Жарқыраулар
— 198 —

Жиырма екінші Лема

بِاسْمِه۪ سُبْحَانَهُ

Спарта қаласының әділ әкімі мен тәртіп сақшыларына... ең жақын, сырлас бауырларыма арнап, бұдан жиырма екі жыл бұрын Спартаның Барла ауылында жазылған, әркімге бере бермейтін бұл кітапшамды жоғарыда аталған адамдармен тығыз байланысты болғандықтан арнайы ұсынып отырмын. Егер жөн көрсеңдер жаңа әріптермен немесе ескі әріптермен бірнешеуін қол машинкамен басып шығарыңдар. Жиырма - отыз жылдан бері менің сырымды білгісі кеп, аңдып жүргендер де оқысын. Ешқандай құпиямыз жоқ екенін білсін және ең жасырын сырымыз да осы рисале екенін түсінсін.

Саид Нұрси
Үш Ишара

Он жетінші Леманың Он жетінші Нотасының Үшінші мәселесі еді. Сауалдарының маңыздылығына, жауаптарының да тереңдігіне орай Отыз бірінші Мектубтың жиырма екінші Лемасы болып, Лемалар жинағына енді. Басқа Лемалар бұл Лемаға өз арасынан орын беруі тиіс. Ең жақын, сырлас бауырларыма арналған.

﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ وَمَنْ يَتَوَكَّلْ عَلَى اللّٰهِ فَهُوَ حَسْبُهُ اِنَّ اللّٰهَ بَالِغُ اَمْرِه۪ قَدْ جَعَلَ اللّٰهُ لِكُلِّ شَىْءٍ قَدْرًا ﴾

Бұл мәселе «Үш ишарадан» тұрады.

БІРІНШІ ИШАРА. Жеке басыма және Рисалей-Нұрға қатысты бір сұрақ. Көпшілік былай дейді: Сен, бұл дүниені ғана ойлайтын адамдардың дүниесіне араласпай жүрсең де олар сенің ақыреттік істеріңе неге араласа береді? Ал ешбір өкімет дүниені тәркі етіп, өзімен-өзі жүргендерге тиіспейді ғой?

— 199 —

Жауап. Бүгінгі Саидтің бұл сауалға берер жауабы үнсіздік. Өйткені "Менің жауабымды Иләһи тағдыр береді" дейді. Ал, Бұрынғы Саид былай дейді. Бұл сауалдың жауабын менен гөрі Спарта үкіметі мен халқы жақсырақ білсе керек. Өйткені, бұл сұрақтың мәнісіне олар менен әлдеқайда жақын. Сондықтан, мыңдаған адамы бар үкімет пен жүз мыңдаған адамнан тұратын халық менің орныма ойланып, жауап беруге тиіс. Мен босқа сөйлеп қайтейін. Өйткені, мен тоғыз жыл бойы осы өлкеде тұрып жатырмын. Уақыт өткен сайын дүниеден теріс айналып барам. Бәрі баршаға аян, нендей жағдайым болса да жасырын қалып көрген емес. Ең жасырын деген рисалелерімнің өзі үкіметтің қолында. Егер бұларды күдікке салатындай саяси әрекетім болған болса, тоғыз жыл бойы мені аңдып отыр ғой. Мен де бүкіл сырымды тартынбай жайып салып отырмын. Онда осы уақытқа дейін маған неге тиіспеді? Егер, халқымыздың және отанымыздың болашағына зиян келтіретін бір қауіпім болса, онда тоғыз жылдан бергі әкімінен бастап, ауыл басшыларына дейін өздері жауапкер болып, айыпқа тартылады. Олар ондай жауапкершілікке тартылмауы үшін маған жала жапқандарға қарсы шығып, мені қорғауға мәжбүр. Олай болса, бұл сауалдың жауабын солар берсін.

