Хаттар
— 295 —

ЖИЫРМА ЕКІНШІ

МЕКТУБ
بِاسْمِهِ وَاِنْ مِنْ شَيْءٍ اِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِه۪
[Бұл хат екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім мұсылмандарды бауырластыққа, өз ара сүйіспеншілікке шақырады.]

Бірінші бөлім

﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ اِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ اِخْوَةٌ فَاَصْلِحُوا بَيْنَ اَخَوَيْكُمْ ٭ اِدْفَعْ بِالَّت۪ى هِىَ اَحْسَنُ فَاِذَا الَّذ۪ى بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَاَنَّهُ وَلِىٌّ حَم۪يمٌ ٭ وَالْكَاظِم۪ينَ الْغَيْظَ وَالْعَاف۪ينَ عَنِ النَّاسِ وَاللّٰهُ يُحِبُّ الْمُحْسِن۪ينَ ﴾

Мұсылмандар арасында іріткіге, өштесуге, араздасып, бір-біріне дұшпан болуға себеп болатын бір жаққа жақтасу, жік-жікке бөлініп топтасу, қырсығып ерегісу және қызғаныш, көре алмаушылық сияқты жайттар ақиқатқа, хикметке, яғни, даналыққа және адамгершіліктің ең жоғары сатысы дін Исламға және бұл адамның жеке өмірі мен қоғам өміріне, сондай-ақ, рухани өміріне жараспайтын оғаш қылық, қауіпті кесел және зұлымдық. Адам өмірі үшін у. Осы ақиқаттың көптеген қырларының алтауын баяндаймыз.

БІРІНШІДЕН, ақиқат тұрғысында зұлымдық.

Ей, мүмин бауырына қастық ойлап, кек сақтаған ынсапсыз пенде! Мысалы, сен бір кемеде немесе бір үйдесің дейік. Сенімен бірге тоғыз бейкүнә адам және бір ғана залым бар. Сол залымға бола кемені суға батырып немесе үйді өртеп жібергісі келген адамның қаншалықты

— 296 —

зұлымдық жасайтынын түсінерсің. Оның залым екенін айтып дүниеге жар салып, дауысың көкке жеткенше айғайлар едің. Тіпті, бір ғана бейкүнә адам мен тоғыз залым болса да кемені суға батыруға ешбір әділ заң рұқсат бермейді.

Сол сияқты, Раббани үй іспеттес, немесе Иләһи бір кеме тәріздес мүмин бауырыңның бойындағы Иман, мұсылманшылық, көршілік секілді тоғыз емес, жиырма бейкүнә қасиетін ескермей, өзіңе зияны тиген немесе ұнамаған бір ғана сипатына бола оған ашуланып кек сақтап, дұшпан болу яғни рухани үй тәріздес болмысын моральдық жағынан өртеп, суға батырып, тоз-тоз етуге әрекеттену немесе солай болғанын тілеу, мысалда айтылғандай шектен шыққан зұлымдық болып саналады.

ЕКІНШІДЕН, даналық тұрғысынан алғанда да зұлымдық.

Өйткені, дұшпандық пен махаббат жарық пен қараңғылық сияқты біріне-бірі қайшы ұғымдар. Екеуі шын мәнінде біріне-бірі не жақындамайды. Егер басым себептермен жүректе біреуге деген махаббат сезімі ұяласа, өшпенділікке орын қалмайды. Өшпенділік жанашырлыққа айналады. Иә, мүмин адам бауырын жақсы көреді және жақсы көруі тиіс. Жағымсыз қылығына тек жаны ашиды. Өктемшіл түрде емес, қайта ыстық мейірімімен оны түзетуге тырысады. Сондықтан хадисте: "Мүмин адам, мүминмен ренжісіп, үш күннен артық сөйлеспей қоюға болмайды" деп анық айтылған.

Егер дұшпандыққа итермелейтін себептер бір адамның жүрегінде жиналып, өшпенділікті қоздырса, сыйластығы мен сүйіспеншілігі шынайы болмай, жасанды, жарамсақ бейнеге енеді.

Ей, ынсапсыз пенде! Мүмин бауырыңа кек сақтап, дұшпан болу қаншалықты зұлымдық екенін білгің келсе мына мысалға назар аудар! Егер, сен қарапайым тасты Қасиетті Қағбадан әлдеқайда құндырақ немесе Ухуд тауынан да үлкен десең ақымақтық қылғаның. Сол сияқты Қағбаның құрметіндей қасиетті Иман және Ухуд тауындай ұлық Ислами қасиеттер мұсылман бауырыңның бойынан табылып сенен сүйіспеншілік пен ынтымақты талап ете тұра, мүминдерге қарсы дұшпандық сезім оятатын жәй, майда тастар секілді кейбір кемшіліктерді Иман мен Ислам құндылықтарынан артық көру, барып тұрған ынсапсыздық, ақымақтық, нағыз зұлымдық екенін ақылың болса түсіндің.

