Он үшінші Лема
-ның сыры жайында.
[Шайтаннан қалай сақтану керектігі туралы баяндалады. Он үш ишарадан тұрады. Кейбір ишаралар басқа жерлерде, мәселен жиырма алтыншы Сөзде түсіндірілгендіктен қысқаша жазылды]
БІРІНШІ ИШАРА. СҰРАҚ. Шайтандардың ешнәрсе жарата алмайтыны, әлемдегі құбылыстарға әсте иелік ете алмайтыны анық. Сондай-ақ Аллаһ Тағала тура жолдағыларды аса мейірімімен жарылқап, жәрдем етіп қолдап тұрады. Сонымен қатар хақ пен ақиқаттың тартымды да әсем сұлулықтары тура жолдағыларды құлшындырып, демеп тұратыны белгілі. Адасушылықтың келеңсіз де зиянды нәтижелері адасқандарды жиіркендіретіні де рас. Олай болса, неге тура жолдағы Әһл-і Хақты адасқандар көп мәрте жеңіп, басым түсіп жатады? Тура жолдағылар әрдайым шайтанның бәлесінен бір Аллаһқа сиынуының хикмет - сыры неде?
ЖАУАБЫ. Хикмет сыры мынада. Адасу мен жаманшылықтың басым көпшілігі бұзып-қирату, жоққа шығару, қабылдамау, болдырмаудан тұрады. Ал хидает, тура жол, негізінен алғанда қабылдау, орындау, бір нәрсені іске асыру, жөндеуден тұрады. Жиырма адамның жиырма күн бойы тер төгіп салған ғимаратын бір адам бір күнде бұзып тастайтыны мәлім.
Барлық сезім мүшелер аман-сау болуы арқылы, алғы шарттардың толық орындалуы арқылы жалғасын табатын адам өмірі, Жаратушы Иеміздің құдірет қолында болғанымен, бір залымның қастандық пиғылымен маңызды мүшесіне зақым берген кезде, тіршілікпен
салыстырғанда жоқ саналатын өлімге душар болады. Сондықтан "әттахриб-үл әсхәл" яғни бұзу өте оңай деген. Міне, осы сырға байланысты, адасқан кәпірлер азғантай күшпен тура жолдағы күштілерді кейде жеңіп кетіп жатады. Алайда тура жолдағылардың бекем қорғаныс тәсілдері бар. Оны жақсылап пайдаланса әлгіндей қауіпті дұшпандар жолай алмайды, әсте зиян бере алмайды.
Егер уақытша зиян берсе дағы وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتَّق۪ينَ аяты білдір-геніндей мәңгі сауап пен мол бақытқа бөленуге себеп болатындықтан ол зиянның орны еселеп қайтарылады. Әлгі қорғаныс тәсілдері мен мықты бекініс - Ардақты Мұхаммедтің (с.а.у.) шариғаты және көркем сүннеттері.
ЕКІНШІ ИШАРА. Сұрақ. Жамандыққа тұнып тұрған шайтандардың жаратылысы және олардың иманды жандарды азғыруы, солардың кесірінен көптеген адамның күпірлік жасап, жәһаннамға түсуі былай қарағанда келеңсіз де жаман боп көрінеді. Апырым-ай, мұндай жаман нәрсеге Жәмил-і Аләл Ытлақ, Рахим-ы Мұтлақ, Рахман-ы бил-Хақтың мейірімі мен қамқорлығы қалай жол береді, мұндай жағымсыз оқиғаларға неге рұқсат береді?
Бұл, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе, бұл туралы көп сұралады.
ЖАУАП. Шайтанның жаралуында азғантай жамандық болғанымен көптеген жалпыға ортақ болымды мақсаттар мен адамзаттың кемелденуі секілді игі істер көзделген. Бір дәннің сонау зәулім ағашқа айналғанға дейін қаншама мәртебесі болса, адамзаттың да қабілет жағынан мәртебесі сан-алуан. Тіпті атомнан бастап күнге дейін барарлықтай қатпарланып жатқан дәрежелері бар. Мұндай зор қабілеттің ашылып жетілуі үшін әлбетте бір әрекет, қозғалыс керек. Ондай әрекеттердің қозғаушы күші күрес. Ондай күрес шайтандар мен зиянкес нәрселердің болуы арқылы іске асады. Әйтпесе, періштелер тәрізді, адамдардың да мәртебесі бір қалыпты болып, адамзат әлемінде мыңдаған сыныптағы адамдар болмас еді. Кішкене бір жаманшылықты болдырмау үшін мыңдаған жақсылықтан бас тарту, хикмет пен әділдікке керағар іс. Иә, шайтанның кесірінен көп адамның адасып жатқаны рас. Алайда маңыздылық пен құндылық санда емес сапада. Санға көп мән берілмейді, кейде мүлдем мән берілмейді.
Мәселен, қолында бір мың он түйір дәні болған адам, оларды еккен кезде, олар химиялық өзгеріске ұшыраудың салдарынан он түйірі ғана ағашқа айналып қалған мың данасы шіріп кетті. Әлгі он дәннің иесіне берер пайдасы, шіріп кеткен мың дәннің орнын басары анық. Сол сияқты нәпсі мен шайтанға қарсы күрес арқылы адамзат әлемін жұлдыздар сияқты нұрландырып тұрған он кәміл адам шықса, солардың саясында адам баласының абыройы артып, мерейі үстем болып жатса, әлбетте зиянды жәндіктер сықылды дәрежесі төмен пенделердің кәпір болу арқылы адамзаттың абыройына дақ түсіретін зиянын жуып-шайып кететіндіктен Иләһи рахымшылық, хикмет, әділет шайтанның болуына рұқсат беріп, тиісуіне жол ашып қойған.
Уа, иманды жандар! Мұндай қауіпті дұшпандарыңа қарсы қорған Құранға сәйкес тақуалық, пана болар нәрсе, Расулуллаһтың (с.а.у) көркем сүннеті. Ал қару - истиазе яғни шайтаннан Аллаһқа сиыну және истиғфар яғни Аллаһтан кешірім сұрау, Иләһи қамқорлыққа сиыну.
ҮШІНШІ ИШАРА. Сұрақ. Құран Кәрімнің кәпірлердің үстінен қатты шағымдануы әрі аса мән беруі, зәрені ұшыратындай қорқытуы Құранның әділ де орынды сөйлейтін шешендігіне, тиімді тәсіліне, турашылдығына сырттай қарағанда үйлеспейтін тәрізді. Бейне бір әлсіз, бейшара бір адамға қалың әскер жібергендей. Сондай-ақ, Оның болмашы іс-әрекетіне бола мыңдаған ауыр қылмыс жасағандай қаһарын шашуда. Пақыр әрі қолынан ештеңе келмейтін біреуді аса жауыз әскер секілді бағалап, оның үстінен қатты шағым айтылуда. Мұның сыры, хикметі неде?
ЖАУАБЫ. Мұның сыры мен хикметі мынада. Шайтандар мен оған ергендер адасу жолында жүргендіктен, аз ғана әрекет арқылы көптеген бұзғыншылықтар жасай алады. Аз ғана қозғалыспен көп шығынға ұшыратып, көпшіліктің құқығын таптайды. Мәселен, патшаның үлкен сауда кемесінде жұмыс істейтін бір адам, аз ғана әрекетімен, тіпті өзіне жүктелген шағын міндетін атқармауы арқылы сол кемеге қатысы бар қызметкерлердің еңбектерінің нәтижесін болымсыз етіп, жемісін зая қылып, жұмыстың тоқтап қалуына себеп болатындықтан кеменің абыройлы иесі әлгі адамның үстінен кемеге қатысы бар барлық жұмысшылардың атынан үлкен шағым жасап, зәресін алатындай қорқытады және оның жасаған кішкене әрекетін
емес, ол әрекеттің кесірінен пайда болған орасан зор нәтижені назарға ала отырып, өзі үшін емес, сол жердегі қызметкерлердің ақысы үшін өте ауыр жазаға тартады. Сол сияқты Мәңгілік Аллаһ, жер шары атты кемеде тура жолдағылармен бірге болатын адасқандар мен шайтанның әскерілері, сырт қарағанда азғантай қателік жасап, бағынбау пары арқылы көптеген жаратылыстардың ақысын жегендіктен және жаратылыстың маңызды міндеттерінің жемістерінің зая болуына себеп болатындықтан, олардың үстінен үлкен шағым айтылуы, қатаң ескерту жасалуы, бұзықтықтарының алдын алу үшін көптеген нұсқаулықтар беруі шешендік, бір жағынан аса даналық және өте орынды, солай болуы жөн. Жағдайдың талабына қарай тауып сөйлеу - шешендіктің дәл өзі. Бос сөз, артық ауыз әңгімеден аулақ болу шешендіктің талабы. Өздерің білесіңдер, азғантай әрекетпен көп шығынға ұшырататын қауіпті дұшпандардан мықты да берік қорғанға кіріп сақтанбағандар қатты зардап шегіп қалары сөзсіз.
