Хаттар
— 55 —

ОН БЕСІНШІ МЕКТУБ

بِاسْمِه۪ سُبْحَانَهُ وَاِنْ مِنْ شَيْءٍ اِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِه۪

Қымбатты бауырым!

Сенің бірінші сұрағың былай еді: Хуләфа-и Рашидиннің үшеуі бірінен соң бірі шәһид болатындай сахабалар неге әулиелік назармен бүлікшілерді біле алмай қалды. Қарапайым сахабаның өзі үлкен әулиелерден жоғары дейді ғой...

Жауап: Екі бөлімнен тұрады.

БІРІНШІ БӨЛІМ: Бұл сұрақ әулиеліктің өте нәзік сыры ашылғанда ғана шешімін табады. Ол былай: сахабалардың әулиелігі пайғамбарға ізбасар болудан туындайтын ұлы әулиелік. Ол - көз алдымыздағы нәрселерге көп тоқталмай тікелей ақиқатқа өтіп кететін, Аллаһтың оларға жақындауынан туындайтын әулиелік. Мұндай әулиелік жол едәуір қысқа болғанымен өте жоғары дәрежеде. Ғажайыптары аз, ізгілігі мол. Кәшф, кереметтері аз. Әулиелердің кереметтері көбіне өз қалауымен болмайды. Ойламаған жерден Иләһи сыйлық ретінде көрінеді. Бұл кереметтердің де көпшілігі тариқат қағидаларын орындай отырып, қарапайым адами жағдайдан біршама ажырап, сейр-сүлікке кіріп (транстық жағдай), әдеттен тыс жағдайға бөленген кезде көрінеді. Ал, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тартымды сұхбатының нұрына бөленіп, мағнауи әсерінде болған сахабалар тариқат жолдарының үлкен шеңберін жүріп өтуге мәжбүр емес. Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бір рет дидарласып, әңгімелескеннен кейін-ақ, әлемнің ақиқатын түсіне алады.

— 56 —

Мысалға: Кешегі өткен Қадыр түніне жетудің екі жолы бар.

Біріншісі, бір жыл бойы жүріп отырып о түнге жету. Бұлай жақындау үшін бір жылдық жолды артқа тастау керек. Бұл белгілі бір қағидаларды ұстану жолы. Тариқатшылардың дені осылай етеді.

Екіншісі, рухтың уақытқа тәуелді дене қабығынан шығуы арқылы көтеріліп, кешегі Қадыр түнін арғы күнгі айтпен қоса бүгінгідей көре алу. Өйткені, рух уақытқа тәуелді емес. Адами сезімдер рух дәрежесіне шыққан кезде, осы шақ кеңейіп кетеді. Басқалар үшін өткен шақ, келер шақ болып есептелетін уақыт, ол үшін осы шақ күйінде қалады. Міне, осы тәмсіл бойынша кеше түндегі Қадыр түніне жету үшін рух мәртебесіне шығып, өткен шақты осы шақ түрінде көру болмақ. Осы терең сырдың негізі Акребиет-і Иләһиенің (Аллаһтың адамға өте жақын екендігінің) ашылуы. Мысалға, күн бізге жақын. Өйткені жарығы, жылуы, бейнесі қолымыздағы айнада тұр. Бірақ, біз одан ұзақпыз. Егер біз оның сәулелері арқылы бізге жақын екенін сезсек, айнамызға шағылысып тұрған бейне көрінісі арқылы онымен байланысып тұрғанымызды түсінсек, сол арқылы оны танып білсек, жарығы, жылуы, көрінісі қалай екенін түсінсек, оның бізге жақындығы сезіледі. Оны жақыннан танып байланыс орнатамыз. Егер біздің одан ұзақта екеніміз ескеріле отырып, жақыннан танып білгіміз келсе, ұзақ ой-пікір және ақылмен шарлауға мәжбүр боламыз. Бірінші адам қолындағы айнасына қарап-ақ қол жеткізетін нәтижеге, ғылыми заңдылықтарды ескере отырып, ойша көкке көтеріліп, аспандағы күнді елестетіп, жарығы мен жылуын, сәулелеріндегі жеті түсті әбден зерттегеннен кейін ғана қол жеткізе аламыз.

Міне, осы мысалдағы секілді Пайғамбарлық пен Пайғамбардан мұра болған әулиелік, ақрабиет сырының ашылуы арқылы болады.

