ОН СЕГІЗІНШІ МЕКТУБ
БІРІНШІ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ: "Футухаты Меккенің" авторы Мухиддин Араби (к.с.) және «Кәміл адам» деп аталатын атақты кітаптың авторы Сеид Абдулкерим (к.с.) сынды әйгілі әулиелер, жер шарының жеті қабаты жайлы және Қап тауының арғы жағындағы аппақ жер туралы және «Футухатта» Мешмешие деген ғажайыптан сөз қозғайды, «көрдік» дейді. Бұлардың айтқандары рас па? Рас дейтіндей жер бетінде мұндай жерлер жоқ қой. Сондай-ақ, география ғылымы да олардың сөздерін жоққа шығарады. Егер өтірік болса, бұлар қалай әулие болмақ? Ақиқатқа, шындыққа жанаспайтын нәрсені айтушылар қалай әһли ақиқат бола алады?
Жауап: Олардың тура жолдағы ақиқатшыл әулиелер және жасырын сырларды көре алушылар екені рас. Көргендері рас, бірақ ғаиби нәрселерді көргенімен, ол кезде оларды толық түсініп кете алатын жағдайда болмайды. Түс сияқты болып көрінеді және оларды түсіндірген кезде нақты тұжырым жасауға болмайды. Сондықтан, аздап қателеседі. Түс көріп жатқан адам өз түсін жори алмайтыны секілді, ондай әһли кәшф және әһли шуһуд жандар сондай халде отырып, көргендерін өздері түсіндіруіне болмайды. Оларды түсіндіретін, Асфия деп аталатын пайғамбарлардың ізбасарлары, ақиқат ғалымдары. Әлгіндей ғайыпты көре алатын әһли шуһуд та Асфия дәрежесіне көтерілген кезде, Кітап пен Сүннеттің жөн сілтеуінің арқасында өз қателіктерін аңғарады, түзетеді, түзеткен де.
Бұл ақиқатты түсіндіретін мына бір мысали әңгімені тыңда: Баяғыда әһли қалб (ақиқаттарды жүрекпен сезуші) екі шопан болыпты. Бір күні өздері ағаш тостаққа сүтті сауып алып, үстіне
сыбызғыларын көлденең қойып жата кетіпті. Біреуі "ұйқым келді" дейді де, ұйықтап кетеді. Екіншісі, жолдасын бақылап отырады. Қараса, шыбын сияқты бір нәрсе әлгінің мұрнынан шығып, сүт құйған тостақтың үстінен өтіп, үстіндегі сыбызғының бір басынан кіріп, екінші басынан шығып кетеді. Бір жантақтың түбіндегі тесікке кіріп кетеді. Біраздан кейін шығып, қайтадан сыбызғының ішінен өтіп келіп, ұйқыдағы кісінің мұрнына кіріп кетеді. Ол да оянып кетіп, былай дейді: «Достым, бір ғажап түс көрдім», ояу досы да "Аллаһ қайырын берсін, не көрдің" дейді. «Сүттен теңіз көрдім, үстінде бір қызық көпір бар. Көпірдің айналасы жабық, терезелері бар. Мен сол көпірден өтіп барып, қалың емен орманын көрдім, бәрінің басы сүйрік екен. Солардың астында бір үңгірге тап болдым. Іші толы алтын, қазына екен. Бұның жоруы не?» дейді.
Ояу отырған досы да былай деді: Түсіңде көрген сүт теңізі мына ағаш тостақ. Әлгі көпірің мына сыбызғы. Бастары сүйрік еменің мына жантақ. Үңгірің мына кішкене тесік. Ал енді күрек әкел саған қазынаны көрсетейін дейді. Күрек әкеліп қазады да, екеуін де дүниеде дәулетті ететін алтын тауып алады.
Міне, ұйықтаған адамның көргендері ақиқат, дұрыс көрген. Бірақ түсінде ойланып, ақиқатты ажырата алмағандықтан түсіндіріп беруге де хақы жоқ. Материалық әлем мен рухани әлемді ажырата алмағандықтан айтқандары біршама қате. Шынында да сүттен теңіз көрдім дейді. Бірақ, ояу адам мысал әлемі мен материялық әлемді ажырата алатындықтан жоруға хақы бар. Көргенің рас, бірақ шын теңіз емес, шындығында мына тостақтағы сүт сенің көзіңе теңіз болып көрінді. Сыбызғы да көпір болып көрінді - дейді... Тағысын тағы.
