ОН ЕКІНШІ МЕКТУБ
Қымбатты бауырларым!
Сол түні маған сұрақ қойдыңдар, мен жауап бермедім. Өйткені иман мәселелеріне байланысты әңгімелер дау-дамаймен шешілмейді. Ал сендер дауласып кеттіңдер. Енді сол талас-тартыс тудырған үш сұраққа қысқаша жауап жазып отырмын. Ал, жан-жақты жауапты дәріханашы мырзаның өз атын жазып қойған Сөздерден табасыңдар. Тағдыр мен қалау ерік мәселесіне байланысты Жиырма Алтыншы Сөз ойыма келмеген соң, айтпаппын, оны да оқырсыңдар. Алайда, газет оқыған секілді оқымаңдар. Дәріханашы мырзаға Сөздерді мұқият оқы деуіміздің сыры мынада, мұндай мәселелердегі күмәндар иман негіздеріне деген сенімнің әлсіздігінен туындайды. Ал, Сөздер иман негіздерін жан-жақты дәлелдеп береді.
БІРІНШІ СҰРАҒЫҢЫЗ: Хазіреті Адамның (а.с.) Жәннаттан шығарылуы және Адам баласының бір бөлігінің Жәһаннамға түсуінің қандай хикмет, сыры бар?
Жауабы: Хикметі Адамға белгілі бір міндет, уәзипа жүктелгендігінде. Адамға сондай бір жауапкершілігі мол ерекше міндет жүктеліп, арнайы қызметпен жер бетіне жіберілген. Адамзаттың бүкіл рухани кемелденуі мен қабілеттерінің түгелдей ашылуы, көрініс табуы, адам болмысының мәнісі, Иләһи көркем есімдерге толық айна болуы, сол уазипа, сол міндетке тікелей байланысты, соның нәтижесі. Егер Адам Ата Жәннаттан шықпай мәңгі қалған болса, онда Ол періште секілді бір қалыпты күй кешіп, адамның зор қабілеттері ашылмай қалар еді. Ал, үнемі тұрақты жағдайдағы періштелер көп, ондай құлшылық үшін адамға қажеттілік жоқ.
Иләһи хикмет шексіз мәртебелерге көтеріле алатын адамзаттың қабілетіне сай бір міндет жүктеу жерін керек еткендіктен болмысы періштелерге ұқсамайтын адамның жаратылысына сай, мәлім күнә
арқылы жұмақтан шығарылды. Олай болса, Адам Атаның Жәннаттан шығарылуында шынайы хикмет пен мейірім болғаны секілді, кәпірлердің де Жәһаннамға түсуі өте орынды және әділдік.
Оныншы Сөздің Үшінші Ишарасында былай делінген еді: Кәпір қысқа өмірінде азғантай күнә жасағанымен, ол күнә аса ауыр қылмыс боп саналады. Өйткені, күпірлік, бүкіл жаратылысты қорлау, қадірін түсіру және бүкіл жаратылыстың бір Аллаһқа куәлік етуін жоққа шығару. Жаратылыс айналарында көрініп тұрған Иләһи Есімдердің ғажайып шағылыстарын бекерге шығарып, кемсіту. Сондықтан Жаратылыстың ақысын жеген кәпірден олардың есесін қайтару мақсатында бүкіл әлемнің сұлтаны Қаһһар-ы Зүлжәлал кәпірлерді мәңгілік жәһаннамға тастауы өте орынды және асқан әділдік. Өйткені, шексіз қылмыс, шексіз азапқа лайық.
ЕКІНШІ СҰРАҒЫҢЫЗ: Шайтан не үшін жаратылған? Жаратушы Хақ шайтандар мен жамандықтарды жаратудың хикметі не? Жамандықты жарату - жамандық. Бұрыс нәрселерді жарату да, бұрыс емес пе?
Жауап: Мүлде олай емес! Жамандықтың жаратылуы жамандық емес, жамандық істеу жаман. Жарату мен жасау барлық нәтижелерге қарайды. Ал бір нәрсені істеу әркімге жеке іс болғандықтан өзіндік нәтижелерге қарайды. Мысалы, жаңбырдың жаууы мыңдаған нәтиже береді. Бәрі де жақсы. Біреу өзінің орынсыз әрекетімен жаңбырдан зиян шексе, "жаңбырдың жаратылуы мейірімсіздік" дей алмайды. Жаңбырдың жаратылуы жамандық деген үкім шығара алмайды. Өзінің теріс әрекетінің кесірінен сол ғана зиян шекті. Оттың да сондай көп пайдалары бар. Бәрі де жақсы. Алайда, адам өз қателігінен оттан зиян шексе, отты жарату жаман дей алмайды. Өйткені от тек қана соны күйдіру үшін жаратылмаған. Ол өзінің олақтығынан, ас пісіретін отқа қолын тығып, өз қызметшісін өзіне жау етіп алды.
