ОН АЛТЫНШЫ МЕКТУБ
Бұл хат فَقُولَا لَهُ قَوْلًا لَيِّنًا сырына сай, қатты кетпей, жұмсақ тілмен жазылды.
Көпшіліктің сұрайтын да, көкейінде де жүретін бір сұрағына жауап.
[Бұл сұраққа жауап беруге зауқым жоқ, әрі қаламаймын. Бүкіл нәрсемді Аллаһқа тапсырып, соған ғана тәуекел етуде едім, бірақ менің өзіммен өзім жүруіме мүмкіндік бермей, бетімді дүнияға бұра бергендіктен өзім үшін емес, достарым мен сөздерімді әһли дүнияның күдігі мен қысымынан құтқару үшін, жағдайдың анық-қанығын достарыма да, әһли дүниеге де, билікке де түсіндіру мақсатында "Бес тұжырым" арқылы "Бүгінгі Саид" емес, "Бұрынғы Саидтің" тілімен баяндауға мәжбүр болдым].
БІРІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Саясаттан неге бас тарттың? Неге жоламай кеттің? - дейді.
Жауап: Осыдан он шақты жыл бұрыңғы Саид біршама саясатқа араласты. Бәлкім саясат арқылы дінге, ғылымға қызмет етермін деп босқа шаршады. Бұл жолдың күмәнді, қиын және мен үшін бос әурешілік, керісінше ең маңызды қызметке кедергі келтірер қауіпті жол екенін көрді. Көбі өтірік, тіпті шетелдіктердің қолында ойыншық болып қалғанын да байқамауы мүмкін. Сондай-ақ, саясатқа араласқан адам, не жақтас болады, не қарсылас болады. Жақтас болатындай, мен қызметкер де, депутат та емеспін. Олай болса, менің саясатқа араласуым бос нәрсе. Бостан-босқа саясатқа араласуымның қажеті жоқ.
Егер, қарсылас жаққа шықсам не пікірмен (идеология), не күшпен араласуым керек. Пікірмен араласуға маған мұқтаждық жоқ. Өйткені, мәселелердің бәрі түсінікті. Менің білгенімді жұрттың бәрі біледі. Босқа ауыз ауырту мағынасыз.
Егер, күш қолданып, бүлік шығару арқылы қарсылық көрсетсем нәтижесі күмәнді мақсат үшін мыңдаған күнә арқалау ықтималдығы басым. Бір адамның кесірінен көп адам бәлеге қалады. Оннан бір ықтималға бола күнә арқалап, бейкүнә жандарды да күнәға батыруға ар-ожданым бармайды деп бұрынғы Саид, темекі мен бірге газетті де, саясатты да, саяси-дүниелік әңгімелерді де тәрк етті.
Содан бері, сегіз жыл өтсе де бірде-бір газет оқымауым, не тыңдамауым бұның нақты айғағы. Оқығанымды, не тыңдағанымды көрген біреу болса айтсын.
Ал, бұдан сегіз жыл бұрынғы Саид күніне сегіз газет оқитын еді. Оның үстіне бес жылдан бері қатаң бақылаудамын. Саясатқа тарыдай қатысым барын байқаған адам болса айтсын. Ал мен секілді қызба мінезді اِنَّمَا الْح۪يلَةُ ف۪ى تَرْكِ الْحِيَلِ қағидасы бойынша «Айланың үлкені айла жасамау» деп түсінетін қорқуды білмейтін адамның ой-пікірі сегіз жылды қойып, сегіз күн де жасырын қала алмайды. Саясатқа деген ынтам, ұмтылысым болғанда аңдуға, бақылауға қажеттілік тумай-ақ, зеңбіректен оқ атылғандай анық естілер еді.
ЕКІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Бүгінгі Саид саясаттан неге осынша тартынады?
Жауап: Милиардтаған жылдарға ұласатын мәңгі өмірге дайындалып, сол өмірде жеңіске жету жолын күмәнді, қажетсіз, арзан бір-екі жылдық бұл дүниелік нәрселерге араласу жолында пида қылмау үшін. Сондай-ақ ең маңызды, ең қажетті, ең таза, ең шынайы қызмет Иман мен Құран жолындағы қызмет болғандықтан саясаттан қашудамын. Мен қартайдым, енді неше жыл өмір сүретінімді білмеймін. Олай болса, мен үшін ең маңызды шаруа мәңгі өмірге дайындалу. Мәңгі өмірде жеңіске жету жолындағы ең бірінші дәнекер және мәңгілік бақыттың кілті - Иман. Сол жолда еңбек ету керек. Бірақ, шариғат бойынша, адамдарға ілім үйретіп пайдам тиетіндей қызмет атқаруға міндеттімін. Сол міндетімді атқарғым келеді. Ал ондай қызмет я Иманға, я қоғамдық өмірге және дүниелік тұрмысқа қатысты
болмақ. Екіншісі менің қолымнан келмейді. Мынадай аласапыран заманда тиянақты қызмет ете алмайсың. Сондықтан ол жақты қоя тұрып, ең маңызды, ең қажетті, ең сенімді қызмет - Иман жолындағы қызметті таңдадым. Өзім көз жеткізген Иман ақиқаттарына және өз тәжірибемнен өткен рухани дәрілерге басқалардың да қолы жетуі үшін ол есікті ашық қалдырдым. Мүмкін, Аллаһ бұл қызметімді қабыл етер. Бұрынғы күнәларыма өтеу болар. Бұл қызметке шайтан ражимнен басқа (мұсылман болсын, кәпір болсын, сыддық болсын, азғын болсын) ешкімнің қарсы шығуға хақысы жоқ. Өйткені, имансыздық басқа нәрселерге ұқсамайды. Зұлымдықта, пасықтықта, үлкен күнәларда жиіркенішті болса да, шайтани ләззат болуы мүмкін. Бірақ, имансыздықта ешқандай ләззат жоқ. Қайғы үстіне қайғы, қиналыс үстіне қиналыс, азап үстіне азап.
