ОНЫНШЫ МЕКТУБ
Біріншісі: Отызыншы Сөздің екінші мақсатындағы зәрре бөлшектердің өзгеруін түсіндіретін тым ұзақ сөйлемнің түсініктемесі.
Құран Кәрімде «Имамы Мүбин» және «Кітабы Мүбин» деген сөздер бірнеше жерде қайталанады. Кейбір тәпсіршілер бұлардың екеуі де бір мағынада десе, кейбіреулері әр түрлі мағынасы бар деп түсіндірген. Қандай мағына беретіндігі жайлы түсіндірмелері де әртүрлі. Қорыта келе, «Иләһи ілімнің атаулары» деп түсіндірген.
Алайда, Құран Кәрімнің берекетінің арқасында ұққаным: "Имамы Мүбин" Иләһи ілім мен Иләһи әмірдің бір түрінің атауы. Бұлар көзге көрініп тұрған әлемнен гөрі, көзге көрінбейтін ғайып әлеміне көбірек қарайды. Яғни, дәл қазіргі уақыттан гөрі өткен шақ пен болашаққа назар аударады. Басқаша айтқанда, жаратылыстың нақтылы болмысынан гөрі оның жалғасы мен шығу тегіне, тамырына, дәнегіне қатысты Иләһи тағдырдың дәптері. Ал, бұл дәптердің болмысы Жиырма алтыншы Сөзде және Оныншы Сөздің түсініктемесінде дәлелденген.
Иә, "Имамы Мүбин" Иләһи ілім мен Иләһи әмірдің бір түрінің атауы. Яғни, бүкіл нәрсенің тегі мен тамырын және негіздерін ғажайып кемел тәртіппен жаратып, бәрін өнер туындысы етіп жатқанына қарағанда мұның бәрі шексіз Иләһи ілімнің дәптерлері арқылы жасалып жатқанын дәлелдейді. Ал, сол нәрселердің жалғасы, нәтижелері, дәнектері алдағы болмысының бүкіл бағдарламалары мен мазмұнын өзіне сиғызып тұрғандықтан Иләһи бұйрықтар жазылған кішкентай кітапша екенін білдіріп тұр. Мысалы, бір ағаштың кішкентай тұқымы - ағаштың бүкіл болмысын түгелдей өз бойында мазмұндап, тізім етіп сақтап тұрған Аллаһтың бұйрықтарының кішкентай денеге айналған түрі.
Қорытынды: Олай болса, «Имамы Мүбин» дегеніміз, өткен шақ пен келешек түгел қамтылған және ғайып әлемінің кеңістігінде таралған әлем ағашының мазмұны, программасы деуге болады. Бұл мағынада «Имамы Мүбин» дегеніміз - Иләһи Тағдырдың бір дәптері, ережелер жинағы. Осы дәптерде жазылған ережелер бойынша зәрре бөлшектер қандай да бір болмыстың бойында зыр жүгіріп, өз міндеттерін атқарады.
Ал, «Кітабы Мүбин» болса, ғайып әлемінен гөрі көзге көрініп тұрған әлемге қарайды. Яғни, өткен шақ пен келер шақтан гөрі дәл қазіргі шақты көрсетеді. Кітабы Мүбин ілім мен Иләһи әмірлерге қарағанда Иләһи құдірет пен Ираде-қалаудың бір атауы, дәптері, кітабы. «Имамы Мүбин» тағдыр дәптері болса, «Кітабы Мүбин» құдірет дәптері. Яғни, әрбір нәрсенің болмысында, негізінде, қасиет, қабілеттерінде көрінетін ерекше өнер мен тәртіп оның шексіз кемел құдіреттің қалауымен жаратылып, қалыпқа келетіндігін айғақтайды. Нәрселердің сурет пішіндері анықталып, өзіндік ерекшеліктері нақтыланып шығады. Демек, әлгі құдірет пен қалаудың күлли және жалпыға ортақ заңдар жинағы, алып дәптері бар. Барлық нәрсенің өзіндік бейне пішіндері сондағы жазу бойынша пішіледі, тігіледі, кигізіледі. Бұл дәптердің бар екендігі қалау, ерік тақырыбын қозғайтын бөлімдерде дәлелденген.
