Жарқыраулар
— 187 —

Жиырма бірінші Лема

Ықылас жайында

Он жетінші Леманың, он жетінші тарауының жеті мәселесінің төртінші мәселесі еді, ықылас жайында болғандықтан жиырмасыншы леманың өте нұрлы екінші тұжырымы деп аталды. Нұрлылығына орай жиырма бірінші лема болып "Лемалар" жинағына енді.

Бұл Лема кемінде он бес күнде бір рет оқылып тұруы тиіс.

﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ وَلَا تَنَازَعُوا فَتَفْشَلُوا وَتَذْهَبَ ر۪يحُكُمْ ٭ وَ قُومُوا لِلّٰهِ قَانِت۪ينَ ٭ قَدْ اَفْلَحَ مَنْ زَكّٰيهَا وَ قَدْ خَابَ مَنْ دَسّٰيهَا ٭ وَلَا تَشْتَرُوا بِاٰيَات۪ى ثَمَنًا قَل۪يلًا ﴾

Ей, ақыреттік достарым мен Құран қызметіндегі жолдастарым! Білесіңдер және біліп алыңдар! Бұл дүниеде, әсіресе ақыреттік қызметтерде басты мәселе, үлкен күш, қабыл болғыш шапағатшы, арқа сүйер берік сүйеніш, ақиқатқа төте жол, қабыл болғыш рухани дұға, мақсатқа жеткізетін бірден- бір себеп шынайы қасиет, адал құлшылық - ықылас. Аталған қасиеттер, яғни жарқын нұр, мол қуат ықыласта екендігі рас. Сондай-ақ, мына аласапыран заманда, қас дұшпандармен бетпе-бет тұрған қысылтаяң сәтте, бидғаттар көбейіп, азғындық артқан кезде, біз өте аз әрі дәрменсіз, пақыр болсақ та Аллаһ жарылқап, өте ауыр әрі ауқымды, жалпыға ортақ, қасиетті Иман мен Құран қызметі мойнымызға жүктеліп отыр. Әлбетте, бәрінен бұрын жан-тәнімізбен ықыласты болуға мәжбүрміз және міндеттіміз. Сондай-ақ, ықыластың

— 188 —

сырын бойға сіңіруге өте мұқтажбыз. Әйтпесе, осы кезге дейінгі атқарған игі қызмет тоқырап, босқа кетіп, қатаң жауапқа тартыламыз.

﴿ وَلَا تَشْتَرُوا بِاٰيَات۪ى ثَمَنًا قَل۪يلًا ﴾

аятындағы Аллаһтың ызғар шашқан ескертуі бізге арналған болады. Мәңгі бақытымызды зақымдайтын мағынасыз, түкке тұрғысыз, зиянды әрі өкінішті, өзімшілдік пен екіжүзділік сияқты жағымсыз сезімдерге беріліп, болмашы бір пайда үшін ықыластан жұрдай болудың кесірінен осы қызметтегі барлық бауырларымыздың ақысын жеген болып есептелеміз һәм Құран қызметіне тосқауыл қойып, иманның киелі ақиқаттарын құрметтемеген боламыз.

Уа, бауырларым! Маңызы зор, қайырлы істердің тосқауылдары көп болады. Шайтандар мұндай адамдарды көбірек азғырады. Мұндай кедергілер мен шайтандарға қарсы ықыластың қуатына сүйенген жөн. Ықыласты бұзатын нәрселерден жыланнан, шаяннан қашқандай қашыңдар.

Хазіреті Жүсіп Аләйһиссәләмның

﴿ اِنَّ النَّفْسَ لَاَمَّارَةٌ بِالسُّٓوءِ اِلَّا مَا رَحِمَ رَبّ۪ى ﴾

дегеніндей жүгенсіз нәпсіге сенім жоқ. Менмендік пен нәпсі сендерді алдап соқпасын. Ықыласқа жету, оны сақтай алу және тосқауылдарды жою үшін мына қағидалар жетекшілерің болсын.