Қартайған шағымда мәңгі өмір үшін еңбектенуді, қасиетті имани нұрға қызмет етуді тастау, мен сияқты елеусіз, жалғызілікті, бұрыңғы күнәларын жеңілдетер сауапты іс атқаруға мәжбүр адамға қауіпті саяси ойындарға араласу, қаншалықты ақылға қонымсыз, хикметке қайшы ақымақтық екенін ақымақтар да түсінер.
Ал, Құран мен Иманға қызмет менің жолымды неге бөгейді десең, мен де былай деймін: "Егер, саясатқа аралассам, алдануы оңай, аңқау қарапайым халық алмастай қымбат Иман мен Құран ақиқаттарын - өзіне жақтас жинау үшін саяси үгіт емес пе?" деп ойлауы мүмкін. Әлгіндей қымбат алмастарға арзанқол әйнек деп қарауы мүмкін. Олай болса саясатқа араласу арқылы алмастай құнды ақиқаттардың құнын түсіріп қиянат жасаған боламын.
Ей, әһл-и дүние. Менімен неге әуре боласыңдар. Мені неге өз жайыма қалдырмайсыңдар. "Шейхтар кейде біздің ісімізге араласады. Саған да кейде шейх дейді" десеңдер, менің де айтарым мынау: Ей, мырзалар! Мен шейх емеспін, молдамын, ағартушымын. Бұған дәлел төрт жылдан бері осындамын. Ең болмаса бір адамға тариқат сабағын бергенімде, күмәндануларыңа болар еді. Маған келушілердің барлығына дерлік Иман керек, Исламият керек.... Тариқат заманы емес дедім.
Саған "Саид күрди" дейді. Сенің ұлтшылдық ойың бар шығар. Бұл да бізге жақпайды десеңдер. Оған да айтарым мынау: Ей, мырзалар! Бұрынғы Саидтың да, Бүгінгі Саидтың да жазғандары алдарыңда.
Соларды куәға тартамын. Мен
қатаң бұйрығы бойынша, баяғыдан бері шариғатқа үйлеспейтін ұлтшылдық пен нәсілшілдікке Еуропалық ауру, өлтіргіш у ретінде қарадым.
Ал, Европа өздерінің осы кеселін мұсылмандардың арасына жайып алауыздық тудыру арқылы бөліп-бөліп, жұта салуды ойлап отыр. Осы бір Еуропалық дертті баяғыдан бері емдеуге тырысқанымды шәкірттерім де, менімен араласқан адамдар да біледі.
Олай болса, ей, мырзалар! Әр нәрсені сылтауратып маған қысым көрсетуге апырмай не себеп бар? Бұл Шығыста бір солдат қателік жасаса, батыстағы бір солдатты -"Сен де әскерсің" деп қинау, жазаға тарту... Немесе, Стамбулдағы бір саудагердің бір қылмысы үшін Бағдаттағы бір дүкеншіні "Сен де саудагерсің" деп соттау сияқты нәрсе. Әр оқиғаны сылтауратып маған тиісу, қандай заңға саяды? Бұған кімнің ары барады? Бұл қай үкімнің талабы?
ҮШІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Менің жағдайымды, тыныштығымды ойлайтын және әртүрлі қиыншылықтарға сабыр етіп, үндемей жүргеніме таң қалатын достарым "Өзіңе жасалып жатқан қысымдарға, қинауларға қалай шыдап жүрсің? Сен бұрын ашушаң, намысқой едің. Басыңнан сөз асырмайтын едің. Ондайға төзе алмайтын едің" - дейді.
Жауап: Кішкентай екі оқиға мен екі әңгімені тыңдап жауабын алыңдар.
Бірінші әңгіме: Екі жыл бұрын бір бастық мені сыртымнан, себепсізден себепсіз мазақ қылып, қорлаушы сөздер айтыпты. Мен кейін естідім. Бұрыңғы Саидтық сезімдерім қозып, бір сағаттай ашуландым. Содан кейін, Аллаһтың мейірімі жүрегіме мынадай ақиқатты жеткізді. Ашуымды да тарқатты, әлгі адамға да кешірім бергізді. Ақиқат мынау еді. Өзіме өзім былай дедім. Егер оның қорлау сөздері мен айтқан кемшіліктері жеке басым мен нәпсіме қатысты болса, оған Аллаһ разы болсын. Нәпсімнің айыптарын айтып жатыр. Егер шындықты айтқан болса, нәпсімнің тәрбиесіне итермелейді. Тәкәппарланудан құтылуға көмектеседі. Егер өтірік айтқан болса, мені риядан және рияның негізі болған жалған атақтан құтқаруға көмектеседі. Ал, мен өз нәпсіммен татуласқан жоқпын. Өйткені, тәрбиелегем жоқ. Біреу менің мойнымда немесе қойнымда улы
шаянның тұрғанын айтса немесе көрсетсе, оған ренжу емес, қайта қуану керек болады. Егер ол адамның мазақ етіп қорлауы менің Иман мен Құранға қызметші екендігіме қатысты болса, оған менің қатысым жоқ. Ол адамды мені қызмет қылдырып отырған Құранның Иесіне тапсырамын. Ол - Әзиз, Хаким.
Егер, тек мені сөгіп, қорлау, табалау үшін жасаса оның да маған қатысы жоқ. Мен айдауда жүрген қолым байлаулы тұтқын, ғаріппін. Өзімді өзім қорғап қалу менің міндетім емес. Бұл мені осында бақылауда ұстап отырған ауылды, ауданды, уалаятты басқарып отырғандардың шаруасы. Бір адамның қолындағы тұтқынын сөгіп-қорлау, оның иесіне тиісті, ол қорғау керек. Мәселенің ақиқаты осылай болған соң жүрегім жай тапты.
дедім. Ондай оқиға болған жоқ деп есептедім, ұмыттым. Бірақ, өкінішті, кейін білінеді, Құран оны кешірмеді.
