Он тоғызыншы Лема
Бұл аят, анық түрде үнемшіл болуды әмір етіп, ысырапқа тыйым сала отырып, хикметке толы дәріс беруде.
Бұл мәселеде «ЖЕТІ ТҰЖЫРЫМ» бар.
БІРІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Халиқ-ы Рахим, адам баласына берген нығметтерінің ақысы ретінде оның шүкір етуін қалайды. Ысырап - шүкіршілікке қарама-қайшы, нығметті менсінбеушілік, зиянды нәрсе. Үнемділік - нығметті құрметтеу әрі өте пайдалы.
Иә, үнемдеу дегеніміз рухни түрде шүкір ету, нығметтердегі Аллаһтың рахымына деген құрмет, берекенің бұлағы және диета секілді денсаулыққа пайдасы зор амал. Ол адамды рухани қайыршылықтан құтқарады, ар-намысты сақтап қалады. Нығметтерден ләззат алуға және ләззатсыз көрінген нығметтердің ләззатын сезе білуге бірден-бір себеп. Ысырап қылу осы хикметтерге қарама-қайшы болғандықтан жағымсыз нәтижелерге жол ашады.
ЕКІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Фатыр-ы Хаким адамның денесін кемелдіктің ең жоғарғы сатысындағы сарай немесе мұнтаздай сәулетті қала секілді етіп жаратқан. Ауыздағы дәм тату сезімі қаланың кіре берісіндегі қарауыл, ал тамырлар мен жүйке тамырлары телефон, телеграф желілері секілді байланыс құралдары. Дәм тату сезімі дененің орталығымен яғни асқазанмен тығыз байланыста. Ол, ауызға салынған зат жайлы ақпаратты әлгі жүйке тамыралары арқылы хабарлап отырады. Денеге қажетсіз болса "болмайды!" деп сыртқа шығарып тастайды. Кейде денеге пайдасыз болуымен қатар зиянды немесе ащы нәрсе болса, бірден сыртқа түкіріп жібереді.
Ауыздағы дәм тату қабілетін қарауыл дедік. Асқазан - денені басқару тұрғысынан алғанда әкім есебінде. Сарайға немесе қалаға келген және әкімге арналған сыйлықтарың жүз теңгелік құны болса, қақпада тұрған қарауылға "шәй пұл" ретінде тек бес теңгелік қана сыйлық берілуі тиіс. Одан артық болса есіктегі қарауыл масаттанып, өз міндетін ұмытып кетеді. Көбірек сыйлық берген бүлікшілерді кіргізе бастайды.
Енді, осы қағидаға сүйене отырып, екі түрлі тағамды алайық. Біреуі, қырық теңгелік ірімшік пен жұмыртқа. Екіншісі, төрт жүз теңгелік, қымбат бал қосқан бәліш. Бұл екеуінің салмағы да жегеннен кейінгі денеге беретін нәрі (калориясы) де бірдей. Тіпті, кейде қырық теңгелік ірімшіктің күш-қуаты басымырақ болады. Тек, ауыздағы дәм тату сезімін рахаттандыру тұрғысынан жарты минуттық айырмашылық бар. Жарты минуттық ләззатқа бола бағаны қырық теңгеден төрт жүз теңгеге көтеру қаншалықты мағынасыз әрі зиянды, ысырап екенін ойла.
Сарайға келген сыйлық қырық теңгелік бола тұра кіре берістегі қарауылға тоғыз есе артық "шәй пұл" беру, қарауылды дандайсытып, "әкім менмін" дегізеді. Кім көбірек "шәй пұл" берсе соны ішке кіргізеді де бүлік шығып, өрт болады. "Ойбай, дәрігер шақырыңдар, өртеніп барамын!" деуге мәжбүр қылады.