— 297 —

Имандағы бірлік, жүректердің де бірігуін талап етеді. Сенімдегі бірлік те қоғамдық бірлікті талап етеді. Расында, сен әскерде біреумен бір бөлімшеде әскери борышыңды бірге өтесең, онымен достық қатынаста боласың. Бір қолбасшының қарамағында болғандықтан, дос сезініп, жақын тартасың. Сондай-ақ, бір мемлекетте тұрғандықтан отандасыңды бауырың секілді өзіңе жақын тартасың. Ендеше, Иманның нұры мен зерделілігі арқылы білдіріліп, көрсетілген Иләһи есімдердің санындай ынтымақ пен бірлікке, бауырластыққа итермелейтін байланыстар бар. Мысалға, Екеуіңніңде Халиқыңыз (Жаратушы) бір, Маликіңіз (Қожайын) бір, Мағбудыңыз (Табындырушы) бір, Разықыңыз (Асыраушы) бір, бір, бір... осыншама мыңдаған ортақ нәрселер бар. Сондай-ақ, Пайғамбарларың бір, Діндерің бір, Құбылаң бір, бір, бір... жүздеген себептер бір жерге түйістіреді. Ауылдарың бір, елдерің бір, Отандарың бір, бір, бір... ондаған дәнекерлер бар. Осыншама бірліктер бірігу мен ынтымақты, ауызбіршілік пен ұйымшылдықты, сүйіспеншілік пен бауырластықты талап етеді. Бүкіл ғалам мен планеталарды бір-біріне байлай алатындай осындай мықты рухани шынжырлар бола тұра, алауыздық пен араздыққа, дұшпандық пен іріткіге итермелейтін өрмекшінің жібіндей түкке тұрғысыз, әлсіз һәм уақытша нәрселерге бола, мүмин бауырларға шынымен дұшпан болып, кек сақтау әлгіндей киелі, жалпыға ортақ байланыстарға құрметсіздік болар. Шынайы сыйластық, сүйіспеншілік оятатын нәрселерге мән бермеу, достық, бауырластық қарым-қатынастарға қарсы қаншалықты қиянат, зұлымдық екендігін жүрегің қарайып, санаң сөнбеген болса түсінген боларсың.

ҮШІНШІДЕН: Нағыз әділдікті көрсететін

﴿ وَلَا تَزِرُ وَازِرَةٌ وِزْرَ اُخْرٰى ﴾

аятының мағынасына орай, бір мүминнің бойындағы нашар бір қасиетіне бола басқа жазықсыз қасиеттерін қоса айыптау болып саналатын қастық қылып, кек сақтау, үлкен зұлымдық.

﴿ اِنَّ الْاِنْسَانَ لَظَلُومٌ ﴾

аятының екпін түсіре ескертуі, бір мүминнің бір ғана жағымсыз қасиетіне өкпелеп, ренжіп оның туыстарымен де өштесу орасан зор зұлымдық екендігін білдіреді. Ислам даналығы бұлай деп тұрғанда сен қалай ғана "менікі дұрыс, менің құқым бар" дей аласың.

— 298 —

Шын мәнінде, жауыздық пен өшпенділікке апаратын жағымсыз қылықтар қара ниеттей қою қараңғы, топырақтан да күңгірт. Ол басқа біреуге көлеңкесін түсіріп, әсер етпеуі керек. Егер басқа біреу одан үйреніп алып жамандық жасаса, ол басқа мәселе. Сүйіспеншілікке дәнекер болатын қайырымды істер - махаббаттай жарқын нұр. Басқаларға шағылысып, айналасына нұр шашуы мақтанарлық қасиет. Сондықтан, "досымның досы, маған да дос" сөзі елге өнеге боп, "досымның көңілі үшін дос көңілдің бәрі дос" сөзі ел аузында кең тараған.

Ей, ынсапсыз пенде! Ақиқат осылай бола тұра, ұнатпаған бір адамның сүйкімді де бейкүнә бауырына немесе туыстарына қастық қылу ақиқатқа қаншалықты керағар екендігін, ақиқатшыл болсаң, түсінерсің.

ТӨРТІНШІДЕН: адамның жеке өміріне де қиянат. Мұның негізі ретінде бірнеше қағидаға құлақ сал.

Біріншісі: сен өз жолың мен ұғымыңды дұрыс деп шешсең "менің жолым дұрыс немесе жақсырақ" деуіңе болады. Бірақ "тек қана менің жолым дұрыс" деуге хақың жоқ.

وَعَيْنُ الرِّضَا عَنْ كُلِّ عَيْبٍ كَل۪يلَةٌ ٭ وَلٰكِنَّ عَيْنَ السُّخْطِ تُبْدِى الْمَسَاوِيَا

сыры бойынша ынсапсыз көзқарасың мен таяз пікірің төреші бола алмайды. Басқаның жолын теріс деп айыптай алмайсың.

Екінші қағида: "Әрбір айтқан сөзің шындық болсын. Бірақ, әрбір шындықты айтуға сенің хақың жоқ. Әрбір сөзің дұрыс болуы керек. Бірақ, әрбір дұрысты айтуың дұрыс емес" дегенді әсте ұмытпа! Өйткені, сен сияқты ниеті бұзық адамның насихаты кейде ашуға тиеді, кері әсер етеді.

Үшінші қағида: Егер қастық жасағың келсе, ішіңдегі қара ниетке қарсы шық. Соны құртуға тырыс. Саған ең көп зияны тиген жүгенсіз нәпсің мен құлқынқұмарлығыңмен күрес, тәрбиелеуге тырыс. Залалы көп нәпсіңнің ығына жығылып, иманды жандарға қастық қылма. Егер, жауласқың келсе, кәпірлер мен дінсіздер көп, солармен арпалыс. Сүйіспеншілік қасиеттің өзі сүйіспеншілікке

— 299 —

лайық. Жауыздық қасиеттің өзі ең әуелі өзіне қарсы жауыздыққа лайық. Егер жауыңды жеңгің келсе, оның істеген жамандығына жауап іретінде жақсылық жаса. Егер сен жамандық пен жауап берсең, одан сайын жауласа бересің. Жеңген боп көрінсең де жүрегі мұздап саған кек сақтайды. Қастандығы жалғаса береді. Егер жақсылық жасасаң, өзі де өкініп, райынан қайтар. Саған дос болар.

اِذَا اَنْتَ اَكْرَمْتَ الْكَر۪يمَ مَلَكْتَهُ ٭ وَ اِنْ اَنْتَ اَكْرَمْتَ اللَّئ۪يمَ تَمَرَّدًا

үкімімен, мұсылманның мақтанышы жаны жомарт болу. Сенің сый құрметің арқылының саған деген кейіпі өзгереді. Сырт көзге таба болса да имандылық жағынан оның да жаны жомарт. Жаман адамға "сен жақсысың, жақсысың" десең жақсарып, жақсы адамға "сен жамансың, жамансың" дей берсең жамандыққа үйір болатыны көп кездеседі.