Екінші әңгіме. Биыл бір оқиғаның орын алғанын естідім. Ол оқиға болып кеткеннен кейін қысқаша ғана естісем де, маған сол оқиғаға тығыз байланысым бардай қарады. Онсыз да ешкіммен хабарласып жатқаным жоқ хабарлассам да. Бір досыма Иман мәселесіне байланысты хаттарды өте сирек жазатынмын. Тіпті, өз бауырыма төрт жылда бір-ақ рет хат жаздым. Өзімді өзім қарым-қатынастан тыятынмын. Әһли дүние де маған тыйым салушы еді. Аптасына бір рет қана, бір екі танысыммен жолыға алатын едім. Ауылға келген қонақтардың бір-екеуі ғана айына бір рет ақыреттік мәселелер жайлы бір-екі минут сөйлесе алатын. Нәпақа үшін жұмыс істеуге өте қолайсыз. Елден жырақ бір ауылда жападан жалғыз, ғаріп халде бүкіл нәрселерден тыйылдым. Тіпті, төрт жыл бұрын қирап қалған бір мешітті жөндеттім. Елде жүргенде имамдық, уағызшылық құжатым болғандықтан сол мешітте төрт жылдан бері имамдық етсем де (Алла қабыл етсін) осы жылы қасиетті Рамазан айында мешітке бара алмадым. Кейде намазды жалғыз оқыдым. Жамағатпен оқылған намаздың жиырма бес есе сауабы мен игілігінен құр қалдым.
Екі жыл бұрыңғы әлгі бастықтың маған қарсы жасаған әрекеттеріне шыдаған болсам, басымнан өткен осы екі оқиғаға да дәл солай шыдамдылық таныттым. ИншаАллаһ, әрі қарай да осылай жалғастырамын. Былай да ойлап қоямын және деймін: "Егер әһлі
дүнияның маған жасап жатқан қыспақтары, қинаулары айыпты да кінәлі нәпсім үшін болса кештім. Мүмкін менің нәпсім осылай түзелер. Күнәларының кешірілуіне себеп болар".
Дүние деген қонақүйдің қызығын көп көрдім. Аздап жапасын шексем де шүкір етемін. Егер, әһлі дүния мені Иман мен Құранға қызметші болғандығым үшін қыспаққа алып жатса, қорғап шығу менің шаруам емес. Оны Әзиз Жаппарға тапсырамын. Егер, баянсыз және рияға себеп болатын және ықыласты да бұзатын жалған атақты жою және маған деген көптің қошеметін түсіру мақсатында жасалып жатса оларға рахмет. Өйткені, көптің қошеметіне бөлену және халықтың алдында атақты болу мен сияқты адамдарға зиян деп білемін. Менімен араласқан адамдар мені жақсы біледі. Мені құрметтегендерін қаламаймын. Тіпті, жек көремін. Тіпті маған шамадан тыс құрмет көрсеткені үшін қымбатты бір досыма елу рет ескерту жасаған шығармын. Егер жұрттың алдында мені төмен түсіріп, мән бергізбеудегі мақсаттар, мен тәржімәндік жасап жүрген Иман мен Құран ақиқаттары үшін болса, олары бос әурешілік. Өйткені, Құранның жұлдыздарына перде тұтылмайды. Көзін жұмған адам, өзі ғана көрмейді. Басқаларға қараңғылық орната алмайды.
ТӨРТІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Бірнеше күмәнді сұрақтың жауабы.
Біріншісі: Әһли дүние былай дейді. Немен күн көресің? Жұмыссыз қалай күнелтесің? Мемлекетімізде жалқаулар және басқаның еңбегімен күн көрушілерді қаламаймыз.
Жауап: Мен үнемділік пен берекеттің арқасында өмір сүремін. Раззақымнан (Аллаһтан) басқа ешкімнің бір нәрсені міндетсінуін қаламаймын. Және ешкімнен ешнәрсе алмауға қарар бергенмін. Иә, Күніне жүз тиын, тіпті қырық тиынмен күнелткен адам ешкімнен еш нәрсе сұрамайды. Бұл мәселені қозғағым келмейді. Менменсіп мақтанып тұрғандай болмас үшін, бұл туралы айтуды ұнатпаймын. Бірақ, әһли дүние күдікті түрде сұрап тұрғандықтан мен де айтайын. Кішкене күнімнен бері ешкімнен ешнәрсе алмау (Тіпті зекет болса да), айлық та алмау (Бір-екі жыл Ислам академиясында істеген кезімде достарымның еріксіз көндіруімен алуға мәжбүр болдым. Ол ақшаны да рухани түрде халыққа қайтардық), дүнияуи күнкөріс үшін біреуге кіріптар болмау өмір бойғы қағидам. Өз елімдегілер мен басқа жерлердегі мені танитындар мұны жақсы біледі.
Осы айдауда жүрген бес жыл ішінде қаншама достарым маған кәде сый жасауға тырысты, қабылдамадым. «Онда қалай күн көресің» десеңдер, берекет пен Аллаһтың жарылқауымен өмір сүріп келемін. Рас, нәпсім әрқандай қорлыққа да, елеусіз қалуға да лайық болса да, Құран қызметінің кереметі ретінде ризық жөнінен Иләһи жарылқау болған берекетке бөленудемін.
сыры бойынша Аллаһтың маған жасаған жақсылықтарын еске түсіре отырып, рухани шүкір ретінде бірнешеуін айтайын.
Рухани шүкір болуымен қатар, рия мен мақтаныш та өз үлесін алып кетсе, осы берекеттен айырылып қалам ба?-деп қорқамын. Өйткені, жасырын берекетті мақтанышпен әшкере ету берекеттің кесілуіне себеп болады. Амал қайсы, айтуға мәжбүр болдым. Сонымен біріншісі:
Отыз алты нан шығатын бір киле бидай маған алты айға жетті. Әлі де бар. Қаншаға жететінін білмеймін. (Бір жылға жетті.)
