Хаттар
— 291 —

ЖИЫРМА БІРІНШІ

МЕКТУБ
بِاسْمِه۪ سُبْحَانَهُ وَاِنْ مِنْ شَيْءٍ اِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِه۪
﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ اِمَّا يَبْلُغَنَّ عِنْدَكَ الْكِبَرَ اَحَدُهُمَٓا اَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُلْ لَهُمَٓا اُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُلْ لَهُمَا قَوْلًا كَر۪يمًا ٭ وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُلْ رَبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَان۪ى صَغ۪يرًا ٭ رَبُّكُمْ اَعْلَمُ بِمَا ف۪ى نُفُوسِكُمْ اِنْ تَكُونُوا صَالِح۪ينَ فَاِنَّهُ كَانَ لِیلْاَوَّاب۪ينَ غَفُورًا ﴾

Ей, үйінде қарт анасы немесе әкесі, не болмаса мүгедек, науқас туысқаны яки дін бауыры бар, бейқам пенде! Мына қасиетті аятқа назар аудар.

Бір аятта, бес мәрте, қайта-қайта, қартайған ата-анаға жанашырлықпен қарауды бұйырған. Дүниедегі анық бір ақиқат, ата-ананың балаларына деген мейірбандығы. Олардың сол мейіріміне жауап ретінде балаларының оларға құрмет көрсетуі ең жоғарғы заңдылық болып саналады. Өйткені олар, өз өмірлерін балаларының қамы үшін сарп етеді. Ендеше, адамгершілігі жоғалмаған және жыртқышқа айналмаған әрбір перзент, сол пәк жанкештілерге құрмет көрсетіп, шын жүректен қызмет етіп, ризалықтарын алып, көңілдерін шаттыққа бөлеуі тиіс. Әкенің аға-інілері мен апа-қарындастары - әке есебінде, ананың апа-сіңілері мен аға-інілері - ана есебінде болады. Міне, сол аяулы қарттарды ауырсынып, оларға өлім тілеу, қандай арсыздық екенін біл, есіңді жи! Өз өмірін сенің жолыңда пида еткен жанкештінің өмірден өтуін тілеу, қаншалықты жиіркенішті зұлымдық, ұятсыздық екендігін түсін...

— 292 —

Ей, күнкөріс қамымен жүрген пенде! Расында сенің үйіңдегі берекеттің тірегі, мейрімнің бұлағы және бәлекетке тосқауыл, үйіңдегі сол сен ауырсынған қарт, немесе зағиб туысқаның екенін біл! "Күн көрісім нашар, асырай алмаймын..." деуші болма. Өйткені, солардың арқасында келген берекет болмаса, сенің күнкөрісің онан бетер нашарлап кетер еді. Бұл шындық. Сөзіме сен. Бұның көптеген нақты дәлелдерін білемін, сені де сендіре аламын. Бірақ көп сөйлемеу үшін қысқа қайырамын. Осы сөзіме тоқта. Ант етемін, бұл нағыз ақиқат. Тіпті нәпсім мен шәйтаным да бұған қарсы тәслім болған. Нәпсімнің қырсықтығын сындырып, шәйтанымның үнін өшірген бір ақиқат саған қанағат беруі керек. Ғалам куә Аса Рахман, Рахим және Латиф, Кәрим Халиқ-ы Зүлжәлал-і Уәликрам, сәбилерді дүниеге жіберген кезде, олардың артынан ризықтарын да ғажайып түрде жібереді. Аналарының бұлақтай омырауларынан ауыздарына сүт ағызғаны іспетті, балаға ұқсап қалған және сәбилерден де артық мейірімге лайық, жанашырлыққа мұқтаж қарттардың ризықтарын да, берекет түрінде жібереді. Олардың күнкөрістерін, ашкөз және сараң адамдарға жүктемейді.

