Тоғызыншы Шуақ
(Оныншы Сөздің маңызды бір қосымшасы және лахиқасының бірінші бөлімі)
Иманның бір ұшын көрсететін осы аспани ұлы аяттың сондайақ, хашрды яғни өлген соң қайта тірілуді дәлелдейтін бұлтартпас айғақтардың бір ғана айғағы, қысқа тұжырымы, терең дәлелі осы «Тоғызыншы Шуақта» баяндалмақ. Орайы келген соң Иләһи керемет бір жәрдемді айта кетейін.
Бұдан отыз жыл бұрын ескі Саид, өзінің алғаш тәпсірі «Мухакемат» атты кітабының соңғы бетіне:
Екінші мақсат: Қасиетті Құранда хашрді мегзейтін екі аятқа тәпсір жасалып, түсіндірілмек.
деп әрі қарай жаза алмай тоқтап қалған екен. Халиқ-ы Рахимның бар екенін көрсететін қанша дәлел болса және хашрді білдіретін қанша белгі болса Раббыма сонша мадақ пен мақтау болсын, отыз жылдан кейін сәті түсіп жазу нәсіп болды. Иә, бұдан тоғыз я он жыл бұрын әлгі екі аяттың біреуі болған
Аллаһтың әмірінің жарқын әрі бұлтартпас екі айғағы сондай-ақ, тәпсірі саналатын Оныншы Сөз бен Жиырма тоғызыншы Сөзді тарту етті. Сөйтіп о дүнияға сенбейтін мүнкир-кәпірлердің аузына құм құйылған еді. Һәм, хашрге иманның шәк келтірмейтін әлгі екі мықты бекінісі саналатын екінші аяттың тәпсірін он жылдан соң жарылқап сыйға тартты. Сонымен осы тоғызыншы Шуақ, жоғарыда аталған аяттың тұжырымын тоғыз мәртебе және маңызды бір кіріспе арқылы қысқаша баяндайды.
Кіріспе
БІРІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Ақыретке сену жалпы қоғам үшін, адамның жеке өмірі үшін өте пайдалы, ол негізгі мәселе және бақыттың көзі, кемелдіктің ұйытқысы екенін дәлелдейтін жүздеген айғаққа мысал ретінде тек төрт тұжырым баяндалмақ.
Біріншісі; Адамзаттың шамамен жартысын құрайтын жасөспірім, балалар, тек жәннат ұғымымен ғана өздеріне сұмдық, қорқынышты көрінген өлімге қарсы төтеп беріп, әлсіз де нәзік болмыстарын сақтап рухани демеу таппақ. Олардың сағы сынғыш, тез әсерленетін дәрменсіз жандары әлгі жұмаққа деген үмітпен, о дүнияға сенім арқылы жәй табады. Мысалы, жәннатқа сенетіндіктен былай дейді: «Менің інім немесе досым қайтыс болды. Ол жәннаттың бір құсына айналды. Жұмақта рахат ұшып жүреді. Ол жақ бұл жақтан әлдеқайда керемет!».
Егер ақыретке сенбесе әрдайым айналасында болып жатқан өзі секілді балалар мен үлкен кісілердің өлімі әлгі нәзік, бейшара жандардың үрейін алып, рухани күшін сарқып ішкі дүниясын астанкестеңін шығарады. Тек көзінен жас ағызып қоймай рух, қалб, ақыл сынды күллі сезімдерін зар еңіретіп жылатар еді. Мұндай рухани соққы баланы аздырып яки бейбақ хайуанға айналдырады.
Екінші дәлел; Адамзаттың жартысы дерлік қарттар. Олар тек ақырет бар деген үмітпен өздеріне таяп тұрған қабірге қарсы төтеп бере алады. Әбден үйреніп, қалған өмірінің таяуда өшетінін, жарық дүниясының қараң қалатынын ойлап қапаланған кезде тек иманнан жұбаныш табады. Олардың тез әсер алғыш сәбидей нәзік жандарына, көңілшек табиғатына өлім қатты әсер етеді. Бәрінің аяқталатынын ойлап уайым мен қайғы, үмітсіздік пайда болады. Сол кезде тек мәңгі өмір бар деген сенім ғана құтқарады. Әйтпесе, әлгі мейрімге мұқтаж, жаны тыныштық қалайтын абзал жандардың жаны күйзеліп, көңілдері аласұрып сары уайымға түсері анық. Оларға мына дүния қараңғы зындан, тұрмыс-тіршілік ауыр азап болар еді.
