Иман және күпірлік
— 35 —

Сегізінші Сөз

﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ اَللّٰهُ لَٓا اِلٰهَ اِلَّا هُوَ الْحَىُّ الْقَيُّومُ ٭ اِنَّ الدّ۪ينَ عِنْدَ اللّٰهِ الْاِسْلَامُ ﴾

Дүние дегеніміз не және дүниедегі адамның рухы туралы, сондай-ақ адам өміріндегі діннің маңыздылығын және егер хақ дін болмаса дүние - зындан, дінсіз адам - бақытсыз, сорлы екенін және ғаламның тылсымын ашатын әрі адамзат рухын қараңғылықтан құтқаратын يَٓا اَللّٰهُ және لَٓا اِلٰهَ اِلَّا اللّٰهُ яғни «Аллаһтан басқа тәңір жоқ» және «Уа, Аллаһ!» деген қасиетті сөздер екенін түсінгің келсе, мына мысал ретіндегі шағын хикаяға назар сал, тыңда!

Баяғыда екі жігіт ұзақ сапарға шығады. Әлдебір жерге келгенде жол екіге айырылады. Жол айырығында тұрған шынайы, адал біреуді көреді. Екеуі одан: "Қай жол тиімді?" - деп сұрайды. Ол адам: "Оң жақтағы жолға түссеңдер тәртіп пен заңға бағынуға мәжбүр боласыңдар. Бірақ, ол қиыншылық есендікке қауыштырып, бақытқа бөлейді. Ал, сол жақтағы жолда ешкімге бағынбай тәуелсіз, емін-еркін жүресіңдер. Бірақ ол еркіндік қауіп-қатерге ұшыратып, түбінде азапқа салады. Таңдау еркі өздеріңде," - дейді. Бұны естіген соң жайсаң мінездісі тәуекелге бел буып, заң мен тәртіпке көнуді жөн санап оң жолды қалайды. Ал, жанындағысы қыңыр мінезді, өз дегенімен ғана жүретін жан еді. Еркіндікке бола сол жақты таңдады. Сырт көзге жеңіл сияқтанғанымен рухани ауыр жолға түскен осы жолаушының ізінен қиялымызбен еріп көрелік.

Ол жүре-жүре бір шөл далаға тап болады. Кенет, үрейлі дауыс естіледі. Жалт қараса, ағаш арасынан айбарлы арыстан өзіне қарай тура ұмтылып келеді. Ол тұра қашады. Қашып келе жатып, тереңдігі алпыс метрге жуық құдыққа тап болады. Қорыққанынан әлгі құдықтың ішіне секіреді. Құлап келе жатып, қолына бір бұтақ ілігеді де содан

— 36 —

ұстап салбырап қалады. Құдықтың қабырғасына жабыса өскен бұл ағаштың екі тамыры бар екен. Екі тышқан оны кеміріп жатқанын көреді. Оның бірі ақ, екіншісі қара екен. Жоғарыға қараса, әлгі арыстан құдықтың аузын аңдып отыр. Төменге қараса түбінде алып айдаһар жатыр. Арандай ашылған аузы құдықтың аузымен бірдей екен. Екі орта шамамен отыз метрдей. Құдықтың қабырғасында өте улы жәндіктер өріп жүр екен. Дегенмен, таңғажайып түрде ерекше құдірет жаратқан інжір ағашының ұштарына қараса, жаңғақтан бастап анарға дейінгі барлық жеміс атаулының небір түрі самсап тұр. Бірақ, мұның мән-жайын толық түсінуге бейшараның ой-өрісі жетпеді. Бұл бір жай, әншейін іс емес, мұнда бір сыр жатқанын, бұлай кездейсоқ, өзінен-өзі болмайтынын, мұның бәрін реттеп тұрған аса құдіретті біреу бар екенін аңғара алмады. Оның санасы мен ары қиналып, жан дауысы шығып рухы азапталып жатса да жүгенсіз нәпсісі еш нәрсе болмағандай, өзін-өзі алдады. Жан дауысын естімеу үшін құлағын басып, өзін керемет бір бау-бақшада жүргендей қиялға беріліп әлгі жемістерден жұлып жей бастады. Ал, жемістердің бір бөлігі улы, зиянды болатын.