Әулиеліктің басқа түрлері көбіне құрбиетке негізделеді. (Яғни, Адамның Аллаһқа жақындауы) Бұл жолда ұзақ жүріп, көптеген мәртебелерге көтерілуге мәжбүр болады.

ЕКІНШІ БӨЛІМ: Сол оқиғаларға себепкер болып, сол бүлікті ұйымдастырушы бірнеше яхудиді әшкерелеу арқылы бүліктің алды алынбас еді. Өйткені, көптеген халықтардың Исламға кіруі арқылы бір-біріне қарама-қайшы пікірлер мен ұстанымдар араласып кетті.

— 57 —

Әсіресе, кейбіреулерінің ұлттық тәкаппарлықтары Хазіреті Омардың (р.а.) соққысынан қатты жараланғандықтан, кек алудың оңтайлы сәтін күтіп жүрді. Өйткені, олардың бұрынғы діндері жарамсыз қалып, мақтан тұтар бұрынғы үкіметі мен билігі де жойылған еді. Енді олар істің байыбына барса да, бармаса да Ислам билігінен кек алуды көксеп жүрді. Сондықтан Яхуди секілді қу әрі әзәзіл бір топ мұнафық қоғамдағы осындай жағдайды пайдаланып кетті деп айтылады. Демек, бұл оқиғалардың алдын алу, бір-екі бұзғыншыны әшкерелеумен емес, сол кездегі қоғамдық өмір мен түрлі пікірлерді жөнге келтіру арқылы ғана болатын еді.

Егер былай десе, Хазіреті Омардың (р.а) мінберде тұрып, бір айлық жердегі Сария атты қолбасшысына: يَا سَارِيَةُ اَلْجَبَلَ اَلْجَبَلَ дегенде, Сарияның естуі, әскердің жеңіске жетуіне себеп болған керемет бұйрығы оның назары қаншалықты қырағы екендігін көрсете тұра, дәл жанында жүріп, өзін өлтірген Ферузды сол әулиелік өткір назармен неге көре алмады?

Жауап: Хазіреті Яқуб Алейһиссаламның берген жауабымен жауап береміз.

{ Сілтеме:

زِ مِصْرَشْ بُوىِ پ۪يرَاهَنْ شِن۪يد۪ى چِرَا دَرْ چَاهِ كَنْعَانَشْ نَد۪يد۪ى بَگُفْتْ اَحْوَالِ مَا بَرْقِ جِهَانَسْتْ دَم۪ى پَيْدَا و د۪يگَرْ دَمْ نِهَانَسْتْ گَه۪ى بَرْ طَارُمِ اَعْلٰى نِش۪ينَمْ گَه۪ى بَرْ پُشْتِ پَاىِ خُودْ نَب۪ينَمْ

}

Яғни, Хазіреті Яқубтан «Мысырдан келген көйлегінің иісін сездің де, жақын жердегі Кенан құдығындағы Юсуфты неге көрмедің» деп сұрағанда, былай деп жауап берген. Біздің халіміз найзағай сияқты. Кейде көрініп, кейде көрінбей қалады. Кейде ең биік жерде отырып, әр тарапты көретіндей боламыз. Кейде аяғымыздың астындағыны көре алмаймыз.

— 58 —

Қорытынды: Адам қанша жерден өз ісіне ерікті болғанымен وَمَا تَشَٓاؤُنَ اِلَّٓا اَنْ يَشَٓاءَ اللّٰهُ сыры бойынша Аллаһтың қалауы, жазмыштың үкімі жүреді. Аллаһтың қалауы пенденің қалауын кері қайтарады. اِذَا جَٓاءَ الْقَدَرُ عُمِىَ الْبَصَرُ үкімі жүреді. Жазмыш сөйлегенде, пенденің қалауы аузын жабады. Еріктің үні өшеді.

Екінші сұрағыңыздың мазмұны: Хазіреті Али (р.а) заманында басталған соғыстардың мәнісі не? Сол соғысқа қатысқандарды, сол жерде өлгендерді және өлтіргендерді кім дейміз?

