Жарқыраулар
— 23 —

Төртінші Лема

"Минхаж-ус Сунна" осы рисалеге лайық көрінді.

["Имамдық" мәселесі негізгі мәселе болмаса да көп мән берілгендіктен Имани мәселелердің қатарына кіріп, Кәлам және Дін ілімінде өзекті мәселеге айналып, біздің Құранға және Иманға байланысты қызметімізге қатысты болғандықтан біршама баяндауға тура келді].

﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ لَقَدْ جَٓاءَكُمْ رَسُولٌ مِنْ اَنْفُسِكُمْ عَز۪يزٌ عَلَيْهِ مَا عَنِتُّمْ حَر۪يصٌ عَلَيْكُمْ بِالْمُؤْمِن۪ينَ رَؤُفٌ رَح۪يمٌ ٭ فَاِنْ تَوَلَّوْا فَقُلْ حَسْبِىَ اللّٰهُ لَٓا اِلٰهَ اِلَّا هُوَ عَلَيْهِ تَوَكَّلْتُ وَهُوَ رَبُّ الْعَرْشِ الْعَظ۪يمِ ٭ قُلْ لَٓا اَسْئَلُكُمْ عَلَيْهِ اَجْرًا اِلَّا الْمَوَدَّةَ فِى الْقُرْبٰى ﴾

Осы ұлы аяттың көптеген терең ақиқаттарының бір-екеуі "Екі бөліммен" баяндалмақ.

БІРІНШІ БӨЛІМ

«Төрт тұжырымнан» тұрады.

БІРІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Ардақты Пайғамбарымыз Алейһиссалату Уәссәләмның үмметіне деген қамқорлығы мен жанашырлығын баяндайды. Сахих риуаят бойынша, Махшар күні қорқыныштан жұрттың бәрі, тіпті пайғамбарлар да «нәпсім, нәпсім» (өз басымды қалай құтқарамын) деген уақытта Ардақты Пайғамбарымыз Алейһиссалату Уәссәләм «үмметім, үмметім» деп, қаншалықты жанашыр, қамқор екенін көрсетеді. Тіпті дүниеге келген кезінде де анасы оның мінәжатынан «үмметім, үмметім» дегенін естіген екен. Мұны әһли-кәшф әулиелер растап отыр.

— 24 —

Пайғамбарымыздың өмір тарихы және баршаға үлгі болған қамқор да көркем мінезі аса мейірімді де жанашыр екенін көрсетеді. Сонымен қатар үмметінен шексіз салауат сұрауы арқылы үмметінің жан-жақты бақытты болуын ойлап, өзінің асқан мейірімділігін көрсетеді. Міне, мұншалықты мейірімді де жанашыр көсемнің сүннеті-сәниесіне яғни керемет үлгі боларлық амалдарына мойынсұнбау қаншалықты қайырымсыздық және арсыздық екендігін таразыла!

ЕКІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Ардақты Пайғамбарымыз Алейһиссалату Уәссәләм жалпыға ортақ, ауқымы кең пайғамбарлық міндетін атқару кезінде кейбір жеке, кішкене нәрселерге де аса мән беріп мейірімділік жасаған. Сырттай қарағанда әлгі зор мейірімді ондай жеке, кішкене нәрселерге арнауы пайғамбарлық міндеттің аса маңыздылығына үйлеспейді. Алайда, әлгі кішкене нәрсе, жалпыға ортақ әрі ұлы пайғамбарлық міндеттің ұйытқысы боларлық бір мәселенің бастамасы, дәнегі болғандықтан ол үлкен мәселенің жан-жаққа таралуына дәнекерлерге аса мән берген.

Мысалы, Ардақты Пайғамбарымыз Алейһиссалату Уәссәләмның Хазіреті Хасан мен Хүсейн кішкентай кездерінде оларға жасаған аса қамқорлығы, үлкен мән беруі тек қана немересі болғандықтан аталық, туыстық сезімінен туған махаббат емес. Олар пайғамбарлық міндеттің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын нұрлы жолының бастамасы болғандықтан сол бір ұлы шежіренің атынан олардың уәкілдеріне аса мән берген. Пайғамбарымыздан мирас болып қалған маңызы зор жамағаттың қайнар көзі, мазмұны, уәкілдері болғандықтан солай жасаған.