﴿ وَاِذَا مَرُّوا بِاللَّغْوِ مَرُّوا كِرَامًا ٭ وَاِنْ تَعْفُوا وَتَصْفَحُوا وَتَغْفِرُوا فَاِنَّ اللّٰهَ غَفُورٌ رَح۪يمٌ ﴾

дегеніндей Құранның қасиетті қағидаларына құлақ сал. Бақыт пен саламат сонда.

Төртінші қағида: Кекшіл, залым адам әуелі өзіне, содан кейін мұсылман бауырына һәм Аллаһтың рахымдылығына қиянат жасайды, өшпенділік қылады. Өйткені, кекшілдігі мен өшпенділігі оның өзін азапқа салады. Жауына берілген нығметтердің қызғанышы мен қорқынышы жанын жегідей жеп, өзіне-өзі қастық жасайды. Егер, дұшпандық іш тарлықтан болса, нағыз қорлыққа айналады. Өйткені, қызғаныш сезімі ең әуелі іші тар адамның өзін күйдіреді, қорлайды. Бақталасына тигізер зияны аз немесе мүлде жоқ.

Іш тарлықтан құтылудың шарасы: Іші тар адам бір нәрсені қызғанған кезде қызғанған нәрсенің келешегін, яғни, нәтижесін ойласын. Таласып-тармасып жүрген дүниеауи сұлулықтар мен күш-қуат, атақ-даңқ пен байлықтың уақытша, жалған екенін білсін. Пайдасы аз, машақаты көп екенін ойласын. Егер ақыретке тән қасиеттер болса, оған таласудың қажеті жоқ. Егер, солар үшін де іш тарлық жасаса, я өзі рияшыл ақырет байлығын дүниеде жоқ қылуды қалайды келеді, я бақталасын рияшыл деп ойлайды, қиянат жасайды.

— 300 —

Сондай-ақ, оның басына келген қиыншылықтарға қуанып, табалайды. Жетістіктеріне іші күйіп, өкінеді. Оған жасалған жақсылықтарды көре алмай, Аллаһтың рахымдылығына, оның жазған тағдырына ренжіген болады. Тағдырды сынап-мінеген адам басын тауға да, тасқа да соғады. Рақымдылыққа наразы болған адам одан өзі де мақұрым қалады.

Апырым-ай, бір күндік араздыққа тұрмайтын нәрсеге бір жыл бойы жауласып, кек сақтау қандай әділдікке саяды? Кірленбеген қандай ар-ұждан оған жол береді. Мүмин бауырының саған тигізген кесірін түгелдей оған жүктеп, оны ғана кінәлай алмайсың.

Өйткені, ол жерде тағдырдың да үлесі бар, бұл - бір. Оны бір бөлек қарастырып, тағдыр мен қазаның алдында мойынсұнып, ризашылық танытуың керек.

Екіншіден: нәпсі мен шайтанның да үлесін бөліп тастап, ол адамға қысастық емес, қайта нәпсісінен жеңіліп қалғаны үшін жаның ашысын, қатесін түсініп, өкінуін күт.

Үшіншіден: сен өз бойыңнан көре алмаған немесе көргің келмеген қатеңді көр. Оның да есесін шығарып таста. Сонда оның кішкентай ғана пайы қалады. Оған да кеңпейілділік танытып, кешіріммен қарасаң, ешқандай қауіп жоқ. Әрі қарсыласыңды өте тез жеңесің және зұлымдық пен зияннан құтыласың. Әйтпесе, ақымақша есалаңданып шыны мен мұз сынықтарын алмас бағасымен сатып алған зергер яһуди сияқты бес тиынға арзымайтын дүниенің фәни, өткінші, арзан нәрселеріне бұл дүниеде мәңгі жасап, мәңгі бірге болатындай ашу шақырып, ылғи қастық ойлап, ұдайы өшпенділікпен қасарысу, ащы айтсақ нағыз зұлымдық. Ақымақтық, ессіздік. Тіпті, есінен ауысудың бір түрі.

Егер, өзіңді сыйласаң, жеке бастың тірлігіне осыншама зиянды кек сақтау, қастандық жасау сияқты ойдан аулақ бол! Әйтпесе, бұлар жүрегіңе орнығады. Егер, ондай ой жүрегіңе орнықса, оның ығына жығылма. Одан да ақиқатшыл Хафиз-і Ширазиды тыңда. Ол не дейді?

دُنْيَا نَه مَتَاعِيسْت۪ى كِه اَرْزَدْ بَنِزَاع۪ى

Яғни: "Дүние сонша қымбат нәрсе емес, араздыққа тұрмайды." Өйткені, ол фәни, өткінші болғандықтан құны жоқ. Бүкіл дүние бұлай болса, дүниенің болмашы нәрселері қаншалықты құнсыз екендігін түсінерсің. Тағы да

— 301 —
آسَايِشِ دُو گ۪يت۪ى تَفْس۪يرِ اِينْ دُو حَرْفَسْتْ
بَادُوسِتَانْ مُرُوَّتْ بَادُشْمَنَانْ مُدَارَا

Яғни, "екі дүниенің рахаты мен бақытын екі-ақ ауыз сөз тәпсірлейді және қол жеткізеді. Достарыңа кең пейілді бол, жауларыңа да бітімшіл бола біл" деген екен. Егер де сен: "Менің қолымда тұрған жоқ. Жаратылысымнан осындаймын, мінезімде ашушаңдық бар. Оның үстіне әбден ызама тиген, райымнан қайта алмаймын" десең, оның жауабы, егер оғаш қылық, нашар мінез көрсетпесең, ащы тілмен ғайбат айтпасаң, өз айыбыңды түсінсең зияны жоқ. Мінезің сондай болып, райыңнан қайта алмасаң да өкінсең, ол іштей жасаған тәубаң болады. Өз айыбыңды сезінуің нашар мінезіңнің пәлелерінен де құтқарады. Онсыз да бұл хаттың осы бөлімін жазудағы басты мақсатымыз, рухани тәубаға қол жеткізіп, дұрысты дұрыс деп білу. Қас адамның орынды өкпесін орынсыз деп айыптамау.