Ей, иманды жандар! Ондай берік те ғажайып қорған - Құран. Ішіне кір де аман қал!
ТӨРТІНШІ ИШАРА. Жоқ болу өте жаман нәрсе, ал бар болу өте жақсы нәрсе. Мұны зерттеуші ғалымдар мен әулиелер бір ауыздан растаған.
Иә жақсылық, кемелдік, әсемдік атаулы бір әрекеттің нәтижесінде яғни бір болған нәрсеге сүйенетіні, соған тікелей байланысты екені белгілі. Сырттай қарағанда жоқтан, еш себепсіз болып жатқандай көрінгенімен негізінде бір себеппен, жасалған істің нәтижесінде болады. Ал адасу, жаманшылық, бәле мен күнә тәрізді жағымсыз нәрселердің негізі, қайнар бұлағы жоқ болу мен еш нәрсе істемеу, қабылдамау. Ондағы жамандық пен жағымсыздық жоқ болудан, жасалмаудан пайда болады. Негізінде бір қарағанға бір себеппен, бір іс жасалған соң нәтижесі секілді көрінгенмен астарында жоқ болу, қабылдамау, бір нәрсені орындамау жатыр. Өмірде көзбен көріп жүргеніміздей, бір ғимараттың салынуы үшін барлық шарттардың орындалуы қажет. Ал оның бұзылуы, жоқ болуы немесе болмай қалуы үшін, бір шартының орындалмауы жетіп жатыр. Бір заттың болуы үшін, бір қозғаушы күш себеп болуы керек. Ал жоқ нәрсе жоқ нәрсеге сүйеніп жоқ бола береді. Жоқ нәрсе жоққа негіз бола алады.
Міне, осы қағидаға сүйене отырып, жын мен адам шайтандары әлемде жойқын бұзғыншылықтар, саналуан күпірліктер, түрлі сұмдықтарды жасап жатқанымен тырнақтай болсын жарату ісіне араласа алмайды, Алланың мүлкіне әсте ортақ бола алмайды. Істеген істері бір күш-құдіретпен атқарылып жатқаны жоқ. Көп шаруаны күшпен, қозғалыспен емес, керісінше қозғалыссыз, әрекетсіз, орындамау арқылы жүзеге асырады. Жақсылық жасатқызбау арқылы жамандық жасайды. Яғни нәтижесінде жаманшылық болады. Себебі, жаманшылық, бұзу түріне жататындықтан қоздырушы себептің нағыз құдірет, жасаушы күш болуы шарт емес. Оған, бір істің немесе бір шарттың орындалмай қалуы жетіп жатыр. Міне, осы сыр Мәжусилерге, яғни отқа табынатындарға түсініксіз болғандықтан олар, әлемде "Ездан" деп аталатын жақсылықтың құдайы және "Әхриман" атты жамандықтың құдайы бар деп сенеді. Алайда олардың "Әхриман" деп жүрген қиялдарындағы жамандықтың құдайы аз ғана еркі бар еш нәрсе жасатпау арқылы жаманшылыққа себеп болатын кәдуілгі шайтан.
Ей, иманды жандар! Шайтанның мұндай қауіпті лаңкестігіне қарсы сенімді қаруыңыз, жөндеу құралыңыз - истиғфар және «әғузубилләһи минаш шайтанир раджийм» деп Жаратушы Иемізге сиыну. Қорғаныңыз Пайғамбарымыздың көркем сүннеті.
БЕСІНШІ ИШАРА. Аллаһ Тағала түсірген аспани кітаптарында адамзатқа үлкен сыйлық, Жұмақ пен ауыр жаза Жәһаннам бар екенін қайта-қайта ескертіп отыр. Сонымен қатар, көптеген тәрбиелік уағыздар, нұсқаулар, ескертпелер мен сақтандыратын немесе құлшындыратын сөздер айтылып, иманды жандардың тура жолға түсуіне, дұрыс жүруіне осыншама себептер, мүмкіндіктер жасалып жатса да мұсылмандардың шайтани топтың құр сөзіне, еш пайдасы жоқ, ақысыз да жағымсыз, түкке тұрғысыз арбауларына алдануы, бір кездері мені қатты ойландыратын. Іштей, апырым-ай, жүрегінде иманы бола тұра, Құдайдың осынша қатаң ескертулеріне құлақ аспауы қалай? Олардың иманы қайда? дейтінмін.
Құранда. اِنَّ كَيْدَ الشَّيْطَانِ كَانَ ضَع۪يفًا дегеніндей шайтанның өте әлсіз азғыруына еріп, Аллаһқа қарсы шығуда. Тіпті, менің кейбір таныстарым, менен жүздеген ақиқат дәрістерін ала тұра, өзара қарымқатынасымыз
жақсы болса да, маған деген құрметі де күшті бола тұра, қасиетсіз бір адамның түкке тұрғысыз, рияшыл ілтипатына алданып, соған жақ болды да маған қарсы боп шыға келді. «Фәсубханаллаһ» дедім. Мұндай да адам болады екен-ау! Неткен қасиетсіз жан еді! - деп, әлгі бейшараны ғайбат қылып күнәға баттым. Содан кейін жоғарыда аталған ишаралардағы ақиқаттар көкейіме ашылды да көптеген қараңғы, түсініксіз жайттар анықталды. Сол нұр арқылы Құдайға шүкір, көп мәселені түсіндім. Яғни Құран Кәрімнің қайтақайта ескертуі өте орынды екенін, сондай-ақ, иманды жандардың шайтанның болмашы азғыруына еріп кетуі имансыздықтан немесе иманның әлсіздігінен емес екенін, және үлкен күнәларды істегендер кәпір болып кетпейтінін және Мүғтазила мәзһабы мен кейбір Харижия мәзһабының: "Үлкен күнә істегендер кәпір болады немесе иман мен күпірдің ортасында қалады" деген үкімдері қате екенін, сондайақ, әлгі менің бейшара таныстарымның да жүздеген ақиқат дәрісін бір алаяқтың ілтипатына айырбастап жібергені мен ойлағандай азғындық, оңбағандық емес екенін түсіндім. Құдайға шүкір ондай қателіктен құтылдым. Өйткені жоғарыда айтылғандай шайтан, бір істі орындатқызбау арқылы адам баласын қауіпті жағдайға душар етеді. Оның үстіне адамдағы нәпсі, әрдайым шайтанды тыңдауға даяр тұрады. Бойдағы ашу-ыза мен құмарлық сезімдері де шайтанның арбау-айлаларын қабылдаушы және тасылмалдаушы қызметін атқарады.
Міне, сол үшін Аллаһ Тағала өзінің «Ғафур», "Рахим" секілді екі есімін имандыларға бағыттап отырады. Құран Кәрімде Пайғамбарларға жасалған орасан зор сыйлық «мағфират» яғни кешірім екенін баяндап, оларды истиғфарға, яғни кешірім сұрауға шақырады.
Қасиетті بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ сөзін әр сүренің басында қайталап және әрбір қайырлы іс жасарда айтылуы керектігін әмір ете отырып, әлемді қамтып жатқан мол мейірімі, аса қамқорлығы мұсылмандар үшін пана екендігін көрсетуде فَاسْتَعِذْ әмірімен اَعُوذُ بِاللّٰهِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّج۪يمِ сөзін «қорған қылыңдар!» дейді.
АЛТЫНШЫ ИШАРА. Шайтанның тағы бір өте қауіпті тұзағы мынау. Кейбір сезімтал әрі аңғал кісілердің күпірлікті қиялдауын күпірлікті қабылдап қойғандай көрсетіп шатастырады. Сондайақ, адасушылыққа жай ой жүгіртуді адасушылықты қолдау секілді көрсетеді. Қасиетті тұлғалар мен киелі заттар туралы жаман ойлар салады. Зати ықтималды ақыли ықтимал етіп көрсетеді. Яғни жалпы, негізінде болуы мүмкін нәрсені болайын деп тұрған нәрсе секілді көрсетеді. Осылайша имандағы нық сенімге іштей қарамақайшылықтар туғызады. Сол кезде әлгі бейшара сезімтал адам өзін күпірлік жасап, адасып жүр екенмін деп иманының ұшып кеткенін ойлап, үмітсіздікке түседі. Сондай үмітсіздіктің кесірінен шайтанға масқара болады. Шайтан сол үмітсіздігін де әрі әлгі осал тұсын да пенденің ақиқаттарды шатыстырып алуын да сәтті пайдаланады. Оның я есін шығарады, я «ақыры болар іс болды» дегізіп, одан әрі адастырады.