Иә, Ардақты Пайғамбарымыз Алейһиссалату Уәссәләм Хазіреті Хасанды (р.а.) аса мейірімділігімен құшағына алып маңдайынан сүю арқылы Хазіреті Хасаннан (р.а.) тарайтын нұрлы да қасиетті ұрпағы Ғаус Ағзам Шах-ы Гейлани сияқты көптеген Мәһди тәрізді тура жолға шақырушы Пайғамбарымыздың мұрагерлеріне, Шариғатты жеткізушілерге деген ілтипатын білдірген. Олардың келешекте атқарар маңызды қызметтерін пайғамбарлық назарымен көріп, бағалап риза болған. Оларды ынталандыру, қолпаштау ретінде Хазіреті Хасанның (р.а.) маңдайынан сүйген.

Хазіреті Хүсейнге аса мән беруі мен мейірімі де солай. Хазіреті Хүсейннің (р.а.) нұрлы ұрпағынан тарайтын Зейнел Абидин, Жағфар Садық сияқты өте жоғары мәртебелі имамдар мен пайғамбарымыздың

— 25 —

нағыз мұрагерлері саналатын Мәһди сияқты нұрлы жандар үшін Ислам діні мен пайғамбарлық міндеті атынан Хазіреті Хүсейннің (р.а.) мойнынан сүйген, аса мейірімділік танытып мән берген. Иә, Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзі өмір сүрген бақыт ғасырында тұрып, ғайыпты көрер көкірек көзімен сонау мәңгілік өмірдегі махшарды тамашалаған және жерде тұрып Жаннатты, сонау көктегі періштелерді көрген және Адам заманынан бері өткен шақ қараңғылығының қатпарларында жасырынған уақиғаларды көрген. Тіпті Зат-ы Зүлджалалдың өзін көру нәсіп болған нұрлы назары, болашаққа қанық парасаты, әлбетте, Хазіреті Хасан мен Хүсейннен (р.а.) тарап жалғасатын ұлы мұрагер құтұбтарды, мирасқор имамдарды, Мәһдилерді көре алған және солар үшін немерелерінің маңдайынан сүйген. Иә, Хазіреті Хасанның маңдайынан сүюінде Шах-ы Гейланидің де алар үлкен үлесі бар.

ҮШІНШІ ТҰЖЫРЫМ. اِلَّا الْمَوَدَّةَ فِى الْقُرْبٰى аятының көптеген мағыналарының бір мағынасы: "Расул Аллаһ Алейһиссалату Уәссәләм пайғамбарлық міндетін атқарғанына ақы сұрамайды. Тек Әһл-и бейтін жақсы көруді сұрайды".

-Бұл мағынаға қарағанда, туыстық жағынан бір пайда көзделген сияқты көрінеді. Алайда, اِنَّ اَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللّٰهِ اَتْقٰيكُمْ дегендей маңыздылық ұрпақ пен текте емес, Аллаһқа жақындық жағында. Пайғамбарлық міндеті соған қарай жалғаспай ма? - деген сұрақ қойылса, оның жауабы мынау:

-Ардақты Пайғамбарымыз Алейһиссалату Уәссәләм ғайып аян, парасатты назарымен Ислам әлемінде бейне бір нұрлы ағаш тәрізді мұсылмандардың барлық сыныбына кемелдік дәрісін беріп жол көрсететін, ұстаздық міндетін атқаратын жандардың басым көпшілігі Әһли-бейттен яғни қызы Фатима анамыздың ұрпағынан тарайтынын көрген. Үмметінің ташахудтте:

اَللّٰهُمَّ صَلِّ عَلٰى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَ عَلٰى اٰلِ سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ كَمَا صَلَّيْتَ عَلٰى اِبْرَاه۪يمَ وَ عَلٰى اٰلِ اِبْرَاه۪يمَ اِنَّكَ حَم۪يدٌ مَج۪يدٌ
— 26 —

