Жиырмасыншы Лема
[Он жетінші Леманың, он жетінші тарауының жеті мәселесінің бес ишарадан тұратын екінші мәселесінің бірінші тұжырымы болатын. Тақырыбының маңыздылығына орай жиырмасыншы Лема болды].
аяты және
хадисі дін Исламның негізгі мәселелерінің бірі ықылас екенін көрсетеді. Ықылас туралы шексіз тұжырымдардың бесеуі ғана қысқаша баяндалмақ.
БІРІНШІ ТҰЖЫРЫМ.
Мағынасы терең, шешімі күрделі маңызды сұрақ.
{(ЕСКЕРТУ): Мына мүбарак Спарта қаласының шүкір еткізетін жағымды тарапы, мұндағы тақуа жандар мен тариқатшылардың және ғалымдардың арасында, шынын айту керек, айтарлықтай шынайы сүйіспеншілік пен ауызбіршілік бола қоймағанымен басқа жерлермен салыстырғанда бақталастық пен алауыздық жоқтың қасы.}
Әһл-и дүние (Тек бұл дүниені ғана ойлаушылар) мен бейқамдар, тіпті Хақ жолынан тайғандар мен іріткі салушылар да ауыз жаласып, бірігіп жатқанда мына Хақ жолындағы діндарлар мен әһл-и ілім (Ислам ғұламалары) және әһл-и тариқат (тариқатшылар) бір-бірімен бақталастыққа түсіп, неге өзара алауыз? Керісінше, діндарлар ынтымақ құрып, ал екіжүзді алаяқтардың басы бірікпеуі керек еді ғой.
Жауап. Халық қамын ойлайтын, нағыз отансүйгіштерді қынжылтып, қан жылататын осы бір қайғылы жағдайдың көптеген себептері бар. Солардың жетеуі баяндалмақ.
БІРІНШІ СЕБЕП. Хақ жолындағылардың алауыздығы ақиқатшыл болмағандығынан емес. Бейқамдардың ауызбіршілігі де ақиқатшылдығынан емес. Әһл-и дүние мен саясатшылардың және оқымыстылар мен белгілі қызметі, өзіндік орны, міндеті бар топтардың, жамағаттардың, сондай-ақ әртүрлі ұйымдардың атқарар міндеттері нақты белгіленген.
Әлгі міндеттері үшін алатын ақшалай, заттай, сондай-ақ, қошемет, атақ секілді
{(Сілтеме): Халықтан сый-құрмет сұралмайды. Оны халықтың өзі береді. Берген күнде де оған масаттануға болмайды. Масаттанса ықылас қашып, рия араласады. Атаққұмарлық мақсатпен халықтың қошеметіне бөлену - атқарылған еңбектің ақысы да, сыйлығы да емес. Керісінше - ықылассыздықтың жазасы. Қайырымды істің негізі - ықылас. Атаққұмарлықпен жеткен сый-құрмет, қошемет ықыласқа зиян. Ол қабір ауызына дейін өткінші ләззатқа бөлеп содан соң, қабір азабы секілді жағымсыз бейнеге енеді. Сондықтан атақты болуды армандамай, қайта одан қорқып қашу керек. Атаққұмарлар мен даңқ соңында жүгіргендердің құлақтары шуласын!}
рухани ақылары айқындалған және бөлініп берілген. Алауыздық, айтыс-тартыс, бақталастық туғызар себептер жоқ. Сондықтан олар, қаншалықты бұрыс жолда жүрсе де бір- бірімен тіл табыса алады.
Ал, діндарлар мен білімділердің сондай-ақ, тариқатшылардың атқарар қызметтері жалпыға ортақ. Бұл дүниедегі ақылары да нақты айқындалмаған. Әрқайсысының қоғамдағы орны, лауазымы белгіленбеген. Сондықтан бір орынға көп адам үміткер. Заттай да рухани да сыйақыға көптеген үміткерлер ұмтылады. Бұл жағдайда олардың араларында алауыздық туып, достық қастыққа, ауызбіршілік араздыққа айналады.