Шайтанның бұлай алдауы қаншалықты негізсіз екені кейбір рисалелерде баяндалған-ды. Қазір қысқаша тоқталып өтейік. Мәселен айнаға суреті шағылысып тұрған жылан шақпайды, оттың да суреті күйдірмейді, нәжіс нәрселердің шағылысып саған көрінуі сенің үстіңді былғамайды. Сол сияқты қиял мен пікір айнасына күпірлік пен ширктің, адасушылықтың, жаман сөздердің ойға келуі сенімді, ақиданы бұзбайды, иманға зақым бермейді, әдепсіздік саналмайды. Себебі мынадай берік қағида бар. жаман сөзді қиялдау оны айтқан боп есептелмейді. Күпірлікті қиялдау да күпірлік саналмайды. Адасушылықты ойлау да адасу емес. Енді имандағы күдік мәселесіне келер болсақ, жоғарыда айтылған зати ықтималдар иманға қайшылығы жоқ, ақиданы бұзбайды. Дін негіздері жайлы баяндайтын ілімде мынадай бұлтартпас қағида бар;
Мәселен, Барла көлінің шалқып жатқанына сенімдіміз. Ал, затында яғни негізінде ол дәл осы сәтте жерге сіңіп жоқ болып кетуі мүмкін. Оған ешкім мүмкін емес деп айта алмайды. Бірақ бұл жоғарыда аталған зати ықтимал ғана. Бір негізге сүйенбегендіктен, ақыли ықтимал санатына жатпайтындықтан күдік туғызбайды. Тағы да соған ұқсас бір қағида,
яғни белгілі бір себептен туындамаған зати ықтимал, шүбә- ландыратындай ақыли ықтимал саналмайды, маңызы да жоқ.
Міне, осындай күдік ауруына шалдыққан бейшара адамдар әлгіндей зати ықтималдың салдарынан иман негіздеріне деген сенімін жоғалтып алдым деп ойлайды. Мәселен, Ардақты Пайғамбарымызға адам ретінде қарағанда зати көптеген ықтимал ойлар келеді. Бірақ иманның негізіне, өзегіне оның хақ пайғамбар екеніне түк зияны жоқ. Алайда кім зияны тиді деп ойласа зиянға ұшырайды.
Кейде шайтан қалбтің (жүрек) үстіне орналасқан "шайтан лүммесі" дейтін жерден Жаратқан Иеміз туралы жаман сөздер айтады. Сонда пенде мұндай жаман сөздерді айтатындай жүрегім бұзылған екен деп ойлап, зәресі ұшады. Алайда оның бұлай қорқып, үрейленуі ол сөздің жүректен шықпағанына, яғни әлгі шайтан лүммесінен шығып жатқанына немесе шайтанның сыбырлап тұрғанына дәлел.
Сондай-ақ, адами сезімдердің ішінде мен анықтай алмаған бір-екі сезім бар. Олар ерік қалауымызды тыңдамайды. Тіпті жауапкершілік жүктелмейтін сезімдер. Кейде адамды сол сезімдер билеген кезде ақиқатқа құлақ аспай, қисық жолға түсіп алады. Сол кезде дереу шайтан әлгі адамды былай деп азғырады: "Сенің ақиқатқа, имандылыққа қабілетің жоқ, әне, көрдің бе, еріксіз қисық жолға түстің. Демек сенің тағдырың солай жазылған сорлысың". Мұны естіген бейшара үмітсіздікке салынып, құрдымға кетеді. Алдыңғы арбау, алдауға түскен мүминді сақтайтын не? Зерттеуші асфиялар сүйенген қағидалар бойынша шекарасы нақтыланған иман шарттарымен Құранның анық үкімдері. Ал, соңғы арбауына қарсы тойтарыс күшіміз, истиязе яғни қуылған шайтаннан Аллаһқа сыйыну және оған аса мән бермеу. Өйткені мән берген сайын назар аудартып, ұлғайып, асқынып кетеді. Мүминнің мұндай рухани дертіне бірден бір шипа, ем болар шара Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сара жолы, көркем сүннеті.
ЖЕТІНШІ ИШАРА. СҰРАҚ. Мұғтазилә ағымының имамдарының түсінігі бойынша жамандықтың жаратылуы жаман нәрсе. Сондықтан олар күпірлік, адасу секілді жамандықты жарату ісін Аллаһқа бермейді яғни оны Аллаһ жаратпайды деп өздерінше Жаратқан Иемізді осылай пәктеген болады. "Адам істеген ісінің
жаратушысы" деп, адасушылыққа салынады. Сондай-ақ олар "Үлкен күнәні істеген мүмин иманынан айырылады. Себебі Аллаһ Тағалаға сеніп, тозақты мойындағаннан кейін үлкен күнә істеу мүмкін емес дейді. Өйткені дүниеде кішкене бір түрмеге қамалудан қорқу, адамды заңға қайшы әрекеттен тыйып, қылмыс жасауға жол бермей жатса, мәңгі Жәһәннәм азабы мен Құдайдың қаһарына ұшырау ойы назарына ілікпейтіндей дәрежеде үлкен күнәларды істесе, әлбетте оның иманы жоқ екенін көрсетеді" дейді.
ЖАУАП. Біріншіден, Тағдыр туралы жазылған Рисаледе баяндалғанындай, жамандықтың жаратылуы жаман емес, оны іске асыру жаман. Себебі жарату ісі одан туындайтын барлық нәтижелерді қамтиды. Бір жамандық көптеген жақсы нәтижелер туғызуы мүмкін. Сондықтан ондай жамандықты жарату нәтижесі жағынан алғанда жақсы болып, жақсылық саналады. Мәселен, оттың жүздеген пайдалы, жақсы нәтижелері бар. Алайда баз біреулер оспадарсыз әрекетімен оттан зиян шегіп, жаман қылып алса: «Оттың жаратылысы жаман» дей алмайды. Сол сияқты шайтанның жаратылысы да адамзаттың дамып, кемелденуіне септігі тиетіні секілді көптеген хикметке толы нәтиже береді. Сонымен қатар бұрыс пайдалану, қисық әрекеттің кесірінен пенде шайтанға жеңіліп қалып жатса: «Шайтанның жаратылуы жаман» деп айта алмайды. Себебі ол өзі-өзіне зұлымдық жасады, жаман болды.
"Кәсіп" деген әркімнің бір іске жеке кірісуі. Сондықтан әркімнің өзіне қарайтын жағы, істеген ісінің нәтижесі жаман болуы мүмкін. Ал, жоқты бар қылу, жарату болса жалпыға ортақ, күллі нәтижелерді қамтитындықтан ол тұрғыдан алғанда жаман нәрсенің жаратылуы жаман емес, тіпті жақсы саналады. Мұғтазилә нанымындағылар осы сырды түсінбегендіктен, жаманды жарату жаман, жағымсыз нәрсені жарату жағымсыз деп білгендіктен Хақ Тағаланы пәктеу үшін жамандықты жаратуды оған бермейді. Тура жолдан адасып وَ بِالْقَدَرِ خَيْرِه۪ وَ شَرِّه۪ яғни жақсылық пен жамандық Аллаһтан деген иманның бір шартын өздерінше жориды.
ЕКІНШІ ТАРМАҒЫ. "Үлкен күнәні істеген адам қалай мүмин болып қала береді?" деген сұраққа жауап. О баста күнә істеген адамды кәпірге санау қате екені нақты түсіндірілгендіктен меніңше қайталаудың қажеті жоқ.
Жалпы, адамның нәпсісі аз да болса дайын тұрған ләззатқа құмар келеді. Ол тіпті азғантай болса да біраздан соң берілетін мол ләззаттан артық көреді. Сол секілді кейінірек тартатын бір жылдық азаптан гөрі дәл қазір тиетін бір шапалақтан қаттырақ қорқады. Оның үстіне адамды сезім билесе ақылдың айтқанын тыңдамай кетеді. Әуестікке беріліп, түкке тұрмайтын дайын кішкене ләззатқа бола кейін болатын үлкен сый-сияпаттан құр қалуға бар. Алдында күтіп тұрған үлкен күйзеліске қарағанда қазір болатын азғантай күйзелістен қатты әсер алады. Себебі, әуестік пен сезім келешекті ойламайды, тіпті сенбейді. Оның үстіне нәпсі қозса, иманның тұрағы болған жүрек пен ақыл жеңіліп қалады.