Екіншісі: Биылғы қасиетті Рамазанда маған екі үйден тамақ келді. Екеуі де мені ауыртты. Жұрттың асын ішуге маған тиым салынғанын түсіндім. Одан кейін үш нан мен бір кило күріш Рамазанның соңына дейін жеткенін, маған қарасып жүрген берекелі отбасының иесі, ардақты досым Абдуллаһ Чавуш айтты. Куә болған сол. Тіпті, әлгі күріш Рамазаннан он бес күн кейін бітіпті.
Үшіншісі: Тауда, маған және қонақтарыма бір кило сары май үш айға жетті. (Күнде нанға жағып жегенде) Сүлеймен атты мүбәрак қонағым бар еді. Оның да менің де нанымыз таусылуға таяды. Сәрсенбі күні болатын. Барып нан алып кел дедім. Айналамызда екі сағаттық жерден беріде нан ала қоятын ешкім жоқ. Жұманың түнін сенімен бірге осы тауда дұға жасап өткізгім келеді деді. Мен де تَوَكَّلْنَا عَلَى اللّٰهِ қал дедім. Содан кейін, жүре-жүре бір таудың басына шықтық. Мұның еш қажеттілігі де себебі де жоқ еді. Құманда суымыз да біраз шай шекеріміз де бар еді. "Бауырым, шай қойшы" дедім. Ол іске кірісіп кетті. Мен де терең сайдың жарқабағына біткен қарағайдың түбіне отырдым. Көңілім жабырқау, мынадай бір ойға баттым. "Азғантай ғана көгерген нанымыз бар, екеумізге кешке дейін ғана жетеді. Екі
күн бойы не істейміз. Мына ақ көңіл жанға не айтамын". Осылай, ойланып отырғанда бірден басым өзінен өзі бұрылғандай басымды бұрдым. Қарасам, қарағай ағашының үстіңгі жағында, бұтақтардың арасында үлкен бір нан тұр. «Сүлеймен, сүйінші. Жәнаб-ы Хақ бізге ризық берді» дедім. Әлгі нанды алып қарасақ, аң да құс та тимеген... Жиырма-отыз күннен бері бұл төбеге ешкім шықпаған еді. Сол нан екеумізге екі күнге жетті. Таусылуға таяғанда төрт жылдан бергі адал досым Мұстақим Сүлеймен қолында наны бар, төменнен шыға келді.
Төртіншісі: Мына үстімдегі шапанды жеті жыл бұрын ескілей алған едім. Бес жылдың ішінде киім, ішкиім, кебіс, шұлыққа төрт жарым лира жұмсадым. Берекет, үнемдеу және Аллаһтың мейірімі маған жеткілікті.
Міне, осы мысалдар сияқты көп нәрселер бар. Иләһи берекеттің көптеген қырлары бар. Осы ауылдың халқы мұның бірталайын біледі. Бірақ, бұларды мақтану үшін айтып отыр деп ойлап қалма. Айтуға мәжбүр болдым. Сондай-ақ, мен үшін жақсы нәрсе деп ойламаңдар. Бұл берекеттер не менің жаныма келген адал ниет достарыма сый. Немесе Құран қызметінің жарылқауы. Не болмаса үнемшілдіктің берекелі пайдасы. Немесе зікірлерін Я, Рахим, Я, Рахим деп салатын қасымдағы төрт мысықтың ризықтары. Берекет түрінде келеді. Мен де содан пайдаланудамын. Мысықтардың жабырқаулы пыр-пырларын мұқият тыңдасаң, Я, Рахим, Я, Рахим деп зікір салатындарын аңғарасың. Мысық туралы сөз болған соң тауықты еске түсірді. Бір тауығым бар. Осы қыста жұмыртқа машинасы секілді күн сайын Аллаһтың мейірім қазынасынан бір жұмыртқа әкеліп тұрды. Азғантай ғана үзіліс жасады. Бір күні екі жұмыртқа әкелді. Мен де таң қалдым. Достарымнан осылай бола ма деп сұрадым. Иләһи сый шығар деді. Осы тауықтың жазда шығарған балапаны бар еді. Қасиетті Рамазанның басында ол да жұмыртқалай бастады. Қырық күнге дейін жалғасты. Өзі кішкене, қыстың күні, Рамазан айында бұл берекелі жағдай қасиетті Рамазанның сыйы екендігіне менің де, маған көмектесіп жүргендердің де шүбәсі қалмады. Оның үстіне анасы тоқтатқан кезде, бірден сол бастады. Мені жұмыртқасыз қалдырмады.
Екінші күдікті сұрақ: Әһл-и дүние былай дейді. Біздің дүниямызға араласпайтыныңа қалай сенеміз. Сені еркіңе қоя берсек біздің дүниямызға араласатын шығарсың. Қулық жасамайтыныңды
қайдан білеміз. Өзіңді дүнияны тәрк еткен адам ретінде көрсетіп, жұрттан дүние алмайтындай көрінгеніңмен, жасырын түрде қулық жасап, бір нәрселер алып жүрмегеніңді қайдан білеміз?
Жауап. Жиырма жыл бұрыңғы әскери трибуналдағы және демократиялық төңкерістен бұрыңғы көпшілікке мәлім хал-жағдайым. Сондай-ақ, әскери трибуналдағы "Екі бейнет мектебінің куәлігі" атты өзімді қорғау сөздерім дәлел. Қулық былай тұрсын, кішкентай да болса айла жасауды ар санаумен өмір сүрдім. Егер, айлакерлігім болса, осы бес жылдың ішінде бір рет болса да сендерге жалпақтап, өтініш жасап барар едім. Айлакер адам өзін жақсы көрсеткісі келеді. Одан тартынбайды. Айласын асыруға, алдауға тырысады. Ал, мен өзіме қарсы жасалып жатқан сұмдық шабуылдар мен сынақтардың алдында бас иіп, өзімді қорлатпадым. "Тәуеккелту әл-Аллаһ" деп әһли дүниеден сырт айналдым. Сондай-ақ, ақыреттің бар екенін білетін және дүниенің ақиқатын түсінген есі дұрыс жан өкінбейді. Қайта айналып, дүниемен әуре болмайды. Елу жастан асқан, жалғызілікті, елеусіз жан дүнияның бір-екі жылдық бос әңгімесіне, көзбояушылығына мәңгі өмірін пида ете алмайды. Пида етсе, айлакер емес, ақымақ, есуас болғаны. Онымен әуре болатындай ақымақ, есуас адамның қолынан не келеді. Ал, сырттай дүнияны тәрк етіп, іштей соны тілеу деген күдікке келер болсақ,
сыры бойынша:
Мен нәпсімді ақтамаймын. Нәпсім әртүрлі жамандықты қалайды. Бірақ, мына фәни дүнияда, уақытша қонақ үйде, қартайған шақта, қысқа ғана өмірде, азғантай ләззат үшін мәңгі де тұрақты өмірі мен мәңгілік бақытын тас-талқан ету ақылдының ісі емес. Ақылы бар саналының пайдасына шешілмейтіндіктен нәпсім қаласа да, қаламаса да ақылға мойынсұнады.
