Жарқыраулар
— 240 —

ЖИЫРМА БЕСІНШІ ЛЕМА

(Науқастың жанына демеу, деніне шипа, көңіліне жұбаныш болсын деген ізгі ниетпен тез сауығып кетуін тілей отырып жазылды)

Ескерту және кешірім сұрау

Бұл емдік жазба басқа еңбектерімдей емес өте жылдам әрі түзетусіз жазылды. Бір мәрте ғана қарап шығуға мұрша болды.

{(Сілтеме): Бұл жазбаның бар болғаны төрт жарым сағаттың ішінде жазылғанына Рүшту, Рефет, Хусрев, Саидтар куә.}

Демек, түзетусіз, алғашқы қалпында қалды. Көңілге келген көрікті ойларды әдемі сөздермен суреттемей, қаз қалпында қала бергенін жөн көрдім. Мұны оқыған кісілер, әсіресе науқас жандар асығыс жазылған кейбір оғаштау сөздеріме ренжімей, маған қайыр-дұға етсін.

﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ اَلَّذ۪ينَ اِذَٓا اَصَابَتْهُمْ مُص۪يبَةٌ قَالُٓوا اِنَّا لِلّٰهِ وَاِنَّٓا اِلَيْهِ رَاجِعُونَ ٭ وَالَّذ۪ى هُوَ يُطْعِمُن۪ى وَيَسْق۪ينِ ٭ وَاِذَا مَرِضْتُ فَهُوَ يَشْف۪ينِ ﴾

Бұл жазбада адамзаттың оннан бір бөлігін құрайтын ауру-сырқат жандарға шынайы демеу әрі ем боларлық "Жиырма бес шипа" қысқаша баяндалмақ.

БІРІНШІ ШИПА. Уа, дертке шалдыққан жан! Уайымдама, сабыр ет! Сенің сырқаттануың саған дерт емес бәлкім шипа болар. Өйткені, өмір ол бір байлық, зымырап өтіп барады. Егер жеміс бермесе босқа кетеді. Өмірің рахат жағдайда өтіп жатса оның үстіне немқұрайдылық қосылса, одан сайын тез өте шығады. Ал, ауру-сырқау сол өмірді мәністі де жемісті қылады. Өмірдің зымырап, тез өте шығуына жол бермей ұзарта түседі. Өмірдің қиыншылықтар арқылы ұзаратынын мегзейтін ел арасына кең тараған: "Қиын күндер ұзаққа созылып, өтпей қояды, ал қуанышты сәттер тез өте шығады" деген сөз бар.

— 241 —

ЕКІНШІ ШИПА. Уа, сабырсыз науқас жан! Шыда! Тіпті шүкір ет! Бойыңдағы дерт өміріңнің әрбір минутын бір сағаттық ғибадатқа айналдыруы мүмкін. Өйткені, ғибадаттың екі түрі бар. Бірішісі кәдімгі намаз, нияз секілді құлшылықтар. Екіншісі ауру-сырқау, қиыншылықтар. Қиыншылыққа тап болған адам сол арқылы өзінің әлсіз әрі дәрменсіз екенін сезініп, Рахымды Жаратқанға ықыласпен жалбарынып, шын жүректен, риясыз құлшылық етеді. Аллаһ Тағалаға реніш білдірмей, сабыр сақтаған жағдайда ауру-сырқаумен өткен өмір, мүмин үшін құлшылық болып саналатындығы жайлы хадистер бар. Тіпті, кейде сабыр сақтап шүкір еткен науқастың бір минуттық ауруы бір сағаттың құлшылық болып есептелетініне және кейбір кәміл жануардың бір минуты бір күн болып саналатындығына нақты риуаяттар бар. Сенің бір минуттық өміріңді мың минуттық өмірге айналдырып, өміріңді ұзартып жатқан ауруға шағымданба, қайта оған риза бол!

ҮШІНШІ ШИПА. Уа, шыдамсыз, науқас жан! Адам бұл дүниеге рахатқа батып, ләззат алу үшін келмейді. Өйткені дүниеге келгендер ұзақ аялдамай кетіп қалады, жастар қартаяды, осылайша аяқталулар, қош айтысулар қайталанып тұрады. Адамзат тіршілік иелерінің ең кереметі, жоғары мәртебелісі жаратылысы күрделі, сезімге бай жаны бар жаратылыстардың сұлтаны бола тұра, өткен қызықтарды еске алу, келешекті уайымдау арқылы жануарлармен салыстырғанда ең төменгі дәрежедегі уайым қайғысы мол машақатты өмір сүреді. Демек, адам баласы бұл дүниеге қызық өмір сүру үшін, рахат пен шаттық үшін келмейді. Қолында үлкен байлығы бар адам баласы бұл жерге сауда жасап, мәңгі бақытқа бөлену үшін еңбек ету үшін келеді. Оның қолда бар байлығы - өмірі. Егер ауырмай, үнемі дені сау жүрсе дүние оған өте қызық тәтті болып көрінеді. Ақыретті ұмытып, қабірді, өлімді ойлағысы келмейді. Өмір байлығын түкке тұрғысыз, бос нәрселермен өткізеді. Ал ауру-сырқау болса, оның көкірек көзін ашады. Ауру оған: «Ажалдан қашып құтыла алмайсың. Сені Аллаһ бекерге жаратқан жоқ! Атқарар міндетің бар. Тәкәппарланба! Сені жаратқанды ойла, тап! Қабірге кіретініңді ұмытпа соған дайындал» дейді.

Міне, науқастық бұл тұрғыдан алғанда таптырмас насихатшы, жөнге салушы, тәрбиеші мүршид-ұстаз. Сен ол үшін шағымданба! Қайта рахмет айт! Егер ауру шамадан тыс ауыр соқса, Раббыңнан сабыр сұра!

— 242 —

ТӨРТІНШІ ШИПА. Уа, шағым айта бастаған науқас! Сенің шағымдануға ешқандай қақың жоқ. Сенің міндетің шүкір ету, сабыр сақтау. Себебі, сен қолданып жүрген дене, ағзалар мен сезім мүшелер сенікі емес. Оларды өзің жасап немесе сатып алған жоқсың. Олар өзгенікі. Олардың Иесі өз мүлкіне қалауынша иелік етеді. Жиырма алтыншы Сөзде айтылғандай, өте бай, он саусағынан өнер тамған бір шебер, өзінің ғажайып өнері мен мол байлығын көрсету үшін, бір пақырға өзі тіккен киімдерді кигізіп, маникен ретінде белгілі бір ақы төлеп, бір сағатқа жалдап алады. Өнерін салып тіккен әдемі көйлегін әлгі пақырға кигізеді. Көйлек әлгі адамның үстінде тұрғанда жұмысын жалғастырып, ғажайып өнерінің саналуан қырын көрсету мақсатында әлгі көйлекті кеседі, ауыстырады, ұзартады, қысқартады. Апырымай, әлгі жалданған пақыр: «Мені әуреге салдың! Отырып-тұрудан, иіліп-еңкеюден жалықтым! Жарасып тұрған көйлекті кесіп-пішіп, сәнімді бұздың!» деп шебер қожайынға наразы болуға құқы бар ма? "Маған мейрімсіздік етудесің" дей ала ма?