Маңызы зор оқиға: Бірде араға от тастай отырып, біреуге жақтасудың неге апарып соқтырғанына куә болдым. Діндар, оқымысты кісі, саяси көзқарасына қарсы екінші бір тақуа ғұламаны "имансыз" дейтіндей дәрежеде жамандады. Ал, саяси көзқарасына сәйкестігі бар екіжүзді дінсізді құрметпен мақтады. Мен де саясаттың мұндай құрдымға құлатар нәтижелерінен сескеніп

اَعُوذُ بِاللّٰهِ مِنَ الشَّيْطَانِ وَ السِّيَاسَةِ‌

дедім. Содан бері саяси өмірден қол үздім.

БЕСІНШІДЕН: Жік-жікке бөліну мен қысастықтың қоғамға өте қауіпті екендігі баяндалады.

Егер біреу былай десе: Хадисте اِخْتِلَافُ اُمَّت۪ى رَحْمَةٌ деп айтылған. Ал, қайшылық деген нәрсе бір-біріне жақтасуға апарады. Жақтасу деген індет бейшара халықты залым үстем таптың қанауынан құтқаруда. Өйткені байлар біріксе бұқара халықты қанайды. Егер бір-біріне жақтасу болса, қаналушы топ бір жақ болып, өздерін қорғап қалады. Оның үстіне пікір таластан, қарама-қайшы ойлардан ақиқат ортаға шықпай ма?

Оның жауабы. Бірінші сұраққа айтарымыз: Хадисте айтылған қайшылық, дұрыс бағыттағы болымды қайшылық. Яғни, әркім ұстанған жолының түзелуіне, жетілуіне ат салысады. Басқа

— 302 —

жолдардың бұзылуына немесе жойылуына әрекет жасамайды, қайта олардың жақсаруы мен жетілуіне көмектеседі. Ал, бұрыс бағыттағы болымсыз қайшылық болса, арандату арқылы қастандық қылып, бірін-бірі бұзуға әрекет жасайды. Хадис мұны қабылдамайды. Өйткені, бірімен-бірі тартысып жұлқысқандар дұрыс әрекет ете алмайды.

Екінші сұраққа айтарымыз: Егер, бір-біріне жақтасу Хақ үшін, ақиқат үшін болса, тура жолдағыларға пана болар еді. Бірақ қазіргідей дұшпандық оймен, нәпсінің айласы үшін жақтасу қисық жолдағылардың арқа сүйер қорғанына айналады. Өйткені, дұшпандық ойдағы жақтасушы адамның пікіріне шайтан көмектессе, ол адам сол шайтанға тілек тілеп, рахметін айтады. Егер қарсы жақты періштедей пәк адам қостаса, оған (Құдай сақтасын!) лағнет айтардай қиянат жасайды.

Үшінші сұраққа жауабымыз: Аллаһ үшін, ақиқат үшін пікірлердің қайшы келуінің негізгі мақсаты бір болады, тек табысқа жету жолдары әртүрлі болады. Ақиқатты жан-жақты, анық көрсетіп әділет пен ақиқатқа қызмет етеді. Алайда, дұшпандық оймен жақтасу болса, жүгенсіз нәпсінің жетегінде кетіп мақтану, атақ құмарлықпен пікір таластырудан "ақиқат нұры" емес, дау-жанжалдың оты лаулайды. Мақсат бір болмаған соң олардың ой-пікірлері Жер шарын шарлап шықса да түйіспейді. Хақ атымен жасалмағандықтан шектен шығып кетеді. Дауасы жоқ алауыздық дертіне әкеліп соқтырады. Бұған әлемнің қазіргі жағдайы куә. Қорыта айтқанда

اَلْحُبُّ لِلّٰهِ ٭ وَالْبُغْضُ فِى اللّٰهِ ٭ وَالْحُكْمُ لِلّٰهِ

деген ұлы қағидалар тұрмыста әдетке айналып, қалыптаспаса алауыздық пен араздық жайлай береді. Иә,

اَلْبُغْضُ فِى اللّٰهِ ٭ وَالْحُكْمُ لِلّٰهِ

деген осы қағидаларға мән берілмесе әділдік жасаймын деп, зұлымдық жасайды.

Үлгі аларлық бір оқиға: Бір соғыста Имам Али (р.а.) бір кәпірді жерге алып ұрады. Қылышын суырып шаппақ болғанда әлгі кәпір оған түкіріп жібереді. Сонда ол кәпірді шаппай жібере салады, өлтірмейді. Әлгі кәпір одан:

- Мені неге шаппадың?,- деп сұрайды.

- Сені Аллаһ үшін шабайын деп жатыр едім. Бірақ сенің түкіруің ызамды келтірді. Нәпсім араласқандықтан ықыласым бұзылды. Сондықтан сені шаппадым дейді. Әлгі кәпір оған:

— 303 —

- Сені ашуландырсам тезірек өлтірер деп ойлап едім. Шынымен діндерің осыншама таза, пәк болса, онда ол дін - нағыз Хақ дін дейді.

Тағы бір көңіл аударарлық оқиға: Бірде сот қызметіндегі қазы, ұрының қолын ашулана шауыпты. Мұны байқап қалған әділ төраға оны қызметінен босатыпты. Өйткені, ол Шариғат атынан, Аллаһтың заңы үшін шапқан болса, қайта оған жаны ашуы керек еді. Жүрегін ашу қыспай, бірақ аяушылық та жасамай бұйрықты орындау керек еді. Демек, бұл үкімге оның нәпсісі де араласып, жүктелген істі әділ орындай алмады.

Қоғамның қасіретті жағдайы және Ислам жүрегін қынжылтатын қоғамдық өмірдің қауіпті дерті: "Сыртқы жаудың шабуылы кезінде ішкі алауыздықты қойып, тіпті оны ұмытумен қатар тоқтату.

Қоғамның бейбіт түрде дамуына ең бәдәуи қауымдардың өзі көңіл бөліп отырғанда, Ислам жамағатына қызмет ету үшін күресіп жүргендерге не болған? Жан-жағынан анталаған жау тұрғанда, болмашы араздықтарын ұмытпай, дұшпанның шабуылына жол ашып беруде. Бұл - құлдырау, нағыз жабайылық. Исламның қоғамдық өміріне опасыздық болып табылады.