Иә, үнемділік пен қанағат Аллаһтың хикметіне үйлесімді әрекет. Дәм тату сезімін қарауыл ретінде ұстап, соған қарай "шәй пұл" берілуі керек. Ысырап ету, хикметке қайшы әрекет болғандықтан дереу опық жегізеді. Асқазанды былықтырып, адам нағыз тәбеттің не екенін ұмытады. Тамақты бей-берекет жей беруден пайда болатын жасанды да жалған тәбеттің кесірінен ас қорытылмай, асқазан ауруға шалдығады.
ҮШІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Екінші тұжырымда дәм тату сезімін қарауыл дедік. Иә, бейқам жандар мен рухани мешеу яки көп шүкір етпейтіндер үшін дәм тату қабілеті ауыздағы қарауыл. Соның рахаты үшін ысырап етіп, он есе қымбатқа ұрынбау керек.
Бірақ, толық шүкір етушілер мен ақиқатқа қолы жеткендердің дәм тату қабілеті "Алтыншы Сөздегі" теңеуде баяндалғанындай, Аллаһтың рахым асханасының бақылаушысы, тексерушісі қызметін атқарады. Әлгі дәм тату қабілетіне (тілге) тағамдардың санына
қарай таразылар орналастырылған. Сол арқылы Иләһи нығметтердің түрлерін саралап тартып, тану міндетін атқарады. Мағынауи шүкір ретінде денеге, асқазанға хабар беріп отырады. Міне, осы тұрғыдан алғанда дәм тату қабілеті тек тәнмен, денемен байланысты емес. Жүрек, рух және ақылмен де байланысы бар. Сондықтан ол, асқазаннан да жоғары мәртебелі саналады.
Ысырап қылмау, тек шүкір ету және түрлі Иләһи нығметтерді сезу, тану және адал болу, қор болып қайыршылыққа себеп болмау шартын орындаса ләззат алып, рахаттануға болады. Дәм тату қабілетін шүкіршілікке пайдалану мақсатында, тәтті тағамдарды жеуге рұқсат бар. Бұл ақиқатты мына бір оқиғамен яғни Хазіреті Ғаустың кереметімен бекіте түссек.
Хазіреті Ғаусы-Ағзам Шейх Гәйланидің (қ.с.) медресесінде тік мінезді бір кемпірдің жалғыз баласы оқып жүр екен. Бір күні әлгі кейуана баласының жатақханасына барады. Қараса ұлы бөлмесінде бір үзім қатқан қара нанды жеп отыр. Аналық мейіріммен баласына қатты жаны ашып, Хазіреті Ғаусқа шағымдануға барады. Барса, Хазіреті Ғаус Ағзам қақтап пісірген тауық жеп отыр. Кемпірді ашу қысып: "Ау, ұстаз! Менің балам аштықтан өлейін деп жүр, сен болсаң тауық етін жейсің" дейді. Сонда Хазіреті Ғаус тауыққа: "Қум, биизниллаһ!" депті. Сонда тауықтың мүжілген сүйектері қайта жиналып, жан бітіп, табақтан секіріп түскен екен деседі. Бұл оқиға Хазіреті Ғаус сынды аты әлемге әйгілі кісінің таңғажайып кереметтерінің бірі ретінде кең тараған. Мұны өте сенімді тұлғалар растап, бізге дейін жеткізген. Содан Хазіреті Ғаус әлгі кейуанаға: "Сенің ұлың да осындай дәрежеге жетсе, ол да тауық етін жесін" деген екен.
Хазіреті Ғаустың бұл сөзінің астарында: "Қашан сенің ұлыңның рухы денесіне, жүрегі нәпсісіне, ақылы асқазанына ие болса және ләззатты шүкір үшін қалайтын болса, ол да тәтті тағамдарды жей берсін!" деген мағына жатыр.
