Хаттар
— 50 —

ОН ҮШІНШІ МЕКТУБ

بِاسْمِهِ وَاِنْ مِنْ شَيْءٍ اِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِه۪
﴿ السَّلَامُ عَلٰى مَنِ اتَّبَعَ الْهُدٰى وَالْمَلَامُ عَلٰى مَنِ اتَّبَعَ الْهَوٰى ﴾

Қымбаты бауырларым!

Менің хал-жағдайымды, осы уақытқа дейін жеңілдік алу үшін өтініш жасамай жүргендігімді, сондай-ақ әлемнің саяси жағдайына мән бермеуімді көп сұрайсыңдар. Бұл сұрақтар көп қайталанатындықтан, мағынауи түрде де менен сұралғандықтан осы үш сұраққа Бүгінгі Саид емес, Бұрынғы Саидтың тілімен жауап беруге мәжбүр болдым.

Бірінші сұрақ: Денсаулығыңыз, хал-жағдайыңыз қалай?

Жауап: Әһл-и дүниенің маған жасаған неше түрлі зұлымдықтарын мейірімге айналдырғаны үшін Аса Мейірімді Аллаһқа жүз мың шүкір етемін.

Саясатқа араласпай, дүниеден бойымды аулақ салып, бір таудың үңгірін мекендеп, ақыреттің қамын ойлап жүргенімде, әһл-и дүние мені ол жерден күштеп шығарып, жер аударды. Аса Рахымды Жаратушы бұл зұлымдықты мейірімге айналдырып жіберді. Ықыласты бұзатын себептері бар, сол үңгірдегі қатерлі жалғыздығымды, Барла тауларында қауіпсіз де ықыласты оқшаулыққа айналдырды. Ресейде тұтқында жүргенімде қалған өмірімді қоғамнан оқшау бір үңгірде өткізейін деп дұға етіп едім. Мейірімді Аллаһ Барланы маған дәл сондай пайдалы үңгір жасады. Менің әлсіз болмысыма үңгірдің қиын тұрмысын жүктемеді. Тек Барладағы екі-үш адам аса күдікшіл еді. Солардың кесірінен маған қысым жасалды. Тіпті сол достарымның менің жағдайымды ойлайтын, уайымшылдықтары менің жүрегіме де Құран қызметіне де зиян тигізді.

Әһл-и дүние барлық жер аударылғандарға бостандық беріп, ауыр қылмыс жасағандарды түгел түрмеден шығарып, кешірім берсе де, маған қасақана бостандық бермей қойды. Рабб-ы Рахимым, мені Құран

— 51 —

қызметінде ұзағырақ ұстап, «Сөздер» атты Құранның нұрлы тәпсірін маған көбірек жаздыру үшін мені тып-тыныш, жалғыз қалдырып, аса рақымшылық жасады. Сондай-ақ, осы дүниені ғана ойлаушы Әһл-и дүние, дүнияуи істеріне араласуы мүмкін барлық беделді, атақты басшылар мен шейхтерді қалаларда, ірі елді-мекендерде қалдырып, жұртпен де, туыстарымен де кездесуге рұқсат бере тұра, мені жалғыз қалдыру үшін қасақана алыс ауылға жіберді. Туыстарым мен жерлестерімнің бір-екеуінен басқасын жаныма жолатпады. Ал менің Аса Мейірімді Жаратушым бұл жалғыздықты мен үшін үлкен рахметке айналдырды. Ой пікірімді, санамды тазартып, бос ойлардан арылтып, бүкіл зейінімді Құранға бұрғызды. Құран Хакімнен барынша нұр-фейз алуға мүмкіндік берді. Әһл-и дүние алғашқы екі жылда, қысқа жазылған екі хаттың өзін көп көрді. Тіпті қазір де солай. Жиырма күнде немесе бір айда бір-екі адамның тек ақырет үшін қасыма келгенін ұмытпады, қиянат жасады. Алайда менің Рабб-ы Рахимым, Жаратушы Аллаһ маған жасалған мұндай зұлымдықтарды мен үшін жақсылыққа айналдырды. Тоқсан жылдық рухани сауапты өмірге қол жеткізуге болатын қасиетті үш айда, жалғыз өзім алаңсыз құлшылық жасауыма ыңғайлы, оңаша қалдырған екен. Қандай жағдайға да "Әлхамдулиллаһ". Міне, менің жағдайым осы.

Екінші сұрақ: Жеңілдік алу үшін неге өтініш бермей отырсыз?