Мұндай қатерлі дерттің дауасы - ықылас. Яғни, шындық құмарлықты нәпсі құмарлықтан жоғары ұстап, ақиқат әрдайым нәпсі мен менменшілдіктен үстем тұруы тиіс. اِنْ اَجْرِىَ اِلَّا عَلَى اللّٰهِ сырына бөленіп қолда барға қанағат ету, халықтан ақшалай, заттай не рухани ақы алмай
{(Сілтеме): Сахабалардың Құранда "исар" деп мадақталған мінезінен үлгі алу. Яғни, сыйлық пен садақа берілгенде өзін емес басқаны соған лайық көру. Дін жолындағы қызметі үшін ақы сұрамай, оны іштей де талап етпей, тек Аллаһтың жарылқауы деп біліп, халықтан ешнәрсе алмай, дінге қызмет еткенін міндетсінбеу керек. Өйткені ықыласты жоғалтпау үшін, дінге қызмет еткеннің ақысы ретінде бұл дүниеде еш нәрсе сұралмауы тиіс. Олардың заттай-тұрмыстық қажеттілігін үммет бір тұрғыдан қамтамасыз етуі керек шығар, ақылары да болар, лайық болуы да мүмкін. Дегенмен, оны сұрауға болмайды, ол беріледі. Берілген жағдайда да қызметімнің ақысы деуге болмайды. Мүмкіндігінше қанағат етіп, өзгені өзінен әлдеқайда лайық деп
Аятынан сабақ алса, әлгі қауіп-қатерден құтылып, ықыласты болады.}
сырына бөленіп,
халық арасында абыройлы болу, жақсы әсер қалдырып, құрметке бөлену Аллаһ Тағаланың ісі, Оның жарылқауы. Ал, дін жаю мен діни насихат адамның өз міндеті. Жақсы әсер қалдыру, құрметке бөлену оның міндеті емес. Адам осыны түсіну арқылы ғана ықыласқа қол жеткізеді. Әйтпесе, ықыласы бұзылады.
ЕКІНШІ СЕБЕП. Хақ жолынан тайған азғындардың ауызбіршілігі арсыздығынан, ал хақ жолда жүргендердің алауыздығы намысқойлығынан болып отыр. Яғни, бейқам, бұл дүниені ғана ойлаушылар, Хақ жолынан тайған азғындар хақ пен ақиқатқа сүйенбегендіктен әлсіз әрі намыссыз келеді. Қор болғандықтан күшқуатқа мұқтаж. Сондықтан басқалардан жәрдем алуға, өзара бірігуге бейім тұрады. Тіпті, азғындық жолда болса да ауызбіршіліктері мығым. Өз әділетсіздіктерінде әділетқұмарлық, адасушылық ішінде ықылас бар сияқты әрекет етеді. Дінсіздікте атеистер сияқты қасарысады, арандатушылықта ынтымақ құрады. Табысқа жетеді. Өйткені жаман істерде де шынайы ықылас босқа кетпейді. Рас, ықыласты түрде кім не қаласа, Аллаһ береді.
{(Сілтеме): Иә, مَنْ طَلَبَ وَ جَدَّ وَجَدَ ақиқаттың қағидасы. Мағынасы терең де ауқымды. Бізді де қамтып, тұрған болуы мүмкін.}
Ал, хақ жолындағылар мен діндарлар және білім мен тариқат жолындағылар, хақ пен ақиқатқа және әрқайсысы тек Раббысын ойлап, оның таупығына сүйенеді. Осылайша өз жолынан нәр алып рухани абыройға бөленеді. Әлсіздігін сезсе, көмекті адамнан емес, Аллаһтан сұрайды. Ұстанған жолының тысындағылардан көмек алуды қажетсінбейді. Ынтымаққа мұқтаждықты сезінбейді. Оның үстіне менмендік пен көкіректігі болса, өзін дұрыс, ал қарсыласын бұрыс деп ойлап, ауызбіршілік пен ынтымақтың орнына алауыздық пен бәсеке басталып, ықылас қашады. Негізгі міндеті атқарылмай, тоқырауға ұшырайды.
Міне, осы қатерлі себептің салдарынан зиянды нәтижелерге ұрынбаудың "тоғыз әмір" яғни тоғыз шарты бар.
Біріншісі. Болымды әрекет ету, яғни өз жолының сүйіспеншілігімен әрекет ету. Басқа жолдағылармен араз болу, оларды кемсіту, олардың ой- пікірін, ілімін сынап-мінеу сықылды жат қылықтардан аулақ болу.
Екіншісі. Ислам шеңберіндегі қандай да бір ұстанымды ұстанса да араларында сүйіспеншілікке, бауырластыққа, ауызбіршілікке ұйытқы болатын көптеген байланыстар бар екенін ойлап, ынтымақта болу.
Үшіншісі. Қандай да бір тура жолдағы адам, басқаның ұстанған жолына килікпеуі керек. Яғни. "менің жолым тура, немесе әлдеқайда жақсы" деуге құқы бар. Бірақ, басқаның жолын бұрысқа шығаратындай немесе жағымсыз етіп көрсететіндей "менің жолым ғана хақ, дұрысы тек менікі ғана" деуге хақы жоқ.