ТӨРТІНШІ ТҰЖЫРЫМ. "Үнемдеген адам тұрмыс тауқыметін тартпайды" деген мағынадағы لَا يَعُولُ مَنِ اقْتَصَدَ қасиетті хадистің сырына үңілсек, әр нәрсені үнемді пайдаланған адам өмірінде күн көрістің тауқыметі мен машақатын көп тартпайды. Үнемділік - берекенің көзі және тұрмысты жақсартудың тиімді жолы екенін дәлелдейтін көптеген уақиғалар бар. Өзімнің және жолдастарымның
басынан өткен уақиғаларға сүйене отырып айтарым, үнемділіктің арқасында кейде он есе береке табатынмын. Тоғыз жыл бұрын (қазір отыз жылдан асып барады) менімен бірге Бурдур қаласына жер аударылған басшылардың бірнешеуі: "Мұқтажсың ғой, қиналып қаларсың!" деп, маған зекеттерін бергісі келді. Әлгі ауқатты байларға: "Ақшамның аз екені рас, бірақ үнемдеуді жақсы көремін. Қанағат етуге үйренгенмін, сондықтан сіздерден де баймын" дедім. Қанша жалынғандарына қарамастан зекеттерін алмай қойдым.
Бір қызығы, маған зекеттерін бергісі келген байлардың көбісі екі жыл өтпей-ақ, үнемдемеудің кесірінен қарызданып қалды. Аллаһқа шүкір, менің аз ақшам үнемділіктің берекетімен жеті жылға жетіп, мені жерге қаратпады, жұртқа да жалындырмады. Өмір бойы ұстанған қағидамды яғни "ешкімнен сұрамау" ережемді сақтап қалдым.
Иә, қолда барын үнемдемеген адам, бейшаралыққа, рухани қайыршылыққа душар болуы әбден мүмкін. Бұл заманда ысырапқа себеп болатын ақша өте қымбатқа түседі. Ақысына кейде ар-намыс пара ретінде берілсе, тіпті кейде орнына діни қасиетті қағидалар құрбан боп жатады. Содан соң ғана әлгі лас ақша беріледі. Демек, рухани мың теңгелік зиян шегіп, бір теңгелік (заттық) пайда көреді. Егер үнемдеп, тек аса қажетті нәрселер үшін ғана жұмсап, тек соған арнаса
және
деген аяттардың сыры бойынша ойламаған жерден өмір сүруіне жететін ризық табылады.
Себебі, аят уәде беруде. Иә, екі түрлі ризық бар.
Біріншісі. Хақиқи (нағыз) ризық. Бұл, тіршілікке қажетті ризық. Аяттың үкімі бойынша мұндай ризыққа Аллаһ кепілдік береді. Адамдардың арам пиғылы араласпаса, ол әрқашан табылады. Ол үшін дінін де намысын да, абыройын да, пида ету шарт емес.
Екіншісі. Мәджази (астарлы) ризық. Бұл, аса қажетті болмаса да орынсыз пайдалану себепті аса қажетті нәрсе сияқты және әдет деген бәленің кесірінен міндетті түрде керек секілді, онсыз мүмкін еместей көрінетін ризық. Бұл ризық Аллаһтың кепілдігінде емес. Сондықтан мұны табу, әсіресе мына заманда, тым қымбатқа түсіп отыр. Әуелі абырой кетеді, сосын қорлыққа көнеді. Кейде оңбаған адамдардың
табанын жалағандай моральдық тұрғыдан төмендеп, кейде мәңгі өмірдің шамшырағы болған қасиетті діннің ұлы қағидалары жайына қалып, әлгі берекесіз, сасық нәрсені алып жатады. Бүгінгідей жоқшылықтың қыспағына түскен заманда, аш әрі мұқтаж жандардың қайғы-қасіреті, ар-намысты жандардың адамгершілік сезімін қоздырған кезеңде, әлгіндей заңсыз, қисық жолмен тапқан табыстан алған ләззат, ар-намысты жандар үшін мағынасыз қалып, мазасын қашырады. Мұндай аласапыран заманда, күмәнді заттарды мәжбүр болғанда ғана және қажетті мөлшерде ғана пайдаланып, қанағат ету керек. Өйткені اِنَّ الضَّرُورَةَ تُقَدَّرُ بِقَدْرِهَا сыры бойынша мәжбүр болғанда, арам нәрседен жүрек жалғайтындай ғана жеуге болады. Артығын алуға болмайды. Иә, қиналған адам арам еттен тойғанынша емес, өлмейтіндей ғана жеуіне рұқсат бар. Һәм, жүздеген аш адам отырғанда рахаттана тойып жеу де мүмкін емес. Үнемділік, абырой мен кемелділіктің бұлағы. Мұны дәлелдейтін бір оқиғаны баяндап берейін.