﴿ اِنَّ اللّٰهَ هُوَ الرَّزَّاقُ ذُوالْقُوَّةِ الْمَت۪ينُ ٭ وَكَاَيِّنْ مِنْ دَٓابَّةٍ لَا تَحْمِلُ رِزْقَهَا اَللّٰهُ يَرْزُقُهَا وَاِيَّاكُمْ ﴾

аяттары жеткізіп тұрған ақиқатты, бүкіл тіршілік иелерінің барлық түрлері хал тілімен жар салып, осы бір ұлы ақиқатты айтуда. Тек қарттар ғана емес, тіпті адамдарға жолдас етіп берілген, және ризықтары адамдардың ризықтарымен қоса жіберілетін мысық сияқты кейбір жануарлардың ризықтары да, берекет түрінде келеді. Мұны қуаттай түсетін және өзім куә болған бір мысал: Менің жақын достарым біледі, екі-үш жыл бұрын күніне жарты нандық несібем болатын. Бұл нан көбіне аздық ететін. (Ол ауылдың нандары кішкентай болатын). Кейінірек осы азғантай нәпақамды төрт мысықпен бөлістім. Дәл сол мөлшердегі ризығым маған да, оларға да жетті. Тіпті, артылып қалатын-ды. Міне, бұл жағдай, сан рет қайталануы арқылы менің көзімді мынаған анық жеткізді: Мен мысықтардың берекетінен пайдалануда екенмін. Олар маған жүк емес еді. Олар маған емес, мен оларға қарыздар екем.

— 293 —

Ей, пенде! Мінеки, жыртқыштау бір хайуанның өзі адамдардың үйіне қонақ боп келген кезде, берекетке себеп болады екен. Ендеше жаратылыстардың ең қадірлісі болған адам, және адамдардың ең сыйлысы болған әлсіз, науқас қарттар, және мейірім мен қызметке ең лайық, әрі оған құқы да бар жақын туысқандар, олардың ішіндегі ең абзал, ең сыйлы ата-ана қартайған кезінде өз баласының үйінде болса, қаншалықты берекеттің себебі, мейірімнің дәнекері болатындығы анық.

لَوْلَا الشُّيُوخُ الرُّكَّعُ لَصُبَّ عَلَيْكُمُ الْبَلَٓاءُ صَبًّا

яғни: "Белі бүкірейген қарттарыңыз болмаса, төбелеріңе бәлелер сел құсап төгілер еді" деген хадистің сыры бойынша қарттардың қаншалықты дәрежеде бәлекетті тоқтататын себеп екендігін салыстыра бер.

Ей пенде! Ақылға кел! Егер сен өлмесең, қартаясың...

﴿ اَلْجَزَٓاءُ مِنْ جِنْسِ الْعَمَلِ ﴾

аятының сыры бойынша, сен ата-анаңа құрмет етпесең, сенің балаларың да саған қызмет етпейтін болады. Егер ақыретіңді жақсы көрсең, міне саған жақсы болғандығын қаласаң, қымбат қазын, зор байлыққа кенелуді армандасаң, ата-анаңа қызмет ет, ризашылықтарын ал. Егер дүниені жақсы көретін болсаң, тағы оларды қуант. Осылайша солардың арқасында өмірің рахатпен, ризығың берекелі өтсін. Әйтпесе, оларды жек көріп, жақтырмай, өлімдерін тілеу және олардың тез мұңайып қалатын көңілдерін түсіру арқылы

﴿ خَسِرَ الدُّنْيَا وَ الْاٰخِرَةَ ﴾

сырына ұрынасың. Егер Рахманның мейірімін қаласаң, сол Рахманның саған берген және сенің үйіңдегі аманаттарына мейіріммен қара.

Ақырет бауырларымның ішінде Мұстафа Шауыш атты бір досым бар еді. Діни тұрғыдан да, дүниелік тұрғыдан да аса табысты екенін көретінмін. Бірақ, оның сырын біле алмай жүрдім. Кейін түсіндім, ол табыстың себебі, әлгі кісі қарт әкесі мен анасының қадірін жақсы түсінген және соған толық үйлесімді түрде ата-анасына қызмет еткен екен. Солардың арқасында рахатты да, мейірімді де тапқан көрінеді. Иншаллаһ ақыретін де түзеген болу керек. Бақытты болғысы келгендер соған ұқсасын...

— 294 —
اَللّٰهُمَّ صَلِّ وَسَلِّمْ عَلٰى مَنْ قَالَ اَلْجَنَّةُ تَحْتَ اَقْدَامِ الْاُمَّهَاتِ وَ عَلٰى اٰلِهِ وَصَحْبِهِ اَجْمَع۪ينَ
﴿ سُبْحَانَكَ لَا عِلْمَ لَنَٓا اِلَّا مَا عَلَّمْتَنَٓا اِنَّكَ اَنْتَ الْعَل۪يمُ الْحَك۪يمُ ﴾