Хаттар
— 24 —

БЕСІНШІ МЕКТУБ

بِاسْمِه۪ سُبْحَانَهُ وَاِنْ مِنْ شَيْءٍ اِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِه۪

Нақшибенди тариқатының қаһарманы және бір күні болған бірі Имам Раббани (р.а.), Мектубатында былай деген: "Иман ақиқаттарының бір ғана мәселесінің түсінікті болуын, зауық пен кереметтерден туындайтын мыңдаған ләззаттардан артық көремін"

Тағы бір сөзінде: "Бүкіл тариқат жолдарының соңғы нүктесі - иман ақиқаттарын түсіну, соларға қол жеткізу" - деген.

Басқа бір жерде былай деген: " Әулиелік үш түрлі болады:

Біріншісі: Кіші әулиелік (уәлаят-ы суғра). Бұл кәдімгі әулиелік.

Екіншісі: Орташа әулиелік (уәлаят-ы уста).

Үшіншісі: Ұлы әулиелік (уәлаят-ы кубра). Ұлы әулиелік пайғамбарлыққа ізбасар болу жолымен, тариқаттың машақатты жолдарынан өтпей-ақ бірден ақиқатқа жол ашу".

Тағы да былай деген: "Нақшибенди тариқатында екі қанатпен кемелдік жолына түсу бар". Яғни, "Иман ақиқаттарына шын жүрекпен сену және діни парыздарды орындау арқылы болады. Осы екі нәрседе кемшілік болса, ол жолмен жүре алмайды". Ендеше, Нақшибенди тариқатындағыларға үш түрлі жол бар.

Біріншісі және ең үлкені: Тікелей иман ақиқаттарына қызмет ету. Имам Раббани (р.а.) де өмірінің соңында осы жолға түскен.

Екіншісі: Д іни парыздарға және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көркем Сүннетіне тариқат жолы арқылы қызмет ету.

Үшіншісі: Сопылық жолымен рухани жараларын жазуға тырысу, яғни жүрекпен алға ұмтылу, рухани кемелдену. Біріншісі - парыз, екіншісі - уәжіп, ал үшіншісі - сүннет есебінде.

Ендеше ақиқат осылай мен де былай деп шамалаймын: Егер Абдулқадир Гейлани (р.а.), Шах Нақшибенд (р.а.), Имам Раббани (р.а.) секілді тұлғалар қазір тірі болса, онда олар бүкіл күш - қайраттарын иман ақиқаттары мен Ислам ақидасының күшеюіне сарп етер еді.

— 25 —

Өйткені, мәңгілік бақыттың дәнекері солар. Егер, оларда кемшілік болса, мәңгілік бақытсыздыққа себеп болады. Имансыз Жәннатқа кіру мүмкін емес. Ал, тариқатсыз Жәннатқа кеткендер көп. Адам нансыз өмір сүре алмайды, бірақ жеміс жемей-ақ тіршілік етуге болады. Тариқат - жеміс, Ислам ақиқаттары - азық.

Бұрынғы кездері қырық күннен бастап қырық жылға дейін рухани кемелдену арқылы иманның кейбір ақиқаттарына ғана жетуге болатын-ды. Жаратушы Хақтың рахметімен қазіргі таңда сол ақиқаттарға қырық минутта жететін жол табылса, оған мән бермеу, немқұрайлылық таныту, әлбетте ақылдының ісі емес.

Міне, Отыз Үш Сөз, Құран ақиқаттары арқылы осындай жол ашқанын мұқият оқығандар анық байқайды. Бұл, рас.

Ендеше, Құранның сырларына қатысты жазылған Сөздер, қазіргі заманның рухани жараларына ең шипалы дәрі, ем және дінсіздік шабуылына душар болған Ислам әлеміне қалқан, ең пайдалы нұр, сондай-ақ адасушылық батпағында дағдарып қалғандар үшін ең сенімді жолбасшы екендігіне сенемін. Егер адам білімсіздігінен адасып жүрген болса, оның жөнге келуі оңай. Алайда, оқыған, білем деген жан адасып жатса, оны жөнге келтіру қиын. Бұрынғы заманда адасудың екінші түрі мыңнан бір жағдайда болатын еді. Ондайлардың тек мыңнан бірі ғана түсіндіру арқылы жөнге келетін. Себебі, ондайлар өздеріне сенімді болады. Өзі білмейді, бірақ бәрін білемін деп ойлайды. Жаратушы Хақ Құран Хакимнің нұрлы шұғыласы болған Сөздерге бүгінгі күнгі адасу мен азғындаушылыққа қарсы дәрі боларлық қасиет берген деген ойдамын.

اَلْبَاق۪ى هُوَ الْبَاق۪ى
Саид Нұрси