысты болып жатқан табиғи апаттарға сіздер жауаптысыздар!
Соңғы сөзден үзінді
Мырзалар! Қазіргі қоғамдық өмірдің жағдайын біле алмағандықтан, бізге айып тағушылардың айтқанына қарағанда, бізді тұтқындап қайта-қайта кінәлап, айып тағуына себеп: «саяси ұйым!» деген жала. Мұндай айыптауға қарсы көптеген дәлелмен нақты жауап берген болатынмын. Оны Анкара сарапшылары жіті тексеріп, соңында қабылдаған болса да мұнша шүйлігіп тиіскендеріне таңғалып отырғанымда көкейіме мұнд бір ой келді:
Расында, қоғамдық өмірдің іргетасы және адам табиғаты зәру, өте мұқтаж және отбасы, әулеттен бастап, ұлттық, Ислами және қоғам өміріне дейін, ең маңызды әрі қуатты байланыс ол бауырластық, қарым қатынас екені белгілі. Дүнияда жеке басы қарсы тұра алмайтын заттық-рухани кесел-кедергілерге және адами, Ислами міндетті атқаруға бөгет болатын себептерге төтеп беретін күш, ол өзара көмек, бауырластық, ынтымақ, тату тәтті жамағат болу екені рас. Солай бола тұра, ешқандай да саяси мақсаты жоқ, тек Хақ дін мен ақырет үшін, дүния бақытына да себеп болатын иман мен Құран дәрісі үшін достасқан және елге қауіпті, отанға зиянкес нәрселерден сақтану үшін бір-бірімен тығыз байланыс құрған Рисалей-Нұр шәкірттерінің өте тамаша, адам қызығарлық, бір-бірін жақсы көріп, имани дәріске жиналуына «саяси ұйым» деп айып таққандар, әлбетте оған еш күмән жоқ, түрі жаман алданғандар немесе барып тұрған жауыз, залым анархист, бейбақтар. Олар адамзатқа қауіп төндіретін жыртқыш хайуандарға ұқсап дін Исламға нәмруд секілді дұшпан әрі қоғам өмірін бұзып астан-кестеңін шығаратындар. Олар отанға қауіпті, халық жауы. Олар Ислам шариғатына, діни құндылықтарға қарсы соғыс ашқандар немесе шет елдіктердің қол жаулығы, олардың қуыршағы болып халқымыздың күре тамырын тесіп қанын соратын "Әл-ханнас" дейтін астыртын жұмыс істейтін дінсіз сатқын ұйымдар. Олар үкіметті алдап, әділет органдарын шатастырып, осы кезге дейін жын-шайтандарға, перғауындарға, анархистерге қарсы қолданып келген рухани күш-қуатымызды өзімізге, бауырларымызға қарсы пайдаланып, өз қандастарымызды, отандастарымызды жойғысы келеді.
Мырзалар! Отыз-қырық жылдан бері шетелдіктермен байланысы бар және халықты күпірлікке итеріп, діннен бездіру үшін сондайақ, сүйікті отанымызда бүлік шығарып, елге іріткі салу үшін, осындай қаскөй арам оймен Құран мен Иман ақиқаттарына барынша қастандық жасап жүрген және әртүрлі маска киіп, астыртын жұмыс жасап жатқан ұйымға және бізді сылтау қылатын ынсапсыз әрі асыра сілтеуші қызметкерлерге сондай-ақ, соттың өзін таңғалдырған мұсылман кейпіндегі бірақ өзі дінсіздікті насихаттайтын адамдарға осы мақамда сырттай сіздерге айтқан болып көрінсем де негізінде оларға айтар бір-екі ауыз сөзім бар. Егер рұқсат етсеңіздер....
(Бірақ келесі күні ақталсын деген шешім шығып, әлгі қатты айтылатын сөзім айтылмай, кейінге қалды).
Маңызды бір сұраққа ақиқат жауап.
Бірнеше мемлекеттік ірі қызметкерлер менен мынаны сұрады: «Мұстафа Кемал, сізге үш жүз лира айлық төлейтін болып Күрдистанға және Шығыс уәлаяттарға сол кездегі Шейх Синусидың орнына уәкіл-уағызшы етіп тағайындағысы келгенде неліктен қабылдамадыңыз? Егер, қабылдап сол орынға отырғаныңызда көтерілістің салдарынан дарға асылған жүз мың адам бәлкім аман қалып құтқарып қалар едіңіз?»