Қорытынды: Көп жақсылық тудыратын азғантай болымсыз нәрселерді қабылдауға тура келеді. Егер оны жамандық деп, жолын бөгесе, нағыз жамандық сонда болады. Мысалы, сарбаздарды жиһадқа жіберуден азғантай шығын шығып, зиян келуі мүмкін. Алайда, оның жақсылығы одан да көп. Ислам, кәпірлердің жаулап алуынан, бодандығынан құтылады. Егер еш жамандық болмасын деп, жиһадтан қашса, онда үлкен жақсылық жасалмай қалған соң, үлкен
бәле келеді. Бұл зұлымдықтың нағыз өзі. Тағы бір мысал, гангрена болған саусақтың хирургиялық жолмен кесілгені дұрыс әрі орынды. Сырт қарағанда жаман нәрсе. Егер саусақ кесілмесе онда қолды кесуге тура келеді, үлкен зиян шегеді.
Сонымен, әлемдегі жамандықтар мен бәлелердің және шайтандардың жаратылуы жамандық емес өйткені, аса маңызды нәтижелер үшін жаратылған. Мәселен, шайтандар періштелерге тиіспейтіндіктен оларда жетілу, даму болмайды, бір қалыпты жағдайларында қала береді, өзгермейді. Сол сияқты шайтандар хайуандарға да тиіспейтіндіктен олардың да мәртебелері өзгермейді. Ал, адам баласының дамып, жетілуінің және төмендеп құлдырауының шегі жоқ. Нәмрудтар мен Перғауындар, Сыддықтар мен Әулие Әнбиялар бастаған топтардың арасында дамудың қаншама сатылары бар.
Міне, көмірдей дәрежесі төменгі рухтарды, дәрежесі алмастай жоғарғы рухтардан ажырату үшін шайтандардың жаратылуы мен оларға белгілі бір міндет жүктелуінің сыры және адамзатқа Пайғамбарлардың жіберілуі арқылы дүниелік емтихан, сынақ орны және күрес, жиһад алаңы ашылған. Егер күрес пен бәсеке болмаса, адам бойындағы алмастай қасиеттер мен көмір сынды қабілеттер бір деңгейде қалар еді. Ең жоғарғы сатыдағы Әбу Бәкір Сыддықтың рухы мен Ең төменгі деңгейдегі Әбу Жаһилдің рухы бір дәрежеде қалар еді. Демек шайтандар мен жамандықтардың жаратылуы, жалпы және үлкен нәтижелерге қарағандықтан жамандық емес. Пенденің бұрыс қолдануында және жаман әдеттерінен туындайтын жамандықтар ол пенденің жамандықты кәсіп қылуына қатысты. Аллаһтың жаратуына еш қатысы жоқ.
Егер мынандай бір сұрақ туындаса: Пайғамбарлар жіберілуімен қатар, шайтандардың кесірінен көптеген адамдар кәпір болып, күпіршілік етуде, зиян шегуде. "Көпшілікке қарай үкім шығарылады" қағидасы бойынша көпшілік одан жамандық көрсе, демек жаман болғаны, ол жамандықты жарату да жамандық. Тіпті Пайғамбарлардың жіберілуі де, мейірімділік емес деуге бола ма?
Жауап: Сапамен салыстырғанда санның ешқандай маңыздылығы жоқ. Нағыз көпшілік сапада. Мысалы: Жүз құрма дәні болса... топыраққа егіп, су берілмесе, химиялық процесс жүрмесе, өмір үшін
күрес болмаса, жүз теңгелік құны бар жүз дән күйінде қалады. Ал, су беріліп, өмірге күрес басталған кезде, өзінің нашарлығынан сексені бұзылып кетсе, жиырмасы жиырма жемісті ағашқа айналса, "су беру дұрыс болмады, көпшілігі бұзылып кетті" дей аласың ба? Әрине, дей алмайсың. Өйткені әлгі өніп шыққан жиырма дән жиырма мыңға татиды. Сексеннен айырылып, жиырма мың ұтқан зиян шекпейді, жаман болмайды.
Тағы бір мысал: Қолыңда тауыс құсының жүз жұмыртқасы болса, жұмыртқа ретінде бес жүз теңгелік құны бар. Сол жұмыртқаларды құрық? болған тауыс құсы басқан кезде сексені бұзылып кетіп, жиырмасынан жиырма тауыс құсы шықса, "көп жұмыртқа зая болды, бұл іс бұрыс болды, құрық тауыс құсына жұмыртқа бастыру жамандық болды" деуге бола ма?