Жомарттығымен аты шыққан, мәшһүр Хатем-Таий (Атымтай Жомарт) бірде қонақасы берген екен. Қонақтарына сыйлық таратып, өзі де сахараға серуенге шығады. Жолда тікенді отын арқалаған қартты көреді. Тікенекті отын арқасына батып келеді екен. Сонда ХатемТаий әлгі қартқа: "Хатем-Таий ас беріп жатыр. Сыйлық та таратуда. Сен де барып, мына бес теңгелік отыныңның орнына бес жүз теңгелік сыйлық алсаңшы!" дегенде әлгі қанағатшыл қарт: "Мына тікенекті жүгімді өз абыройыммен көтеремін. Бірақ, Хатем-Таийға қарыздар болу жүгін көтере алмаспын" деген екен. Кейін Хатем-Таийдан: "Сіз өзіңізден асқан мәрт, жомарт, ғазиз кімді білесіз?" дегенде: "Сол отын арқалаған қарт менен де өткен ғазиз, жомарт, нағыз мәрттің өзі еді" деген екен.
БЕСІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Аллаһ Тағала аса жомарт болғандықтан, жарлыға да асқан бай сияқты, кедейге де патша сияқты нығметтің ләззатын татқызады.
Кедейдің аштықтың салдары мен үнемділіктің арқасында қатып қалған қара наннан алған ләззаты, патшаның немесе байдың ысыраптан пайда болған жалығуының кесірінен тәбетсіз жеген тіл үйірер тағамнан алған ләззатынан әлдеқайда күштірек.
Таң қаларлық жәйт. Кейбір ысырапшыл, қалтасы тесік адамдар мұндай үнемшіл кісілерді "сараң" деп айыптайды. Мүлдем олай емес. Біле білсең үнемшілдік абырой мен жомарттық саналады. Ал, сараңдық пен қорлық болса, ысырапшылдар мен бекерге мал шашушылардың сырт көзге жақсы көрсететін перденің ішкі жағы.
Бұл ақиқаттың дәлелі ретінде бір оқиға баяндай кетейін.
Ол осы шығарма жазылып жатқанда Спарта қаласындағы медресемде болған еді. Бір шәкіртім, өмір бойы ұстанып келген қағидама қарсы екі жарым келіден астам бал әкеліп, алыңызшы деп, қайта-қайта қоймай өтінді. Өмір бойы бұзбаған қағидамды қанша айтсам да көндіре алмадым. Амал нешік, жанымдағы үш досым жесін және Шағбан мен Рамазан айларында отыз-қырық күн үш адам үнемдей отырып дәмін татсын, әкелген адамға да сауап жазылсын, өздері де тәттісіз қалмасын деп, "алыңдар!" дедім. Ал, өзімнің бұрыннан қалған бір келіден астам балым болатын. Әлгі бауырларым, негізінде ниеті түзу, әрі үнемділікті жоғары бағалайтын жандар еді, бірақ, қойшы әйтеуір... бірін-бірі сыйлау, бауырының көңілін аулау, өзінен жоғары санау секілді ізгі ниетпен үнемдеуді ұмытып кетсе керек, үш күнде екі жарым келі балды жеп бітірді. Мен оларға күліп: "Сендер әлгі балмен отыз-қырық күн ауыздарының дәмін алсын деп едім. Сендер отыз күнді үш күнге бірақ түсірдіңдер. Ас болсын!" дедім. Ал, мен әлгі бір келі балымды үнемдеп, Шағбан мен Рамазан айында, Құдайға шүкір, манағы достарыма да ауызашарда бір қасықтан, (үлкен шай қасығымен) беріп отырдым. Осылайша әлгі кішкене бал үлкен сауапқа ұйытқы болды. Менің бұл жағдайымды көргендер, бәлкім, сараңдық деп, ал достарымның сонша балды үш күнде жеп бітіруін мырзалық деп ойлауы мүмкін. Алайда, шындап келгенде сырт көзге сараңдық болып көрінген мұндай әрекеттің түбінде берекет, зор абырой, үлкен сауап жатқанын, ал әлгі "мырзалық" пен ысыраптың артында, егер жалғаса берсе тіленшілік, басқаның қолына ашкөздене, бір нәрсе дәметкендей қарап қалу сияқты сараңдықтан да жаман бір жағдай болатынын көрдік.