Үшінші дәлел; Қоғамдық өмірде үлкен рөл ойнайтын қызу қанды жастар. Олардың тулап тұрған асау сезімдерін, асыра сілтейтін нәпсі мен әуестігін зұлымдық жасаудан, бұзып-қиратудан тыятын, қоғамның бірқалыпты дамуын қамтамасыз ететін тек жәһаннамның азабына сеніп, оны естен шығармау. Егер, жастар тозақтан қорықпаса:
«Әл-хүкмү лил-ғалиб!» заңы орнап яғни кім күшті сонікі дұрыс қағидасымен жастар әуестікке салынып бейшара әлсіздер мен әлжуаз байғұстарға қысым жасап қоғамның шырқы бұзылады. Адамгершілік сезім аяққа тапталып хайуани түсінік қалыптасады.
Төртінші дәлел: Адамзат әлемінде, жалпы тұрмыста орталық, ұйытқы саналатын және дүния тұрғысынан бақыт ошағы, өзіндік жұмақ әрі жанға пана болар, ол отбасы. Әркімнің отбасы оның шағын дүниясы. Отбасының тыныс-тіршілігі, шаттығы болса өзара адал құрмет, бір-біріне мейірім, жанкештілік, сыйластық арқылы жүзеге аспақ. Мұндай адал құрмет пен шынайы мейірім тек өзара мәңгі серіктестік, әрдайым бірге боламыз, шексіз уақытқа созылатын отбасылық қарым-қатынас, мәңгілік деген ұғым қалыптасса ғана жүзеге аспақ. Мысалы: «Мына жұбайым о дүнияда да мәңгі серігім. Дәл қазір қартайып, көркі тайғанымен оқасы жоқ. Өйткені, оның қайта оралатын мәңгі бақи сұлулығы бар. Мұндай мәңгі бірге болатын жұбайыма қандай да болсын жанкештілік, қамқорлық жасауға дайынмын!» деп қартайып көркі тайған әйеліне сұлу хор қызы секілді махаббатпен, мейрімдене қарап, қамқорлық жасайды. Әйтпесе, қып-қысқа бір-екі сағат секілді уақытша жұбайылықтан кейін мәңгіге қоштасумен тынатын уақытша серіктік әлбетте жасанды, баянсыз болып, хайуан секілді өз жынысынан болған соң, әншейін сыйластық, жасанды құрметпен шектелер еді. Хайуанға тән басқа сезімдер мен пайдалар көзделіп әлгі өзара құрмет, мейірім азайып дүниялық жәннат тозаққа айналуы әбден мүмкін.
Міне, ақыретке иманның жүздеген пайда-нәтижелерінің бір бөлігі ғана баяндалды. Оның адам өміріне, қоғамға тікелей қатысты екені және оның да жүздеген жақтарын аталған төрт мысалға салыстырсақ, хашр нанымы яғни өлген соң қайта тірілуге сену адамгершіліктің ұлы ақиқаты және аса қажетті әрі ақиқат екені айдан анық мәселе. Ол, қалайша адамның қарнының ашығуы тағамның бар екенін көрсетеді. Сол секілді, бұл мәселе де ақиқат. Егер, осы хашр ақиқатының нәтижелері адам өмірінің ереже-заңдарынан тыс қалып тұрмыста сақталмаса, адамгершілік дейтін қасиетті ұғым құнын жоғалтып, адамдар қасиеттен жұрдай болып, қоғам азып-тозып кетеді. Қоғам өмірін зерттеп, оны қалай басқару және мінез-құлықты түзету саласында жүрген қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер, психологтарға айтарым, осы мәселені немен шешеді екен? Бұл дертті емдейтін басқалай шарасы бар ма?
ЕКІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Хашрдің хақ екенін дәлелдейтін сансыз айғақтардың біреуі қысқаша баяндалмақ. Бұл айғақ иман негіздерін қамтитын мазмұнды айғақ.
Хазіреті Мұхаммед алейһиссалату уәссаламның пайғамбар екенін дәлелдейтін мұғжизалар мен барлық айғақтар жаппай хашрдің рас екенін дәлелдейді. Себебі, Оның өмір бойғы даулап, алдына қойған мақсат-мүддесі «уахданият» мәселесі болса, одан кейін хашр яғни Аллаһ жалғыз екендігі мен өлген соң қайта тірілмек хақ екендігі.