Мен оларға былай деп жауап бердім: Олардың жиырма әрі кетсе отыз жылдық дүниялық өмірін сақтап қалмаған шығармын, бірақ жүз мыңдаған отандастарымның әрқайсысына миллиондаған жылдық ақыреттік өмірге қол жеткізуге себеп Рисалей-Нұр жарыққа шығып, олар жоғалтқан нәрсесінен мың есе артық пайда беретін қызмет атқарды. Егер, ол ұсынысты қабылдағанымда ешнәрсеге құрал болмайтын, ешкімге тәуелсіз, нағыз ықыласқа негізделген РисалейНұр жарыққа шықпас еді. Тіпті мен, абақтыда отырған қымбатты достарыма былай дегенмін: Егер, Анкараға жіберілген Рисалей-Нұрдың
ащы шындық, ауыр сөздері үшін мені дарға асса, сол үкімді шығарған кісілер, бірақ Рисалей-Нұрды оқып, иманға келіп мәңгі жоқ болудан өздерін құтқарып жатса, сендер куә болыңдар мен оларды шын жүректен кештім.
Сотта ақталып шыққан соң да, Денизли қаласында мені аңдып мазамды алғандарға және басшылар мен полиция қызметкерлеріне былай дедім:
Рисалей-Нұрдың ешкім жоққа шығара алмайтын кәрәматы болса керек; жиырма жыл бойы маған зұлымдық жасалып, жүздеген рисалелерімді, хаттарымды, сондай-ақ мыңдаған шәкірттерімнің ізіне түсіп қанша аңдыса да бірде-бір жат ағыммен, саяси ұйыммен, не ішкі не сыртқы топтармен байланысы бар екенін дәлелдейтін бірде-бір құжат, бірде бір оқиға тіркелмеген. Тоғыз ай бойы сұрастырып бұған өздерінің де көздері жеткен еді. Бұл ғажап уақиға! Мұны ақылмен, мұқия қамданып жасау мүмкін емес. Тіпті, жәй бір адамның бірнеше жылғы құпия сырлары ортаға шықса әлбетте оны ұятқа қалдыратын, заң алдында жауапқа тартқызатын жиырма шақты күдік табылып үстінен іс қозғалар еді.
Иә, бұл ақиқат! Олай болса мұны таңғажайып әсте жеңілмейтін бір зейін, бір жоғары ақыл басқарып отыр я болмаса бұл Аллаһтың құдретімен Құдайдың өзі сақтайды, дейсің. Ендеше, мұндай жоғары ақылмен тартысу үлкен қате. Ол, халыққа да отанға да зиянды. Ал, Құдайдың өзі сақтайтын Раббани жәрдемге бөленгендермен қарсыласу перғауын секілді тәкаппарлардың ісі.
Егер былай десең: "Сені өз еркіңе қоя беріп, еш аңдымай, қадағаламасақ дәріс беріп, құпия сырларыңмен қоғамның шырқын бұзуың мүмкін!".
Жауабым: Менің жазба дәрістерім жаппай үкіметтің, әділет басқармасының қолында. Ішінен бір күндік болсын жазаға тартатын кінә табылмады. Рисалей-Нұрдың қырық-елу нұсқа дәрістерім халық арасына тарап мұқият әрі қызыға оқылуда. Пайдасынан басқа еш зияны жоқ екенін бұрыңғы және соңғы жаңа сотта дәлелденіп, бірауыздан ақтауға шешім шығарды. Ал, ескіде болған сот, бір ірі тұлғаның абыройын түсірмеу үшін жүз отыз рисаленің ішінен бес әрі кетсе он сөзге тиісіп, оны да ақылға емес, сезімге беріліп жүз жиырма бауырымның тек он бесін ғана алты ай жазаға тартты. Бұл маған және Рисалей-Нұрға босқа күдіктеніп, тиісудің үлкен зұлымдық
екенін көрсетеді. Әрі менің енді беретін жаңа дәрісім, жасырын сырым қалмады. Бұдан былай аңдып, қадағалаудың қажеті жоқ. Мен осы кезде еркіндікті қатты аңсап жүрмін. Жиырма жылдан бері бекерге, жөнсіз, түк пайдасы жоқ аңдығандарың жетер. Сабырымды тауыстыңдар! Қарттық меңдеп әлжуаз болған соң осы кезге дейін жасамаған қарғыс дұғасын оқуым мүмкін. «Жәбірленген жанның зары сонау ғарышқа жетеді!» деген. Мұнан соң, әлгі жоғары мақамды иеленіп алған залым бейбақтар маған былай деді: Сен, жиырма жылдан бері бір рет болсын басыңа шапкамызды кимедің. Тіпті бұрыңғы соттың, қазіргі соттың алдында басыңды жауып, мүлдем ашпайсың. Негізінде, біз секілді киінуді он жеті миллион адам қабылдады ғой".
