Жарқыраулар
— 5 —

Бірінші Лема

Хазіреті Юнус ибн Метта пайғамбардың (а.с.) және Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мінәжаты ең ұлы мінәжат. Сондай-ақ, дұғалардың қабыл болуы үшін де аса маңызды бір себеп. Хазіреті Юнустың (а.с.) әйгілі қиссасының мазмұны: Теңізге лақтырылған Юнусты (а.с.) үлкен бір балық жұтып қойыпты. Аласұрған теңіз астында, түннің қою қараңғылығында бар үміті үзілген кезде жасаған:

﴿ لَٓا اِلٰهَ اِلَّٓا اَنْتَ سُبْحَانَكَ اِنّ۪ى كُنْتُ مِنَ الظَّالِم۪ينَ ﴾

мінәжат-дұғасы, осындай қиын жағдайдан тез арада құтылуына себеп болыпты.

— 6 —

Бұл мінәжаттың маңызды сыры мынада. Дәл сол жағдайда себептердің ешқандай әсері жоқ еді. Өйткені оны құтқаратын Құдіреттің үкімі балыққа да, теңізге де, түнге де, көкке де жүретін болуы керек-ті. Өйткені, теңіз де, түн де, балық та оған қарсы бірігіп алған болатын. Осы үшеуін бірдей бағындыра алатын біреу ғана оны құтқарып, аман-есен жағаға шығара алатын. Тіпті бүкіл халық оның көмекші, қызметкерлері болса да түк пайдасы болмас еді. Демек, себептерден қайыр жоқ еді. Бүкіл себептерді жаратушы бір Аллаһтан басқа құтқарушы жоқ екеніне көзі әбден жеткендіктен Тәухид нұрынан Әхадиеттің сыры ашылып, осы бір мінәжат түнді де, теңізді де, балықты да оған қызметші қылды. Тәухидтің нұрымен балықтың қарны теңіз асты кемесіне айналды. Толқыны таудай асау теңіз қауіпсіз сайрандайтын кең далаға айналды. Әлгі нұр, көктегі бұлттарды сейілтіп, Айды шамшырақ қылып қойды. Оны қаумалай қоршаған, қауіпті себептер енді оған барлық жағынан достық шырай танытты. Сау-сәлемет жағаға шықты. Яктин ағашының көлеңкесінде Раббани жарылқауларға куә болды.

Біз, Хазіреті Юнустың (а.с.) алғашқы күйінен жүз есе қауіпті жағдайдамыз. Қиссадағы түн біз үшін болашақ. Бейқам назармен болашағымызды ойласақ, Хазіреті Юнустың (а.с.) түнінен жүз есе қараңғы да қауіпті. Біздің теңізіміз, мына сергелдең жер шары. Бұл теңіздің әрбір толқынынан мыңдаған адам опат болып жаназасы шығып жатыр. Демек, Хазіреті Юнустың (а.с.) теңізінен мың есе қорқынышты. Біздің балығымыз - нәпсіміз. Бұл балық, мәңгі өмірімізге қауіп төндіріп, құрдымға тартуда. Біздің балығымыз оның балығынан мың есе қауіпті. Өйткені, оның балығы көп болса жүз жылдық өміріне зиян тигізер еді. Ал біздің балығымыз, миллиондаған жылдық өмірімізді тас-талқан еткісі келеді.

Жағдайымыздың ақиқаты осы. Олай болса, біз де Хазіреті Юнус (а.с.)-ға еріп, себептерге шырмалып қалған ой-пікірімізді түзетіп, бүкіл себептерді жаратушы Раббымызға бет бұрып,

﴿ لَٓا اِلٰهَ اِلَّٓا اَنْتَ سُبْحَانَكَ اِنّ۪ى كُنْتُ مِنَ الظَّالِم۪ينَ ﴾

деуіміз керек.