Төртіншісі. Хақ жолындағылармен бірігу, асыл дініміздің өркен жайып абыройы үстем болуына, Аллаһу Тағаланың таупығына бөленуге бірден-бір себеп екенін естен шығармау...
Бесіншісі. Азғындар мен адасқандар өзара көмектің арқасында ұйым ретінде қуатты бір рухани тұлға болып шабуыл жасаған кезде, сол рухани тұлғаға қарсы, ең күшті деген жеке тұлғаның өзі жеңіліп қалатынын біліп, хақ жолындағылармен бірігу арқылы бір рухани тұлға болып, азғындардың әлгі қауіпті рухани тұлғасына қарсы ақиқатты сақтап қалу.
Алтыншысы. Шындықты жалғанның үстемдігінен құтқару үшін.
Жетіншісі. Нәпсісі мен менмендігін...
Сегізіншісі. Бұрыс түсінген ар-намысын...
Тоғызыншысы. Болмашы бәсекелесуді тастау арқылы ықыласқа қол жеткізеді, міндетін толық атқарады.
{(Сілтеме): Тіпті сахих хадис бойынша, ақырзаманда христиандардың шынайы діндарлары Құран жолындағылармен бірігіп, ортақ жаулары болған дінсіздікке қарсы күреседі дейді. Сондықтан бүгінгі таңда діндарлар мен ақиқатшылар өз діндестерімен, әріптестерімен, бауырларымен шынайы бірігіп қана қоймай, тіпті христиандардың шынайы діндар дінбасыларымен де араздыққа себеп болатын мәселелерді уақытша тоқтатып, айтыс-тартыс қылмай, ортақ жауға, анталаған дінсіздерге қарсы бірігуге мұқтаж.}
ҮШІНШІ СЕБЕП. Хақ жолындағылардың алауыздығы қайратсыздығынан емес. Сондай-ақ, хақ жолынан тайған азғындардың ауызбіршілігі де аса қайраттылықтан емес. Хақ жолындағылардың алауыздығы қайрат-жігерлерін бұрыс пайдаланудан. Ал азғындардың ауызбіршілігі жігерсіздіктен туындайтын әлсіздігі мен бейшаралығынан. Хақ жолындағылардың жігерін сарқып, оны
теріс пайдалануы, одан алауыздық пен бәсекеге баруы - ақырет тұрғысынан жағымды қасиет саналатын сауап пен ақыреттік іске құштарлықтан. Яғни, «мына сауапты мен алайын, бұл адамдарға тура жолды мен көрсетейін, мені тыңдасын» деп, бауырының шынайы сүйіспеншілігі мен көмегіне мұқтаж бола тұра, бәсекелестік рай танытады. «Шәкірттерім неге оған барады? Неге оның шәкірттеріндей көп шәкіртім жоқ?» деп, сол арада бойын менмендік билеп, атаққұмарлық деген жаман әдетке қарай пейілі ауып, ықыласы бұзылады. Екіжүзділіктің есігін ашады.
Міне, бұл қателіктің және рухани ауыр індеттің емі мынау: Шынайы ықылас қана Аллаһ Тағаланың ризашылығына бөлейді. Зор табысқа жету, ізінен ерушілерді көбейту Аллаһты риза қылатын амалдар емес. Осыны түсіну керек. Өйткені, олар Аллаһтың ісі болғандықтан пенде одан сұралмайды, ондай табыс пен жетістіктер кейде өзі беріледі. Кейде бір ауыз сөз пендені тозақтан құтқарып, Иләһи ризашылыққа бөлеуі мүмкін. Олай болса соңынан ерушілердің аз-көптігіне көп мән берілмеуі тиіс. Өйткені кейде бір адамның тура жолға түсуі мың адамның тура жолға түсуінен артық болып, Аллаһтың ризашылығына бөленуге себеп болады.
Һәм ықылас пен шынайылық дегеніміз, мұсылмандардың қайдан, кімнен болса да рухани пайда көруін мақұл көріп, соған жақ болу. Әйтпесе, "дәрісті менен ғана алсын, мен сауап алайын" деген ой менмендік пен нәпсінің бір айласы.
