Бір топ жастарға берілген дәріс яки нұсқау
Бірде маған жарқын жүзді жастардан бірнешеуі келді. Өмірде кездесетін қауіп-қатерден, жастықтың албырттығынан сақтану үшін әсерлі насихат сұраған оларға, ертеректе «Рисалей-Нұрдан» медет сұраған жастарға айтқанымды қайталап, былай дедім:
Жастық шақтың өтіп кететіні анық. Егер заңды да тура жолмен жүрмесеңдер мына жастық шақ босқа өтіп, тек мына дүниеде ғана емес қабірде, ақыретте дүниедегі ләззатынан мың есе көп уайым- қайғыға душар етеді. Егер жастық шақты нығмет деп шүкіршілік етіп, абыроймен тура жолда жүріп, Аллаһқа мойынсұнуға жұмсасаңдар, әлгі жастық шақ рухани түрде мәңгілікке айналып, бақи жастық шақты иеленуге себепші болады. Бұл өмірде, егер жүректе иман болмаса немесе қарсыласып, қырсығудың кесірінен иман әсер етпесе, өмірдің уақытша ләззаты сол ләззаты мен қызығынан көп уайым мен қайғыға салады. Өйткені, адам баласының хайуаннан айырмашылығы - оның саналылығы. Ол осы шақпен қатар өткен шақты және келешекті ойлап уайымдайды. ?Жырақта қалған шақтардың ләззатын аңсап, қайғысын жұтады. Хайуан олай емес, санасы болмаған соң, өткен күндердің өкініштері мен келешектің уайымдары оның қазір тататын ләззатына еш әсер етпейді, мазаламайды.
Егер адам азғындық пен бейқамдыққа салынса, өткен шақтың өкініштері мен келешектің уайым-қайғысы қазіргі алған ләззатын бұзып, мазасын қашырады. Әсіресе, ол ләззаттар заңсыз, харам болса, улы балдан бетер ішті өртейді. Демек, адам өмірдің қызығын көруге келгенде, хайуаннан жүз есе төмен. Құдайдан безгендер мен азғындардың, сондай-ақ бейқамдардың өмірі, тіпті болмысы сол күнгі сәттері ғана. Олардың ойынша, өткен шақ пен болмыс жоқ, енді қайтып келмейді. Саналы болғандықтан ол жақтан жоқтық пен қараңғылықтың лебі есіп мазасын алады. Келешек те сондай, не болары белгісіз, жым-жылас. Міне, осындай мәңгіге қоштасудан әрдайым оның өміріне үмітсіздіктің ызғары еседі.
Егер өмір иманмен жанданса, өткен шақ пен болашақ иманның нұрымен жарыққа толады. Имандылық осылайша оның рухы мен көңіліне нұр сыйлап, рахатқа бөлейді. Бұл ақиқат "Қарттар рисалесі" атты кітапшаның «Жетінші үмітінде» баяндалған-ды. Соған қараңыздар.
Міне, өмір деген осы! Өмірдің ләззаты мен рахатын қаласаңдар, оны иманмен жандандырыңдар, парыздарды орындау арқылы қызықты етіп, күнәлардан аулақ тұру арқылы сақтап қалыңдар. Әр жерде, әр уақытта, тіпті күн сайын болып жатқан қайғылы қазалар бізге нені меңзейді? Ол бізге өлімнің ақиқат екенін, одан қашып құтылу мүмкін еместігін білдіреді.
Өлім дегеніміз не? Оның мәнісі не? Міне бұл туралы басқа жастарға да айтқан болатынмын. Тағы да қайталаудың реті келіп тұр.
Мәселен, әне бір жерде дар ағашы тұр дейік. Оның қасында ұтысы қымбат лотерея орталығы орналасқан. Осы отырған бәріміз қаласақ та, қаламасақ та жаппай әлгі жерге шақырыламыз. Шақыру уақыты белгісіз болғандықтан, кез келген уақытта бізге: "Кел! Сен өлім жазасына кесілдің, дар ағашына шық!" Не болмаса: "Кел! Саған ұтыс шықты, миллион алтын ділдәға ие болдың!" дейтін хабарын күтіп тұрғанда, кенет есіктен екі адам кіріп келеді. Бірінің киімі әлем-жәлем, жартылай жалаңаш сұлу әйел, қолында сырты тәтті, бірақ ішіне у қосылған тағамдар бар, соны бізге жегізгісі келеді. Екіншісі, салмақты да байсалды, әрі алдамайтын, алданбайтын адам. Ол манағы әйелдің ізін ала кіріп келді де, бізге бұрылып: «Сендерге бір тылсым, дәріс әкелдім. Оны оқысаңдар, әлгі тәтті халуаны жемесеңдер, көз алдарыңдағы дарға асылудан құтыласыңдар. Әрі оның арт жағына орналасқан, лотореяның құнды билетін иеленесіңдер. Әне, көз алдарыңда дар ағашы дайын тұр. Манағы халуа жегендерді көріп отырсыңдар, олар дар ағашына барып асылып жатыр. Тіпті, дар ағашына барғанша жеген халуасы асқазанын бүріп, жанын шырқыратуда. Ал, құнды ұтысты иеленгендердің де көзге көрінбейтіні рас. Олар да сырт көзге дарға асылғандай, бірақ олар дар ағашын баспалдақ етіп ұтыс беретін орталыққа өтіп жатқанын миллиондаған куәгерлер көріп хабар беруде. Сенбесеңдер, терезеден қараңдар». Жауапты қызметкерлер мен бұл іске тікелей қатысты ұлы тұлғалар ол жөнінде айналаға жар
салып хабарлауда. Хабарына құлақ түретін болсақ, былай дейді: «Әлгі тәтті халуаны жеп, дар ағашына бет алғандарды қалайша анық көздеріңмен көрдіңдер сол сияқты мына қымбат ұтысы бар билеттерді де мен әкелген тылсым сырды қабылдағандар, дәріс алғандар иеленгеніне күмәнсіз сеніңдер! Ол айдай анық, рас екеніне шүбәларың болмасын!»