БІРІНШІ ҚАҒИДА. Амалдарды Аллаһтың ризалығы үшін істеңдер. Егер Ол разы болса, жұрттың бәрі безіп кетсе де оқасы жоқ. Егер Ол қабыл алып, бүкіл халық наразылық білдірсе де ештеңе етпейді. Ол разы болып, қабыл алып, қалаған соң, хикметіне үйлесетін болса, сендер қаламасаңдар да халыққа мойындатады, оларды да риза қылады. Сондықтан, бұл қызметте тек қана Аллаһтың ризашылығына қауышуды басты мақсат деп білу керек.

ЕКІНШІ ҚАҒИДА. Құранға қызмет етіп жүрген бауырларыңа мін тақпаңдар. Оларға менің адамгершілігім сенікінен жоғары дегендей, қызғаныш сезімін оятып, қытығына тимеңдер. Себебі, адамның бір қолы екінші қолымен бәсекелеспейді, бір көзі екінші көзін мінемейді, тіл құлаққа қарсы шықпайды, діл рухтың айыбын көрмейді ғой. Керісінше, бір-бірінің кемшін тұстарын толықтырып, айыбын бүркей салады, қажет кезінде көмектесіп отырады, жүгін жеңілдетеді.

— 189 —

Әйтпесе ондай адам рухынан айырылып, өмір шырағы сөнеді, денесі ыдырап, шашылып қалады. Сондай-ақ, бір фабриканың жабдықтары бір-бірімен бақталас болып, аяқтан шалып, тосқауыл болып, бірбіріне үстемдік етпейді. Бір-бірінің ағаттықтарын көріп, мінеп, еңбекке деген ынтасын жойып, тежемейді. Қайта бір-бірінің бағытын ортақ мақсатқа бағыттау үшін барынша жәрдем етеді. Шынайы бірлік пен ынтымақ арқылы негізгі мақсатқа қадам басады. Егер шөкімдей тосқауыл, үстемдік араласса ол фабриканың астан-кестеңі шығады. Нәтижесіз болып, түкке аспай қалады.

Фабриканың иесі де ондай фабриканы тас-талқан етіп бұзып тастайды.

Ей, Рисалей-Нұр шәкірттері мен Құранның қызметшілері! Сендер мен біз, сондай бір "кәміл адам" атына лайық рухани тұлғаның ағзаларымыз. Мәңгі өмірдегі мәңгі бақытқа дайындайтын фабриканың жабдықтарымыз. Мұхаммедтің (с.а.у.) үмметін бақыт жағалауы "Дарүс Сәламға" шығаратын Раббани кеменің қызметшілеріміз. Әлбетте, төрт адамнан бір мың бір жүз он бір тұлғалық рухани күш тудыратын ықыластың сырын тауып, өзара бірлесуге, арқа сүйеуге мұқтажбыз және соған мәжбүрміз. Үш бір, бөлек-бөлек тұрса үш, ал сандық сырымен бірлессе бір жүз он бір болады. Төрт жердегі төрт он алты, ал достық сырымен, мақсат бірлігімен, атқарар міндеті тұрғысынан теңдесіп, бір сызыққа келіп, иық тірессе, төрт мың төрт жүз қырық төрт шамасындай күш-қуатқа ие болады. Сол сияқты шынайы ықыластың сыры арқылы он алты жанкешті достың рухани күші төрт мың адамның күшінен асып кеткенін көптеген оқиғалар дәлелдейді. Бұл мәселенің сыры мынада. Нағыз, шынайы ынтымақта әрбір дос, басқа достарының да көздерімен көре алады, құлақтарымен де ести алады. Шынайы бірлескен он адамның әрқайсысы жиырма көзбен қарайды, он ақылмен ойлайды, жиырма құлақпен естиді, жиырма қолмен жұмыс істейді деуге болады. Осындай бір рухани күш пен құндылыққа ие болады.