Уа, сауапқа тойымсыз, ақыреттік істерге қанағатсыз адам! Кейбір пайғамбарлар ізінен ерушілері санаулы ғана болса да, пайғамбарлық міндетін толық атқарып, мол ақысын алған. Демек, ізінен ергендерді көбейту өнер емес, өнер - Аллаһтың ризашылығына бөлену. Жұрт мені ғана тыңдасын деген ашкөздіктен өз міндетіңді ұмытып, Құдайдың ісіне араласатындай сен өзіңді кіммін деп ойлайсың? Мойындату, халықты сенің айналаңа жинап қою Аллаһтың ісі. Сен өз міндетіңді атқар! Аллаһтың ісіне араласпа!
Сондай-ақ, хақ пен ақиқатты тыңдаушылар және оны айтқан адамға сауап жаздыратындар тек адамдар ғана емес қой. Аллаһтың саналы мақұлықтары, руханилары мен періштелері әлемнің әр тарапын толтырып, безендіріп тұр. Сен көп сауап алғың келсе, шынайы ықыласты бол! Тек, Аллаһтың ризашылығын ойла! Сонда сенің аузыңнан шыққан әрбір мүбарак сөзің ықылас арқылы адал ниет арқылы жанданып, тіріледі де сансыз саналы жаратылыстарды
нұрландырады әрі саған, сауап жаздырады. Мәселен, сен "Әлхәмдулилләһ" десең, бұл сөзің Аллаһтың құдіретімен миллиондаған үлкенді-кішілі "Әлхамдулилләһ" болып ауаға тарайды. Наққашы-Хаким Аллаһ әбестік пен ысырап жасамайтындықтан әлгі мүбарак сөздерді тыңдайтын құлақтар жаратады. Егер ықылас пен адал ниет арқылы манағы сөздер жанданса, әрқайсысы ләззаты мол тәтті жеміс сияқты руханилардың құлақтарына құйылады. Ал егер, айтылған сөздерде шынайы ықылас болмай, Аллаһ ризашылығымен жанданбаса, тыңдалмай қалады. Тек айтқан ауызға мүбарак сөздің сауабындай сауап жазылады. Дауысы онша әуезді болмағандықтан немесе тыңдаушылар аз деп тартыншақтайтын қарилардың құлақтары шуласын!
ТӨРТІНШІ СЕБЕП. Тура жолдағылардың өзара бәсекелесіп, жік-жік болуы істің соңын ойламағандықтан немесе ақылының таяздығынан емес. Ал, адасқандардың ымырашыл ынтымақтастығы істің соңын ойлаудан немесе көрегендіктен емес. Тура жолдағылар яғни әһли-хидает, хақ пен ақиқаттың ықпалымен нәпсінің соқыр сезіміне берілмей, жүрек пен ақылдың келешекті уайымдауына құлақ асады. Сонымен қатар өз бағыттары мен ықыласты сақтай алмағандықтан әлгі жоғары мәртебеге ие бола алмай жік-жік болып бөлінуде. Адасқандар яғни әһли-далалет болса, нәпсі мен әуестіктің әсерінен азғантай дайын олжа мен өткінші ләззат үшін және келешекте берілетін мол ләззатты тәрк ететін соқыр сезімнің ықпалымен бірбірімен ынтымақтасып, мықты одақ құруда.
Иә, дүниелік дайын ләззат пен пайда үшін азғын, ниеті жаман нәпсіқұмарлар шын көңілмен бас қосып, ұйымдасуда. Ал, тура жолдағылар ақыретке тиісті және келешекте берілетін пайдаларға және кемелдіктерге, жүрек пен ақылдың қасиетті қағидаларына сүйеніп көңіл бөлгендіктен, бұлтарыссыз тура бағыт, шынайы ықыласпен және нағыз жанкештілікпен ынтымақтасу қолдарынан келе тұра, менмендіктен құтыла алмай, ақырында асыра сілтеу немесе жеткіліксіз қалдыру себепті, орасан күштің қайнары болған ауызбіршілікті жоғалтып, ықыластан айрылуда. Мұндай жағдайда ақыреттік істері де оңбайды. Аллаһтың ризашылығына да оңайлықпен бөлене алмайды. Осы қауіпті аурудың емі: "Әл хуббу филләһ" сыры бойынша хақ жолда жүргендерге серік болып, оларды мақтан тұту, солардың соңынан еру және имамдықты соларға беру.
Хақ жолындағы адамның өзінен әлдеқайда жоғары екендігін ойлап, менмендікті қойып, ықыласқа қол жеткізу. Аз ғана ықыласты іс, көптеген ықылассыз істерден артық екендігін ескеру. Жауапкершілігі мол, қауіпті де ауыр басшылықтан, қосшы болуды артық санау. Сонда ғана әлгі аурудан құтылып, шынайы ықыласқа қолы жетеді, ақыреттік міндетін адал атқарады.