Һәм, барлық пайғамбарлардың рас екенін дәлелдеген күллі мұғжизалар мен ақиқаттар аталған мәселені растап, куәлік етеді. Һәм, وَ بِرُسُلِه۪ (уә би-русулиһи) күллі пайғамбарларға иман еттім, деген шәһадатты растап бекітіп وَ كُتُبِه۪ (уә кутубиһи) яғни барлық кітаптарға сенемін дейтін шәһадат да сол ақиқатты растап куәлік етеді. Өйткені, әу баста Қасиетті Құранның хақ Кәламуллаһ екенін дәлелдейтін бүкіл мұғжизалар бірлесіп хашрдің ақиқат екеніне, оның жүзеге асатынына куәлік етіп дәлелдейді. Өйткені, Құранның үштен бір бөлігі хашр жайлы және оның көптеген қысқа сүрелерінің бас жақтарында хашр туралы өте қуатты ақиқаттар баяндалады. Құран кейде ишарамен, кейде ашық түрде мыңдаған аятымен ақыреттің ақиқат екенін хабар береді. Ақылға қонымды түрде дәлелдейді, көзге шұқып тұрып көрсетеді. Мысалы:
секілді отыз-қырық сүрелердің бастарында нақты түрде хашр ақиқаты ғаламдағы ең үлкен мәселе, уәжіп бір ақиқат екенін білдіреді және басқа аяттар сол ақиқаттың түрлі дәлелдерін баяндап көңілдегі күдікті жойып, көз жеткізеді. Апырм-ай, бір ғана аяттың бір ғана ишарасы көз алдымызда ғылыми жаңалықтардың ашылуына себеп болып, ілім мен техниканың жетістіктерін мегзеп отырған мұндай қасиетті кітаптың мыңдаған шәһадаттары, көтерген мәселелері күндей анық та қанық хашр мәселесінің рас екенін көрсетіп тұрғанда оның бекер, жалған
болуы, апырм-ай, тал түсте Күнді жоққа шығару немесе ғаламның бар екеніне сенбеу секілді ақымақтық емес пе?! Жалпы ақыреттің болмауы әсте мүмкін бе? Ақыретке сенбеу барып тұрған ессіздік.
Тарихта сұлтан патшалардың бір сөзі яки бір ишарасы бекер болмауы үшін кейде қалың әскер жан беріп, жан алысып қырғын соғысқаны мәлім. Апыр-ай, абыройы мен мерейі үстем, патшалардың Патшасы Аллаһтың мыңдаған сөздері мен уәделері, қатаң ескертулері жалған болып, бекер болуы ешбір тұрғыдан мүмкін бе?! Айтқан аят-сөздері өтірік болуы оның асқақ абыройына жараса ма? Апырмай, он үш ғасырда еш үзіліссіз сансыз жандарға, ақылдарға, қалбкөңілдерге, нәпсілерге хақ пен ақиқатқа сай үкімін жүргізіп, тәрбиелеп отырған, әділ басқарушы, мағынауи Сұлтан Патшаның бір ғана ишараты мұндай ақиқатты дәлелдеуге толық жеткілікті бола тұра және ол туралы мыңдаған баян-түсініктеме жасап хашрдің ақиқат екенін көрсетіп, дәлелдеп тұрғанда, оған сенбейтін көрсоқыр надан ақымақтарға тозақ оты дауа болмас па? Нағыз әділдіктің өзі емес пе?
Сондай-ақ, әрқайсысы өз заманында халқына жол көрсетіп, басқарып келген аспани парақтар мен киелі кітаптар да болашақ пен өткен шаққа үкімі жүретін Қасиетті Құранның қайта-қайта баяндап, егжей-тегжейлі түсіндірген хашр ақиқатын өз заманына сай нақты түрде хабарлап қысқа-нұсқа, астарлы түрде баяндап, қуатты дәлелдеген. Міне, бұл да Қасиетті Құранның көтерген мәселесін жанжақты растайтын дәлел.