АЛТЫНШЫ ТҰЖЫРЫМ. Асылында үнемділік пен сараңдық мүлдем бөлек нәрсе, сырт көзге ұқсағанымен арасы жер мен көктей. Мысалы кішіпейілділіктің мағынасы жағымсыз мінез саналатын жалбақтау мен өзін төмендетіп қор қылудан басқа.
Сырттай ұқсағанымен біреуі жақсы, екіншісі жаман қасиет. Сондайақ, байсалдылық жаман қасиет болып саналатын тәкаппарлыққа сырттай ұқсағанымен мағынасы мүлдем басқа. Сол сияқты, Ардақты Пайғамбарымыздың әсем мінез-құлқынан бастау алатын, тіпті әлемдегі Иләһи хикметке толы жүйенің өзегі болып саналатын үнемділіктің де, өмір бақи жарымау, қызғаншақтық, қанағатсыздық және ашкөздік секілді жаман қасиеттердің жиынтығы болған сараңдықпен ешқандай қатысы жоқ. Тек сырт көзге ұқсас келеді. Бұл ақиқатты растайтын бір оқиға айтып берейін.
Расулуллаһтың (с.а.у.) сенімді халифасы Фаруқ Ағзам Хазіреті Омардың (р.а.) үлкен ұлы, әрі ғалым, әрі сахабалардың ішіндегі ерекше тұлға, атақты жеті Абдуллаһтың бірі, Хазіреті Абдуллаһ Ибн Омар, бір күні базарда, сауда-саттықтың негізі болып саналатын өзара сенім мен үнемділікті сақтау үшін қырық теңге үшін қатты дауласып қалады. Жер жүзінің абыройлы халифасы Хазіреті Омардың баласы қырық теңге үшін дауласқанын көрген бір сахаба түсіне алмай, мұнысы сараңдық емес пе екен деп, имамның соңынан ереді. Мақсаты, хал-жағдайды түсіну. Қараса, Хазіреті Абдуллаһ өз үйіне келген соң есік аузында тұрған бір пақырмен біраз сөйлесіп, сосын үйінің екінші есігінен шығып, ол жерде тұрған басқа бір пақырмен де біраз сөйлесіп кетіп қалады. Мұны анадайдан бақылап тұрған әлгі сахаба жағдайды білмек болып пақырлардан:
-Имам сендердің қастарыңа келіп не айтты? - деп сұрайды. Сонда екеуі де:
-Маған бір алтын берді, - деп жауап береді. Сахаба аң-таң болып:
"Фәсубханаллаһ! Базарда қырық теңге үшін дауласады да, үйіне келіп, ешкімге білдірмей, шын көңілден кедейлерге екі алтын бере салады" деп, Хазіреті Абдуллаһ Ибн Омарды көруге асығады. Жолыққанда:
-Уа, Имам! Менің түсінбеген бір нәрсем бар. Сіз, базарда сараңдық, ал үйіңізге келіп жомарттық жасадыңыз. Мұның сырын айтып берсеңіз - деп сұрайды.