Демек материялық әлем мен рухани әлемді бір-бірінен ажырата білу керек. Араластырып алса, қателеседі. Мысалы: Сенің тар бір бөлмең бар делік. Бірақ оның төрт жағы да айнамен қапталған. Сен ішіне кірген кезде, ол жер үлкен алаң сияқты болып көрінеді. Егер, мен бөлмемді үлкен алаң сияқты етіп көріп тұрмын десең, дұрыс айтасың. Ал, бөлмем үлкен алаң сияқты кең десең, қателесесің. Өйткені, мысали әлемді шын әлеммен шатастырып аласың.
Сонымен жер шарының жеті қабат екендігіне қатысты кейбір Әһли Кәшфтің Кітап пен Сүннеттің таразысынан өткізбей айтқан
суреттеулері, тек қана, география ғылымы қарастыратын материялық жағдайдан тұрмайды. Мысалы, олар «Жердің бір қабаты жындар мен ифриттердікі, кеңдігі мыңдаған жылдық» - дейді. Ал, бір-екі жылда айналып шығуға болатын Жер шарына ондай ғажайып жерлер сыймайды. Бірақ, Жер шарын мағына әлемі мен мысал әлеміндегі және берзах әлемі мен рухтар әлеміндегі қарағайдың дәні деп ойласақ, сол дәннен өніп шыққан мисали ағаш, әлгі дәнмен салыстырғанда зәулім қарағайдай болады. Сондықтан кейбір әһли шуһуд әулиелер, рухани самғау кезінде, мысал әлемінде Жер шарының кейбір қабаттарын өте үлкен, мыңдаған жылдық жол жүретіндей етіп көреді. Көргендері шындық Бірақ мысал әлемінің көрінісі материялық әлемге ұқсайтындықтан екі әлемді біріктіріп көреді. Солай түсінеді. Өз-өздеріне келгеннен кейін көргендерін сол қалпында жазған кезде, өлшемсіз боп шығады. Басқалар оны шындыққа жанаспайды деп санайды. Қалайша кішкене бір айнаға үлкен сарай мен бақшаның сыйып кетеді. Солай-да, материялық әлемнің бір жылдық алаңы, мисали болмыстар мен мағыналық ақиқаттардың мыңдаған жылдық кеңістігін қамтиды.
СОҢЫ: Бұл мәселеден түсінікті болғанындай, көзбен көрудің дәрежесі, ғайыпқа иман келтірудің дәрежесінен көп төмен. Яғни, тек қана көргендеріне сүйенетін кейбір әулиелердің толық түсініксіз кәшфтері, Пайғамбарлық мұрагерліктің иелері болған Асфиялар мен Ақиқатшылдардың Құранға және Уақиға байланысты, сондай-ақ, ғаиби болғанымен саф, толық түсінікті Иман ақиқаттарына байланысты дұрыс үкімдеріне жете алмайды. Демек, бүкіл кәшфтердің, әр түрлі халдерге кіріп, ғайыпты көрудің, ләззат алудың таразысы - Кітап пен Сүннет. Өлшемдері - Кітап пен Сүннеттің қасиетті шарттары мен ақиқатшыл Асфияның нақты қағидалары.
ЕКІНШІ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ: Сұрақ. Вахдет-ул Вужуд мәселесін, көп кісілер ең жоғарғы дәреже деп қарайды. Ал, әулиеліктің ең жоғарғы дәрежесіне шыққан жандар Төрт Халифа бастаған Сахабалар және Бес Әл-Аба бастаған Әһли Бәйт Имамдары және Төрт мәзһаб имамдары, муджтехидтер, табиғиндер вахдет-ул вужуд жолын ұстанбаған. Сонда олардан кейін шыққандар олардан да ілгері кеткен бе? Олардікінен де кемел жол тапқан ба?