Жауап: Жәмел оқиғасы деп аталатын Хазіреті Али (р.а) мен Хазіреті Талха, Хазіреті Зубейір, Хазіреті Айша Сыддиқаның (р.а) арасында болған соғыс Әділеті Маһза (нағыз әділет) мен Әділеті Изафияның (салыстырмалы әділет) тартысы. Бұл былай. Хазіреті Али (р.а) Әділеті Маһзаны негіз етіп, Шейһейн (Екі шейх) Хазіреті Әбу Бакр (р.а) мен Хазіреті Омар (р.а) заманындағыдай жалғаса беруі үшін ижтиһад еткен. Қарсыластары болса, Шейһейн заманындағы Исламның сафтығы, Әділеті Маһзаға мүмкіндік беретін еді. Бірақ, уақыт өте келе, мұсылманшылықтары әлсіз, әртүрлі халықтардың Ислами қоғамдық өмірге араласуынан «Әділеті Маһзаны» ұстану өте қиынға соққандықтан «Жамандықтың жеңілін таңдау» деп аталатын салыстырмалы әділет негіздері бойынша әрекет еткен. Ижтиһад тартысы саясатқа ұласып кеткендіктен қақтығыс шықты. Сонымен, тек қана Аллаһ үшін және Исламияттың пайдасы үшін ижтиһад етілгендіктен және сол ижтиһадтан қақтығыс туындағандықтан әлбетте, өлген де, өлтірген де Жаннаттық. Екеуі де сауап алады дей аламыз. Қанша дегенмен, Хазіреті Алидің ижтиһады дұрыс, қарсыластарынікі қате болса да, бәрібір азапқа лайық емес. Өйткені, ижтиһад қылушы дұрыс тапса, екі сауабы бар. Таппаса өзіндік бір ғибадат саналатын ижтиһад сауабы ретінде бір сауап алады. Қатесі үзірлі болады. Біздің жақта өте мәшһүр, әрі сөзі құжат есебіне жүретін ақиқатшыл бір кісі күрдше былай деген екен:

ژِى شَرِّ صَحَابَانْ مَكَه قَالُ وق۪يلْ لَوْ رَا جَنَّت۪ينَه قَاتِلُ و هَمْ قَت۪يلْ

Яғни, сахабалардың қақтығысына қатысты, "Анау өйтті, Мынау бүйтті" - деме. Себебі, өлтірген де, өлген де Жәннаттық.

— 59 —

Әділеті Маһза мен Әділеті Изафияның түсіндірмесі мынадай:

﴿ مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ اَوْ فَسَادٍ فِى الْاَرْضِ فَكَاَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَم۪يعًا ﴾

аяттың ишари мағынасы бойынша «Бір бейкүнә жанның құқы, бүкіл халық үшін де тапталмайды. Көпшіліктің сәлеметі үшін бір кісіні пида етуге болмайды». Жәнаб-ы Хақтың мейірімі алдында Хақтың аты хақ, бәрінің құқы бірдей. Кішкенесіне, үлкеніне қарамайды. Кішкене үлкен үшін тапталмайды. Бір жамағаттың амандығы үшін бір тұлғаның ризашылығынсыз өмірі мен құқы пида етілмейді. Патриоттық сезіммен және өз ризасымен болса, ол басқа мәселе.

Әділеті Изафия болса көпшіліктің амандығы үшін, азды пида етеді. Жамағат үшін жалғыздың құқы назарға алынбайды. Әһуәну-ш-шәр (Жамандықтың жеңілін таңдау) деп өзіндік бір салыстырмалы әділет жасауға тырысады. Алайда, Әділеті Маһзаны ұстану мүмкін болған жағдайда, Әділеті Изафияны ұстануға болмайды. Ұстанған болса, зұлымдық болады.

Міне, Имам Али (р.а.) Әділеті Маһзаны Шейһейин заманындағыдай етіп ұстануға болады деп, Халифатты сол негіздер бойынша басқарған еді. Оған қарсы шығып, наразылық білдіруші топ «Олай басқаруға болмайды, өте қиынға соғады» деп Әділеті Изафия бойынша ижтиһад қылды. Тарихта айтылатын өзге себептер, негізгі себептер емес, сылтаулар.

Егер былай десең: Имам Алидің (р.а.) әдеттен тыс қабылеттілігі, керемет зеректігі және сол орынға лайық бола тұра, Ислам халифалығы тұрғысынан алғанда алдыңғылармен салыстырғанда сәтсіздікке ұшырауының сыры не?

