Жарқыраулар
— 17 —

Үшінші Лема

[Бұл Лема көңіл толқып отырып, біршама сезімге беріліп жазылған. Сезім мен көңіл бойды билегенде ақыл мен ойдың еркіне бағынбайтындықтан және оларға жүгінбейтіндіктен бұл Лема, ақылдың қағидаларымен өлшенбегені жөн.]

﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ كُلُّ شَىْءٍ هَالِكٌ اِلَّا وَجْهَهُ لَهُ الْحُكْمُ وَاِلَيْهِ تُرْجَعُونَ ﴾

аятының мағынасын жеткізетін

يَا بَاق۪ى اَنْتَ الْبَاق۪ى ٭ يَا بَاق۪ى اَنْتَ الْبَاق۪ى

Бұл екі сөйлем, маңызды екі ақиқатты түсіндіреді. Сондықтан, Нақшибенді тариқатының көсемдерінің бір бөлігі осы екі сөйлем арқылы өздеріне арнайы дұғалар жинағын жасап, қысқаша хатым ретінде ұстануда. Жоғарыдағы ұлы аяттың мағынасын осы екі сөйлем жеткізетіндіктен, біз осы екі сөйлемдегі аса маңызды екі ақиқаттың бірнеше тұжырымын баяндаймыз.

БІРІНШІ ТҰЖЫРЫМ. يَا بَاق۪ى اَنْتَ الْبَاق۪ى алғашқыда хирургиялық операция секілді жүректің Аллаһтан басқа нәрселермен байланысын үзіп тастайды.

Ол былай, Адам баласы, күрделі жаратылысы арқылы маңайындағылардың басым бөлігімен байланыста. Адамның өн бойына шексіз бір сүйіспеншілік қабілеті дарытылған. Сондықтан, адам бойында болмыс атаулыға деген махаббат бар. Күллі әлемді өз үйіндей, мәңгілік Жәннатты өз бақшасындай сүйеді. Бірақ, соншама махаббатын оятқан маңайындағы нәрселердің бәрі баянсыз, тоқтаусыз кетіп барады. Қоштасудан әрдайым азап шегеді. Оның шексіз махаббаты, шексіз рухани азапқа себеп болады. Бұл азапты тартуға оның өзі себепкер, яғни өзі кінәлі. Өйткені, жүрегіндегі шексіз махаббат сезімі шексіз Жамал-ы Бақиды жақсы көру үшін берілген-ді. Адам махаббатын теріс пайдаланып, фәни дүниеге сарп етіп қателеседі. Қателігінің жазасын, қоштасудың азабы арқылы тартады.

— 18 —

Міне, осы қателігін мойындап, фәни сүйіктілерінен бас тартып, фәни нәрселер оны тастап кетпей тұрып, бұл өзі олардан сырт айналуы арқылы Махбуб-и Бақиға деген махаббатты білдіретін бірінші يَا بَاق۪ى اَنْتَ الْبَاق۪ى сөйлем: "Бақи-ы Хақиқи жалғыз сенсің. Басқаның бәрі фәни.

Әлбетте фәни нәрселер мәңгілік, махаббатқа, шексіз ғашық болуға және мәңгілік үшін жаратылған жүректен орын алуға лайық емес, арзымайды" деген мағынаны білдіреді. Демек, айналамыздағының бәрі фәни, өткінші, мені тастап кетеді екен, олар мені тастап кетпей тұрғанда يَا بَاق۪ى اَنْتَ الْبَاق۪ى деп мен олардан бас тартайын. Жалғыз Сен ғана бақисың және Сен мәңгі болғандықтан жаратылыстар да бар болып тұрғанына сенемін. Олай болса, оларды Сен үшін ғана жақсы көруге болады. Әйтпесе, жүректің қалауына лайық емес".

Сонда ғана жүрек сансыз сүйіктілерінен бас тартады. Олардың сыртқы сұлулықтары уақытша, жалған екенін көреді. Жүрек байланысын үзеді. Егер үзбесе, жақсы көргендері қанша болса сонша рухани жаралар пайда болады.

يَا بَاق۪ى اَنْتَ الْبَاق۪ى дейтін екінші сөйлем, әлгі сансыз жараларға дәрі һәм ем болады. Яғни, يَا بَاق۪ى "Сен бақисың, олай болса барлық нәрсенің орнын жабасың. Сен - барсың, олай болса барлық нәрсе түгел".