Жауабы: Жоқ. Мүлдем олай емес. Күндей жарқын Пайғамбарымызға ең жақын жұлдыздар, ең жақын ізбасарлары болған Асфиядан ешкім асып кете алмайды. Ең үлкен жол солардікі. Ал, Вахдет-ул Вужуд ұғымы, рухани ләззат алудың бір жолы, рухани жағдай, кемел бір мәртебе емес. Бірақ, жағымды, зауықты болғандықтан рухани самғау кезінде ол мәртебеге көтерілгендердің көбі сол жағдайдан шыққылары келмейді. Сол жерде қалып, ең соңғы мәртебе деп ойлайды.
Ал, бұл жолды ұстанушы адам, материядан және материялдық септігі тиер себептерден арылған жан болса, транстық жағдайдағы көргендері Вахдет-ул Вужудтан емес, Вахдетул Шахидтан туындаған, ғылыми негізсіз транстық халдегі Вахдет-ул Вужуд, оны кемел дәрежеге жеткізуі мүмкін. Тіпті, Аллаһтан басқа бүкіл жаратылысты жоққа шығаруы мүмкін. Ал материямен қатты шұғылданып, сыртқы себептерден шыға алмай жүрген біреудің Вахдет-ул Вужуд деуі, жаратылыстар жолында Аллаһты жоққа шығаруға дейін апарады.
Иә, ең үлкен даңғыл Сахабалар мен Табиғиндердің және Асфияның жолы حَقَٓائِقُ الْاَشْيَٓاءِ ثَابِتَةٌ сөйлемі солардың жалпы қағидасы.
Сондай-ақ, لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ негізі бойынша Аллаһ ешнәрсеге ұқсамайды. Ол мекеннен, бөлшектенуден пәк. Жаратылыстармен байланысы - Жаратушы болғандығында. Вахдет-ул Вужудшылар айтатындай, жаратылыстар елес немесе қиял емес. Көрініп тұрған заттардың бәрі Аллаһтың жаратқандары. Барлық нәрсе, Сол емес. Барлық нәрсе, Сонікі. Өйткені, кейіннен пайда болған нәрсе, Қадимнің нақ өзі бола алмайды. Бұл мәселені мына екі тәмсілмен түсіндіреміз.
Біріншісі: Мәселен бір патшаның, Әділ Сот атымен жұмыс істейтін Заң басқармасы, Сол есімді жақсылап таныстырып береді. Бір аты Халифа. Дін істері мен ғылыми шаруалар Сол есімнің көрінетін жері. Бас Қолбасшы деген тағы бір аты бар. Ол есімімен әскерді басқарады. Әскер сол Есімнің көрінетін жері. Ал, біреу: "Ол Патша Әділ Сот қана, Әділет басқармасынан басқа басқармасы жоқ" десе. Ол кезде мәжбүрлі түрде Әділет қызметкерлерінің ішінде шынайы емес, шартты түрде сол қызметті де атқарып тұр деп ойлайтын дін істері басқармасындағы ғалымдардың қасиеттерін, қызметтерін солар атқарған болып көрінетін қияли түрдегі дін істері басқармасы
бар деп ойлау керек. Сондай-ақ, әскери басқармадағы қызметтерді де әлгі әділет басқармасындағы қызметкерлер атқарып жүрген болып көрінетін қияли, әскери басқарма бар деп ойлау керек. Солай жалғаса береді. Ал мұндай жағдайдағы Патшаның, шынайы аты Әділ Сот, шынайы басқармасы Әділет басқармасы ғана. Халифа, Бас қолбасшы, Сұлтан сынды есімдері шынайы емес, шартты түрдегі есімдері болып қалады. Ал, патшалықтың мәнісі мен биліктің ақиқаты бұл есімдердің шынайы болуын талап етеді. Шынайы есімдер шынайы басқармалардың болуын қалайды және талап етеді.
Міне, Улухиет, Билігі, Рахман, Рызықтандырушы, Жарылқаушы, Жаратушы, Іс атқарушы, Жомарт, Мейірімді сынды көптеген киелі есімдердің шынайы түрде бар болуын талап етеді. Шынайы есімдер де шынайы айналардың болуын талап етеді.
