Қастамону қосымшасы
— 28 —
Мағынауи түрде ескертілген бір-екі терең мәселені жазып отырмын.

БІРІНШІСІ: Өткен Рамазанда, әһл-і Сүннет уәл-жамағаттың сау-саламаты үшін жасалған қыруар дұғалардың әзірге ашық түрде қабыл болғанын көрсететін белгі-нышан байқалмауының өзіндік екі себебі көкейге ескертілді:

Біріншіден; Ғасырымыздың таңсық бір ерекшелігі, алмастың алмас екенін біле тұра әйнек шыныға айырбастап жібереді. Бүгінгі таңда мұсылман қауымы тым аңқау әрі аңғал. Сұмдық жауыздарға кеңпейілділік жасап кешіре салады және мыңдаған жауыздық жасап, көптеген адамдардың материалдық-рухани ақысын жеген адамнан бір түйір жақсылық көрсе бір мағынада соған тараптар боп жақтаса кетеді. Осылайша, адасқандар мен кәпірлер саны аз бола тұра әлгіндей аңқау халықты ертіп алып көпшілікті құрап жалпының қатесіне орай келетін жалпылама бәленің әрмен қарай жалғаса беруіне, тіпті зораюына себеп болып, Иләһи тағдырдан пәтуа алуда. "Біз осыған лайықпыз!" дегендей.

Иә, алмасты біле тұра (ақырет, иман секілді) шыныға (дүния, байлық секілді) айырбастауға зәрулік жағдай болса ғана шариғатта рұқсат бар. Бірақ, болмашы қажеттілік үшін немесе әуестікпен немесе ашкөздікпен және жәй бір қорыққанға бола айырбастау ақымақтыққа жарасар надандық, күллі зиян, жазаға лайық іс. Сондай-ақ, әркім тек өзіне қатысты жағына кеңпейілдік жасап кешіруге болады. Өз ақысынан бас тартса бір жөн, ал басқалардың ақысын жеген жауыздарға кешіріммен кеңпейілділік танытуға ақысы жоқ, әйтпесе зұлымдығына ортақ болып есептеледі.

Екіншіден; Жазуға рұқсат болмағандықтан жазылған жоқ.

— 29 —
ЕКІНШІ МӘСЕЛЕ:

Бауырларым! Ескішәһир түрмесінде отырғанымда, ақырзаман оқиғалары туралы хадистердің жорамалдары дәлме-дәл әрі өте орынды екені расталып жатса дағы ілім иелері мен әһл-і иман байқамауының, көрмеуінің себептерін, хикмет-сырларын баяндағым кеп бір-екі бет жаздым, перде жабылып кейінге қалды. Соңғы бес жылда бес-алты рет осы мәселеге ниет етіп оқталсам да сәті түспей қойды. Енді тек ол мәселенің шетінен маған қатысты бір оқиғасын баяндап беру үшін көкейге мұндай бір ой келді:

Ұлт азаттық дүрбілең кезде, Рисалей-Нұр әлі жарыққа шықпаған болатын. Зор үмітпен, сенімді түрде имандыларды үмітсіздіктен құтқару мақсатында: "Алдымызда бір нұр көріп тұрмын. Бізді жарқын болашақ күтіп тұр!" деп сүйінші хабар беруші едім. Тіпті, азаттық майдан басталмай тұрып та шәкірттерімді қуантушы едім.

"Өмір тарих" кітабымда марқұм Абдурахманның жазғаны секілді, "Сунухат" сынды рисалелерімде де: "Мен бір нұр көріп тұрмын!" деп сол бір аласапыран кезде үміттеніп, қарсы төтеп беретінмін. Мен де жұрт секілді әлгі нұрды саясат әлемінен шығады, Исламның қоғамдық өміріне қатысты кең шеңберде болады деп білуші едім. Алайда, дүнияның ахуалы менің ғайби хабарымды, сүйінші сөздерімді біршама бекерге шығарып, үмітімді үзе беретін.

Кенет осы күндері ғайби бір ескерту арқылы толық қанағаттандыратын бір ой көкейге келді. Былайша: "Бар ынта-жігеріңмен сені бұрыннан бері алаңдатып жүрген және қайта-қайта "жарқын нұр көріп тұрмын" деген хабарыңның жоруы, тәпсірі, тәуилі былай: Сендер үшін иман тұрғысында тіпті Ислам әлемі тұрғысында ең маңызды жарық ол Рисалей-Нұр. Сені қатты алаңдатқан сол. Сенің баяғыдан бері қиялдап, пайымдап жүргенің сол нұр болатын. Негізінде ол - кең шеңберде, нақтырақ айтсақ саясат әлемінде болатын жарқын болашақтың, діндар күндердің, діни ахуалдың кіріспесі, сүйінші хабары болатын. Сен тез болатын жарықты кейінірек болатын нұрмен шатастырып саясат әлемінен іздедің.

Иә, отыз жыл бұрын алдын-ала сезгенің рас. Дегенмен қызыл перденің артынан қара түсті жерге қараса қызыл көрінетіні секілді сенің дағы көргенің рас, бірақ орнын ауыстырып жібердің. Саясат тартымды болып сені алдатты".

— 30 —
بِاسْمِه۪ وَاِنْ مِنْ شَيْءٍ اِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِه۪
اَلسَّلَامُ عَلَيْكُمْ وَ رَحْمَةُ اللّٰهِ وَ بَرَكَاتُهُ بِعَدَدِ عَاشِرَاتِ دَقَائِقِ عُمْرِكُمْ فِى الدُّنْيَا وَالْاٰخِرَةِ اٰم۪ينَ

Ғазиз, адал бауырларым және Құран қызметінде қабілетті де қуаты мол достарым!

Бұл жолғы қалам арқылы жасаған мағынауи тосын сыйлықтарың мынаны дәлелдеді: Қарт, әлжуаз бір Саидтың орнын басатын жас әрі қуат-күші мол, қабілеті зор көптеген Саидтар шыққан екен. Олардың рухтары да сөйлеген сөздері де имандары да бірдей өзара ұқсас. Сансыз шүкір, шексіз мадақ айтамын Рабб-ы Рахимыма, сендерді Рисалей-Нұрға қамқор әрі жаюшы әрі иесі әрі шәкірт қылыпты. Бізге қиын-қыстау кезеңде, зор шарттарда, киелі қызметте табыс, сәттілік сыйлады. Уақыт пен мекен сендермен ұзақ сөйлесуге мұрша бермейтіндіктен қысқа қайырып сендердің әрқайсыңа жан-тәніммен мыңдаған сәлем жолдап, машаллах, барекаллаһ демікпін.

Осы қасиетті үш айларда дұғаларыңа
аса мұқтаж бауырларың Саид Нұрси