БЕСІНШІ СЕБЕП. Әһл-и хидаеттің өзара араздығы, жік-жік болып бөлінуі олардың әлсіздігінен емес. Сондай-ақ, әһл-и ғафлет пен әһл-и далалеттің ынтымағы да мықты, қуатты болғандықтан емес. Әһл-и хидаеттің ұйымдаспау себебі - Кәміл иманның арқа сүйер нүктесі және сол арқа сүйер нүктеден алар күш-қуат. Ал, әһл-и ғафлет пен әһл-и далалеттің ынтымағы, көңілге демеу таппай, дәрменсіз болғандығынан. Өйткені, демеуге мұқтаждығын сезінген әлсіздердің ынтымақтары берік болады. Ал, өз қажеттілігін толық сезіне алмаған қуаттылардың ынтымақтары әлсіз келеді. Мысалы, арыстандар түлкілер сияқты бірігуге мұқтаж болмағандықтан жеке-дара өмір сүреді. Жабайы ешкілер қасқырдан сақтану үшін үйір құрады. Демек, әлсіздердің ұйымы яғни өзара ұйымдасқан рухани тұлғасы қуатты келеді. Ал қуаттылардың ұйымы әлсіз болады.
{(Сілтеме): Еуропадағы ұйымдардың ең күшті, ең әсерлісі, белгілі бір мағынада ең мықтысы әйелдер құрған "Америка әйелдерінің еркіндігі мен құқығы" деп аталатын ұйым екен. Һәм, басқа ұлттарға қарағанда саны аз әрі әлсіз армян ұлты құрған ұйым мықты екен. Олардың жанкешті түрдегі ұйымшылдықтары осы айтқанымызға дәлел.}
Бұл сырға Құран Кәрім былайша астарлы түрде ишара еткен. وَ قَالَ نِسْوَةٌ فِى الْمَد۪ينَةِ сөйлемінде әйелдер қауымына ер адамға тиісті قَالَ етістігін қолдануы, ал, قَالَتِ الْاَعْرَابُ сөйлемінде ер кісілердің жамағатына قَالَتْ деп, әйел адамға тән етістікті қолдануы; әлсіз әрі жұмсақ мінезді әйелдердің ұйымы күшейіп тіпті, жойқын күшке ие болатындықтан еркекке тән етістікті пайдаланған яғни وَ قَالَ نِسْوَةٌ деген. Бұл сөз саптаудың ең озық үлгісі, таңғажайып шешендік. Ал, қуатты еркектердің, әсіресе, бәдәуи арабтардың жамағаты өз күшіне сенгендіктен әлсіз болып, оларда сақтық пен жұмсақтық пайда болатындықтан бір жағынан алғанда әйелге тән қасиетке ие болғандықтан Құран Кәрім قَالَتِ الْاَعْرَابُ деп әйел адамға қатысты етістікті қолданған.
Рас, әһл-и хақ яғни хақ жолындағылар өте мықты сүйеніші болған Аллаһқа иман етуден туындайтын тәуекел мен тәсілімнің әсерінен басқаға мұқтаждығын сезініп, көмек сұрамайды. Сұраса да өліпөшіп жабыспайды. Ал адасқан топ болса, шын демеудің не екенін білмегендіктен шарасыз қалып, өзара жәрдем іздеп жанығады, жанкештілікпен ұйымдаса қалады.
Міне, әһл-и хақ ынтымақтың нағыз қуатын ойламағандықтан және іздемегендіктен орынсыз алауыздыққа түсіп, зиян шегіп отыр. Ал, ақиқаттан алыс әһл-и далалет болса, әлсіздіктері арқылы өздерін мақсатқа жеткізетін себептердің өте маңыздысына, яғни ынтымаққа қолдары жеткен. Әһл-и хидаеттің осы бір алауыздық дертінің емі - жік-жікке бөлінуге қатаң тыйым салатын
аятындағы Аллаһтың ескертуі мен
аятындағы қоғамдық өмірде үлкен маңызға ие Иләһи әмірді тыңдау. Алауыздықтың Ислам үшін аса зиянды екенін ойлау, яғни әһл-и далалеттің әһл-и хаққа үстемдік етуіне көмектесу екенін түсініп, әлсіздік пен дәрменсіздікті өздеріне шапағатшы етіп, әһл-и хақтың көшіне жан аямай, бар ынтасымен еру. Менмендігін ұмыту арқылы, екіжүзділік пен жасанды іс-әрекеттен құтылып, ықыласқа қол жеткізу.