дұғасы, яғни, намазда отырғанда айтылатын "Әл" (отбасы) туралы дұғасы қабыл болатынын білген. Яғни, Ибраһим әулетінен тараған көптеген нұрлы көсемдер Хазіреті Ибраһимнің (а.с.) ұрпағынан шығып, пайғамбар болғаны сияқты, Мұхаммедтің (с.а.у.) үмметінде де Исламның ұлы міндетін мойнына алып, Пайғамбарымыздың жолы мен сүннетін қаз-қалпында сақтаушы топтың қозғаушы күші Мұхаммедтің де (с.а.у.) өз ұрпағынан шығатын тұлғалар екенін көрген. Сол себепті:

﴿ لَٓا اَسْئَلُكُمْ عَلَيْهِ اَجْرًا اِلَّا الْمَوَدَّةَ فِى الْقُرْبٰى ﴾

деуі арқылы, үмметінен Әһл-и бейтіне деген сүйіспеншілік сұраған. Бұл ақиқатты қуаттайтын бір риуаятта былай делінген: "Сендерге екі нәрсе қалдырамын, солардан айырылмасаңдар адаспайсыңдар. Біріншісі - Китабуллаһ. Екіншісі - Әһли-бейтім". Өйткені Сүннет-і сәниенің қайнар көзі, сақтаушысы және қай жағынан болса да жақтаушысы болуға міндетті - Әһл-и бейт, яғни өз ұрпағы.

Міне, осы сырға сүйене отырып, кітап пен сүннетке мойынсұну керек деген сөз арқылы хадистің мәнісі анықталғандай. Демек, Пайғамбарымыз Әһли-бейтім деп ұрпағын меңзеген кезде, өзінің көркем сүннетін айтып отыр. Көркем сүннетін ұстамайтындар нағыз Әһл-и бейт бола алмайды. Тіпті, Әһл-и бейтке дос та бола алмайды. Сондай-ақ, Әһл-и бейттің айналасына үмметін жинағысы келген. Ондағы мақсаты, уақыт өткен сайын Әһл-и бейттің саны көбейетінін Аллаһтың рұқсатымен білген және Исламияттың әлсірейтінін аңғарған. Олай болса, Ислам әлемінің рухани дамуына ұйытқы әрі темірқазық болатын өте қуатты, сан жағынан көп, бір-біріне иық тірейтін жамағат керек. Аллаһтың рұқсатымен осыны ойлаған, және Әһл-и бейтінің айналасына үмметінің топтасуын қалаған. Иә, Әһл-и бейт, сенім мен иман тұрғысында басқалардан тым асып кетпесе де тәсілім болып, жақтасуға келгенде алдына жан салмайды. Өйткені олардың табиғатында Ислам дініне деген құштарлық бар. Мұны олар нәсілдік жағымен, туыстық тұрғысынан істейді. Ата жолын ұстану, атақты болмаса да, тіпті бұрыс болса да жалғаса бермек. Ал, өте атақты да әйгілі, адал, мерейі үстем, бүкіл ата-бабасы сол жолда жүрген және абыройға бөленіп, жандарын пида еткен ақиқатқа жақтасу, оны құптау қаншалықты мықты да берік әрі табиғи екенін сезген адам, жанталаса жақтасуды қоя ма?

— 27 —

Әһли-бейт яғни Пайғамбарымыздың ұрпағы туа бітті болмысымен Ислам дінін қолдап, қызу қуаттаушылар, әр тұрғыдан жақтасушылар. Сондықтан Ислам дінін қуаттайтын жай, қарапайым нәрсенің өзін олар күшті дәлел ретінде қабылдайды. Өйткені табиғатынан дін Исламға жақ. Басқалар болса, нақты дәлелдерден кейін барып жақтасады.

ТӨРТІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Үшінші тұжырымда айтылғандардың жалғасы ретінде, Шийттер мен Әһли-сүннет уәл жамағат (сунниттер) арасындағы алауыздыққа себеп болып, тіпті, иман шарттарына, имани мәселелерге әсер ететіндей дәрежеде кең өріс алып кеткен араздыққа қысқаша тоқталып өтеміз.

Әһл-и сүннет уәл жамағаттың айтуы бойынша: Хазреті Али (р.а.) Ұлы төрт халифаның төртіншісі. Хазіреті Сыддық (р.а.) бірінші халифа болуға әбден лайық болғандықтан ең әуелгі халифа сол болды.