Олай болса, үлкен күнәні істеу имансыздықтан емес. Ол бір сезім мен әуестік билеген кезде ақыл мен жүректің жеңіліп қалуынан болатын жағдай.
Һәм, жоғарыда айтылғандай, жамандық жасау, әуестікке салыну, бүлдіру болғандықтан істеу өте оңай. Сондықтан адам мен жын шайтандары қисық жолға пенделерді тез салады.
Таңғаларлық бір жәйт, хадисте айтылғандай: Мәңгі әлемнің шыбынның қанатындай ғана кішкене нұры мәңгі болғандықтан бір адамның бұл дүниеде өмір бойы алған ләззаты мен нығметінен артық бола тұра, кейбір байғұстар шыбынның қанатына да тұрмайтын дүнияуи ләззатқа алданып, о дүниясын бұ дүнияға айырбастап, шайтанның азғыруына ереді.
Осыған байланысты, Қасиетті Құран мүминдерді қайта-қайта ескертіп, жиі-жиі қорқытып, бірде қызықтырып, бірде құлшындырып жақсы амал істеуге шақырып, жамандықтан тыйып отырады.
Бірде, Қасиетті Құранның осы қайта-қайта қатаң ескертулері маған: Мұнша қайталана беретін ескертулер мен нұсқаулар, иманды жандарды тұрақсыз, қасиетсіз етіп көрсетпей ме? Адамның абыройын түсіргендей нәрсе ғой. Өйткені, бір қызметшіге бастығы бір жұмыс тапсырып, оны бір рет айтуы жеткілікті бола тұра он рет қайталаса. "Маған сенбей тұрсыз ба? Опасыз жан емеспін ғой" дейді. Алайда, Қасиетті Құран ең ықыласты мүміндерге қайта-қайта ескерту жасауда. Мұның сыры не екен? деген ой салды.
Бұл ой мені мазалап жүргенде екі-үш адал достарым бар болатын. Олар, адами шайтандардың арбауына түсіп қалмауы үшін көп ескертіп, жиі сақтандырып отыратынмын. Олар ешқашан "бізді бекерге
жазғырасыз" демейтін. Бірақ өзім іштей "Бұларға сенбейтіндей қайта-қайта ескерту жасап, опасыз адамдай жазғырғаным болмас" дейтінмін. Содан жоғарыда аталған ақиқаттың сыры ашылды да Қасиетті Құранның қайта-қайта ескертуі өте орынды, ешқандай да артық емес екенін, қайта хикметке толы шешендік екенін білдім. Әлгі адал достарымның неге ашуланбайтынын түсіндім.
Ол ақиқаттың қорытындысы былай: Шайтандар әлемді бүлдіру, адамзатты бұзу үшін әрекет ететіндіктен кішкене амалмен үлкен жамандық жасайды. Сондықтан тура жолда жүргендер өте сақ болып, мұқият болуға және көптеген ескертулерге, демеуге мұқтаж болғандықтан, Аллаһ Тағала жөн сілтеп тура жолға салатын сөздерін қайталай отырып имандыларға өзінің мың бір есімін көмекке ұсынады, өз қамқорлығына алады. Бұл, адамның абыройын түсіру емес, керісінше қамқорлық. Адамның қадірін түсіріп жатқан жоқ, қайта шайтанның бәлесінің жаман екенін көрсетуде.
Уа, хақ жолдағылар мен һидает нәсіп болғандар! Адам шайтаны мен жын шайтандарының аталған әзәзілдерінен сақтанудың жолы әһл-і сүннет уәл жамағаттың жолын ұстану, Қасиетті Құранды паналау, Пайғамбарымыздың сүннетін басшылыққа алу. Сонда ғана дін аман боласыңдар!
СЕГІЗІНШІ ИШАРА. СҰРАҚ. Жоғарыда, адасу, кәпір болу оңай, өйткені ол бұзу, ақы жеу болғандықтан көпшілік сол жолды таңдайтынын айтып дәлелдедіңіз. Ал, басқа рисалелеріңізде күпірлік пен адасушылық жолы қиын екенін, ол жолмен ешкім жүрмеуі керектігін, тіпті ол жолды мақұл көру мүмкін емес екенін баяндап өттіңіз. Ал, иман мен һидает жолы рахат, жеңіл болғандықтан жұрттың бәрі сол жолға түсу керек деп дәлелдедіңіз. Бұл қалай?
ЖАУАП. Күпірлік, адасушылық екі түрлі болады. Біріншісі, «амали уә фәри» деп аталады, яғни адам өзіне жүктелген міндетті атқармай, қамсыз-хәрекетсіз күйде болады. Иманның үкімдерімен жұмысы болмайды, оған сенбейді. Мұндай күпірлік оңай, ақиқатты мойындамау, тәркі ету, қабылдамау. Рисалелерде осы түрі оңай делінген-ді.
ЕКІНШІСІ. Амал-әрекетке емес, иманның негіздеріне қатысты. Ислами нанымға қарсы үкім айту. Бұл күпірлік тек иман шарттарын қабылдамау ғана емес, оған қарсы пікір айтып, теріске шығару. Бұл,
бұрысты қабылдау, дұрысты бұрыс деп дәлелдеуге тырысу. Иманның үкімдеріне сенбеу ғана емес, керісінше олай еместігін дәлелдеу. Иманды қабылдамау ғана болса оңай болар еді.
Ал, бір нәрсенің жоқ екенін дәлелдеу اَلْعَدَمُ لَا يُثْبَتُ қағидасы бойынша оңай шаруа емес.
Міне, Рисалей-Нұрда мүмкін емес дейтіндей қиын, мүшкіл екендігі айтылған күпірлік пен адасушылық түрі осы. Бұл жолға титімдей ақылы бар адам түспеуі керек болатын. Рисалелерде нақты дәлелденгеніндей, ол жол өте ауыр, уайым-қайғысы көп, қою қараңғы, сондықтан ақылды адам оған жоламауы керек.
Егер былай десе. Неге көптеген адамдар мұнша қиын да қасіретті жолға түсуде.
ЖАУАБЫ. Ішіне түсіп кеткен, енді шыға алмай жүр. Адамның бойында хайуани және өсімдікке тән сезімдер бар. Олар істің соңын ойламайды. Сол сезімдер қозып, күшейіп алғанда адам қисық жолдан шыққысы келмейді. Дайын тұрған кішкентай ләззатқа мәз болып жүре береді.
СҰРАҚ. Күпірлікте сондай қайғы-қасірет, үрей мен қорқыныш бар екені рас, кәпір өмірдің қызығын көрмек түгіл, уайым мен қорқыныштан зәресі ұшып жүрегі жарылып кетуі керек еді. Өйткені, адам болған соң көп нәрсеге алаңдайды, қызығады, өмірге ғашық. Бірақ өзі кәпір болғандықтан өлім мен аяқталуды мәңгі жоқ болу, құрдымға кету, енді қайтып көріспеу және жақын-жуықтарының опат болуын мәңгі бақи қоштасу деп көреді. Көз алдында мұндай оқиғалар күнде болып жатқанын көрген адам қалай шыдайды, қалай өмір сүріп, қуана алмақ?
ЖАУАБЫ. Шайтанның арбауына еріп, өзін-өзі алдап, өмір сүре береді. Жалған ләззатқа мәз болады. Бұл жағдайға ишара етер мына бір атақты тәмсілді айта кетейік. Түйе құсқа «Қанаттарың бар екен ұш!» деген екен. Сөйтсе ол, қанаттарын қысып алып: «Мен түйемін ғой!» деп ұшпапты. Бірақ аңшының тұзағына түскенде, аңшыдан жасырынбақ боп басын құмға сұғып жіберіпті. Өңкейген денесі сыртта, аңшы ұстап алыпты. Сосын оған: «Сен түйемін деймісің, онда жүк тасы!» десе, қанатын жайып жібіріп: "Мен құспын ғой!" деп, жүк тасудан да құтылып кетіпті-міс. Алайда қорғаушысыз,
жемсіз қалған соң аңшыларға нысана болыпты. Дәл сол сияқты, кәпір Құранның аспани хабарларын ақылы мүлдем жоққа шығарудан бас тартып, күмәнді күпірлікке түседі.
Оған: "Сен өлімді, жалпы аяқталуды мүлдем құрып, жоқ болу деп білесің. Олай болса өлімнің дар ағашы сенің көз алдыңда тұр ғой. Қалай өмір сүріп, рахаттанбақсың?" десе, ол Құранның жалпыға ортақ, кең нұрынан пайдаланып, "Өлім деген мәңгіге құрып кету емес, о дүния бар дейді ғой" дейді. Немесе "ажал мені көрмей қалсын, қабір таба алмасын, аяқталу деген нәрсе мені айналып өтсін" дегендей түйе құсқа ұқсап басын ғапылдық құмына сұға салады.