Ал Уахдет-ул Ужудшылар لَا مَوْجُودَ اِلَّا هُوَ деп, заттардың ақиқат болмысын қияли дәрежеге түсіреді. Жаратушы Хақтың Уажиб-ул Ужуд және Мәужуд, Уахид, Ахад есімдерінің шынайы көріністері мен шеңберлері бар. Бұл есімдердің айналары, шеңберлері шынайы емес, қияли әрі жоққа тән болса да, оларға зиян келмейді. Қайта нағыз болмыстың айнасында рең болмаса, одан сайын таза әрі жарығырақ болады.
Бірақ, Рахман, Ризықтандырушы, Қаһарлы, Мәжбүрлеуші, Жаратушы сынды есімдердің көріністері шынайы емес, шартты түрде болып қалады. Ал расында, ол есімдер де «Мәужуд» есімі секілді шынайы есімдер. Бір нәрсеге тәуелді көлеңке емес..
Міне, Сахабалар мен Мужтаһид Асфиялар және Әһли Бәйт Имамдары حَقَٓائِقُ الْاَشْيَٓاءِ ثَابِتَةٌ дейді, яғни Жаратушы Хақтың бүкіл есімдерімен қоса шынайы түрде көріністері бар. Бүкіл нәрселердің Аллаһтың жаратуы арқылы кейіннен пайда болған болмыстары бар. Ол болмыстар Уажибул-Ужудтың болмысымен салыстырғанда өте әлсіз әрі тұрақсыз көлеңкелер ғана, бірақ қиял емес, елес емес. Жаратушы Хақ, Жаратушы есімімен болмыс береді және сол болмыстың бар болып тұруын қамтамасыз етеді.
Екінші тәмсіл: Мәселен, мына бөлменің төрт қабырғасында төрт үлкен айна болса, онда әрбір айнаның ішінде осы бөлменің қалған үш айнасымен қоса алғандағы бейнесі тұрады. Бірақ, әрбір
айнаның көлемі қанша болса, сонша зат сыяды, түсі қандай болса, солай етіп көрсетеді. Әрбір айна өзінің пішініне және түсіне қара, нәрселерді өзінде қамтиды, ішіне алады. Өзіндік бір мисали бөлмеге айналады.
Енді, екі адам осы бөлмеге кірсе, олардың біреуі бір ғана айнаға қарап: "Барлық нәрсе осы айнаның ішінде" дейді. Өзге айналар туралы және сол айналардың ішіндегі суреттер жайлы естіген кезінде, естігендерін сол өзі көріп тұрған жалғыз айнаның бір бұрышындағы көлеңке, шынайы бейнелері кішірейген, өзгеріске ұшыраған нәрселер деп біледі. «Мен осылай көріп тұрмын, демек бұл шындық» - дейді. Екінші адам оған: «Иә, сен солай көріп тұрсың, көргенің рас. Бірақ, ақиқат олай емес. Сен мұқият қараған айна секілді басқа да айналар бар, олар сен көргендей кішкене ғана, елестің елестері емес» дейді.
Міне, Иләһи есімдердің әрқайсысы бөлек-бөлек, бір-бір айна талап етеді. Мәселен, Рахман, Ризықтандырушы деген есімдер шынайы болғандықтан, өздеріне лайық, ризыққа және мейірімге мұқтаж болмыстарды талап етеді. Рахман есімі шынайы дүниеде ризыққа мұқтаж, шынайы рух иелерін талап етсе, Рахим де сондай, шынайы бір Жаннатты талап етеді. Егер, тек Мәужуд және Уажиб-ул Ужуд, Уахид-і Ахад есімдері шынайы деп қаралып, қалған есімдер солардың ішіндегі көлеңке секілді қаралса, ол есімдерге әділетсіздік жасалады.
Сонымен, осы сырға байланысты: Ұлы Даңғыл дегеніміз, әлбетте Ұлы Әулиелікке жеткен Сахабалар мен Асфиялардың және Табиғиннің, Әһли Бәйт Имамдар мен Мужтаһид Имамдардың жолы. Олар Құранның бірінші дәрежелі шәкірттері.