{(Сілтеме): Рас, ықыластың сырымен шынайы ынтымақ пен ұйымшылдық қыруар пайда көзі. Сонымен қатар, қорқынышқа тіпті, ажалға қарсы берік қорған, арқа сүйер сүйеніш. Өйткені, өлім келсе бір ғана жанды алады. Шынайы бауырмалдықтың сыры арқылы Аллаһ ризалығы жолында, ақыретке қатысты істерде бауырлары қанша болса сонша жаны болғандықтан бірі өлсе, "басқа жандарым аман болсын... Өйткені олар, әрдайым маған сауап жаздырып, рухани өмірімді жалғастыратындықтан мен өлген жоқпын" деп, ажалын қуанышпен қарсы алады. "Сауап алу тұрғысынан алғанда, әлгі достарымның арқасында тірімін, тек күнә жасау тұрғысында өлімін" деп, қиналмай жатады.}

— 190 —

ҮШІНШІ ҚАҒИДА. Барлық күш-қуатыңыздың ықыласта және ақиқатта екендігін біліңдер. Ақиқат пен ықыласта күш-қуат бар. Тіпті, әділетсіздердің өзі әділетсіз істеріне шын ықыласты болғандықтан бойларына күш-қуат бітеді. Ия, ақиқат пен ықыласта қуат бар екеніне мына қызметіміз дәлел. Осы қызметіміздегі кішкене ықыластың өзі айтқанымызды растап, өзіне-өзі дәлел болады. Өйткені, өз елімде және Стамбулда жиырма жылдан астам атқарған ғылыми және діни қызметіме қарағанда, бұл жерде сендермен бірге атқарылған жеті-сегіз жылдық қызмет жүз есе жемісті. Бір қызығы, өз елімде және Стамбулда менімен бірге еңбек еткендердің саны сендерден жүз, тіпті мың есе көп болса да, мен бұл жерде жалғыз, кіріптар, кәріп халде, ынсапсыз қызметкерлердің аңдулары мен қысымдарына қарамай, сегіз жыл бойы сендермен бірге атқарған қызметімді бұрынғы қызметімнен жүз есе жемісті қылған рухани күш, сендердің ықыластарың екеніне шүбә жоқ. Һәм мынаны да айта кетейін. Шынайы ықыластарың арқылы абырой мен даңққа құмар нәпсімді қолпаштаушы көзбояушылықтан құтылуыма аз да болса себеп болдыңдар. Құдай қаласа, толық ықыласқа қолдарың жетіп, менің де ықыласымды арттырарсыңдар... Хазіреті Али (р.а.) өзінің мүғжиза тәрізді кереметімен және Хазіреті Ғаус-ы Ағзам (Қуддуси Сыррухи) өзінің ғайып жайындағы таңғажайып кереметімен сендердің осы ықыластарыңа байланысты ілтипат көрсетіп, сендерді қызғыштай қорғап, демеп жүр. Олар, атқарған қызметтеріңе дән риза. Мұндай қошеметтің ықылас арқылы келетініне әсте күмән жоқ. Егер бұл ықыласты біле тұра бұзсаңдар, олардан шапалақ жейсіңдер. (Оныншы лемадағы мейірімді шапалақтарды еске алыңдар) Мұндай рухани қаһармандарға арқа сүйеп, өздеріңе ұстаз қылғыларың келсе وَ يُؤْثِرُونَ عَلٰٓى اَنْفُسِهِمْ сыры арқылы ықыластарыңды арттырыңдар.