Жауап: Бұл мәселеде мен тағдырдың тұтқынымын. Әһл-и дүниенің тұтқыны емеспін. Өтінішімді тағдырыма айтамын. Мұндағы рызығымды тоқтатып, рұқсат берген күні кетемін. Сөзімнің ақиқаты мынау: Басқа түскен істің екі түрлі себебі болады. Біріншісі сыртқы болса, екіншісі ақиқи себеп. Әһл-и дүние (дінсіздер) сыртқы себеп болып, мені осында алып келді. Ақиқи себеп Иләһи тағдыр, мені оңаша отырғызып қойды. Сыртқы себептер маған зұлымдық жасап жатса, ақиқи себеп әділдік жасауда. Сыртқы себептердің ойы мынау еді: Бұл адам ғылым мен дінге көп қызмет етіп кетсе, біздің дүниелік ісімізге кесірін тигізуі мүмкін деп, мені жер аударып, үсті-үстіне үш жақты зұлымдық жасады. Ал, Иләһи тағдыр менің ғылым мен дінге шынайы ықыласпен қызмет ете алмай жүргенім үшін мені осында айдап әкелді. Олардың қат-қабат зұлымдықтарынан екі есе артық мейірімге бөледі. Менің жер аударылуым тікелей тағдырдың әділ үкімі. Ендеше соған өтініш жасайын. Сыртқы себептер болса,

— 52 —

әншейін сылтау ғана. Демек, оларға өтініш жасаудың ешбір мағынасы жоқ. Егер олардың қандай да бір хақы немесе күшті тиісу себебі болса, онда оларға өтініш жасауға болар еді.

Мен мүлдем тәрк еткен дүния бастарын жалмасын, еш араласпай қойған саясат аяқтарына тұсау болсын! Олардың күдік-күмәнмен сылтауларының ешбір негізі жоқ. Оларға өтініш жасау арқылы, күдіктеріне негіз болып растағым келмейді. Егер тізгіні шетелдіктердің қолында тұрған дүниеуи саясатына килігуге деген бір ниет болса еді, сегіз жыл емес, сегіз-ақ сағатта белгілі болар еді. Ал, мен сегіз жылдан бері бір де бір газет оқыған жоқпын, оқығым да келмейді. Төрт жылдан бері үздіксіз бақылауда отырмын, ешқандай негіз таба алған жоқ. Демек Құран Хакимге қызмет ету бүкіл саясаттан жоғары. Бір ұлылығы бар ғой, басым көпшілігі өтірікке негізделген дүниеуи саясаттың төмен деңгейіне түсуге жол бермей тұр.

Өтініш бермеуімнің тағы бір себебі, бұрысты дұрыс деп ойлайтын адамдардан хақ пен әділдікті даулау, Ақиқатқа қиянат. Мұндай бұрыс әрекет жасағым келмейді.

Үшінші сұрақ: Неге саясатқа осынша немқұрайлылық танытып отырсыз? Әлемде мұншалық өзгерістер болып жатса да сіз өз ұстанымыңызды өзгерткен жоқсыз. Осы өзгерістер дұрыс деп ойлайсыз ба, әлде, қорқасыз ба, неге үнсіз отырсыз?

Жауап: Құран Хакимге қызмет, менің саясатқа араласуыма қатаң түрде тыйым салды. Тіпті, саясат туралы ойлаудың өзін мүлде ұмыттырды. Әйтпесе, басымнан өткен шытырман өмірім куә, өзім ақиқат деп сенген ісімнен ешқашан қорқып, шегініп көрмеппін. Қорқа қоятын дәнеңем де жоқ қой. Бұл дүниемен ажалымнан басқа бір байланысы жоқ. Бала-шағаны, дүние-мүлікті әулетімді ойлайтындай ештеңем жоқ. Дүниелік ештемем жоқ атақ, риялыққа салатын даңқты қорғаушыларға емес, құлатушыларға рахмет айтамын... ажалдан басқа не қалды? Оның өзі жалғыз Жаратушы Халиқ-ы Зүлжәлалдың құзырында, уақыты келмей оған ешкім араласа алмайды. Шынын да абыройлы өлімді, қорлықта өмір сүруден артық санайтындарданмын.