АЛТЫНШЫ СЕБЕП. Әһл-и һидаеттің бастарының қосылмауы қарақан басын ойлаудан да, опасыздықтарынан да, жігерсіздіктерінен де емес. Сондай-ақ бейқам кәпірлер мен адасқандардың дүниелік істердегі ауызбіршілігі мәрттіктен де, көпшіліктің қамын ойлаудан да, жігерлі болғандықтан да емес. Керісінше әһл-и хақ ақыреттік пайдаларды көбірек ойлайды. Сол маңызды мәселелерге күш-жігері де, ынтасы да, мәрттігі де көбірек жұмсалады. Қолындағы байлығын, яғни уақытын көптеген мәселеге жұмсағандықтан әріптестерімен ынтымақ құруға уақыты тапшы. Себебі атқарылар шаруа көп, алаңы да кең.
Ғапыл, адасқандар тек бұл дүниелік өмірді ойлағандықтан, бүкіл күш-қуатын жан-тәнімен дүниелік мәселелерге жұмсауда. Өз шаруасына көмектескендерге жабыса кетеді. Олар есі ауысып бір тиындық шыны сынықтарын мың теңгеге сатып алған зергер яһуди секілді, негізінде бес тиынға тұрғысыз мәселелерге аса қымбат
уақытын жұмсауда. Әлбетте, осынша баға беріп күш-жігерін, уақытын жұмсап, шын көңілден ықылас танытқандықтан әлгіндей шаруада табысқа жетіп, шын ықыластың арқасында теріс жолда болса да хақ жолындағыларды жеңіп отыр. Сол жеңістің нәтижесінде хақ жолындағылар қор болып, айтқанын істеп, жасанды әрекеттерімен көзбояушылыққа салынып, ықыласты жоғалтады. Әлгі алаяқ, екіжүзді әһл-и дүнияға жалбақтауға мәжбүр болады.
Уа, хақ жолындағы бауырлар. Уа, әділет сүйгіш шариғатшылдар мен тариқатшылар! Мына сұмдық алауыздық дертіне қарсы бірбіріңнің кемшілігіңді көрмеуге тырысып, айыбына көз жұмыңдар!
وَاِذَا مَرُّوا بِاللَّغْوِ مَرُّوا كِرَامًا аятының әдебімен әдептеніңдер! Сыртқы жаудың шабуылы кезінде, ішкі алауыздықты қойып, тура жолдағыларды қорлықтан құтқаруды ең бірінші және ең маңызды ақыреттік міндет деп біліңдер. Жүздеген аяттар мен хадистерде әмір етілген өзара бауырмалдық, сүйіспеншілік және жәрдемдесу сынды бұйрықтарды орындап, бүкіл сезімдеріңіз арқылы діні бір бауырларыңмен әһл-и дүниядан да артық ынтымақта болыңдар! Яғни, алауыздыққа жол бермеңдер! "Алтын уақытымды мұндай түкке тұрғысыз нәрселерге жұмсап жоғалтқанша, зікірге және қымбат істерге жұмсайын" деп, ауызбіршілікті әлсіретіп алмаңдар! Себебі, мына рухани майданда кішкентай мәселе деп ойлағаныңыз үлкен мәселе болуы мүмкін. Бір жауынгердің қиын шарттарда бір сағаттық күзеті, кейде бір жылдық ғибадат болып есептеледі. Сол сияқты хақ жолындағылар жеңіліске ұшырап тұрған шақта рухани майданның кішкентай бір мәселесіне жұмсалған сенің қымбат бір күнің, әлгі жауынгердің бір сағаты секілді, мың есе көбейіп, бір күнің мың күнге пара-пар болуы ықтимал. Аллаһ үшін болғандықтан бұл мәселелерге үлкен-кіші, маңызды-маңызсыз деп қарауға болмайды. Аллаһ ризалығы үшін, ықыласпен жасалған кішкентай нәрсе таудай болады. Себептің мәнісіне емес, нәтижесіне қарау керек. Түпкі мақсат пен нәтиже Аллаһтың ризашылығы. Ал, оның негізі ықылас болғандықтан ол мәселе кішкентай емес, үлкен мәселе.