Абырой, мәртебе, қошеметке бөлену, тіпті олжалы, жанға жайлы нәрселерге келгенде бауырларыңды өздеріңнен жоғары ұстаңдар. Мысалы, бір мұқтаж мүминге өте тамаша, әсем иман ақиқаттарын үйрету; бейкүнә, зиянсыз, сауапты амал. Бір бауырыңның бұл істі атқару әдісін ұнатпасаң да өзіңе тәкаппарлық ой келмеуі үшін, сол бауырыңның атқарғанын мақұл көр. Ал, «сауабын мен алайын, мына тамаша мәселені мен айтайын» деген ойың болса, онда тұрған күнә да, зиян да жоқ. Алайда, араларыңдағы ықыласты зақымдауы мүмкін.

— 191 —

ТӨРТІНШІ ҚАҒИДА: Бауырларыңның ізгі қасиеттерін өзіңдікіндей көріп, кемелдіктерін өз бойыңда деп, олардың абыройымен шүкір етіп мақтану. Сопылар арасында «фена-фиш-шейх», "фена-фир-расул" дейтін түсінік бар. Мен сопы емеспін. Алайда, олардың бұл дәстүрі біз үшін «фена фил-ихуан» түрінде болады. Бауырлар арасында мұны «тефәни» деп атайды. Бір-біріне келгенде фәни болу, яғни қарақан басының қамын ойламай, өзі сезімдерін ұмытып, бауырларының ізгі қасиеттерімен, солардың сезімдерімен ойша өмір сүру. Онсыз да жолымыздың негізі бауырмалдық. Біздің қарым-қатынасымыз әке мен бала, пір мен мүрид арасындағы қарымқатынас емес. Керісінше, шынайы бауырмалдылық. Көп болса араға ұстаздық кіреді. Ұстанған жолымыз "халилие", яғни шынайы достық болғандықтан біздің әдетіміз "хиллет". Хиллет дегеннің өзі ең жақын дос, жанкешті жолдас, қадірлі де ақкөңіл бауыр болуды талап етеді. Бұл хиллеттің іргетасы - шынайы ықылас. Шынайы ықыласты бұзған адам, сол хиллеттің көз жетпес биігінен шыңырауға құлайды. Орта жолда ұстап қалар ешнәрсе таба алмайды.

Алдымызда екі жол бар. Құранның даңғыл жолы болған мына жолымыздан шығып кеткендер, қас дұшпанымыз, болған дінсіздерге көмектесіп жүруі мүмкін. Бірақ, мұны өзі де сезбейді. Иншаллаһ Рисалей-Нұр арқылы Қасиетті Құранның киелі шеңберіне кіргендер әрдайым нұрға, ықыласқа, иманға қуат беріп, әлгіндей шыңыраулардан аман қалар.

Уа, Құран қызметіндегі бауырларым! Ықыласты болудың және оны сақтап қалудың тиімді жолдары бар.

Біріншісі. "Рабыта-й-мәут". Ықыласты зақымдап, екіжүзділікке және дүниеге тартатын тул-ы әмел яғни бітпейтін арман-қиялдар болса, ал екі-жүзділіктен жиіркендіріп, ықыласқа қол жеткізетін "Рабыта-й-мәут". Яғни, өлімді ойлап, дүниенің өткінші екендігін аңғарып, нәпсінің тұзағына түспеу. Әһл-и тариқат пен әхл-и ақиқат, Қасиетті Құранның

﴿ كُلُّ نَفْسٍ ذَٓائِقَةُ الْمَوْتِ ٭ اِنَّكَ مَيِّتٌ وَاِنَّهُمْ مَيِّتُونَ ﴾

аятынан сабақ алып, рухани даму кезінде рабыта-й-мәутті ұстанып отырған. Тул-ы әмәлдің қайнар көзі болған мәңгі жасаймын деген ойды әлгі рабыта арқылы бұзып отырған. Олар: "біз өліп қалдық, денемізді

— 192 —

жуып, қабірге қойып жатыр" деп қиялдайды. Жүгенсіз нәпсі осылай қайталанған ойлардан әсер алып, бітпейтін армандарынан шамалы да болса бас тартады. Бұл рабытаның пайдасы көп. Ол жайында