Сол сияқты, Сани Зүлджәлал, яғни Шебер Аллаһ саған көз, құлақ, ақыл, жүрек сынды керемет сезімдерге толы "дене" атты әсем көйлекті кигізіп, өзінің көркем есімдерін көрсету үшін түрлі-түрлі күйлерге, саналуан жағдайларға душар қылады. Қарның ашқан кезде Оның "Раззақ" екенін білсең "Шәфи" есімін ауырғанда білесің. Өмірдегі қайғы-қасіреттер кейбір Иләһи есімдердің үстемдігін таныстыратындықтан, оларда хикметтің сәулелері, мейірімнің шуақтары бар. Егер перде ашылса мазасызданып қорыққан ауру дейтін перденің арғы жағында тұрған тамаша мағыналарды көрер едің.

БЕСІНШІ ШИПА. Уа, ауруға шалдыққан дос! Біле білсең, науқастық кейбіреулер үшін Құдайдың жарылқауы, Рахманның сыйы. Оған өмірлік тәжірибем арқылы әбден көзім жеткен. Соңғы сегіз-тоғыз жылда, лайық болмасам да кейбір науқас жастар денсаулығы үшін дұға етуімді сұрап келетін болды. Олар басқа жастарға қарағанда ақыретін ойлайтын, қызу қандылықтан аулақ, байыпты яғни жастыққа мас емес. Немқұрайдылықтан, хайуани әуесқойлықтан біршама құтылғандай. Мен оларға мұндай шыдауға болатын дерттің Аллаһ Тағаланың жарылқауы, Аллаһтың ихсан сыйы екенін ескертетінмін. Оларға: "Дертіңнің зиянын көре алмай тұрмын. Жан ашитындай аянышты халде емессің. Қалайша дұға етейін? Сырқатты жағдай көкірек көзіңді

— 243 —

ашқанға дейін сабыр сақта! Ауру өз міндетін атқарған соң, Рақымы мол Аллаһ, Иншаллаһ, шипа беріп, оңалып кетерсің... Денінің сау болуы сенің кейбір достарыңның басына пәле болып, бейқамдыққа салуда. Намазға жығылмай, қабірді ойламай, Аллаһты танымай жүр. Бұл дүниелік өмірдің бір сәттік алдамшы қызығын қуып, мәңгі өмірін шайқалтып, тіпті, тас-талқан етіп жүргені қаншама. Сен болсаң, түбінде барар жерің - қабіріңді, одан кейінгі ақыреттік сапарыңды сезіп, соған қарай әрекет етіп жүрсің. Демек, бұл ауру сен үшін денсаулық, ал кейбір достарыңның денінің саулығы ауру" дейтінмін.

АЛТЫНШЫ ШИПА. Уа, шыдамсыз науқас бауырым! Ләззаты мол, шаттыққа толы өткен күндерді және қайғылы қиын сәттерді есіңе алшы! Әлбетте, "аһ" немесе "үһ" дейсің. Яғни я "әлхамдулиллаһ, Құдайға шүкір!" немесе "қап, әттеген-ай!" деп ойша, я тіліңмен айтар едің. Саған "Әлхамдулиллаһ" дегізген жағдай бастан кешкен уайымқайғың ғой. Олар адамды рухани ләззатқа бөлеп, көңілді көтереді, әрі шүкір еткізеді. Қайғы-қасіреттің бітуі жанды рахатқа бөлейді. Соны ұғына білсең, көңілің шалқып, шүкіршілік қыласың. Ал, сені "әттегенай" дегізіп өкіндірген жағдай бұрынғы өткінші рахат, уақытша ләззат болар. Енді сол ада болған алдамшы қызығың көңіліңді құлазытып мұңға салып отыр. Бір күндік орынсыз рахат кейде жылдар бойы жаныңды мазалайды. Ал, бір күндік өткінші қиындық көпке дейін рухани ләззатқа бөлейді. Олай болса, басыңа түскен өткінші аурусырқаттың ақырын, тиімді нәтижесін ойлап, ақыреттік сауаптарды күт! "Бұл да өтеді дағы, тәйірі" де, шүкір ет! Шағымдана берме!

АЛТЫНШЫ ШИПА.

{(Сілтеме): Көңілге еріксіз түрде келгендіктен "алтыншы шипа" екі мәрте жазылды. Еріксіз болған соң араласпадық, сол қалпында қалды. Мүмкін бір сыры болар.}

Уа, бұл дүниенің алдамшы қызығын ойлап, ауырып қалғанына жаны күйзелген бауырым! Бұл дүние мәңгі болса, алдымызда рухани қыстар болмаса, өлім алдымыздан шықпаса, қоштасудың ызғарын сезбесек сенің мына мұңды халіңе менің де жаным ашыр еді. Алайда, бір күні бізге: "Қане бұл дүниеден шығыңдар!" деген бұйрық келеді. Сонда жан айқайымызға ешкім құлақ аспайды. Ендеше, бұл дүниеден кетпес бұрын, осындай аурусырқаттардың ескертулері арқылы көкірек көзімізді ашып, қазірден бастап мына дүниеге құмартудан бас тартқанымыз жөн. Ол бізді тастап кетпей тұрғанда біз оны жүрекпен тәркі етуге тырысуымыз керек.

— 244 —

Иә, ауру-сырқау бізге былай дейді: "Болмысың тас пен темірден емес! Ол әрдайым ыдырауға дайын саналуан бөлшектерден құралған. Әлсіз екеніңді ұқ! Жаратқан Иеңді таны, өз міндетіңді атқар, бұл дүниеге не үшін келгеніңді біл!" Бұл дүниенің қызығы келте, ләззаты өткінші. Оның үстіне олар шариғатқа қайшы болса, өкініш қана емес күнә арқалайсың. Науқастанып, қызықтан құр қалдым деп өкінбе! Қайта аурудың рухани ғибадат екенін, ақыретке қатысты сауапты жақтарын ойла, рухани ләззат алуға тырыс.

ЖЕТІНШІ ШИПА. Уа, денсаулықтың рахатынан айрылған жан! Деннің саулығы - Аллаһтың нығметі. Оның ләззатын алуыңа сенің мына ауруың кедергі емес. Қайта ауруың сені одан сайын нығметке бөлеп жатыр. Өйткені, бір нәрсе үнемі қайталана берсе қадірі кетеді.

Бұл туралы ақиқатшыл жандар бір ауыздан былай деген:

اِنَّمَا الْاَشْيَاءُ تُعْرَفُ بِاَضْدَادِهَا

яғни, «Кез-келген нәрсенің қадірі оның қарама-қарсы жағымен білінеді». Мысалы, қараңғы болмаса жарықтың қадірі болмайды, суық болмаса жылудың қадірі болмайды, яғни қызық емес. Аштық болмаса, тамақ ләззат бермейді. Шөлдеу болмаса су ішу рахат емес. Ауырмасаң денсаулықтың қадірін білмейсің.

Аллаһ Тағала саналуан, шексіз нығметтерінің дәмін таттырып, қадірін білдіру үшін адамға өте көп сезімдер берген. Сол арқылы өзінің неше түрлі жарылқау сыйын білдіріп, әртүрлі нығметтерінің дәмін таттырғысы келеді. Адамды әрдайым шүкір етуге шақырады. Денге саулық пен тәбетті бергені секілді, ауру-сырқатты да қоса жібереді. Мынаған жауап берші! "Егер сенің басың, қолың, ішің ауырмағанда басыңның немесе асқазаныңның сау кезіндегі рахатын, яғни оның Иләһи нығмет екенін ескеріп, шүкір етер ме едің?" Құдай біледі, шүкір етудің орнына Иләһи нығмет екенін тіпті ойламас едің? Денсаулықтың қадірін білмей, оны бос орынсыз істерге, ойын-күлкіге жұмсар ма едің.