Жауап: Ол Асылзат саясат пен биліктен гөрі, одан да маңызды басқа уәзипаларға лайық еді. Егер саяси табысқа және толық билікке қол жеткізгенде «Әулиеліктің патшасы» деген рухани мәртебеге толық қол жеткізе алмас еді. Материалық және саяси халифалықтан әлдеқайда жоғары рухани салтанатқа қол жеткізіп, Ұлы Ұстазға айналды. Тіпті рухани салтанаты қияметке дейін жалғаса бермек.

— 60 —

Ал, «Сыффин» оқиғасында, Хазіреті Имам Али (р.а) мен Хазіреті Мағауияның (р.а.) жақтастары арасындағы қақтығыс - халифалық пен биліктің соғысы еді. Яғни, Хазіреті Имам Али (р.а.) діни үкімдер мен Ислами ақиқаттарды және ақыретті негізге ала отырып, биліктің кейбір заңдары мен саясаттың мейірімсіз жақтарын әлгі ақиқаттардың жолында пида етіп отырды. Хазіреті Мағауия (р.а.) мен оның жақтастары болса, Ислам әлемінің қоғамдық тіршілігін, саяси билік арқылы мығымдау жолында, негізгі ақиқаттарды тастап, рұқсат берілген жолдарды ұстанды. Өздерін соған мәжбүр санап қателесті.

Ал, Хазіреті Хасан мен Хусейіннің (р.а.) Әмәуилерге қарсы күресі, дін мен ұлтшылдықтың соғысы еді. Яғни, Әмәуилер Ислами мемлекетті араб ұлтшылдығына негіздеп, Исламият бірлігін ұлттық бірліктен төмен қойғандықтан екі жақты зиян берді.

Біріншісі: Өзге ұлттарды ренжітіп, шошытты жат қылды.

Екіншісі: Нәсілшілдік пен ұлтшылдық негіздері, әділет пен хақты басшылыққа алмайтындықтан зұлымдық етеді. Әділ бола алмайды.

Өйткені, нәсілшіл қазы өз ұлтына бұра тартады. Әділ бола алмайды.

اَلْاِسْلَامِيَّةُ جَبَّتِ الْعَصَبِيَّةَ الْجَاهِلِيَّةَ لَا فَرْقَ بَيْنَ عَبْدٍ حَبَشِىٍّ وَسَيِّدٍ قُرَيْشِىٍّ اِذَا اَسْلَمَا

деген нақты бұйрық бойынша діни бірліктің орнына ұлттық бірлік орнатылмайды. Олай етсе, әділет болмайды. Турашылдық жойылады.

Міне, Хазіреті Хусейіннің (р.а.) діни бірлікті негіз тұтып, оларға қарсы күресуі дұрыс еді. Ақыры шәйіттік дәрежеге көтерілді.

Егер былай десе: Оның ісі мұншалықты дұрыс болса, неге табысқа жете алмады? Иләһи жазмыш пен Иләһи мейірім, олардың соңы осылай аянышты болуына неге жол берді?

Жауап: Хазіреті Хусейіннің (р.а.) жақын жолдастарында болмаса да жамағатына қосылған басқа халықтарда ұлттық, мақтаныштарының соққы алуына байланысты араб ұлтына қарсы өш алу пікірінің болуы, Хазіреті Хусеин (р.а.) мен жақтастарының таза да, жарқын ұстанымдарына зиян келтіріп, жеңілулеріне себеп болған.

Ал, жазмыш тұрғысынан алғанда өмірінің соңындағы аянышты жағдайдың хикметі мынада: Хасан мен Хусейн және олардың әулеттері мен ұрпақтары рухани билікке таңдалған еді. Дүниелік

— 61 —

билік пен рухани билікті бірге ұстау өте мүшкіл. Сондықтан оларды дүниеден жирендірді. Дүниеге жүрекпен байланып қалмасын деп, дүниенің көріксіз бетін көрсетті. Олардың қолдары уақытша және алдамшы биліктен қағылды. Бірақ, тұрақты және жарқыраған рухани билікке тағайындалды. Қарапайым уәлилердің (әкімдердің) орнына әулиелердің діңгегіне айналды.

Үшінші сұрағыңыз: Сондай асылзаттардың басынан кешкен аянышты қатыгездік істердің хикметі не?