ЖЕТІНШІ СЕБЕП. Хақ жолындағылардың алауыздығы мен бақталастығы қызғаныштан да, дүниеқұмарлықтан да емес. Сондайақ, Әһл-и дүния мен бейқамдардың ауызбіршілігі ақкөңілдігінен не
жомарттығынан емес. Хақ жолындағылар ақиқаттан пайда болатын ұлылықты, қайратты, сондай-ақ хақ жолда жүріп жасалатын сайыстың ережесін шын мағынасында толық сақтай алмағандықтан және маман еместердің бұл іске араласып, бұрыс әрекет етулерінің кесірінен, өзара бақталасып алауыздыққа салынып, нәтижесінде өздеріне де Ислам әлеміне де зиянын тигізуде. Бейқамдар мен адасқандар болса, құмартқан пайдаларынан айырылып қалмау үшін және сол пайда үшін ауыз жаласқан бастықтарымен және жора-жолдастарымен, тіпті олар оңбаған әрі сатқын болса да шынайы ауызбіршілік жасауда. Өздері опасыз, әрі қарақан басын көп ойлайтындықтан пайданың айналасына жиналған кіммен де болсын тіл табысуда. Осының нәтижесінде пайдасын да көреді.
Ей, басы бәлеге душар болып, ауызбіршілігін жоғалтқан хақ жолындағылар! Мына аумалы-төкпелі заманда ықыласты жоғалтқандықтан және Аллаһтың ризашылығын басты мақсат тұтпағандықтан тура жолдағылардың осындай жеңілісіне, қор болуына себеп болдыңдар.
Діни, ақыреттік істерде бақталастық, көре алмаушылық, қызғаныш болмауы тиіс. Болуы да мүмкін емес. Өйткені, қызғаныш пен көре алмаушылық бір нәрсеге көп қолдың ұмтылуынан, бір шенге көп көздің тігілуінен, бір нанды көп ауыздың жегісі келуінен пайда болады. Міне бұлар бақталастыққа, қызғанышқа, қақтығысқа әкелетін себептер. Дүниеде бір нәрсеге көп адам талап қылады. Ал дүниелік өмір қысқа және өткінші. Адамның сансыз талап-тілектерін қанағаттандыра алмайды. Содан бақталастық пайда болады. Алайда, ақыретте бір адамға көлемі бес жүз жылдық
{(Сілтеме): Назар аударарлық маңызды бір сұрақ. Хадисте ортақ Жәннаттан бір адамға бес жүз жылдық өзіндік Жәннат беріледі дейді. Бұл ақиқат бұл дүниелік ақылға сыймайды?
Жауап. Мысалы бұл дүниеде әркімнің өзіндік өткінші дүниесі бар. Ол дүниенің тірегіадамның өз өмірі. Ішкі-сыртқы сезімдермен әлгі өзіндік дүниені көреді, пайдаланады. Күн шам, жұлдыздар шырақтар дейді. Басқа мақұлықтардың болуы оның иелігіне кедергісі жоқ, қайта одан сайын безендіріп, құлпырта түседі. Дәл сол сияқты, бірақ одан мың есе артық әрбір мүминге Жәнатта берілетін мыңдаған сарайлар мен хор қыздары, баубақшалардан басқа, ортақ Жәннаттан әркімге ана басы мен мына басы бес жүз жылдық жеке Жәннат беріледі. Әркім дәрежесіне қарай дамыған сезімдері арқылы сол Жәннатқа лайық түрде пайдаланады. Басқалардың болуы оның иелігіне, пайдалануына нұқсан келтірмейді, қайта қуат береді.
Жеке, өзіндік, кең Жәннатын құлпырта түседі.Рас, адам бұл дүниеде бір сағаттық бауда, бір күндік саяжайда, бір айлық елде, бір жылдық көрмеде саяхат еткенде аузымен, көзімен, құлағымен, зауқымен, тілімен және басқа да сезімдерімен қалай пайдаланса, дәл сол сияқты әлгі бір сағаттық бауды шектеулі пайдаланатын мына фәни дүниедегі тіл, мұрын тағы да басқа сезімдер, мәңгі дүниеде бір жылдық баудан дәл солай пайдаланады. Бұл дүниеде көз бен құлақ бір жылдық көрмеден қанша пайдаланса, ол жерде бес жүз жылдық көрмедегі саяхаттан сонша ұшан-теңіз, бастан-аяқ әсем дүниеге лайық түрде пайдаланады.
Әр мүмин шамасына қарай, дүниеде жинаған сауаптарына, игіліктеріне сай және дамыған сезімдері арқылы зауық алып, рахатқа батады, пайдасына жаратады.}
кең Жәннат сыйланып,
жетпіс мың сарай мен қор қыздары берілетіндігін, Жәннаттықтар өз үлестеріне риза болатындығын, ақыретте бақталастық тудыратын нәрсе жоқ екенін мегзейді.