СЕГІЗІНШІ ШИПА. Уа, ақыретін уайымдаған науқас! Ауру сабын тәрізді күнәнің кірлерін кетіріп, бойды тазартады. Аурудың күнәларға кәфарат, яғни жазасын өтеу екені сахих хадистермен бекітілген. «Жеміс ағашын сілкігенде, пісіп тұрған жемістер қалай төгілетін болса иманды науқастың аурудан дірілдеп, қалтырауы да оны күнәлардан арылтады». Күнә - о дүниелік мәңгі өмірде дауасыз кесел. Ол бұл дүниенің өзінде жүрек пен ождан үшін рухани дерт.

— 245 —

Егер сабыр сақтап, шағымданбасаң өткінші дерт арқылы көптеген жазылмас рухани аурулардан айығасың. Егер күнәларыңды ойламай және Аллаһты танымай жүрген болсаң, онда сен денеңдегі өткінші аурудан миллион есе ауыр рухани науқассың. Шағымданғың келсе, міне осы рухани ауруыңды айтып шағымдан!

Өйткені, сенің жүрегің рухың, нәпсің әлемдегі бүкіл жаратылыс атаулымен тығыз байланысты. Өмірде жиі кездесетін аяқталу мен қоштасулар сол байланыстарды үзіп, жанды жаралайды. Оның үстіне ақыретке сенбегендіктен өлімді мәңгі жойылу деп ойлаған адам өткінші, тәннің ауруынан да ауыр, рухани кесел болғаны. Сондықтан, әуелі сол қатерлі де қауіпті рухани ауруды емдейтін дәрі, шипа іздеу керек, яғни «иман дәрісін» алып сеніміңді күшейту қажет.

Оны іздеп табудың бірден-бір жолы сырқаттану арқылы бейқамдық ұйқысынан оянып, дүниенің мастығынан айығып, Аллаһтың алдында өзінің әлсіз де шарасыз екеніңді біліп, Қадир-і Зүлжәлалдың құдіретін, оның шексіз мейірімін, аса қамқорлығын сезіну.

Иә, Аллаһты танымайтын пенденің басына барлық бәле жиналады. Ал, Аллаһты танитын кісінің ішкі әлемі рухани қуаныш пен шаттыққа толы болады. Мұны әркім иманының дәрежесіне қарай сезеді. Осылайша, иманмен байланысты болған рухани қуаныш әрі шипа, әрі ләззат болып кез келген дене сырқатының қайғысын сейілтіп, тоңын жібітіп жібереді.

ТОҒЫЗЫНШЫ ШИПА. Уа, Жаратушысын тани бастаған науқас! Адамдар аурудың кейде өлімге себепші болатындығынан қорқып, уайымдайды. Өлімге бейқам көзбен қарағанда және сырт көрінісі ғана, қорқынышты. Өлімге себепші болатын ауру да қорқытады, уайымға салады. Әуелі мынаны біл және күмәнсіз сен! Ажал маңдайға жазылған, ол өзгермейді. Хал үстінде жатқан науқастың басында жылап-сықтап отырған дені сау кісілердің әлгі науқастан бұрын қайтыс болып, ал демі әне-міне үзілгелі жатқандар ауруынан айығып кеткен оқиғалар көп. Екіншіден, өлім сырт көзге көрінгеніндей қорқынышты емес. Өлім - имандылар үшін өмірдегі міндетінен босатылу, "дүние" атты сынақ алаңынан көшу, басқаша айтқанда тәлім-тәрбие алатын мына дүниедегі құлдық міндетінен босау. О дүниеге аттанып кеткен жүзден тоқсан тоғыз сүйікті жандарға, ағайын-туысқа қауышу. Түпкі Отанына қайтудың, мәңгі бақытқа бөленудің, ең жоғары мәртебеге

— 246 —

шығудың бастауы. Дүние зынданынан жәннат бақшасына шақырылу. Атқарған қызметіне қарай Рахим Аллаһтың мейірімділік қазынасынан сый алуға кезекке тұру. Өлімнің мұндай ақиқатын өзге еңбектерімде Құран Кәрімнің нұрымен дәлелдеген болатынмын. Олай болса өлімнен үрейленбей, қайта оны рақымға кенелу мен бақытқа бөленудің басы деп түсін. Аллаһ жолында жүрген кісінің өлімнен қорқуы, оның қорқынышты болғандығынан емес, "мұнан да көбірек сауап алайын, өмір міндетін жақсы атқарып қалайын" деген жақсы ойдан.

Иә, имандылар үшін өлім мейірімділіктің қақпасы, ал Құдайдан безген имансыздар үшін қараңғы да мәңгілік зындан.

ОНЫНШЫ ШИПА. Уа, уайымшыл науқас! Сен аурудың мазалайтынын ойлап, уайымдап отырсың. Бұлай істеуің ауруыңды үдете түседі. Ауруыңның жеңілдеуін қаласаң, уайымдамауға тырыс. Яғни, аурудың өткінші екенін, оның пайдасы мен сауабын ойла. Уайымдама, қорықпа! Сол кезде аурудың түп тамырына балта шапқан боласың.

Уайым, ауруды күшейте түседі. Уайымның кесірінен дененің сырқатына қоса, рухани дерт жүрекке жабысып біріне-бірі дем беріп, жалғаса бермек. Егер, Аллаһқа тәслім болып, тағдырға риза болсаң, аурудың хикметін ойлап, сабыр сақтасаң, аурудың түп тамыры кесіліп, жеңілдеп қаласың, тіпті айыға бастайсың. Уайымдаған сайын ауруың үдеп, ондаған есе ұлғайып, асқынып кетеді. Ал, уайымдамасаң аурудың оннан тоғызынан құтыласың. Демек - уайым ауруды қоздыратын бәле. Уайымдау - Аллаһтың хикметіне шәк келтіру, Оның рақымына күмәндану, Жаратқанды шағымдану болып саналады. Мұндай науқас дегеніне жете алмайды, керісінше кеселі күшейе түседі.

Шүкір ету болса нығметті арттырады. Шағымдану кесел мен қайғыны үдете түседі. Уайымның өзі де бір дерт. Оның емі, аурудың хикметін мәнісін түсіну. Аурудың хикметі мен пайдаларын түсінген болсаң, сол дәріні уайымның үстіне жақ құтыл. Ах, дегеннің орнына ох, де. Әттеген-ай, дегеннің орнына «Әлхамдулиллаһи ала кулли хал!» яғни, қандай күйде болсам да Құдайға шүкір!" де.

ОН БІРІНШІ ШИПА. Уа, сабырсыз науқас бауырым! Дәл қазір ауруың мазаңды алып тұрғанымен, бүгінге дейінгі мазасыздықтардың аяқталуы мен олардың сауабы сені рахаттандырып тұр. Негізінде бүгіннен бастап, тіпті, осы сағаттан соң кеселіңнің ізі де қалмай сауығып кетерсің, кім біледі. Жоқ нәрсені уайымдама, уайымдамасаң босқа

— 247 —

өкінудің қажеті не? Сен білместіктен уайымға салынып, сабырсыздық етіп отырсың. Себебі, бұған дейінгі ауырғаның мазасыздығың, уайымың, бәрі де өтіп кетті. Одан сауаптар мен аяқталудың ләззаты қалды. Олар саған табыс пен қуаныш сыйлауы керек қой. Ал, сен болсаң өткенді ойлап өкініп, сабырсыздық етесің. Бұлай ету жарамас. Ертеңгі күн, ертең келеді. Жоқ күнді, жоқ ауруды, жоқ мазасыздықты бүгіннен бастап уайымдап, шыдамсыздық ету, яғни үш есе жоқты бар сияқты қарау бекершілік емей не?

