Хаттар
— 42 —

ОН БІРІНШІ МЕКТУБ

بِاسْمِه۪ سُبْحَانَهُ وَاِنْ مِنْ شَيْءٍ اِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِه۪
[Бұл хат өте күшті рухани дәрі. Төрт аяттың қазынасынан шыққан төрт кішкене жауһарға ишара < етеді]

Қымбатты бауырым!

Бұл төрт түрлі мәселені Құран Кәрім әр кезеңде нәпсіме дәріс етіп берген еді. Қаласа бауырларым да бұдан өз үлестері мен сабағын алсын деген ниетпен жаздым. Тақырыптары әр түрлі төрт аяттың әрқайсысының ақиқат қазыналарынан бір-бір кішкене гауһарлар үлгі ретінде көрсетілген. Бұл төрт тақырыптың әрқайсысының әртүрлі бейнесі, әртүрлі пайдасы бар.

Бірінші тақырып:
﴿ اِنَّ كَيْدَ الشَّيْطَانِ كَانَ ضَع۪يفًا ﴾

Ей, жаман ой - уәсуәсаның кесірінен қиналған нәпсім! Бастағы қиялдың бірінен соң бірінің туындауы, қияли ойлардың көбейуі еріктен тыс болатын көрініс, бейне. Егер бұл бейнелер нұрлы нәрселерден туындап жатса, ақиқат нәрселердің қасиеті суретіне де, мысалына да өтеді. Күннің жарығы мен жылуы айнадағы бейнесіне өтетіні секілді. Айнадағы Күннен де біршама жылу мен жарық шығады. Егер ол бейнелер жамандық пен қараңғылықтан туындап жатса, ақиқатта бар нәрсенің қасиеттері суретіне берілмейді, айнадағы бейнесіне өтпейді. Мысалға, нәжіс пен лас нәрсенің айнадағы суреті нәжіс те емес, лас та емес. Жыланның суреті шақпайды.

Міне, осы сырға сүйенсек, күпірлік ойлардың ойға келуі күпір емес. Бейәдеп сөздердің ойға оралуы, әдепсіздік емес. Әсіресе, еріксіз, қияли ғана ой болса, еш зияны жоқ. Сондай-ақ, тура жолдағы Әһл-і Сүннет мәзһабы бойынша бір нәрсенің шариғат бойынша жаман, лас нәрсе болып саналуы Аллаһ тыйым салғандықтан болады. Қияли ойлар ризашылықпен емес, еріксіз болып жатса, тыйымның үкімі жүрмейді. Олар қанша жаман, лас нәрселердің бейнесі болса да, лас, жаман нәрсе болып саналмайды.

— 43 —

Екінші мәселе: Барла жайлауы, Төбелідегі самырсын, қарағай, теректің жемісі. Сөздер жинағына енгендіктен мұнда жазылмады.

Үшінші мәселе: Бұл екі мәселе Жиырма бесінші Сөздегі Құранның мұғжизалығының алдында дінсіз мәдениеттің жеңіліс табуына байланысты айтылған мысалдардың бір бөлімі. Құранмен үйлеспейтін мәдени құқықтың қаншалықты жөнсіз һәм әділетсіз екендігін дәлелдейтін мыңдаған мысалдардан екі мысал.

Құранның

﴿ فَلِلذَّكَرِ مِثْلُ حَظِّ الْاُنْثَيَيْنِ ﴾

үкімі нағыз әділет және мейірімділік. Иә, әділдік. Өйткені, көп жағдайда ер адам бір әйелге үйленіп, оның нәпақасын өз мойнына алады. Ал әйел ер адамға жар болып, нәпақасын оның мойнына артады. Мирастан алмаған кем-кетігінің орнын осылайша толтырады. Сонымен қатар бұл мейірімділік. Өйткені әлжуаз қыз, әкесі мен бауырларының мейіріміне өте мұқтаж. Ал, Құранның үкімі бойынша әлгі қыз әкесінің мейіріміне алаңсыз бөленеді. Әкесі: «Менің жинап-терген байлығымды өзгенің қолына өткізетін зиянды бала» деген ой-пиғылда болмайды. Әкелік пәк мейірімге күдік пен қатігездік сезім араласпайды. Әрі, бауырларымен де бәсекелеспей ешқандай қызғанышсыз қамқорлық пен мейірім көреді. Өйткені, бауырлары да оған: «Әулетіміздің байлығының жартысын алып, мал-мүлкіміздің бір бөлігін бөтен жандарға бөліп беретін бақталас» деп қарамайды. Қайта жанына жақын тартады.

Міне, мұндай жағдайда нәзік те назды жаралған әлсіз қыз, аз бір шығынмен жақын туыстарынан өзіне таусылмас қамқорлық пен сарқылмас мейірім табады. Әйтпесе, Хақ Тағаладан артық мейірім көрсетеміз десе, ол мейірім емес, керісінше қаталдық, зұлымдық болады. Тіпті хақ дін келгенге дейін бейкүнә қыздарды тірідей көметін сұмдық жабайылық болғаны секілді, қазіргі кездегі надандықтан сондай зұлымдыққа жол ашылып кету ықтималы бар. Осы сияқты Құрандағы бүкіл үкімдер وَمَٓا اَرْسَلْنَاكَ اِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَم۪ينَ жарлығын нақтылай түседі.

Төртінші мәселе: فَیلِاُمِّهِ السُّدُسُ Дінсіз мәдениет қыздардың құқығын қорғаймыз деп, олардың жаратылысына сай келмейтін әділетсіздікке себеп болуда. Сонымен қатар аналардың да құқын бұзу арқылы сұмдық әділетсіздік жасауда.

— 44 —

Ия, Раббани мейірімнің ең құрметті, ең әдемі, ең нәзік көрінісі болған ананың мейірімі - бүкіл жаратылыстардың ішіндегі ең керемет ақиқат.

Ана - ең мейрімді, нағыз жанкешті дос. О, мейірімділік сезімімен бір ана, бүкіл дүниесін, өмірін және рахатын баласы үшін пида қылады. Тіпті аналық сезімнің ең төменгі дәрежесіндегі қорқақ тауық екеш тауықтың өзі, сол аналық мейірімінің кішкентай шуағымен балапанын қорғап, итке де, арыстанға да тап береді.

Міне, осындай құрметке лайық, әзиз ақиқатты бойына сіңірген бір ананы баласының мал-мүлкінен мақұрым қалдыру, әлгі киелі ақиқатқа қарсы қаншалықты құрметсіздік, озбырлық, арсыздық, қылмыстық әрекет. Тіпті, жер мен көкті шайқалтып жіберетіндей мейірімсіздік, нығметтің қадірін білмеу. Адамзаттың қоғамдық өмірінің аса пайдалы бір дәрісіне у сепкенмен бірдей екенін гуманистсымақ болып жүрген әбжыландар түсінбесе де, адамгершілігін жоғалтпаған жандар түсінеді. Олар Құран Хакимнің فَیلِاُمِّهِ السُّدُسُ бұйрығының нағыз хақ және әділдіктің өзі деп біледі.

اَلْبَاق۪ى هُوَ الْبَاق۪ى
Саид Нұрси