Ал, Шиалардың ойынша: "Ең бірінші Халифа Хазіреті Али (р.а.) болуы керек еді. Оған әділетсіздік жасалды. Бәрінен бұрын Хазіреті Али (р.а.) лайық еді". Келтіретін дәлелдерінің қысқаша түйіні:

Хазіреті Али (р.а.) жайындағы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінің көптігі. Хазіреті Али (р.а.) "Әулиелердің пірі" лақабымен танылды. Көпшілік әулиелер мен тариқаттар содан бастау алады және ілімі жағынан, батырлық пен құлшылық жағынан теңдессіз, асыл қасиеттерге ие. Хазіреті Пайғамбарымыз Алейһиссалату Уәссәләмнің оған және одан тараған Әли- бейтке баса назар аударды. Бұл дәлелдер оның бірінші халифа болуы керек екенін көрсетеді. Қай жағынан болсын, бірінші халифа болу соның жолы еді, одан тартып алынды дейді.

Жауап. Хазіреті Алидің (р.а.) үш халифаның үшеуін де өз қалауымен мойындауы және жиырма жылдан астам оларға мойынсұнуы, сондайақ, олардың Шейх-ул Исламы, яғни, діни мәселелерді шешетін ғұлама қызметін атқаруы, шиалардың айтқандарын жоққа шығарады. Сондай-ақ, үш халифаның дәуіріндегі дін Исламның жеткен жеңістері, дұшпандарын күйретуі және Хазіреті Алидің (р.а.) халифа кезіндегі оқиғалар, шиалардың "халифат" туралы көзқарасын теріске шығарады. Демек, әһли-сүннет уәл жамағаттың көзқарасы дұрыс. Егер біреу былай десе: Шиалар яғни шийттер екі түрлі.

Біріншісі. Шиа-и уәлайет (әулиелікке көбірек мән беретіндер)

— 28 —

Екіншісі. Шиа-и хилафет (Халифалық мәселесіне көбірек мән беретіндер). Жарайды, екінші топтың пікіріне кек пен саясат араласқандықтан жөнсіз дейік. Ал, бірақ бірінші топта кек пен саясат жоқ қой. Дегенмен, Шиа-и уәлайет Шиа-и хилафетпен қосылып кеткен яғни, тариқаттағы әулиелердің бір тобы Хазіреті Алиді (р.а) абзал көріп отыр. Саясат жағындағы Шиа-и хилафеттің айтқандарын растап отыр.

Жауап. Хазіреті Алиға (р.а.) екі жақты қарау керек.

Бірінші. Жеке тұлғалық кемелдігі мен өзіндік мәртебесі жағынан.

Екінші. Ал-и бейттің рухани тұлғасының уәкілі ретінде.

Ал-и Бейттің рухани тұлғасы болса, Расул Аллаһ Алейһиссалату Уәссәләмның мән-мағынасын көрсетеді.

Міне, бірінші жағынан алғанда ақиқатқа көзі жеткендер бір ауыздан, Хазіреті Алидің өзі (р.а.) бас болып, Хазіреті Әбубәкір мен Хазіреті Омарды (р.а.) жөн санап, ең алдымен оларды ұсынады. Олардың дін Исламға жасаған қызметі және Аллаһқа жақындығы жағынан мәртебелері әлдеқайда жоғары деп бағалайды.

Екінші жағынан Хазіреті Али (р.а.) Әһл-и бейттің рухани тұлғасының уәкілі. Али-бейттің рухани тұлғасы болса, Мұхаммедтің (с.а.у.) мән-мағынасының, оның ақиқатының уәкілі болуы жағынан ешкіммен салыстыруға келмейді.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Хазіреті Али (р.а.) жайында көп мадақтаған хадистері осы екінші жағына қатысты. Бұл ақиқатты дәлелдейтін нақты риуаят бар. Расул-ы Әкрәм Алейһиссалату Уәссәләм: "Әр пайғамбардың ұрпағы өзінен тараған. Менің ұрпағым, Алидің (р.а.) ұрпағы" деп бұйырған. Хазіреті Алиді (р.а.) басқа Халифаларға қарағанда әлдеқайда жоғары бағалап, мақтайтын хадистердің кеңінен жайылуының себебі, Әмауилер мен Хариджилердің оған жазықсыз тиісіп, кемсітулеріне қарсы әһл-и сүннет уәл жамағат ол кісі туралы риуаятты көп таратты. Басқа халифалар ондай мінеуге, кемсітуге көп ұшырамағандықтан, оларды мақтайтын хадистердің жайылуына аса мұқтаждық болмады.