Жаратылысты сүюге себеп болған әсемдіктер, жақсылықтар мен кемелдіктер Бақи-ы-Хақиқидың әсемдігі мен жақсылығының және кемелдігінің көптеген перделерден өтіп келген белгі-нышандары, көмескі көлеңкелері, тіпті Әсма-и Хүснаның шағылыстарының кішкентай ұшқынының бір бөлшегі ғана.

ЕКІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Адам баласының жаратылысында мәңгілікке деген аса ғаламат құштарлық бар. Тіпті, әрбір сүйген нәрсесін мәңгі деп ойлайды, өз қиялында солай шарықтайды. Сосын жақсы көреді. Ал, онымен қоштасар сәтті ойлағанда немесе соған көзі жеткенде жаны күйзеліп зар илейді. Қоштасулардан туындайтын барлық жылап-сықтау, сол мәңгілікке деген құштарлықтан туындайтын күйзелістің белгісі. Егер адам баласының ойында мәңгілік қиялы болмаса, сүйе де алмайды. Тіпті былай деуге болады:

— 19 —

"Бақи әлемнің, мәңгі жұмақтың жаратылуының бір себебі - осы адам бойындағы бақилыққа деген ғаламат ынтызарлықтан пайда болған аса күшті мәңгілікке құштарлық пен бақилықты тілейтін жаратылысы мен жалпыға ортақ дұғасы, сұранысы болса керек. Бақи-ы Зүлджелал сол күшті де ынталы қалауды, осы бір әсері күшті, жалпыға ортақ дұға-тілекті қабыл алып, фәни адамдар үшін бақи әлемді жаратқан".

Фатыр-ы Кәрім, Халиқ-ы Рахим кішкене асқазанның қалауы мен қажеттілігін және уақытша тіршілігі үшін хал тілімен жасаған дұғасын қабыл алып, дүниеде көптеген дәмді тағамдарды жаратты. Оны қамтамасыз етті. Солай бола тұра, адам баласының жаратылысына тән қажеттіліктерінен туындайтын мұқтаждығын, үнемі жалғаса беретін қалау-сұранысын, шынайы-хал тілімен жасаған бақилыққа деген өте әсерлі дұғасын қабыл алмауы әсте мүмкін бе? Жоқ! Қабыл алмауы әсте мүмкін емес. Ол хикметі мен әділдігіне және мейірімі мен құдіретіне мүлдем кереғар құбылыс. Адам мәңгілікке ғашық. Ендеше бүкіл кемелдігі, ләззаты мәңгілікке байланысты. Ал, мәңгілік Бақи-ы Зүлджелалға ғана тән. Бақидың есімдері де мәңгілік. Бақидың айналары да мәңгілікке бөленеді. Мәңгіліктен өз үлесін алады. Әлбетте, адам жанына ең керекті іс, ең маңызды міндет; сол Бақимен байланыс құру және оның есімдеріне жабысу. Өйткені Бақи жолына жұмсалған әрбір нәрсе мәңгілікке бөленеді.

Міне, әлгі екінші يَا بَاق۪ى اَنْتَ الْبَاق۪ى сөйлемі осы ақиқатты түсіндіреді. Адам баласының сансыз рухани жараларын емдеуімен бірге, бойындағы мәңгілікке деген жойқын құштарлықты қанағаттандырады.

ҮШІНШІ ТҰЖЫРЫМ: Бұл дүниеде болмыс атаулының жойылуы мен аяқталуына уақыттың әсері әртүрлі. Жаратылыс бірінбірі қоршаған қабат-қабат шеңберлер сияқты бірінің ішінде бірі бола тұра, аяқталуы жағынан әртүрлі деңгейде. Сырттай қарағанда сағаттың секунтын санайтын шеңбері, минут пен сағатты және күндерді санайтын шеңберлеріне ұқсайды, жылдамдықтары әртүрлі. Сол сияқты адамның денесінің, жанының, жүрегінің, рухының шеңберлері бір-бірінен өзгеше. Мысалы, дененің тұрақтылығы, оның тірлігі, болмысы - бір күн, тіпті сағат. Оның өткен шағы, болашағы жоқ немесе өлі. Ал, жүректің осы күннен бірнеше күн бұрынғы,

— 20 —

бірнеше күн кейінгі уақытқа дейінгі болмыс шеңбері мен тірлік тынысы бар. Ал, рухтың осы күннен бастап жылдар бұрынғы және жылдар кейінгіні қамтитын шеңбері, яғни, тірлігі мен болмысы бар.