Сонда имам:
-Базардағы жағдайым үнемділік, ол ақылдың кемелдігі, сондай-ақ сауда-саттықтың негізі және рухы болған сенім мен адалдықты сақтау үшін жасалған-ды. Ол сараңдық емес. Ал, үй жақтағы әрекет жүректің мейірімі мен рухтың кемелдігінен туындайтын жағдай. Бұл ысырап емес, анау да сарандық емес - деп жауап берген екен.
Имам Ағзам Әбу Ханифаның бұл мәселеге ишара ететін мынадай бір қанатты сөзі бар:
Яғни: "Игі істерде және біреуді жарылқауда (бірақ лайық болу шартымен) ысырап болмайды. Сол секілді ысырапта да ешбір қайыр жоқ"
ЖЕТІНШІ ТҰЖЫРЫМ. Ысырапшылдық адамды ашкөз қылады.
Ашкөздіктің үш салдары бар.
Біріншісі. Қанағатсыздық. Қанағатсыздық адамның еңбекке деген ынтасын жояды. Шүкір етудің орнына шағым айтқызады, жалқау қылады. Заңды да адал, аз пайданы тастатып
{(Сілтеме): Үнемді пайдаланбаудың салдарынан қоғамда тұтынушылар көбейіп, өндірушілер азаяды. Халық жаппай үкіметтің аузына қарап отыратын болады. Сөйтіп, әлеуметтік тұрмыстың тірегі болған өнеркәсіп, сауда, ауылшаруашылығы тоқырай бастайды. Ондай ел дамымай құлдырап кетеді. Пақыр болып жоқшылық шегеді.}
заңсыз көлденең табыс іздетеді.
Екіншісі. Құр қалу, зиян шегу. Мақсатына жете алмау және жағымсыз атанып сәтсіздікке ұшырау, жеңілдік пен жәрдемнен мақұрым қалу. Тіпті ол туралы اَلْحَر۪يصُ خَائِبٌ خَاسِرٌ яғни "ашкөздік, зиянға ұшырау мен сәтсіздіктің бірден-бір басты себебі" деген нақыл сөз бар.
Ашкөздік пен қанағат жануарлар әлемінде де айқын көрініп, заңдылық ретінде жағымсыз әсерін тигізіп жатады. Атап айтар болсақ, ризыққа мұқтаж ағаштардың табиғи қанағатшыл жағдайы оларға қажетті қоректік заттарды өзіне қарай жүгіртіп қояды. Ал, жануарлардың ашкөздене ризық табуға жүгірсе де жарымай, машақатқа түсуі, ашкөздіктің қаншалықты зиянды екенін, ал қанағаттың мол табыс пен береке көзі екенін көрсетеді.
Әлсіз, дәрменсіз нәрестелер хал тілімен қанағат еткендіктен нәрі мол сүттің олардың аузына күтпеген жерден құйылып жатуы, ал жыртқыштардың ашкөздігіне орай, жеткіліксіз әрі лас ризық бұйыруы осы айтқанымызды толық дәлелдей түседі.
Сондай-ақ, семіз балықтардың қанағатшыл жағдайы олардың керемет ризықтануына себеп болады. Ал, түлкі мен маймыл сықылды
қу жануарлар ашкөздене ризық іздеп, тынбай жортса да тойғанынша азықтана алмай, арық, жүдеу келеді. Бұл мысалдар тағы да ашкөздіктің қаншалықты машақатқа салатынын, ал қанағат болса рахаттың көзі екендігін көрсетеді.
