Екінші Лема
Алайда біз Аллаһқа мінәжат қылғанымызда осы аятты пайдалана отырып:
деуіміз керек.
Хазіреті Әюб Алейһиссаламның мәшһүр қиссасының қысқаша мазмұны мынадай:
Тұла бойын жара басып кеткеніне біраз уақыт өтсе де, сол аурудың орасан зор қайыр-сауабын ойлап, аса сабырлы түрде шыдаған екен. Содан, жарасындағы құрттар жүрегі мен тіліне шапқан кезде: Зікір ететін тілі мен Алланы танып білу орны болған жүрегіне тиіскендіктен жан тыныштығы үшін емес, құлшылық ете алмай қалатын болдым-ау! - деген оймен: "О, Аллаһ! Құрттар тілмен айтатын зікіріме, жүрекпен жасайтын құлшылығыма кедергі туғызуда. Мен зиянға ұшырадым!" - деп, жалбарына мінәжат қылған екен. Аллаһ Тағала сол риясыз да адал әрі шынайы мінәжатын таңғажайып түрде қабыл алыпты. Кінәратсыз денсаулық беріп, мол мейіріміне бөлепті. Осыған қатысты бұл Лемада бес тұжырым баяндалмақ.
БІРІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Хазіреті Әюб Алейһиссаламның сыртқы, тән жарасы болса, біздің ішкі, рухани жараларымыз бар. Егер, сыртымызды ішке, ішімізді сыртқа айналдырса, Хазіреті Әюбтен әлдеқайда ауыр жаралы, науқас болып шығарымыз анық. Өйткені, жасаған әрбір күнәміз, ойымызға келген әрбір шүбә, жүрегіміз бен
рухымызға жара салады. Хазіреті Әюб Алейһиссаламның жарасы қысқа ғана дүниелік өміріне қауіп төндірсе, біздің рухани жараларымыз бақи өмірімізге қатер тудыруда.
Демек, Хазіреті Әюб Алейһиссаламға қарағанда біз әлгіндей мінәжат етуге мың есе мұқтажбыз. Хазіреті Әюб алейһиссаламның жарасына үймелеген құрттар жүрегі мен тілін зақымдаса, біз жасаған күнә-жарадан пайда болған уәсуәса, күмән мен шүбәлар (Құдай сақтасын) жүрегіміздің ішіне еніп иманды қашырады. Иманның тілмәші болған тілдің рухани ләззатын жойып, зікірден жерітіп, оған жолатпай жібереді.
Рас, күнә істеген сайын жүрек қарайып, иман нұры сөнгенге дейін қатайтып жібереді. Әрбір күнәнің ішінде күпірлікке апаратын жол бар. Мұндайда дереу тәубә-истиғфар етіп, жараланған жерді дереу тазарту қажет. Әйтпесе, ол күнә құрт емес, рухани жыланға айналып жүректі шағады.
Мысалы, ұятқа қалдыратын бір күнәні жасырын жасаған адам басқалар біліп қояр деп ұялған кезде періштелер мен руханилердің бар болуы оған ауыр тиеді. Олардың болмысын жоққа шығарғысы келіп, сылтау іздеп тұрады. Сондай-ақ, Жәһаннам азабына лайық ауыр күнә жасаған адам Жәһаннам қаупін естігенде тәубә-истиғфар етпесе, Жәһаннамның болмағанын қалайды. Кішкене бір сылтау, жәй бір шүбәға бола Жәһаннамды жоққа шығарудан тайсалмайды. Сондай-ақ, кішігірім бастығының болмашы бір нәрсеге бола айтқан ескертуіне өкпелеп қалатын адамның, парыз намазын оқымай, құлшылық міндетін Әзәл мен Әбәд, (мәңгілік) Сұлтанының қанша рет бұйырған әмірін орындамауы, атқармауы жалқаулық етуі жанын күйзеліске салып, мазасын алады. Күйзелген соң "құлшылық болмағанда ғой!" деп тілейді.Осы тілектен Құдайға қарсы рухани түрде жауласу, жоққа шығару деген ой туады. Жүрекке Аллаһтың бар екені туралы шүбә, шек келсе болды, ол бұған нақты дәлел сияқты көрінеді. Соған жармасуға тырысады. Енді оның алдында зор қауіп, терең құрдым пайда болады. Құлшылық міндет атқарғанда аз ғана қиындық болатыны рас, алайда әлгі бейбақ Аллаһты жоққа шығарамын деп, әлгі қиындықтан миллион есе ауыр рухани күйзеліске душар болатынын аңғармайды. Шыбынның шағуынан қашып, жыланның шағуын қабыл алады.