Пайғамбарымыздың құдси бір хадисінде Хақ Тағала былай бұйырған дейді: اَنَا عِنْدَ ظَنِّ عَبْد۪ى ب۪ى Яғни: «Құлым мені қалай таныса, мен де оған солай көрінемін!» Міне, бұл бейбақ ойы жаман әрі ақылы таяз болғандықтан көргенін ақиқат, осылай болуы тиіс деп жаңылды. Сол түсінігіне лайық күй кешті, күй кешіп жатыр, кеше де бермек. Не өліп құтыла алмайды, не тірі қалып өмір сүріп жарытпады. Ауыр азаптың шырмауында қалды.

Ал, енді екінші мүбарак, ақылды адам болса, сапарын ары қарай жалғастырды. Бірақ, бауыры сияқты қиналып, азып тозбады. Өйткені, мінезіне сай ойлаған ойы да, істеген ісі де жақсылыққа толы еді. Өзін-өзі жұбатып, әр нәрсенің жақсы жағына қарайтын. Сондықтан, ол манағы бауыры сияқты машақат тартып, мехнат көрмеді. Өйткені, тәртіпке бағынып, заңға көнді және оның жеңілдіктерінен пайдаланды. Көңілі жай тауып, өзін қауіпсіз сезініп есен-аман жүрді. Жолай түрлі жемістер мен әсем гүлдер қаулап өскен үлкен бақшаға кез болды. Күтімсіздіктен жемістің лас, шіріктері де кездесетін. Манағы бауыры да осындай бір бақшаға кез болған еді. Бірақ, ол бейшара

— 37 —

лас, шірік жемістерді жеп, жүрегі айнып, бел жазып, аяқ суытпастан шығып кеткен болатын. Бұл болса "әр нәрсенің жақсы жағына қара!" қағидасын ұстанып жағымсыз, лас нәрселерге көз қырын да салмады. Тазасын жеп, пайдалысын алды. Тамаша дем алып, бақшадан көңілді шықты.

Біраздан соң сахарада әлгі бауыры сияқты айбарлы арыстанның дауысын естіді. Бірақ, бауыры сияқты зәресі ұшып қорықпады. Өйткені, жақсы ой, ізгі пікірі: "Мына сахараның иесі, өзіндік Патшасы бар. Арыстан соның әмірімен жүрген қызметкер болуы мүмкін" деп, өзін жұбатты. Дегенмен, айбарлы арыстаннан бұл да қашты. Қашып келе жатып бұл да тереңдігі алпыс метр құдыққа тап болады. Қорыққанынан бұл да құдыққа тығылады. Бауыры сияқты құдықтың түбіне жетпей қолы бір бұтаққа ілінеді. Екі аяғы салбырап, бұтаққа жабысып, тұрып қалады. Тамырын кеміріп жатқан екі тышқанды көреді. Жоғарыға қараса арыстан, төменге қараса айдаһар. Бұл да қорықты, бірақ, бауырының қорқынышынан мың есе жеңіл болатын. Өйткені, жақсы мінезі оған жақсы ой, жақсы пікір берген-ді. Жақсы пікірі барлық нәрсені тек жақсы жағынан көрсететін. Сондықтан ол:

"Бұл ғажайып істер бір-бірімен байланысты әрі бір әмірмен болып жатқанға ұқсайды. Демек, мұнда бір тылсым, сыр жатыр. Иә, бұл жасырын бір Әміршінің әмірімен болып жатқанға ұқсайды. Олай болса мен жалғыз емеспін. Ол мені көріп, бақылап отыр әрі мені сынап белгілі бір мақсатпен өзіне шақырып тұр" - деп ойлайды. Осы тәтті қорқыныш пен тамаша пікірден мынадай бір қызығушылық пайда болды:

"О, ғажап! Мені сынап әрі өзін таныстырғысы келетін және ға- жайып түрде мені осында әкелген кім екен?".

Мұндай қызығушылықтан оның жүрегінде тылсым иесіне деген махаббат оянды. Махаббаттан тылсымды ашсам деген тілек пайда болды. Тілектен "тылсым сырдың иесін риза қылсам, оған ұнамды жағдайда болсам" деген пікір туды.