Демек, бұдан бұрынғы науқас кездерің қуанышқа айналады. Ал, алдағы уақытта саған ауру жабыса ма, жабыспай ма, ол жағы беймәлім. Сондықтан орынсыз уайымдама. Хақ тағала берген сабыр қуатын бекерге шашпа! Оны дәл қазіргі қайғыға қарсы пайдалан. "Я, Сабур!" деп, шыдап бақ.

ОН ЕКІНШІ ШИПА. Уа, аурудың салдарынан ғибадатын өтей алмай, құлшылығын жасай алмай, сонысына өкінген науқас!

"Тақуа кісі күнделікті құлшылығының сауабын науқастанып, құлшылық жасай алмаған кезде де алатын болады" деген хадис бар. Парыздарын мүмкіндігінше орындауға тырысқан науқас, сабыр сақтап, тәуекел етсе, сырқаттанып, орындай алмаған сүннет амалдардың сауабын осы сырқат есебінен толтырады дейді. Сондай-ақ, ауру адам әлсіз, дәрменсіз болғандықтан өзінің халімен және тілімен дұға етіп жалбарынады. Хақ тағала адам баласын соншалықты әлсіз әрі дәрменсіз етіп жаратқандағы мақсаты өзіне әрдайым жалынып жалбарынсын, дұға етсін дейді.

ҚҰРАНДА. قُلْ مَا يَعْبَؤُا بِكُمْ رَبّ۪ى لَوْلَا دُعَٓاؤُكُمْ Яғни: "Дұға етпейтін болсаңдар еш қадірлерің жоқ" дейді. Бұл аяттың сыры, адамның жаратылғандағы хикметі де қадір қасиетіде Раббысына шынайы дұға ету, жалынып - жалбарыну екенін көрсетеді. Жалбарынудың ең оңтайлы сәті ауырған кез. Сондықтан ауырған адам шағымданудың орнына Аллаһқа шүкір етуі қажет. Ауыру ашып берген "дұға бұлағын", бітеп тастауға болмайды.

ОН ҮШІНШІ ШИПА. Уа, ауырып қалғанына шағымданған бейшара жан!

Ауруға шалдығу, кейбіреулер үшін қазына табумен тең, ол оған баға жетпес Иләһи құнды сыйлық. Әрбір науқас кісі ауруына осылай қарағаны жөн. Ажалдың қашан келетіні белгісіз. Аллаһ Тағала

— 248 —

адам баласын дүниеден мүлдем күдер үзуден сақтау үшін және мүлдем бейқамдыққа салынып, қаннен-қаперсіз жүруден құтқару үшін қорқыныш пен үміт арасында жүруін бұйырады, яғни дүние мен ақыретті тепе-тең ұстаңдар дейді. Сол үшін ажалды жасырып қойған. Демек, ажал кез келген уақытта келуі мүмкін. Егер ол адамға бейқам алаңсыз кезінде келсе, мәңгі өміріне қауіп. Ал, ауру адамды бейқамдықтан, қапы қалудан сақтайды. Ақыретті еске салып, өлім туралы ойландырады. Ақыреттің қамын жасатады. Кейде аурудың мол табысқа кенелтетіні сондай, жиырма жылда әрең жететін мәртебеге жиырма күнде қол жеткізеді.

Иманды болсын, марқұм шәкірттерімнің ішінде екі жас жігіт бар еді. Біреуі Иламалық Сабри, екіншісі Ислам ауылынан келген Уәзірзаде Мұстафа. Бұл екеуі жазу білмесе де шәкірттерімнің арасында ықыласты, иман қызметіне адал да үздік болатын. Мұның сырын білмей таңданатын едім. Қайтыс болғандарында ғана түсіндім. Екеуінің де ауруы өте ауыр екен. Басқа ғапыл, парыздарды орындамайтын жастарға қарағанда олар сырқаттық себебінен екеуі де тақуа, адал еді. Екеуі де алдыңғы қатарда қызмет етіп, ақыретке пайдалы істер атқарып кетті. Иншаллаһ, олардың екі жылға созылған ауру халдері, мәңгі өмірдің бақытына бөленуіне себеп болған шығар.

Қазір ойлап отырсам, менің олардың сауығып кетулері үшін жасаған дұғаларым дүниелік тұрғыдан қарғыс болғандай. Бір жағынан, ол дұғатілегім ақыреттік халге пайдасы тиер деп ойлаймын.

Міне, осы екі жігіт, меніңше тақуалық арқылы ондаған жылда қол жететін табысқа тез ие болды. Егер ол екеуі, кейбір жастар секілді денсаулық пен жастыққа сеніп, бейқамдыққа салынып, орынсыз ойынсауық қуғанда, ажалы жетіп, күнә жасап жатқанда өлсе, қабірлерін мұндай нұрға емес, бақа-шаян мен жыланға толтырар ма еді?! Аурудың осындай пайдасы бар екені рас. Олай болса одан шағымданбай, қайта тәуекел деп сабыр етіп, тіпті шүкір етіп, Аллаһтың мейіріміне арқа сүйеу қажет.

ОН ТӨРТІНШІ ШИПА. Уа, көзін шел басқан науқас!

Егер имандылардың көзін басқан шелдің арғы жағында керемет бір нұр, мағынауи бір көз жатқанын білсең ғой, Рахымды Раббыңа шексіз шүкір етер едің. Осы шипаны дәлелдейтін бір оқиға баяндап берейін.

— 249 —

Сөзімді екі етпей, адал қызмет еткен Барлалық Сүлейменнің әпкесінің көзін бірде ақшел басып, көруден қалды. Ақкөңіл, салиқалы әйел мені аса жоғары мәртебелі деп ойлап, мешіттен шыға берісте: «Көзім ашыла ма екен, маған дұға етіңізші!» деп өтінді. Мен де сол мүбәрак әйелдің адалдығын дұғама шапағатшы етіп: «Я, Құдайым! Оның адал ниеті үшін көзін аша көр!» деп жалбарынып, дұға еттім. Ертеңіне Бурдур қаласынан көз дәрігері келіп, әйелдің көзі тәуір болды. Алайда, қырық күннен кейін қайтадан зағип қалпына түсті. Қатты өкіндім... көп-көп дұға оқыдым. Иншаллаһ, сол оқыған дұғаларым оның ақыреті үшін қабыл болған шығар. Әйтпесе, менің сол бір дұғам оған жөнсіз, бәлкім қарғыс болар еді. Неге десеңіз байғұстың ажалы жетіп тұр екен. Қырық күннен соң қайтыс болды. Топырағы торқа болсын!

Міне, әлгі марқұм әйел Барланың жабырқау бау-бақшаларын аянышты қарттық көзбен қырық күн ғана тамашалады. Есесіне, ол енді о дүниеде, жаннаттың бау-бақшаларын қырық мың күн тамашалайтын болады. Өйткені, оның иманы күшті, діні берік болатын. Иә, мүмин қабірге көзін шел басып енсе, нұрлы әлемді әлдеқайда жақсы тамашалайтын болады. Мысалы, бұл дүниеде біз көп нәрсені көре аламыз, ал зағип мүминдер көрмейді. Зағип кісі қабірге иманды кетсе, жаннат бауларын өзге әруақтардан әлдеқайда анық тамашалай алады. Алысқа дүрбі салған кісі сияқты, олар да о дүниеге барған соң мәртебесіне қарай, жұмақтың бау-бақшаларын қызықтайтын болады. Міне, көздегі шелге шүкір және сабыр ету арқылы жаннатқа қол жеткізеді. Әлгіндей шелді сылып тастап, жанарыңды шырадай жандыратын жалғыз дәрігер - Қасиетті Құран Кәрім ғана.