Сонымен, кәпір өзінің күмәнді, күпірлік көзқарасы арқылы өлімді құрдымға кету, мәңгіге жоғалу деп көрген кезінде Құран мен аспани кітаптардың ا۪يمَانٌ بِالْاٰخِرَةِ сөзі оған ахырет жайлы үміт бергендей болып, соған жармасып, күпірліктің қорқынышты уайым-қайғысынан бір сәтке құтылғандай болады. Сол кезде оған: "Мәңгі әлем бар екені рас, бірақ ол жақта рахат өмір сүру үшін бұл дүнияда діннің талаптарын орындап машақаттану керек қой". десе ол: "Ондай мәңгі өмір жоқ шығар, босқа әуре болып қайтемін?" деп сылтауратады. Осылайша Құранның о дүния жайлы хабарына сүйеніп, мәңгі жоқ болу дейтін қайғыдан құтылып кетеді. Енді хақ діннің шарттарын орындауға келгенде оның да машақатынан құтылу үшін күдік пен күмәнға қашады. Сол үшін кәпір мына дүнияда мүминнен артық рахат өмір сүріп жүргендей көрінеді. Өйткені, күпірлік жағымен діни міндеттерден құтылса, мүмкін ақырет бар шығар деген ойы мәңгілік азаптан аман қалармын деп ойлайды. Шайтанның мұндай арбауы түк пайдасыз әрі уақытша. Міне, бұл тұрғыдан алғанда Хаким Құранның кәпірлерге де рахымы бар.
Сондықтан, оларға мына дүниенің өзі тозаққа айналмай, бір шама шек-шүбәмен өмір сүруде. Әйтпегенде, ақыреттегі Жәһаннамды еске салатын мына дүниеде ауыр азап шегіп, өз-өздеріне қол жұмсар еді.
Ей, имандылар! Сендерді мәңгілік құрдымнан және дүнияуи да ақыреттік те Жәһаннамынан құтқаратын Құрани қорғанға иман ете отырып, сенім арта отырып келіп кіріңдер! Әрдайым оңға бастайтын Сүннеттің шеңберінен шықпаңдар! Сонда, дүниенің әуресінен де ақыреттің азабынан да құтыласыңдар.
ТОҒЫЗЫНШЫ ИШАРА. Сауал. Әлемнің мақтанышы болған Мұхаммед Алейһиссалату Уәссәләм бастаған пайғамбарлар керуені, тура жолдағы әһл-и һидает, осыншама Иләһи қамқорлық пен Сүбхани демеуге ие бола тұра, шайтанның артынан ерген адасушылардан неге жеңіледі? Жарқыраған күндей Пайғамбарлықтың нұры мен әсерлі ақиқаты дүние жүзілік тартылыс күшінен де тартымды Құран Кәрімнің сәулесі шартарапқа нұрын шашып жатқанда, жанында жүрген Мәдинелік мұнапықтардың тура жолды таба алмай адасуы қалай?
ЖАУАП. Бұл екі тармақты маңызды сұрақтың жауабын беру үшін терең негіздерді ескерген жөн. Бұл дүниеде Халиқ-ы Зүлжәлалдың Жамали және Жалали есімдері бар. Ол есімдер өз үкімдерін түрлі бейнеде көрсеткісі келетіндіктен, Аллаһ Тағала өзара қарама-қайшы нәрсені бір-біріне араластыру арқылы алға жылжу, даму, өзгеру, өрістеу секілді үдеріс жасап, бірін-бірі теуіп, итеретін жағдайда жаратқан. Осылайша, оларға хикмет толы, пайдасы көп белгілі бір мағынада қарсыласу қабілетін берген. Сол арқылы теріс нәрселер тоғысып, өзгеріс, құбылыс пайда болады да нәтижесінде даму, кемелдену жүзеге асады. Осы заңдылықтарға орай, мына әлем атты ағаштың ең маңызды жемісі болып саналатын адамзат әлемінде де сол заңдылықтар қатаң сақталады. Соның аясында ғажайып қарамақайшылықтар пайда болып, қимыл-әрекеттер арқылы кемелденудің, дамудың есігі ашылады. Аллаһ жолдында жүргендерге қарсы шыға алулары үшін Шайтанға ерушілерге де біраз құрал-жабдықтар берілген.
Міне, осындай тылсым сырдың нәтижесінде Әнбиялар да талай рет кәпірлерден жеңіліп қалған. Өте әлсіз әлгі кәпірлер тобы соншалық күш қуатқа ие Хақ жолындағы әнбия-әулияларды уақытша жеңіп, оларға қарсы төтеп беріп отырған. Ал, мұның хикмет-сыры мынада: Адасушылық пен күпірлікте жоққа тән нәрселер, бір істі орындамау, міндетін атқармау сынды нәрселер болғандықтан, ол жолда жүру оңай, іс-қимыл керек емес. Ол - бұзу, қирату болғандықтан өте жеңіл әрі оңай. Ол үшін азғантай әрекет жетіп жатыр. Ол - ақы жеу, шектен шығу болғандықтан аз ғана амал арқылы көпшілікке зиян тигізеді. Жұртты қорқыту арқылы табысқа жетеді. Перғауын секілді мақам, мәртебе иеленеді. Сондай-ақ, істің соңын ойламайтын дайын ләззатқа
құштар адам бойындағы хайуани яки өсімдікке тән сезімдердің қанағаттануы, рахаттануы және бостандығы тағы бар. Сөйтіп, ақыл мен жүрек сынды адами сезімдердің нағыз міндеттерінен бас тартқызады, яғни істің соңын неге апаратынын ойлатпайды.
Ал, тура жолдағылардың, әу баста пайғамбарлардың, одан да жоғарғысы Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ұстанған киелі жолы жоққа тән нәрсе емес, «вужуд» яғни бар болу, дәлелсіз емес, нақты дәлел. Бұзу емес, жөндеу, тоқтау емес, әрекет-қозғалыс, шектен шықпау, істің соңын ойлау, босқа құлшылық, бағыну. Нәпсінің перғауындық пиғылын, бейбас жүріс-тұрысын тоқтату сынды маңызды мәселелерге негізделгендіктен, қасиетті Мәдина қаласының сол кездегі мұнапықтары бейқам жүріп, Күндей жарқырап шыққан Нұрды көрмей жарқанатқа ұқсап көздерін жұмып алғандықтан керемет, тартымды ақиқатқа қарсы шайтани, кері тебу күшінің ықпалында қалып, адасты.
Егер біреу былай десе. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) әлемнің Иесінің Хабибі яғни Сүйіктісі екені рас. Өзі де сөзі де ақиқат. Қол астындағы әскерінің бір бөлігі періштелер. Бір жұтым сумен бүкіл әскерінің шөлін қандырған, төрт уыс бидай мен бір лақтың етімен мың адамның қарынын тойдырған кезі болды. Кәпірлердің әскеріне бір уыс топырақ шашқанда, әрқайсысының көзіне бір-бір уыс топырақ құйылып, қашуға мәжбүр болған. Осыған ұқсас мың мұғжиза көрсеткен Раббани қолбасшы, неге Ұхуд шайқасының соңында, Хунейн соғысының басында кәпірлерден жеңіліп қалды?
ЖАУАП. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бүкіл адамзатқа жолбасшы әрі имам ретінде жіберілген. Адамдар одан кәдімгі қарапайым тұрмыста және күнделікті жеке өмірінде өнеге алып, Жаратқан Иесіне қалай мойынсұнудың жолын біліп, дұрыс амал жасауды үйренетін. Егер, Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірі түгел ғажайыпқа толы, мұғжиза болса, онда ол адамзатқа үлгі-өнеге, толыққанды Имам, Ұлы Жолбасшысы бола алмас еді.
Сол сырға орай, Ол өз миссиясын дәлелдеу үшін, кей кездері, қажет болған жағдайда ғана мұғжиза көрсететін. Ал басқа уақыттарда Иләһи заңдар мен ережелерге басқалардан артық бағынып, қағидаларды мықты ұстанатын. Сондай-ақ, Раббани
хикмет пен Сүбхани қалауға яғни әдеттегі өмірдің заңдылықтарына өзгелерден артық мойынсұнатын-ды. Жауға аттанарда үстіне сауыт киетін, "қорғаныңдар" деп, бұйрық беретін, жараланып та қалды, қиыншылық шекті. Осылайша бүкіл болмысымен Иләһи заңдар мен жаратылыс шарттары бойынша өмір сүруге үлгі бола білді.
