Жарқыраулар
— 229 —

Жиырма төртінші Лема

Тәсәттүр жайлы

{(Тәсәттүр): Әйел затының бөтен кісілерге көрсетуіне тыйым салынған жерлерін жасырып тұратын, шариғатқа сәйкес киімі.}

[Он бесінші тұжырымның екінші және үшінші мәселесі болатын, маңыздылығына орай Жиырма төртінші Лема болды]

﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ يَا اَيُّهَا النَّبِىُّ قُلْ لِاَزْوَاجِكَ وَبَنَاتِكَ وَنِسَٓاءِ الْمُؤْمِن۪ينَ يُدْن۪ينَ عَلَيْهِنَّ مِنْ جَلَاب۪يبِهِنَّ... اِلٰى اٰخِرِ ﴾

Аяты, тәсәттүрді әмір етеді. Азғын мәдениет болса Қасиетті Құранның бұл үкіміне қарсы келуде. Тәсәттүрді әйелдің болмысына сай көрмей, әйелдің құқығын шектеу деп санайды.

{(Сілтеме): Соттың үкіміне қарсы, әрі олардың үнін өшірген ақталу қағазынан бір үзінді. Менің әділет басқармасына айтарым: "Мың үш жүз жылдан бері және әр ғасырда үш жүз миллион адамның қоғамдық өміріне оң ықпал етіп, киелі де үлкен маңызға ие болып келген, қасиетті Иләһи заңды үш жүз елу мың тәпсір жан-жақты баяндап, растап бір ауыздан бекіткендігіне сүйене отырып, мың үш жыл бойы бабаларымыз ұстанып келген діни нанымына сәйкес тәпсір жазған кісіні айыптайтын соттың бұрыс үкімін (егер дүниеде әділдік қалған болса) бұздырады" деп ойлаймын.}

Жауап: Құраны-Хакимнің бұл үкімі әйелдің табиғатына сай, ал керағар пікірдің жаратылысқа қайшы екенін дәлелдейтін көптеген хикметтердің төртеуі баяндалмақ.

БІРІНШІ ХИКМЕТ. Тәсәттүр - әйелдер үшін фытри яғни табиғи нәрсе, оның жаратылысы да соны талап етеді. Өйткені, әйел заты әлсіз әрі нәзік. Сондықтан өзін және жанындай жақсы көретін балаларын қорғайтын ер кісінің қорғауына, жәрдеміне мұқтаж. Ол өзін оған сүйсіндіруге, жиіркендірмеуге, ыңғайсыз жағдайға қалмауға тырысады. Сонымен қатар, он әйелдің алтау-жетеуінің жасы ұлғайған, не көріксіз. Мұнысын, әрине әркімге көрсеткісі келмейді, не болмаса қызғаныш сезімімен өзінен артық сұлудың қасында көріксіз боп қалмауы үшін, немесе намысын бөтен біреуге таптатпау үшін, немесе күйеуінің

— 230 —

алдында қиянатшыл ретінде айыпталмауы үшін оның табиғаты тәсеттүрді яғни жабылып жүруді талап етеді. Тіпті, байқап қарасаң, жасы ұлғайған әйелдер өзін көбірек тұмшалап, орамал тартқыш келеді. Он әйелдің тек екі-үшеуі ғана әрі жас, әрі сұлу, әрі өзін көрсетуден тайсалмайды.

Адам өзі сүймейтін, жақтырмайтын кісінің алдында мазасызданып, қолайсыз күйге түсетіні мәлім. Әлбетте, ашық-шашық киінген көрікті әйел, өзіне көз тіккен бөтен он кісінің екі-үшеуіне оң қараса, қалған жетеу-сегізінен ыңғайсызданады. Сондай-ақ, ар-намысты салиқалы көрікті әйел, нәзік әрі сезімтал болғандықтан әрине бөтен көздерден қысылып қымтырылады.