Сондай-ақ, болашақта Хазіреті Алидің (р.а.) қайғылы оқиғаларға, өзара ішкі бүліктерге куә болатынын пайғамбарлық назармен көріп, Хазіреті Алиді (р.а.) үмітсіздіктен, ал үмметті ол туралы жаман ойдан құтқару үшін مَنْ كُنْتُ مَوْلَاهُ فَعَلِىٌّ مَوْلَاهُ сияқты маңызды хадистермен Алиді (р.а.) жұбатып, үмметіне тура жолды көрсеткен.

— 29 —

Хазіреті Алиге (р.а.) Шиа-и уәлайеттің шектен тыс сүйіспеншілігі және тариқат жағынан айтылған аса жоғары бағалауы, әрине оларды Шиа-и хилафет сияқты жауапты ете қоймас. Себебі, әулиелер өз жолдарының талабына сай жол көрсетушілеріне, пірлеріне махаббатпен қарайды. Асыра сілтеу - сүйіспеншіліктің әдеті. Сүйіктісін өз мәртебесінен жоғары көргісі келеді және көреді де. Махаббатын асыра сілтеу Әһл-и хал үшін кешірімді болуы мүмкін. Бірақ, олар басқа халифалар туралы жаман ойламай, дұшпандық сезімнен аулақ болуы керек. Ислам қағидаларына қайшы келмеу шартымен кешірілуі мүмкін.

Ал, шиа-и хилафеттің саяси мақсаты болғандықтан кек пен дұшпандықтан арыла алмай отыр. Кемшіліктерін мойындамағандықтан кешірілу мүмкіншіліктерінен де айырылуда. Тіпті Иран ұлтшылдары Хазіреті Омардың (р.а.) семсерінен соққы жегендіктен لَا لِحُبِّ عَلِىٍّ بَلْ لِبُغْضِ عُمَرَ деп, Хазіреті Омардан (р.а.) өш алу саясатын Хазіреті Алиге деген сүйіспеншілікпен бүркемелейді. Сонымен қатар, Амр Ибн-ул Астың Хазіреті Алиге (р.а.) қарсы шығуы және Омар Ибн Садтың Хазіреті Хүсейнге (р.а.) қарсы бас көтеріп, соғыс ашуы шиалардың Омар есіміне қарсы ашу-ызасын оятқан. Шиа-и уәлайеттің Әһл-и сүннет уәл жамағатқа ренжитін реті жоқ. Өйткені, әһл-и сүннет Хазіреті Алиді (р.а.) кемсітпейді, керісінше өте жақсы көреді. Бірақ хадис бойынша қауіпті саналатын шектен тыс махаббаттан сақтанып, асыра сілтеуден аулақ тұрады. Пайғамбарымыздың Хазіреті Алидің (р.а.) жақтастарын мақтаулары Әһл-и сүннетке қатысты. Өйткені, Хазіреті Алиді (р.а.) шын сүйетіндер - Әһл-и һақ, яғни Әһл-и сүннет уәл жамағат.

Хазіреті Иса Алейһиссаламға деген шектен тыс махаббаттың христиандар үшін қауіпті болғаны белгілі. Сол сияқты Хазіреті Алиге (р.а.) деген шектен тыс махаббаттың қауіпті екендігі сахих хадисте анық түсіндірілген.

Егер Шиа-и уәлайет: "Хазіреті Алидің (р.а.) жоғары кемелдігін қабылдағаннан кейін, Хазіреті Сыддықты (р.а.) одан артық көру ақылға сыйымсыз" - десе, оның жауабы: Хазіреті Сыддық-ы Әкбар мен Фаруқ-ы Ағзамның (р.а.), яғни Хазіреті Әбубәкір мен Омардың (р.а.) жеке тұлғалық кемелдіктерін, пайғамбарлық міндетті жалғастыру жағымен халифалық кезеңдеріндегі кемелдіктерін таразының бір

— 30 —

жағына ал, Хазіреті Алидің (р.а.) жеке тұлғалық таңғажайып кемелдігі мен халифалық дәуіріндегі мәжбүр болған ішкі, өзара қайғылы қақтығыстар мен сынға ұшыраған өзара соғыстарын таразының екінші жағына қойылса, әлбетте, Хазірет Сыддықтың (р.а.) немесе Фаруқтың (р.а.) немесе Зиннурейннің (р.а.) жағы ауыр басатынын Әһл-и сүннет уәл жамағат көрген, сондықтан жоғары бағалаған.