ОНЫНШЫ ИШАРА: Ібілістің тағы бір қулығы өзіне ергендерді өзінің жоқ екеніне сендіру. Әсіресе, осы кезде материалистердің философиясына санасы уланғандар бұл жағдайға күдікпен қарайтындықтан, шайтанның осы қулығы жайлы бір-екі ауыз айта кетейік.
Адамдар арасында шайтанның ісін істейтін кәдімгі жаман рухтардың болатыны секілді, жындар арасында көрінбейтін жаман рухтардың да болатыны анық жағдай. Егер бұлар адам сияқты дене кисе, әлгі жаман адамдардан аумай қалар еді. Ал адам бейнесіндегі, адами шайтандар денелерін тастаса, әлгі жын шайтанның нақ өзі болар еді. Тіпті, бұрыс жолдағы бір ағымның уәкілдері: «Адам пішінді жаман рух өлген соң шайтанға айналады» деп сенеді. Иә, күрделі де сапасы жоғары нәрсе бұзылса, сапасыз нәрседен де бетер жаман болатыны мәлім. Мысалы, сүт пен айран ашып, бұзылып кетсе де пайдалануға жарай береді, ал май бұзылса, жеу тұрмақ у-ға айналады. Сол сияқты, жаратылыстың ең жоғарғы деңгейлісі болған адам бұзылса, ең төменгі хайуаннан да жаман болады. Өйткені, ондай адам шіріген заттың иісінен рахаттанатын құрт-құмысқалар мен уын жайғаннан ләззат алатын жыландар секілді, адасу батпағындағы жамандықтар мен зұлымдық зұлматындағы сұмдықтардан ләззат алады. Шайтани тірлік жасайды. Иә, адами шайтанның болмысы, жын-шайтанның бар екеніне нақты дәлел.
ЕКІНШІДЕН. Жиырма тоғызыншы Сөзде жүздеген дәлелдер арқылы руханилер мен періштелердің болмысы туралы айтқанбыз. Ол дәлелдер шайтанның да болмысына дәлел болады. Сондықтан бұл мәселені сол Сөзге қалдырдық.
ҮШІНШІДЕН. Дүниедегі жақсы істерге өкіл болатын періштелердің бар екені қандай анық болса, жаман істердің өкілі жаман рухтардың да, шайтандардың да Иләһи хикмет пен ақиқат талабы бойынша нақты бар екендігі анық. Бәлкім, жаман істерді бүркемелейтін саналы перделердің болуы анағұрлым қажет. Өйткені,
Жиырма екінші Сөздің басында айтқанымыздай, әркім әрбір нәрсенің әсем де тамаша ақиқатын көре алмайды. Сыртқы, жағымсыз жағына қарап, Халиқ-ы Зүлжәлалдың істеріне наразы болуы, Оның рахымына шәк келтіруі және хикметін сынға алып, орынсыз шағымдануы мүмкін. Сол үшін сыртқы себептерді перде етіп, әлгі арыз шағымдар солай бағытталып Халиқ-ы Кәрімді бүкіл нұқсандықтан пәктеуді мақсат еткен. Мәселен, жан алушы Хазіреті Әзірейл періштеге қарсы жаман ой тудырмау үшін, жан алу ісіне ауру-сырқауды және басқа себептерді перде етіп қойған. Сондай-ақ, жөнсіз түрде айтылған шағымдар Хақ Тағалаға бармасын деп, жан алуға Хазіреті Әзірейлдің өзін перде етіп қойған. Олай болса, жамандықтардан пайда болатын көптеген наразылықтар мен мінеулер Халиқ-ы Зүлжәлалға бағытталмауы үшін Раббани хикмет шайтанның бар болуын талап етеді.
ТӨРТІНШІСІ. Адам кішкене әлем секілді, ал әлем де бір алып адамға ұқсайды. Олай болса мына кішкене адам, әлгі алып адамның мазмұны. Кішкене адамда болған үлгілердің үлкен негіздері әлгі "үлкен адамда" яғни әлемде де бар. Мысалы, адамда есте сақтау қабілетінің бар екені, алып әлемде Лаух-ы Махфуздың яғни тағдырдың жазу тақтасы бар екенін көрсетеді. Олай болса, адамның жүрегінің бір түкпірінде орналасқан, үнемі сыбырлап тұратын шайтанның "лүммесі" деп аталатын, адамға күдік салатын, ықтиярына қарсы, қалауына қайшы әрекет еткізетін сезім бар екенін әркім анық сезеді. Олай болса әлемде үлкен шайтанның бар екеніне бұл да бір дәлел.
Шайтанның "лүммесі" мен күдік сезімі бірі құлақ, бірі тіл болса, оны үрлеп, сөйлетіп тұрған сыртта бір жаман біреудің яғни шайтанның бар екені анық.
ОН БІРІНШІ ИШАРА. Кәпірлердің жаман қылықтарына бүкіл әлем, жаратылыс атаулы ашулы екенін, бәрі оған наразы екенін Құран Хаким мұғжизалы түрде білдірген.
Мысалы, Нұх қауымына қарсы топан су, Сәмуд пен Ад қауымына қарсы қара дауыл, Перғауын қауымына қарсы теңіз толқыны,
Қарунға топырақ қалай қарсы болса, кәпірлер үшін ақырет әлемінде تَكَادُ تَمَيَّزُ مِنَ الْغَيْظِ сыры бойынша Жәһаннам отының гүрілдеген үні қатты шығып, басқа да жаратылыстар адасушыларға өз қарсылығын, ашу-ызасын солай білдіреді дейді.
Сұрақ. Пенделердің түкке тұрмайтын іс-әрекеттері мен күнәлары қалай бүкіл әлемнің ашуын келтіруі мүмкін?
Жауап. Алдыңғы рисалелер мен ишараларда дәлелдеп бергеніміздей күпірлік пен адасушылық, өте үлкен зұлымдық. Ол - бүкіл әлемге қарсы жасалған жауыздық. Өйткені, жаратылыстың ең үлкен нәтижесі Иләһи Рубубиетке яғни Аллаһқа иман келтіріп, оған мойынұсыну, құлшылық ету. Алайда, адасқандар мен кәпірлер, өздерінің күпірлік ниеттері арқылы жаратылыстың мақсаты мен себебін яғни құлшылықты жоққа шығарғандығы үшін, бүкіл жаратылыстың ақысын жеген болады. Сондай-ақ, бүкіл жараталыстың айналарында жарқырап көрінетін Иләһи Көркем Есімдердің әсем көріністерін жоққа шығарады. Болмыс атаулының қадір-қасиетін түсіріп, намысын қорлаған болады, яғни ауыр қылмыс, үлкен күнә жасайды. Сондай-ақ, әрбір жаратылыстың жаратылуындағы ұлы мақсатын білмей, олардың Раббани қызметші дәрежесінде, мерейі үстем, құрметті екенін елемей, оларды мағынасыз, босқа тіршілік етіп, сосын мәңгіге жоқ болып кететін мақсатсыз мақұлық деп, қадірін түсіріп, қорлайды.
Осылайша, адасқан кәпірлер өз дәрежелеріне қарай, аз болсын көп болсын, дүниенің жаратылуындағы Раббани хикмет пен бүкіл әлемдегі Сүбхани мақсатты жоққа шығарғаны үшін, айналадағы жаратылыс атаулы түгел ашуланады, болмыс біткен наразылық танытады.
Уа, болмысы кішкентай бола тұра зұлымдығы зор, салмағы жеңіл, күнәсі ауыр бейшара адам! Жаратылыстың ашуынан, болмыс біткеннің наразылығынан құтылғың келсе, оның жалғыз жолы; Құран Хакимнің қасиетті алаңына кіріп, оны оқу және оны өзіне мықты қорған қылу! Құранның нағыз аудармашысы - Ардақты Пайғамбарымыз Алейһиссалату Уәссәләмның көркем сүннетін ұстану! Одан мықтап ұста, толық мойынсұн!
ОН ЕКІНШІ ИШАРА. Төрт сұрақ және солардың жауаптары.
Бірінші сұрақ. Шектеулі өмірде, шектеулі күнә жасағаны үшін мәңгілікке жалағасатын Жәһаннам азабы әділет пе?
ЖАУАП. Алдыңғы ишаралар, әсіресе Он бірінші ишарада нақты дәлелденгендей, кәпірлер мен адасқандардың жасаған қылмыстары сұмдық ауыр, баршаға жауыздық болғандықтан оның жазасы да шексіз, мәңгі болуы тиіс.
Екінші сұрақ: Шариғатта: «Жәһаннам жасалған күнәлардың жазасы. Ал, Жәннат Аллаһтың сыйлығы» дейді. Мұны қалай түсінеміз?