Ал, осы өлкенің халқы мені қорғауға мәжбүр болуы мынаған байланысты. Осы тоғыз жыл бойы әрі бауыр, әрі дос, әрі сыйлас болған осы халықтың мәңгілік өмірі мен иман байлығына және екі өмірінің бақытына арналған жүздеген кітаптарымнан ешкімге де ешқандай зиян келмеді. Лилләхил хамд, Рисалей-Нұрдың саясында мына Спарта облысына баяғы Шарапатты Шамның және Ислам әлемінің әйгілі медресесі, Әл-Әзхардың құт-берекеті дарыды. Сондықтан, РисалейНұрдың бұл аймаққа себеп болған имани қуаты мен құлшылыққа деген ыстық ықыласы, харамнан алыс тұрудағы табандылығы сынды діндарлықты әкелуі әлбетте, осы өлкедегі бүкіл адамдардың тіпті ынсапсыз дінсіздің де бізді жақтап, мені және Рисалей- Нұрды қорғауға мәжбүр ететін жағдай. Құдайға шүкір, мыңдаған шәкірттері бар. Олар мендей әлсіз кісінің орнына тынымсыз қызмет етіп жатса, олардың осындай қорғау сөздері тұрғанда, мен секілді міндетін атқарған, түкке тұрмайтын жанның өзін ақтау сөздеріне қажеттілік бар ма?! Осындай мыңдаған ақтаушы-жақтаушылары бар адам, өз дауын өзі шешпесе керек.

— 200 —

ЕКІНШІ ИШАРА. Сынап-мінеп айтылған сауалға жауап.

Бұл дүниені ғана ойлайтындар былай дейді. Бізге неге ренжисің? Тым болмаса, бір рет өтініш айтып, көмек сұрамай, үнсіз қалдың. Бізден қатты шағымданып: "Маған зұлымдық жасап жатсыңдар" дейсің. Алайда, біздің өз ұстанымымыз бар. Ол осы заманның талабы. Бірақ сен оларды қабылдамайсың? Заңды орындаған адам залым болмайды, ал қабылдамағаннан бүлік шығады. Қазіргідей еркіндік ғасырында және жаңа басталған Республикалық дәуірде, адамдардың тең құқылығын сақтау, өктемдік жүргізу секілді әдеттерді жою, біздің қазіргі ұстанымымыз бола тұра, сен ұстаздық, діндарлық жақтарыңмен көпшіліктің назарын өзіңе аударып, үкіметтің сыртында ықпал жасауға әрекет етіп жатқандығыңды өткен өмірің дәлелдеп береді. Мұндай жағдай буржуй, шонжарларға жарасады. Бірақ, біздің көпшілік қауымға енді ғана жақсы әсер етіп жатқан социализм мен большевизм дәстүрлері қоғамдық қажетімізге жарайтындықтан, сенің бұл жағдайың бізге жарамайды. Ұстанымымызға мүлде керағар. Сондықтан, саған жасаған қыспақтарымызға шағымдануға ешқандай хақың жоқ.

Жауап. Қоғамда жаңа бір жол ашқысы келгендердің шығарған заңдары жаратылыстағы негізгі заңдарға сәйкес болмаса, жақсы бастамасы да өркениетке ешқандай пайда бермейді. Керісінше барлық іс-әрекеттері жамандық пен бүлдіру болып шығады. Сондықтан, адамның табиғатымен, Иләһи заңдармен санасуға мәжбүр. Әйтпесе адамның табиғатын өзгерту, не болмаса адамзаттың жаратылысындағы басты мақсатын ауыстыруы қажет. Сонда ғана, жаппай теңдік орнайтынына сенуге болады.

Иә, мен тегім, тұрмысым жағынан да қарапайым халықтың бірімін. Көзқарасым бойынша да "Тең құқылы" ұстанымын жақтаймын. Халықты зорлықпен басқармақ болған өктемшілдерге өз мейрімім арқылы да Исламиаттың әділдігі бойынша да қарсы күресіп келе жатқандардың бірімін. Сондықтан. барлық күш жігеріммен әділет жағындамын. Зұлымдық әрекеттерге, өктемшілдікке қарсымын. Алайда, адамзаттың жағдайы және адам баласының жаратылысындағы негізгі хикметтері жаппай тең құқылық деген заңдарға қарамақайшы. Өйткені, Фатыр-ы Хаким, өзінің кемел құдіреті мен асқан

— 201 —

хикметін көрсету үшін аз ғана нәрседен көп өнім жаратады. Бір параққа талай кітаптарды сыйғызады. Бір іспен көптеген міндеттерді қоса атқартады. Сол сияқты бір ғана адамзат арқылы да мыңдаған түрлердің міндетін атқартады.