Естуімше, ашық-шашық киіну кең тараған Еуропа елдерінде көптеген әйелдер әлгіндей сұқтана қараудан ыңғайсызданып, "мына азғын немелер бізді көзбен атып, мазамызды алып болды" деп полиция қызметкерлеріне шағым айтады екен. Демек, мәдениеттің тәсәттүрге қарсы шығуы орынсыз әрі жаратылысқа керағар. Ал, Қасиетті Құранның тәсәттүрді әмір етуі өте орынды да жарасымды. Мейірімділіктің қайнар көзі әрі өмірлік серік болатын қадірменді әйел затын тәсәттүр арқылы азғындаудан, намысының тапталуынан, рухани қаналудан сақтайды.

Сондай-ақ, әйелдің бойында бөтен ер кісілерге деген қорқыныш, үрей сезімі бар. Қорқу - табиғи түрде тәсеттүрді қажет етеді. Өйткені, сегіз-он минуттық зауықты, ауыр азапқа айналдыратын, сегіз-тоғыз ай жүк көтеру, әкесіз баланы туып, оның тәрбиесімен сегіз-тоғыз жыл бойы айналысу әлгі сегіз-тоғыз минуттық заңсыз ләззаттың жазасын тарту қаупі бар. Бұндай келеңсіз көріністер көп кездесетіндіктен әйелдің нәзік жаратылысы бөтен еркектерден зәресі қалмай қорқады. Табиғаты сақтануды бұйырады. Нәзік жаратылыстары оларға тәсәттүр пайдалануын, басқаларға бөтен ой туғызбауын, жауыздықтарына жол бермеуін қатаң түрде ескертіп отырады. Сақтанудың жолдарының бірі, бекініс қамалы - тәсәттүр екенін көрсетеді.

Естуімше астанада, жаңа өкімет орталығында, базардың ішінде, тапа-тал түсте, жұрттың көзінше өте міскін бір аяқ киім тазалаушысы дүниеге танымал, жоғары мәртебелі бір адамның балтыры ашық жұбайына асылып "шапқыншылық" жасапты. Міне, бұл тәсеттүрге қарсы кісілердің қалың беттеріне бір шапалақ болса керек.

— 231 —

ЕКІНШІ ХИКМЕТ. Әйел мен еркек арасындағы сүйіспеншілік, махаббат терең әрі тығыз байланыс тек бұл дүниелік өмірдің қажеттілігінен туындамайды. Әйел күйеуіне тек дүниелік өмірде ғана серік емес. Ол оның о дүниедегі мәңгі өмірде де серігі болмақ. Олай болса әйел, мәңгілік серігі болатын күйеуінен тыс, басқаның назарын өзіне аудартпауға міндетті. Оны ренжітпеуі, қызғандырмауы керек.

Демек, иман саясында мүминдердің отбасылық жұптасуы, тек дүниелік өмірмен шектелмейді. Жануарға тән немесе сұлулығына шақталған өткінші махаббатқа негізделмейді, мәңгі әлемде де жалғасын тауып, арта түсетін берік те шынайы махаббатқа, адалдық пен сыйластыққа негізделеді. Сондай-ақ, тек жас кезінде, көрікті шағында ғана емес қартайып, өңі тая бастаған кезде де сол шынайы махаббат пен құрмет жалғаса бермек. Олай болса, оған жауап ретінде ол да өзінің көркін, махаббатын күйеуіне арнауы керек. Адамгершілік қасиет осыны талап етеді. Әйтпесе, ұтары аз, жоғалтары көп болады.

Шариғат бойынша ерлі-зайыптылар куфув, яғни бір-біріне сай болуы тиіс. Куфувта ең бастысы - діни тұрғыдағы теңдік.

Бақытты еркек деп әйелінің діндарлығына қарап, ұқсап бағатын және мәңгі өмірде жұбайынан айырылып қалмау үшін өзі де діндар болған кісіні айтады.

Бақытты әйел деп отағасының діндарлығына қарап, мәңгілік жұбайымнан айырылып қалмайын деп, өзі де тақуа болған әйелді айтады.

Сорлы, бейшара еркек деп салиқалы әйелінен мәңгілікке көз жазып қалуға себеп болатын азғындыққа салынған адамды айтады.

Сорлы әйел деп тақуа күйеуіне ұқсауға тырыспай, ақырында сол мүбарак, кішіпейіл, мәңгілік досынан айырылып қалатын әйелді айтады.