— 7 —

Бейқамдық пен адасудың кесірінен бізге қарсы бірігіп алған болашақ пен дүниенің және нәпсінің зияндарынан болашақты әміріне толық бағындыра алатын, дүниеге үкімі жүретін, нәпсімізді құрықтап басқара алатын Құдірет қана құтқара алатындығын толық түсінуіміз керек. Жер мен Көкті Жаратушы Аллаһтан басқа, жүрегіміздің түбіндегі ең нәзік, ең жасырын сырымызды білетін; Ақыретті жарату арқылы болашағымызды жарық қылатын, дүниенің тұңғиыққа батырар жүз мың асау толқынынан құтқаратын қандай себеп бар? Жоқ! Бір Аллаһтан басқа ешкім де, ешқашан Оның рұқсаты мен қалауынсыз әсте көмектесе алмайды, құтқара алмайды.

Жағдай осылай. Әлгі мінәжаттың нәтижесінде балық, Хазіреті Юнус (а.с.) үшін су асты көлігіне, теңіз кең жазира далаға айналып, түн айлы жарық бейне алды. Олай болса, біз де осы мінәжаттың сырымен

﴿ لَٓا اِلٰهَ اِلَّٓا اَنْتَ سُبْحَانَكَ اِنّ۪ى كُنْتُ مِنَ الظَّالِم۪ينَ ﴾

деуіміз керек. لَٓا اِلٰهَ اِلَّٓا اَنْتَ сөйлемі арқылы болашағымызға, سُبْحَانَكَ - сөзімен дүниямызға, اِنّ۪ى كُنْتُ مِنَ الظَّالِم۪ينَ - сөйлемі арқылы нәпсімізге Аллаһтың мейірім назарын аударуымыз керек. Сонда ғана Иманның нұры, Құранның сәулесі арқылы болашағымыз жарқын болып, түннің қараңғылығы үрей мен қорқыныш туғызбайды. Керісінше, үйреншікті, қауіпсіз жағдайға айналады. Әрдайым өлім мен өмір алмасып, ғасырлар мен жылдардың толқынына сансыз жаназаларды мінгізіп алып, құрдымға кетіп бара жатқан жер бетінде Құран Хакимнің ұстаханасында жасалған рухани кеме тәріздес Ислам ақиқаттарының ішіне кіріп, әлгі теңізде серуен құрып, сау-сәлемет жағаға шығып, өмірдегі өз міндетімізді атқарған боламыз. Сол теңіздің толқындарының шайқалысы мен тербелістері бөтенсіп, үрей туғызбай, керісінше бейне кадрлар тәрізді тамаша көріністерді жаңартып ғибратқа толы оқиғалар ұсынып, қызық ой жүгіртуге себеп болады. Көңілді көтеріп, шаттық сыйлайды. Хикметке толы Құранның сырлары мен тәрбиесі арқылы нәпсіміз құрықталған кезде нәпсіміз бізге міне алмайды. Керісінше, ол біз мінетін көлікке айналады. Мәңгі бақытқа жетуімізге себепші болады.

— 8 —

Қорытынды: Адам баласы жаратылысы жағынан барлық нәрсемен байланысып жатқандықтан, безгек ауруынан жаны қиналатыны секілді, зілзала апаттардан да, қиямет қайым алдындағы үлкен зілзаладан да жаны қиналады. Көзге көрінбейтін микробтан қорқып, қауіптенетіні секілді, алып құйрықты жұлдыздан да қорқады. Үй ішін, отбасын жақсы көргеніндей, бүкіл дүниені де жақсы көреді. Ауласындағы кішкентай бақшасын жақсы көргеніндей мәңгі жұмақты құштарлана аңсап жақсы көреді. Олай болса, осындай болмысқа ие адам баласының Табынушысы, Раббы, Сыйынар Құдіреті, Құтқарушысы, мақсат-межесі бүкіл жаратылыс атаулыны басқарып тұрған молекулаларға да планеталарға да әмірі жүріп тұрған бір құдірет иесі болуы керек. Ендеше адам әрқашан Хазіреті Юнус (а.с.) секілді

﴿ لَٓا اِلٰهَ اِلَّٓا اَنْتَ سُبْحَانَكَ اِنّ۪ى كُنْتُ مِنَ الظَّالِم۪ينَ ﴾

деуге мұқтаж.

﴿ سُبْحَانَكَ لَا عِلْمَ لَنَٓا اِلَّا مَا عَلَّمْتَنَٓا اِنَّكَ اَنْتَ الْعَل۪يمُ الْحَك۪يمُ ﴾
* * * * *