Үшінші күдікті сұрақ: Әһли дүние былай дейді. Сен бізді жақсы көресің бе? Жақтырасың ба? Егер жақтыратын болсаң, неге бізбен араласпай, ренжіп жүрсің. Егер, жақтырмайтын болсаң, онда бізге қарсысың. Ал, біз қарсыластарымызды жаншып тастаймыз.
Жауап: Мен сендер түгілі, дүниелеріңді жақсы көрген болсам дүниядан тартынбас едім. Сендерді де, дүнияларыңды да ұнатпаймын. Бірақ, араласпаймын. Өйткені, менің мақсатым басқа. Жүрегім басқа
нәрселермен толтырылған. Өзге нәрселерді ойлауға жүрегімде орын жоқ. Сендердің шаруаларың жүректі емес, іс-әрекетті бақылау. Сендер елді басқаруды, қауіпсіздіктеріңді қалайсыңдар. Сендердің істеріңе араласпаса болды емес пе. Лайық еместіктеріңе қарамай «Жүрегің де жақсы көрсін» деуге қандай ақыларың бар. Жүрекке араласатын болсаңдар.....
Иә, мен қыс ортасында көктемді қалаймын, соны тілеймін мүмкін. Бірақ, оны жасай алмаймын. Көктем орнатуға әрекет ете алмаймын. Сондай-ақ, әлемдегі жағдайдың түзелуін қалаймын, дұға етемін. Әһли дүнияның тура жолға түсуін қалаймын. Бірақ, мұны жасай алмаймын. Өйткені қолымнан келмейді. Іс жүзінде орындауға кірісе алмаймын. Өйткені, ол менің міндетім де емес, күшім де жетпейді.
Төртінші күдікті сұрақ: Әһли дүния былай дейді. Неше түрлі бәлені көрдік. Ешкімге сеніміміз қалмады. Қолыңа мүмкіндік берілсе, біздің ісімізге қалағаныңша араласып кетпейтініңе қалай сене аламыз.
Жауап: Осыған дейін айтылған нәрселер, сендерге сенім туғызуы керек еді... Туған жерімде, шәкірттерім мен туысқандарымның арасында, менің тілімді алатындардың ортасында, буырқанған оқиғалардың ішінде жүріп дүниелеріңе араласпағанда, елден жырақ, жападан-жалғыз, ғаріп, әлсіз, бүкіл күшін ақыретке арнаған, қарым-қатынас, хабар-ошар жоқ, Иман мен Ақыретке қатысты нәрселерде ғана алыстан ақыреттік дос тапқан жан, өзі де жұртқа, жұрт та бұған бөтенси қарайтын біреу, қауіптен басқа, пайдасы жоқ дүнияларыңа араласса, ақымақтың ақымағы болуы керек...
БЕСІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Бес кішкентай мәселеге қатысты.
Біріншісі. Әһли дүние маған былай дейді. Сен біздің мәдени әдеттерімізді, өмір салтымызды неге орындамайсың? Неге біз сияқты киінбейсің? Демек, бізге қарсысың.
Менің де айтарым: Ей, мырзалар! Өздеріңнің мәдени өмір салттарыңды орында деуге қандай ақыларың бар? Сендер емес пе, мені мәдени құқымнан айырғандай, бес жыл бойы хабар-ошардан, қарым-қатынастан тиып, бір ауылда жөнсіз ұстап отырған? Жер аударылғандардың бәрін қалаларда достарымен, туыстарымен бірге отырғызып, құжат бердіңдер. Мені себепсізден себепсіз жалғыз ұстап, ешбір жерлесіммен кездестірмей отырсыңдар (Бір-екеуінен басқа). Демек, мені қоғамның бір мүшесі, біздің бір азамат деп
санамайсыңдар. Мәдениеттеріңнің қағидаларын орында деп қалай айтасыңдар. Бұл дүниені маған зындан еттіңдер. Зынданда жатқан адамға мұндай ұсыныс жасалмайды. Сендер маған бұл дүниенің есігін жаптыңдар, мен де ақыреттің есігін қақтым. Иләһи мейірім ол есікті ашты. Ақыреттің есігінде тұрған адамға бұл дүниенің сапырылысып жатқан қағидалары мен әдеттерін қалай ұсынасыңдар. Мені еркіме қалдырып, еліме қайтарып, құқығымды берген кездеріңде ғана заң-тәртіптеріңді қолдана аласыз.
Екінші мәселе: Әһли дүние былай дейді. Бізде, діни үкімдер мен Ислам ақиқаттарын тәлім беретін ресми мекеме бар. Сенің дін жаюға қандай өкілеттілігің бар. Сен айдауда жүрсің. Онда бұл істерге араласуға хақың жоқ.