Бір-бірінің пасық, азғын іс-әрекеттерін өнеге тұтқан сорлы ерлізайыптылардың өмірі аянышты жағдайда. Олар бір-бірінің лаулаған отқа түсуіне жәрдем етеді.

ҮШІНШІ ХИКМЕТ. Отбасының бақытты өмір сүруі үшін, әйел мен еркек арасында шынайы сүйіспеншілік, адалдық, сенім мен құрмет болуы тиіс. Тәсәттүр пайдаланбау, ашық-шашық киіну сенімсіздік туғызады. Екі жақтың шынайы құрметі мен махаббатын кемітеді. Өйткені, ашық-шашық киінген он әйелдің тек біреуі ғана күйеуінен

— 232 —

әлдеқайда сымбатты біреуді көрмегендіктен басқаға жақсы көрінуге тырыспайды. Ал, тоғызы күйеуінен әлдеқайда жақсысын көреді. Жиырма еркектің тек біреуі ғана әйелінен артық сұлу көрмейді. Мұндайда адал махаббат, екі жақты сыйластық жойылады. Мұнымен тынбай өте жағымсыз да жиіркенішті сезімнің оянуына себеп болуы мүмкін. Яғни адамда өзінің апасына, қарындасына, туысқан әйел затына яғни, махрем (үйленуге болмайтын) кісілерге табиғатында шәһуаттық сезім болмайды. Өйткені, махрем кісілердің бет-әлпеті туысқан екенін білдіріп, оған деген мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жанашырлықты сездіретіндіктен нәпсіге тән, шәһауани құмарлықты жойып жібереді.

Алайда, шариғат бойынша туысқандарға да көрсетуге болмайтын балтыр секілді мүшелерін ашу, азғын нәпсінің құмарын, тым ұсқынсыз, жиіркенішті сезімін оятуы мүмкін. Махремнің жүзі туысқан екенін білдіреді, басқаға ұқсамайды. Бірақ ашық балтыр махремдікі ме, басқанікі ме белгісіз. Туысқандықты (махремділікті) білдіретін өзгешелік белгісі болмағандықтан кейбір азғын бірақ өзара махрем жандардың бір-біріне жануарға тән әуестігін оятуы мүмкін. Ал мұндай іс төбе шашты тік тұрғызатын сұмдықтың нақ өзі.

ТӨРТІНШІ ХИКМЕТ. Ұрпақ жаю, әркімнің қалауы. Ұрпақ санын көбейтуге қарсы ешбір ұлт, ешқандай да ел жоқ. Бұл тұрғыда Ардақты Пайғамбарымыз Саллаллаһу Ғалейһи Уәссәләмнің өзі

تَنَاكَحُوا تَكَاثَرُوا فَاِنّ۪ى اُبَاه۪ى بِكُمُ الْاُمَمَ -اَوْ كَمَا قَالَ

яғни "Үйленіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көп болғандарыңды мақтан тұтамын" - деген. Алайда, тәсәттүрді тастау, яғни ашық-шашық киіну үйленуді көбейтпейді, керісінше мүлдем азайтып жібереді. Өйткені қазіргі жастардың ең бұзығы да үйленетін қызының ар-намысты, таза болғанын қалайды. Өзі сияқты модашыл, ашық-шашық болуын қаламайды. Сөйтіп, бойдақ болып өтеді немесе жеңіл жүріске түсуі мүмкін. Ал әйел заты олай емес. Өйтіп күйеуіне талап шарт қоя алмайды. Өйткені әйел заты үйдің ішкі істеріне қарайтын болғандықтан күйеуінің тапқан табысына, балаларына, мал-мүлкіне иелік ету, сақтау қызметін атқарады. Сондықтан оның басты міндеті, қасиеті, адалдық пен сенімділік. Ал ашық-шашық киіну, адалдық пен сенімділікке шәк келтіреді. Ондай әйел күйеуінің алдында

— 233 —

сенімді жоғалтып, оның ар-ожданын азапқа салады. Тіпті, ер адамда жақсы қасиет болып саналатын батырлық пен жомарттық, әйел затында сенімділік пен адалдыққа зияны тиетіндіктен жаман мінез, жағымсыз қылық боп саналады. Бірақ, еркектің басты міндеті мал-мүлкін күзету, адал болу емес. Оның міндеті әйелін қорғау, жанашырлық ету құрметтеу. Сондықтан ер адамды шектеуге келмейді. Демек басқа әйелді де некелей алады.

