ОН ЖЕТІНШІ МЕКТУБ
Құрметті ақыреттік бауырым Хафиз Халид Әпенді!
Бауырым! Балаңның қайтыс болғанын естіп қынжылдым.
Дегенмен, اَلْحُكْمُ لِلّٰهِ қазаға яғни, болған нәрселерге риза, жазмышқа көну дін Исламның бір белгісі ғой. Хақ тағала сіздерге сабыр берсін. Марқұмды да ақыретте сіздерге шапағатшы етсін. Сізге, және сіз секілді тақуа мүминдерге зор сүйінші және нағыз жұбаныш беретін «Бес тұжырымды» баяндап берейін.
Бірінші Тұжырым: Құран Хакимдегі: وِلْدَانٌ مُخَلَّدُونَ аятының сыры мен мазмұны былай: Мүминдердің бәлиғат жасына жетпей қайтыс болған балалары жәннатта мәңгі, сүйкімді Жәннәтқа лайық бір түрде бала болып қалатынын... және Жәннатқа кірген ата-аналарының құшағында мәңгі қуаныш сыйлайтынын... және ол жақта сәби сүю, баланы еркелету сияқты ең әдемі зауық-ләззатты әке-шешесіне қол жеткізуге негіз болатынын. және Жәннатта рахаттандыратын барлық нәрсе табылатынын... сондай-ақ, «жәннат ұрпақ көбейтетін жер болмағандықтан, сәби сүю мен еркелету онда болмайды» дегендердің үкімдерінің ақиқатқа қайшы екенін... мына дүниеде
бірнеше жыл ғана қуаныш пен мұң аралас сәби сүю мен еркелетудің орнына, ол жақта мұңсыз түрде миллиондаған жылдар бойы мәңгі бақи сәби сүю, оны еркелету имандылар үшін бақыттың ең үлкен қайнары болатынын қасиетті аят وِلْدَانٌ مُخَلَّدُونَ сөйлемі арқылы ишара етіп, сүйіншілеуде.
Екінші Тұжырым: Баяғы да бір адам зынданда жатады. Сүйікті баласы да оның жанына жіберіліпті. Ол бейшара тұтқын, өз қайғысымен қатар, енді баласының қамын ойлап күйзеліске түседі. Бір күні мейірбан патша оған бір адам жіберіп былай деп бұйырыпты: «Бұл бала сенің перзентің екені даусыз. Бірақ, бала менің де халқым емес пе? Оны мен аламын. Сарайда жақсылап қараймын...» Әлгі адам жылап-сықтап: «Менің жалғыз жұбанышым, бере алмаймын!..» дейді. Оған жанындағы жолдастары былай деп ақыл айтады: "Сенің бұлай қайғыруың жөнсіз. Егер сен балаңа шын жаның ашыса, бала мына лас, қоқырсыған зынданда жатқанша, жайлы сарайға барсын.
Егер сен өз қамың үшін уайымдап тұрсаң, онда балаң осында қалса, уақытша көңілің тыныш болуы мүмкін, бірақ бала көп қиындық шегеді. Егер сарайға кетсе, саған мың пайдасы тиеді. Өйткені патшаның да мейірімін оятып, саған шапағатшы болады. Патша оны сенімен кездестіргісі келеді. Әлбетте, кездесу үшін оны зынданға жібермейді. Қайта сені зынданнан шығарып, сарайға алдырады, балаңмен кездестіреді. Мұның шарты, Патшаға сеніп, бұйрығын орындау..."
Аяулы бауырым, осы тәмсілді үлгі етіп, өзің сияқты мүминдердің балалары бақилық болғанда былай ойлауы керек: Бұл бала бейкүнә. Оның Жаратушы иесі Рахим әрі Кәрим. Менің кемшін тәрбием мен мейірімімнің орнына, оны өте кәміл рахымына бөледі. Дүниенің қайғылы, бәлелі, машақатты зынданынан шығарып, Жәннат-үл Фирдаусына жіберді. Балам қандай бақытты! Бұл дүниеде қалса, кім біледі қалай боларын. Сондықтан оны уайымдамаймын, бақытты деп білемін. Өзіме тигізер пайдасын ойлап та уайымдамаймын, өкінбеймін. Өйткені, бұл өмірде қалса, қайғысы мен қиыншылығы аралас он жылдық бала сүю қызығын сыйлар еді. Егер қайырлы бала болса, дүниелік істерде маған көмегі тиер еді. Қайтыс болып кетуі арқылы мәңгілік жәннатта он миллион жыл маған бала болып, бала сүю бақытына дәнекер, мәңгі бақытқа қол жеткізуім үшін маған
шапағатшы болады. Әлбетте, әлбетте Пайдасы тиіп, тимеуі неғайбыл уақытша нәрсені жоғалтып, кейінірек мың пайдасы тиері анық нәрсеге қол жеткізген жан, әрине қатты өкініп, қайғыға салынбайды.