Міне, осы қабілетке байланысты жүрек пен рухтың тірлігіне ұйытқы болған Марифет-і Илаһие (Аллаһты тану) және Мухаббет-і Раббание және Убудиет-і Субхание (Аллаһқа құлшылық ету), Марзиат-ы Рахмание (Аллаһты риза қылу) жағымен бұл дүниедегі жалған тіршілік, мәңгі өмірді қамтиды және нәтижесінде мәңгі өмірге айналады. Бақи-ы Хақиқиды сүю, Оны тану, Оның ризашылығы жолында өткен бір секунд бір жылмен пара-пар. Егер Оның жолына жұмсалмаса, бір жыл бір секундтай-ақ. Тіпті, оның жолында өткен бір секунд, өлімсіз көптеген жылдарға пара-пар. Ал, бейқамдардың дүниелік жүз жылы бір секундтай ғана. Халық аузында мынадай сөз бар:

سِنَةُ الْفِرَاقِ سَنَةٌ وَ سَنَةُ الْوِصَالِ سِنَةٌ

яғни: "Қоштасудың бір секунды бір жылдай ұзақ. Ал, қауышудың бір жылы бір секундтай қысқа". Мен бұл сөзге мүлдем керағар түрге былай деймін: "Қауышу, яғни Бақи-ы Зүлджәлалдың ризалығы аясында, Аллаһ үшін бір секундтық қауышу - бір жылдық емес, тіпті, мәңгілік қауышуға жол ашады".

Бейқамдық пен азғындық жолында қоштасудың бір жылы емес, тіпті мың жылы бір секунд секілді. Ол сөзден де әйгілі:

اَرْضُ الْفَلَاتِ مَعَ الْاَعْدَاءِ فِنْجَانٌ سَمُّ الْخِيَاطِ مَعَ الْاَحْبَابِ مَيْدَانٌ

сөзі осы айтқанымызды растай түседі. Әуелгі сөздің мағынасы мынау: Фәни жаратылыстың қауышуы қалай да фәни, қаншалықты ұзақ болса да бәрібір қысқа. Бір жылы бір секунд секілді өтеді, қасіретті бір қиял мен өкінішті бір түс сияқты. Мәңгілікті қалаған адам жүрегі бір жыл қауышудан бір секундтай ғана рахат ләззат ала алады. Ал, қоштасудың бір секунды бір жыл емес, көптеген жылдарға пара-пар. Өйткені, қоштасудың алаңы кең.

Шындығында бір секунд қоштасудың өзі, мәңгілікті қалаған жүрекке көп жылдардай қаяу түсіреді. Өйткені, шексіз қоштасуларды еске түсіреді. Материямен шектелетін және баянсыз, дүнияуи махаббат қылатындар үшін бүкіл өткен шақ пен болашақ қоштасуға толы. Бұл мәселеге байланысты айтарымыз:

— 21 —

"Ей, адамдар! Жалған, қысқа, пайдасыз өмірлеріңді бақи, ұзақ, жемісті еткілерің келе ме? Әрине келеді. Адамшылықтың талабы сол. Олай болса, Бақи-ы Хақиқидің жолына жұмсаңдар. Өйткені, Бақиға бағышталған нәрсе мәңгіліктің берекетіне бөленеді. Қалай болғанда да, әр адам ұзақ өмір сүруді армандайды. Рас, адам мәңгілікке құштар. Ал, жалған өмірді мәңгілік өмірге айналдырудың амалы бар. Мағыналы да ұзақ өмірге айналдыруға болады. Әлбетте, адамгершіліктен айрылып қалмаған адам, соның амалын іздестіріп, соны іске асыруға тырысады, соған әрекет етеді".

Ол шара мынау. Аллаһ үшін істеңдер, Аллаһ үшін кездесіңдер, Аллаһ үшін еңбек етіңдер. «Лиллаһ, Ливежһиллаһ, Лиеджлиллаһ» Аллаһ ризалығы аясында әрекет етіңдер! Сол кезде өмірдің әрбір минуты бір жылға пара-пар болады.