Біздің халықты Еуропалықтармен салыстыруға болмайды. Өйткені, ол жерде дуэль секілді қатаң жолмен ашық-шашық әйелдерін жезөкшеліктен тиып, аз да болса, намысты қолдан жібермеуге тырысады. Ар-намысты кісінің әйеліне жаман оймен сұқтана қараған адам өлімге бас тігіп, сосын барып қарайды. Оның үстіне ол жердің ауа-райы салқын. Сондықтан, Еуропа халқының табиғаты да ауа-райы сияқты салқын. Ал Азия, яғни мұсылман елдері оған қарағанда ыстық. Географиялық аймақ адам мінезіне әсер ететіні белгілі. Әлгі суық жердегі, суыққанды адамдарда хайуани әуестікті, нәпсіні қоздыратын әлгіндей ашық-шашықтық, әлем-жәлем киіну бәлкім қисық жолға түсіп, ысырап қылуына айтарлықтай әсер ете қоймас. Алайда қашанда нәпсіні қоздыратын ашық-шашықтық, сезімі ояу тез әсер алғыш, ауарайы ыстық елдің адамдарын қисық жолға түсуге, ысырапшылдыққа, ұрпақтың әлсіреуіне сондай-ақ, қуаттың кемуіне бірден-бір себеп болады. Бір айда немесе жиырма күнде бір рет фытри (табиғи) қажеттілік болатын болса, енді бірнеше күн өтпей-ақ ысырапқа мәжбүрмін деп ойлайды. Мұндайда айына он бес күн бойы хайыз сияқты кедергілердің салдарынан әйелінен алыстауға мәжбүр болған ер кісі, егер нәпсісін жеңе алмаса, теріс жолға түсуі әбден мүмкін.

Қалалық әйелдер ауылдық жердегі шаруа әйелдерге қарап, тәсәттүрді тастауына болмайды. Өйткені, ауылдық жерде күн көріс шаруашылық жұмыстары сияқты денемен атқарылатын істер адамды шаршатады, сонымен қатар қалалық әйелдерге қарағанда өзіне көп назар аударта бермейтін біршама тұрпайылау, бейкүнә шаруа әйелдердің ептеп ашық болуы нәпсінің әуестігін айтарлықтай қоздырмауы мүмкін. Ауылдық жерде сандалып бос жүретін азғындар аз болатындықтан қаладағы келеңсіз жайттар ауылдық жерде сирек кездеседі. Олай болса, олармен салыстыруға келмейді.

— 234 —
بِاسْمِه۪ سُبْحَانَهُ

Иман жүзді, ақыреттік қыздарым болып саналатын әйелдер қауымымен сұхбат.

Кейбір аймақтарда Нұр рисалелерін әйелдер қауымы шынайы түрде, ыстық ықыласпен қабылдағандарын естідім. Сондай-ақ, Нұрларға қатысты дәрістеріме олардың мен ойлағаннан әлдеқайда зор сенім артқандарын білдім. Спарта қаласына және мағынауи МедресетузЗеһраға үшінші рет келгенімде, әлгі мүбарак ақыреттік қыздарымның, яғни әйелдер қауымының менен бір дәріс күтетіндерін естідім. Олар мені мешітте уағыз түрінде дәріс береді деп ойлапты.

Алайда, төрт-бес түрлі себеп әрі сырқатым оған мұрша бермей тұр. Мені сөйлеу, тіпті ойлану да шаршатады. Осындай бір жағдайда маған бүгін мынадай ой келді: "Он бес жыл бұрын жастардың сұрауы бойынша "Жастар шырағы" атты еңбек жаздым. Бұл өте пайдалы болды. Олай болса әйелдер қауымы мына заманда жастардан бетер сондай шыраққа мұқтаж". Осыдан кейін мен мазасыз, әлсіз күйіме қарамай әлгі мүбарак қарындастарым мен рухани қыздарыма "үш тұжырымнан" тұратын кейбір қажетті мәселелерді қысқаша баяндамақпын.

БІРІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Рисалей-Нұрдың негізгі мәселелерінің ең бастысы - мейірімділік. Сондықтан, әйел қауымында, яғни мейірімділік қаһармандары арасында, Рисалей-Нұрға деген қызығушылық әлдеқайда басым. Құдайға шүкір, бұл фытри (жаратылысына тән) қызығушылық көп жерде байқалуда. Бұл мейірімділік бүкпесіз жанкештілік, шынайы ықылас пен ақы талап етпейтін риясыз адалдықтан туатындықтан мына заманда оның маңызы өте зор.

Иә, бір ана баласын қауіптен құтқару үшін ешбір ақы сұрамай-ақ, жанын пида етуге бар. Бұл істі аналық жүрегінің шынайы ықыласымен атқаруы, баласы үшін құрбан болуы, әйел затында үлкен қаһармандық бар екенінің дәлелі. Осы қаһармандықты шыңдау арқылы бұл дүниелік және ақыреттік өмірін сақтай алады. Бірақ, кейбір жағымсыз ықпалдардың кесірінен әлгі күшті де құнды қасиет тоқырауға ұшырайды немесе бұрыс жолға қолданылады. Мұның жүздеген мысалдарынан біреуін айтар болсақ, әлгіндей мейірбан ана "балам дүниелік өмірде қиыншылық көрмесін" деп қолынан келгенін аямайды. Өліп-өшіп тәрбиелейді. Балам әкім болсын деп барын салады. Қари дайындайтын

— 235 —

медреседен шығарып алып, Еуропаға жібереді. Бірақ, баласының о дүниелік өміріне қауіп төнетінін ойламайды. Бұл дүниелік азаптан құтқаруға тырысады, бірақ Жаһаннам азабына душар болатынын ескермейді. Фытри мейірімділікке қайшы әрекет етіп, әлгі бейкүнә баласын ақыретте шапағатшы етудің орнына басына бәле етіп алады. Бала ертең ақыретте "неге менің иманымды арттырмай, мына пәлеге ұшырауыма себеп болдың?" - деп шағымданатын болады. Сондайақ, фәни дүниеде Ислам тәрбиесін санасына толық сіңірмегендіктен, әлгіндей бала анасының шексіз мейріміне лайықты баға бере алмай, көптеген ағаттық жасайды.

Егер шынайы мейірімділікті дұрыс пайдаланып, сол арқылы бейшара баласын мәңгілік азап болған Тозақтан, теріс жолда жүріп мәңгілік қамалудан құтқаруға тырысса, баланың жасаған жақсылықтарының бірқатары анасының да амал дәптеріне жазылып, анасы қайтыс болған соң да әрдайым рухына нұр құяды. Ақыретте анасының үстінен арыз айтып, шағымданушы емес, керісінше жан-тәнімен шапағатшы болып, о дүниедегі мәңгі өмірде оған мүбарак перзент болып қайта беріледі.

Иә, адамның алғашқы ұстазы, ықпал етуші мұғалімі - оның анасы. Осыған орай әрдайым кездесетін нақты бір мәселені баяндап берейін.

Сексен жылдық өмірімде сексен мың кісіден сабақ алсам да, Құдай ақы, мен үшін әрдайым ең негізгі сабақ - анамның айтқан сөздері мен ескертулері, оның мағынауи дәрістері. Олар тасқа жазылған жазулар тәрізді, жадыма сіңіп қалған. Басқа дәріс-сабақтар сол іргетасқа қаланған деп білемін. Демек, марқұм анамның жас күнімде көкірегіме сіңірген, көңіліме тоқыған дәрістері мен ескертулері сексен жасыма дейінгі үйренген ұлы ақиқаттардың іргетасы.

Мен таңдаған жолдағы төрт негіздің бірі және ең бастысы - мейірімділік. Сондай-ақ, Рисалей-Нұрдың да басты ақиқаты жанашырлық пен мейірімділік. Осы қасиеттерді анамның қамқор ісәрекетінен көңіл-күйінен, мағынауи дәрістерінен алғандығыма ешбір күмән жоқ.