ОН БЕСІНШІ ШИПА. Уа, жаны қиналған науқас адам! Ауруыңды уайымдап қиналма! Оның мән-мағынасын ойла, сабыр ет! Егер ауру шынымен-ақ жаман болса, Аллаһ Тағала өзінің сүйікті құлдарына ауру, сырқат бермеген болар еді. Алайда, мынадай хадис бар:

اَشَدُّ النَّاسِ بَلَاءً اَلْاَنْبِيَاءُ ثُمَّ الْاَوْلِيَاءُ اَلْاَمْثَلُ فَالْاَمْثَلُ -اَوْ كَمَا قَالَ

Яғни, «Қиыншылыққа, қайғыға ең көп душар болғандар өте жақсы, әрі кәміл кісілер». Мысалы, Хазіреті Әюб Ғалейһиссалам мен өзге пайғамбарларды және әулиелер мен діндар кісілерді еске алайық. Олар кеселге шынайы құлшылық пен Рахманның жарылқауы деп қараған, сабыр сақтап, шүкір еткен. Олар сырқатты азаптайтын

— 250 —

нәрсе емес, Рахманның емдеу тәсілінің бірі деп білген.

Уа, жаны қиналған науқас! Әлгі нұрлы көштің соңына ілескің келсе, сабыр сақтап, шүкір ет! Әйтпесе, олар көшке қоспайды. Қараңғыда қарманып, қапы қалғандардың құрған тұзағына түсесің.

Иә, аурудың түрі көп. Кейбіреуі өліммен аяқталып, мағынауи шейіт тәрізді әулиелік дәрежесіне шығуға баспалдақ болады. Оған толғаққа қатысты жағдайлар мен {(Сілтеме): Бұл аурудан қайтыс болғандардың шейіт саналатын кезеңі босану мерзімінен бастап қырық күнге дейін.} асқазанның түйнеуі, сондай-ақ, суға бату, өртеніп өлу жатады. Міне, осындай себептерден қайтыс болғандар, мағынауи шейіт саналады. Соңы өліммен аяқталса, әулиелік дәрежесіне көтеретін көптеген мүбәрак аурудың түрлері бар. Сондай-ақ, ауру сырқат адамды дүниеқұмарлықтан, көрсеқызарлық пен қомағайлықтан сақтайды. Бұл дүниені ғана ойлайтын кәпірлер үшін тым қайғылы да өкінішті болып саналатын өлім атты қоштасуды осы мағыналар жеңілдетіп, тіпті сүйсіндіреді.

ОН АЛТЫНШЫ ШИПА. Уа, жаны күйзеліп, арызданған науқас! Науқастық, қоғамдық өмірде маңызы зор сыйластық пен қайырымдылықты арттыра түседі. Өйткені, адам баласын тоңмойын ететін истиғнадан сақтайды, яғни ешкіммен жұмысы болмай, өзіменөзі болудан құтқарады. Бойыңды жайлаған ауру, сені осындай орынсыз оқшауланудан сақтайды. Себебі:

﴿ اِنَّ الْاِنْسَانَ لَيَطْغٰى ٭ اَنْ رَاٰهُ اسْتَغْنٰى ﴾

дегендей денсаулық пен бақуаттылық ешкімге мұқтаж емеспін деген ой қалыптастырып, нәпсіні тәкаппарландырып, құрметтеуге лайық бауырларға деген сыйластықты, ыстық ықыласты сездірмейді. Ондай адам көмекке мұқтаж, шарасыз, кемтарлар мен науқастарға жаны ашымайды. Ал, өзі ауырып қалғанда әлсіздік пен пақырлықты түсініп, туыс-бауырларына қолынан келгенше құрмет көрсетуге тырысады. Көңілін сұрай келген немесе көмектескен мүмин бауырларына дән риза болып, оларға деген сыйластық сезімі оянады. Адамдарға деген жанашырлығы артады. Сондай-ақ, байғұстарға Ислами мінезбен мейірлене қарауды үйренеді. Оларды өзімен салыстырып, жанашыр болады. Қолдан келгенше жәрдемдесіп, жәрдемдесе алмаған жағдайда дұға етіп, ең болмаса шариғатта сүннет болып саналатын науқастың

— 251 —

жағдайын сұрап, үйіне барады. Сауапты іс атқарады.

ОН ЖЕТІНШІ ШИПА. Уа, науқастанып, қайырымдылық жасай алмағанына шағымданған науқас! Шүкір ет! Біле білсең бұл ауру саған қайырымдылық қазынасының есігін ашады. Ауру сен сияқты науқастарға және науқас жанды Аллаһ ризасы үшін бағушыларға сауап жаздырып қана қоймай, дұғаның қабыл болуының бірден-бір себебі.

Иә, науқасты бағушылар егер иманды кісілер болса мол сауап алады. Науқастың халін сұрау, оны зиярат ету Пайғамбарымыздан қалған сүннет, күнәнің кешірілуіне де ықпалы зор. Алайда, сырқаттың мазасын алып көп отырмау керек. "Науқас жандардың дұғасын, батасын алыңдар. Өйткені, олардың дұғасы қабыл болады" деген хадис бар. Әсіресе, науқас адам өзіңнің туысқаның болса, оның ішінде атаанаң болса, оларға жасалған қызмет маңызы зор ғибадат, мол сауап. Ал, науқастың көңілін көтеру, үміттендіріп демеу болу, үлкен садақа. Әке-шешесі науқастанғанда олардың сезімтал көңілдерін аулап, қайыр дұғаларын, ақ баталарын алған бала нендей бақытты!

Иә, ардақты ата-анасының мейірімін ескеріп, олар сырқаттанып қалғанда сый-құрмет көрсетіп, перзенттік борышын өтеуге тырысқан мұндай жақсы балаларға тіпті көктегі періштелер де: «Бәрекелді, Машаллаһ» деп риза болады екен. Иә, ауырған кезде қиналысты сездірмейтін өте жағымды, тәтті ләззат бар. Ол - ауру адамның жанына жиналған жанашыр, мейірбан, қайырымды кісілердің жылы сөздері мен жасаған қамқорлықтары. Науқас жанның дұғасы қабыл болатыны жай бір мәселе емес, өте маңызды.

Менің арқамның шаншитыны бар. Отыз-қырық жылдан бері сол ауруыма Аллаһтан шипа тілеп, дұға етіп келем. Енді түсіндім, бұл кесел маған дұға етуім үшін берілген екен. Дұға менен дұғаны (яғни, дұға өзін-өзі) жоймайтындықтан дұғалардың пайдасы ақыретте тиетінін түсіндім. Дұғаның өзі де ғибадаттың бір түрі ғой. Сондай-ақ, ауру меңдеп, өзінің әлсіздігін аңғарған пенде, Жаратқан Иесіне шын жүректен жалбарынатын болады.