Сондай-ақ, яхуди халқы ризық несібесін ашкөздене, өсімқорлықпен, қулықпен, жаныға іздейтіндіктен қор болып, тілене жүріп, заңсыз және тек қарын тойдыратындай шамада ризық табуы, ал керісінше қанағатшыл дала халқының берекелі, өздеріне жетерлік ризық табуы, абыройлы тұрмыс- тіршілігі, мәселемізді қуаттай түседі. Һәм көптеген ғалымдар
{(Сілтеме): Иран елінің патшасы Нуширеван-Адилдің уәзірі, әділдігімен аты шыққан данышпан Бузур-у Жумхурдан (Бузургмихр) "Неліктен ғұламалар, әмірлердің босағасында жүреді ал, әмірлер ғұламалардың босағасында көрінбейді. Алайда ілім әмірліктен жоғары емес пе?" деп сұраған екен. Сонда Бузур-у Жумхур: "Бұл - ғұламалардың сауаттылығынан, әмірлердің надандығынан. Яғни, әмірлер ғұламалардың босағасында жүріп ілім үйренетіндей ілімнің қадірін білмейді, олар надан. Ал, ғұламалар болса пысық, көзі ашық болғандықтан қолындағы нәрсенің қадірін жақсы біледі. Сол үшін де әмірлердің босағасында жүреді" деген екен. Міне Бузур-у Жумхур, ғұламалардың пақырлықта, қорлықта болу себебін зеректіктен пайда болған ашкөздіктерін, жұмсақ әрі астарлы түрде, шебер жеткізген.
Хүсрев}
мен ақындар
{(Сілтеме): Мұны растайтын тағы бір оқиға: Францияда әдебиет қайраткерлеріне жақсы тіленшілік ететіндіктері үшін "тіленші" деген куәлік беріледі екен.
Сүлеймен Рүштү}
зеректіктің салдарынан ашкөздікке салынып, пақыр күй кешуі ал, ақылы таяз, әлсіз пенделердің табиғи қанағатшылдықтары оларды байлыққа кенелтуі... міне бұл да адал ризықтың күш-қуатпен емес, еріксіз түрде, әлсіздік пен пақырлыққа орай келетінін, тіпті адал ризық, күш қуат пен ерікке қарама қайшы екенін көрсетеді. Өйткені сәби баланың күш-қуаты, ерік-қалауы артқан сайын ризығы азайып, қашықтап, қиындай түсетіні рас. اَلْقَنَاعَةُ كَنْزٌ لَا يَفْنٰى
хадисінің сырына сүйенсек:"Қанағат - жақсы тұрмыс пен рахат өмірдің құпия қазынасы. Ал, ашкөздік адамды зиянға ұшыратып, пақырлыққа бастайды".
Үшіншісі: Ашкөздік ықыласты бұзады. Ақыреттік істерге зияны тиеді. Себебі, егер тақуа адам ашкөз болса, халықтан қошемет күтеді. Ал, халықтың қошеметін қалаған адамның ықыласы толық болмайды. Бұл өте маңызды әрі абай болатын жәйт.
Сонымен, ысырап адамды қанағатсыз қылады. Ал қанағатсыздық еңбекке деген ынтаны жойып, жалқаулыққа салады. Сосын тұрмыстық
жағдайына риза болмай, әрдайым шағым айтатын болады. Һәм, қанағатсыздық ықыласты бұзып адамды екі жүзділікке итереді.
{(Сілтеме): Иә, қайсыбір ысырапшыл адаммен сөйлессең әрдайым шағым естисің. Байлығы тасып жатса да тілі шағым айтады. Ал, бір жарлы-жақыбай, бірақ қанағатшыл жаннан жағдай сұрасаң: "Құдайға шүкір" дейді.}
Һәм, абыройдан айырып, тіленшілікке сүйрейді. Ал, үнемділік болса адамды қанағатшыл қылады.
عَزَّ مَنْ قَنَعَ ذَلَّ مَنْ طَمَعَ хадисінде айтылғандай қанағат адамға абырой әпереді. Һәм, еңбекке ынталандырып, жұмысқа белсенділік, ынта-жігер береді. Мысалы, қанағатшыл адам бір күн жұмыс істеді дейік. Сол тапқан аз ғана табысына қанағат етіп, келесі күні тағы да жұмысқа шығады. Ал, ысырапшыл адам болса, қанағат етпегендіктен келесі күні жұмысқа шықпайды, шықса да ынтасы болмайды. Үнемділіктен пайда болатын қанағат, адамға шүкірдің есігін ашып, шағымның есігін жабады. Ондай адам тұрмысына әрдайым риза болып, Құдайға шүкір етеді. Сондай-ақ, қанағаттың арқасында жұртқа қол жайып тіленбейді. Олардан сый-қошемет сұрамайды. Ықыласқа жол ашылып, екіжүзділіктен құтылады.