Иә, осындай шынайы ықыласты, нағыз жанкешті аналық мейірімді теріс пайдаланып, бейкүнә баланың алмас қоры сияқты ақыретін ескермей, пәк назарын, болмысын өткінші фәни, шыны тәріздес дүниеге аудару әрине, әлгі мейірімділік атты биік қасиетті бұрмалау болып шығады.

— 236 —

Ананың мейірімділікке қатысты қаһармандығы керемет. Ешқандай пайда көздемей, ақысыз, жауап та күтпей, шын көңілімен жанын пида етуіне тауықтың балапанын құтқару үшін арыстанға айбат шеге шабуылдап, жанын пида етуі мысал бола алады.

Қазір Ислам тәрбиесінің және ақыреттік амалдардың ең құндысы, ең басты өзегі - ықылас. Мейірімділікке қатысты қаһармандықта шынайы ықылас та болады. Егер осы екі негіз сол мүбарак қауымда өркендесе, Ислам әлемінде орасан зор табыстың қайнар көзі болар еді.

Ер адамдардағы қаһармандық ақысыз бола алмайды. Тіпті жүз есе ақы сұрайды. Ең болмағанда атақ-даңқын шығарғысы келеді. Бірақ, өкінішке орай, бейшара мүбарак әйел қауымы залым еркектердің шерінен, олардың қанауынан құтылу үшін әлсіздік пен шарасыздықтан көзбояушылыққа, екіжүзділікке салынады.

ЕКІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Биыл қоғамнан қол үзіп, жалғыз жүрсемдағы кейбір нұршы достарым мен қарындастарымның өтініштерін қимай дүниеге назар салдым. Әңгімелескен көп достарымның отбасы үстінен шағым айтқандарын естіп, "әттеген-ай" дедім. "Адамның, оның ішінде мұсылманның қорғаны, сондай-ақ, Жәннаты әрі шағын дүниесі - оның отбасы еді. Бұл да бұзылайын дегені ме?" деп қынжыла отырып себептерін іздестірдім. Мұсылмандардың әлеуметтік өміріне, сол арқылы Ислам дініне зиян келтіру үшін жастарды адастыру, олардың албырттығын пайдаланып азғындыққа итермелеу мақсатымен бейшара әйелдердің түсінігі таяз бөлігін бұрыс жолға салу үшін бір-екі жасырын ұйымның екпінді түрде жұмыс жүргізіп жатқанын және Ислам әлеміне тиген мына екпінді соққы сол жақтан келіп жатқанын білдім.

Менің сендерге, яғни қарындастарыма, жастарға, мағынауи балаларыма айтарым. Әйел затының ақыреттегі бақыты сияқты бұл дүниедегі бақыты да, сондай-ақ бойларындағы асыл адамгершілік қасиеттерді бұзбай сақтап қалудың бірден-бір жолы - Ислам қағидаларын қадірлеп, діни тәрбие алу. Басқа жолы жоқ. Ресейдегі бейшара әйелдердің қандай күйге түскендерін білетін боларсыңдар. Рисалей-Нұрдың бір жерінде былай деген болатынмын: "Ақылы бар адам, жұбайына деген махаббатын оның бес-он жылдық фәни келбетіне арнамайды". Әйелдегі әсемдіктің сыры, ең ұзақ сақталатын сұлулығы - оның мейірімділігі. Әйелге тән биязылығы мен инабаттылығы. Әйел затының бойындағы осы қасиеттер күйеуінің

— 237 —

оған деген махаббатының іргетасы болуы керек. Сонда ғана, бейшара әйелі қартайса да жұбайының оған деген махаббаты жалғаса бермек. Өйткені, оның жұбайы тек мына дүниедегі серігі емес, бақи өмірде де мәңгілік сүйіктісі. Сондықтан, қартайған шақтарында да бір-біріне деген сүйіспеншіліктері, құрмет пен мейірімдері одан сайын арта бермек.