Жауап: Өткенде айтқанымыздай Хазіреті Хусейіннің (р.а) қарсыластары болған Әмәуилердің билігінде мейірімсіз қатыгездікке себеп болатын үш негіз бар еді.

Біріншісі: Мейірімсіз саясаттың бір қағидасы "Үкіметтің амандығы мен тәртіптің тұрақтылығы жолында тұлғалар пида етіледі."

Екіншісі: Олардың билігі нәсілшілдік пен ұлтшылдыққа сүйенгендіктен ұлтшылдықтың қатыгез бір принципі ұлттың амандығы жолында барлық нәрсе пида етіледі.

Үшіншісі: Әмәуилердің Хашимилерге деген бұрыннан келе жатқан бақталастық сезімі Язид сияқты кей біреулер де болғандықтан, мейірімсіз бір қатыгездік көрсетті.

Төртінші: бір себеп те Хазіреті Хусейіннің жақтастарында еді. Яғни, Әмәуилердің араб ұлтшылдығын негіз тұтып өзге ұлттарға мәмлүктер (малайлар) деп құл назарымен қараулары және олардың ұлттық намысын таптаулары кесірінен, өзге ұлттар өш алу үшін және басқа да түсініксіз ниеттермен Хазіреті Хусейіннің (р.а.) жамағатына қосылғандықтан Әмәуилердің ұлтшылдық сезіміне қатты тиген. Өте қатігез және мейірімсіз түрдегі әйгілі сұмдыққа себеп болған. Айтылған төрт себеп те сыртқы себептер. Ал, жазмыш тұрғысынан қарағанда Хазіреті Хусейн мен жақындары сол сұмдық оқиғаның арқасында қол жеткізген ақыреттік нәтижелер мен рухани салтанат пен өрлеудің құндылығы сонша, сол сұмдықтың кесірінен шеккен азаптары жәй ғана арзан нәрсе болып қалады. Мысалы, бір сарбаз бір сағат азап шегіп шәһид болса, басқа біреу, он жыл талпынып барып көтерілетін мәртебеге қол жеткізеді. Егер сол сарбаз шәһид болғаннан кейін одан сұрау мүмкін болса, «аз нәрсе беріп көп нәрсе ұттым» дер еді.

— 62 —

Төртінші сұрағыңыздың мазмұны: Ақырзаманда Хазіреті Иса (а.с.) Тажалды өлтіргеннен кейін адамдардың көбі Хақ дінге кіреді. Алайда: «Жер бетінде Аллаһ, Аллаһ деушілер болса қиямет болмайды» деп риуяттарда айтылған. Иманға келушілер соншама көбейетін болса, қалай бәрі бірдей кәпір болып кетеді?

Жауап: Сахих хадисте риуаят етілген Хазіреті Иса (а.с) келетінін және Ислам шариғатымен амал ететінін, Тажалды өлтіретінін иманы әлсіз болғандар шындыққа жанастыра алмайды. Оның ақиқаты түсіндірілсе, ешқандай шындыққа жанаспайтын жағы қалмайды. Ол былай: Әлгі хадистің және Суфиян мен Мәһди жайындағы хадистердің мағыналары мынадай. Ақырзаманда дінсіздіктің екі ағымы күш алатын болады. Біреуі: Нифақ (Іріткі) пердесінің артында Ахмедтің (с.а.у.) пайғамбарлығын жоққа шығаратын "Суфиян" есімді сұмдық біреу дінбұзарларды басқара отырып, Ислам шариғатын бұзуға тырысады.

Оған қарсы Пайғамбарымыздан (с.а.у.) тарайтын нұрлы шежіренің бір бұтағы әулиялар мен кәмілдердің басшысы болатын "Мұхаммед Мәһди" атты нұрлы бір тұлға, Суфиянның рухани тұлғасы ретіндегі мунафықтық ағымды талқандап жояды.