اَكْثِرُوا ذِكْرَ هَادِمِ اللَّذَّاتِ -اَوْ كَمَا قَالَ

деген хадис бар. Яғни тәтті ләззаттарды бұзып ащы қылатын өлімді көп ойлаңдар!". Осылайша олар бұл рабытаны дәріс ретінде ұсынуда. Алайда, біздің жолымыз тариқат емес, ақиқат болғандықтан бұл рабытаны әһл-и тариқат сияқты қиялдап, елес құрып жатуға мәжбүр емеспіз. Сондай-ақ, ақиқатқа үйлеспейді. Негізінде болашақты осы шаққа әкелмей-ақ, оның орнына нәтижені ойлау арқылы расында осы шақтан болашаққа назар салып, ойша баруға болады. Қиялдаудың қажеті жоқ. Әркім мына қысқа өмір ағашының басындағы жалғыз жемісі болған өзінің жаназасына көз салсын. Осылайша өз жаназасын көріп, шамалы ілгерілесе ғасырының өліміне, одан ары дүниенің өліміне де куә болады. Сол арқылы шынайы ықыласқа жол ашылады.

Екіншіс. Шынайы иманның күшімен және Аллаһты тануға жол ашатын қоршаған ортаға зер салу мен имани толғаныстан туатын ойдың арқасында, өзін Аллаһтың құзырындамын деп сезініп, Жаратушының барлық жерді қамтып, көріп тұрғандығын ойлап, Одан басқаның қошеметін күту, Оның алдында басқаларға жалбақтау, көмек сұрау әдепсіздік екенін ескеріп, екіжүзділіктен құтылып, ықыласқа қолы жетеді...

Мұның көптеген дәрежелері мен мәртебелері бар. Әркім қабілетіне қарай неғұрлым көп түсінсе, соғұрлым пайда. РисалейНұрда екіжүзділіктен сақтайтын, ықыласқа қол жеткізетін көптеген ақиқаттар баяндалғандықтан соларға сілтеме жасалып, әзірге қысқаша жазылды.

Ықыласты зақымдап, екіжүзділікке итермелейтін көптеген себептердің екі-үшеуіне қысқаша тоқталып өтейік.

Бірінші себеп. Материалдық пайда үшін туындайтын бәсеке, уақыт өте келе ықыласты бұзады. Сондай-ақ, қызметтің нәтижесін де зақымдайды. Оның үстіне әлгі материалдық пайдадан да құр қалдырады.

Иә, халқымыз ақиқат үшін, ақырет үшін қызмет еткендерге әрдайым құрмет көрсетіп, оларға жәрдем беріп отырған. Іс жүзінде де олардың ықыласты да адал еңбектеріне қолғабыс ретінде

— 193 —

материалдық тұрғыдан көмектесіп, уақыты бос кетпесін деп садақа, сыйлық сияқты заттай жәрдем етіп құрметтеген. Алайда бұл жәрдем мен пайда сұралмайды, беріледі. Іштей тіленіп, жәрдем сұрағандай хал көрсетуге болмайды. Мүмкін, ол күтпеген жерден берілер. Әйтпесе, ықылас қашады.

Һәм وَلَا تَشْتَرُوا بِاٰيَات۪ى ثَمَنًا قَل۪يلًا аятынан қатаң сөгіс алып, істеген жақсылықтарының біршамасы босқа күйіп кетеді. Материалдық пайда тілеп, іштей күтсе нәпсіге алданады, өзімшілдікке салынады. Ол пайданы басқаға беріп қоймау үшін өз бауырына, қызметтес жолдасына қарсы бақталастық сезімі оянады. Ықыласы зақымдалып қызметінің құты қашады. Әһл-и ақиқат алдында жағымсыз түрге енеді. Материалдық пайданы да көре алмайды. Қойшы әйтеуір... Ұзын сөзді қысқартып, бауырларымның арасында ықыластың сыры мен шынайы ауызбіршілікті нығайта түсетін екі мысал айтып берейін.