Қазір хайуанға тән өткінші жұптасудан кейін мәңгілік көрмеске айырылуымен тынатын "мәдени тәрбие" деп айдар таққан отбасылық өмірдің тынысы тарылып, мүлдем шырқы бұзылуда. Рисалей-Нұрдың тағы бір тұсында: "Бақытты күйеу деп - өзінің мәңгілік жұбын жоғалтып алмау үшін салиқалы жұбайынан өнеге алып, өзі де салих діндар болған адамды айтады. Бақытты әйел - күйеуінің діндарлығын көріп, мәңгілік досынан ажырап қалмау үшін ол да діндар салиқалы болып, тақуалық іс атқарады. Сөйтіп, фәни дүниеде бақытқа бөленумен бірге, ақыреттік бақытқа да қолы жетеді".

Бақытсыз күйеу деп - азғындық жолға түскен жұбайын тыюдың орнына, оның ізіне ерген кісіні айтады.

Бақытсыз әйел - күйеуінің жағымсыз жақтарын көріп, соған ұқсап бағады. Осындай ерлі-зайыптыларға обал-ақ. Олар бірін-бірі лаулаған отқа итермелейді. Мәдениет фантазияларын қууға ынталандырады. Рисалей-Нұр бұл тұрғыда "бүгінде отбасының фәни дүние мен ақыретте бақытқа бөленуінің сондай-ақ, әйел бойындағы құнды қасиеттердің дамуының бірден-бір жолы шариғат шеңберіндегі Ислам әдет-ғұрпын сақтау" дейді.

Отбасындағы маңызды түйін. Егер әйел күйеуінен жамандық немесе опасыздық көрсе, оған ерегісіп әйелдің отбасындағы міндеті болған адалдық пен сенімділікті бұзса, әскердегі тәртіптің бұзылуы сияқты отбасының да құты қашады. Ондайда әйел қолынан келгенше күйеуінің қатесін жөндеуге тырысуы қажет. Сонда ғана мәңгілік серігін құтқарып қалады. Әйтпесе, ол да ашылып-шашылу арқылы басқаларға жақсы көрінуге тырысса, азапты зардап шегеді. Өйткені, адалдықты аттаған адам фәни дүниенің өзінде-ақ жазасын тартады. Сондай-ақ, оның нәзік жаратылысы бөгде жандардан қорқып ыңғайсызданады. Бөгде жиырма ер адамның он сегізінен қысылады. Ер адам болса, бөтен жүз әйелдің тек біреуінен қысылып, қарағанынан ыңғайсызданады. Әйел бұл тұрғыда азап шеккенімен қоймай, опасыз ретінде айыпталып әлсіз, нәзік болғандықтан ақысын да ала алмайды.

— 238 —

Сонымен, әйелдердің мейірімділігі мен қаһармандығы, ықыласы еркектерге ұқсамайды. Еркектердің де қаһармандығы оларға жетпейді. Сол сияқты әлгі бейкүнә әйелдер азғындық жағынан еркектерге жете алмайды. Олардың нәзік жаратылыстары бөгде адамдардан қатты қорқады. Жаулығына жасырынуға нәзіктігі мәжбүр етеді. Өйткені, ер адам сегіз минуттық зауық пен ләззатқа бату үшін азғындыққа салынса, тек сегіз теңге шамасында бір нәрсе жоғалтады. Алайда әйел, сол сегіз минуттық азғын зауықтың жазасы ретінде тоғыз ай бойы ауыр жүк арқалайды, одан кейін де сол әкесіз баланы тәрбиелеу машақатын тартады. Демек, бұл тұрғыда еркектерге теңесе алмай, олардан жүз есе артық жаза тартады.

Өмірде көп кездесетін мұндай оқиғалардың бізге берер тәлімі. Мүбарак әйел қауымы жаратылысынан асыл мінез-құлықтың қайнар көзі. Ал пасықтыққа, азғындыққа, дүниелік зауыққа келгенде қабілетсіз. Демек, олар Ислам тәрбиесі төңірегінде бақытты шаңырақ құруға арналған мүбарак жаратылыс.