Екіншісі: Табиғатшылдық және материалистік философия туындатқан Немрудтық ағым (жеке басқа табыну ағымы) ақырзаманда материалистік философияға арқа сүйеп, барған сайын таралып күшейе түседі. Жаратушыны жоққа шығаратын дәрежеге дейін барады. Мысалы, Елді бір патшаның басқарып тұрғанын білмейтін, әскердегі сардарлар мен сарбаздардың бәрі де соған бағынатынын түсінбейтін, мойындамайтын бір жабайы адам жұрттың бәріне, әрбір сарбазға жеке-жеке патша деп қарайды. Бас басына би деп біледі. Дәл сол сияқты, Аллаһты жоққа шығаратын әлгі ағымдағылар Нәмруд секілді, өздерін Құдайдай сезінеді. Ал солардың басшысы және ең үлкендері спиритизм мен гипноздау әдістерін пайдалана отырып, сұмдық әсер етуші Тажал, тіпті асырып жібереді. Өктемшіл, алдамшы билігін, бәрін билеуші етіп көрсетіп, өзінің Құдайлығын жариялайды. Бір шыбыннан жеңіліп қалған және бір шыбынның қанатын да жарата алмайтын сорлы бір адамның өзінің Құдай екендігін жариялауы қаншалықты ақымақтық, масқара екендігі мәлім.

— 63 —

Міне осындай бір кезеңде, сол ағымның өте күшті болып көрініп тұрған шағында, Хазіреті Иса алейһиссаламның рухани тұлғасы түріндегі нағыз христиандық діні ортаға шығады. Яғни, Иләһи мейірім көгінен түседі. Қазіргі жағдайдағы христиан діні сол ақиқатқа негізделіп, тазарады. Қоспалар мен бұзғыншылықтан арылып, Ислам ақиқаттарымен бірлеседі. Яғни, христиандықтың мән мағынасы Исламға айналады. Құранды негізге ала отырып, христиандықтың сол рухани тұлғасы - қосшы, ал Исламият - басшы дәрежесінде қалады. Осындай бірігудің нәтижесінде Хақ дін зор күшке ие болады. Бөлек-бөлек кезінде дінсіздік ағымынан жеңіліс тапқан Христиандық пен Исламият, бірігу нәтижесінде дінсіздік ағымын жеңіп, талқандай алатын күшке ие болған кезде, аспан әлемінде адами денесімен жүрген Иса алейһиссалам сол Хақ дін қозғалысының басшысы болып келетіні жайлы хабарды, барлық нәрсені Жаратушы Құдіреттің уәдесіне сүйене отырып, Пайғамбарымыз (с.а.у.) жеткізген. Демек Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан онда ол рас. Барлық нәрсеге құдіреті жетуші Аллаһ уәде берген болса, әлбетте солай жасайды. Иә, Үнемі періштелерді аспаннан жерге жіберуші Аллаһ, кейде періштелерді адам бейнесінде де жіберген (Хазіреті Жәбірейілдің Дыхия бейнесіне кіруі сынды). Және руханиларды рухтар әлемінен жіберіп, адам бейнесіне енгізген, тіпті, қайтыс болып кеткен көптеген әулиелердің әруақтарын мысали денелерімен дүниеге жіберген Хаким-і Зулджалал, христиан дінінің осындай өте маңызды нәтижелермен өз міндетін аяқтауы үшін, аспанда өз денесімен тірі жүрген Иса алейһиссалам түгілі, ақыреттік әлемнің ең ұзақ түкпіріне кетіп қалса да, тіпті шынымен өліп кеткен болса да, Осындай үлкен нәтиже үшін Иса (а.с.)-ға қайтадан дене беріп, дүниеге әкелу - Ұлы Хакимнің хикметіне қисынсыз емес. Қайта Оның хикметі солай болуын қалағаннан кейін соған уәде берген. Егер Ол уәде берген болса, әлбетте жібереді.

Хазіреті Иса алейһиссалам келген кезде барлық адамның оның Иса екендігін білуі шарт емес. Оны, оған жақын кісілер мен таңдаулы жандар ғана Иман нұрымен тани алады. Әйтпесе, ашық түрде жұрттың бәрі танып білмейді.

Сұрақ: Риуаяттарда Тажалдың жалған бір жұмағы болады. Өзіне ергендерді соған жібереді. Сондай-ақ жалған тозағы болады. Өзіне бағынбағандарды соған салады. Тіпті, есегінің бір құлағын

— 64 —

жұмақ сияқты, екінші құлағын тозақ сияқты етіп жасаған. Денесінің үлкендігі мұншама, соншама деген суреттеулер бар.