Тағысын тағы... Осы үш мысал арқылы: بَلْ رَانَ عَلٰى قُلُوبِهِمْ сыры ашыла түседі.
ЕКІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Тағдырдың сырларын баяндайтын "Жиырма алтыншы Сөзде" адам баласы ауруға шалдыққанда немесе қандай да бір қиын жағдайға душар болғанда шағымдануға хақысы жоқ екендігі үш жақты түсіндірілген. Біріншіден. Аллаһ Тағала адам баласына кигізген дене атты "көйлекті" өз өнерімен сан құбылтады. Шебер жасалған болмыс көйлегін ұзартады, қысқартады, орнын ауыстырады, өзгертеді. Осылайша, сан алуан есімдерін шағылыстырып көрсетеді. Мәселен, Аллаһтың "Шәфи" есімі ауру арқылы көрінеді. "Рәззақ" есімі де аштық арқылы көрінеді.
Тағысын тағы. مَالِكُ الْمُلْكِ يَتَصَرَّفُ ف۪ى مُلْكِه۪ كَيْفَ يَشَٓاءُ
ЕКІНШІДЕН: Өмір, қиыншылықтар, аурулар арқылы шыңдалып, тазарады. Кемелденіп күшейеді, дамып жеміс береді. Осылайша өз міндетін атқарады. Бірқалыпты, мамық төсектегідей рахат өмір, нағыз ізгілік болған бар болуға, болмысқа емес, жамандықтың нағыз өзі болған жоққа тән. Соған ұласады.
ҮШІНШІДЕН: Бұл дүние-сынақ алаңы, қызмет ететін жер. Ләззатқа бататын, ақы мен сый алатын жер емес. Қызмет ететін, құлшылық ететін орын. Олай болса, ауырып қалу, қиыншылық шегу - діни тұрғыдан болмаса, әрі сабыр сақтай алса - қызмет етуге, құлшылық етуге еш кедергісі жоқ, қайта мағынасын қуаттап, кемелдікке жетелейді. Бір сағаттық құлшылықты, бір күндік ғибадатқа айналдыруға себеп болатындықтан, шағымдану емес, шүкір ету керек.
Құлшылық екі түрлі болады. Біріншісі тікелей мағынадағы, белгілі құлшылықтар. Екіншісі, ауруға шалдығып, қиын жағдайға тап болған адам өзінің әлсіз, бейшара екенін аңғарып Раббы-Рахимына риясыз жалбарынып, шынайы құлшылық етеді. Мұндай құлшылық пен ғибадатта екі жүзділік болмайды. Егер сабыр сақтаса, қиындықтың сауабын ойласа, әрі шүкір етсе, онда әрбір сағат үшін бір күндік құлшылықтың сауабы жазылады. Қысқа өмірі ұзақ өмірге айналады. Тіпті, кейде бір минуты бір күндік құлшылықтың сауабын жаздырады.
Мухажир Хафыз Ахмед дейтін ақыреттік бауырымның ауыр науқас екенін ойлап, уайымдап жүргенімде, жүрегіме "Оны құттықтап қой". "Оның әрбір минуты бір күндік ғибадат болып саналуда" деген ескерту жетті. Шынымен де ол сабыр сақтап, шүкір етуде еді.
ҮШІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Бір-екі сөзде айтып өткеніміздей, өткен өмірін саралаған әрбір адам "аһ!" ұрып, ауыр күрсінеді, не болмаса "Әлхамдулиллаһ" деп, риза болады. Оны күрсіндірген нәрсе, ләззаты мол күндердің аяқталуы және қоштасудан пайда болатын рухани өкініштер. Өйткені, ләззаттың аяқталуы өкініш. Кейде өткінші бір ләззат шексіз өкінішке салады. Еске алу сол өкінішті ұлғайтып, адамды қайғы-мұңға салып қояды. Ал, бастан кешірген уақытша қайғылардың аяқталуы рухани түрде ләззат беріп, "Әлхамдулиллаһ" дегізеді. Бұл адам табиғатында бар нәрсе. Сонымен қатар, қиыншылықтардың нәтижесінде сауап жиналатынын, сол үшін ақыретте сый-сыяпат берілетінін және өмір сол қиыншылықтар арқылы ұзара түсетінін ойласа, сабыр ету былай тұрсын шүкір ететін болады.