Міне, осындай терең тылсым сыр бойынша, Хақ Тағала адамзатты басқа хайуандардың мыңдаған түріне тең келетін, мыңдаған түрлі жеміс беретіндей ерекше хикметпен жаратқан. Басқа хайуанат секілді ой сезімдеріне шек қойылмағандықтан, өз ықтиярымен көптеген дәрежелерге жете алатын дарын, қабілет арқылы бір өзі бір түрдің міндетін атқара алатын ерекшелігімен Жер жүзінің халифасы, жаратылыстың нәтижесі, барлық жандылардың сұлтаны деген атаққа ие болған.

Міне, адамзаттың осындай алуан түрлі болуының басты қозғаушы күші, жақсылық жасауда жарысу, иман мен ізгілік тұрғысында ерекшелену болмақ. Ал, адамзаттың осындай ізгі қасиетін, ерекшелігін жою, адам баласының ақылын ауыстырып, көңілін көр ету, рухын тұншықтыру арқылы ғана мүмкін болады. Әлгі, тең құқылы деген сөзді бетке ұстап, азаттық деген перденің астында, асқан зорлықзомбылық жасап жатқан мына ғасырдың мізбақпайтын қатыгез бетіне тіке қарап айтылуға лайық бола тұра, ол кісі лайық болмаса да атақты бір кісіге айтылған, деймін:

Бола ма, екен еркіндікті зұлымдықпен басуға,

Жоқ қыл, онда, артық көрсең, ой сананы, басты да!

деген. Сөздің орнына мен мына ғасырдың бетіне тіке қарап тұрып, былай дер едім:

Бола ма, екен зұлымдықпен ақиқатты жоюға

Жүрегіңді жұлып таста, өлмес болсаң, тағы да! Немесе,

Тең бола ма, зұлымдық пен адамшылық арасы

Қажет болмас, онда адамға ар-ұжданның шамасы.

Иә, имандылық, ізгі қасиет, біреуге зорлық-зомбылық жасауға жол бермеумен қатар, қысым көрсетуші, өктемшіл де болғызбайды. Біреуге зорлық жасау ешқандай да ізгі-қасиетке жатпайды. Әсіресе, ізгі-қасиеттің негізгі талабы, әлсіздік, пақырлық, кішпейілдік арқылы қоғамға араласу. "Лиллахил хамд" осындай ұстаныммен өміріміз өтті. Мен өзімде ізгі-қасиет бар деп отырғаным жоқ. Бірақ, Иләһи нығметке шүкір ету ниетімен былай деймін. Хақ Тағала өзінің жомарттығымен

— 202 —

иман ілімі мен Құран қызметінде болуды сый етіпті. Мұндай Иләһи сыйды "лиллахил хамд" шүкір айта отырып, бұл қасиетті осынау Ислам жұртының пайдасына, бақытына сарп етіп, ешқашан біреуге үстемдік қылуға, қысым жасауға пайдаланған емеспін. Сонымен қатар, адасқандардың арманы болған халық арасында беделді болу, қошемет көру секілді мінез де маңызды бір себепке байланысты мен үшін жиіркенішті нәрсе. Ондай қошамет көріп, атақты болудан аулақпын. Өткен жиырма жылымды зая кетіргені үшін ондай нәрселерді өзіме зиянды деп санаймын. Бірақ, Нұр рисалелерін ұнатып жатса, ондай кісілерді де ренжіткім келмейді.

Ей, бұл дүниені ғана ойлайтындар! Дүниелеріңе еш араласпадым. Ереже-заңдарыңа, ұстанымдарыңа ешбір қатысым жоқ. Тоғыз жыл бойы айдаудағы бұл өмірімнің көрсеткеніндей әлі де дүниелеріңе араласуға ешбір ниетім жоқ. Сондықтан, маған сонша уақыттан бері бүлік жасауға дайындалып жүрген бір адам ретінде жабылған мұнша жала, қандай заңға сай келеді? Дүниедегі ешбір үкімет мұндай заңсыздыққа және адамгершілікке жатпайтын әрекетке жол бермес еді. Маған жасалған мұнша негізсіз, теріс әрекеттерге мен ғана емес, егер бұдан хабардар болса бүкіл адамзат ренжір еді. Барлық жаратылыс атаулы ашулануда.