Енді ол ағаштың басына қарап еді, інжір ағашы екен. Бірақ, бұтақ- тарындағы жайнап тұрған сан-алуан жемістерді көргенде бойын билеген қорқыныш пен үрей сейіліп қоя берді. Ол енді мәселенің парқына барды. Иә, бұл інжір ағашы жеміс-жидектердің тізімі, үлгісі, жиынтық-көрмесі болса керек. Әлгі жасырын Патша өзінің мәңгі- бақи бау-бақшасындағы жемістердің үлгілерін тылсым сырмен,

— 38 —

ғажайып түрде мына ағашқа іліп қойған болуы керек. Сондай-ақ, мұны өз қонақтарына әзірлеген тағамдарға ишара ретінде безендірген болды ғой. Өйткені, бір ағаштың сан түрлі жеміс салмайтыны анық. Содан соң, мына тылсым-сыр ашылып, кілтінің табылуын өтініп, жалбарына былай дұға етті:

«Уа, мына жерлерді билеп басқарушы! Сенің қолыңа түстім, Сені мойындап, Саған құлдық ұрып, қызметшің болайын. Маған Сен керексің, Сенің ризашылығың керек, Сені іздеп тұрмын!»

Осы жалбарынудан кейін, кенет, құдықтың қабырғасы қақ айрылып, керемет әсем бақшаға жол ашылды. Айдаһардың аузы қақпа болып. Тіпті, арыстан мен айдаһар қызметші кейпіне еніп, мұны ішке шақырды. Айбарлы арыстан сәйгүлік боп шыға келді.

Ей, жалқау нәпсім мен тыңдарман дос! Мына екі ағайынның бастан кешіргендерін ақылға салып, таразылайық! Жақсылықтың қалайша жақсылық, жамандықтың қалайша жамандық әкелетініне тағы да бір мәрте ой жүгіртейік.

Сол жақтағы жолға түскен жолаушы айдаһарға жем болуға әзір тұр, ал оң жақтың ақылды жолаушысы керемет бау-бақшаға шақырулы. Әрі жаман адамның үрейленгені сонша, жүрегі жарылғалы тұр. Ал, жақсы адам болса, хикмет толы ғибрат, тәтті де зиянсыз қорқыныш, қызықты ізденіс үстінде таңғажайып оқиғаларға куә. Жаман адам қорқыныш пен үрейден жалғызсырап, жан азабын тартып еді, ал жақсы адам көңілі шат, үмітке толы, қызыға рахатқа батты. Жаман адам жыртқыш хайуандарға жем әрі тұтқын болды, ал ақылды кісі құрметті қонақ ретінде сол жердің қожайыны Михмандар-ы Кәримнің ғажайып қызметшілерімен көңіл көтеріп, сұхбат құрды. Әлгі бейбақ сырты әдемі, іші ащы, улы жемістерді жеп, азапқа түсті. Себебі, әлгі жемістер үлгі ретінде дәмін татып, тәбеті ашылып, негіздеріне қол жеткізу үшін қойылған-ды. Әйтпесе, хайуан секілді тоюға рұқсат жоқ. Бақытты жан мұның мәнісін түсініп әрқайсысының дәмін татып, сабыр сақтады. Ал, анау бейбақ болса, өз-өзіне қастандық жасады. Ол өзінің тоңмойындығынан ақиқатты түсінбей, оңтайлы сәтті пайдалана алмай, ұтар жерде ұтылып қалды да тәтті күй ащы күйге айналды. Өзіне де обал жоқ, мейірімге де лайық емес. Әрі ешкімге шағым айтуға да ақысы жоқ.

— 39 —

Неге десең, мәселен, біреу құлпырған жаймашуақ жаздың күні бау-бақшада ағайын туыстарымен көңілді дастарханда отырып, бәріне мұрын шүйіріп, сол жағдайды менсінбей, арақ ішіп, мас болып, жазды қыс, ағайынды мал санап, ал өзін аш, жалаңаш деп ойласа, онымен қоймай ойбайын салып бақырса, оған кімнің жаны ашиды? Ондай адамға мейірім жасала ма? Өйткені, ол өзіне-өзі қастық жасап, жақын туыстарының намысына тиіп, абыройын төгеді. Міне, әлгі сорлының жағдайы да дәл сондай.