деуіне тура келеді. Халық арасында мәшһүр болған "Қайғылы күндер ұзаққа созылады" деген сөз бар. Иә, қиын да қайғылы сәттер ұзақ болады. Алайда көпшіліктің ойлағанындай жанды күйзелтетіндіктен емес, ұзақ өмір сүргендей нәтиже беретіндіктен ұзақ болады.
ТӨРТІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Жиырма бірінші сөздің бірінші мақамында баяндалғанындай, адам баласы Аллаһ берген сабырдың қуатын уайымға салынып, анда-мұнда жұмсап, тауысып алмаса кез келген қиыншылыққа төтеп бере алады. Алайда адамдар уайымға берілгендіктен немесе ғапылдықтың кесірінен немесе фәни дүниені мәңгі деп ойлайтындықтан, сабырдың күшін өткен шақ пен болашаққа шашып, дәл қазіргі басына түскен ауыртпалыққа шыдамы жетпей, шағымдана бастайды. Құдай сақтасын, бейне бір Аллаһ Тағаланың үстінен адамдарға шағым айтқандай болады. Ақымақтық жасап, орынсыз арызданып, сабырсыздық етеді.
Негізінде, қандай да бір қиындықтың күйзелісі түбі бір бітетінін, рахаты мен сауабы қалатынын ойласа шағымданудың орнына шын жүректен шүкіршілік етер еді. Оған абыржымай, қайта сүйсінер еді. Уақытша өмір қиыншылықтар арқылы бақи да бақытты өмірге айналады. Бір кездегі қайғыларды уайымдап, сабырсыздану ақымақтық. Ал, ертеңгі күн әлі келген жоқ. Келешектегі аурулар мен қиыншылықтарды қазір уайымдап, сабырсыздық таныту, шағымдану ақылдының ісі емес. "Ертең, арғы күні аш қаламын-ау немесе
шөлдеймін-ау" деп бірер күннің тамағын ашқарақтанып бүгін жеу, мөлшерден тыс су ішу қаншалықты ақымақтық болса, болашақта болуы ықтимал қиыншылықтар мен ауруды дәл қазір уайымдап тағатсыздану, шыдамсыздық көрсету, өзіне-өзі нақақтан-нақақ зұлымдық жасау секілді, есі дұрыс адамның ісі емес. Ондай адам өзінің жанашырлық пен қамқорлыққа лайық еместігін көрсетеді.
Қорыта айтқанда, шүкір ету нығметті арттырады, ал шағымдану уайым-қайғыны көбейтеді. Иләһи мейірімнен құр қалдырады. Бірінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдарында Эрзурумдағы бір досым ауыр науқастанып, көңілін сұрауға бардым. Мені көріп: "Басымды жастыққа қойып, ұйықтай алмағалы үш айдан асты" деп аянышты жағдайын айтып шағымданды. Сөзі жаныма қатты батты. Бірден маған мынадай ой келді де оған: "Бауырым, өткен жүз күнің қазір қуанышты күндерге айналды. Ол күндерді ойлап шағымданба, қайта шүкір ет! Болашақ әлі алда. Сені жаратқан Рахман-ур Рахимның мейіріміне сен, жұдырық тимей жылама, жоқты бар санап қорықпа! Осы сәтті ойла! Сендегі сабыр бүгініңе толық жетеді. Есалаң қолбасшы сияқты болма! Ол не істеді дейсің ғой? Дұшпан әскерінің сол қанаты қаруын тастап беріліп, оның оң қанатына жаңа күш болып қосыла тұра, сол қанаттағы дұшпан әскерінің оң қанаты әзірге шабуыл жасамаған болса да әлгі қолбасшы орталық негізгі күшті оңға, солға аттандырып, орталық күшті әбден әлсіретіп жібереді. Сол кезде жау әскері аз ғана күшпен орталыққа лап қойып, тас-талқан еткен. Достым, сен де сол сияқты болма! Бар күшіңді осы сәтке жина! Аллаһтың мейірімін, ақыреттегі сыйын ойла! Фәни, қысқа өміріңнің баянды, мәңгілік өмірге айналып жатқанын ойла! Шағымданудың орнына шынайы шүкір ет!" дедім. Сонда, ол терең тыныс алып: «Әлхамдулиллаһ! Апырым-ай, ауруым он есе жеңілдеп қалды ғой!» деген-ді.
БЕСІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Бұл тұжырым үш мәселеден тұрады.
Бірінші мәселе. Қайғының да, апаттың да ең ауыры дінге қауіптісі. Діни апаттан әрдайым Құдайға сыйынып, сол үшін қайғыру керек. Ал, діни емес қайғылар мен қиыншылықтар негізінде қайғы емес. Олардың кейбіреуі Рахманның ескертулері ғана.
Мәселен, қойшы біреудің қорасына яки егінге түскен қойларын қайтару үшін тас лақтырса, қойлар оның зиянды істен сақтандыру үшін жасалған ескерту екенін сезіп, ризашылықпен кері қайтады. Сол сияқты өмірде адам баласына сырттай қарағанда жағымсыз
көрінетін көптеген оқиғалар бар. Олар Иләһи ескертулер, нұсқаулар немесе күнәнің жазасы я болмаса бейқамдықтан сақтап, адами әлсіздік пен бейшаралықты және кімнің алдында тұрғанын сездіреді. Ауру қайғыратын нәрсе емес. Керісінше ол Раббани ілтипат немесе күнәдан тазару. Хадисте баяндалғанындай: "Пісіп тұрған жеміс ағашын сілкігенде жемістер қалай төгілсе, безгектен дірілдеп, қалтыраған кезде де күнәлар дәл солай төгіледі" - дейді.
Хазіреті Әюб Алейһиссалам мінәжат еткенде жанының рахатын ойлап дұға етпеген. Ол тілімен айтатын зікіріне, жүрекпен атқаратын құлшылығына кедергі болған соң, құлшылық ету мақсатында шипа сұраған. Біз, Аллаһқа мінәжат еткен кезде бірінші кезекте күнәлардан пайда болған рухани жараларымыздың шипасын тілеуіміз керек. Құлшылық ету қиындап кеткенде ғана денсаулық тілеп, жалбарынуға болады. Бірақ, наразылық білдіргендей немесе шағымданғандай түрде емес, Аллаһтан кешірім сұрап шынайы түрде көмек тілеп жалбарынуымыз қажет. Әу баста Аллаһтың Рубубиетін, билігін мойындап разы болған екенбіз, олай болса сол Иләһи билік тарапынан келген жарлықтарға ризашылық таныту керек. Тағдырымызда бар нәрселердің орын алуына шағымдану - Аллаһтың билігі мен жарлығына наразылық білдіру, Рақымына шәк келтіру. Тағдырға разы болмаған адам маңдайын тасқа ұрады, басы жарылады. Иләһи рақымшылықтан күмәнданған пенде, рақымшылықтан мақұрым қалады. Кеткен есемді қайтарамын деп, сынған қолды сілтеу, сынықты асқындырып жіберетіні сияқты, қайғыға душар болған адам тағдырға наразы болып шағымданса қайғысы да еселене түспек.
Екінші мәселе. Материалдық қиыншылықтарды үлкейтіп көрген сайын, ұлғая түседі. Көп мән бермесең азайып қалады. Мысалы, түнде бір ой мазаласа, оны уайымдаған сайын үдей түседі. Егер мән бермесең ұмытылып, қалады. Саған шабуыл жасаған аралардан сақтанамын деп қарсылассаң одан бетер құжынап, шабуылдай түседі. Ал, қозғалмай тыныш тұрсаң жөніне кетеді. Дәл сол сияқты материалдық қиыншылықтар уайымдаған сайын ұлғая түседі. Уайымның кесірінен жүрекке орнығады. Рухани ауруға шалдықтырады. Уайымға арқа сүйеп алып, жалғаса береді. Тағдырға риза болу және тәуекел ету арқылы уайымды жеңсең, әлгі материалдық қиыншылық та, тамыры шабылған ағаштай қурап, жоғалып кетеді. Бұл ақиқатты бұрын былай суреттеген едім:
Қайдағы бір қайғыны айтып ей, бейшара, жылама!
Ащы жасың азайғанмен, мұң азаймас сірә да.