ҮШІНШІ ИШАРА: Қисынсыз бір сұрақ.

Бір топ билік басындағылар былай дейді. Сен осы елде өмір сүретіндіктен оның негізгі заңдарына мойынсұнуға тиіс бола тұра, неге бұл заңдарды қабылдамайсың? Былайша айтқанда, қазіргі үкіметтің заңынан бөлек, өзіңе ерекше сипат беріп, сол арқылы көпшілікке еркінен тыс ықпал еткің келеді. Бұл тең құқылық ұстанымындағы еліміздің заңына қайшы. Сен неге ресми міндетің болмаса да құрмет пен қошаметке бөленесің? Сенде халық мені ғана тыңдасын деген бір жағдай байқалады.

Жауап. Заңды қолданушы ең әуелі өзі қолданған соң ғана басқаларға қолдана алады. Сендер, өздерің қолданбаған бір заңды басқаларға қолдану арқылы жұрттан бұрын өздерің заңды бұзып, заңға қарсы шығып отырсыңдар. Өйткені, мына "тең құқылы" деп аталатын заңды өздерің орындамай маған қолданып отырсыңдар. Мен сендерге бір мысал айтайын. Бір қатардағы жауынгерді маршалдың дәрежесіне шығарып, халықтың маршалға көрсететін құрметі мен

— 203 —

тілектестігіне ортақтастырса немесе сондай құрметке ие болған маршал әлгі әскер секілді тұрпайыланып, жәй әскердің ең төменгі дәрежесіне түссе, ол маршалдың ізгі-қасиетінен, маңызды міндетінен ештеңе де қалмаса немесе әскерді жеңіске жеткізген атақты қолбасшы ең ақымақ бір жауынгермен тең дәрежеде құрметтелетін болса, онда сендер осы жаппай тең құқылы деген заңдарың бойынша маған да "Өзіңді ұстазбын деме! Құрметін қабылдама! Ізгі-қасиетіңді жоққа шығар! Өз қызметшіңе қызметші бол! Қайыршылармен бірге жүр!" дей аласыңдар.

Егер былай десеңдер. Мұндай құрмет пен сый ресми орындарда қызмет атқарушыларға арналып, атқарар міндетіне қарай құрмет көрсетіледі. Сен ондай міндет атқарушы адам емессің, олай болса халықтың да құрметіне бөленуге хақың жоқ!

Жауап. Егер адам тек қана денеден тұратын болса және адам бұл дүниеде мәңгі қалатын болса... және қабірдің аузы мүлде жабылып, өлімнің өзі жоқ болса... міндет пен қызмет тек әскерилер мен басқарушы биліктегілерге ғана қалатын болса, онда айтқан сөздеріңде бір мән-мағына болар еді. Алайда, адам денеден ғана тұрмайды. Ал, сол денені асырау үшін жүрек, тіл, ақыл, ми секілді сезімдерді пісіріп жегізуге болмайды. Олардың да өз міндеттері, өз қалаулары бар. Қабірдің аузы да мүлдем жабылар емес. Олай болса қабірден кейінгі жағдай әркімнің ең басты мәселесі қалпында қала бермек. Әлбетте, халықтың құрметіне лайық болған міндеттер тек қана дүнияуи тіршілікке қатысы бар саяси және әскери міндеттер ғана болмаса керек. Жолаушыларға барар жеріне жету үшін құжат, отыратын орын реттеп беру маңызды міндет болғаны секілді, мәңгілік әлемге сапар шегіп бара жатқан жолаушыларға да әрі құжат, әрі сол ұзақ, қараңғы жолға нұр беру - аса маңызды міндет. Басқа міндеттер дәл ондай маңызды емес. Ал, ондай бір қызметті жоққа шығару, қарсы болу, өлімді жоққа шығарып күн сайын اَلْمَوْتُ حَقٌّ "өлім хақ" деген ақиқатты мүрделердің мөрімен куәләндіріліп жатқан отыз мың куәгерді жоққа шығару болады. Сондықтан, рухани қажеттілікке негізделген рухани қызметтер де бар екенін ұмытпау керек. Сол қызметтердің ең маңыздысы, мәңгілік сапардың төлқұжаты және жүректің берзах қараңғылығында қолданатын шырағы, мәңгілік бақыттың кілті болған нұрлы иман мен имани дәрістер. Әлбетте, ол