Ал, бақытты жан болса ақиқатты тапты. Ақиқат деген тамаша ғой! Адам ақиқаттың әсемдігін аңғарған кезде ақиқат иесінің кемелдігіне құрмет етеді, оның мейріміне бөленеді.

Міне, қасиетті Құранның "Жамандық - өзіңнен, жақсылық - аллаһтан" деген сөзі біршама түсінікті болды ғой деп ойлаймын. Осыған басқа жақтарын салыстыра отырып, әуелгі адамның нәпсісі оның рухын тозаққа салғанын, ал екінші адамның ізгі ниеті мен биязы мінезі, жақсы ойы мен тамаша пікірі рухын көтеріп, бақыт пен береке сыйлағанын ұққан шығарсың.

Ей, нәпсім және нәпсіммен бірге осы хикаяны тыңдаған жан! Мысалдағы бақытсыз адамдай болғың келмесе, яғни, бақытты болғың келсе, Құранды тыңда, оның үкімдеріне мойынсұн, одан берік ұстанып, айтқанымен жүр! Мысалдағы ақиқаттарды түсінген болсаң, Ислам дінінің, дүниенің, адамзаттың, Иманның негіздері мен мән-мағынасын мысалда айтылғандармен салыстыра отырып, ақиқатын аңғар, пайдаңа жарат! Негізгілерін мен айтайын, қалғандарын өзің тап!

Манағы екі адамның бірі жаны таза мүмин, екіншісі ниеті қара, пасық адам. Екі жолдың оң жақтағысы - Құран жолы, сол жақтағысы

- Құдайдан безу, күпірлік жолы. Жол бойындағы бау-бақша - қоғам мен өткінші мәдени тұрмыс. Өмірде жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, тазалық пен ластық сапырылысып бірге жүретін әдеті. Ақылы бар адам خُذْ مَا صَفَا دَعْ مَا كَدَرْ қағидасын ұстанып мұратына жетеді. Ал, шөл дала, сахара дегеніміз - дүние. Арыстан - ажал мен өлім, құдық болса - мына дене, болмысымыз.

Ал, оның алпыс метр терең дегені болса, орташа жас мөлшері, орташа өмір алпыс жыл. Ағаш болса - өмір мен тұрмыс. Ақ пен қара тышқан болса - күндіз бен түн. Айдаһар болса - ауызы апандай

— 40 —

қабір боп табылатын бәрзах әлемі, ақыретке бастар жол. Алайда, ол апандай ауыз имандылар үшін зынданнан бақшаға шығатын есік болып саналады. Улы жәндіктер - өмірдегі қиыншылықтар мен бәлелер. Олар мұсылмандар бейқамдыққа салынып, дүниеге қызығып, әзәзілге алданбауы үшін Иләһи ілтипат, Аллаһтың мейірімді ескертулері. Ағаштағы жемістер болса дүниедегі ырыс, нығметтер. Кәрим-і Мұтлақ оларды ақыретте берілетін нығметтердің үлгісі соларды еске түсіретін ұқсас-мысалдары ретінде және құлдарын жұмаққа қызықтыру үшін жаратқан.

Ал, бір ағаштың сан алуан жеміс салуы болса, Құдайдың құдіретінің шексіз, орасан зор екендігін көрсетеді. Қалай десеңіз, "бір ғана нәрседен әртүрлі нәрсе жасау," яғни, қарапайым топырақтан барлық өсімдік пен жеміс-жидекті және жан-жануарлардың барлық түрін бір тамшы судан жарату, сондай-ақ қарапайым тағамнан тірі жандардың дене-мүшелерін жасау керемет мұғжиза! Сонымен қатар, "барлық нәрседен бір ғана нәрсе жасау" яғни, жан-жануарлардың қоректенген түрлі тағамдарынан оларға тән ет пен тері жасау ғажап өнер, асқан шеберлік. Бұл тек Зат-ы Әхад-ы Самәд болған Сұлтан-ы Әзел уә Әбәдтің ғана қолынан келетін іс. Бұл оның ешкім ешқашан көшіре алмайтын, тек өзіне ғана тән таңбасы, аяты болып табылады. "Бір нәрседен көп нәрсе, көп нәрседен бір нәрсе жасау" өнері барлық нәрсенің Иесі, Жаратушысы - Қадир-ы Күллі Шей, құдіреті шексіз бір Аллаһқа ғана тән, өзіндік белгі, Оның аяты.