Орайы келген соң Мінәжат рисалесінің соңында: اِيمَانٌ بِالْيَوْمِ الْاَخِرِ яғни ақыретке иман шартына иманның басқа да шарттары куәлік ететіні, әсіресе «русул» мен "кутуб" яғни пайғамбарлар мен кітаптарға иман шартының куәлігі мінәжат түрінде баяндалып өте қуатты да мазмұнды және еш күмәнсіз хашрды дәлелдейтін айғақты дәл сол қалпында жазып отырмыз. Мінәжатта былай делінген болатын:
Уа, Рабб-ы Рахимым! Пайғамбарымыз Расул-і Әкрәмнің тәлімінен және хикметке толы Құранның дәрісінен түсінгенім; Әу баста Құран мен Расул-і Әкрәм болып, барлық киелі кітаптар мен пайғамбарлар, мына дүнияда жалпы барлық жақта үлгі-мысалдары көрініп жатқан Сенің жәмал мен жалал есімдеріңнің «тәжәллилері» яғни шағылыссәулелері әлдеқайда жарқын түрде о дүнияда, мәңгі әлемде жалғасын табатынына және мына фәни әлемде рахымыңның сәуле-шуақтары,
үлгі-мысалдары көрінген жарылқау-сыйлықтарың анағұрлым анық түрде сағадат әлемінде көрініс тауып мәңгі болатынына және мына дүниялық қысқа өмірде оларды көріп тамашалаған, сүйсініп таңдана жақсы көріп ынтық болғандар әбәди әлем о дүниеде де бірге болатынын бірауыздан хабарлап, куәлік етіп, дәлелдеп жатыр.
Жүздеген нақты мұғжизалары мен анық бұлтартпас дәлелдеріне сүйеніп, әу баста Расул-і Әкрәм және Қасиетті Құран болып бүкіл нұрлы жандар яғни пайғамбарлар, сондай-ақ, бүкіл нұрлы жүрек иелері әулиелер, сонымен қатар ақыл-ойлары ұшқыр «сыддықтар» бәрі-бәрі бірауыздан Сенің өзің түсірген аспани парақтарда, киелі кітаптарда көп мәрте қайталап айтқан, мыңдаған уәделеріңе және қатаң ескертулеріңе сүйене отырып, сондай-ақ, Өзіңнің «құдрет», "рахым", "инает", "хикмет", "жалал" мен "жамал" секілді ақыретті талап ететін киелі сипаттарыңа негіздей отырып, сондай-ақ, Сенің жалалыңның үстемдігіне, рубубиятыңның салтанатына арқа сүйеп және ақыреттің бар екенін сезіне және кейбір белгі-нышандарын көре отырып келтірген ақида-имандарына сүйене отырып адамдарға мәңгі бақыт бар екенін сүйіншілеп хабар беруде. Хақ жолдан тайғандар үшін жәһаннам, ал тура жолда жүргендер үшін жәннат бұйыратынын хабарлап әлемге жар салуда. Өздері оған мықты иман етіп, сенімді түрде куәлік етуде.
Уа, Қадир-і Хаким! Уа, Рахман-ы Рахим! Уа, Садиқ-ул уағд-ил Кәрим! Уа, Иззат пен Азамат, Жалал иесі Қаһһар-ы Зүлжәлал! Әлгі адал достарыңды, әлгіндей көп уәделеріңді, мұнша киелі есімсипаттарыңды бекерге шығарып, өтірік болуына Сен, әсте жол бермейсің! Рубубиятыңның салтанаты талап ететін ақыретті жаратпай қоюдан пәксің! Сенің сүйікті құлдарыңның және олар да Сені растап, мойынсұну арқылы өздерін Саған жақсы көргізген сансыз мақбұл құлдарыңның ақыретке қатысты шексіз дұға-тілектерін кері қайтарып, тыңдамай қоюдан адасың! Және Саған қарсы шығып, күпірлік еткен, Сені уәдесін орындамайды деп жала жапқан, осылайша Сенің "азамет" пен "кибрияңа", "жалал иззатыңа", асқақ абыройыңа шәк келтірген, мол мейіріміңе сенбеген адасқан кәпірлерді азаптап, олардың ақырет жоқ деген сөзін бекерге шығаратыныңа кәміл сенеміз. Оларды растап, құлдарыңа сұмдық зұлымдық жасалудан Сенің шексіз әділдігің мен теңдесіз жамалың, соңсыз рахымың әсте жол бермейді деп білеміз.