Әрине олай емес. Қайта қайырлы нәрсе ғой. Өйткені тауыс құстары төрт жүз құрыштық құны бар сексен жұмыртқаны жоғалтып, сексен лиралық құны бар жиырма тауыс құсына қол жеткізді.
Міне адамзат баласы да, Пайғамбарлардың жіберілуімен "тәклиф" яғни белгілі міндет жүктеу арқылы күресудің саясында, шайтандармен соғысудың нәтижесінде адамзаттың бетке ұстар жарқын тұлғалары, айы, күні, жұлдыздары тәріздес жүз мыңдаған Пайғамбарлар мен милиондаған әулиелер, миллиардтаған Асфиялармен толықты. Әрі саны көп, сапасы жоқ, зиянды хайуан түріндегі кәпірлер мен мұнафықтардан тазарды.
ҮШІНШІ СҰРАҒЫҢЫЗ: Хақ Тағала қиыншылықтар мен бәле-жәлеге ұшыратуда. Әсіресе бейкүнә жандар, тіпті хайуандар ұшырап жатады. Бұл зұлымдық емес пе?
Жауабы: Әлбетте зұлымдық емес! Мүлік өзінікі. Өз мүлкіне не істесе де, өз еркі. Айталық, өте шебер біреу саған ақы төлеп, модель ретінде сені жалдаса. Өте шебер тігілген киімдерді кигізіп, өз өнерін көрсету үшін оларды кесіп-пішіп, ұзартып-қысқартса, сені отырғызып, тұрғызса, сен: "Маған жарасып тұрған киімді бұзып жібердің, отырғызып-тұрғызып әбігерге салдың" дей аласың ба? Әрине, айта алмайсың. Айтсаң ақымақ болғаның. Дәл солай да, Жаратушы Аллаһ саған көз, құлақ, тіл секілді сезімдермен жабдықталған өте шебер жасалған денені саған кигізіп қойған. Әр түрлі көркем есімдерінің нақыш-өрнектерін көрсету үшін сені
ауыртады, дерт береді, аш қалдырады, тоқ қылады, шөлдетеді... әр түрлі ахуалға салады. Өмірдің мәнісін арттырып, есімдерінің сәулелерін көрсету үшін сені осындай жағдайлармен жүргізеді. Ал, сен "неге мені мұндай машақаттарға душар қылдың" десең, мысалда ишара етілген жүздеген хикметтер сенің аузыңа құм құяды. Оның үстіне тыныштық, жалқаулық, бірсарындылық, тоқыраушылық. Бұлар - бір түр жоқтық, болымсыздық және зиянға ұшырау. Әрекет, өзгеріп отыру, бұлар болмыс бар болу әрі жақсылық. Өмір сол әрекет арқылы кемелденеді. Қиыншылықтар арқылы дамып жетіледі.
Өмір, Аллаһтың түрлі есімдерінің нұрымен қимыл-әрекет жасап, тазарады, күші артып дамиды, шаттанады, өз тағдырын жаза алатын қаламға айналады, міндетін орындайды, ақыреттік ақысын алуға құқы болады.
Міне, таласып-тартысып жүрген үш сұрағыңыздың қысқаша жауабы осы. Отыз үш сөзден тұратын «Сөздер» жинағында толық түсіндірмелер бар.
Қымбатты бауырым, сен бұл хатты дәріханашыға және сол талас-тартысты естігендердің арасынан лайық көргеніңе оқып бер! Жаңа бір шәкіртім болып саналатын дәріханашыға менен сәлем айт және оған былай де: "Өте маңызды мұндай имани мәселелерді көпшіліктің арасында жөнсіз айтыс-тартысқа салу дұрыс емес. Өлшемсіз болса, дәрі де уға айналады. Айтқандарға да, тыңдағандарға да зиян. Мұндай имани мәселелерді байсалдылықпен тартыспай, ынсаппен, пікірлесе отырып, әңгіме қылған жөн.
Тағы да былай де: Егер сенің жүрегіңде осындай мәселелерге қатысты күдік, күмәндар туындаса, олардың жауабын «Сөздерден» де таба алмасаң, маған хат жаз! Тағы да айтарым: Марқұм әкесі жайлы көрген түсіне байланысты мынандай ой келді: "Марқұм әкесі дәрігер болғандықтан көптеген аяулы, ізгі жандарға, тіпті әулие кісілерге қызмет көрсетіп, пайдасы тигендіктен оған риза болған жандардың әруақтары ол кісі дүние салар кезде, ең жақын адамы ретіндегі баласына құстар бейнесінде көрінген, оның рухын қош келдің деп мейірбандықпен қарсы алған болуы керек.
Сол түні бірге болған барлық достарға сәлем айтып, дұға етемін.