Ғибрат болар бір оқиға: Бәдәуи Хасенан тайпасының ішінде бір-біріне қас екі ру бар екен. Бір-бірінің елу шақты адамын өлтіріп қойса да сырттан Сипкан немесе Хайдеран рулары келе қалса, өзара жауласып жүрген екі ру бұрынғы кектерін ұмытысып, сыртқы жау толық жеңілгенше баяғы алауыздықтарын естеріне де алмайды екен.

Міне, ей мүминдер! Иман жолындағы қауымға қарсы шабуылға дайын қаншама жау тұрғанын білесіңдер ме? Бірінің ішінде бірі жүзден астам шеңбер түрінде тұр. Әрқайсысына қарсы бірігіп, бір-бірімізге қол ұшын бере отырып қорғануға мәжбүрміз. Солай бола тұра, олардың шабуылына жағдай жасап, Ислам шекарасына жайбарақат кіруіне есіктерді ашып беру болып саналатын жақ-жақ болып бөліну, алауыздық, қысастық, арандатушылық әрекеттер иманды кісілерге жараса ма? Адасқан дінсіздер мен азғын имансыздардан бастап, кәпірлер әлемі, дүниенің үрейлі апаттары бірінің артында бірі оңтайланып, сендерге ашкөздене қарауда. Осындай жетпіс түрлі дұшпан бар. Бұлардың барлығына қарсы сенің ең мықты қаруың, сақтандырушың, әрі берік қорғаның - Ислам бауырластығы. Осы Ислами қорғанды болмашы араздықпен, әр түрлі сылтаумен шайқалту ар-ұжданға және Ислам қағидаларына қаншалықты керағар екенін түсін, есіңді жи!

— 304 —

Қасиетті Хадистерде, ақырзамандағы екіжүзділер мен дін дұшпандары және солардың басын құрайтын Суфиян мен Тажал сияқты аса қауіпті тұлғалар Ислам жамағаты мен бүкіл адамзаттың ашкөздігін, алауыздығын пайдаланып, аз ғана күшпен адамзаттың тас-талқанын шығарып, Ислам әлемін жаулап алатындығы баяндалған.

Ей, иманды жандар! Егер қор болып құлдыққа түскілерің келмесе, ақылға келіңдер. Алауыздықтарыңды пайдаланып отырған залымдарға қарсы қасиетті

﴿ اِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ اِخْوَةٌ ﴾

қамалына кіріп қорғаныңдар. Әйтпесе, өмірлеріңді сақтап, құқықтарыңды қорғап қала алмайсыңдар. Екі батыр бір-бірімен жұлқыласып жатқанда кішкентай бала екеуін де ұра алады. Таразының екі басына екі бірдей тау қойылып, тепе-тең тұрғанда титтей бір тас екеуінің тепе-теңдігін бұзып олармен "ойнай" алады. Біреуін жоғары шығарса, екіншісін төмен түсіреді.

Ей, имандылар! Алты бақан алауыз боп қырқысу, сендерді күш-қуаттан айырып, әлсіретеді. Болмашы күштің қыспағында жаншылып қаласыңдар. Қоғамдық өмірдің қамын ойласаңдар

اَلْمُؤْمِنُ لِلْمُؤْمِنِ كَالْبُنْيَانِ الْمَرْصُوصِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا

ұлы қағидаларын тұрмысқа ендіріп, дүниеде қайыршылықтан, ақыретте бақытсыздықтан құтылыңдар!

Алтыншыдан, жауласу мен қасарысу рухани өмір мен құлшылықтың шырқын бұзады. Нағыз бақытқа қол жеткізетін "шынайы ықылас" жойылады. Себебі, қырсық әрі бір жағына болысушы адам қайырлы істерде өзінің қарсыласынан басым болғысы келеді. Ондайда Аллаһ үшін шынайы ықыласпен амал ете алмайды. Үкім мен қарым-қатынаста өз жағына бүйрегі бұрады. Әділ бола алмайды. Қайырлы амалдар мен іс-әрекеттердің негізі болып саналатын "шынайы ықылас" пен "әділет" дұшпандық ой мен қысастықтың кесірінен жоғалады.

Бұл алтыншы мәселе өте ұзақ. Бірақ, қабілетіміз осы жерде тоқтағандықтан көп созбадық.

— 305 —

ЕКІНШІ БӨЛІМ

﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ اِنَّ اللّٰهَ هُوَ الرَّزَّاقُ ذُو الْقُوَّةِ الْمَت۪ينُ ٭ وَكَاَيِّنْ مِنْ دَٓابَّةٍ لَا تَحْمِلُ رِزْقَهَا اَللّٰهُ يَرْزُقُهَا وَاِيَّاكُمْ وَ هُوَ السَّم۪يعُ الْعَل۪يمُ ﴾

Ей, иманды жан! Мұның алдында дұшпандық ойдың қаншалықты зиянды екендігін түсіндің. Енді сол дұшпандық іспетті Ислам өміріне аса қатерлі аурудың ашкөздік екенін де түсін. Ашкөздік адамның мақұрым қалуына себепші болады. Ол да бір дерт және сорлылық, бейшаралық. Ол сені құралақан қалдырып, қайыршылыққа ұшыратады. Басқа ұлттарға қарағанда, ашкөздікпен байлықтың соңына түскен яһуди халқының қор болып, кедейшілікпен күнелтулері мұның айқын дәлелі. Ашкөздік деген бәле тіршіліктегі ең үлкен ортадан бастап, ең ұсақ нәрселерге дейін жағымсыз әсерін қалдырады. Ал, тәуекел етіп, несібесін табуға тырысу - бақыт көзі. Барлық жерде жағымды әсерін қалдырады. Тіршілік иесі, азыққа мұқтаж жеміс ағаштары мен өсімдіктерге қарайық. Олар тәуекел еткендей, қанағат еткендей болып ашкөздік көрсетпегендіктен бір орында тұрса да оларға азық өздері келеді. Жануарларға қарағанда әлдеқайда көп тұқым шашады. Ал жануарлар болса, азықтарының соңына түсіп ашкөздене іздегендіктен қанша қиналса да қарны тойып қоректене алмайды. Жануарлардың төлдерін алайық. Олар дәрменсіз, әлсіз хал- жайымен Аллаһқа сенім артқандықтан оларға заңды жолмен, өте нәрлі, дәмді қоректің Құдайдың рақымдылық қорынан берілуі, ал азығына ашқарақтана ұмтылған жыртқыш аңдардың заңсыз жолмен көп қиналып, қаңғып жүріп ашкөздене тапқан лас жемтігі; ашкөздік мақұрымдыққа себепкер, ал тәуекел мен қанағат Құдайдың рақымдылығына жол ашатындығын көрсетеді.