Қайдан келді мына қайғы күңіренген бар ғалам,
Түсіндің бе ей, ақымақ, иманы бүр жармаған?
Бұл дүние қараң қалар түсінбесең бұл сырды
Сені сыйсыз қалдырмайды, тапсаң егер ол тылсымды.
Жасыңды тый! "Тәуекел" де, сенікі бір жәй күмән,
Ал әлемнің белі үзіліп кететіндей қайғыдан.
"Сәл шарпыған ызғарыма селт ете ме бұл адам?"
деп сынаған Құдіретті таныдың ба ей, жылаған!
Тани түссең, қасірет пен азаяды қайғың да,
Ал ендеше құлшылық қып беліңді бу, қайғырма!
(Өлеңге еркін аударма жасаған. Нұрлыбек Саматұлы)
Біреумен ерегісіп, ашуланып тұрғанда оған күлімсіреп, жылы шырай таныту, кейде ашу-ызаны жойып, татулыққа бастайды. Өмірдегі қиыншылықтарға тәуекел ете отырып қарсы шығу да осыған ұқсайды.
Үшінші мәселе. Әр заманның өзіндік үкімі бар. Мына бейқамдық жайлаған заманда қайғының да өңі өзгерген. Кейде, бәзбір жандардың қайғы деп жүргендері, шындығында қайғы емес, керісінше Аллаһтың жарылқауы. Ауруға шалдыққан кейбір жандарды шартты түрде бақытты деуге болады. (Егер ауруы дініне зиян тигізбесе) Сондықтан, менде ауру-сырқау, қиыншылықтар туралы теріс пікір жоқ. Науқас жандарға соншалықты аянышпен қарамаймын. Неге десеңіз, байқап отырсам, науқас жастардың көпшілігі, құрдастарына қарағанда діни міндетіне жауапкершілікпен қарап, ақыретін ойлайтын болған. Демек, оларға жабысқан дерт қайғы емес, қайта Иләһи нығмет, Аллаһтың сыйы. Ауруы бәлкім фәни, дүниелік қысқа өмірде жанын қинап жүрген шығар, алайда оған мәңгі өмірі үшін пайдасы тиюде, тіпті оның ғибадаты болар. Егер денсаулығы түзелсе жастықтың мастығымен заманның азғын ағымына ілесіп, науқас кезіндегі күйін сақтай алмас па еді?! Азғындық жолға түсуі де мүмкін ғой.
Аллаһ Тағала өзінің шексіз құдіреті мен мейірімін таныту үшін адам бойына шексіз әлсіздік пен пақырлық орнатқан. Сондай-ақ, есімдерінің сансыз нақыштарын көрсету үшін, адам баласын жан-жақты сезетін және жан-жақтан ләззат алатын мәшине тәрізді жаратқан. Осы денемәшинеде әрқайсысының қайғысы мен ләззаты басқа, атқарар міндеті мен ақы-сыйы әртүрлі жүздеген сезім-мүшелер, құрал-жабдықтары бар. Алып адам тәріздес әлемде көрініс тауып тұрған Иләһи есімдердің барлығы әлемнің шағын үлгісі болған адам бойында да кездеседі. Денсаулық, амандық, ләззат сияқты нығметтер әлгі адам-мәшиненің көптеген тетіктерін іске қосып, міндетін атқаруға итермелейді де адам бейне бір шүкір өндіретін «фабрикаға» айналады. Сол сияқты, қайғы мен қиыншылықтар, дерт пен күйзелістер сынды басқа да қоздырғыш күштер арқылы, әлгі мәшиненің басқа да тетіктері іске қосылады. Адам бойындағы әлсіздік, бейшаралық және пақырлық сияқты сезімдер оянады. Тек тіл ғана емес, науқас жанның әрбір мүшесіне тіл біткендей жан жақтан жалбарынып, жәрдем сұраған нағыз құл күйіне енеді. Адам баласы әлгі «ақаулардың» саясында мыңдаған түрлі түсті қаламнан құралған жылжымалы жазу қаламына ұқсап, өмір атты ақ параққа немесе «Ләух-и мисалға» өзінің тағдырын жазады. Аллаһтың есімдерінің жаршысы, Субхани керемет "қасида" яғни Аллаһты дәріптеп жазылған жыр-дастан болып, өзінің жаратылысына тән міндетін атқарады.