Бұрынғы Саид секілді біреу былай деген екен:

وَ نَحْنُ اُنَاسٌ لَا تَوَسُّطَ بَيْنَنَا ٭ لَنَا الصَّدْرُ دُونَ الْعَالَم۪ينَ اَوِ الْقَبْرُ
— 53 —

Құран қызметі, мені қоғамдық өмірдің саясатына араласудан алыстатып отыр. Былайша: Адамзат өмірі дегеніміздің өзі - жолаушылық. Құранның нұрымен байқап көрсем, дәл қазіргі жағдайда бұл жол батпаққа кірді. Бишара адамзат осы жиіркенішті, сасық, батпақты жолда жығылып-сүрініп кетіп барады. Алайда, адамзаттың бір тобы бөгетсіз сара жолды тауып сонымен жүріп барады. Ал бір тобы әлгі батпақты жолдан аман шығу үшін қолдарынан келгенше кейбір құралдарды тауып алған. Көпшілігі осынау батпақты жолдың тереңіне түсіп, қараңғылықтан шығар жол таппай мүлде адасуда. Ал әлгі батпақты жолдағылардың жүзден жиырмасы мастыққа түскендіктен сасық батпақты жұпар иісті әтір деп, бет-ауызына жағып, былғануда, сүрініп-қабынып жүріп, батып кетіп жатыр. Қалған сексен пайызы бұл жолдың батпақты былғаныш екенін білсе де, басқа таза, даңғыл жолға түсудің білмегендіктен амалсыз аң-таң. Ал мұның екі шарасы бар:

Біріншісі: Әлгі мас жиырма пайыздың есін жидыратын амал, оларды таяқтап ояту.

Екіншісі: Сексен пайыз есі шығып, аң-таң қалғандардың көзін нұр арқылы ашып, даңғыл жолды көрсету.

Байқасам, әлгі жиырмаға қарсы сексен адам қолына таяқ ұстап алған. Ал, анау аң-таң болған сексенге көзін ашатын жарық нұр толық көрсетіліп жатқан жоқ... көрсетілген жағдайда да бір қолына таяқ, бір қолына нұр ұстағандықтан сенімсіздік туғызуда. Аң-таң байғұс адам: "Япырау, мені нұрмен алдап шақырып алған соң, шоқпармен ұрып жықпақ па?" деп, күдіктенуде. Сонымен қатар кейбір кедергілердің кесірінен шоқпар сынып қалса ... нұр да жоқ болып кетуде, не сөніп қалуда.

Міне батпақ дегеніміз адасушылыққа, дінсіздікке, қызық құмарлыққа салынып, тура жол таппай қалған адамзат қоғамы. Ал, мастар дегеніміз бұрыс жолда жүруден ләззат алатын тәкәппар қырсықтар. Ал, аң-таң қалғандар дегеніміз, адасу жолынан шаршап, тура жолды қалай табарын білмей сенделіп қалғандар. Ал шоқпар дегеніміз, саяси ағымдар. Ал, жарық нұр дегеніміз Құран ақиқаттары. Нұрға қарсы шығуға дұшпандық етуге болмайды. Қуылған шайтаннан басқа, одан жиіркенетін ешкім жоқ. Міне, мен де Құран нұрына

— 54 —

бөлену үшін

اَعُوذُ بِاللّٰهِ مِنَ الشَّيْطَانِ وَ السِّيَاسَةِ‌

деп, саясат сойлын тастап, қос қолыммен нұрға жабыстым. Байқасам, саясаттың ішінде жүргендердің екі жағында да яғни, жақтастарда да, қарсыластарда да нұрға құштарлар бар.

Бүкіл саяси ағымдар мен соларға жақтас болудың барлығынан жоғары, олардың бір-біріне деген өшпенділік көзқарастарынан таза, жоғарғы дәрежеде берілетін Құран дәрістері мен көрсетіліп жатқан Құрани нұрлардан ешкімнің де тартынбауы және олардан күмәнданбауы керек. Ал, дінсіздікті, дінге жасалып жатқан қастандықты саясат санап, соларға жақтасып жүргендер адам бейнесіндегі шайтандар мен адамша киінген хайуандар.

Әлһамдулиллаһ, саясаттан аулақ тұрып, саяси насихаттарға алданып, Құранның алмастай асыл ақиқаттарының құнын, шиша сынықтарының нарқына түсірмедім. Барлық топтардың көз алдында бұл алмастар барған сайын жарқырай түсіп, құны артады әлі.

﴿ اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ الَّذ۪ى هَدٰينَا لِهٰذَا وَمَا كُنَّا لِنَهْتَدِىَ لَوْلَٓا اَنْ هَدٰينَا اللّٰهُ لَقَدْ جَٓاءَتْ رُسُلُ رَبِّنَا بِالْحَقِّ ﴾
اَلْبَاق۪ى هُوَ الْبَاق۪ى
Саид Нұрси