Тылсым дегені - Иман арқылы ғана ашылатын жаратылыстың хикмет сыры.

Ол сырды ашатын кілт:

﴿ اَللّٰهُ لَٓا اِلٰهَ اِلَّا هُوَ الْحَىُّ الْقَيُّومُ және يَٓا اَللّٰهُ لَٓا اِلٰهَ اِلَّا اللّٰهُ ﴾

сөздері.

Айдаһардың аузы бақшаның есігіне айналуы мынаны білдіреді; қабір - Құдайдан безген азғындар үшін зындан сияқты тар түнек, айдаһардың ішіндей тар қапас. Ал, имандылар мен Құран жолында жүргендер үшін мына зындан секілді тар дүниеден әлдеқайда кең, мәңгі нұр бағына апаратын есік әрі сынақ алаңынан тынығатын пейіш-саябаққа бастайтын қақпа. Жыртқыш арыстанның жуас атқа айналып, сәйгүлік болуы; Құдайдан безгендер ажалды жақын тума-туысқаннан

— 41 —

мәңгіге айыратын сұм ажал деп, өздерін мына жалған дүние жасанды жұмақтан шығарып, өте қорқынышты қабір дейтін зынданға жападан-жалғыз қамап тастайтын қапас деп түсінеді. Ал, хақ жолындағы имандыларға өлім - бақилыққа аттанып кеткен достарына, ағайын-туыстарына қауыштыратын әрі мына тар дүниеден кең Жұмаққа кіргізетін нағыз отандарына оралу, мәңгі бақыт әлеміне көшу деп ұғады. Рахман-ы Рахимның мейірімділік қазынасынан, Оның фазылымен дүниеде атқарған еңбегінің ақысын алуға кезекке тұру, дүниенің ауыр міндетінен босатылу, құлшылықтан, емтиханнан, тәлім алудан азат болу деп түсінеді.

Сонымен, кімде-кім мына фәни дүниені, баянсыз өмірді басты мақсат қылса, сырт көзге Жәннатта жүргендей көрінгенімен негізінде рухы Тозақта жүргендей жаны мазасызданып қиын күй кешеді. Ал, кімде-кім мәңгі өмірді қалап, ақыретке шын ықыласымен дайындалса, екі дүниенің бақытын табады. Бұл өмірде азап көріп қиналса да фәни дүниені - Жұмақтың уақытша күту залы деп біліп, сабыр сақтап шүкіршілік етеді...

اَللّٰهُمَّ اجْعَلْنَا مِنْ اَهْلِ السَّعَادَةِ وَ السَّلَامَةِ وَ الْقُرْاٰنِ وَ الْا۪يمَانِ اٰم۪ينْ
اَللّٰهُمَّ صَلِّ وَ سَلِّمْ عَلٰى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَ عَلٰى اٰلِهِ وَ صَحْبِهِ بِعَدَدِ جَم۪يعِ الْحُرُوفَاتِ الْمُتَشَكِّلَةِ ف۪ى جَم۪يعِ الْكَلِمَاتِ الْمُتَمَثِّلَةِ بِاِذْنِ الرَّحْمٰنِ ف۪ى مَرَايَا تَمَوُّجَاتِ الْهَوَٓاءِ عِنْدَ قِرَٓائَةِ كُلِّ كَلِمَةٍ مِنَ الْقُرْاٰنِ مِنْ كُلِّ قَارِءٍ مِنْ اَوَّلِ النُّزُولِ اِلٰى اٰخِرِ الزَّمَانِ وَ ارْحَمْنَا وَ وَالِدَيْنَا وَارْحَمِ الْمُؤْمِن۪ينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِعَدَدِهَا بِرَحْمَتِكَ يَٓا اَرْحَمَ الرَّاحِم۪ينَ اٰم۪ينَ وَالْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَم۪ينَ