"Он Екінші" және "Жиырма Төртінші" сөздерде дәлелденгеніндей: Пайғамбарлықтың дәрежесі әулиелікке қарағанда өте жоғары. Сондықтан Пайғамбарлықтың кішкентай бір ұшқыны әулиеліктің үлкен сәулесінен әлдеқайда абзал. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, Хазіреті Сыддық-ы Әкбар (р.а.) мен Фаруқ-ы Ағзамға (р.а.) пайғамбарымыздың міндетін жалғастыру, оның үкімдерін орнықтыру жолында Аллаһ тарапынан мол табыс, үлкен үлес берілгендігі, халифа кезіндегі жетістіктері Әһл-и сүннет уәл жамағат үшін дәлел болып отыр. Хазіреті Алидің (р.а.) жеке тұлғалық кемелдігі, оларға Пайғамбарлықтан қалған мол үлестен асып кете алмаған. Әрі Хазіреті Али (р.а.) Хазіреті Әбубәкір мен Омар (р.а.) халифа кезеңінде Шейхул- Исламдық қызмет атқарған және оларды құрметтеген.

Апырым-ай, Хазіреті Алиді (р.а.) жақсы көріп құрметтеген Әһл-и сүннет уәл жамағат, Хазіреті Алидің (р.а.) жақсы көріп, аса құрметтеген халифаларын қалайша жақсы көріп, құрметтемесін?

Бұл ақиқатты бір мысалмен түсіндірейік. Мысалы, өте бай бір адамнан мұраға қалған байлықтан балаларының біреуіне жиырма батпан күміс пен төрт батпан алтын беріледі. Екіншісіне бес батпан күміс пен бес батпан алтын беріледі. Үшінші баласына үш батпан күміс пен бес батпан алтын беріледі. Соңғы екеуі саны жағынан аз алғанымен, құны жағынан артық алады.

Міне, осы мысал сияқты Хазіреті Әбубәкір мен Омардың (р.а.) Пайғамбарлықтан мұрагерлігі, Ислам үкімдерінің негізін орнатудан, яғни Аллаһқа жақындық дейтін алтыннан алған үлесінің аз ғана артықшылығы - жеке тұлғалық кемелдік пен әулиелік гауһарларынан шыққан және әулиелік кемелдікпен Аллаһқа жақындау дейтін күмістен басым түседі. Салыстырған кезде осы екі жақты ескере отырып қарау керек. Әйтпесе жеке батырлығы мен ілімі және әулиелігі жағынан бір-бірімен салыстырылса, ақиқаттың бейнесі өзгереді.

— 31 —

Хазіреті Алидің (р.а.) бойынан көрінетін Әл-и бейттің рухани тұлғасы мен сол рухани тұлғада толық мұра түрінде қалдырылған Мұхаммедтің (с.а.у.) ақиқаты жағынан салыстыруға болмайды. Өйткені ол жерде Пайғамбарымыз Алейһиссалату Уәссәләмның терең сыры жатыр. Ал, шиа-и хилафеттің, Әһл-и сүннет уәл жамағаттың алдында ұялудан басқаға хақы жоқ. Өйткені, бұлар Хазіреті Алиді (р.а.) қатты жақсы көреміз дей тұра оны кемсітуде. Олар Хазіреті Алиді (р.а.) жаман мінезді етіп көрсетеді. Өйткені, олар былай дейді: "Хазіреті Сыддық пен Хазіреті Омар (р.а.) жөнсіз болса да, Хазіреті Али (р.а.) олармен бірге жүрген. Олардың тілімен айтқанда "тақие" қылған, яғни олардан қорқып амалсыздан қызмет еткен. Апырым-ай, осындай Ислам қаһарманы, "Аллаһтың арыстаны" атағына ие болған және шыншылдарға үлгі, жетекші болған жанды екіжүзді, қорқақ және ұнатпаған адамдарына жағымпазданып, жиырма жылдан астам шарасыз бірге жүріп, әділетсіздікке көне берген деу оған деген сүйіспеншілік емес. Ондай махаббатты Хазіреті Али (р.а.) қабылдамайды".