— 306 —

Адамзат қауымының ішінде байлықтың соңына түсіп, дүниеауи өмірге ашкөздікпен жабысуда алдына жан салмайтын яхуди халқының заңсыз жолдармен, өсімқорлықпен, өліп-өшіп тапқан малының өзіне де пайдасы аз. Олар сол дүние байлықтарының қарауылдары ғана. Басқа халықтардың алдында сатқын, опасыз, алаяқ ретінде қудалау көріп, қырғынға ұшырауы ашкөздіктің бейшаралық пен шығынға ұшырататындығын көрсетеді. Ашкөз адам қашанда шығынға душар болатындығына дәлел болатын оқиғалардың көптігі сонша اَلْحَر۪يصُ خَائِبٌ خَاسِرٌ сөзі ел аузында мақал боп тараған. Жұрт мұны "заңды ақиқат" ретінде мойындайды. Демек, бұл ақиқат. Егер байлықты жақсы көрсең ашкөз болма. Қанағатпен талап қыл. Сонда байлығың арта түседі.

Қанағатшыл мен ашкөз адамның жағдайы мына екі кісінің мысалына ұқсайды. Олар ұлы мәртебелі бір кісінің қонақ үйіне келеді. Біреуі ішінен: "Мені тек қана ішке кіргізсе, сырттағы аяздан құтылсам болды. Босағадағы орындыққа отыруыма рұқсат берсе, соған да рахмет" дейді.

Екіншісі ол жерде ақысы бар адамдай, жұрттың бәрі оны сыйлауы тиіс секілді... "Маған төрден орын беруі керек" дейді. Сөйтіп, ол ашкөздене кіреді. Жоғары орындарға көз тігіп, төрге шыққысы келеді. Бірақ, үй иесі оны кері қайтарып, босағаға отырғызады. Әлгі адам оған рақмет айтудың орнына, іштей ренжиді. Қонақ үй иесін сынға алады. Қонақ үй иесі де оның мұнысын көтере алмай, суық қарайды.

Бірінші адам кішіпейілділік танытады. Үйге кіргенде босағадағы аласа орындыққа отыра салғысы келеді. Оның бұл қанағатшылдығы сарай иесіне қатты ұнайды. "Жоғары шық, төрлет!" дейді. Әлгі адам одан сайын рахметін жаудырып, ризашылығы арта түседі.

Міне, сол сияқты мына дүние Рахманның қонақ үйі. Жер беті Оның рақымдылық дастарханы. Несібелердің дәрежелері мен бақ-дәулеттің мәртебелері мысалдағы орындықтар тәрізді.

Қарапайым істерде де әр адам ашкөздіктің жаман әсерін байқай алады.

Мысалға, екі қайыршының біреуі ашкөздене сұрап тұрса, оның қылығы көңілге қонбай, үнсіз тұрған екінші қайыршыға мейірімі түсіп оған садақа беруді кімнің де болса жүрегі қалайды.

— 307 —

Мысалға, түнде ұйқың келмей қойды. Мән бермей жайбарақат жатсаң, ұйықтап қалуың мүмкін. Ал, сен "неге ұйқым қашып кетті", "ұйықтауым керек" дей берсең, ұйқыңды мүлдем қашырып аласың.

Мысалға, маңызды шаруа үшін біреуді тағатсыздана күтсең. "Қайда жүр, келмеді ғой" деген ашкөздік, сабырыңды тауысып, тағатсыздана шыдамай кетіп қалсаң, бір минут өтпей-ақ күткен адамың келеді. Бірақ маңызды шаруаң бітпей, нәтижесіз қалады.

Бұл оқиғалардың сыры мынада, мысалға нан дайын болуы үшін егістік, қырман, диірмен, таба керек. Демек, өзіндік сатылары бар. Ашкөз адам сабырсызданып қалыпты әрекет етпегендіктен, тәртіпті құбылыстың рухани сатыларын елеп-ескермейді. Я сатыдан аттап, құлап түседі. Немесе сатының бір тепкішегін кем басып, ақырында мақсатына жете алмайды.

Ей, күнкөрістің қамымен есіл дерті дүние мен мал-мүлікке ауған бауырлар! Ашкөздіктің осыншама зиянды бәле екенін біле тұра, әр түрлі қорлыққа шыдап, мал-мүліктің соңында адалды араммен араластырып, қайдан, қалай келсе де пайда тапсам болды деп, ақыреттік өміріңе қажетті қанша нәрселерді қалай пида қылып жатырсыңдар? Тіпті, ашкөздіктің кесірінен Ислам шарттарының ең маңыздыларының бірі - зекетті де ұмытасыңдар. Ал, зекет әрбір адам үшін берекенің көзі, бәлекеттің тосқауылы. Зекет бермеген адамның, сол зекеттің құнындай мал-мүліктен айрылатыны сөзсіз. Я құр босқа тегін кетеді, я болмаса бір бәлекетке ұшырайды.

Бірінші дүние жүзілік соғыстың бесінші жылында ақиқат бір түс көрдім. Сол ғажайып түсімде маған сұрақ қойылды. "Мұсылмандардың басына келген мына ашаршылықтың, дүние-мүліктен жұрдай болудың және осынша ауыр жағдайдың себебі не?"