— 204 —

міндетті көріп-біліп тұрған мағрифат иелері қандай жағдайда да өзіне сыйланған Иләһи нығметті, имани қасиетті аяқасты етіп, пасықтардың деңгейіне түспейді. Өзін адасқандардың былғаныш бидғаларымен былғамайды. Міне, сендер ұнатпай теңсіздік, артықшылық деп мені түсіне алмауларыңның осындай себептері бар.

Осы айтылған ақиқаттармен қоса, мені азапқа салған, сендер секілді өзімшіл тәкаппар және тең құқықтық заңын бұзуда перғауындық дәрежеге шарықтап кеткен менменшілдерге айтар сөзім жоқ. Өйткені, сол тәкаппарларға қарсы кішпейілдік жасау, өзінөзі қорлату болғандықтан, оларға кішпейілділік танытпау керек. Бәлкім, олардың арасында ынсапты, әділ болғандарына былай дер едім, "Лиллаһил хамд" мен өз қатем мен кемшіліктерімді білемін. Әлсіз екенімді мойындаймын. Мұсылмандардың алдында жоғарғы бір дәрежеде көріну емес, қайта шексіз кемшілігім мен түкке тұрмайтындығымды сезініп, Аллаһтан истиғфар, кешірім тілеу арқылы көңілімді демеп, халықтан сый құрмет емес, дұға сұраймын. Менің осындай ұстанымымды бүкіл достарым жақсы біледі. Тек, мынаны айтсам деймін. Қасиетті Құранға қызмет ету кезінде және имани ақиқаттардан сабақ беріп жатқан кезде сол ақиқаттар үшін және Құранның құрметіне, сол жоғарғы мәртебенің талабына сай іліми мерей мен абыройымды сақтап, кәпірлерге бас имеу үшін абыройлы жағдайда болатыным рас. Менің ойымша, тек бұл дүниені ғана ойлайтындардың шығарған заңы бұған тиісуге, араласуға хақысы жоқ.

Тағы бір таң қаларлық жайт. Мәлім болса керек, ғалымдар қай елдікі болса да өздерінің білім деңгейіне қарай мәміле көреді. Қайда, кімде білім бар болса, ілім саласындағылар достық назармен қарап, құрмет етілуі тиіс. Тіпті, бір-бірімен жауласып жүрген екі елдің профессоры екінші елге келсе, білім иелері оның білімі үшін онымен жолығып, құрмет көрсетеді. Солай бола тұра, Англияның ең жоғары ілім мәжілісі, Ислам академиясына алты сұрақ жолдап, оның жауабын алты жүз сөйлеммен жауап беруін талап еткен кезде, оқуағарту министрлігіміздің назарында айыпталып отырған бір білімдар кісі әлгі алты сауалға алты сөйлемге татитын алты ауыз сөзбен жауап берген еді. Жат елдіктердің ең маңызды, ал философтардың ең негізгі қағидаларына ғылыми түрде қарсы шығып, жеңіп шыққан...

— 205 —

Құраннан алған ілімінің күшімен Еуропа философтарына қарсы соққы берген... Стамбулдағы ғалымдар мен шәкірттерді ғылыми сайысқа шақырып, оларға еш сұрақ қоймай, барлық сұраққа толық жауап бере білген...

{(Ескерту). Бүгінгі Саид былай дейді: Осы жерде бұрынғы Саидтың мақтанғандай- болып айтқан бұл сөздеріне қосылмаймын. Алайда, қазір сөзді соған бергендіктен, қойдыра алмай отырмын. Менменшілдерге біршама менмендік көрсетіп қою керек деп, үндемей отырмын.}

бүкіл өмірін осы халқының бақытына арнаған, жүздеген рисалелерін сол халықтың тілінде түрікше жазып, сол халықты ағартушы Отандас, діндес, дос, туыс адамға ең қатты қысым көрсеткен, тіпті, өшіге дұшпандық жасағандардың қатарында кейбір мұғалімдер мен аз да болса ресми молда, имамдар бар. Міне, бұл жағдайға не дейсің? Осы да мәдениет пе? Білімдарлық па? Отансүйгіштік пе? Ұлтжандылық па? Республикашылық па? Жоқ! Жоқ! Ешқайсы да емес! Бәлкім бұл Иләһи тағдыр шығар. Осындай ғалым басқалардан достық күткенде оның орнына дұшпандыққа тап болды. Құрмет көріп, рияға түспесін, ықыласынан айырылмасын деген Иләһи жазмыш...