Ал, сүнниттердің түсінігі ешбір жақтан Хазіреті Алиді (р.а.) кемсітпейді. Жаман мінезді деп кінәламайды. Осындай ғажайып бір батырға қорқақ деп жала жаппайды. Олар былай дейді: "Егер Хазіреті Али (р.а.) Хазіреті Әбубәкір мен Омарды (р.а.) мойындамаса, оларға бір минут та мойынсұнбас еді. Демек, оларды дұрыс деп тапқан және жоғары санағандықтан, күш-қайраты мен батырлығын әділдік жолына арнаған".

ҚОРЫТЫНДЫ. Кез келген нәрсенің шамадан тыс асыра сілтенуі немесе жетпей, нұқсан қалуы жақсы емес. Ең дұрысы ортасын ұстану. Әһл-и сүннет уәл жамағат соны таңдаған. Бірақ, өкінішке орай, Әһл-и сүннет уәл жамағат атын жамылған ваххабилік және хариджилік пікірді жақтап, саясатпен сырқаттанған топтар Хазіреті Алиді (р.а.) сынап, "саясатты білмегендіктен басқара алмады" дейді.

Міне, осы орынсыз мін таққандарға Шииттер ренжиді. Алайда, Әһл-и сүннеттің қағидалары мен ұстанымы бұл пікірге мүлдем қайшы. Хариджилер мен дінсіздер айтатын мұндай пікірге ерегісіп Әһл-и сүннетті кіналауға болмайды. Керісінше Әһл-и сүннет Хазіреті Алиді (р.а.) Шииттерден де артық қолдайды. Бүкіл хұтбаларында, дұғаларында Хазіреті Алиді (р.а.) мадақтап, лайық түрде дәріптейді.

— 32 —

Әсіресе, әһл-и сүннет уәл жамағат жолындағы әулиелер мен асфиялар Оны жол көрсетуші, әулиеліктің бастауы деп біледі.

Шиалар өздерінің және әһл-и сүннеттің дұшпаны болған хариджилер мен дінсіздерден сырт айналып, Әһл-и хақ сүнниттермен араздаспауы керек. Тіпті шиалардың бір тобы Әһл-и сүннетке қырсығып сүннетті тастап отыр.

Жарайды бұл мәселе туралы көп айттық. Өйткені ғалымдар арасында көп тартыс туғызған-ды.

Уа, тура жолдағы Әһл-и сүннет уәл жамағат! Уа, Әл-и бейтке (Пайғамбарымыздың ұрпағына) сүйіспеншілікті өздеріне жол қылып ұстанған Шииттер! Тездетіп осы бір мағынасыз да ақиқатсыз, орынсыз, зиянды тартысты доғарыңдар. Әйтпесе, қазір қарқынды жұмыс істеп жатқан азулы дінсіздік ағымы біріңе-біріңді қарсы құрал ретінде қолданады да, біреуіңді құртқан соң, ол құралдың да көзін жоқ қылады. Сендер әһл-и тәухид яғни бір Аллаһқа сенетіндіктен араларыңда бауырмалдық пен бірігуді бұйыратын жүздеген қуатты да киелі байланыстар бар екенін ұмытпаңдар! Араңызға іріткі салар болмашы мәселелерді тастаған жөн.

* * * * *
Екінші бөлім
﴿ فَاِنْ تَوَلَّوْا فَقُلْ حَسْبِىَ اللّٰهُ لَٓا اِلٰهَ اِلَّا هُوَ عَلَيْهِ تَوَكَّلْتُ وَهُوَ رَبُّ الْعَرْشِ الْعَظ۪يمِ ﴾

аятының екінші ақиқатына байланысты болмақ.

{(Сілтеме): Бұл екінші бөлім Он бірінші лема болып жарыққа шықты.}