Түсімде былай деп жауап бердім.

"Хақ Тағала өзі берген мал-мүліктің кейбір түрінен он пайыз, { Сілтеме*: Жылда қайталанып өнім беріп тұрған бидай сияқты егіннің оннан бір бөлігі.} кейбіреуінің қырықтан бірін { Сілтеме**: Бұрыннан бері жинаған мал-мүліктің қырықтан бірі.} кедейлерге беріп, олардың дұғасын алсын, өшпенділігі мен ашу ызасын туғызбасын деп бізден сұрады. Біз ашкөздік пен сараңдық жасап бермедік. Хақ Тағала жиналып қалған зекетінің қырықтан отыз, оннан сегізін алды.

Жылына бір-ақ ай жетпіс түрлі сыры бар ашығуды сұрады. Біз нәпсімізді аядық, ләззәті мол, уақытша аштыққа шыдамадық, ораза

— 308 —

тұтпадық. Хақ Тағала жаза ретінде жетпіс түрлі бәлелі аштықты алдымыздан келтірді. Бес жыл бойы оразаның бір түрін мәжбүрлі түрде тұтқызды. Жиырма төрт сағаттың тек бір сағатын жанға жайлы, нұрлы, пайдалы, Раббымыздың ұлы тәліміне яғни намазға жұмсауды сұрады. Біз жалқаулығымыз ұстап намаз бен дұғаны орындамадық. Сол бір сағатты да басқа сағаттарға қосып босқа өткіздік. Хақ Тағала солардың өтеуі ретінде бес жыл бойы соғысқа салып, жаттығу жасатып, зыр жүгіртіп намаздың бір түрін оқытқызды" деген едім.

Содан оянып кеттім. Ойланып отырып, осы бір түсте аса маңызды ақиқат барын түсіндім. "Жиырма бесінші сөзде" бүгінгі мәдениет пен Құран үкімдерін салыстыра отырып, толық дәлелденгеніндей, адамзаттың қоғамдық өміріндегі жаман қылықтар мен жүгенсіздіктер және қақтығыс біткеннің бәрі екі ауыз сөзден тұрады.

Бірінші сөз: "Мен тоқ болған соң, басқаның аштан өлгенінде не шаруам бар."

Екінші сөз: "Сен еңбек ет, мен қызығын көрейін."

Бұл екі сөздің жебеушісі өсімқорлықтың дамуы мен зекеттің берілмеуі. Қоғамның осы екі қауіпті дертін емдейтін жалғыз шара бар. Ол - зекет беру баршаға ортақ қағидаға айналып, өсімқорлыққа тыйым салу.

Сондай-ақ, бұл тек жеке бастың немесе белгілі бір топтың ғана емес, күллі адамзат баласының бақытының темірқазығы, тіпті, адамзат өмірін жалғастыратын негізгі тірек - зекет. Өйткені, адамзат екі топтан, яғни байлар мен кедейлерден тұрады. Байлардың кедейлерге деген қамқорлығы мен қайырымдылығын, ал кедейлердің байларға деген құрметі мен бағынуын қамтамасыз ететін - зекет. Әйтпесе, кедейлердің басына зұлымдық пен үстемдіктің қара бұлты төнеді. Кедейлер де байларға қарсы көтеріліп, ылаң салады. Адамзаттың осы екі тобы арасында әрдайым осындай күрес пен дау жалғасып келеді. Бара-бара Ресейде болғаны секілді еңбек пен капиталдың соғысына айналады.

Ей, кең пейілді, намысты жандар! Жаны жомарт, жайсаң мінез ағайын!

Қайыр-садақа зекет ретінде берілмесе, оның үш зияны бар. Кейде босқа пайдасыз кетеді. Өйткені, Аллаһ ризалығы үшін бермеген соң міндетсінесің. Кедей бейшараны кіріптар қылып, басынасың. Сөйтіп,

— 309 —

жарлының қабыл болғыш дұғасынан мақұрым қаласың. Шындығында сен Хақ Тағаланың құлына беретін мал-мүлкін таратушы қызметкері бола тұра, өзіңді сол дүние-мүліктің иесімін деп, масығып кетесің. Егер, зекет ретінде берсең, Хақ Тағала үшін бергендіктен сауап аласың, саған берілген нығметтерге шүкіршілік қыласың. Ол мұқтаж адам да саған жағыну үшін жағымпазданбайды. Сондықтан ары да тапталмайды. Сен үшін жасаған дұғасы да қабыл болады.

Зекет мөлшеріндей, тіпті одан да көп шығынмен жасаған жақсылықтарың немесе атыңды шығару үшін, өзіңді көрсетіп қалу үшін, басқа ниетпен де мал шашып, екіжүзділік, даңқ құмарлық, міндетсінушілік секілді бәлелерге ұшыраудың мәні қандай? Ал, зекет атымен сол жақсылықтарды жасап, парызыңды орындап, сауап алып, шынайы ықыласқа қол жеткізіп, пақырлардың қабыл болғыш дұғасын алудың мәні қандай?

﴿ سُبْحَانَكَ لَا عِلْمَ لَنَٓا اِلَّا مَا عَلَّمْتَنَٓا اِنَّكَ اَنْتَ الْعَل۪يمُ الْحَك۪يمُ ﴾
اَللّٰهُمَّ صَلِّ وَ سَلِّمْ عَلٰى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ ۨالَّذ۪ى قَالَ اَلْمُؤْمِنُ لِلْمُؤْمِنِ كَالْبُنْيَانِ الْمَرْصُوصِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا وَ قَالَ اَلْقَنَاعَةُ كَنْزٌ لَا يَفْنٰى وَعَلٰٓى اٰلِه۪ وَصَحْبِه۪ٓ اَجْمَع۪ينَ اٰم۪ينَ وَالْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَم۪ينَ
— 310 —

Соңғы сөз Ғайбат туралы

بِاسْمِهِ وَاِنْ مِنْ شَيْءٍ اِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِه۪

Біреуді жамандау айып және нашар қылық екенін, жиіркеніштілігін Құран Кәрім бір ғана аятымен алты жақты көрсеткендігі "Жиырма бесінші Сөзде" тәпсір етілген. Құранның назарында ғайбаттың қаншалықты жаман нәрсе екендігі анық көрініп тұрғандықтан, басқаша түсіндірудің қажеті жоқ. Құранның баяндауынан артық баян болмайды, болуы да мүмкін емес.