Бұл ақиқаттың мысалы Қадір түні. Оның сексен жылдан да асып кететінін, мың айға татитынын Құран айтуда. Сондай-ақ, бұл ақиқатты растайтын әулиелер мен ақиқат жолындағылардың арасында кең тараған аз уақытқа көп уақыт сиятын "Баст-ы заман сыры". Көп жылдарды керек қылатын бірақ, бірнеше минутта орындалған Миғраж уақиғасы да бұл ақиқатты дәлелдеп, іс жүзінде көрсетіп береді. Миғраждың бірнеше сағаты мыңдаған жылдарды қамтырдай ұзақ. Өйткені, Ол Миғраж жолымен мәңгілік әлеміне аяқ басты. Мәңгілік әлемінің бірнеше минуты мына өмірдің мыңдаған жылын қамтиды. Әулиелер арасында көптеп кездесетін "Баст-ы заман" уақиғалары осы ақиқатқа негізделген. Кейбір әулиелер бір минутта бір күндік іс атқарған. Кейбіреулері бір сағатта бір жылдық жұмыс жасаған. Кейбіреуі бір минутта Құранды толық оқып шыққандығы риуаят етіледі. Мұндай ақиқатшыл, шыншыл кісілер біле тұра өтірік айтуы мүмкін емес. Хабарлардың соншалықты көптігі "Баст-ы заман"

{(Сілтеме):

﴿ قَالَ قَٓائِلٌ مِنْهُمْ كَمْ لَبِثْتُمْ قَالُوا لَبِثْنَا يَوْمًا اَوْ بَعْضَ يَوْمٍ ﴾

аяты мен

﴿ وَلَبِثُوا ف۪ى كَهْفِهِمْ ثَلَاثَ مِائَةٍ سِن۪ينَ وَازْدَادُوا تِسْعًا ﴾

аяты "Тайи-ы заманды" білдіреді.

﴿ وَاِنَّ يَوْمًا عِنْدَ رَبِّكَ كَاَلْفِ سَنَةٍ مِمَّا تَعُدُّونَ ﴾

аяты да "Баст-ы заманды" білдіреді.}

ақиқатына күмән тудырмайды. Осы "Баст-ы заман" мәселесін әркім

— 22 —

өзі байқауына болады. Кейде адам бір минутта көрген түсінде басынан кешкендерін, сөйлеген сөздерін, алған ләззатын немесе шеккен азабы үшін өңінде бір күн, тіпті, бірнеше күн керек болар еді.

ҚОРЫТЫНДЫ. Адам өткінші сияқты болғанымен мәңгілік үшін жаратылған. Мәңгілік Алланың айнасы. Адамға мәңгі жеміс беретін іс атқару міндеті жүктелген. Мәңгілік Алланың мәңгі есімдерінің шағылыстарына, мағына-нақыштарына айна боларлық түрде жаратылған. Олай болса, адамның ең басты міндеті мен бақыты - бүкіл жан-тәнімен, қабілетімен сол Бақи-ы Сермадидің ризашылығы аясында, Оның есімдерінің мән-мағынасын түсіне отырып, мәңгілік жолында Бақи Аллаға бет бұру. Тілі يَا بَاق۪ى اَنْتَ الْبَاق۪ى деген кезде, жүрегі, рухы, ақылы, бүкіл сезімдері

هُوَ الْبَاق۪ى، هُوَ الْاَزَلِىُّ الْاَبَدِىُّ، هُوَ السَّرْمَدِىُّ، هُوَ الدَّائِمُ، هُوَ الْمَطْلُوبُ، هُوَ الْمَحْبُوبُ، هُوَ الْمَقْصُودُ، هُوَ الْمَعْبُودُ

деуі керек:

﴿ سُبْحَانَكَ لَا عِلْمَ لَنَٓا اِلَّا مَا عَلَّمْتَنَٓا اِنَّكَ اَنْتَ الْعَل۪يمُ الْحَك۪يمُ ﴾
﴿ رَبَّنَا لَا تُؤَاخِذْنَٓا اِنْ نَس۪ينَٓا اَوْ اَخْطَاْنَا ﴾