Әлеуметтік өмірде үнемді пайдаланбау мен ысыраптың көптеген зиянын көрдім. Мен осыдан тоғыз жыл бұрын мүбәрак бір қалаға барған едім. Қыс мезгілі болғандықтан ол қала халқының табыс көзін көре алмадым. Ол жердің марқұм мүфтиі әңгіме барысында әлденеше рет: "Халқымыздың тұрмысы ауыр, кедей-кепшіктер көп" деді. Оның сөзі маған қатты батты. Бес-алты жыл бойы әлгі қалаға жаным ашитын. Арада сегіз жыл өткен соң, әлгі қалаға жолым түсіп тағы бардым. Бау-бақшаларының жанынан өтіп бара жатқанымда әлгі марқұм мүфтидің сөзі есіме орала кетті. "Фәсубханаллаһ! Мына бау-бақшадан шығатын өнім жергілікті халықты толық қамтамасыз етеді ғой!" деп таңқалдым. Ақиқатты түсінерде жетекшілік ететін зейінім бұл жолы да жаңылыспады. Мұншама табыс көзі бола тұра әлгі марқұм мүфтидің "халқымыз пақыр" деуінің себебі, үнемді пайдаланбаудың, бекерге мал шашудың, ысыраптың кесірінен, берекенің жоқтығынан екен.
Зекет беру, үнемді пайдалану, тапқан табысты берекелі қылады. Ал, шашып-төгу, ысырап және зекет бермеу, берекесін кетіреді. Оған көптеген оқиғаларды мысал ретінде келтіруге болады.
Ислам ғұламаларының Платоны дәрігерлердің пірі, даналардың ұстазы, мәшһүр данышпан Әбу Али Ибн Сина медицина тұрғысынан ғана қарап كُلُوا وَ اشْرَبُوا وَ لَا تُسْرِفُوا аятын былай тәпсірлеген екен:
Яғни, "Медицина ілімін екі сөзге түйдім. Тамаша сөз қысқа келеді. Тамақ жегенде аз же! Жегеннен кейін төрт-бес сағатқа шейін тамақ ішпе! Шипа оның қорытылуында. Яғни, жақсылап қорыта алатын мөлшерде же. Жанға ауыр, асқазанға қиын келетін әрі адамды шаршататын нәрсе, қорытылмаған тамақ үстіне тамақ жеу"
{(Сілтеме): Төрт-бес сағат үзіліс бермей, үсті-үстіне тамақ ішу немесе рахат үшін әртүрлі нәрсені жей беру денсаулыққа өте зиянды.}
Таңқаларлық жағдай әрі ғибратты бір сәйкестік. Мына үнемділік рисалесін жазып, көбейтуші бес жігіт, олардың үшеуі жаңадан келумен қатар, бір-бірінен бөлек отырып, бөлек нұсқадан көшірді. Жазулары да өзгеше, әрі әліптерді ескермей жазғанның өзінде әрбір нұсқаның әліптері, соңындағы дұғасын санамағанда елу бір, ал дұғасымен қоса санағанда елу үш болып шықты. Бұл бір сәйкестік. Өйткені, осы "Үнемділік Рисалесінің" жазылу тарихы Римдік жыл санау бойынша елу бір, ал арабша жыл санаумен елу үш санына дәл келіп тұр. Сөз жоқ, бұл кездейсоқтық емес. Бұл үнемділіктегі берекеттің керемет дәрежесіне шыққанына ишара. Осы жылды "үнемділік жылы" деп атауға лайық.
Айтқандай екі жылдан кейін, екінші дүниежүзілік соғыс басталып, жер-жаһанды ашаршылық, аласапыран, ысырапшылдық жайлады.
Адамдар, жалпы барша жұрт үнемділікке мәжбүр болды. Осылайша үнемділіктің кереметтігі расталды.