Міне

﴿ اَيُحِبُّ اَحَدُكُمْ اَنْ يَاْكُلَ لَحْمَ اَخ۪يهِ مَيْتًا ﴾

аяты жамандауды алты жақтан айыптайды. Ғайбаттауға алты мәрте қатты-қатты тыйым салады. Бұл аят біреуді сыртынан жамандайтындарға назар салғанда, мағынасы төмендегідей болады.

Аяттың басындағы "хамза" сұрау белгісі, "рас па?" деген мағынада. Бұл сұрау мағынасы су сияқты, аяттың барлық сөздеріне жайылып, әсер етеді. Әрбір сөзде жасырын түрде тыйым бар.

Біріншісі: " хамза" арқылы, апырым-ай, бұл қылық тым азғын нәрсе екенін түсінбейтін, сұрақ-жауап орны болып табылатын ақылдан шынымен жұрдай болғансыңдар ма? - дейді.

Екіншісі: يُحِبُّ сөзімен сүю не жек көру қасиетіне ие жүректеріңді, тым жиіркенішті нәрсені сүйетіндей шынымен қара басқан ба? - дейді.

Үшіншісі: اَحَدُكُمْ сөзімен, қоғамнан нәр алып тұрған тіршілік тынысын улайтын мынадай іске жол беретіндей мәдени, өркендеген қоғамдарыңа не болған? - дейді.

Төртіншісі: اَنْ يَاْكُلَ لَحْمَ сөзі арқылы, өз досыңды айуанша жұлып жейтіндей, шынымен адамгершіліктен жұрдайсыңдар ма? - дейді.

Бесіншісі: اَخ۪يهِ сөзімен, ағайын туысқа деген бауырмалдық, жанашырлық қайда? Өз бауырыңдай байғұс бір адамның рухани

— 311 —

тұлғасын аяусыз тістелеп жұлмалайсыңдар кеп. Өз денелеріңді өздерің шайнап, жұлып жейтіндей шынымен есуассыңдар ма? - дейді.

Алтыншысы: مَيْتًا сөзімен: Ар-ұждан қайда? Жарат-ылыстарың бұзылған ба? Қадірменді бауырыңның етін жегендей ең жексұрын қылықты қалай жасайсыңдар? - дейді.

Демек, бұл аяттың түсіндіруімен және сөздерінің әрқилы дәлелдерімен жамандау мен ғайбат сөз айту адамның ақылы, жүрегі, адамгершілігі, ар-ұжданы, жаратылысы сүй-мейтін және халық алдында да жаман қылық. Осы аяттың ғайбаттауды үсті-үстіне айыптап, осындай күнәға шешен тілмен алты рет тыйым салғанына зер сал.

Ғайбат - қара ниетті, күншіл және қырсық адамдардың өте көп қолданатын жексұрын қаруы. Ар-намысты адамның бұл лас қаруды қолдануға ұжданы шыдамас. Атақты бір кісі былай деген екен:

اُكَبِّرُ نَفْس۪ى عَنْ جَزَاءٍ بِغِيْبَةٍ ٭ فَكُلُّ اِغْتِيَابٍ جَهْدُ مَنْ لَا لَهُ جَهْدٌ

Яғни: "Дұшпанымды ғайбатпенен жазалаудан бойымды аулақ салдым. Өйткені ғайбат айту пасықтар мен арсыздардың лас қаруы.

Егер, өзі жайлы бір сөз айтылған кезде, әлгі адам сол жерде болса немесе басқа жақта жүріп сол сөз туралы естігенде ренжісе, онда ол ғайбат боп саналады. Егер, айтылған сөз дұрыс болса ғайбат. Ал, өтірік болса һәм ғайбат, һәм жала. Бұл екі есе күнә.

Кейбір жағдайларда ғана жамандау күнә болып саналмауы мүмкін.

Біріншісі: Біреудің бәле-жаласынан арашалап, ақысын алып беру үшін көмек сұрау мақсатымен, қызмет орнындағы адамға шағым түрінде айту.

Екіншісі: Бір кісі екінші біреумен ортақ жұмыс істегісі келеді. Сенен ақыл-кеңес сұрайды. Сен ізгі ниетпен, тек сол мәселе үшін және сенен ақыл сұрағандықтан, "онымен ортақ болма, зиянға ұшырайсың" дей аласың.

Үшіншісі: Айтқан кездегі мақсаты қорлау немесе кемсіту емес, оны сипаттау, анықтау үшін, "ол ақсақ немесе қаңғыбас, пәлен жерге кетті" деуге болады.

— 312 —

Төртіншісі: Жамандалған кісі егер бетімен кеткен нағыз пасық болса, яғни опасыз қылықтарына ұялмай, керісінше, жасаған зұлымдықтарына мақтанып, істеген ісіне рахаттанып, ашықтан ашық жасай берсе.

Міне, осындай жағдайларда ғана арам ойсыз, ақиқат үшін, түзету мақсатымен айтуға болады. Әйтпесе, оттың отынды жұта беретіндігі сияқты, ғайбат та салих амалдардың сауабын жалмап түк қалдырмайды.

Егер біреу өзі ғайбат айтса немесе өз еркімен тыңдаған болса

اَللّٰهُمَّ اغْفِرْلَنَا وَ لِمَنِ اغْتَبْنَاهُ

деп дұға оқысын. Кейін, сол жамандалған адамды көргенде, "мені кешір" деп, ғафу өтінсін...

اَلْبَاق۪ى هُوَ الْبَاق۪ى
Саид Нұрси