Жауап: Хақ пен Ақиқат шектеуге алынбайды. Иман мен Құранды қалай шектеуге болады. Сендер дүнияларыңның тәртібін, заңын шектей аларсыңдар. Бірақ, Иман ақиқаттары мен Құранның негіздерін ресми түрде ақы-пұл төленетін дүнияуи мәселелермен қатар қоюға болмайды. Негізінде, Иләһи сыйлық болған ол сырлар, таза ниет арқылы және дүние мен нәпсани қызықтардан құтылып, тазару арқылы ашылады. Оның үстіне сендердің сол ресми мекемелерің де елде жүргенімде мені уағызшы деп таныды. Және сол қызметке тағайындады. Мен уағызшылықты қабылдадым, бірақ айлығын алмадым. Қолымда құжатым бар. Уағызшылық, имамдық құжатыммен кез-келген жерде амал жасай аламын. Өйткені, менің жер аударылуым әділетсіз болды. Сондай-ақ, айдаудағылардың бәрі қайтарылды. Ендеше, бұрынғы құжаттарымның күші жойылған жоқ. Екіншіден, Өзім жазған Иман ақиқаттарын тікелей өз нәпсіме арнаған едім. Көпшілікке арнағам жоқ. Расында рухтары мұқтаж, жүректері жаралы жандар Құранның сол емдерін іздеп тауып жатыр. Тек азық-түлік алу үшін жаңа әріптер шықпай тұрып, Хаширге қатысты бір рисалемді бастырдым. Ол кезде де бұрыңғы найсап әкім, әлгі рисалені тексертіп, айып тағатын ешнәрсе таба алмай, тиісе алмаған еді.
Үшінші мәселе: Әһли дүния маған күдікпен қарағандықтан, менің кейбір достарым әһли дүнияға жақсы көріну үшін, сырт көзге менен аулақ жүргендей болады. Тіпті сынап та жүрген болар. Бұлардың менен аулақ жүріп қашқақтауларын зымиян әһли дүния өздеріне деген адалдық емес, екіжүзді оңбағандық деп біледі. Әлгі достарыма да жаман көзбен қарайды.
Ал, менің айтарым, әй, ақыреттік достарым! Менің Құранға қызметшілік жағымнан теріс айналып қашпаңдар. Өйткені, Иншаллаһ, менен сендерге зиян келмейді. Егер айталық, пәле келсе немесе маған зұлымдық жасалса, Сіздер менен қашқақтаумен құтыла алмайсыздар. Олай ету арқылы одан сайын пәлекет пен таяққа лайық боласыңдар. Оның үстіне, соншалықты уайымдайтын не бар.
Төртінші мәселе: Осы айдауда жүрген кезімде байқағаным, менмендік пен саясаттың батпағына түскен кейбір кісілер маған өздеріне жақтас немесе қарсылас сияқты қарайды. Құдды мен де өздері секілді дүниялық ағымдармен байланысым бардай. Әй, мырзалар! Мен Иманның бағытындамын. Қарсы жақта Имансыздық ағымы бар. Басқа ағымдарда шаруам жоқ. Ол адамдардың айлық алып, жұмыс істеп жүргендері өздерін ақтауға тырысады. Бірақ, ақысыз, пұлсыз өз еркімен маған қарсы бәсекелестік, қарсыластық ұстанымда болу, тиісіп, қысым көрсету өрескел қателік. Өйткені, бұған дейін дәлелденгендей дүнияуи саясатта шаруам жоқ. Бүкіл уақытымды да, өмірімді де тек қана Иман мен Құран ақиқаттарына арнадым. Сол жолға бағыштадым. Олай болса, маған тиісіп, қысым жасап жүрген адамның сол әрекеті дінсіздік пен имансыздық атынан Иманға тиісу болып саналатынын ойласын.
Бесінші мәселе: Дүния фәни. Өмір қысқа. Атқарылатын істер де көп. Мәңгілік бақытқа қол жеткізу немесе айырылып қалу мәселесі осы жерде шешіледі. Мына, дүния атты қонақжай иесіз, босқа емес. Оның аса Хаким, аса Қамқор басқарушысы бар. Сондай-ақ, дүниедегі игілік те, жамандық та ескерусіз қалмайды.
қағидасы бойынша "Шамадан тыс ауыр жүк жүктелмейді" Зиянсыз жол зиянды жолдан әлдеқайда артық. Дүниелік атақ пен даңқ, дос-жарандар да қабыр аузына дейін ғана. Әлбетте ең бақытты адам мына адамғой:
Дүние үшін ақыретін ұмытпасын,. ақыретін бұ дүниенің қызығына пида қылмасын, мәңгі өмірін дүниелік өмір үшін бұзбасын, өмірін бос нәрселермен зая қылмасын және өзін қонақпын деп біліп, қонақжай Иесінің әмірлеріне көре әрекет етсін қабыр есігін абыроймен ашып мәңгілік бақыт әлеміне кірсін.
Он алтыншы мектубтың қосымшасы
Әһли дүния ешқандай себепсіз, мен сияқты әлсіз, ғаріп бір адамнан күдіктеніп, мыңдаған адамдық күшім бардай үрейленіп, маған көптеген шектеулер қойып отыр. Барланың шетіндегі Бедреде де, тауда да, бір-екі күн қалуыма рұқсат бермеді. Естуімше, Саидтың елу мың сарбаздық күші бар. Сондықтан оны еркін жібере алмаймыз дейді екен. Менің де айтарым, Әй, бейбақ, әһли дүния! Бар күштеріңмен дүние үшін жанталассаңдар да дүниелік істі білмейсіңдер. Ақымақша әрекет етесіңдер. Егер, жеке басымнан қорқатын болсаңдар, елу мың әскер емес, бір ғана сарбаз менен елу есе көп жұмыс атқара алады. Яғни, есіктің алдында тұрып, маған «Шықпайсың» дей алады. Егер, қорқуыңыз менің ұстанымымнан, Құран ақиқаттарына делдалдығымнан және Иманның рухани күшінен болса, елу мың әскер емес, қателестіңіз. Ұстанымым бойынша елу миллиондық күшім бар. Хабарыңыз болсын! Өйткені, Құран Хакимнің қуатымен сендерге дінсіздеріңмен қоса, бүкіл Еуропаға «Тұрысатын жеріңді айт» деп отырмын. Өзімнің жазып, таратып жүрген Имани нұрлар арқылы олардың «нақты ғылым», "табиғат" деп жүрген берік қамалдарын тас-талқан еттім. Олардың ең мықты дінсіз философтарын, хайуаннан да төмен дәрежеге түсірдім. Дінсіздеріңмен қоса, бүкіл Еуропа жиналып келсе, Аллаһтың таупығымен мені бұл ұстанымымнан, бұл жолымнан қайтара алмайды. Иншаллаһ жеңе алмайды.