ЖАУАП. Алдыңғы ишараларда анықталғанындай, адам өзінің болмашы қалау-еркі мен өзіндік кәсібі арқылы бүлдіру мен жамандыққа ұйытқы болатыны секілді, оның нәпсісі мен әуестік сезімі әрдайым жамандыққа, өзіне зиян нәрселерге құмар болатындықтан, азғантай әрекетінің нәтижесінде туындаған жаман істердің, күнәлардың жазасын өзі тартады. Өйткені, оны нәпсісі қалады, ал өзі соған себеп болды. Жалпы жамандық болымсыз, жоққа тән нәрсе оны орындаушы, себеп болушы. Хақ Тағала да оны жаратады. Әлбетте, ол ауыр қылмыстың жауапкершілігі мойнына жүктеліп, шексіз азап тартуға лайық болады.
Ал, жақсылық бар нәрсе. Оны адамның кішкене ерік-қалауы жарата алмайды. Адам оның нақты иесі емес. Нәпсі де оны қаламайды. Керісінше Иләһи мейірім ол жақсылықтың болуын қалап, Раббани құдірет жаратады. Адам оған тек иманымен, ниетімен, тілегімен ғана ие бола алады. Ол жақсылық оған бұрынырақ берілген болмыс пен иман сынды сансыз Иләһи нығметтердің, шүкірі болып саналады. Аллаһ уәде еткен Жәннат болса, Рахманның жарылқауы арқылы беріледі. Сырттай қарағанда сый ақы секілді көрінгенмен ақиқатында Аллаһтың шексіз мейірімінің сыйы. Демек, жамандыққа себеп нәпсі, сондықтан жазалануға да лайық сол. Ал, жақсылықтың себебі де, оны талап ететін де, жарататын да Хақ Тағала. Адам тек оған иманы арқылы ие болады. Демек, "Жасаған жақсылығымның ақысын сұраймын" дей алмайды, тек "Мол мейіріміңмен жарылқағайсың!" дей алады.
Үшінші сұрақ. Жоғарыда түсіндірілгеніндей, жамандық әр тарапқа жайылып, көп нәрсені бүлдіретіндіктен бір күнәға мың есе күнә жазылуы керек. Ал, сауапты істі Аллаһ жаратады, нәпсісі де оны қаламайды, пенденің өзі де еш нәрсе жарата алмайды. Сондықтан оған сауап жазылмауы керек, немесе бір ғана сауап жазылуы тиіс бола тұра, неге күнәні бір, жақсылықты он, тіпті кейде мың есе көп жазады?
ЖАУАП. Хақ Тағала өзінің шексіз жомарттығы мен кемел рахымын осылайша көрсетуде.
Төртінші сұрақ. Адасқандардың табысқа жетіп, істері сәтті болуы, олардың күш-қуатқа ие болып, имандыларды жеңіп кетуі, олардың бір ақиқатқа сүйенетінін көрсеткендей. Олай болса, адасқандардың жолында ақиқаттың болғаны, не болмаса имандыларда бір шикілік болғаны десек дұрыс па?
ЖАУАП. Жоқ, әсте олай емес! Адасқандарда ақиқаттың болуы және тура жолдағыларда шикіліктің болуы әсте мүмкін емес. Өкінішке орай, таяз ойлайтын, шайтанның уәсуасасына шырмалған бір топ адам солай ойлап, имандарын әлсіретіп алуда. Олардың ойынша, имандылар хақ жолында болса мұншама жеңіліске душар болмауы керек еді. Өйткені, ақиқат қуатты.
اَلْحَقُّ يَعْلُو وَلَا يُعْلٰى عَلَيْهِ қағидасы бойы нша күш-қуат тек ақиқатта.
Сұрақ: Егер имандыларға қарсы шыққан адасқандардың нақты күш-қуаты мен мықты сүйенері болмаса мұнша жетістіктер мен жеңістерге қалай қол жеткізеді?
ЖАУАП: Имандылардың жеңілісі олардың күш-қуатсыздығынан немесе қасиетсіздігінен емес. Сондай-ақ, адасқандардың да жеңісі олардың күш-қуатты мен сүйенерінің мықтылығынан емес екені өткен ишараларда дәлелденіп, бұл сұрақтың жалпы жауабы берілген болатын. Мұнда тек шайтандардың кейбір қулық-сұмдықтары мен арнайы әдістеріне тоқталамыз. Өз көзіммен көргенім, Он жаман адам тоқсан игі жаннан басым түсті. Бұған қатты таң қалдым. Зерттей келе көзімнің жеткені: Ол жеңіс, күш-қуаттан келмепті. Ол бұзып қиратудан, имандылар арасындағы алауыздықты ұтымды пайдаланудан, олардың әлсіз тұстарын тауып, іштеріне от тастаудан және әр адамның табиғатында болатын жаман сезімдерді қоздырудан, атақ-даңқ атты рия мен нәпсінің перғауындық пиғылын қоздырудан, арсыздық пен бұзғыншылықтан, жұртты қорқытудан туындауда. Осындай шайтани қулық имандылардан басым түсіп уақытша жеңіске жетуде.
Алайда, وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتَّق۪ينَ сыры мен اَلْحَقُّ يَعْلُو وَلَا يُعْلٰى عَلَيْهِ ұстанымы бойынша, ол шайтанилердің уақытша жеңістері оларға еш пайдасы жоқ, керісінше өздеріне зиян. Өздерінің жәһаннамға түсуіне, ал иманды жандардың Жұмаққа қол жеткізуіне себеп болады. Міне, қисық жолда жүрген әлсіздер қолдарынан түк келмейтін әлсіз бола
тұра, керемет күшті болып көрінуі үшін және қоғамда елеулі орны жоқтар жұртқа көрініп, атақ-даңқын шығаруы үшін мақтаншақ, даңққұмар, екі жүзді адамдар мүмкіндікті пайдаланып, аз бір әрекетпен күш көрсетіп, қорқытып, жұртқа зиян беріп, беделін көтеру үшін тура жолдағыларға қарсы әрекет қылады. Сөйтіп жұрттың назарын аударады. Мұны олар іскерлігімен, күш-қуатпен емес, істетпеу, қарсылық ету, тоқтату арқылы жасайды, яғни бүлдіреді. Тіпті, осындай атаққұмар есалаң біреу атын шығару үшін намазхананы былғапты. Мақсаты жұртқа көріну, елге атағым шықсын дегені ғой. Тіпті, оған лағынет айтылып жатса, әлгі атаққұмарлық сезімі оны да өзіне жағымды етіп көрсетіпті.
Уа, мәңгілік үшін жаратылып, пәни дүниеге құмартып, соған байланып қалған бейшара адам! فَمَا بَكَتْ عَلَيْهِمُ السَّمَٓاءُ وَ الْاَرْضُ аятының сырына бір үңіл, құлақ бер!
"Адасқан кәпірлер өлген кезде адамдармен тығыз қатынастағы көктер мен жер шары олардың өлгеніне еш жыламайды, қайта оған қуанады" дейді. Аятты "Имандылардың өліміне олар жылайды, олардан айырылғысы келмей жабырқап қайғырады" деп түсінуге де болады. Өйткені, имандылармен бүкіл әлем бауырлас, оларға дән риза. Өйткені, олар иман арқылы Жаратушыны білгендіктен, оларға құрмет көрсетіп, сүйіспеншілікпен қарайды. Адасқандар секілді оларды қорлап, іштей қастық қылмайды.
Уа, адам, ойлан! Сен бәрібір өлесің! Егер сен нәпсің мен шайтанға еретін болсаң, онда көршілерің, тіпті жақын туыстарың сендей бәледен құтылуға асығады. Ал егер, "ағузу биллаһи минашайтанир раджим" деп, Құран мен Хабибуллаһты тыңдасаң, онда бүкіл әлем сенің дәрежеңе қарай қимастықпен жылайтын болады, сенен айырылғысы келмей, жылап тұрып шығарып салады. Бейне бір аза тұтқандай мұңаяды. Қабір арқылы енген мәңгілік әлемде сенің дәрежеңе сай жарқын болашақ күтіп тұрғандығынан хабар береді.
ОН ҮШІНШІ ИШАРА. Үш тұжырымнан тұрады.
Бірінші тұжырым. Шайтанның сұмдық бір қулығы мынау - Иман ақиқаттарын, Ислам негіздерін ақылы таяз, ой өрісі кем адамдарға мүмкін емес етіп көрсетіп, "Бір ғана Құдірет, барлық құрылымдар мен бүкіл әлемді бір өзі өз билігінде ұстап тұр, дейді. Бұлай болуы
мүмкін емес, ақылға қонымсыз нәрсеге қалай сенесің? Көңілге қалай қонады?" дейді. Адамның осал тұсынан осындай күпірлік ой туғызады.