{(Сілтеме): Рас, кейбір кесел Аллаһқа дұға еткізіп, жалбарынуға себеп болады. Ал, дұға етіп аурудан жазылуын тілеу, дұғаның өзін-өзі жойып жіберуі болып табылады. Әрине бұл қисынсыз.}

Иә, отыз жылдан бері шипа тілеп келем, бірақ қабыл болған жоқ деп дұғаны тәрк ету ойыма еш келген емес. Өйткені, ауруға шалдыққан кездұға етудің уақыты. Тәуір болу, дұғаның нәтижесі деу қате. Шипа

— 252 —

Аллаһ Тағаланың асқан мейірімділігімен беріледі. Сондай-ақ, дұға біз ойлағандай қабыл болмаса, оған ренжуге болмайды. Рахымды Иеміз барлық нәрсені бізден әлдеқайда жақсы біледі. Біз үшін қайсысы пайдалы болса, соны береді. Кейде дүниелік шаруа үшін жасаған дұғаңды біздің пайдамызға ақыреттік қылып қабыл алады. Жоғарыда ескерткеніміздей, ауырған кездегі әлсіздіктен, шарасыздықтан туындаған риясыз, пәк дұғалардың қабыл болу ықтималы жоғары.

Демек, ауру осындай шынайы дұғаға себеп екен. Діндар науқас немесе науқасты бағушы мүминдер осындай дұға етілер сәттерді пайдаланып қалғаны жөн.

ОН СЕГІЗІНШІ ШИПА. Уа, шүкірді қойып, арыз айта бастаған науқас! Арызды ақысы бар адам айтады. Сенің оған ақың жоқ. Қайта мойныңда шүкір ету борышың бар еді. Сен оны толық атқармадың. Аллаһ Тағаланың ақысын бермей тұрып, өз ақыңды даулағаның жараспас. Өзіңнен әлдеқайда денсаулығы мықтыларға қарап шағым айтуға сенің де, ешкімнің де ақысы жоқ. Қайта сен, өзіңнен денсаулығы нашар, ауыр науқастарға қарап, шүкір етуге міндеттісің. Қолың сынып қалса, қолы жоқ, шолақтарға қара! Бір көзің ағып кетсе екі көзі зағиптерге қара! Аллаһқа шүкір ет! Нығмет тұрғысынан өзінен жоғарыларға қарап шағымдануға ешкімнің ақысы жоқ. Ал, қайғы-қасірет жағынан өзінен әлдеқайда қайғылы жандарға қарау әркімнің міндеті. Адам сонда ғана толық шүкір етеді. Бұл сыр басқа еңбектерімде мынадай бір тәмсілмен түсіндірілген болатын. Оның қысқаша мағынасы былай:

"Бір мырза, міскін, пақыр адамды биік бір мұнараның басына жетектеп алып шығады. Мұнараның әрбір баспалдағын басқан сайын бір сыйлық береді. Дәл ұшына барғанда оған тағы аса құнды үлкен сыйлық ұсынады. Әлгі кісі манағы қыруар сыйлықтарға рахмет айтып, әлгі мырзаға қарыздар болудың орнына, әрбір баспалдақ үшін алған сыйлықтарды місе тұтпай немесе ұмытып, айналасына қарап, "Шіркін, анау мұнара өте биік екен! Мына мұнара да биік болғанда ғой! Неге мына мұнара солар сияқты биік емес?" дегендей шағым айтса, оның соншалық тоңмойын, қайырымсыз екені белгілі.

Дәл сол сияқты адам баласы әу баста жоқ еді, бар болды. Тас болмай, ағаш та болмай, хайуан болып қалмай адам болды. Мұсылман сипатқа ие болып, ұзақ уақыт денсаулығы мықты болып, мол нығметке бөленді. Бірақ, кейбір себептерге байланысты денсаулық дейтін нығметке лайық бола алмаса, немесе өзінің жат қылықтарымен, жөнсіз әрекеттерімен

— 253 —

денсаулығынан айырылып қалса, сабыр сақтамай: «Құдайға не жаздым!» деп Аллаһтың жазғанына наразылық білдіріп, шағымдану дене сырқатынан әлдеқайда ауыр рухани кесел. Бұл, сынған қолмен шайқасумен тең. Шағымның кесірінен ауруын үдетіп алады.

﴿ اَلَّذ۪ينَ اِذَٓا اَصَابَتْهُمْ مُص۪يبَةٌ قَالُٓوا اِنَّا لِلّٰهِ وَاِنَّٓا اِلَيْهِ رَاجِعُونَ ﴾

дегендей ақылды жан Аллаһқа мойынсұнып, сабыр қылады. Сол кезде ауру өз міндетін атқарып кете барады.

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ШИПА. Хақ Тағаланың барлық есімдері "Әсма-үл Хүсна" яғни Құранның тілімен айтсақ Аллаһтың күллі есімсипаттары әсем, өте көркем. Болмыс атаулының ішіндегі Самедани айналардың ең нәзігі, ең әдемісі, ең ауқымдысы тіршілік. Әсем нәрсеге шағылысып, оны көрсететін айна да әсем болмақ. Тамашаның тамашалығын көрсетіп тұрған, айнаның өзі де әдемілене түспек. Көркемдік бұлағынан әлгі айнаға не түссе өзі де, құлпырып кететіндігі сияқты өмір атты айнамызға әлгі Әсемдіктен не келсе де бәрі тамаша, бәрі әсем. Өйткені, ол айна тамаша Әсма-үл Хүснаның әсем сәулелерін көрсетеді. Егер өмір әрдайым сау-саламат, бір қалыпты рахат күйде өтсе, айналық қызметіне нұқсан келер еді. Адам өзінің бар екенін білмей, тіпті жоқ сияқты, жаны қиналады. Ондай өмір өзінің мәнісін жояды. Өмірдің қызығы кетіп, мазасыздық басады. Ондай өмір ішті пыстырып, уақыт өткізу үшін адам, я азғындыққа салынады я ойынсауыққа құмар келеді. Қамаудағы адам, мерзімінің тезірек аяқталғанын аңсайтыны секілді ондай адамдар құнды өмірінің де тез өте шыққанын қалайды. Ал, өзгерістер мен жаңалықтарға толы, толқынды, соқтықпалы өмірдің өзі құнды һәм маңызды әрі қызық. Өмір машақат пен қайғыға, бейнетке толы болса да оның аяқталуын қаламайды. "Түһ, күн батпады ғой немесе неткен ұзақ түн" деп қиналып, дөңбекшімейді. Иә өте бай, төрт құбыласы түгел, қамсыз екі қолы алдына сыймаған мырзадан хал сұрасаң, әлбетте, "уақыт өтпейді, кел, екеуміз уақыт өткізу үшін бір ермек табайық" деуі әбден мүмкін. Немесе бітпейтін арман-тілектерден бастау алатын анау жетпейді, мынау жетпейді ананы істеу керек еді. Мынаны істеу керек еді деген шағымдарды естисің. Ал, адал еңбегімен бейнеттеніп күн кешкен шаруаның олай демесі анық. Ол: "Құдайға шүкір, істейтін жұмыс көп. Уақыт зымырап өтуде, бір орнында тұрар емес. Шіркін-ай, күн мұнша тез батпаса ғой. Рас, жұмыс ауыр, бірақ бұл да өтеді де кетеді. Барлық нәрсе осылай тез емес пе?"

— 254 —

деп, рухани тұрғыдан өмірдің қаншалықты құнды екенін айтады. Тез өткенін қаламайды. Демек, машақаттанып, еңбек ету арқылы өмір қызық болып, тіршіліктің құндылығы артады. Демалыс көп, денсаулық мықты өмірдің мәні кетіп, тез өткенін қалайды.