Біз жан-тәнімізбен мынаған иман еткенбіз: әлгі жүз мыңдаған елшілерің мен сансыз тура жолдағы дәлдалдарың әнбия, асфия мен әулиелер «хаққаляқин», "айнәляқин", "илмәляқин" түрде Сенің ақыреттегі мол рахымыңа, шексіз жарылқауыңа, мәңгі бақыт сыйлайтыныңа және көркем есімдерің бұдан да жарқын шағылысатынына куәліктері хақ әрі ақиқат, олардың мегзеген ишаралары дұрыс әрі өте орынды, сүйінші хабарлары хақ, шынымен солай болмақ. Олар бір ауыздан бүкіл ақиқаттың бұлағы, қайнар көзі "Хақ" есіміңнің ең үлкен шуағы осы хашр ақиқаты яғни өлген соң тірілуге кәміл сеніп, Сенің әміріңмен өзіңнің құлдарыңа дұрыс бағытта дәріс беруде. Ақиқатқа сай тәлім-тәрбие беруде. Уа, Раббым! Солардың дәрісі мен тәлімінің құрметіне бізге және Рисалей-Нұр тәлабаларына кәміл иман, ақыры қайыр бере гөр! Бізді олардың шапағатына бөленуді нәсіп ете гөр! Әмин.
Қасиетті Құранның, тіпті бүкіл аспани кітаптардың хақ екенін дәлелдейтін айғақтар сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздың тіпті бүкіл пайғамбарлардың пайғамбар екенін дәлелдейтін мұғжизадәлелдер, жаппай айналып келгенде олардың ең үлкен мүддесі, ұлы мақсаты болған ақыреттің рас екенін дәлелдейді. Сондай-ақ, Уажибул Ужуд Аллаһтың болмысы мен уахдетіне куәлік ететін көптеген дәлелдер мен айғақтар сайып келгенде Иләһи рубубияттың негізі, айнасы болып табылатын басқа бақи әлем бар екенін, бақытты мекен болатынын дәлелдейді. Өйткені, төменде дәйекті түрде баяндалғанындай, Зат-ы Уажиб-ул Ужуд Аллаһтың һәм болмысы, һәм күллі сипаттары, һәм көптеген есімдері, сондай-ақ, «рубубият», "улухият", "рахмет", "инает", "хикмет", "адалет" сынды сипаттары, Иләһи "шуынаты" міндетті түрде ақыретті керек қылады және бақи мекеннің болуын талап етеді, сый-сияпат беру мен жазалау үшін "хашр-нәшрдің" болуын керек етеді.
Иә, әзәли уә әбәди, мәңгі бақи Аллаһтың бар екені рас, олай болса әлбетте «улухияттың салтанатының» негізі, ұйытқысы болып табылатын ақырет сөзсіз бар. Сондай-ақ, мына ғаламда және тіршілік иелері мен жануарлар әлемінде өте ұлық, хикметке толы "мұтлақ рубубият" яғни толық басқару, шексіз билік бар екені көзге көрініп тұр. Олай болса, әлбетте мұндай рубубияттың ұлықтығын құлдыраудан сақтайтын, манағы хикметті әбестіктен арашалайтын, әлгі мол мейірімін аяусыз қатыгездіктен ажырататын мәңгі бақи бақыт әлемі орнамақ, пенделер ол жерде мәз-мәйрам шаттық өмір сүрмек.
Сондай-ақ, көз алдымызда болып жатқан шексіз жарылқау, сыйсияпаттар, мол мейірім, аса қамқорлық пен рахымшылықтар, мына ғайып пердесінің артында бір Зат-ы Рахман-ы Рахимның бар екенін сөнбеген ақылға, өшпеген жүрекке көрсетіп тұр. Әлбетте, әлгі жарылқау мазақтау болмауы үшін, сыйлау алдату саналмауы үшін, жәрдем етуді дұшпандық қылу деп түсінбеу үшін, рахымшылықты азаптау деп қабылдамауы үшін, сый-кәде беруді қиянатпен шатастырмау үшін, осылайша жарылқауды нағыз жарылқау екенін дәлелдейтін, нығметті нағыз нығмет қылатын бақи әлем, мәңгі өшпес өмір бар.