Қорытынды

Меніңше таңқаларлық бір жайт және шүкір еткізер шабуыл.

Мына өте өзімшіл Әһли дүнияның, менмендігіне қарап отырсам, олардың өте сезімтал екенін байқадым. Егер олар мұны біліп істесе, әулиелердің кереметі сияқты болар еді немесе өте парасатты данышпан деуге тұратын жағдай. Ол не жайт дейсіз ғой?

Менің нәпсім мен ақылым сезбейтіндей бұлыңғыр бірақ, біршама рияшылдыққа саятын кішкене ғана менмендік жағдайымды олар өз менмендігінің сезгіштігімен сезіп қоятын секілді. Олай дейтінім, менің өзім сезбей қалған менмендігіме олар дереу қызбаланып, қарсылық білдіреді. Осы сегіз-тоғыз жыл ішінде сегіз-тоғыз рет болды. Олардың маған жасаған қастандықтарын ойлап, "бұлар маған неге тиісе береді?" деп, өз нәпсімнің үлесін іздеген кезімде, міндетті түрде я нәпсім парқына бармай менмендікке ыңғай танытқан я болмаса біле тұра солай болған. Сол кезде іштей, "Иләһи тағдыр әлгі залымдардың зұлымдығы арқылы маған әділдік қылған екен ғой" деймін.

— 206 —

Атап айтар болсам, осы жазда жолдастарым мені әдемі бір атқа мінгізді. Серуенге шықтым. Өзім де байқамай қалыппын, мені бір сезім билеп, көңілім тасып кеткен болса керек, дереу айналамды аңдып жүрген әһл-и дүния қатты шүйлігіп, барынша тиісті. Менің әлгі сезімімді ғана емес, басқа да сезімдерімді басты.. Тағы да, соған ұқсас бір оқиға болды.

Бұл жолы рамазан айынан кейін, бұрынғы заманның алып тұлғалары мен жоғары мәртебелі имамдарының біз туралы ғайби керемет көрсетіп, ілтипат еткендігін айттым, бауырларымның тақуалығы, ықыласы артсын және келушілер жақсы ойда болсын деген ниетпен айтылса да нәпсімнің мақтанып кеткенін байқамаппын, өзімше шүкір еткендей болсам да, рияшылдыққа қарай жақындап, менмендік сезімі билегенін кейін білдім.

Дереу, мына әһл-и дүния, әлгі өте сезімтал менмендігі, тіпті рияшылдықтың бүге-шігесіне дейін айырып беретін сезімдері арқылы сезіп, маған тағы тиісті. Құдайға шүкір, олардың зұлымдығы менің ықыласымды арттыра түсті.

﴿ رَبِّ اَعُوذُ بِكَ مِنْ هَمَزَاتِ الشَّيَاط۪ينِ ٭ وَاَعُوذُ بِكَ رَبِّ اَنْ يَحْضُرُونِ ﴾
اَللّٰهُمَّ يَا حَافِظُ يَا حَف۪يظُ يَا خَيْرَ الْحَافِظ۪ينَ اِحْفَظْن۪ى وَ احْفَظْ رُفَقَائ۪ى مِنْ شَرِّ النَّفْسِ وَ الشَّيْطَانِ وَ مِنْ شَرِّ الْجِنِّ وَ الْاِنْسَانِ وَ مِنْ شَرِّ اَهْلِ الضَّلَالَةِ وَ اَهْلِ الطُّغْيَانِ اٰم۪ينَ اٰم۪ينَ اٰم۪ينَ
﴿ سُبْحَانَكَ لَا عِلْمَ لَنَٓا اِلَّا مَا عَلَّمْتَنَٓا اِنَّكَ اَنْتَ الْعَل۪يمُ الْحَك۪يمُ ﴾