Хаттар
— 26 —

АЛТЫНШЫ МЕКТУБ

بِاسْمِه۪ سُبْحَانَهُ وَاِنْ مِنْ شَيْءٍ اِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِه۪
سَلَامُ اللّٰهِ وَ رَحْمَتُهُ وَ بَرَكَاتُهُ عَلَيْكُمَا وَ عَلٰٓى اِخْوَانِكُمَا مَادَامَ الْمَلَوَانِ وَ تَعَاقَبَ الْعَصْرَانِ وَ مَادَارَ الْقَمَرَانِ وَ اسْتَقْبَلَ الْفَرْقَدَانِ
Жігерлі бауырларым, қайратты достарым және
дүние деген ғаріптік мекендегі жұбаныштарым!

Жаратушы Хақ сендерді пікіріме берілген мағыналарға үлескер еткен екен, әлбетте сезімдеріме де үлескер болуға хақыңыз бар. Сендерді көп мұңайтпау үшін айдаудағы аса қиын кездерді әңгіме қылмай-ақ, тек бір бөлігін ғана баяндамақпын.

Екі-үш ай болды, мүлдем жалғыз қалдым. Он бес, жиырма күнде бір қонақ келеді, басқа кезде жалғызбын. Жиырма күнге таяды, таудағы малшылар да жоқ, тарап кетті...

Міне, қас қарайып, түн болды. Мына ғаріп тау іші тым-тырыс, тек қана ағаштардың шер төккендей сыбдырлары естіледі. Бірінің ішіне бірі кіріп тұрған бес түрлі ғаріптік жағдайымды байқадым.

Біріншісі: Кәріліктің белгісі осы. Құрдастарым мен достарымнан және жақындарымның барлығынан дерлік айырылып жалғыз, ғаріп болып қалдым. Олар мені тастап Барзах әлеміне кеткендіктен мұңды, ғаріп халді сездім. Осы ғаріптіктің ішінен екінші бір ғаріптік шеңбері ашылды. Бұл да менімен байланыста болған жаратылыстардың көбі өткен көктем құсап мені тастап кетуінен туындаған қимастықтың ғаріп сезімі еді. Бұл жағдайдан, тағы бір ғаріптік шеңбер ашылды. Отанымнан, ағайын-туыстан жырақ, жалғыз қалуымнан туындаған ғаріптікті сезіндім. Түн ішінде таулардың жалғызсыраған кейіпі маған тағы бір аянышты ғаріптікті сездірді. Және мына уақытша мейманхана - дүниеден мәңгілікке қарай кетіп бара жатқан рухымды әдеттен тыс ғаріп халде көрдім. Бірден "Фәсүбханаллаһ" дедім; "Бұл ғаріптіктер мен қараңғылықтарға қалай төтеп беруге болады?" деп ойладым.

— 27 —
Көңілім жанұшыра:

"Я, Раб! Ғаріппін, жалғызбын, күшсізбін, сырқатпын, әлсізбін, қартпын!..

Ықтиярсызбын! Дәрмен тілеймін, кеңшілігіңді іздеймін, медет сұраймын дәргейіңнен, Иләһи!" деді.

Бірден иманның нұры, Құранның берекеті, Рахманның ілтипаты көмекке жетті. Әлгі бес қараңғы ғаріптікті достықтың бес нұрлы шеңберіне айналдырды.

Тілім: حَسْبُنَا اللّٰهُ وَنِعْمَ الْوَك۪يلُ деді. Көңілім:

﴿ فَاِنْ تَوَلَّوْا فَقُلْ حَسْبِىَ اللّٰهُ لَٓا اِلٰهَ اِلَّا هُوَ عَلَيْهِ تَوَكَّلْتُ وَهُوَ رَبُّ الْعَرْشِ الْعَظ۪يمِ ﴾

аятын оқыды.

Ақылым да қиналу мен қорқыныштан жанұшырған нәпсіме арнап, былай деді:

Қайдағы бір қайғыны айтып, ей бейшара, жылама,

Ащы жасың азайғанмен, мұң азаймас сірә да.

Қайдан келді мына қайғы күңіренген бар ғалам,

Түсіндің бе, ей ақымақ, иманы бүр жармаған?

Бұл дүние қараң қалар түсінбесең бұл сырды

Сені сыйсыз қалдырмайды Ол, тапсаң егер тылсымды.

Жасыңды тый, тәуекел де сенікі бір жай күмән,

Ал, әлемнің белі үзіліп кететіндей қайғыдан.

"Сәл шарпыған ызғарыма селт ете ме бұл адам?"

деп сынаған Құдіретті таныдың ба ей, жылаған.

Тани түссең, қасірет пен азаяды қайғың да,

Ал, ендеше құлшылық қып беліңді бу, қайғырма!

Өлеңді еркін аударма жасаған: Саматұлы Нұрлыбек

Һәм ұстаздарымның бірі Мәулана Жәлаладдиннің өз нәпсісіне айтқанындай былай дедім.

اُوگُفْتْ اَلَسْتُ و تُو گُفْت۪ى بَلٰى شُكْرِ بَلٰى چ۪يسْتْ كَش۪يدَنْ بَلَا
— 28 —
سِرِّ بَلَا چ۪يسْتْ كِه يَعْن۪ى مَنَمْ حَلْقَه زَنِ دَرْگَهِ فَقْر و فَنَا

Осы кезде нәпсім де: "Иә, иә... әлсіздік пен тәуекел арқылы, пақырлық пен жалбарыну арқылы ғана нұр қақпасы ашылар, түнектер де сейілер"

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ عَلٰى نُورِ الْا۪يمَانِ وَ الْاِسْلَامِ

деді. Мәшһүр Хәкім Атаийдің:

مَاذَا وَجَدَ مَنْ فَقَدَهُ ٭ وَ مَاذَا فَقَدَ مَنْ وَجَدَهُ

Яғни, «Жаратушы Хақты тапқан, не жоғалтар? Оны жоғалтқан, не табар?». Яғни, «Оны тапқан барлық нәрсені табады. Оны таба алмаған ешбір нәрсе таба алмас. Тапса да, басына бәле табар» сөзі қаншалықты асқақ ақиқат екендігін көрдім және طُوبٰى لِلْغُرَبَٓاءِ хадисінің сырын түсіндім, шүкір еттім.

Міне бауырларым, бұл қараңғы ғаріптіктер иман нұрымен нұрланғаны рас. Алайда, маған да біраз әсер қалдырды және: «Өзім ғаріп екенмін, жалғыздықтамын және жалғыздыққа кетемін апырмай, мына қонақ үйдегі міндетім бітті ме екен ? Сендерді және Сөздерді осында уәкіл етіп қалдырсам, мүлдем байланысымды үзсем...» деген бір ой салды. Сондықтан сендерден Сөздер жеткілікті ме? Кемшілігі бар ма? Яғни, уәзипам бітті ме? - деп сұрадым.

Егер уәзипа-міндетім біткен болса, көңілім шат, жаным рахат күйге еніп, зауықты шынайы бір жалғыздыққа кіріп дүнияны ұмытып, Мәулана Жәлаладдин айтқандай:

دَان۪ى سَمَاعِ چِه بُوَدْ ب۪ى خُودْ شُدَنْ زِهَسْت۪ى
اَنْدَرْ فَنَاىِ مُطْلَقْ ذَوْقِ بَقَا چَش۪يدَنْ

деп, асқақ бір сезімдегі ғаріптікті іздеп кетсем бе екен?" деген сұрақтармен мазалаған едім.

اَلْبَاق۪ى هُوَ الْبَاق۪ى
Саид Нұрси