Бірінші мысал. Әһл-и дүние байлыққа кенеліп, қуаттану үшін тіпті кейбір саясатшылар мен әлеуметтік өмірде маңызға ие кісілер және ұйымдар, мал-мүлікті ортақтастыру дәстүрін өздеріне қағида етіп алған. Олар орынсыз, зиянды түрде қолдануларына қарамастан, зор күшке, мол пайдаға кенелуде. Алайда мал-мүлікті ортақтастырудың көптеген зияндары болумен қатар мәнісі өзгермейді. Әрқайсысы ортақ нәрсенің бір жағынан қарағанда иесі саналғанымен толық пайдалана алмайды. Ал, ортақтасу дәстүрі ақыреттік, рухани істерде болса, еш зияны жоқ, тіпті мол табысқа жетуге бірден-бір себеп. Өйткені барлық табыс ортақтардың әрқайсысының еншісі болып саналады.

Мысалға төрт-бес адам ұйымдасып, бірі жанармай, бірі пілте, бірі шам, бірі шыны, бірі сіріңке әкеліп шам жақса, әрқайсысы сол шамның иесі саналады. Егер әрқайсысының дуалында не қолында үлкен айна болса, әлгі шам әрқайсысының айнасына бөлмемен бірге толығымен түседі. Дәл сол сияқты ақыреттік істерде ықыласты түрде ұйымдасудан және бауырмалдықпен бір-біріне арқа сүйеуден және жұмыстарды бөлісіп атқарудан пайда болған бүкіл табыс, барлық нұр, әрқайсысының амал дәптеріне нұқсансыз түрде толық жазылатындығы ақиқатшылдар арасында анық және болған оқиға. Бұл Иләһи мейірімнің де талабы.

— 194 —

Уа бауырларым! Иншаллаһ сендерді материалдық пайда бәсекеге түсіре қоймас. Дегенмен ақыреттік пайда тұрғысында кейбір тариқатшылардың алданулары сияқты, сендердің де алдануларың мүмкін. Алайда жеке, аз ғана сауап қайда? Әлгі мысалдағыдай ортақтасудан пайда болған сауап пен нұр қайда?

Екінші мысал. Шеберлер, шығарған өнімдерін молайту мақсатында өнер саласында ұйымдасып, мол табысқа жетуде. Тіпті тігін инесін жасайтын он адам, әу баста өз беттерімен еңбек еткенде, еңбегінің бір күндік өнімі небәрі үш-ақ ине болған екен. Содан, ұйымдасқан түрде он адам бірлік құрған. Бірі темір әкеліп, бірі от жағып, бірі темір қыздырып, біреуі басын сүйірлеп деген сияқты... Әрқайсысы ине жасау өнерінде тек белгілі бір жұмыспен айналысып, атқарған жұмыстары қарапайым болғандықтан уақыт үнемделіп, манағы кәсіпте машықтанып, істері оңға басқан екен. Содан ұйымдасып атқарылған істің өнімін кісі басына шаққанда, әрқайсысына бұрын үш инеден келетін болса, енді үш жүз инеден келгенін көріпті. Еңбекке ынталандыру үшін бұл оқиға шеберлер арасында жарнамаға айналған.

Міне, ей достарым! Дүниелік істерде, мал-мүлікке келгенде бірлесу осындай нәтиже беріп, мол табысқа жеткізеді екен. Олай болса, ақыреттік, нұрлы, біртұтас және Аллаһтың жарылқауымен әркімнің айнасына толық түсетін нұрға, сондай-ақ баршаның сауабындай мол сауапқа ие болу, қаншалықты зор табыс екенін салыстыра беріңдер. Мұндай мол табыстан, бақталастық пен ықылассыздықтың кесірінен мақұрым қалуға болмайды.