Ал, бейқамдар мен дінсіздердің және философтардың ақымақтығына қарасайшы, Жаратушы Құдіреттің «Ләух Махфуз» деп аталатын Ұлы Дәптерінің және Раббани Хикмет пен Қалаудың заттардағы бейнесін, үлгі мысалдарын сезіп, «Табиғат» деген айдар таққан. Ақиқатты бүркеп тастаған. Шындығында, Иләһи Құдірет бір нәрсе жаратар кезде, «Имамы Мубиннің» жазуымен, яғни, тағдырдың үкім қағидаларымен әрқайсысы өзінше дәлел болып тұрған жаратылыс бөлшектерін «Лаухы Махвы Испат» деп аталатын уақыттың экранында жазуда, жаратуда, зәрре бөлшектерді әрекетке келтіруде.
Демек, зәрре бөлшектердің қозғалыстары - әлгі жазулардан туындаған тербелістер, қозғалыстар. Яғни, жаратылыстардың ғайып әлемінен көзге көрінетін әлемге көшудегі және ілімнен құдіретке өтудегі тербелістер мен қозғалыстар. Ал, «Лаухы Махвы Испат» болса, тұрақты, әрі өзгермейтін «Лаухы Махфуз Ағзамның»
мүмкинат шеңберіндегі яғни, үнемі өмір мен өлімнің, бар болу мен жойылудың арасындағы материалдардың өзгеріп отыратын дәптері, жасап-бұзу тақтасы. «Заман» ақиқаты деген осы.
Әр нәрсенің бір ақиқаты бар. Жаратылыстағы «Заман» деп аталатын ұлы дарияның ақиқаты да «Лаухы Махвы Испат» деп аталатын Құдірет Кітабының парағы, сиясы.
Екінші сұрақ: Хашир алаңы яғни қайта тірілу алаңы қайда?
Жауап: وَالْعِلْمُ عِنْدَ اللّٰهِ Халиқ-ы Хакимнің әрбір нәрседе көрсетіп тұрған ұлы хикметтері, тіпті кішкентай нәрсенің өзінде аса үлкен хикметтердің болуы, Ап-айқын дәрежеде ишара етеді ғой. Жер шары беталды айналып, қаңғып жүрген жоқ. Арнайы алып шеңбердің, қажетті бір алаңның айналасын белгілеп, соның шекарасын сызып көрсетуде. Осынау сызылып белгіленіп жатқан алып алаңға рухани жемістерін өткізіп беріп жүр. Бұлар болашақта сол алаңда адамдардың назарына ұсынылатын болады. Демек, жиырма бес мың жылдық шеңбердің ішінде айналып жүр. Анық риуаяттар бойынша Шам-ы Шариф өлкесі сол алаңның кішкентай дәнегі. Келешекте хашир алаңына айналатын болады. Жер шарының бүкіл рухани жемістері әзірге ғайып пердесінің артындағы сол алаңның дәптерлеріне, парақтарына жіберілуде. Кейін, сол алаң ашылған кезде тұрғындарын да сонда апарып төгеді. Рухани жемістері де ғайыптан ортаға шығады. Сонымен, Жер шары дегеніміз егіс алқабы, бастау көзі, таразы табағы секілді міндетін атқарып, сол алып хашир алаңын толтыратындай өнімдер, жаратылыстар, өнер туындыларын беретін орын. Демек, жер шары дәнек, ал Хашир алаңы болса, өз ішіндегілерімен қоса алғанда, алып ағаш, өнім немесе қойма.
Иә, қалайша Нұрлы бір нүкте тез қозғалуымен нұрлы бір сызық немесе бір шеңбер болады. Солай да Жер Шары да өзінің жылдам да хикметті қозғалысы арқылы алып шеңбер сызуда. Сол шеңбердегі бүкіл өнімдерімен бірге Хашир алаңының қалыптасуына негіз болуда.