Үшінші Тұжырым: Арамыздан кеткен ол бала, бүкіл болмысымен Рахим Аллаһтың жаратқан пендесі, құлы және Соның өнері, ал ата-ана оның аз уақытқы жолдасы еді.... Ата-анасының қарауына уақытша берген-ді. Ата-анасының сол қызметі үшін уақытша бір ақы ретінде ләззаты мол, елжіреген жанашырлық берілген-ді. Енді, мыңнан тоғыз жүз тоқсан тоғыз үлестің иесі болған Халиқ-ы Рахим, рахымы мен хикметінің талабы бойынша ол баланы сенің қолыңнан алса, қызметіңді тоқтатса, сырттай ғана бір үлескер бола тұра, шынайы, мың үлес Иесінің үстінен шағымданғандай болып баланы жоқтау, зар еңіреу иманды жанға жараспас, расында ол дінсіздердің ісі.
Төртінші Тұжырым:
Егер дүние мәңгілік болып, адам да осында мәңгі тұрар болса, айрылысу мәңгі болып еш көрмейтін болсақ, онда қайғырып мұңаюдың және үмітсіз өкінудің бір мәні болар еді. Бірақ, дүние бір мейманхана ғой, ендеше өлген бала қайда кеткен болса, сіз де, біз де сонда барамыз. Өлім деген нәрсе оған ғана тән емес, бәріне ортақ бір жол. Бұл айрылысу да мәңгілік емес, ілгеріде, Бәрзахта да, Жәннатта да кездесеміз. اَلْحُكْمُ لِلّٰهِ деу керек. «Өзі берді, Өзі алды»,
деп сабырмен шүкір ету керек.
Бесінші Тұжырым: Иләһи рахымның ең жағымды, ең әсем, жанға жайлы көріністерінің бірі болған мейірім - нұрлы бір эликсир, өте күшті дәрі. Ғашықтықтан да өткір. Хақ тағалаға тез ұласуға дәнекер болады. Дүниеуи ғашықтық, өте көп қиындықтар арқылы ғана Аллаһқа деген ғашықтыққа айналады, Хақ Тағаланы таба алады. Ал мейірім, еш қиындықсыз, таза әрі қысқа жолмен жүректі Хақ Тағалаға байлайды. Әке де, шеше де перзентін бүкіл дүниеден артық көреді. Егер олар иманды, нағыз мүмин жандар болса, перзентінен айырылған кезде, дүниеден теріс айналып, Мүним-і Хақиқиді табады.
Демек дүние пәни, ендеше оған жүрекпен байланып, көңіл бөлеуге тұрмайды - дейді. Перзенті қайда кеткен болса, сол жаққа көңілі ауады, өте керемет рухани күй кешеді.
Ғапыл - дінсіздер болса, осы бес ақиқаттағы сүйіншіден мақрұм қалғандар. Олардың халі қандай қайғылы екендігін мына мысалмен салыстырып көріңіз: Егде жастағы бір әйел, өте жақсы көретін жалғыз баласы өлім аузында жатқанда, бұл дүниеде мәңгі қалатындай, өлімді жоқ болу, мәңгіге айырылысу деп білгендіктен мамықтай жұмсақ төсегінің орнына қабірдің суық топырағын ойлап, ғапылдықтың кесірінен Әрхам-ур Рахиминнің Жәннатын, шексіз рақымын ойламай, қаншалықты үмітсіз қайғы мен мұңға бататынын ойлаңыз! Бірақ, екі жиһанның бақытына қол жеткізуге дәнекер болған Иман мен Ислам діні, мүминнің көңіліне үміт отын жағады: "Мына өлім аузында жатқан баланың Халиқ-ы Рахимі, оны мына пәни дүниеден шығарып, Жәннатына әкетеді. Саған әрі шапағатшы, әрі мәңгілік бірге болатын бала етеді.
Бұл айрылысу уақытша, уайымдама:
деп сабыр ет!" - дейді.