Демек, осылай мен сендердің дүнияларыңа араласып жатқам жоқ, сендер де менің ақыретіме араласпаңыздар. Аралассаңдар да, түк шықпайды.
Құдай жазған тағдыр, білек күшке көнбес,
Аллаһ жаққан шам, үрлегенмен сөнбес.
Әһли дүния, мен туралы ерекше ойлап, қатты қорқатын сияқты. Менде жоқ, бірақ бола қалған күннің өзінде саяси кемшілік болып саналмайтын және айыптауға себеп болмайтын шейх болу, лидер болу, текті тұқымы болу, рубасы болу, жоғары беделді болу, халықты соңынан ерту, жерлестермен кездесіп тұру, дүнияуи нәрселермен шұғылдану, тіпті саясатқа араласу, тіпті, оппозицияда болу сияқты менде жоқ нәрселерді ойлап үрейленуде. Тіпті, түрмеде отырған немесе сыртта жүрген, өздерінің ойынша ешқашан кешіруге болмайтын адамдарға да рақымшылық жасауды қарастырып жатса да, мені бүкіл нәрселерден тыйып отыр.
Әлсіз және фәни бір адамның мынадай бір тамаша ұмытылмас сөзі бар:
Зұлымдықтың зеңбірегі, оғы бар, қамалы бар болса.
Әділеттің де қайтпас жүзі, қайырылмас қолы бар.
Мен де былай деймін: Әһли дүнияның билігі мен күш-қуаты бар болса, Құранның Нұр-берекетімен, қызметшісінде де шатаспайтын ілімі, үні өшпейтін сөзі бар. Жаңылмайтын жүрегі, сөнбес нұры бар.
Көптеген достарыммен бірге мені қадағалап жүрген бір бастық: «Жеңілдік алу үшін неге өтініш жасамайсың, неге арыз бермейсің?» деп бірнеше рет сұрады.
Жауап: Бес-алты себепке байланысты, арыз бермеймін және бере алмаймын.
Біріншісі: Мен әһли дүнияның тұтқыны болатындай олардың дүниесіне араласқаным жоқ қой. Олардың тұтқыны болатындай, оларға өтініш жасайтындай қала алмаймын. Мен Иләһи тағдырдың тұтқынымын. Соның алдында айыптымын. Соған өтініш жасаймын.
Екіншісі: Бұл дүниенің тез өзгеретін қонақ үй екенін нақты сеніп білдім. Сондықтан, шынайы отан емес, барлық жер бірдей. Демек ол жерде, отанымда мәңгі қала алмаймын. Ол жерге жету үшін, жанталасу да бос нәрсе, еш нәрсеге жарамайды. Демек барлық жер қонақүй. Егер, қонақ үй Иесінің мейірімі жар болса, жұрттың бәрі дос. Әр жердің пайдасы бар. Егер, ол Мейірім жар болмаса, бүкіл жер де жүрегіңе тар болады. Барлық нәрсе жау болады.
Үшіншісі: Арыз жазу, жүгіну құқық шеңберінде жасалады. Алты жылдан бері маған қарсы жасалып жатқан іс-әрекет жөн-жосықсыз түрде, заңға қайшы жасалуда. Менімен жер аударылғандар туралы
заңға сәйкес қарым-қатынас жасалған жоқ. Маған бейне бір мәдени құқықтан, тіпті дүниелік құқықтан жұрдай адам ретінде қарады. Мұндай заңсыз әрекет етушілерге заңатынан арыз беру мағынасыз.
Төртіншісі: Барланың бір бөлімшесі есебіндегі Бәдре ауылының ауасы өзгешерек болған соң, бірнеше күн сол жақта болып қайтуым үшін, биыл, осы жердің бастығы менің атымнан өтініш жасады. Рұқсат бермеді. Осындай елеусіз бір нәрсеге рұқсат бермей жүргендерге қалай өтініш жазуға болады. Өтініш жасау, өзіңді өзің төмен түсіріп қорлау болады.
Бесіншісі: Әділетсіздікті дұрыс деп білетіндерден әділет сұрау, соларға өтініш жасау хақсыздық. Әділеттің өзіне құрметсіздік болады. Мен мұндай хақсыздықты және әділдікке қарсы құрметсіздікті жасағым келмейді. Уәссалам...
Алтыншы себеп: Әһли дүния маған саясат үшін қысым жасап жатқан жоқ. Өйткені, менің саясаттан қашатынымды, оған араласпайтынымды олар да біледі. Менің дінге берілгендігім үшін, біле тұра немесе білместікпен дінсіздіктің атына мені азапқа салуда. Ендеше оларға өтініш жасау, дін жолында жүргеніме өкініп, дінсіздік жолын құптау деген сөз. Оның үстіне мен оларға өтініш жасап, көмек сұраған сайын Әділ, Иләһи тағдыр мені солардың залым қолымен азапқа салады. Өйткені, олар мені дінге берілгендігім үшін қыспаққа алуда. Ал, тағдыр мені діндарлықта, ықыласта кемшілігім болғаны үшін, анда-санда әһли дүнияға рия қылғаным үшін қысуда. Олай болса, әзірге бұл бейнеттен құтылу жоқ. Егер әһли дүнияға өтініш жасасам тағдыр: "Әй, рияшыл, мына өтінішіңнің жазасын тарт" дейді. Егер өтініш жасамасам, әһли дүния: "Бізді мойындамайды екенсің, қыспақтан құтылмайсың" дейді.