Ықыласқа кедергі болар екінші себеп. Мансапқорлықтан туындайтын атаққұмарлық арқылы және атақ-даңққа бөленіп, көпшіліктің көзіне түсу, назарын өзіне аудару арқылы өркөкіректеніп масаттану. Бұлар - қауіпті рухани кесел болумен қатар, адамды "ширк-і хафи" деп аталатын екіжүзділікке, мақтаншақтыққа итермелейді, ықыласты зақымдайды.

Уа, бауырларым! Қасиетті Құранның қызметіндегі ұстанған жолымыз ақиқат пен бауырмалдық. Бауырмалдық дегеніміз бауырлар арасында менмендігін пида етіп {(Сілтеме): Бақытты жан кім десеңдер, ол - Құранның кәусарынан сүзілген мөлдір де үлкен әуізді иелену үшін, мұзкесек тәрізді өзінің тәкәппарлығы мен менмендігін әлгі мөлдір әуізге салып еріткен жан.} олардың жанын өз жанынан артық көру. Сондықтан мансапқорлықтан шығатын мұндай бәсеке біздің

— 195 —

арамызда болмауы тиіс. Өйткені, ұстанған жолымызға мүлдем керағар. Бауырлардың абыройы жалпыға ортақ. Олай болса, РисалейНұр шәкірттері мұндай үлкен рухани абыройды мансапқорлық пен бәсекенің кесірінен жеке, кішкентай атақ-абыройға айырбастамас деп үміттенемін.

Иә, Рисалей-Нұр шәкірттерінің жүрегі, ақылы, рухы мұндай нашар, зиянды, жиіркенішті нәрселерге бара қоймас. Алайда, әркімде де нәпсі бар. Кейде нәпсілік сезім бойды билеп, жүрек, ақыл, рухқа қайшы әрекет етіп, біршама өз дегенін істетеді. Сендердің жүрек, рух, ақылдарыңды кінәлап отырғаным жоқ. Қайта Рисалей-Нұрдан алған әсерлеріңе сенім артып отырмын. Алайда, кейде нәпсі, әуестік сезім, бос ой адамды алдайды. Сондықтан кейде қатаң ескерту аласыңдар. Бұл қатаңдық, нәпсі мен әуестікке, сезім мен уайымға қатысты...

Абай болыңдар! Егер ұстанған жолымызда біреуді пір тұту болғанда белгілі бір мәртебе болар еді, немесе шектеулі шендер болар еді. Ондай шенге көптеген қабілеттер талаптанып, қызғанғандай өзімшілдік сезім оянар еді. Бірақ, біздің ұстанған жолымыз бауырмалдық. Бауырлар бір-біріне әке бола алмайды... тәрбиеші де бола алмайды. Бауырластықтың ауқымы кең. Бір-біріне қызғана көз алартудың реті жоқ. Көп болса бауыр бауырына көмекші, арқасүйер демеуші болады, қызметін толықтырады. Әке немесе тәрбиеші сияқты аса қамқоршы болу өзара қызғаныш тудырар сауапқұмарлық сезім зиянды және қауіпті нәтижелер тудырады. Тариқатшылардың орасан зор жетістіктері мен табыстары бола тұра, жік-жікке бөлінуі және бәсекелесудің салдарынан келеңсіз нәтижелердің туындауы бұған дәлел. Олардың орасан зор, киелі күштері мына бид'ат дауылдарына қарсы төтеп бере алмауда.

Үшінші себеп. Қорқақтық пен даңғойлық. Бұл тосқауыл басқа да тосқауылдармен бірге "Худжумат-ы ситте" атты еңбегімде толық баяндалғандықтан соған сілтеме жасап, Мейрімі мол Әрхамүррахиминнен оның барлық әсем есімдерін шапағатшы етіп, былай деп жалбарыналық. Бізге шынайы ықыласты болуды нәсіп ет! Амин!