ЖАУАП. Шайтанның бұл сұмдық қулығының аузына құм құятын нәрсе бар, ол «Аллаһу әкбар» сөзі. Иә, оның жалғыз жауабы осы «Аллаһу әкбар» сөзі. «Аллаһу әкбар» сөзінің Исламда кеңінен тарап, қайталана беруі осы сұмдық күдікті жою үшін. Өйткені, адамның әлсіз ахуалы, шектеулі ақылы осынша шексіз үлкен ақиқатты тек «Аллаһу әкбар» сөзінің нұрымен көріп, көңілі көншиді. Осы «Аллаһу әкбардің» күш-қуатымен ақиқаттарды бойына сіңіріп, осы «Аллаһу әкбар» шеңберінде бәрін өз орнына орнықтырып, өзінің күмәнданған жүрегіне былай дейді: Мына әлем таң ғажайып жүйе арқылы басқарылып тұрғандығы анық. Енді мұны түсінудің екі жолы бар:
Бірінші жол. Болуы мүмкін. Алайда бұл мәселе, өте ғажайып жағдай. Мұндай керемет өнер, осындай ғажайып жолмен іске асуға тиісті. Яғни ол жол мынау: Бүкіл жаратылыс, атаулы, тіпті ең ұсақ зәрре бөлшектердің өзі бар екеніне куәлік етіп тұрған Ұлы Жаратушы, Әхад, Самад Аллаһтың шексіз Рубубиеті, қалауы құдіреті арқылы жаратылған.
Екінші жол. Қай жағынан алсаң да тығырыққа тірелер ширк пен күпір жолы. Ол мәселе Жиырмасыншы Мектуб пен Жиырма екінші Сөзде барынша дәлелденген-ді. Егер осы екінші жолды мүмкін десек, әрбір жаратылыс, тіпті, ең кішкентай зәрре-бөлшектің әр қайсысында шексіз ілім, асқан құдірет, орасан зор күш болуға тиіс. Сонда ғана мына ғажайып үйлесім мен теңдессіз өнерді, таңқаларлық тәртіп пен реттілікті, сақтап тұра алады.
Сонымен, егер бәріне құдірет-күші жететін шексіз Рубубиетті, Иләһи билікті мойындалмаса ап-айқын сара жолды тастап, қисынға келмес сандырақ жолға түсу керек болады. Ондай жолды шайтанның өзі ұсына алмас.
Екінші тұжырым. Шайтанның тағы бір сұмдық қулығы мынау - Адамға өз кемшілігін мойындатпау. Осылайша пенденің Аллаһтан кешірім тілеу, тәубаға келу жолын жауып тастайды. Адамның өзімшіл нәпсісін желіктіріп, өзін-өзі ақтай алатын, пәктеп дәріптей алатын жағдайға жеткізеді.
Шайтанға ерген адам өз кемшілігін көргісі келмейді, көрсе де сан-саққа жорып, сылтау іздейді. وَ عَيْنُ الرِّضَا عَنْ كُلِّ عَيْبٍ كَل۪يلَةٌ сыры бойынша, өзіне-өзі риза болатын пенде өз кемшілігін көре алмайды. Ал, кемшілігін көре алмаған соң мойындамайды, кешірім сұрамайды, Аллаһқа сиынбайды. Ақырында шайтанға масқара болады.
Хазіреті Юсүф (а.с). сынды атақты пайғамбардың өзі:
деген болса, кім өзі-өзіне сенімді бола алады? Өзін кінәлі сезіне алатын адам кемшілігін көре алады. Кемшілігін біліп, мойындаған адам кешірім сұрайды. Кешірім сұраған адам Аллаһқа жалбарына бастайды. Ал, Жаратушысына жалбарынған пенде шайтанның бәлесінен аман қалады.
Жалпы, адамның өз қателігін, кемшілігін көрмеуі, жасаған қателігінен де үлкен қателік, зор кемшілік. Кемшілігін мойындамау үлкен кемшілік. Ал, пенде өз кемшілігін көре алса, енді ол кемшілік кемшілік саналмайды. Ал оны мойындаса кешірімге лайық болады.
Үшінші тұжырым. Адамның қоғамдық өмірін бұзып, іріткі салатын Шайтанның бір қулығы мынау: Иманды кісінің бір айыбына бола оның барлық жақсылығын жауып, көрсетпей тастайды. Шайтанның мұндай арбауына ерген ынсапсыз пенделер мүмин бауырына өшігіп, жек көреді. Негізінде, Хақ Тағала махшар күні амалдарды тартатын өзінің "мизан" таразысында пенделердің жақсылығы жамандығынан ауыр ма, жеңіл ме, әуелі соны таразылап әділетпен қарайды. Шындығында, күнә жасаудың себебі көп әрі істеу оңай болғандықтан, бір ғана жақсылығы үшін көптеген күнәларын кешіруі мүмкін. Демек бұл дүнияда сол Иләһи нағыз әділдікті басшылыққа алып, өзара солай мәміле жасау қажет. Егер бір адамның жақсылықтары оның жамандықтарынан я сан жағынан, я сапа жағынан асып жатса, онда ол адам құрметке, сүйіспеншілікке лайық болғаны. Демек, адамның бір жақсылығы үшін оның көптеген кемшіліктеріне кешіріммен қарауға болады. Бірақ пенде, бойындағы зұлымдық сезімге беріліп шайтанның азғырғанына еріп, жүз жақсылық жасаған жақсы адамның бір ғана айыбы үшін оның бүкіл жақсылықтарын
ұмытып кетеді. Мүмин бауырына өштеседі, күнәға батады. Мысалы, шыбынның кішкентай ғана қанаты көздің алдын көлегейлесе, тауды да көрсетпей тастайды ғой. Сол сияқты пендені өшпенділік сезім билеген кезде бір адамның шыбынның қанатындай ғана бір айыбын көлденең тартып, таудай үлкен жақсылықтарын ұмытып, мұсылман бауырына дұшпан болады. Ондайлар қоғам өмірінің шырқын бұзып, ел арасына іріткі түсуіне себеп болады.
Шайтанның осыған ұқсас тағы бір сұмдығын айтайын, сол арқылы адамның ізгі ой-пікірін, жақсы пиғылын бұзады. Ол мынау: Иман ақиқаттарына шәк келтіріп, тура пікірлерді, дұрыс ойды шатастырады. Иманның бір ақиқатына айғақ болар жүздеген дәлелдер бола тұра, болмашы күдікпен бәрін бүлдіргісі келеді. Алайда, "Бір дәлелдеуші жүз жоққа шығарушыдан үстем" дейтін қағида бар. Яғни, бір дәлелдеушінің үкімі жүз сенбеуші, жоққа шығарушының куәлігін жоққа шығарады. Бұл ақиқатты түсіну үшін мына мысалға назар аудар!
Көз алдымызға жүздеген есігі бар үлкен сарай елестетейік. Егер бір есігі ашылса болды сарайға кіруге мүмкіндік туады, басқа есіктері де ашылады. Егер барлық есіктер ашық тұрып, бір ғана есігі жабық болса, сарайға кіре алмау ойға да келмейді.
Міне, иман ақиқаттары үлкен бір сарай, әрбір дәлел кілт. Бір есігі ашылмай қалса, ондай имани ақиқаттардан бас тартуға, жоққа шығаруға болмайды. Шайтан болса, бір себептерге байланысты, я ғапылдықтың, я надандықтың кесірінен жабылып қалған бір есікті көрсетіп, басқа барлық дәлелдерді назардан тыс қалдыруға тырысады. "Мына сарайға кіру мүмкін емес, мүмкін ол сарай емес шығар, бәлкім ішінде ештеңе жоқ болар" деп алдайды.
Міне, ей шайтанның шырмауына түскен бейшара адам! Рухани өмірің, жеке тұрмыс-тіршілігің және қоғамдық өмір сау-саламатта болсын десең және ақыл-ойың, ар-ұжданың таза болсын десең амалдарыңды, ой-пікіріңді Құранның таразысына салып, Ардақты Пайғамбарымыздың көркем сүннетімен өлшеуді үйрен! Құран мен Сүннетті әр қадамыңда үлгі тұт!
Әрдайым اَعُوذُ بِاللّٰهِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّج۪يمِ деп, Жаратушы Хаққа жалбарын! Міне, осы айтылған он үш ишара он үш кілт деп біл!
Баяндауы мұғжиза болған Құранның ең соңғы сүресі және
-нің түсініктемесі болған
сүресінің болаттай берік қорғанының есігін әлгі он үш кілтпен ашып, ішіне кір! Сау-сәлемет өмір сүр.