Жетінші себеп: Бір қызметкердің міндеті, қоғамға зиянды адамдарға мүмкіндік бермеу және пайдалыларға жәрдем ету екені белгілі. Ал, мені бақылаушы қызметкер көптен бері менің жаныма жақындамай жүрсе де, қабір аузында тұрған қарт қонағыма لَٓا اِلٰهَ اِلَّا اللّٰهُ - тағы иманның нәзік сырларын түсіндіріп жатқан кезімде (Мені бір ауыр қылмыс үстінде ұстап алғандай) жаныма жетіп келді. Ықыласпен тыңдап отырған әлгі бейшараны ақиқаттан мақұрым қалдырды. Менің де ашуыма тиді. Бұл жерде басқа кісілер
де бар еді. Әлгі қызметкер оларға мән бермейтін. Кейін, сол адамдар ауылдағы қоғамдық өмірді улайтын әдепсіз әрекеттер жасаған кезде, соларға құрмет көрсетіп, қадірлей бастады. Жүз қылмыс жасап, зынданда жатқан бір адамның, өзін қарауылдап жүрген сардармен де, сарбазбен де сөйлесе алатыны белгілі. Ал, мені қарауылдап жүрген ұлттық үкіметтің екі маңызды адамы, бастық та, қызметкер де бір жылдан бері бөлмемнің алдынан қанша рет өтсе де, менімен сөйлескен де жоқ, хал-жағдайымды да сұраған жоқ. Бастапқы кезде, мені жек көргендіктерінен жоламай жүр екен ғой деп ойладым. Кейін түсінікті болғанындай бос үрейден екен. Мен оларды жұтып қоятындай қашады. Міне, Қызметкерлері мен шенеуніктері осындай адамдардан тұратын үкіметті үкімет деп, арқа сүйеп, өтініш жасау ақылға сыймайды. Босқа қор болу.
Бұрыңғы Саид болғанда Антере сияқты:
дер еді.
Бұрыңғы Саид жоқ. Бүгінгі Саид әһли дүниямен сөйлесуді мағынасыз деп біледі. Дүниелері бастарын жалмасын. Не істесе, соны істесін. Олармен Ұлы Сотта соттасамыз деп, үндемей-ақ қояды.
Өтініш жазбауымның сегізінші себебі: "Шариғатқа қайшы махаббаттың нәтижесі мейірімсіз жек көру" қағидасы бойынша әһли дүнияның лайық еместігіне қарамай, соларға көңіл бұрғаным үшін Әділ, Иләһи тағдыр әһли дүнияның залым қолымен мені азапқа салуда. Мен де, бұл азапқа лайықпын деп үнімді шығармай отырмын. Өйткені, дүниежүзілік соғыста еріктілер полкының командирі болып екі жыл соғыстым. Жаумен арпалыстым. Әскердің бас қолбасшысы Әнуар пашаның мақтауына ие болған шәкірттерімді, достарымды пида қылдым. Жараланып тұтқынға түстім. Тұтқыннан келгеннен кейін, ағылшындардың Стамбулға басқыншылығы кезінде басымды қатерге тігіп, «Алты қадам» секілді еңбектеріммен ағылшындардың басынан ұрдым. Мені мына азапқа салып, еш себепсіз тұтқынға алғандарға көмектестім. Бұлар да сол көмектің жазасын осылай беруде. Үш жыл Ресейде тұтқында жүріп, шеккен бейнет пен азапты бұл жерде мына достарым маған үш айда тартқызды. Ал, орыстар маған күрдтердің ерікті қолбасшысы, казактар мен тұтқындарды бауыздаған қатыгез адам деп қараса да, дәрістеріме тыйым салмады.
Тұтқындағы тоқсан офицердің көпшілігіне дәріс беретін едім. Бір рет орыс офицері келіп тыңдады. Түрікше білмегендіктен саяси дәріс деп ойлап, бір рет тыйым салды. Кейін, қайта рұқсат берді. Сол казарманың бір бөлмесін мешіт жасадық. Мен имам болдым. Ешкім киліккен жоқ. Араласып, хабарласуға тыйым салған жоқ.
Ал, мына достарым өздерінше отандастарым және діндестерім, олардың иманын құтқаруға тырысып жүргенім. Бұл адамдар, ешқандай себепсіз, менің саясаттан да, дүниеден де байланысымды үзгенімді біле тұра, үш жыл емес, алты жыл бойы тұтқында ұстап қинауда. Қарым-қатынастан тыйып тастады. Құжатым бар екеніне қарамай, дәріс беруге, тіпті бөлмемде жеке дәріс өткізуге, хабарласуға тыйым салды. Тіпті, құжатым бола тұра өзім жөндеп, имамдық еткен мешітіме де барғызбай отыр. Қазір де мені жамағат сауабынан мақұрым қалдыру үшін үш адамға да (тұрақты жамағат және ақыреттік бауырларым) имамдық етуімді қабылдамай отыр. Сондай-ақ, мен қаламасам да, біреу маған жақсы десе, бақылаушы қызметкер қызғаныштан булығады. Беделіңді түсірем деп, бейбастақ шаралар қолданады. Бастықтарға жағыну үшін менің мазамды алады. Міне, осындай жағдайдағы бір адам Аллаһтан басқа кімге бас ұрады, кімге жүгінеді. Қазының өзі айыптаушы болса, әлбетте оған шағым айтылмайды. Кел, сен айт. Бұл жағдайға не дейсің? Сен не десең о де, менің айтарым бұл «достардың» ішінде көп мұнапықтар бар. Мұнапық кәпірден де жаман. Сондықтан бұлар кәпір орыстың істемегенін істеп отыр.
Әй, бейбақтар! Мен сендерге не істедім және не істеп жүрмін. Имандарыңды құтқаруға және мәңгі бақытқа жетулеріңе қызмет етіп жүрмін. Демек, қызметім таза Аллаһ үшін болмағаны ғой, кері әсер беруде. Сендер жауап ретінде мүмкіндік тапсаңдар болды, мені ренжітуге тырысасыңдар.
Сендермен Маһкеме-и Кубрада кездесеміз.
деймін.