اَللّٰهُمَّ بِحَقِّ سُورَةِ الْاِخْلَاصِ اِجْعَلْنَا مِنْ عِبَادِكَ الْمُخْلِص۪ينَ الْمُخْلَص۪ينَ اٰم۪ينَ اٰم۪ينَ
﴿ سُبْحَانَكَ لَا عِلْمَ لَنَٓا اِلَّا مَا عَلَّمْتَنَٓا اِنَّكَ اَنْتَ الْعَل۪يمُ الْحَك۪يمُ ﴾
— 196 —

БІР ТОП БАУЫРЛАРЫМА АРНАЙЫ ЖАЗЫЛҒАН ХАТ

Жазудан жалыққан және құлшылық айлары болып саналатын қасиетті үш айда оқылатын дұғаларды, бес жағынан құлшылық деп, сенім артып жүрген

Осынау бағалы хатта Ұстаз ишара еткен бес түрлі құлшылығы жайлы анықтап сұрап алдық және оны төменде жазып отырмыз.

1-Адасушы дінсіздерге қарсы күрес.

2-Ұстазға ақиқат жазуларына жәрдемдесу.

3-Мұсылмандарға иман тұрғысында көмектесу.

4-Жазып отырып ілім үйрену.

5-Кейде бір сағаты бір жылдық құлшылыққа татитын тәфәккүр, яғни ой-толғау құлшылығын атқару.

Рүштү, Хусрев, Рефет

Нұр рисалелерін жазудан артық көруші бауырларыма екі хадис шарифтің бір тұжырымын айтып берейін деп отырмын.

БІРІНШІСІ.

يُوزَنُ مِدَادُ الْعُلَمَاءِ بِدِمَاءِ الشُّهَدَاءِ -اَوْ كَمَا قَالَ

Яғни, "Махшар күні ақиқатшыл ғалымдардың қаламынан аққан сия мен шәйттердің аққан қаны тең бағаланады" дейді.

مَنْ تَمَسَّكَ بِسُنَّت۪ى عِنْدَ فَسَادِ اُمَّت۪ى فَلَهُ اَجْرُ مِاَةِ شَه۪يدٍ -اَوْ كَمَا قَالَ

Яғни, «Бидғаттар мен адасу жайылған қилы заманда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Сүннеті мен Құранның ақиқат- тарынан мықтап ұстанғандар және сол жолда қызмет еткендер жүз шәйттің сауабын алады» делінген.

Уа, жалқаулық басып жазудан жалыққан бауырларым! Уа, өзін кемелдендіруді көп ойлайтын достарым! Мына екі киелі хадистің мазмұнынан мынаны ұғуға болады. Осындай қилы заманда, Иман ақиқаттары мен көркем Сүннетке қызмет еткен мүбәрак, нұрлы қаламдардан тамған сияның әр тамшысы шәйттердің жүз тамшы қанындай сендерге махшар күні пайдасы тиеді. Олай болса соған қол жеткізуге тырысыңдар.

Егер былай десеңдер, Хадисте ғалымдар деп жазылған ғой. Біз жай ғана көшіріп жазушы хатшылармыз ғой?

— 197 —

Жауап. Бір жыл бойы осы рисалелерді оқып түсінген және соны қабыл алған кісі, ақиқатында бүгінгі күннің ғалымы дәрежесінде. Ал, терең түсінбегеннің өзінде, Рисалей-Нұр шәкіртерінің бір рухани тұлғасы бар. Ал ол рухани тұлға қазіргі кездің ғалымы болып саналады. Ал, сіздердің қаламдарыңыз болса әлгі мағынауи тұлғалардың саусақтары деген сөз. Өз пайымдауымша мен лайық болмасам да, сендер мені бір ғалым деп сеніп, бағалайсыңдар. Мен жылдам жазу жаза алмайтындықтан, сендердің қаламдарың менің қаламым болып есептеледі. Олай болса, хадистегі сауапты аласыңдар деген сенімдемін...

Саид Нұрси