Сондай-ақ, көктем кезінде жер жүзіндей бір параққа, алақандай тар жерге еш қатесіз жүз мың кітапты аралас-құралас жазатын бір құдрет қаламы көз алдымызда еш тынбастан қызу жұмыс жасап жатқаны белгілі. Ол қаламның иесі жүз мың мәрте былай деп уәде берген: «Мына тар жердегі аралас-құралас жазылған көктем атты кітаптан әлдеқайда оңай, ауқымы кең бір жерге керемет әрі еш бітпейтұғын бір кітап жазамын және оны сендерге оқытамын!» деп өзінің бүкіл бұйрық-пәрмендерінде ол кітап туралы айтады. Әлбетте әрі сөзсіз солай, ол кітаптың асылы, түп нұсқасы жазылған және "хашр мен нәшр" арқылы толықтырылмақ және күллі пенделердің амал дәптерлері сол жерге тіркелмек.
Сондай-ақ, мына жер шары көптеген мақұлықтарға бесік және әрдайым құбылып отыратын түрлі тіршілік иелері мен жанжануарлардың тұрағы, фабрикасы, көрмесі, махшары болуы жағыменен ғаламның өзегі яғни орталығы, нәтижесі және жаратылуына себеп болатындай дәрежеде үлкен маңызға ие. Сондықтан да болмысы кішкентай бола тұра алып аспанмен тең
келіп аспани кітаптарда әрдайым: رَبُّ السَّمٰوَاتِ وَ الْاَرْضِ (Раббуссәмәуати уәл ард) деп айтылады.
Және осы жер шарының әртарапын билеп төстейтін, көптеген жаратылысқа билік жүргізіп басқаратын, тіршілік иелерінің басым көпшілігін бағындырып өзінің айналасына жинатқызған және көптеген жаратылысты өзінің қалауына қарай, мұқтаждығына орай керемет реттеп, паш етіп, олардың сан-алуан түрлерін жіпке тізгендей өз орын-орына орналастырып безендіргені сонша, тек адамзат пен жындардың ғана назарын емес, тіпті аспан тұрғындарының, ғаламның назарын, қошаметін аударып, тіпті ғалам Иесінің истихсан назарын
аудару арқылы өте маңызы-мәртебесі артып, жоғары баға алған, және осы қасиеті үшін мына әлемнің жаратылыс хикметі, маңызды нәтижесі, құнды жемісі, жердің халифасы болған, мұнысын пәнмен, ғылыммен, қабілет-өнерімен көрсеткен және дүниялық тұрғыдан Жаратқанның мұғжиза өнерін тамаша көркем түрде жарнамалап, реттегені үшін қанша бас көтеріп, күпірлік қылса дағы дүнияда өмір сүріп, азап-жазасы кейінге қалған және осындай атқарған қызметі үшін мұрша беріліп табысқа жеткен АДАМЗАТ дейтін пенделері бар.
Сонымен, мұндай адамзат, табиғаты тым әлсіз, бейшара әрі мұқтаж өте пақыр, мұң-мұқтажы көп-ақ, уайым-қайғысы бастан асады. Солай бола тұра, өзінің күш-қуатынан, ерік-қалауынан тыс алып жер шарын соған арнап не керектің бәрі бар, түрлі тағамның қоймасы, ұнамды бұйымдар толы дүкен секілді жаратқан құдреті шексіз, хикметі терең, мейірімі мол бір басқарушы біреу бар. Ол адамзаттың әрбір ісін қадағалап, бақылап отыр және қамтамасыз етіп, не сұраса беріп тұр. Осындай ғажап бір Жаратушының бар екені рас. Ол адам баласын жақсы көреді әрі өзін жақсы көргізеді һәм мәңгі бақи әлемдері бар әрі Оның әрбір ісі әділетті, өзі тым әділ. Ол барлық нәрсені хикметпен істейді. Сондай-ақ, мына қысқа, баянсыз дүнияға, мына келте адамзат өміріне, мына өткінші пәни жер жүзіне әлгі Әзәли Хәкимнің ұлық салтанаты, ұлы патшалығы, сәрмади әкімдігі сыймайды, дүния тар келетіні рас. Және адамзат әлемінде дүнияның тәртібін бұзатын келеңсіз оқиғалар орын алуда. Әлгі әділет пен жүйе-тәртіпке жат, Жаратқанның жәмалына үйлеспейтін жағымсыз әрекеттер, зұлымдықтар және қамқоршыға қайырымсыздықтар, қиянат-опасыздықтар, кәпірлік пен жоққа шығару, сенбеу секілді теріс қылықтар жасалып, бірақ жазасын тартпастан бұл дүниеде қатыгез залымдар рахат өмір сүріп, ал байғұс бейшаралар қайғырып, өкінішпен өмірден өтуде. Әлбетте, бүкіл әлемде іздері байқалатын "мұтлақ Иләһи әділдік" мұндай келеңсіздікке рұқсат бермейтіні анық, олардың қайта тірілмей әлгі қанішер залым мен зар еңіреген бейшаралар топыраққа көміліп екеуі бірдей жата беруіне әсте жол бермейді.