Уа, науқас жан! Өзге еңбектерімде егжей-тегжейлі баяндағанымдай біле білсең жамандық пен қайғы-қасірет, тіпті күнәлардың қайнар көзі - болымсыздық. Болымсыздық дегеніміз - бірқалыптылық, әрекетсіздік тыныштық тоқырау. Ол, жаман әрі қараңғы нәрсе. Бірқалыпты күйден жоқ болудың, қараңғылықтың лебі есіп, жанды күйзелтеді. Іс-қимыл, өзгеріс пен жаңалық, керісінше бар болу, яғни адам өзінің бар екенін толық сезінеді. Бар болу - шынайы жақсылық нұр.

Ақиқат осы. Сенің мына ауруың қымбат өміріңді шыңдауға, қуаттандырып одан әрі дамытуға, сондай-ақ, денеңдегі басқа сезім мүшелерді әлгі науқас ағзаның айналасына шоғырландырып, көмектестіруге және Хакимнің түрлі есімдерінің сәулелерін көрсету сынды көптеген маңызды міндеттер атқару үшін сенің денеңе қонақ ретінде жіберілген. Иншаллаһ, өз міндетін атқарған соң аурудың өзі-ақ кетеді. Кетерінде денсаулыққа: «Кел, менің орнымда сен қал! Міндетіңді атқар. Бұл сенің орның» дейді.

ЖИЫРМАСЫНШЫ ШИПА. Уа, дертіне шипа іздеген, науқас! Аурудың екі түрі бар. Біріншісі дененің ауыруы, бұл шынайы ауру, екіншісі уайымға салыну. Шәфи, Хаким Аллаһ, Жер шары дәріханасында шынайы аурудың барлық түрінің шипасын жаратқан. Енді ол шипалар ауру-сырқаудың болуын қажет етеді. Барлық аурудың шипасы бар. Жазылып кету үшін дәрі-дәрмек ішіп, ем-дом қолдануға болады. Алайда, олардың әсері мен шипасын Аллаһ Тағаладан деп білу қажет. Дәрі-дәрмекті Аллаһ Тағала жаратты, демек шипаны да сол береді. Тәжірибелі діндар дәрігердің айтқанын істеу маңызды бір ем саналады. Өйткені, көптеген аурулар ысыраптан, шамадан тыс ішіп-жеуден, қателіктерден орынсыз ойын-сауықтан, салғырттықтан пайда болады. Діндар дәрігер жөнін айтып, жақсы насихат кеңес береді. Жат қылықтардан, ысырап етуден тыйып, көңілге дем береді. Науқас бұл насихат пен демеуге сүйеніп оңалып, ауруы жеңілдеп, көңілі рахаттанады.

Ал, екінші шынайы ауру емес, уайым деген аурудан құтылудың шарасы - мән бермеу уайымдамау. Оны уайымдаған сайын асқына түседі. Уайымдамаса бәсеңдеп қалады. Мәселен, араларға тиіскен

— 255 —

сайын үймелеп, шабуылын үдете түседі, ал тиіспесең жайына кетеді. Тағы бір мысал, қараңғыда ілулі тұрған бір жіпке мән беріп, назар аударған сайын үлкейіп, үрей туғызады.Тіпті, кейде адамның зәресі ұшып, тұра қашуы мүмкін. Егер мән бермесе оның жылан емес, жәй ғана жіп екені белгілі болып, өз халіне күлуі мүмкін.

Егер уайым дейтін ауруға көп мән беріп, ұзаққа созылса, ол шындыққа айналып кәдімгі дертке айналады. Әсіресе жүйкесі жұқа, уайымшыл кісілерге аса қауіпті. Түймедейді түйедей етіп, төзімін тауысып жібереді. Оның үстіне науқас адам, мейірімсіз дәрігерге немесе ынсапсыз емшіге тап болса, не байлығынан айырылады, не ақылынан адасады не болмаса денсаулығын жоғалтады.

ЖИЫРМА БІРІНШІ ШИПА. Уа, науқас достым! Ауруың тән азабын тартқызып жатқан болар. Алайда, сол тән азабын ұмытқызып жіберетін жанға жайлы рахат, рухани ләззат сені қоршап тұр. Егер әке-шешең немесе ет жақын туыстарың аман болса, өзің бала кезіңде сезінген ләззаты мол мейірімдеріне қайта қауышып, сәби күндеріңдегі аяулы алақандардың қайта әлпештеуіне бөленіп жатқан шығарсың. Осы аурудың арқасында адал достардың байқалмай жүрген сүйіспеншілігіне, мейіріміне бөлендің емес пе? Мұндай жағдаймен салыстырсаң әрине, мына тән ауруың, шеккен азабың оның қасында түк те емес.

Сондай-ақ, сен қызмет етіп, ілтипаттарына бөленгің келген жандар, енді өздері келіп, саған мейірімін төгіп, құрметтеп жатқандықтан құрметті кісілердің құрметтісі болдың. Оның үстіне жаныңдағылардың мейірімділік, қамқорлық сезімдерін оятып, жоқ жерден көптеген қызметшілер, мейірбан жандар мен шынайы достар таптың. Сондай-ақ, сырқатыңның арқасында жұмыстан босатылып, демалып жатырсың. Сенің тән ауруың үшін осындай рухани ләззаттар сені өкінішке емес, шүкір етуге итермелеуі керек.

ЖИЫРМА ЕКІНШІ ШИПА. Уа, сал ауруына шалдыққан ғазиз достым! Әуелі сені қуантып қояйын, мүмин үшін сал ауруы мүбәрак болып саналады. Яғни ерекше маңызы бар. Мұны әулие кісілерден көп естігініммен сырын білмеуші едім. Жүрегіме жеткені мынау.

Әулиелер Аллаһ Тағалаға жақындау үшін және дүниенің рухани қауіп-қатерінен құтылу үшін және мәңгі өміріне зақым келтірмей, аман сақтап қалу мақсатында екі ережені қатаң ұстанған.

— 256 —

Біреуі. Рабыта-и Мәут, яғни дүниені пәни, өткінші деп біліп, өзінің белгілі бір міндет жүктелген, уақытша қонақ екенін шын жүректен мойындап, бақи өмірге дайындалу.

Екіншісі. Қызбалық, ожар сезімдердің билеп кетуінен құтылу үшін, аз тамақтану, нәпсіге ауыр келетін істер арқылы әрдайым нәпсісімен күресуді әдет қылған.

Уа, денесінің бір бөлігі жансыз қалған бауырым! Саған қысқа әрі оңай түрде бақыттың кілті болар екі себеп берілген екен. Сенің семіп, жаны кетіп қалған тәнің, дүниенің баянсыз, ал адамдардың қонақ екенін көрсетеді. Бұдан былай қу дүние сені алдап, бейқамдық көзіңді байлай алмайды. Жарты денесінен айырылған кісіні әрине, нәпсі алдай алмайды. Олай болса сен нәпсінің пәлесінен оңай құтылдың. Мүмин адам иманның, тәслімнің, тәуекелдің сырлары арқылы сал ауруын тиімді пайдаланып, әулие кісілердің әрең жететін биік мәртебелеріне тез қол жеткізе алады. Осылай түсінсе әлгі ауыр дерт жеңілдеп, өте арзанға түседі.