Мен былай дедім: "Қателесесіз! Он жеті миллион емес, жеті миллон да емес, тіпті өз ризасымен, шын жүректен қабылдағандардың саны жеті мың болар. Ондай еуропа құмар, маскүнемдердің сыртқы пішініне ену үшін шариғаттан рұқсат алып, заңмен қудаланып киінгенше шариғаттың тақуалығын ұстанып жеті миллиард халықтың киімін киінгенім артық. Мен секілді жиырма бес жылдан бері қоғамдық өмірге араласпай, тәркі қылған адамға: «Қырсығып тұр! Бізбен ерегісіп жүр!» деп айту жөнсіздік. Жарайды, оны қырсығу десеңдер деңдер. Бірақ оған Мұстафа Кәмалдың өзі қарсы шығып тоқтата алмады емес пе! Оның қасында сендер кімсіңдер?! Сендердің бұл әрекеттерің жалпы халыққа, һәм үкіметке зиянды. Тіпті, менікі саяси қарсылық саналғанның өзінде, өздерің білесіңдер, жиырма жыл бұрын дүниямен байланысы үзілген, жиырма жылдан бері рухани тұрғыдан да өліп қалған бір адам, қайта тіріліп келіп, өзіне түк пайдасы жоқ, қайта зияны тиетін саяси өмірге араласып сендермен шатыспайды! Сендердің одан қорқуларың ақымақтық. Ал ақымақтармен шынайы түрде сөйлесудің өзі ақымақтық саналатындықтан сендер сияқтылармен сөйлеспеймін де!" дедім. Әрине, бұл сөзім оларды ашуландырды һәм үндерін өшірді. Соңғы сөзім:
Рисалей-Нұрдағы мейірім, ар-ождан, ақиқат пен хақ, бізді саясатқа араласуға үлкен кедергі. Өйткені, мақсұм, бейкүнә жандар бәлеге ұшырап, оларға зұлымдық болады. Мұны кейбіреулер түсіндіріп беруімді сұрады.
Мына аласапыран заманда залым мәдениеттен кесірінен өзімшілдік, тапқа бөліну және дүниежүзілік соғыстан кейінгі әскери өктемдік және адасудан пайда болған мейірімсіздік, қатыгездік көбейіп, шектен шыққан зұлымдық, диктаторлық етек алғаны сонша, хақ жолдағылар өздерінің ақысын материалдық тұрғыдан қорғайтын болса, олар да сұмдық зұлымдық жасаған болып, жауға жақтастарды аямай көптеген бейшара жандарды құрбан қылады. Осылайша өздері де залым болады, сәтсіздікке ұшырайды. Себебі, мұндай сезіммен әрекет еткендер бір-екі адамның қатесіне бола, жиырма-отыз адамды бір сылтаумен зиянға ұшыратып, қиын жағдайға ұшыратады. Егер, тура жолдағылар хақ пен әділдікті ұстанамыз деп, тек зиян бергенді ғана жазалайтын болса, отыз шығынның орнына жалғыз біреуді жазалап нәтижеде жеңіліске ұшырайды. Егер, "маған не істесе соны істеймін!" деген зұлымдық қағидасымен әрекет етсе онда тура жолдағы хақ иелері бола тұра бір-екі адамның қатесіне бола, жиырма-отыз бейшараны жазаласа ол кезде хақ атымен, Құдай үшін үлкен зұлымдық жасаған болады. Міне, Құранның әмірімен және оның қатаң ескертуіне байланысты біз саясаттан мүлдем қол үзіп, билікке араласудан аулақ тұратынымыз содан. Мұның басты себебі де нағыз хикметі осы. Әйтпесе, хақтан алған күш-қуатымызбен ақымызды алу үшін қорғанар болсақ күшіміз толық жеткілікті. Оның үстіне, дүниеде әрнәрсе уақытша, фәни әрі өлім тоқтап, қабірдің есігі жабылар емес және өткінші қиыншылықтардың соңы Иләһи рахымға айналатыны рас. Олай болса әлбетте, біз сабыр сақтап, Аллаһқа шүкір етіп, Оған тәуекел етеміз. Бізді мәжбүрлеп, зиянға ұшыратып, тыныштығымызды бұзу әрине ынсапқа, әділдікке, отаншылдыққа, елге қызметке, ұлтжандылыққа қайшы, мүлдем керағар.
Сөздің түйіні. Үкімет басындағылардың, саясаткерлердің, биліктегілердің, тәртіп сақшыларының, әділет басқармасының бізге тиісуге ешқандай хақысы жоқ. Дүнияда ешбір өкімет дұрыс деп айта алмайтын, ақыл есі дұрыс ешбір жан құптамайтын тура мағынадағы күпірліктің ғана ақысы болар және сұм дінсіздер, материалистер, діннен безгендер ғана шайтанға еріп кейбір мемлекеттік ресми органдардағы қызметкерлерді алдатып, үрейлендіріп бізге айдап салуда. Біздің оларға жауабымыз: Мұндай бірнеше күдікшіл су жүрек қорқақтар түгіл, бүкіл дүнияны бізге қарсы айдап салса да Құранның қуатымен, Құдайдың құдіретімен әсте тайсалмаймыз, ондай діннен безген нақ күпірлікке бас имейміз!