Сондай-ақ, ғаламның Иесі ғаламнан дүнияны, дүниядан адамзатты таңдап оған өте жоғары мәртебе, үлкен маңыз берген. Адамзаттың да ішінен өзінің рубубиятының мақсатына сәйкес әрекет ететін, иман келтіріп, адал болуымен өзін Раббысына жақсы көргізген нағыз адамдарды, пайғамбарлар мен әулие-асфияны таңдап оларды өзіне дос
қылып сөйлескен және мұғжизалармен, сәттіліктермен сыйға бөлеген сондай-ақ, оларға қарсы шыққан дін дұшпандарын табиғи апаттармен, аспани азаптармен жазалаған және осы сүйкімді достарының ішінен, олардың имамы, мақтанышы Мұхаммед алейһиссалату уәссаламды таңдап, жер шарының маңызды бөлігін, адамзаттың бестен бірін ғасырлар бойы Оның нұрымен нұрландырған, бейне бір ғалам Сол үшін жаратылғандай барлық мақсат-мүдде Ол кісімен, Оның дінімен, Құранымен кіндіктесіп, жарыққа шыққаны рас.
Міне осындай, аса қымбат әрі миллиондаған жыл жасауға лайық зор еңбегінің ақысын алуға тиісті әрі лайық бола тұра, тым ауыр азап пен күреске толы алпыс үш жыл ғана қысқа ғұмыр кешкені мәлім. Апырм-ай, бұлай із-түзсіз, бәрі бекерге болуы ақылға сыя ма?! Ол кісі өзі сияқты достарымен бірге қайта тірілмей мүлдем жоғалып кетуі мүмкін бе!? Ол қазірдің өзінде рухымен тірі болмауы, Оның (с.а.у.) мәңгі жоқ болып кетуі әсте мүмкін бе? Олардың қайта денесімен тірілмеуі, мәңгі құрып жоқ болып кетуі, жүз мың мәрте мүмкін емес, әсте олай болмайды! Иә, күллі ғалам және әлемнің ақиқаты Оның қайта тіріліп, мәңгі өмір сүруін ғаламның Иесінен өтіне сұрайды...
Сондай-ақ, Жетінші Шуақ деп аталған «Аят-ул Күбра» рисалесінде әрбірі таудай заңғар әрі қуатты отыз үш айғақпен дәлелденгеніндей, мына ғалам бір қолдан шыққан, Біреу жаратқан, Соның мүлкі. Ол Иләһи кемелдіктің ұйытқысы боп саналатын "уахдет" пен "әхадиятты" ап-анық түрде көрсетеді. Сол уахдет пен әхадияттың саясында бүкіл әлем Зат-ы Уахид бір Аллаһтың әскері, бағынышты қызметшісі екені анықталады. Және ақыреттің жүзеге асуымен Аллаһтың кемелдігі нұқсандықтан, мұтлақ әділдігі мазақ қылғандай қатыгездіктен, терең хикметі тым төмен әбестіктен және шексіз кең мейірімі аяусыз азаптаудан, құдретінің абыройы бейшара әлсіздіктен ажырап, хақ екені анықталып, мерейі үстем болмақ. Әлбетте, міндетті түрде осы аталған Аллаһқа иман шартының жүздеген тұжырымдарының тек осы алты тарауының талабына сай қиямет қайым болмақ, "хашр мен нәшр" жүзеге аспақ, жазалау не жарылқау орны ашылмақ. Сонда ғана жер шары аталмыш маңыз бен мәніске ие болмақ, сонда ғана адамның құндылығы, қадір-қасиеті анықталмақ. Сонда ғана, жер мен көктің, адамзаттың жаратушысы, Раббысы Мутасаррыф-ы Хаким Аллаһтың аталмыш әділдігі, хикметі, рахымы, салтанаты өз орнын табады және ол бақи Аллаһтың аталмыш нағыз достары, өзіне ынтық
құлдары мәңгі жоқ болудан құтылады, сонда ғана әлгі достарының ең абзалы, ең қымбаттысы өзінің күллі әлемді риза қылған киелі қызметінің ақысын толық алатын болады. Және Сәрмәди Сұлтан Аллаһтың кемелдігі нұқсандықтан, кемшіліктен пәк екені көрініп, құдретіне ешқандай шәк келмей, мерейі шексіз үстем болмақ.