Міне, осы теңеудегідей у қосылған балдай, тыйым салынған заңсыз әрекет пен орынсыз көңіл көтеру, харам нәрселер мәңгілік қазына әрі мол бақытқа бөленудің билеті және куәлігі болып табылатын иманды зақымдап, тіпті жоғалуына себеп болатындықтан, дар ағашы тәріздес өлімнің және тұңғиық қараңғы әлемнің есігі сияқты қабірдің азабына душар етеді. Ажал жасырын болғандықтан жас, кәрі деп қарамай, қылышын сүйретіп кез келген уақытта басын алуға жетіп келуі әбден мүмкін. Ал, манағы улы балдай, заңсыз әрекеттерден тиылып, Құранның тылсым сыры - иманға қол жеткізіп парыздарды орындағандар "тағдыр" атты керемет лотереядан мәңгілік бақыт билетін ұтатынына жүз жиырма төрт мың пайғамбар ғаләйһимүссәлам мен сансыз әулиелер куәлік етіп, бірауыздан хабар беруде және оның белгі-нышандарын көрсетіп беруде.
Сонымен, жастық шақтың өтетіні сөзсіз. Азғындық жолда жүрсе, дүниеде де ақыретте де ауыр қайғыға ұшырайды. Ондай жастар көбіне жат қылықтарға бой алдырудан және шамадан тыс ысыраптан болатын рухани ауруға шалдығып, ауруханаға, сондай-ақ бойын билеген албырттықтың кесірінен түрмеге түсетіндігіне немесе жаны күйзелгендіктен қызық қуып, көңіл көтеретін бұзық жерлерге және ішімдікке үйір болатынына көз жеткізгің келсе, түрмелерді, ауруханаларды, қабірлерді бір шолып шық! Әлбетте, ауруханадан өзіне тән тілінен, жастық шақтың қызбалықтары мен теріс әрекеттерінен туатын аурудан жаны қиналып, «Қап, әттеген-ай!» деген өкінішті, ащы дауыстар естіледі. Түрмеден де албырттыққа салынып, заңға қайшы әрекет етіп, тұщы етіне ащы таяқ тиген байғұс жастардың өкінішке толы күйініштерін естисің. Ал, қабірден, яғни есігі үздіксіз ашылып-жабылып тұрған берзах әлемінен, азапқа шыдай алмай шыңғырған дауыстар естіледі. Қабірде не болып жатқанын көре алатын әулиелер мен ақиқатқа көзі жеткендердің айтуынша, қабір азабына салатын бірден-бір
себеп жастықтың албырттығы мен теріс әрекеттер екен. Сондай-ақ, адамзаттың басым көпшілігін құрайтын қарттардың, ауру-сырқат кісілердің халін сұрасаң, әлбетте, олардың көпшілігі: «Қап, әттеген- ай, жастық шағымызды босқа өткіздік, тіпті, зиянды нәрселерге жұмсадық. Абай болыңдар! Біз сияқты болмаңдар!» деп мұңын шағады. Өйткені, бес-он жылдық жастық шақтағы заңсыз, харам ләззаттың кесірінен дүниеде көп жылдар бойы уайым мен қайғы жеп, берзахта азап пен зардап шегетін, ал ақыретте жаһаннам мен тозаққа тап болатын адам, اَلرَّاض۪ى بِالضَّرَرِ لَا يُنْظَرُ لَهُ үкімі бойынша қаншалықты аянышты халге түскенімен мейірімге лайық емес. Неге десең, өзінің қалауымен зиян шеккен адамға жанашырлық жасауға болмайды. Аллаһ Тағала сендерді және бізді мына алай-дүлей заманның фитнә-бүліктерінен, бәле-жаласынан сақтасын, әмин!