Осы мүбарак, адал жандарды бұзушы ұйымдарды жер жұтсын! Аллаһ Тағала осы қарындастарымды, мағынауи қыздарымды әлгіндей есалаңдардың пәлесінен сақтасын! Амин...

Айналайын, қыздарым! Сендерге айтарым, күн көру үшін опасыз, нашар мінезді, батысқа еліктеуші күйеудің билігіне кіріптар болмай-ақ, бойларыңдағы құнттылық пен қанағатты пайдаланып, өз күштерімен де күн көре алатын ауылдың бейкүнә әйелдері сияқты, сендер де шыдап бағыңдар, өз абыройларыңды сақтауға тырысыңдар. Егер лайық емес күйеуге тап болсаңдар, жазмышқа разы болып, қанағат қылыңдар. Иншаллаһ ризашылық пен қанағат саясында ол да жөнделіп, түзу жолға түсер. Әйтпесе, ажырасу үшін сотқа барасыңдар. Ал, бұлай ету Исламның абыройына, халқымыздың намысына тиетін жат қылық.

ҮШІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Қымбатты қарындастарым мен рухани қыздарым! Естеріңде болсын, Шариғатқа жат зауық пен ләззәтта, өзінен он есе үлкен уайым мен азап бар екені Рисалей-Нұрда жүздеген нақты дәлелдермен, оқиғалармен баяндалған. Егжей-тегжейлі білгісі келген жан Рисалей-Нұрды оқысын. Атап айтар болсақ, "Қысқа Сөздер" кітапшасындағы алтыншы, жетінші, сегізінші сөзді оқысын." Жастар шырағы" кітабы менсіз-ақ бұл ақиқатты толық баяндап береді. Сондықтан, заңды да адал көңіл көтеру мен зауыққа қанағат

— 239 —

етіп сабыр сақтаңдар. Үйлеріңдегі бейкүнә бала-шағаңызбен жайдары сұхбат, жүздеген кинодан әлдеқайда қызық. Мынаны да әсте естен шығармаңдар, Фәни дүниедегі шынайы ләззат - Иман шеңберінде және Иманда. Салих игі істердің әрқайсысында мағынауи ләззәт, рухани зауық бар.

ен азғындықта бұл дүниенің өзінде тым ащы, ауыр қайғы бар екенін жүздеген бұлтартпас айғақтар арқылы Рисалей-Нұр дәлелдеп берді. Иманның ішінде Жәннаттың дәнегі ал азғындық пен адасуда Жаһаннамның ұрығы сақтаулы. Бұған көптеген тәжірибелерім мен бастан кешкен оқиғалардың арқасында көзім жетті. Бұл ақиқат Рисалей-Нұрдың көптеген жерлерінде жазылған. Қасарысқан дұшпандар, сынаушылар, ресми тергеу, сот орындары бұл ақиқаттардан қате таба алмады.

Енді, сендер сияқты мүбарак әрі бейкүнә мағынауи қыздарыма, сол рисалелер - әуелі «Тәсәттүр рисалесі», "Жастар шырағы" мен "Қысқа сөздер" менің орныма дәріс берсін.

Естуімше, сендер менің мешітте дәріс оқуымды өтінген екенсіңдер. Бірақ халімнің нашарлығы мен науқастығым, сондай-ақ басқа да көптеген себептер оған мұрсат бермейді.

Мен де өздерің үшін жазылған мына дәрісімді оқып, қабыл алған барлық қыз-келіншектерді рухани табыстарыма, дұға-тілектеріме ортақ етіп оларды "Нұр шәкірттері" деп санауға қарар бердім. Егер, сендер Рисалей-Нұр кітаптарын алып оқысаңдар немесе тыңдасаңдар, қағидамыз бойынша бауырларың боп саналатын күллі Нұр шәкірттерінің рухани табыстарына, олардың дұғаларына ортақ боласыңдар. Әлі де жазбақ ойым бар еді. Бірақ науқас әрі қарт болғандықтан сондай-ақ, рисалелерді тексеру жұмыстары күтіп тұрғандықтан әзірге осы жазбаға қанағат еттім.

اَلْبَاق۪ى هُوَ الْبَاق۪ى
Дұғаларыңа мұқтаж бауырларың,
Саид Нұрси