Сонымен Аллаһтың бар екені рас, ол анық мәселе, олай болса әлбетте ақырет бар. Қалайша, аталмыш иманның үш шарты өзінің барлық дәлелдерімен ақыретті дәлелдеді, солайша
وَ بِمَلٰئِكَتِه۪ وَ بِالْقَدَرِ خَيْرِه۪ وَ شَرِّه۪ مِنَ اللّٰهِ تَعَالٰى деген иманның екі шарты да хашрдің болуын талап етіп, қуатты түрде бақи әлемге куәлікке етіп, нақты дәлелдейді. Өйткені періштелердің болмысы мен олардың құлшылық-міндеттерін көрсететін барлық дәлелдер және олармен көрісу, жолығу, сөйлесу секілді оқиғалар айналып келгенде рухтар әлемі мен ғайып әлемінің, бақи ақырет әлемінің бар екенін, болашақта ол жын мен періштелерге толтырылып безендірілетінін, жәннат-жәһаннам ашылатынын білдіреді. Өйткені, періштелер ол әлемді Аллаһтың әмірімен көре алады және көрген әрі ішін аралаған. Хазіреті Жәбрайыл сынды мұқаррабин ұлық періштелер адамдармен көрісіп, о дүнияның бар екенін, ол жерде кезгендерін бірауыздан хабарлаған. Өзіміз көзбен көрмеген Америка құрлығын ол жақтан келгендердің айтқанына сеніп нақты белгеніміз секілді одан анық түрде періштелердің хабарына сүйеніп бақи әлемнің, ақырет дүниясының, жәннат пен жәһаннамның болмысына соншалықты нақты иман келтіру керек, иман келтірдік.
Жиырма алтыншы Сөз «Тағдыр» рисалесінде тағдырға иман шартын дәлелдейтін барлық айғақтар сайып келгенде хашрға, амал дәптерлердің жайып салынатынына, таразының құрылатынына ишара қылады. Өйткені, әрнәрсенің мұқаддераты яғни тағдыры, мөлшері жазулы екеніне куәміз яғни әрнәрсе мизанмен, белгілі бір мөлшерде, таразымен тартқандай өлшемді және әрбір жан иесінің өмірбаяны жадында сақталуы, дән-дәнектерінде басқа да таспаларда жазылуы, әрбір жандының, әсіресе адамдардың амал дәптерлері өзіндік орындарда сақталып, тіркелуі; әлбетте мұндай ауқымды тіркеу, тағдыр, хикметті жазулар, мұқият тізім, жазып сақтау тек "Махкем-Кубра" үшін, яғни жалпыға ортақ үлкен сот болып, соның нәтижесінде мәңгі сый-сияпат немесе мәңгі жаза болу үшін жасалып жатыр. Олай болмаса әлгі ауқымды, жіті қадағалау, мұқият тіркеу,
болған оқиғаларды сақтау түкке жарамсыз болып, бос әурешілік, пайдасыз іс болар еді. Бұл әрине хикмет пен ақиқатқа мүлдем керағар. Егер хашр болмаса тағдыр қаламымен жазылған мына ғалам кітап өзінің анық мағынасын жойып, құндылығын жоғалтар еді. Бұлай болуы әрине мүмкін емес. Бұған сену мына әлемнің болмысын жоққа шығару секілді қисынсыз, сандырақ.
Сонымен Иманның бес шарты өзінің барлық дәлел-айғақтарымен хашр мен нәшрдің болатынын, оның хақ екенін, ақырет әлемі рас екенін дәлелдеп, бір мағынада талап етеді. Міне, хашр яғни өлген соң тірілу ақиқатының ұлықтығына сәйкес осындай бұлтартпас мықты негіздер мен нақты дәлелдер болғандықтан Қасиетті Құранның үштен бірі дерлік хашр мен ақырет жайлы сөз қозғайды. Оны бүкіл ақиқаттарына іргетас ретінде пайдаланып, басқа мәселелерді соған негіздеп, әрнәрсені соған әкеп тіреп, сөзін соған қарай өрбітеді.