Жауап: Тажалдың сыртқы бейнесі адам сияқты, тәкаппар менмендігі Перғауындай. Аллаһты ұмытқандықтан алдамшы, зорлықшыл билігін Құдай етіп көрсетуші ақымақ шайтан, айлакер адам. Бірақ оның рухани тұлғасы болып есептелетін орасан зор дінсіздік ағымы өте үлкен, Тажалға қатысты риуаяттарда айтылған үрейлі суреттеулер соған ишара етеді. Бір кездері Жапон бас қолбасшысының бір аяғы Тынық мұхиттта, екінші аяғы он күндік жердегі Порт-Артур қаласында тұрған суреті шыққан еді. Өзі кіп-кішкене Жапон қолбасшысының солай бейнеленуі оның әскерінің рухани тұлғасын көрсетуде еді.

Ал, Тажалдың жалған жұмағы - мәдениеттің нәпсіні қоздыру арқылы өзіне тартып кететін фантазиялары. Есегі поезд. Яғни, көлік. Бір басында от жанатын ошақ бар, өзіне бағынбағандарды кейде отқа лақтырады. Ол есектің бір құлағы яғни, екінші басы жаннат сияқты ретке келтірілген. Өзіне бағыныштыларды сол жаққа отырғызады. Негізінде қызыққұмар да қатігез мәдениеттің өте маңызды көлігі болған поезд бұл дүниені ғана ойлайтын қызыққұмарларға жалған жұмақ әкеледі. «Мәдениеттің» қолындағы бұл нәрсе бишара діндарлар мен мұсылмандарға тозақтағы Зебанидей қауіп әкеледі. Бостандықтан айырып, кедейшілікке түсіреді.

Сонымен, шынайы Христиан дінінің шығуы мен Исламиятқа айналуы арқылы әлемнің басым бөлігіне нұрын жаяды. Бірақ, қияметтің орнауына жақын қалғанда қайтадан бір дінсіздік ағымы бой көрсетіп, басымдық танытады. «Басымдық көпшілікте» қағидасы бойынша жер бетінде «Аллаһ, Аллаһ» дейтін адам қалмайды. Яғни, жер бетінде маңызды роль атқаратын мықты жамағаттың қалмауы «Аллаһ, Аллаһ» дейтін ешкім қалмайды деген сөз. Әйтпесе, азшылықта қалып жеңіліске ұшыраған мұсылмандар қияметке дейін бола береді. Бірақ, қиямет орнар шақта, оның үрейлі сұмдығын көрмеуі үшін Аллаһтың мейірімі ретінде, имандылардың рухтары басқалардан бұрынырақ алынады. Қиямет кәпірлердің басына орнайды.

Бесінші сұрағыңыздың мазмұны: Қияметтің құбылыстарынан бақи әруақтар әсер ала ма?

— 65 —

Жауап: Дәрежесіне қарай әсер алады. Періштелердің Аллаһтың қаһарының көріністерінен өздерінше әсерлетіні секілді әсер алады. Мысалға, жылы жерде тұрған кісінің сырттағы қарлы боранда дірдектеп жүргендерді көргенде, ақылы мен сезімдерінің әсер алатыны секілді. Сол сияқты түйсік иелері болған бақи әруақтар ғаламмен байланыста болғандықтан ғаламның ұлы құбылыстарынан дәрежелеріне қарай әсер алады. Азапқа тартылатындар қайғы шегеді, бақытқа бөленетіндер таңданыспен қайран қалады. Тіпті, бір жағынан алғанда сүйіншілейтін хабар алғандай әсер алатыны Құранда ишара етілген. Құран Хаким қияметтің ғажайыптарын үнемі қорқынышты етіп айтады. "Көресіңдер" дейді. Ал оны адами денемен көретіндер қияметке жеткендер ғана. Демек, қабірде денелері шіріп кеткен әруақтар да, Құранның сол қорқытуынан өз үлестерін алады.

Алтыншы сұрағыңыздың мазмұны:

﴿ كُلُّ شَيْءٍ هَالِكٌ اِلَّا وَجْهَهُ ﴾

Бұл аяттың ақыретке, жәннатқа, жәһаннамға және сондағыларға қатысы бар ма, жоқ па?