ҮШІНШІ МӘСЕЛЕ. Хикмет пен ақыл шешімін таппаған маңызды бір мәселе
Сұрақ: Ғаламдағы қайран қалдырарлықтай тоқтаусыз әрекеттердің сыры мен хикметі не? Үнемі қозғалыс үстінде жаңарып отырады. Неге тоқтамайды?
Жауап. Бұл хикметті түсіндіру үшін мың бет жазу керек болады. Олай болса, терең бойламай-ақ қысқаша түйінін екі бетке сыйғызамыз. Мәселен, бір адам өзінің табиғи міндетін немесе бір қоғамдық жұмыс атқарған кезде сол жұмысқа қызу кіріссе, оны мұқият бақылап тұрған адам, оған бұл міндетті атқартып жатқан екі нәрсе бар екенін түсінеді.
Біріншісі: Сол жұмыстың нәтижесінде қол жететін жемістер мен пайдалар. Бұл "Илле-и Ғайе" (мақсаттық себептер) деп аталады.
Екіншісі: Сол жұмысқа құлшыныс тудыратын махаббат, құштарлық, ләззат бар. Бұл, "Даи және Мұқтази" (құштарлық пен қажеттілік) деп аталады. Мәселен, тамақ жеу тәбеттің ашылуынан туындайтын ләззат, қой, оны тамақ жеуге итермелейді. Ал, тамақ жеудің нәтижесі денені азықтандыру, тіршілікті жалғастыру. Сол секілді وَلِلّٰهِ الْمَثَلُ الْاَعْلٰى ғаламдағы шошып кетерліктей және қайран қаларлықтай шексіз қозғалыстар екі түрлі Иләһи Есімдерге сүйеніп, екі жан-жақты хикмет үшін. Әрбір хикметі де шексіз.
Біріншісі: Жаратушы Хақтың әсем есімдерінің шексіз, шетсіз көріністері бар. Жаратылыстардың әртүрлі болуы - сол көріністердің әртүрлілігінен туындайды. Ал, ол есімдер, үздіксіз көрінуді қалайды. Яғни, нақыштарын көрсеткісі келеді. Яғни, нақыштардың айналарында жамал көріністерін көруді, көрсетуді қалайды. Яғни, ғалам кітабын және жаратылыстардың жазбаларын әр мезет сайын жаңалауды қалайды. Яғни, әрдайым қайтадан мағыналы етіп жазуды және әрбір жазбаны, Өзінің Пәк Заты мен Мусемма-и Ақдесіне қоса, бүкіл түйсігі бар оқушылардың назарларына да көрсетуді және оқытуды талап етеді.
Екінші себеп пен хикмет: Жаратылыстардың әрекеттері, рухани құштарлықтары ынтықтырушы бір ләззаттан туады. Тіпті, әрбір әрекетте нақты ләззат бар, тіпті әрбір әрекеттің өзі ләззат. Сол секілді, Уажиб-ул Ужудке лайық және еш нәрсеге мұқтаж емес теңдессіз
затына және шексіз байлығының шексіз камалына сай, Оның киелі мейірімі мен пәк махаббаты бар. Және сол киелі мейірім мен пәк махаббаттан туындайтын пәк құштарлығы бар. Сол пәк құштарлықтан шығатын шексіз киелі қуанышы бар. Және сол киелі қуаныштан туындайтын айтуға рұқсат болса шексіз киелі ләззаты бар. Және сол киелі ләззаттан туындайтын шексіз мейірім көрсету мен Құдірет істері арқылы жаратылыстардың қабілеттері әрекетке көшуі арқылы олардың дамып жетілулері мен қуаныштарынан және кемелдікке келуінен Зат-ы Рахман-ы Рахимге тиесілі (солай айту мүмкін болса) шексіз киелі қуаныш пен шексіз киелі мақтанышы бар ғой шексіз, бір түрде үздіксіз әрекетті талап етеді.
Міне, бұл нақты хикметті, философия мен пән, ғылымы білмегендіктен, санасыз табиғат пен оқыр кездейсоқтық жансыз себептерді осыншалықты іліммен, хикметпен көрегенділікпен. атқарылып жатқан іспен шатастырып алған. Адасушылықтың қараңғылығына түсіп, ақиқат нұрын таба алмаған.