ЖИЫРМА ҮШІНШІ ШИПА. Уа, кәріп, болып жалғызсыраған науқас! Науқасың мен жалғыздығың төңірегіңдегілердің тас жүректерін жібітіп, саған деген аяныш сезімдерін оятты ғой. Апырым-ай, Қасиетті Құранның барлық сүрелерінің басында өзін Рахман, Рахим сипаттарымен таныстырған және мол мейірімінің сәл ғана лебімен бүкіл аналарды сәбиіне қамқор етіп тәрбиелеткізген, жетілдіріп өсірткен, сондай-ақ, мейірімінің шуағымен көктем сайын Жер жүзін сан алуан нығметтермен толтырған, мәңгілік жәннат барлық тамаша жақтарымен оның аса қамқорлығының бір ғана сәулесі, жай бір шағылысы ғана болған мейрімді Раббыңа иман ету арқылы арқа сүйеп, оны танып, ауру халіңде жалбарынсаң, сенің жалғыздығың, Оның мейірімі мол назарын өзіңе тікелей аударады. Демек, Ол бар және көріп отыр. Олай болса бәрі де жақсы болады. Ендеше, жалғызсырайтын сен емес, Аллаһқа иман етпейтін, оған арқа сүйеу дегенді білмейтін немесе соларға мән бермейтін жан.

ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ШИПА. Уа, бейкүнә ауру балалар мен бала секілді қарттарға қызмет етіп жүрген күтушілер! Сіздерге ақыретке қатысты өте пайдалы сауда жасауға мүмкіндік туып тұр. Сол ақыреттік сауданы ынта-жігермен жасап қалыңдар! Сәбилердің ауруы олардың нәзік денелерін машықтандыру және болашақта өмірдің соқпақтарына

— 257 —

төтеп беруге жаттықтыру әрі Раббани тәрбие секілді дүниелік өміріне қатысты көптеген хикметтер бар. Сондай-ақ, оның рухани өмірін күнәлардан арылтатын, үлкен кісілерге, кәффаре-түз зунуб яғни күнәдан арылу болып саналатын бұл қиыншылықтар, жас балалар үшін келешекте және ақыретте рухани дамуына себін тигізеді. Сырқатының сауаптары ата-анасының сауап дәптеріне жазылатындығы, әсіресе аса мейірімділікпен өз денсаулығын баласы үшін пида ететін анасының амал дәптеріне еселеп жазылатындығы ақиқатшыл жандар тарапынан расталған. Ал, қарияларды бағу әсіресе, олар ата-анасы болса, олардың баталарын алу, көңілдерін көтеру, адал қызмет ету, екі дүниеде бақытқа бөленуге бірден-бір себеп болатыны нақты хадистер мен өмірде болған оқиғалар арқылы дәлелденген.

Қарт әке-шешесіне мойынсұнып, айтқандарын істеген бақытты бала, өз баласынан да дәл сондай ізгі жауап көретінін, ал егер әке-шешесінің көңілін қалдырған болса ақырет азабынан басқа, дүниеде де көп бәлеге душар болып, сазайын тартатынын өмірде де көріп жүрміз.

Иә, қарияларға, бейкүнә жандарға, сондай-ақ туысқандарға ғана емес иманды (өйткені имандылықта нағыз достық пен бауырластық сыры бар) кісілерге, егер олар науқас әрі мұқтаж болса, шын көңілден қызмет ету - дін Исламның талабы.

ЖИЫРМА БЕСІНШІ ШИПА. Уа, науқас бауырлар! Сіздер барлық дертке дауа, жанға шипа, ләззаты мол нағыз қасиетті дәрі қаласаңыздар, имандарыңызды күшейтіңіздер! Яғни, тәубе және истиғфар етіп, намаз оқып, құлшылық ету арқылы әлгі қасиетті дәрі - Иман дәрісін ішіңіздер.

Дүниеге деген махаббат пен қызығушылықтың кесірінен ақыретке дайындықты кейінге қалдырып, тіпті естен шығаратындардың дүниедей үлкен рухани ауру денелері бар. Қоштасу мен айырылудың опығын жеп ауыр жарақаттанған мұндайларды иман арқылы әпсәтте емдеп, жараларын тәуір қылып, нағыз шипа берудің жолдарын, көптеген еңбектерімде дәлелдеген болатынмын. Көп сөйледі демеңіз, қысқа қайырайын.

Имани дәрінің әсері парыздарды мүмкіндігінше толық орындаған кезде көрінеді. Немқұрайлылық, арзан күлкі, түрлі нәпсіқұмарлық әрекеттер, иман дәрісінің әсерін әлсіретіп, тіпті жойып жібереді. Демек, ауру-сырқат пәни өмірге алданудан сақтайды. Орынсыз құмарлықтарға кедергі болады.

— 258 —

Ондай сәтті тиімді пайдаланып қалыңыз.

Толық иманның қасиетті дәрілерінен, оның нұрларынан тәубе, истиғфар арқылы, дұға мен жалбарыну арқылы пайдаланып қалыңыз.

Аллаһ Тағала сіздерге шипа берсін, Ауырған сәттеріңізді "кәффаратуз-зунуб", яғни күнәлардан арылуға себеп етсін.

Әмин. Әмин. Әмин...

﴿ اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ الَّذ۪ى هَدٰينَا لِهٰذَا وَمَا كُنَّا لِنَهْتَدِىَ لَوْلَٓا اَنْ هَدٰينَا اللّٰهُ لَقَدْ جَٓاءَتْ رُسُلُ رَبِّنَا بِالْحَقِّ ﴾
﴿ سُبْحَانَكَ لَا عِلْمَ لَنَٓا اِلَّا مَا عَلَّمْتَنَٓا اِنَّكَ اَنْتَ الْعَل۪يمُ الْحَك۪يمُ ﴾
اَللّٰهُمَّ صَلِّ عَلٰى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ طِبِّ الْقُلُوبِ وَ دَوَائِهَا وَ عَافِيَةِ الْاَبْدَانِ وَ شِفَائِهَا وَ نُورِ الْاَبْصَارِ وَ ضِيَائِهَا وَ عَلٰى اٰلِه۪ وَ صَحْبِه۪ وَ سَلِّمْ
وَهُوَ لِكُلِّ دَاءٍ دَوَاءٌ

қысқаша мағынасы "Бұл кітап барлық дертке шипа". Бұл сөзде керемет сәйкестік бар. Ол былай: Рефет бейдің жылдам көшіріп жазған нұсқасымен Хусревтің жазған нұсқасын салыстыра отырып еріксіз әрі ештеңе ойламай әр жолдың басында тұрған әлифтерді санап едік, وَهُوَ لِكُلِّ دَاءٍ دَوَاءٌ сөйлемімен дәлмедәл шықты.

{(Сілтеме): Кейіннен жазған ескертудегі екі әлиф бұл есепке алынбағандықтан есептелмеді}

Әрі осы кітаптың авторының Саид деген атына бір ғана айырмашылықпен сәйкес келіп тұр. Тек Рисаленің атына қатысты жазудағы бір әлифті есептемедік. Өте қызық жағдай, Сүлеймен Руштінің жазбасындағы (арнайы ойластырылмаса да) жүз он төрт әлиф, керемет шипа берер Құранның жүз он төрт сүресінің санына

сәйкес келуі таңғажайып сәйкестік. Сонымен қатар وَهُوَ لِكُلِّ دَاءٍ دَوَاءٌ сөзіндегі шәддәлі ләмді бір деп санасақ, жүз он төрт әріпке дәлме-дәл сәйкес келіп тұр.

{(Сілтеме): Хазіреті Али мен Ғаус ағзамның кереметтерінде Саид сөзінің соңында қаратпа сөз мағынасында бір әлиф қосылып Саида деп оқылды. Мүмкін артық тұрған осы әлиф сол әлифпен байланысты болар. Рефет, Хусрев.}

— 259 —
Жиырма бесінші Леманың қосымшасы
Он жетінші Мектуб болып, бөлек жинаққа енгендіктен мұнда жазылмады.