Жауап: Бұл мәселе, көптеген зерттеушілердің, Әһли Кәшфтің, әулиелердің талқылауларына себеп болған. Бұл мәселеде сөз солардікі. Сондай-ақ, бұл аяттың ауқымы өте кең. Және көптеген мәртебелері бар. Зерттеушілердің көпшілігі «Бақи әлемге қатысы жоқ» деген. Бір бөлігі қас-қағым сәтте олар да өзіндік бір жойылуға ұшырайды. Оқиғаның тез орын алатыны сондай, олар жойылып кетіп қайта оралғандарын сезбей қалады деген. Ал кейбір әсіре пікірлі Әһли Кешф тұжырымдаған мүлдем жойылып кету ақиқатқа жатпайды. Өйткені, Аллаһтың пәк болмысы мәңгілік және тұрақты. Әлбетте, Оның сипаттары мен есімдері де тұрақты және мәңгі. Әлбетте олардың айналары мен шағылыстары, нақыштары көрінетін жер болған Мәңгі әлемдегі мәңгілік жаратылыстар, бақи нәрселер, сөзсіз түрде мүлдем жойылып кетпейді. Әзірге Құран Хакимнің берекеті арқылы ойға келген екі тұжырым қысқаша жазылады.

Біріншісі: Хақ Тағала Қадыр Мутлақ. Жоқ пен бар - Құдіреті мен Қалауына салыстырғанда екі орын іспетті. Өте оңай түрде сол орынға жібереді немесе әкеледі. Қаласа бір күнде, қаласа бір мезетте орындарын алмастырады. Негізінде мүлдем жоқ болу деген нәрсе жоқ. Өйткені, баршаны қамтып тұрған бір ілім бар. Бір нәрсенің сол жаққа кетіп қалатынындай Иләһи ілім шеңберінің сырты жоқ

— 66 —

қой. Ал, ілім шеңбері ішіндегі жоқтық, ол сырттай ғана. Және іліми болмысқа перде болған бір атау. Тіпті осы іліми болмыстарды кейбір зерттеушілер Аян-ы Сабита (тұрақты тұлғалар) деп атаған. Олай болса, жоқ болып кету дегеніміз - сыртқы киімін уақытша шешіп, рухани және ілми болмысқа айналу. Яғни, жойылғандар мен уақытша нәрселер сыртқы болмыстарын тастап, рухани болмыс киеді. Құдірет шеңберінен шығып, ілім шеңберіне кіреді.

Екіншісі: Көптеген Сөздерде түсіндіргеніміздей әрбір нәрсе есімдік мағынасымен және өзіне қатысты жағымен түкке де тұрмайды. Өз затында, өздігінен тұратын болмысы жоқ. Сондай-ақ өздігінен бар болатын ақиқаты да жоқ. Бірақ Хақ Тағалаға қатысты жағымен яғни, әріптік мағынасы (бір нәрсені түсіндіруші сипаты) арқылы болмысқа айналады. Өйткені, онда шағылыстары көрінетін тұрақты есімдер бар. Жоқ емес, өйткені онда мәңгі бір болмыстың көлеңкесі бар. Ақиқаты бар. Тұрақты һәм өте жоғары. Өйткені өзі көрсетіп тұрған Бақи бір есімнің өзіндік тұрақты бір көлеңкесі. Сондай-ақ كُلُّ شَيْءٍ هَالِكٌ اِلَّا وَجْهَهُ аяты адамның қолын Аллаһтан өзгелерден кесуге арналған қылыш. Бұл аяттың үкімі Аллаһ жолында болмаған өткінші дүниелер мен фәни нәрселерге деген байланыстарды кеседі. Демек, Аллаһ үшін болса, әріптік мағынасымен болса, Аллаһ жолында болса, онда كُلُّ شَيْءٍ هَالِكٌ اِلَّا وَجْهَهُ қылышының үкімі оларға жүрмейді.

Қорытынды: Егер Аллаһ үшін болса, Аллаһты тапса, онда бөтен нәрсе қалмайды. Егер Аллаһты таппаса және Аллаһ үшін қаралмаса, онда бүкіл нәрсе бөтен болады.

﴿ كُلُّ شَيْءٍ هَالِكٌ اِلَّا وَجْهَهُ ﴾

қылышын қолдану керек, пердені жырту керек, сөйтіп Оны табу керек.

اَلْبَاق۪ى هُوَ الْبَاق۪ى
Саид Нұрси