Олай болса, ақыретке қатысты салих істерде бақталастық, қызғанушылық жасауға боламайды. Қызғанған адам екіжүзді. Ол салих амалымен дүниелік пайда іздеп жүр, я болмаса барып тұрған надан. Ол салих амалдың не үшін жасалатынын, салих амалдың рухы, негізі ықылас екенін білмейді. Бақталас болу себепті Аллаһтың әулиелеріне (достарына) дұшпандық ойлап, Аллаһтың мол мейірімін кінәлауда.
Осы ақиқатты нақтылай түсетін бір оқиға. Ескі достарымыздың ішінде біреуінің басқа біреуге дұшпандығы бар еді. Оның көзінше әлгі дұшпанының салих амалдары мақталып, тіпті өзі әулиедей марапатталып, жақсы сипаттары баяндалды. Әлгі адам мұны әсте қызғанбады. Сонда әлгі жерде біреу тұрып «Пәлі, сенің ол дұшпаның батыр әрі күшті екен!» деді. Байқаймын, әлгі сөз ол адамның қызғаныш пен бақталастық сезімін оятып жіберді. Сонда біз оған былай дедік:
"Әулиелік пен тақуалық - мәңгі өмірдің жақұтындай зор байлық, жоғары мәртебе. Сен мұнысын еш қызғанбадың. Дүниелік қара күш өгізде де болады, батырлық жыртқыш хайуанда да болады. Бұлар әулиелік пен тақуалықтың қасында қарапайым шыны тәрізді түкке тұрғысыз нәрселер".
Сонда әлгі адам, былай деді. "Рас, ол екеуміз бұл дүниеде бір жерге, бір орынға көз тіккен болатынбыз. Ол жерге жету үшін күш-қуат пен батырлық керек болатын. Сол үшін қызғандым. Ал, Ақыреттік мәртебелер шексіз ғой. Ол бұл жерде менің дұшпаным болса да, ол жерде шынайы да сүйікті досым болуы мүмкін".
Уа, әһл-и ақиқат пен әһл-и тариқат! Хаққа қызмет - үлкен де ауыр қазынаны көтеріп жүру және оны сақтау сияқты жауапкершілігі мол
шаруа. Ол қазынаны тасушыларға қаншама күшті білектер көмекке келсе, сонша жеңілдей түсіп, қуантып тастайды. Көмекке келген адамдардың өзінен артық, тың қуаттарын, күшті әсерлерін шынайы сүйіспеншілікпен мақтана қошаметтеп, құрмет көрсетудің орнына, бақталасып, мұндай көмекші достарға алакөзбен қарап, ықыласты жоюдың жөні бар ма? Міндеттеріңе кінә артылып әһл-и далалеттің назарында, сендерден және сендер ұстанған жолдан жүз есе төмен болып саналатын дінді пайдаланып дүние табу және ақиқат ілімін күн көру үшін пайдалану, ашкөздене бақталасу сияқты жаман ат тағылып айыпталасыңдар. Бұл індеттің жалғыз емі бар. Ол - нәпсісін айыптау, өзін кінәлау және әрдайым нәпсісіне емес әріптесіне жақтасу.
Ғұламалар арасында Ислами әдептілік пен ғылыми тартыста мынадай бір ақиқатқұмарлық пен ынсаптың ережесі бар екен. "Егер бір мәселенің талқылануы барысында сөзінің дұрыс шыққанын қалап, дұрыс болғанына қуанса және қарсыласының жаңылысқанына риза болса, ол адам ынсапсыз, һәм зиян шегеді" Себебі, сөзі дұрыс шықса, білмеген нәрсесін үйрене алмайды. Тәкаппарлықтың кесірінен зиян шегуі мүмкін. Егер қарсыласы жеңіп шықса, ешқандай зияны жоқ, қайта білмеген нәрсесін үйреніп, нәпсінің тәкәппарлануынан құтылады. Демек, ынсапты, шыншыл адам, ақиқат үшін нәпсісін ауыздықтай алады. Қарсыласының сөзі дұрыс шықса ризашылықпен қабыл алады, шындықты үйренгені үшін қуанады.
Міне, осы ережені әһл-и дін, әһл-и ақиқат, әһл-и тариқат, әһл-и ілім өздеріне үлгі тұтса ықыласқа ие болады. Ақыреттік міндеттерін адал атқарып, табысқа жетеді. Аллаһтың рахымымен қазіргідей пәлекеттерден, рухани құлдыраудан құтылады.